ӘСІРЕ КӨРІНІСТЕН АДА – КІТАП

  • 06.03.2014
  • 486 рет оқылды
  • Пікір жоқ

«Қазақтың інжу-маржан мекендері» фотоальбомы қазақ   медиасында ерекше қолтаңбасымен өзіндік із қалдырып келе жатқан белгілі журналист, аудармашы әрі фотосуретші жан-жақты білім иесі Бораш Кәкеннің жарықпен жазу (фотография) өнері саласындағы көп жылдық еңбегінің жарқын жемісі деп білген жөн.
Мен Борашпен 1980-ші жылдары «Ақ желкен» журналында бірге қызметтес болған кездерден бастап, оның жеке басының игі қасиеттерімен бірге бірегей шығармашылық қабілеттерімен де жақсы таныспын. Сол кездердің өзінде-ақ, оның фотография техникалары мен технологиясы жайлы көп білетіндігімен қатар, біраз материалдар жариялап, орыс тіліндегі осы саладағы кітаптарды қазақ тіліне аударғанынан хабардар болатынмын.


Кино-фото өнері өнердің жеке саласы болып саналғанымен, оның басқа салалармен, әсіресе, бейнелеу өнерімен өзара тығыз байланысы ертеден-ақ қалыптасқан. Соңғы кездердегі көркемсурет көрмелерінде жарықпен жазу техникасын пайдаланып жасалған өнер туындылары көптеп қойылып жүр. Сондай-ақ, фотосурет көрмелерінде де көркемдігі жағынан бейнелеу өнерінің шығармасы деңгейіне жеткізілген туындылар аз емес. Фотографияны бейнелеу өнері шығармасының деңгейіне жеткізе білу оңай шаруа емес. Дәстүрлі фотографиямен айналысқан фотосуретшілер бір ғана көркем фотосурет жасау үшін апталап, айлап уақытын жұмсап, фотография технологиясының неше түрлі әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, әрі жаңаша жолын іздестіре, ойлас­тыра тауып қол жеткізе алған.
Қазір компьютердің түрлі графи­калық бағдарламалары арқылы әсер­лі, көптеген жағдайда күтпеген, кездейсоқ пайда болатын қызықты сурет-нұсқаны оңай жасап алуға болады. Бірақ, фотосуретшінің дәстүрлі жарықпен жазу технологиясынан білімі әрі тәжірибесі болмаса, бұл көп жағдайда жақсы нәтиже бермейді, жасандылығы айқын сезіліп тұрады, фотосурет сенімді әсер етпейді. Өкінішке орай, қазіргі кезде мұндай әуесқойлық деңгейде сауатсыз жасала салған жұмыстар баспасөз беттері мен кітап, альбомдарда көптеп кездесуде.
Бораш Кәкеннің жеке қорындағы мол фотосуреттер жиынтығы бейнелеу шеберлігі, көркемдік даралығы, композициялық құрылымы, колориті мен түстерінің үйлесімділігі жағынан ешкімге ұқсамайды, жанры да сан алуан. Өзінің көп жылдық ізденістері, мол тәжірибесі мен ерен еңбегінің арқасында кәсіби биік фото-суретшілік жетістіктерге жете білген. Онда портрет, натюрморт, тақырыптық суреттермен қатар көптеген әдемі фотоэтюдтері де бар. Солай бола тұра алғашқы фотоальбомында ұлан-байтақ еліміздің өзі болған жерлерден түсірген тамаша табиғат суреттерін көрсетуді, Қазақстанның ғажайып төл табиғатын әлемге паш етуді   мақсат еткен.
Альбомда жарияланған фотосуреттер автордың ұзақ жылдар бойы жинақталған еңбектері негізінде құрал­ған. Олардың ешқайсысы да осы альбом үшін арнайы түсіріліп немесе өңделген емес. Таңдауға ұсынған мыңға жуық фотосуреттерінің ішінен кітапқа енген 300-дейін іріктеп алу да оңайға соқпады, себебі, мүмкіндігінше Қазақстанның көптеген аймағын қамту керек болды. Жанры немесе тақырыбы жағынан сай келмегендіктен бұл кітаптан тыс қалған тамаша туындылардың өзі әлі бірнеше альбомға негіз бола алар еді. Құдай қаласа, ондай альбомдардың да кезегі келер деп сенем.
Осы тұста бір нәрсеге көңіл аудара кеткім келеді. Қазақстан фотография өнері саласында ежелден еңбек етіп келе жатқан шынайы шеберлер көп болмасада, баршылық. Қазақ жерінің ғажайып табиғатына арналған талай альбомдарын шығарып үлгерген белгілі фотографтарды да білеміз.  Өкінішке орай, солардың ішінде қазақ есімдері сирек. Тіпті, пейзаж саласында жеке альбомын шығарған қазақ авторларын еске түсірудің өзі қиын. Ал, шығып жатқан альбом авторларының көбісі қазақ жерін «қазақ жері» деп атауға қимай, осы сөзді айналып өтуге бейім тұратыны да байқалады. Бұл тұрғыдан келгенде және альбом Бораш Кәкеннің көп жылғы еңбегінің жемісі болса да, аталмыш саладағы жарық көріп отырған алғашқы жинағы екенін ескерсек, фотоальбом шығаруды кәсіпке айналдырған, тіпті, бір суретін оншақты жинақта басып үлгерген кәнігі кәсіпқойлардың кейбірі «Қазақтың інжу-маржан мекендері» аталатын кітапты тіксіне қабылдауы да ғажап емес. Алайда, альбомның шынайы сыншысы сіздің өзіңізсіз, қадірлі оқырман.
Соңғы жылдары табиғат көрі­ніс­терін құс қанаты жетпейтін биік­тіктерден, ұшақ немесе тікұшақ ар­қылы суретке түсіру сәнге айналған. Ондай суреттердің өзіндік құндылығы жоқ емес, әрине. Бірақ, Бораш Кәкен ондай әсіре көріністерге қызықпайды. Ол сұлулықты біздің қай-қайсымыз да көріп дағдыланған деңгейден іздейді. Бораш пейзаждарының бәрі дерлік бір биіктен, бейнелеп айтсам, өз жүрегінің деңгейінен түсірілген. Сондықтан, болса ке­рек, біз Бораштың әрбір кадрынан оның «туған жерім, қазағым» деп соққан ыстық жүрек лүпілін сезінеміз. Альбомның басты құндылығы да сонда деп білем.

Шахан Маханбетов, 
«Елнұр» баспасының өндіріс 
директоры

Алдыңғы «
Келесі »