БІЗГЕ НАМЫС ЖЕТПЕЙ ТҰР

  • 21.02.2014
  • 432 рет оқылды
  • 2

Совет заманында жүрегінде оты бар азаматтар үнсіз, күн көрушілік жолында бұғып келдік емес пе? Менің биографиям да, географиям да өсуге сай емес еді. Оның үстіне жағымпаздықты қаламайтын, турашыл мінезім де бөгет болса керек, жай философияның  доценті, кейінірек профессор болып келдім. 60-қа таяғанда ғана кафедра меңгерушісі болдым. Қоғамға деген теріс пікір сонау студенттік шақтан-ақ қалыптаса бастаған еді. КПСС-тің ең озбыр партия екеніне ерте көзім жетті. Лениннің ілімін де, әсіресе, оның ұлт саясатының көзбояу, жалған саясат екенін де тез түсіндім. Күн көру үшін орысша сауатты болуға тырыстым, орыстың өзін үйрететін (еврейлерше) дәрежеге ұмтылдым. Соның арқасында өлшеулі нанымды адал тауып келдім. Ешкімнен пара алған емеспін, пара берген де емеспін.


Жетісудың Бекболат батыры да пай­ғамбар жасына келгенде найза ұстады емес пе? Мен 60-қа таяғанда қазаққа ел болудың ақтық мүмкіндігі туып, мұнымен қабат сол мүмкіндіктен айырылып қалар қаупі де барлығын түсіндім. Мұның себебі, қазақтың қамын ойлап, толғанып отырған басшылар жоқтың қасы. Әркім өз қамының құлы болып тұрған зар-заман. Бұған қосымша білім де саяз, ақыл да тапшылау болса керек, тек тіл мен жаққа, күшке сүйенушілік. Соңғы Конституцияны кабылдағанда ұлттық идея дегенді өз еркімізбен аластатып, қазақ халқының төбесіне «Қазақстан халқы» дегенді отырғыздық емес пе?.. Ал, енді, экономиканың төте жолы туралы әңгімеге келсек, мен алдымен жоғалтып алған экономика жолына түсу мәселесін алға қояр едім. Сонан кейін ғана соның төте жолын қарастыруға болар еді. Қазақстан «Ә» дегеннен-ақ экономикаға ешбір қа­тысы жоқ жабайы да, тұрпайы күн көру жолына түсіп, есеңгіреп тұрса керек. Бұл ретте биік мінберлерден жиі естіліп тұрған жартылай ғылыми, жартылай «сырғай» әңгімелер – бос сөз. Ең үлкен қателігіміз, шаруашылықты ұйымдастыру міндетінен бас тартуымыз. Капитализм осылай екен дейтін жалған түсінушілік. Бұл кешірілмейтін надандық. Қайсыбір мемлекет болмасын, қай заманның мемлекеті болмасын, ол әрине, саяси ұйым десек те, ең алдымен саяси-эконо­микалық күш. Осы жағдайды түсінген, халыққа осыны түсіндіретін шын мәнінде білімді маман болмағаны өкі­нішті-ақ.
Қысқасы, «асық ойнап» азып, «доп ойнап» тозып тұрамыз. Халық меншігіне жататын елдің бар байлығын ат төбеліндей «атқамінерлер мен дөкейлер», олардың туыс-жекжаттары, тамыр-таныстары, жора-жолдастары әкесінен қалған дүниедей бөлісіп, мәз-мәйрам болып тұрған жағдай. Егер, зейнеткерлердің зейнетақысын, кызметкерлердің жұмыс ақысын төлеуге үкіметтің қауқары жетпей тұрса, қалай сезіктенбеске? Ау, қыруар байлықты сатқанда қырық тесіктің біреуіне де тығын болмады дегенге қалай сенерсің! Мұндай сұрақты басшыларымыз ұнатпайды, қанша қайтала, жұмған аузын ашпақ емес. Жоқ, не десең о де, бұл нарықтық экономика емес, капитализм мұндай болмайды, мұны «құлдық» заман десек шындықтан алыс кетпеспіз.
Капитализмнің ең басты принципі – жекеменшік салтанаты. Дәл осы мә­се­леге келгенде халық бұқарасына сым­былдың сирағы да бұйырмады. Жеке­шелендіру дегеніміз, жеке жым­қыру болып шықты, ауыл тұр­ғындары (олардың басым көпшілігі өзіміз) көзбояушылықтың құрбаны болып қала берді. Менің айтпағым: Жалпыға бірдей мүмкіндік бер. Қазақ күн көру үшін даладан шұбырып қалаға келді. Үкімет тарабынан көмексіз не бітірмек? Бар білгені көтерме базардан зат алып, сату. Бірақ, бұл да оңайға түсіп түрған жоқ. Милиция қағып кетеді бір, рэкет тонайды екі, аудандық әкімнің аларман-шабармандары қоркаудай тиеді үш. Қысқасы, қайда барса да алдынан шығатыны «Қорқыттың көрі». Мұның салдары белгілі: маскүнемдік, нашақорлық, жезөкшелік, сот, абақты. Жоқ, бұл «құрт-құмырсқа», «қоңыз» күн­көріс  өркениеттікке емес, «Ақтабан шұбырындының» жаңа вариантына төте жол.
Мен қазақтың еңіреп өткен ерлері Сырымды, Исатай мен Махамбетті пір тұтам. «Үйде тұрып түзде өлген жігітте арман бар ма екен» дейтін ұл қазақта бар деп сенем, сондай азамат қана оған бас бола алады. Менің міндетім сондай ұлды қайрау, ерлікке, ізгілікке итермелеу, қазаққа қамқорлыққа жетелеу.
Құдай кепіл, мен антисемит емес­пін, мені анти­семит етіп жүргендер су­жүрек, өзгеге жағымпаз өзіміздің қан­дас­тарымыз.
Қазақ өлмес жолға түспейінше тақы­рыбым өзгермейді. Рас, жекеба­тырлық оңайға түсіп тұрған жоқ. Қазақ ұйқыда, саяси жезөкшелікке түсіп кеткендер де аз емес. Көмек жоқ, тіпті, қолын да қорқа-қорқа береді. Өзара айтсақ, бізге намыс жетпей тұр, қанымыз сұйылып, ағарып барады.
Бас редакторлыққа орыс қауымы шақырды. Ташкенттіктер де жылы ишарат білдірді. Қазақтан мүлдем күдер үзсем, шетелге кетуім мүмкін. Сырым батыр да Хиуаға кетуге мәжбүр болды емес пе? Оның үстіне абсолютті тәуелсіз газет болуы мүмкін емес, оның пайдасынан зияны көбірек бо­лар.
Ұлтаралық татулыққа не жетсін, бірақ, қазақтың тіліне, дініне, ел болуына қарсы халықпен ауыз жаласа алмаймын. Бұл елге шапқан жаумен бірдей емес пе, онымен қалай айналыспақпын?
Ішкі саясат туралы біраз сөз айтылды ғой, сыртқы саясатқа келсек, ол да қилы-қилы кезеңнен өтті-ау. Алғашқыда Ресейге жалтақтаушылық, тіпті, табынушылық та болмады емес.
Қазақ тілінің тағдырына келетін болсақ, оның бірден-бір амалы санамыздың өсуіне тірелер. Егер, қазақ сан жағынан басым болса, ешқандай айтыс-тартыссыз-ақ тіліміз жеңіске жетпек. Бірақ, мүны ойлап тұрған жан бар ма, керісінше, Қазақстанды «тоғыз рудың» торабы болдырғысы келетіндей. Бұған әлсіз көші-қон, азаматтық зандары айғақ.
Орыс тілді газеттердің мықты демеу­шілері бар – мемлекет немесе бай орыстар. Ол газеттердің 15-25-30 қызметкерлері бар, дүрілдейтіні осыдан. Мен болсам бастан-аяқ бір өзім, жазушы да, компьютерде теруші де, верстка жасаушы да, суретші де, фотограф тa, шофер-механик те, керек десеңіз, газет бумаларын тасушы әрі таратушы да өзім. Ал, ақшаны қайдан тауып жүргенімді білесіз бе? Егер, әлемде менен басқа 66 жастағы және бір адам дәл менің халімде халқы үшін азапқа батып, газет шығарып тұрғанын дәлелдесе, мен сол сәтте тоқтаймын. Қазақ халқын аңқаулықты қоюға, саяси деңгейін көтеруге, ақ пен қараны ажырата білуге, ұлтжанды болуға, халқы үшін тозаққа да кетуге дайын болуға, алаштың туы мен іслам дінінің төңірегінде бірігуге шақырамын.
Алдан Әйімбетов,
«Жас Алаш» газеті, 1989 жыл

Алдыңғы «
Келесі »

2 Пікір бар

  1. Ассалаумағалайкум. Қазақтың қамын жеген Азамат екенсіз алға

  2. Көмектесе алмайтындар іштен тынды. Мүмкінщілігі барлар қол ұшын созған жоқ. Білуімше жалғызға тек қылышы ғана көмекші екен. Жоғарыдағы әңгіме соның дәлелі. Жоқ, олай емес дегендер шапсын жалғыз, көрейін.

Пікірлерге тыйым салынады.