Интеграция тәуелділік пе, тиімділік пе?

  • 21.02.2014
  • 10443 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Шыңғыс  Ергөбек,
әл-Фараби атындагы ҚазҰУ-нің аккредитация, рейтинг жане 
сапаны басқару жөніндегі орталығының директоры

Қазақстан Республикасы өз егемендігін жариялағалы бері түрлі интеграциялық бірлес­тіктер мен әлемдік деңгейдегі форум­дардың орталығына айналуда. Еліміз­дің сыртқы саясатындағы бұл құбы­лысты қалай бағалауға болады? Интеграция ұғымы әлде елді тәуелсіздігінен айыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан шаралар жүйесі ме, әлде өмірлік қажеттілік пе? Бұл сұрақтарға жауап беру үшін Қазақстанның соңғы жылдары жүріп өткен жолын әлемдік тәжірибемен салыстырып, саралап көру мұқтаждығы туындайды.


Сонымен, 1990 жыл Кеңестер Одағында ыдырау тенденциялары кеңінен қанат жая бастады. Балтық жағалауы елдері КСРО-дан өздерінің іргелерін аулақ салуды таңдап, Еуропа мәдениетінің бір бөлігі ретінде өмір сүре бастаса, елдің басқа бөлігінде түрлі этникалық қақтығыстар мен дүмпулер орын алды. Бұл күрделі, саяси жағдай шешілуі мемлекеттің қолынан келмейтін кең ауқымды экономикалық дағдарыспен тұспа тұс шықты. Әрине, бұдан кейін Кеңестер Одағының ыдыраудан басқа амалы қалмады. Өзін саяси-экономикалық тұрғыдан мардымсыз менеджер ретінде көрсеткен бюрократиялық аппарат, өзінен іскер әрі беделді жас топтарға жол беруге мәжбүр болды. Дәстүрлі құндылықтардың әлсіреуі осылайша 1991 жылы ТМД секілді құрылымды дүниеге алып келді. ТМД – Қазақстан тарапынан ұсынылған алғашқы интеграциялық жоба болатын. Кеңестер одағының экономикалық жүйесі бір-біріне тәуелді, бірін-бірі толықтырып отыратын, ыдыраған жағдайда көптеген қиындық тудыратын жүйе болатын. Тәуелсіздік ала салып ескі байланыстардан бас тарту Қазақстан секілді экспортының барлығы Ресейге жөнелтіліп, ол жерден тұрақты тұтыну тауарларын алатын мемлекет үшін қиындыққа соғатын болды. Уақыт өте келе шикізат өндірісіне арқа сүйеген ел экономикасы біртіндеп дағдарыстан шыға бастады. Алайда Қазақстанның интеграциялық бастамалары көбеймесе азайған жоқ. Неліктен?
Ең алдымен, елдің географиялық орналасуы. Елдің географиялық орналасуы әрқашан интеграция немесе дербестікке жетелейтін жол. Естеріңізде болар Еуропа мемлекеттері екі бақталас топқа бөлініп, жаңа әлемді игеруге жол ашып, осы жаңа әлем үшін кең дәрежелі қақтығыс бастауға дайындалып жатқан ХХ ғасырдың басында Ұлыбритания өзінің географиялық орналасуын тиімді пайдаланудың арқасында «тамаша оқшаулану» саясатын ұстануға мүмкіндік алды. Қазақстанның жағдайы керісінше әлемдік мұхитпен байланысы жоқ мемлекет үшін транспорттық инфрақұрылым әлеуеті өте шектеулі болып келеді. Оның үстіне көрші мемлекеттердің экономикасы не өзіңмен бәсекелес (мысалы Ресей), не өзіңнен мықты (мысалы Қытай) болған жағдайда дербес теңізге шығу жолын қарастыру мүмкін еместігі айқын. Тіпті Қазақстанның мұнай экспортының бағыттарын кеңейтіп Баку-Тбилиси-Джейхан немесе Иран құбырларына шығаруға бағытталған жобаларға қатысуға ынталануы Ресей тарапынан қарсылық тудыруы Қазақстанның бұл жобалардан шеттеуіне алып келді. Шын мәнінде транспорттық инфрақұрылым мағынасында да, экономикалық байланыс­тардың тиімділігі тұрғысынан да Қазақстан үшін ең жақын әріптес Ресей болып отыр. Екіншіден,  Қазақстан территория жағы­нан өте үлкен болғанымен нарығы өте кішкентай болып табылады. Халқының саны аз, әл-ауқаты айтарлықтай жоғары емес мемлекеттердің даму қарқыны көп жағдайда өзге нарықтарға бизнестің икемделу мүмкіндігі мен жағдай жасау арқылы ерекшеленеді. Бұл құбылыстың экономика үшін орны екі жақты мағынаға ие болады. Біріншіден, өз нарығының әлеуеті төмен болғандықтан ел бизнесі өзге ортаға тиімді икемделіп, сол нарықтың құрамдас бөлігіне айналады. Соның есебінен экономикалық әлеует пен даму мүмкіндіктеріне ие болады. Екіншіден, бұл елді толыққанды экономикалық тәуел­ділікке алып келуі мүмкін. Мұның классикалық мысалы ретінде Мексика экономикасын айтуға болады. Мексика экспортының 100 пайызы бүгінгі күні АҚШ-қа тәуелді. Яғни, АҚШ тарапынан кез-келген уақытта экономикалық шара қолданылған жағдайда Мексика экономикасы мұны бірден сезінеді. АҚШ үшін де Солтүстік Америка еркін сауда аймағы бойынша әріптесіне үнемі қолдау көрсету үлкен қиындық тудырады. Бұл екі мемлекеттің экономикасының біте қайнасқаны сонша кедей мемлекеттердің қатарына жататын Мексикада орын алатын кез-келген экономикалық дағдарыс АҚШ экономикасына үлкен зиян әкеледі. Бұл жағдайда осы екі мемлекет экономикасының өзара тәуелділігі ғана әріптестіктің негізгі ба­ғыты ретінде қарастырылады. Батыс Еуропа мемлекеттерінің басын қосқан Еуропалық одақ та бірінші кезекте өз ішіндегі экономикалық байланысты нығайтуды мақсат етіп қоюының нәтижесінде Еуропалық одаққа мүше елдердің саудаларының 70 пайызына дейінгі мөлшері одақ мүшелеріне келеді екен. Яғни, Еуропалық одақ секілді экономикалық мағынада өте тиімді одақ құру үшін мемлекеттердің сыртқы экономикалық байланысында өзара айналым сауданың кем дегенде 60 пайызын құрағаны абзал. Әрине Қазақстан үшін бұл жүзеге асуы мүмкін сценарий. Өйткені, бүгінгі күні Қазақстанның ең ірі сауда-экономикалық әріптесі Ресей екендігі баршамызға мәлім. Ресей секілді үлкен мемлекет Қазақстанның сыртқы айналымының 60 пайызын құрамағанымен ондай мүмкіндікке ие бола алады. Ал, Белорусь Республикасы болса шикізатқа кедей ел болғандықтан Қазақстан мен Ресейдің шикізатын тұтынуға мәжбүр. Алайда мұндай жағдайда Қазақстан мен Белорусь Ресей сыртқы сауда айналымының 60 пайызына ие бола алады ма деген заңды сауал туындайды. Бұл сауалға теріс жауап беруге тура келеді.
Біріншіден, Ресей экономикасы Белорусь экономикасынан 40 есе үлкен болса Қазақстан экономикасынан да шама­мен 10 есе үлкен. Яғни нарықтың негізгі тұтынушысы Ресей болып қала беруіне тура келеді. Екіншіден, үш мемлекеттің экспортының құрылымына қарайтын болсаңыздар Қазақстан мен Ресей экспортында шикізаттың шамамен 70 пайыз құрайтындығын байқайсыз. Ал, Белорусь экономикасы, соның ішінде экспорты Ресейден арзандатылып сатылып алынған шикізатты Еуропаға сатудан тұратындығын байқайсыз. Осылайша интеграцияға ең белсенді араласып отырған үш посткеңестік мемлекеттің бір-біріне одақтасқа қарағанда бәсекелеске көбірек ұқсайтындығын аңғару қиын емес. Әлемдік тәжірибеге жүгінер болсақ, ең тиімді интеграциялық одақтар экономикасы бірін-бірі толықтыратын мемлекеттерде жоғары тиімділігін көрсетеді. Мысалы, Еуропа одағының ең алғашқы іргетасы ретінде қаланған қола және көмір одағы. Бұл одақтың пайда болуына тікелей ықпал еткен факторлар – Франция мен Герман Федеративтік республикасы экономикаларының бірін бірі толықтыруында және ортақ саяси ықпалдастық аймағына айналған Рур облысының металға, ал, шекаралас Лотарингияның көмірге бай болуында жатыр. Мұндай жағдай ТМД мемлекеттерінің интеграциялық бірлестіктерінде бұл кө­лем­де орын алмауда. Тиісінше бұл кез-келген интеграциялық мүмкіндікке тікелей кедергі жасайтын фактор.
Мұның тысында посткеңестік кеңіс­тіктегі түрлі интеграциялық үрдіс­тердің орын алып отырғандығы белгілі. Дәл осы модель Еуропалық одақ құрылар алдында да кеңінен қолданылған болатын. Еуропа одағын біртұтас валюталық одаққа айналдырған Маастрихт келісімшартының өзі де әр түрлі мемлекеттер үшін түрлі қолайлы шарттар тудырды. Мысалы, Дания корольдігі біраз уақытқа дейін өзінің ұлттық валютасын сақтап қалды. Бенелюкс, Батыс Еуропа одағы секілді әр түрлі одақтарды бір ортамға келтіріп тиімді Еуропалық одаққа айналдырған күштер аталмыш одақтың негізгі мақсаты Еуропалық құндылықтарды сақтап қалу деп қарастырды. Еуропалық мәдениет біркелкі біртекті құрылым емес екендігі белгілі. Тіпті Еуропаның саяси тарихының өзі қайшылықтарға толы. Бірақ мәдени тұрғыдан бұл мемлекеттерді біріктіретін факторлар көп. Біріншіден, бұл елдер христиан өркениетінің елдері және әр түрлі шіркеулерге жатқанымен ортақ құндылықтары өте көп. Екіншіден, бұл көп жағдайда ұзақ уақыттық демократиялық дәстүрлер қалыптасып адамның қоғамдағы орны айқындалған құрылымдар болып табылады. Үшіншіден, бұл мемлекеттердің әр қайсысы ұлттық мемлекеттерін құрып, ол мемлекеттер экономикалық мағынада шырқау шегіне жеткен мемлекеттер. Яғни, нарықтық экономиканың әлемдік жүйесінде өз орындары бар мемлекеттер.
Ал, посткеңестік интеграциялық бірлес­тіктердің ішінде еркше болып тұрған кедендік одақ туралы біз осылай айта ала­мыз ба? Өкінішке орай жоқ. Біріншіден, кеден­дік одаққа қатысушы мемлекеттер өз тарихтарында бірқалыпты қатынастар құрды деп айтуға келмес. Ресей Федерация­сы империялық мемлекет ретінде қалған екі мемлекетті өз құрсауында ұстап отырды. Бұл экспансионистік саясат барлық салада, соның ішінде экономикада да орын алды. Белорусь Ресейді азық-түлікпен, ал Қазақстан шикізатпен қамтамасыз ететін орталықтар ретінде белгілі болды. Яғни, ұзақ жылдық ұлттық мемлекеттік дәстүрлер туралы бұл одақ шеңберінде айтудың өзі орынсыз. Екіншіден, Ресей экономикасы екі мемлекеттің экономикасына қарағанда әлдеқайда күшті. Яғни, Еуропа одағы жағдайындағыдай интеграцияның бірнеше күшті орталықтарының жоқтығы аңғарылады.
Еуропада маңызды тең дәрежелі әріп­тес ретінде Франция, Ұлыбритания, Германия секілді ірі мемлекеттер әрекет етсе, Италия, Испания секілді орта көлемді мемлекеттердің қолдауының арқасында жүзеге асты. Кедендік одақ жағдайында Ресей алып мемлекетіне әріптес ретінде экономикалық әлеуеті үлкен Украинаны жатқызуға болар еді. Алайда өздерін Шығысқа қарағанда Батыста көретін Украина басшылығы Еуразиялық интеграцияға қарағанда Еуропалық мемлекеттер бірлестігіне бүйрегі бұрып тұрғандығын жасырған емес. Осылайша Украинасыз үш мемлекеттің одағы тең емес әріптестердің одағы болып табылатындығы айқын. Үшіншіден, кедендік одаққа қатысушы мемлекеттердің экономикалық жүйелері әр түрлілігімен ерекшеленеді.
Қазақстан либералды экономикалық модельді ұстанатын болса, Ресей мемлекет­тің ықпалын күшейтуге мүдделі, ал Беларуссия болса экономикасының 70 пайызын мемлекет қарамағында ұстап отыр. Мұның тысында мемлекет нарықтық реформаларды жүзеге асыруға бейімсіздігін көрсетіп отыр. Яғни, шын мәнінде ке­дендік одаққа мүше мемлекеттердің эконо­микалық жүйесі де алуан түрлі. Бұл экономикаға деген бірқалыпты көзқарас пен реформалардағы жүйесіздікке алып келеді. Кез-келген кеденді одақ үш негізгі өнімнің еркін әрекет етуінен құралады. Олар: 1) еркін тауар тасымалы, 2) еркін қызмет тасымалы, 3) еркін жұмысшы күш тасымалы. Осы үш еркіндікті сақтаған жағдайда ғана интеграциялық бірлестік туралы сөз қозғауға болады. Алайда бұл еркіндіктердің ішіндегі негізгі еркіндік – кәсіпкерлік еркіндікті болдырмай еш­қандай нарық алға жылжымайды. На­рық­тық реформалардың алға басуының маңызы да сонда. Экономикалық жүйедегі мемлекеттің күшті ықпалы бұл нарықтық тетіктердің тиімді жұмыс істеуіне кедергі келтіретін негізгі факторлардың бірі деуге толық негіз бар. Төртіншіден, сол кедендік одақтың өзінің шеңберінде де жиі айтыла бермейтін бір ұйым бар. Ол – Ресей, Белорусь бірлескен мемлекеті. Бұл тиімді қызмет ететін саяси интеграциялық институтқа қарағанда – әлі күнге дейін құрылымы мен мақсаты нақтыланбаған ағзаға ұқ­сайды. Дегенмен ең түпкі мақсаты белорусь және орыс халықтарының бірі­гуінің нәтижесінде ортақ мемлекет құру болып табылатын бұл құрылымның мүшелері мен Қазақстанның одағы қандай болмақ? Өздеріңіз ойлап қараңыздар Ресей мен Белорусь бірігіп кетті деген күнде кедендік одақта Қазақстан мен Біріккен мемлекет қана қалады. Бұл жағдайда қандай интеграция туралы айтуға болатындығы түсініксіз. Бұл сценарий жүзеге асқан жағдайда не кедендік одақ ыдырайды, немесе Қазақстан жоғарыда аталмыш мемлекеттермен ортақ мемлекет құруға мәжбүр болады. Ал, ол уақытқа дейін жүзеге асуы мүмкін экономикалардың өзара интеграциялануы Қазақстанның мойнына жаңа мемлекеттің құрамдас бөлігі болып кіру қажеттілігін тудырары сөзсіз.
Интеграциялық үдерістер кең қанат жаюы үшін жоғарыда көрсетілгендей интеграциялық процестердің тек тереңдеуі ғана емес, сонымен бірге кеңеюі де керек. Қазақстан жағдайында бұл интеграциялық бірлестіктердің тиімділігі артып өзара сауда айналымының өсу қарқыны жоға­рылауы үшін кедендік одаққа жаңа мүше­лердің қабылдануын қамтамасыз ету керек. Бұл елдердің қатарына ең жа­қын арада Қырғызстан, Тәжікстанды, Өзбек­­станды қабылдау керек. Неліктен? Бірін­шіден, бұл мемлекеттер географиялық тұрғыдан Қазақстан секілді құрлықтық аймақта орналасқан. Яғни транспорттық инфрақұрылымдардың дамуына кеңінен жол ашылады. Екіншіден, мемлекеттердің өзара сауда қарқынын көтеру арқылы кедендік одақ өз ішіндегі тауар айналымын одан әрі кеңейтуге тырысады. Үшіншіден, кедендік одақтың сыртқы шекараларының кеңеюі заңсыз еңбек миграциясын тоқтатып, ортақ еңбек нарығын қалыптастыруға тікелей ықпал ететіндігі сөзсіз. Бұл әсіресе еңбек ресурстарын экпорттаумен айналысатын аталған үш мемлекетке тиімді болары сөзсіз. Бұл сонымен қоса осы мигранттардың есебінен бюджетін толтырып елін асырап отырған Тәжікстан, Өзбекстан секілді мемлекеттің азаматтарына кедендік одақ аймағында қауіпсіз әрекет етуіне жағдай жасайды. Ал, білім беру жүйесінің ортақ стандарттарының айқындалуы мен өзара мойындалуы бүкіл кеңістікте еркін жүріп тұруға жағдай жасары сөзсіз.
Дегенмен, мұнда да бірқатар шешіл­меген мәселелер бар екендігін байқау қиын емес. Біріншіден, Қырғызстан Дүниежү­зілік сауда ұйымына мүше мемлекет болып табылады. Қырғызстан аталмыш ұйымға кірер кезде осы ұйым мүшелері тарапынан белгіленген төмен тарифтерді орнату арқылы өзінің өндірушілерін қорғау мүм­кіндігінен айрылған мемлекет. Кедендік одақ заңнамасына сәйкес Дүниежүзілік сауда ұйымының шарттары кедендік одақ заңнамасынан жоғары тұрады және тікелей қолданылады. Қарапайым тілмен айтқанда кедендік одақ мемлекеттері дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болғанда олардың қабылдаған шарттары автоматты түрде кедендік одақтың басқа мүшелеріне де қолданылады. Яғни, Қырғызстан төмен тарифтік саясат ұстанып, өз нарығын қорғамастан, сыртқы саудаға ашық деп мойындаса, Қырғызстанның кедендік одаққа мүше болуы бұл режимді өзге мемлекеттерге де жаяды. Осылайша Қазақстан өз өндірушілерін қолдау мүмкіндігін шектейді. Бұл мәселені шешудің негізгі жолы Қырғыстанның Дүниежүзілік сауда ұйымының шарттарынан бас тартып аталмыш ұйымнан шығу болып табылады. Бұл жағдайда әрине Қырғызстан мемлекеті өзге дүниежүзілік сауда ұйымының мүшелерімен тең дәрежеде сауда жасау мүмкіндігінен айрылады.
Бірақ ұтатыны да көп. Біріншіден, Қырғыз экспортының негізгі бөлігі кедендік одақ елдерінің қатарына келеді. Ал, бұл елдердің өзара сауда режимдері кедендік одақ шеңберінде қабылданатын біртұтас нарық қағидаларына арқа сүйейді. Яғни, сауда мағынасында өзінің негізгі әріптестерінен Қырғызстан қосымша жеңілдік алу мүмкіндігіне ие болады. Екіншіден, Қырғызстандағы ауыр әлеу­меттік шиеленістің нәтижесінде шетелге жұмыс іздеп шыққан мигранттардың негізгі бөлігі кедендік одақ елдерінде жұмыс табуда. Бұл тұлғаларға байланысты ортақ саясат ұстану елге шетел валю­тасы мен белгілі бір дәрежедегі қар­жының ағылуына жол ашады. Бұл себепті жоғарыда аталған барлық мемлекеттерге қатысты айтуға болады. Бүгінгі күні 2 миллионға жуық тәжік азаматы, 5 миллионға жуық Өзбекстан азаматы шетелдерде жұмыс істеуге мәжбүр. Үшіншіден, бұл одақ шеңберінде белгілі дәрежедегі мәдени және этникалық теңдікті ұстауға ықпал етеді. Яғни өзге мемлекеттер тарапынан мәдени экспансияға ұшырау мүмкіндігін азайтып, шет елде де өз отандарында да түрлі этностық топтардың мәдени автономиясын сақтауына және қалыпты дамуына жағдай жасайды. Өзбекстан, Тәжікстан секілді шикізат экспортымен айналысатын мемлекеттер үшін бұл транзит еркіндігі. Ал, бұл одаққа Азірбайжан мен Түркменстан қосылса одақтастар әлемнің шикізат нарығын анықтайтын қуатты геосаяси бірлестікке айналуы ғажап емес. Яғни, бөлек жүріп бәсекелес болғанша ортақ сауда саясатын ұстау арқылы одақтас болудың тиімділігі айқын. Әрине одақ деңгейінде емес бірақ әріптестік деңгейінде мұндай саясатты тиімді жүзеге асыра алған ұйымдардың қатарында Мұнай экспорттаушы мемлекеттер ұйымын (ОПЕК) келтіруге болады. Бұл ұйым көп жылдар бойы әлемнің энергетикалық саясатын айқындады. Бірақ осындай деңгейдегі одаққа айналу үшін аймақтың барлық мемлекеттері амбицияларын ысырып ортақ мүддеге тең дәрежеде қызмет етуге ат салысуы керек.
Сонымен, мақала басында оқырманға қарата қойған сауалға қайта оралайық.
Жауап мынадай: тиімді тең дәрежелі интеграция – өзара тәуелділікке алып келетін, алайда экономиканың толыққанды тыныс алуына жағдай жасайтын біздің заманымыздағы ауадай қажетті құбылыс.

Алдыңғы «
Келесі »