ҰЛЫ МАҚСАТТАРҒА ЖЕТЕЛЕЙТІН ЖОЛДАУ

  • 21.02.2014
  • 8331 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Самат Есқалиев,
тарих ғылымының кандидаты, Қ. Жұбанов атындағы

Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті 

Тарих факультетінің деканы

 

Кеше ғана біз бәріміз Елбасымыздың барша Қазақстан халқына арнаған  жыл сайын­ғы дәстүрлі,  жолдауын тыңдап, еліміздің да­муының жаңашыл бағдарламасының куәсі болдық. Еліміздің тәуелсіздіктің 22 жылында тындырған қыруар істерін бағалай, саралай келіп, бұл жолдау Президентіміздің өткен жылғы «ел дамуының 2050 жылға дейінгі стартегиялық саяси бағдарламасын» орындаудың табысты да сенімді тәсіл, жолдарын толықтыра бағдарлайтын, пысықтайтын кең ауқымды құжат болды. Жолдау – «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы жаңа дәуірдің, кемел де келісті келбетін айшықтап, өтер жолдарды саралап берді деп толық сеніммен айтуға болады. Жолдаудың, «Қазақстан 2050», стратегиясы бойынша 35 жыл ішінде – дүние жүзіндегі дамыған 30 елдің қатарына қосылудың негізгі құжаты саналып, «Мәңгілік Қазақстан» жобасы деп аталуда әрбір отандасымыздың жүрегіне өз еліне деген  мақтаныш сезімін ұялатып және оны орындау жолындағы сенімін нығайтты.


Елбасы жолдауды жариялай отырып, қандай да болмасын өзінің болашағын, даму мақсатын ең жоғары деңгейге көтеруді жоспарлайтын елдердің, оның азаматтарының сол мақсат үшін, ауқымды ұзақ мерзімді стратегиялық бағдарламаларды жасақтап экономикалық өсуді қамтамасыз етумен айналысатындығын  баса ескертті (мысалы: Қытай, Сингапур, Малайзия, Түркия т.б.). Бүгінімен ертеңін ғана ойлап, бір күнгі кеңшілікті ойлаудан, оған қызығудан түсер пайда казіргі жаһандық даму, бәсекелестік заманында түкке тұрмас тіршілік екендігін де баса айтты. 
Ол – «Мәңгілік Қазақстан» жобасы – елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалатын үлкен сынақ, осыдан мүлтіксіз орындап, сүрінбей өту – ортақ парыз, абыройлы міндет» деп ашып көрсетті. ХХІ – ғасыр ешбір елдің оның ішінде біздің еліміз үшін де даму жолында жеңіл саяхат болмасы баршаға мәлім. Ел дамуының негізгі өзегі болып – экономикалық дамудың деңгейі бола бермек. Оған мысал, қазіргі жаһандық дамудың үлгі – көрінісі болып отырған, құрамына 34 ел кіретін «Эко­номикалық ынтымақтастық пен даму» ұйымы дүние жүзілік жалпы ішкі өнімнің 60 пайы­зынан астамын өндіріп отыр. Сондықтан да көптеген елдер жоғарыдағы елдердің санатына кіруге аса мүдделі болып ұмтылуда. Олар: – Бразилия, Қытай, Индия, Индонезия, Ресей, ЮАР. Мінекей біздің Елбасымыздың да алдағы қойып отырған ауқымды міндеті мен ұзақ мерзімді мақсаты сол елдердің қатарынан көрініп, халқының өмір сүру сапасын барынша жоғары көтеру болып табылады.
Ол үшін деп көрсетті, Президент, Қа­зақ­станда да жоғарыдағы елдердің даму прин­циптері мен стандарттарын қолдану, енгізу қажет. Ел экономикасына құйылатын инвестиция мөлшерін жыл сайын жалпы ішкі өнім көлемінен қазіргі 18 пайыздан 30 пайызға көтеріп және жаңашыл ғылыми әдістемелерді кеңінен енгізе отырып сыртқы шығарылатын шикізаттық емес  өнімдер көлемін 70 пайызға жеткізуді қамтамасыз ету керек. Сонымен бірге экономиканы дамытуда өзі ақтап шыққан жолы – ел ішіндегі шағын және орта бизнесті өркендету арқылы, оларды «елдің ұлттық табысының» 50 пайызын өндіруші дәрежесіне жеткізу жолы болып табылады. 
Мінекей осы және басқа да тиімді даму жолдарын толықтай енгізу арқылы – елімізде еңбек өнімділігін казіргі – 24,5 мың доллардан – 5 есе арттырып  – 126 мың долларға көтеріп, нәтижесінде,  әрбір отандастарымызға жан басына шыққанда келетін жалпы ішкі өнім көлемін қазіргі таңдағы 13 мың доллардан 60 мың долларға дейін жеткізу зор мақсатымыз болмақ. Сөйтіп, 2050 жылға  дейінгі қалған мерзімді 7 бесжылдыққа бөле отырып, бәрімізде, әр бес жылдықты еліміздің дамыған 30 елдің қатарына қосудың маңызды мерзімі деп бағалап, қажырлы еңбек етіп, оларды табысты атқаруға зор белсенділікпен үлес қосуымыз керек.
Ең бастысы Қазақстан болашағын – барша халқымызыдың, оның ішінде қазіргі жас ұрпақтың, жарқын болашағын құрып, қамтамасыз ету болып табылады. 
Болашақ, жастардыкі – оны құратын, әрі дамытатын, сол дамыған елдің жемісін көретін де жастар. Ол үшін басты талап елімізде белсенді де білімді,  денсаулықтары мықты жас ұрпақ тәрбиелеп өсіру, осы отырған аға буынның асқақ міндеті болмақ.
Казіргі ғаламда, бәріміз көріп отырғандай, барлық дамыған елдерде жоғары сапалы білім беру жүйесі қалыптасқан. Сондықтан да бізге ең бірінші кезекте ұлттық білім беру жүйесін жақсарту, жаңарту қажет. Ол үшін, 2020 жылға дейін 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды түгелдей мектепке дейінгі білім беру жүйесімен қамтамасыз ету, бірінші кезектегі талап болады.
Жалпы орта білім беру аясын, жаңадан ашылып жатқан Назарбаев интеллектуалды мектептер деңгейіне жеткізу, оларды бітіріп шығушылардың қазақша, орысша, ағылшын тілдерінде еркін сөйлеуге үйрету керек. 
Сондай – ақ, алдымыздағы үш жыл ішінде, елдегі барлық мектептерде, оқу орындарының жетіспеушілігін жоя отырып, 2 кезекті білім беру  жүйесіне көшіру жұмысы толық  орындалуы кажет. Осымен қатар алдағы, жақын мерзімдерде еліміздің жастарына мемлекеттік тапсырыс бойынша техникалық білім беруді қамтамасыз ету міндеті түр. Жалпы жоғарыдағы аталған мәселелерді жүзеге асыру шараларын жасап дайындау Қазақстан Үкіметіне осы жылдың 1-маусымына белгіленді.
Сондай – ақ, Елбасы Үкіметке бұған дейінгі жоғары және кәсіби орта білім беру жүйесіндегі жаңалық, реформаларды жалғастыра отырып еліміздегі университеттерді бірте – бірте автономды академиялық  басқару жүйесіне көшіруді жүзеге асыруды міндеттеді. Яғни, осындай жолмен болашақта оларды жеке меншікті білім ордаларына айналдыру көзделуде. 
Осы жерде біздің облыс көлеміндегі өткен және үстіміздегі жылдардағы білім беру жүйесіндегі жағымды жаңалықтарды, осы отырған бәріңіз де білесіздер ғой деп ойлаймын. Қалада және аудандарда мектептер салынып сол мектептерді ұстаз мұғалімдермен қамтамасыз етуде университет ұжымы ауқымды жұмыстар атқаруда. 
Ең бастысы, 2013 жылы көктемнен басталып, қазір толығынан аяқталған Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты мен Жұбанов атындағы университетінің косылып, «Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті» аталымды құрылымы ұжымы да жаңаша қойылған талап, мақсаттарға сай педагогикалық ұстаз және техникалық мамандарды  дайындау ісіне биылғы Президент жолдауы ауқымында жұмыстар атқаруға зор әзірлікпен кірісуде.
Біздің университеттің оқытушылар ұжымы Елбасының кешегі жолдаудағы республикадағы университеттер ішінен үлгі боларлық бірнеше жоғарғы оқу орындарын таңдап алып ұстаз кадрлерді дайындауды жаңаша сатыға көтеру талабына ат салысуға әзір. Әсіресе, Елбасының мемлекеттік дамуымыздың  негізгі шарттары инфроқұрылымдық үштіктің:  агломерация, көлік және энергетиканың қарқынды дамуын қамтамасыз етуде, еліміздің көлемнің кеңдігін, халықтың шашыраңқы орналысқанын есептей отырып, халықты барынша шоғырландыру керектігі жөніндегі, оның ішінде, сол арқылы халықты ғана емес, ғылым мен инвестицияны кең көлемде тартатын урбанды қалалар санатына Астана мен Алматыдан кейін Шымкент пен Ақтөбе қаласының атап көрсетілуі Ақтөбеліктерді ерекше жігерлендіріп, ерен еңбекке жетелейді.
Жолдауда жоғары оқу орындарында дәріс алып жатқан үлгерімі жоғары студенттерді қолдап отырудың тиімді жүйесін құру кажеттілігі баса аталып, сондай ақ 2016 жылдың 1қаңтарынан оларға стипендия көлемін 25 пайызға өсіруге үкіметке тапсырма берілді. Бұл шараның жоғарыда аталған, оқып жатқан жастардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, олардың білімге деген құштарлығын арттырары сөзсіз.
Сондай ақ, жолдау барысында Президент Үкіметке елдегі азаматтық қызметшілерге еңбек ақы төлеудің жаңа моделін жасап, енгізуді тапсырды. Ол тапсырыс 2015 жылдың 1 шілдесінен: денсулық сақтау қызметкерлеріне 28 пайызға, білім беру қызметкерлеріне 29 пайызға, әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлеріне 40 пайызға дейін артуын қамтамасыз ету» деді Мемлекет басшысы. Осындай елеулі әлеуметтік шаралардың жоғарыда аталған салалар қызметкерлерінің ыстық ықласына, ризашылық сезіміне бөленгені баршаға аян шара болды және олардың өз істеріне деген жауапкершілігін жаниды. 
Қандай да болмасын ауқымды да, келелі жалпы халықтық істерді орындау кім көрінгеннің колынан келе бермесі ақиқат. Ол үшін халықты ұйыстырып ұлы мақсаттарға жетелейтін патриоттық, ұлттық идея керек екені, күмәнсіз шындық. «Ол идея мәңгілік Ел идеясы» деп көрсетті Елбасымыз. Соның арқасында халқымыз мәнгілік мұраттарына қол жеткізді. Еліміз тәуелсіздігіміздің тірегі – Мәңгілік Елордамызды қысқа мерзімде тұрғызды. Қазақтың Мәңгілік Ғұмыры – Ұрпақтың Мәңгілік Болашағын баянды етуге арналды. Ендігі Ұрпақ Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Қазақ Елінің Ұлттық идеясы Мәңгілік Ел.
Мен жолдау туралы қысқаша ғана ой түйнегімді сүйікті Елбасымыздың төмендегідей ыстық қанатты сөздермен тәмамдағым келеді. Ол «Қазақстан 2050» Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол. Осы жолдан айнымайық, сүйікті халқым! Әр бір күніміз мерекелі, әр бір ісіміз берекелі болсын! Дамуымыз жедел, келешегіміз кемел болсын! Жарқын іспен күллі әлемді таң қылып, Жасай берсін Елдігіміз Мәңгілік!

Алдыңғы «
Келесі »