ҚАЗАҚ ТІЛІ ТУРАЛЫ ПІКІР Орталық комитет хатшысы М. Әбдіхалықовқа

  • 21.02.2014
  • 913 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бауыржан МОМЫШҰЛЫ,
гвардия полковнигі

Қазақстан астанасы Алма-Атаға келіп, аз уақыт болғанда, үстірт байқап, болжаулар ауыр ойға салып, көп толғантты. Олардың біреуі ішіме сияр емес. Сізге айтпай кетсем өмір бойы көңілім тынар емес.
Алма-Атаға келгелі бері орталық «Социа­листік Қазақстан» газетін оқып, кейбір кейінгі кезде басылған қазақ тіліндегі кітаптарды желе-жорта қарап шығып, күннен-күнге ұлғайып, шым-шытырық «шүршіттенуді» көзбен көре, құлақпен есте жүргендіктен, тіл маманы болмасам да, айтпасқа дәтім шыдамай жазайын деп отырғаным тіл мәселелері.
Бұл мәселелер ойланып та, көтеріліп, тиісті орындарда қойылып та жүрген болар. Сөйтсе де біз сияқты жолаушы қонақтың сөзін тыңдауға уақытыңызды бөлерсіз деп сенгендігімнен жазып отырмын.
Менің көзқарас, ұғымдарымның бәрі бірдей дұрыс та бола бермес деген қауіп, бұл хатты сенімді «түймедей нәр­сені түйедей көрмейтін» саналы, Сіз сықылды партия, үкімет азаматына сыр ретінде айтуды тілегендіктен, қолы­ңыздың тимейтінін біле отырып-ақ сіздің атыңызға жолдап отырмын.


Ежелден, атам заманнан тіл – тіл­дің мәдениеті, әдебиеті өсіп-өніп, от басындағы үй тіршілігінен бастап, қоғам, халық, ел-жұрт, жалпы мәдениетінің арнаулы құралы – ғылымның атаулы саласы.
Тілсізді – айуан дейді. Тілі кедей елді – мәдениетсіз, анайы, надан халық деп санайды.
Тіл адам баласының негізгі қасиеті болғандықтан – тіл байлығы елдің елді­гін, жұртшылығын, ғылыми-әдебие­тін, өнеркәсібін, мәдениетін, қоғам құры­лыстарымен, салт-санасының қай дәреже­де екенін көрсететін сөзсіз дәлелді мөлшері (мерило). 
Тілдің көмегімен өнер-білімге, ғылыми мәдениетке жетіп, өткен- кеткенімен әлемді танып, өзімізді жұртқа, әлемге танытамыз, сөйлесеміз, оқимыз, жазамыз, өз басымызды, үй-ішімізді, қоғам-халықты, ел-жұртты меңгереміз. Сондықтан, адам баласының байлығында тілден артық не бар? 
Ана тілінен бірнеше жағдайлар себеп болып айырылған ел «азған ел» атанып, кейіннен аты өшіп, ұрпақтары бұршақша бытырап, қардай еріп, құмға сіңген судай дерексіз жоғалып кеткенін, тарихтан әр ғасырда кездестіруге болады. Ондай сор мандай ел, бұрынғы кезде аз болмағандығына тарихта дәлелдер аз емес.
«Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді» деген­­дейін қазақ тілі өзінің таза түрінде, бірне­ше ғасыр, біздің заманымызға дейін, өткірлігімен, бой балқытып, тамыр шымырлатып, жан жүйенді жандырады, құлақ құрышыңды қандырып, көңіл көтеріп, керегінде жанға тиіп ашындырып, ашуландырып, отын сыртқа шығарып, долдандырып, қысыл-таяңда, қатал жағдайда қайрап, егеп «сөз тапқанға қолқа жоқ» дегендейін, ерге, елге медет болып, намыс туын, адам­гершілік арын, қан майданда, қырғын со­ғыста жоғары көтертіп, қасиетті сезім оятып, туғызып, адам түгіл, жағдайдың көмейіне құм құйып, аузын аштырмай, үнін шығармай қоятын тіл болып, еш өзімен көршілес халықтың тілдерінен сорлы болып, қатардан қалып өмір сүргендігі еместігі, өз сыбағасын ешкімге жегізбегенді мыңдаған жылдық тарихында ап-айқын.
Барлық өткен заманның, халық қа­сиет­терін, мәдени, ғылыми өнерді бойы­мызға тарата сіңіріп, жағдайға то­лық түсіндіріп, ел қатарына қосып, бізді бұл дәрежеге жеткізіп отырған тіл емес пе? Тіл байлығы, тіл тазалығы – ұлт қасиетінің нағыз белгісі емес пе?
Жоғарыдағы айтылған іргеден кіріс негізінде даусыз болса, осы кездегі тіл жа­ғын­дағы кемістіктерге төменде біраз қысқаша тоқтағым келеді.
І. Февральдың осы он бесінші күні кеселханаға түсе салысымен көңілімді сұрағалы көптен көріспеген бір таныс орыс әйел Сахарова дейтін келіп отырып, қазақша жазылған бір парақ қағазға көзі түсіп:
– Бауыржан, почему вы пишете по-казахски, – деп таңғала сұрақ қойды.
– Вы меня удивляете Нина Александровна, почему я не должен писать по-қазахски на родном языке – дедім мен.
– Ведь многие казахи не пишут и не раз­говаривают, потому, что не выразишь свои мысли то, что хочешь сказать не скажешь. До того говорят ваш язык бедный!.. – деп түйеден түскендей ұялмай, қызармай айтып отыр.
Не дерсің? Сөзі өңменімнен өтіп кетті. Ол кісіге, әлімнің келгенінше, теріс ұғы­мын дұрыстап түсіндірдім.
Кейіннен білдім, Сахарова осындағы бір халық қомиссарының бірінші орынбасары екен. Қазақстанға келгеніне он жылдан асқанын өзім де білуші едім. Орыстың жәй шүйкебас әйел-қыздары емес, қазақ халық қомиссарының орынбасарының пікірі, көзқарасы, ұғымы қазақ тілі тура­лы осындайлығына қапаланып «жарыған екенбізді» қалай айтпассың, қалай ойламассың. Осы қағаздағыларды жазуға қамшы болғанның біреуі сол он жыл тұрып, Қазақстанның нанына семіргеннен басқадан хабарсыз, ел басқарушылар қатарына кіріп қалған (не арқылы екенін құдай білсін), надан зам­нарқомша екендігін де жасырмаймын. Елдің сорына біткен кейбіреулердің уәкілі болған соң бүгіп қалудың қажеті не?
2. Осы таңда қазақ тілін «дөрекей, икемсіз топас, кедей тіл, онымен айтайын деген ойыңды, пікіріңді айта алмайсың…» деп дұрыс бағаламай жала жауып, теріс, зиянды жағдайдың құл­дығында жүрген жалқау «дүмше молда, дін бұзардың» кебін киіп, сәлдесін орап тіл бұзушы азамат-азаматшалар да, қазақ арасындағы жүген­сіздер де, арсыз топастар да молайып келе жатқанға ұқсайды. Дәлелді Алма-Атаның әрбір көшесінен де табуға болады.
Қазақ тілінің байлығы жетпегендіктен деген дәлелсіз былжыр өзінің ана тілінің мүддесіне жете алмай, одан құр қалған сор маңдайлардың, оған көңіл бөлмеген, ұлт мақтаныш сезімінен, ұлт намысынан ажырап «шөре-шөре» болып, артта қалған қара беттердің надандықтарына табылған сылтау ғана болуы көрек.
«Бір қарын майды бір кұмалақ шірітеді» дегендейін тілді ірітіп, шірітіп жүрген сол «шірік жетілгендер» екені де айдан айқын.
Абай, ЬІбырай, Шоқан, Сұлтанмахмұт одан бұрынғы өткен осы күндегі елінен, ата тілінен безбеген қазақ тілінің адал, алдағы ұлдары – өз ана тілінде сөйлеп, жаза да білген. Тіл шеберлігінен ұрпаққа мысал, мұра да қалдырған. Олар мыналардан орысшаны кем білген емес. Бұлар сияқты ата безер, ене безер болмаған. Олар Европаның атақты данышпан ақын-жазушыларын бұлжытпай көр­кем түрінде мүлтіксіз, қазақ тілімен өзі­нің нұсқасынан артық болмаса кем етіп аударған емес. Сол аудармаларын барлық шеберліктерімен қазақ тілінің барлық байлығын икемділігін пайдалана жұмсай біліп, оларды ақынының көмейіне домбырасының пернесіне салып, ауыз әдебиеті қатарында ұрпақтан ұрпақ жатқа алып айтып, біздің заманға жеткізгені осы күнгі тіл ақсақ-тоқсақ, қисық-қыңырларының айыбын ашып, масқаралап, жүзі қара етуге ерегесіз дәлел де, құрал да бола алады.
3. Осы кезде аздап орысша білгеніне мәз болып, төбесі көкке жеткендей ата тіліне көңіл бөлмей, оны әліне қа­ра­май менсінбей не орысшаны, не қа­зақшаны дұрыс сөйлей алмай шыл­дыр-былдырға бөленіп, келбетсіз тілі азғын масқараларды Алма-Атаның жауапты деген қызметкерлерінің арасында да кездестіруге болады.
Ауырып жатқан бір халық қомисса­рының орынбасары Мәнсейтов деген кісіге:
– Халіңіз қалай дегенімде:
– Дұрыс. Самочувствием, общие состоянием не плохо, – деп жауап берді.
Бір әртіс:
– Сіз пошему кешегі вечерге не приходили – деді.
Бір жазушы:
– Мен сізге звонить еткен едім, но почему то Вас не окозалось в кабинете – деді.
Бір газет қызметкері:
– Сіздің статьяңызды просмотреть етіп болған соң маленький ғана редақционное изменение жасап, печатать етеміз – деді телефонмен.
Бір үй тіршілігіндегі әйел:
– Мен очень удивляться етем, менің дошкам өте странно бидет – деді.
Жаңадан тілі шығып келе жатқан бір бала:
Мама я кочу клеб мясло – деп жылады.
Бір ана тілінің мұғалимасы қоштасып тұрып:
– Оған (күйеуіне) обязательно пламенный привет передать етіңіз – деді.
Радионың әйелі:
– Передача береміз… Сіздің тыңда­ғаныңыз Б-ның выступлениясы – деген сияқтыларды күнде қаңқылдайтынын өзіңіз де естіп жүрген шығарсыз.
Серғали Толыбековтың жаңа жылда­ғы, айналдырған екі жүз – үш жүз сөздік мақаласында 60-70-тей жат сөздердің барын оқып көрген боларсыз.
Кейбір бас жазушыларымыздың кейінгі кезде жазғандарының ішінде сөйлемдерінде бастауыш, баяндауышты іздеп табу үлкен еңбек, жатқан қиыншылық екенін оқып, кездестіріп те жүрген боларсыз.
Осындағы бір тіл маманымын деп жүрген жігіт, менімен сөйлескенде, сөйлемнің 40-50 проценті орысша болып отырып, мынандай қисынсыз қисынды айтты:
Таза қазақ сөйлемі «простое предложение», орысшаны араластыра сөйлеген сөйлем – «сложное предложение», кейінгісін ол ғылым кісі қазақ тілінің баюы, дамуы, өсуі деп біледі екен.
Тілдің бұзылуына салдары тиіп жүр­ген ондай ғылымпазға «сенгендегім сен болсаң, күйсеген аузыңды…» дегенді лажсыз, тәртіп сақтап ішіңнен айтпасаң, сыртқа шығарып айтуға болмайды ғой.
Айтылғандардай екі жақтан да хабарсыз (қазақ, орыс тілдерінен) қазақ тілін ана тіліміз деп танымай, қазақша дұрыс сөйлеп, жазып, оқып өсуді міндетім деп білмейтін, оны әуес көрмейтін надан азаматтарды терлемей-ақ табан астынан кездестіруге мүмкіншілік аз көрінбейді. Оларды естіп, көре тұра:
Көшеде бояу ерін сылқылдаған, 
Былдырап орысшалап жырқылдаған, 
Ұмытып ана тілін, салт-санасын, 
Не қалды тілімізде жыртылмаған.
Отбасы түсініксіз жатқан былдыр, 
Газетте қазақ сөзі аз, шылдыр-                                                             мылдыр. 
Оқысаң кітап алып шым-шытырық, 
Опырмау, сандырақ па, бұл не 
                      былжыр.
Ержеткендер сөйлейді орысшалап, 
Кім отыр сөз қыртысын қынап-сынап, 
«Мамасы» мен «папасы» шүршіт 
                                                     болып, 
Күйдірді-ау, шүршітшілеп, бала жылап, – деген екен бір қазақ жақын арада.
4. Газет пен радио елге ең жақын, бар­­­лық жаңалықты түр-түрлеріменен әр қоғам арнасынан күнделікті жеткізіп тұратын арнаулы құралдар деп ежелден саналады. Біздің радионың айқайын тыңдағанда құлаққа суық тиіп, денеңді түршіктіретін, тілі түрпідей, добалдап аударған құрғақ жатқан «сложное предложение» болғандықтан, тыңдаушыларды зеріктіріп, бездіріп «мынау не оттап тұр» деп тыңдамастан үйіндегі радио шеңберінің тығынын жұлып алып, үнін өшіріп қойғандарды көзіммен бірнеше рет көрдім.
Газетті оқығанда сөз, сөйлем құры­лыс­­тарына тілі күрмеліп, булығып, ма­ңызына, айтайын дегеніне жуығырақта түсіне алмайтын болғандықтан оқудан елдің көбі қашатын болыпты. Бір нәрсені орауға қағаз керек болса «ана қазақша газетті бере тұршы, ақыры оқылмайды ғой» деген масқара беделсіз, қадірсіздігін көзіммен көріп, бірнеше рет құлағыммен естідім. Бұның барлығын туғызған түбін, ақырын толғана ойламай «ауырдың үстімен жеңілдің астымен» кеткен жан аярлығы мол ұятсыз, жауапсыз шығармаларының қазақша ана тілде болып жалпыға түсінікті болу жағымен ісі жоқ, ол жағын киындық ойлап қабырғаларына батпаған Фамусов­тың «подписал с рук долой» деген ережесінің жетегіндегі газет-радионың қызмет­керлерінің салдары.
Олардың іс-нәтижесіне қарағанда ішінде қазақ ана тілін қадірлеп, оны жақсы біліп, қазақша ойлап, сөз құрылысы, сөйлемдерін үйлестіре сөйлеп, жазып тырыспағандықтарының сирағы сорайып көрініп-ақ тұр. Әсіресе, аударма жағында ондай сорақылықтардан бас көтеруге болмайды. Солардың әлде қазақша сөз, сөйлем ырғағынан, икемдерінен хабарсыздығынан ба, әлде халық жауы болып кеткен Ілияс Жансүгіровтың – бұрынғы «Социалистік Казақстан» газетіне редак­тор болған Бәйішов тастап кеткен жасқаншақтық – жауапкершіліктен қашып, мазмұнын бұзып алмайын деп қорқып, іздеп-тауып, түсінікті етіп жазудың орнына «өлмесең тұрма» деп орысша айта салу оңай, қауіпсіз көргендік. Олардың аударма зиянды әдістері мұра болып қалғандықтан ба, әйтеуір орысшадан аударғанда соның орысшасындағы негізін бұзбай, құрылысын бұлжытпай, сөзін санап отырып, тыныс белгілерін толық сақтап, сонымен қазақ тілінің беделін түсіріп, қасиетін кетіріп, жалпыға түсініксіз қазақша орысшалағандықтың салдарымен ел кітап оқуға әуес болмай, осы кезде кітапханаларда өтпей жатқан қазақ тіліндегі икемсіз, әсерсіз, миға қонбайтын кітаптар мол көрінеді.
5. Қазақ тілін орысшамен байытамыз деген «талабы таудай» жігіттер қазақша іркілмей айтатын сөздердің орнына жан қинамай орысшаны жаңбырдай төгіп-төгіп жіберу көбіне әдет болып кетіпті.
Олар сықылды қоян жүрек қорқақ дегбірсіздер:
– қазақшалап айтсақ толық мазмұнын бермейді, – деп болар болмас нәрсені желеу етіп, сыныққа сылтау таба қоюға әбден дағдыланып, ұста болып алыпты, жалпыға түсініксіздігімен олардың шаруасы аз көрінеді. Мысал:
Район-аудан
Село-қыстақ
Плен-тұтқын
Дизертир -қашқын
Доклад-баяндама
Компания-науқан
Пропоганда-үгіт
Дисциплина-тәртіп
Герой-батыр
Наступление- шабуыл
Грамматика-miл құралы
Хрестоматия-оқу құралы.
Орыс, Украина және басқа Европа халықтарының тілін негізін таза сақ­тап, өстіріп дамытқан солардың оқымыс­тылары (интеллигенция), әйтпесе, олар деревняларындағы, әр аудан мен өлкелерінің бұрмалауына, бұзуына жаргондарына жол беріп, тізгінсіз жіберіп, стихияға өз бетімен қоя берсе, шым-шытырық болып, осы уақытқа дейін әдеби тілінен айырылып шыкқан болар еді.
Балық басынан шіридінің кері ке­ліп, бізде ант ұрғанда алдымен оқымыстыларды ант ұрып, балдыр-батпаққа солар салып, тілді сақтап, тұлға, үлгі болудың орнына, әдебиет тілімізден айрылуға себепкер болып барады. Оған дәлел: 
Ана тілін сүймегендік, білмегендік, ұлт сезімін, намысын жоя отырып, ұлт безерлік тудырады. Оны үкімет, партия адамгершілік болса сәйкес, зиянды ауру деп тану керек. 
Қазақ мектебінде оқымағаннан кейін, қазақ балалары көшеде ойнап жүргенде де, орысша сөйлеп, үй ішінде де, ата-анасымен орысша былдырласып осы кезде ана тілінен мүлдем құры қалған жастар қалада көбейіпті. Жас балалар былай тұрсын, менің майданда қайтыс болған жолдасым Рахимовтың 22-дегі інісі үйіме келіп отырып:
Я по вашему не умею разговаривать, – деп орысша сөйлесті.
Бір жігіттің үйлену тойында бес-алты 20 жастан асқан қазақ қыздары, жалпы қазақтың ішінде өн бойы орысша сөйлеп отырысты.
– Қыздар, қазақша сөйлемесеңдер мен орысшаларыңа түсінбеймін деген соң жым-жырт үндемей отырысты. Себебі қазақша сөйлей білмейді екен. Біреуіне сөз бергенде (жоғарғы кеңесте істейді екен) жолдастар, конечно мен қазақша не говорю, сондықтан, извените меня, я по русский буду говорить – деп орысша сөйлегенде қайран орыс тілін тағы да әбден былықтырды.
Халық қомиссарлар кеңесінің бір қызметкері Нұрша Мұханова деген қазақ әйел:
«Пастух қазақ сендер қашаннан бері адам қатарында болып едіңдер» деп орысқа күйеуге шықты. Қытайға тисе де мейлі, менің келтіріп отырғаным өз ұлтын қасіреттеген есіректігі.
Балпаңбаев деген үкімет кісісі «Мен қазаққа қарай алмаймын» дейді дегенді үш-төрт адамның аузынан есіттім.
Сәбит Мұханұлы сияқты бас жазушы­ларымыздың үлкен баласы қазақ тілінен құр қалған жанның бірі. Тағысын та­ғылар.
Өз басымызды алып қарағанда, жо­ғар­ғы айтылғандардан сіздің үй де, біздің үй де сауға ұқсамайды.
Осы кезде қазақша тілі шыққан жас балалар кездессе оған таң қалып қарай­тын болыпты.
Осы кездегі екеудің біреуінің аузындағы: «Коренизация саясаты Европизацияға айналды» деген ел аузындағы сөзден хабарсыз емес шығарсыз. Оны тек антисемитизм ғана деп қарау ат үсті жеңіл-желпі үстірт жай болса болғандықтан, терең қаралып әділдікпен мазмұнды шешілмесе, ел аузына қақтап салынуға басқа ем болмас.
Тағы осылар сияқты мысалдар толып жатыр. Келтірген мысалдарды орысша айтылуынша жазып, сөйлеу тілдің қасиетін кетіріп, тамырына зақым келтіріп, сиқын бұзғандықтан баспа пайдалы тиындық нәрсе көрінбегендіктен есі дұрыс кісінің оны тілдің өсуі, дамуы жандануы, – деп танып айтуға аузы да бармас. Сондықтан бұндай бүлдіріс, бұрмалау туралы, кейін­нен тарихқа, ғылымға, ұрпаққа не беті­мізбен айтпақпыз.
Әрине, шеттен тіл ауыспай, тіл байымайды. Бірақ та «бояушы десе сақалын бояптының» кері келгенді байлық деп санау теріс, зиянды пікір. Тілді байытам деген ақ адал ниеттің негізі ана тілін толығынан сақтап, жаңалықтарды оның үстіне қосып, дамыту, таныту, айдан айқын әр халықтың тарихында бар саналы жол – нұсқа.
6. Өткен жылдың декабрь айының аяғында, Жуалы ауданындағы Ошақбай, Қыстаубай дегенге орта жасқа келген колхозшылар әңгіменің аяғында: «Шырағым-ау, біз уәкілдер мен оқымысты балалардың сөзіне түсінбейміз… тіліміз не болып бара жатыр» деді. Бұған қарағанда жоғарыдағы айтылғандар аудандарда молға ұқсайды.
7. Кеңестер одағының алдыңғы бір мем­лекеті бола отырып, оған соғыс кезінде Казақстанның майдан, еңбек ерлері қазақ намын әлемге танытып, мынандай қиын майдан – соғыс жағдайында өндірісте, ауыл шаруашылығында, қырғын соғыстарда қатардан қалмай, сыбағасын ешкімге же­гіз­бей, абырой, табысқа ие болып, нығая өсіп келе жатқанда, жоғарыдағы айтылған кемістіктерді – Ленин, Сталин партиясы жолына сәйкес, ғылымды бұрмалап бұзу, асыра сілтей, халықтың жұртшылығына зиянды, ұлт саясатына қарсы ағыс деп доғарсам, ешқандай шеңберден шыға қоймаспын.
Сондықтан – тарихи, ғылыми, саяси әділеттік, меніңше, мынадай ұсыныстарды тілейді:
1. 1935-36 жылдан бастап қазақ ана тілі бұрмалана, бүлдіріле бұзыла бастағанын сөзсіз айқын дәлелдей отырып, оған айыпкер, кінәлі, басты газет, радио, жазушы, кеңсе қызметкерлеріне тарихи қарғыс айтылып, беттеріне қара күйе жағылып айыпталсын.
2. Қазақстанда, қазақ тілі заңның әділдігі бойынша мемлекет тілі болып саналып, өз орнына – төрге шығарып отырғызылып, бұрынғы қалпына кешік­пей келтіру шаралары тездеп қолға алынып, тіл бұзу ежелден келе жатқан ескі ауруға айналып бара жатқанын ескеріп отырып, іс жүзіне қатал төңкеріс түрінде асырылсын.
3. Аяқ асты, елеусіз болып кеткен қазақыландыру мәселесін алдымен қазақтардың өздерін тіл жөнінен тәртіптеуден бастап, барлық өкімет, кеңсе, ғылым, оқу, өндіріс, өнеркәсіп орындарында қайтадан әділдікпен көтеріліп, қолға алынсын.
4. Тілді азғындырып құрту, иә жандандырып өсіру, дамыту құралының алдағысы газет пен радио болғандықтан, орталық «Социалистік Қазақстан» газетінің барлық мақалалары қазақтың еркін, анық таза тілімен көсіле жазылып, «Правда» газетіне ұқсап тіл тазалығы жағынан басқаларға үлгі болсын.
Алма-Ата радиосына саналы, сал­­мақты, жауапты қазақтың ана тілі­нің тазалығын қабырғасы қайыса ойлайтұғын адамдар дайындалып, осы кездегі қоқыр-соқырлар қуылып, құлақ құрышын қандырарлық тілі дәмденіп, елге сүйкімді, түсінікті айтатын орынға айналсын.
5. Барлық оқу орындарында қазақ тілі, қазақ әдебиеті, қазақ тарихы міндетті сабақ болуы керек.
6. Осы кезде қаладағы қазақ ұл бала-қыз балаларының төрттен үші орыс мектебінде оқығандықтан ана тілден хабарсыз жастар өсуі молайып келе жатыр. Олардың ата-аналары орыс мектебінде оқытуға мүлде әуес-ақ. Қазақ мектебін менсінбейтіндер де қазақ мектептеріне көшіріліп, алдымен ана тілінде ғылым алатын болуы қажет. Он шақты жылдан кейін жас қазақтарға қазақтармен сөйлесуге тілмәш керек болуы тарихи масқаралық болар.
Өзіміз орысшаны қазақ мектебінде жүріп-ақ үйренгенбіз. Ондай шараны қолдануда орысшадан құр қаларлық ешқандай қауіп жоқ.
7. Барлық қазақ тіліндегі әдебиет, оқу кұралдары қайта қаралып, шүршіттіктен тазаланып, елгезермен елегендей, қоқсық-құрымнан бойы арылып, босатылуы керек.
Қазақ ана тілінің беделін түсіріп, бұрмалап, бүлдіріп, халықтың халық болуына, ұлттың ұлтшылығына өте қауіпті, зиянды болғандықтан барлық орыннан тіл құзғындары мен тіл сұңғыттары шүршіт болып кеткеңдер бетің бар жүзің бар демей мейірімсіз масқаралана қуылып, қолдарына таяқ ұстатып қой бақтырған көп олжа болар еді.
8. Тіл мәселесі бұдан былай да аяқ асты болып «дүмше молдалардың» құрбандығы болып кетпесі үшін:
а) Барлық сырттан алынған «есіктен кіріп, төр менікі» деген сөздер теріліп, жиналып, әділ билік айтылып, сол мағынадағы «дауысы жойылған» қазақтың ата тіліндегі сөздерге өз еркі өзіне қайта берілсе, қазақ тілінің бұқараларының қатарына қосылып, бұдан былайда ел аузында, жазушының қалам ұшында болса.
б) Өзіміздің тіл байлығымызда жоқ, бұрын халқымыздың өмірінде кездеспеген жаңа заттардың аты, сөздері терin, жиналып, сөз азаматтығына қабылданып заңды жүйеге салынса.
в) Дальдің «Толковый словарінің» үлгісімен атам заманнан бергі қазақ сөздері жиналып, дұрыс талқыланып, түсіндіріп, ғылыми аумақты кітап шығуы шаралары жақында қолданылса.
г) Профессор Ушаковтың «Орфографический словарінің» үлгісімен қазақ сөздерін дұрыс жазуға көмек құрал болатын кітап­ша кешікпей жазылып шығарылса.
Кейінгі екеуі тіл жағынан өмірлік нұсқау, құрал және қорған болар еді.
Айтылғандардың барлықтарының терең өкіметтік, мемлекеттік маңызы бар болғандықтан сіздер сияқты партия, өкімет кісілері көтеріп қолға алмаса, өз бетімен оңалып, дұрыс бағытқа түсетін түрі жоқ.
25. 02.1944.

Алдыңғы «
Келесі »