2. Көкейдегі қалың ой

  • 21.02.2014
  • 411 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Иген Әймен, 
жазушы

Мен айттым һақ жүректен нәсятнаме, Құдайым кезіктірсін жүректі ерге. 
АВТОР

«Жалғыздық» па, «жетімдік» 

пе, жоқ әлде?..
…«Өмір» деген не? Жалпы, адам баласының өмірге өкпе артуына һақысы бар ма? Біздіңше, бірінші сұраққа былай деп жауап берген болар едік: «Өмір – Құдай, – Құдайдың бір аты.» Өмірдегі «дұрыс-бұрыстар» – Құдайдың «сыны». Осынымызды хұп көргенге – екінші сұрақтың жауабы да өз-өзінен анық болмай ма.
…«Жалғыздықты» әркез әркім де әрқа­лай-ақ қозғап, жырлап та зарлап өтті. Абай да айтты. Біз пақыр да айналып өтпедік. Әркімдерге жауап бермей-ақ, Атамыз бен Біздерге келсек, онылықтарымыз: «ізденім-таным жолымыздағы негізінен өздерімізге қойған тексеріс-сұрақтарымыз» болар. «Жалғыз – Құдай» екен. Таптық. Қабылдадық. Қабылдағаннан соң, ол мә­селені (анықты, ақиқатты) орынсыз қаузап, омбығып, жұртты да омықтырып жатпадық, – сол, Жалғыз Жаратқанға шүбәсіз құладық.


Біреу-міреулер бергілікті-арғылықты жақтарынан айтып та қалар: «Оу… «Моласындай бақсының – жалғыз қалдым, тап шыным» деушілікті неғыламыз?» деп те. Ондай-мұндайларға жауап қатып әуреленбесек те жарар-ды еді. Ал, жауап қатар болсақ, сұрағына сұрақпен: «Оу… сұрақ қойғыш әулие болмастан бұрын, Атаңыздың жүрегінің тереңіне үңіліп бағуға, жан-дүниесінің қатпарларын ашып-тануға титімдейін де талап-ниет қып көрдіңіз бе? – жазатайым, ол қа­сиетті сөздердің төркіні сіздің өзіңіздің басыңыздың «тұмаулы-тұманын» қалайша сейілтуге боларлығына үшбу-үмітпен арналып-бағышталып тұрмапты да ма екен?» дер едік.
…«Жетімдік» деген саңырауқұлақтай қаулады. Бұған «кім – не» дер? Біздіңше, Құдайдың әрқалай сәбәптарымен жетім­дік жағдайда қалу – ешқандай да айыби кемшілік емес. Ол дегенің – пәнданың басына тағдыр салған ауыр сын. «Құдай сыны». Кемшіліктің, күнәнің көкесі – сол қорғансыздарды қайғы-қасіреттерімен өмір-дария өтінде жеке-жалқы қалдыр­ғандарда (имансыздарда). Олар, қорған­сыздардың – ағайын-туыстары, елі, қоғам, хұкімет…
Қорғансыздың бір кемшілігі болуы мүмкін. Егер де, қоршаған айналасына бейәдептілік көрсетіп жатса, теріс тір­ліктермен шұғылданса…
Жетімдіктің барып тұрған антұрғаны – Жетесіздік – Тексіздік! Жеті анасы, жет­піс жеті атасы барлардың өзі – егер де қандары сұйық, тексіз болса: «Же­тімнің жетімі!» (Тозақ отында шыж­ғырылатындар). Ал, енді, тіптім, дүниеге шыр етіп келісімен-ақ ата-анасыз қал­ғандардың өзі – егер де қандары түгел, таза тұқымнан болса: «Тектінің тек­тісі!» (Құдайдың сүйген құлдары).
Нұрлы Өмірді, Бақытты Отанды, Ұлттың Жарқын Келешегін – Тектілер жасайды, жасап келген, жасай береді. 
Қасиетті Құран Кәрімде: «Қандай да бір жөнсіздіктерді көрсеңіз, кім-кім тарапынан болса да – түзет; түзетуге шамаң келмесе – айт; оған да шамаң жетпей жатса – ішіңнен сол нәрсені барынша жек көр» делінеді. Тектілердің болмыс-бітімі осы. Және де, Құдіреттен айналасындағы тексіз пәндаларға әрдайым араша – ықпал сұрап жүрерлері.
Текті Ақынның – Ақындық Текті­ліктің жөні жойқын! Ол – Құдіреттің өзінен тікелей келген Құдіреттілік. Сондайлығынан да, ондай ақындар – қарапайым, сабырлы, мейірімді боп келер. Адуындылық жасап жатса – орнымен, жөнімен жасар. «Жетім», «Жалғыз», «басқа-басқа» боп бөлініп, құрт-құмырсқаланып жатпайды. Олар­дың бар арманы, басты мақсаты: «Ота­нының бақыттылығы, Әлемнің көр­кемділігі…»
Жеке-бас, бала-шағасын ғана күйт­те­ген, ұлтының бақытсыздығы үстінен бақыттылық көксеген ақын – еш­қан­дай да ақын емес («Атақ‑шатақ» жина­ғандар). «Жетіммін! Жалғызбын!» деп ұдайы жалпақ жалғанға жар сал­ған, іші-бастарына тек ашу-ыза мен кекшілдік толтырып алған, үлкен-кіші демей жан-жақтарына көкбеттене зәр­лерін шашқылаған ақындар – «сайтан айналдырғандар» (Бұлар үйлерінде де «жетімдік-жалғыздықтарын» жырлап-зарлап, өз балаларының да мыйларын жегілеп отырар ма екен-ә?). Ал, сайтан айналдырғандар елінде – бақыттылық ешуақытта болмайды. Міне, қорғансыздық – осы. Сормаңдай ел – сол ел. Әне, жама­ғат: «Жетімдік», «Жалғыздық» деген­деріңіздің түп сорақысы – қасірет­тісі!!!»
  
«Жалғыздық», шынымен-ақ, 
бұл – сенбісің?..
 «Ай-хой, жиырма бес!» деп жырлапты, жырлап жүріпті де өтіпті, бұрынғы-соңғы бейбақтарыңыз. Біз де, кеше‑бүгін айттық-ақ. Ал енді, менің бүгінгі жырым – басқаша. «Жалғыздық» (Түп мәнісі – «Ұлт» – «Қазақ» та емес пе енді…). Негізі, «жал­ғыздық» деген сөз-ұғым, жалпылама – оншалықты дұрыс емес сияқты. Ол турасында да кезінде айттық. Оның қолданылатын орны – жөні болса керек-ті. «Неге жалғызсың? Бір басыңды неге ешқайда сиғыза алмай, сарсылып, сарыуайымға батып жүрсің?» Міне, әуелгі сұрақ осы-ау. Біреулер айтар, «мінезіңді түзе» деп. Жоқ, әңгіме жалғыз мінезде тұрмаса керек‑ті. Сенің халіңнің -жағдайыңның мәндірі одан арырақта жатса жарар-ды. Әбден ойландық емес пе, әрқалай, хал-хадарымызша. Түйгеніміз, – «арырақта» деуіміз, –  мәселенің тікелей Құдайдың өзінде тұрған екендігі-дүр.
Құдай сені тастай қып – «өмір-өзен­ге қарсы жүзер, жалғандық атаулыға мәңгілікке қарсы тұрар» етіп қойса керекті-дүр. Бүгіндері, сөйлесерге – «өз тіліңде сөйлей бастағалы» – тіліңді түсінерге жан да жоқ есебі. Көпшіліктің сенен қалайтыны – өмір-бақи солардың «тілінде» сайрап, әмпайласып, ығын бағып өтсең?.. Бұ күйімізге бірте-бірте келіппіз. Әйтпесе, жастығымызда – ойнадық та күлдік те, әртіс те маймыл да болдық. Есейіп, ес тоқтатқанымызда да – көпшілігіңіздің көңілін аулап бағып, «өтірік өміріңізді» бір кісідейін сүріппіз. Әлде де, оқта-текте дегендей, Құдай өзі кешірсін, адам баласына залалсыз әрқалай… дәмді нәрселеріңізден дәмеміздің барлығын да несіне жасырайық. Әрине, белгілі бір «шеңберде – нормыда» ғана. «Періште» емеспіз ғой…
«Құдай басқадан бөлек қып жаратты» деп баттита алмаймыз. Деген де, «өзгеше екендігіңді –  өзгеше жаратқандығын» да жоққа шығара алмасақ-ты. Әне, гәп осында болса керек-ті. Әке – балаға (кәмелеттен асқан соң), бала – әкеге, шынтуайтында жауапты емес. «Парыздарлық» – ол басқа. Әркімнің де, әрнәрсенің де иесі – бір Құдай (Туған әкеміздің де «жекеленіп – жалғызсырап» өткенін көріппіз-ау; әрине, амалсыздығынан, әйтпесе адамға жаны жақын-тын – иманы салауат, жатқан жері жайлы болғырдың).
«Мен – жексұрынмын ба? – албас­тымын ба? – шынында да ақымақпын ба? Неге, туғаның да басқаң да менен қашқақтайды? Оу, мен, көпшіл-ақ – қы­зықты-ақ емес пе едім?!.» Қазірлері, өзім­мен қатынасып жүрген (турасында, отбасыммен; қай уа­қыт­тарға дейін екен-ә-а?..) жалғыз, құр­дас бауырым бар. Сол, бір жолы, мұндағы уақытша тұрып жатқан пәтерімізге келіншегі екеуі қыдырыстап келгенінде, – «Мәңгілік менің махаббатым» деген Құдай есіркеп бере салған дүниеәуи әңгімемді жазып бітіп, көңілім көл-дарияланып отырған кезім еді, – шабыттанып, жалпы дүние жайлы бірқыдыру әңгімелеп‑пәлсапалап кеттім (Бұрындары, оның алдында ондайлық әңгіме қозғай бермейтінмін). Содан, не керек, «әңгімемде» – тікелей Жаратқан Иеміз хақында, бақыттылық пен бақытсыздықты кімдердің қалай түсінерлері турасында, екі дүние жайында да айтылатынын тәптүштей баяндадым. Ақырында, «дүниемді» өзіне жақсылап тұрып аманаттап тапсырдым. «Оқып, тоқып, ұстанарсың» дедім. Содан, «не шықты?» дейсіз ғой. Ештеңе де шықпады. Ертесіне, әлгі дүниеәуи әңгімемді, – барлық айтқан нәсиатларымды да дей беріңіз, – киім ілгіштің үстіндегі бас киім қоятын жайдан тауып алдым. «Аяқ киім киерде сонда қойып, ұмытқан ғой» дерсіздер. Сонысы солай да шығар, бірақ, «негіз» басқада-ау. Менің соншалықты «беріле баяндаған пәлсапаларымның» оған тіптен де көк тиынға қажеті жоқ екен! Оған қажеттісі (көпшілік ағайынға да) басқа-басқа… (бұ дүниелік нақты да тәтті заттардан) екен. Себебі, сол жәйттен соң, қаншама уақыттар өтіп те кетті. Егер де, ұмытқан болса, ол бауырым айтар – сұрар еді емес пе? – талай кезіктік қой?..
Осы тұста, басымызға тағы да бір түйткілді ой келеді. Ой келуінің мәнісі, әрдәйім санамызда сартылдап тұрарлығы, әңгімелемек ол кісіміз – «өте-өте үлкен-ді жазушы, мемлекет қайраткері, халық қалаулысы, атақ-даңқтарыңыздың (шатақ‑патақтарыңыздың) бәрі-бәрінің иегері» емес пе. Ол кісіні – «әкем» дедім (сырттай); ал, ол кісі мені «кім-не» дерін өзі білер?.. Әңгіме – гәп неде еді? «Әкелі-балалы» ретінде болмаса да, адамилық жолда: «жүздесуде, тілдесуде, қолдасуда», сөйтіп, өзіңді қойшы – бірлесіп, өгейленген еліңіздің еңсесін көтерерлік бірлік-тірлік жасасуда емес пе еді? Өзі де, алғашында, «мүмкіндік туа – бірінші кезекте міндетті түрде жолығысармыз» демеп пе еді, Кентауға жолдаған хатында? Неге ол райынан қайтып қалды? Неге, мың-сан мәрте – хат жолдағаныма, қызмет орнына барғаныма, біреулерден итшілеп жүріп телефонын алып қоңыраулатқаныма: «тасбақаша тарс жабылып, кірпіше жиырылып, ақырында, қасқыр көрген қоянша менен безіп кетті?!.»
Ә-ә, гәп қайда жатыр? Мен – Құдайдың жаратқан мына «мені» – ол кісіге «өте-өте қиын, қисынсыз, қауіпті де» адам екенмін! (Кейіннен, о жақ-бұ жағымды тексерістеп, «ақымақ‑албасты, жынды‑тентек екендігімді» біліп алған болар). «Жолдарымыз» басқа-басқа – «әкелі-балалықтарымыз» алабажақ екен.
Құдайға шүкір, менің, мына жалғанда өзге де – «шынайы әкешім» бар. Ол – Герольд Бельгер. Өткен жылы, кезекті инфаргін алды. «Қазіргі жайымда, мына, қазақтарды – басқаларды да, тіптен, Германиядан келген немістерді де үйіме кіргізбеймін, сөйлеспеймін; ал, бірақ, сені кіргіземін, сенімен сөйлесемін, саған әманда есік ашық қой!» дейді әкешім менің – Герағам. Әне-ки, Әке! Адам! «Жаралы да жүдеу жаныңа жалғыз жалау…» Сол, Герағам-әкем айтады ғой, бір әңгімеміздің үстінде: «Ол әкең – «өте сақ!» адам ғой» деп. Осы сөз-анықтама, – және де екі-үш кісіден естіген, – дөп болса керек-ті. Себебі, алғашында, хат арқылы хабарласқанымызда, ол әкемнің: «жолығамыз» демейін, «жолығысармыз» деуінде сол «сақтығы – стратегиялық артқы әдемі ой-есебі – көсеми көрегендігі» жатса керек-ті-ау. Ой туады ғой: «Ол не қылған сақтық?» деген де. «Хұкіметтен сақтанады ма? – халықтан – менен бе?..»
Ептеп‑септеп халықтың әбден сеніміне кіріп алған, бірақ, есіл-дерті қашанда билік жақтағы «ол әкемнің» – «тастанды баласында» қаншалықты шаруасы бар-ды? Тастанды болғанда да, «теріс – Құдіреттің пәрменімен мәңгілікке қисық жаратылған» баласында?! Әрине, бұ дүниенің «ақылды адамына» о тұрғысында көп ойланып жатудың қажеті де шамалы болар. Ойдан ой өрбиді ғой. Герағам-әкем айтады: «Жүр, Жазушылар Одағына, бір ауыз рекомендация беремін, ұқсайсың да шығасың!» деп. Мен айтамын: «Жоқ… ыңғайсыз болар, онсыз да, менсіз де биліктің соңында сүрлігіп жүрген о ағама артық салмақ салмай-ақ қояйын» деп. Сөйтіп тұрып, тағы да, айтып-қыстырып қаламын ғой: «Қарғыбаудың» маған – еркіндік пендесіне қажеті қаншалықты? Мені Құдай асырап келеді. Қарғыбауын да сылдырмақтарын да басқалар – құмарлар ала берсін, шаруам шамалы» деп те.
Өзіме өзім кез-келген сұрақты қойып, көп ойланамын. Көбінесе, көбісінің шешуін тауып та жатамын. Мені – «мен» сияқтыны Құдіреті күшті «қарғыбау-сылдырмақтарға» емес, «ой‑отқа» жаратқаны да рас болса керек-ау; әлгі әке-үкелерімнен күннен-күнге безілдете алшақтатып бара жатқан да сол Құдіреттің өзі-ау, шамасы… Маған, ешкімнің де ешқандай да аяушылығының соқыр тиынға қажеті жоқ! Мені бір Құдай аяп, өзі есіркесін; бұ дүниедегі ең-ең үлкен қарғыбау-сылдырмақ та, атақ-даңқ та, мен үшін сол – Өзінің Анық Құлы екендігім және де өзімнің һақиқи ниет-тілектерім, ой-пікірлерім, ізденістерім. Осыныма – осылай қып жаратқанына – мақтанамын да масаттанамын да! Ал, бүгінгі әңгіменің түп негізі – «халық» та емес пе еді? Халықтың пысықай да желбуаз бір бөлігінің беттеріне маска киіп алып, сол аңғал да балаң халықты барынша бас пайдасына жаратуында, алдап-арбауында, мақау қылуында емес пе еді? Ешқайда да ешқалай да қашып құтыла алмас, ертеңгі күні тосып тұрған – «Ұлық Сұрауда!» емес пе еді?
«Халық-халық» деп көлегейлегендей көрінбей-ақ, анық атын атасақ, мәселе – «Ұлтта» – тыржалаңаш, қорғансыз, бағыт-бағдарсыз, жаппай талапайланудағы, құрудың о жақ‑бұ жағындағы «қоңыр қазақта» еді ғой. Көсеми аға-үкелеріміз «қазақтан аларын алғандай» (әлі де алып-жеп-жұтып үлгіріп қалар…); ал, енді, олар – сол қазаққа – «не» берді? «Ойбай, бердім, өлдім-талдым!» дер болса, онда, неге – бүгінгі Қазақтың халі мүлдем де тіптен мүшкіл?! Неге – төрткүл дүниенің көз алдында – «казахстанец» деген белгісіз бір халыққа айналып, қиылған күре тамырынан аққан қаны ақабаланып, жойылып‑жұтылып барады? Олар берсе, өліп-талса – осылай болар-ды ма???
Мені – Құдіреті күшті: «Жалған дүниесінде Жалғыздыққа жаратқаны» рас та болса керек-ау. Себебі, мен, мен сияқтылар растықпен Өзіне қайта оралуы – жалғанның құйтырқы қызылына алданбастары үшін. Ал, көсеми әке-үкелерімізге – Алладан оң ықпал тіледік, басқа қолдан келер шара жоқ.
Әумин, Бір Алла өзі қабыл етсін.
 
Тылсым тұлғалар
 …Қоңыр да қыңыр қазақтың: әлем көшінің теңінен осы уақытқа дейін ауып түсіп қалмай, салақтап та болса ілініп-салынып келе жатуы – көптеген Ұлы тұлғаларымыздың «рухтарына» тікелей байланысты. Сондай ұлы тұлғаларымыздың бірегейі – Бауыржан Момышұлы. Көпшілік, Бауыржанды «батыр» деп қана танитындай. Оның ерекше «құбылыс», Құдайдың қазаққа кезекті рет есіркеп арнайы жіберген «елшісі» екендігінен бейхабар. Бауыржан батыр ғана емес, түйсінгенге – тарихшы, пәлсапашы, ақын-жазушы, ой-пайымы айрықша… «тылсым-ды дүние». Есі-басы бүтін, болатын ел сол тылсым дүниенің сыры-қырын ақтаруға, жұмбағын шешуге талпынуы керек еді. Халық – Ұлы-Ұлы тұлғаларымыздың рухтарынан қуаттанып, аяғынан тік тұрып, іргелі елге айналып кетуі керек еді. Қасіретімізге орай олай болмай тұр, болайын деп те тұрмағандай. Алланың жебегеніне, Ұлы тұлғаларымыздың демегеніне жарамадық-ау. Қазақ, «қолда бардың қадірін» мәңгі-бақи білмей өтіп те кете баратын халық сияқты ма?..
Қайран да қайран, Есіл Ерлер! Аталар! Ардақтар! Қайран да қайран, сұраусыз, жауапсыз, сауапсыз – Тылсым-ды Тұлғалар!?.
Жадымызды жаңғыртсақ:
1941 жылы Мәскеу түбінде неміс әс­ке­рінің бетін қайтарып, теңдессіз ерлік пен соғыс тактикасының үлгісін көр­сетіп, аз уақытқа Бауыржан елге келеді. Өз­діктерінше ісініп-кепкен тырашпайлар қаумаласып алады. Мұхтар Әуезов үйіне шақырады. Арақты сілтей беріп қызып қалған Қалибек жәкеміз «боғауыз айтайыншы» деп қайта-қайта қоймайды. «Қойыңыз, келіндер отыр, ұят болады» дейді бірнеше рет Бауыржан. Бірдеңені қырып-жойып тастағандай ырсылдап-гүрсілдеп, Сәбит көкеміз кешігіп кіріп келеді. Сол бетімен тамақты жайпайды. Мына жағынан аузына салған тамағының жартысы екінші жағынан, ол жағынан салғаны бұл жағынан шашырауда… «Господа, менің уақытым бітті, айып етпеңіздер!» деп Бауыржан орнынан көтеріледі. «Неге бүйттің, отыр­мадың ба?» деп дәлізде тызылдай күйгелектенген Мұхтарға: «Кісіні байқап-біліп шақырыс керек!» деп Бауыржан қайрылмастан шығып кетеді (Бұл айтып жатқандарымыз – Баукеңнің күнделігіндегі өз сөздері). Әңгіме неде еді? Баукеңнің «бір ауыз!» сөзінде. Шіркін-ай, неткен «астарлы, ауқымды, алапат» сөз еді! Ұққанға-қаққанға «өмір мен өлім» немесе «жалған дүние мен шын дүние» түбірінен айтылып ескертіліп тұр емес пе?!.     
Жалған дүниеден қайтарының алдында Шәмші қайдағы бір қараусыз аудандық ауруханада (Шәуілдірде) жабығып жатады. Бір есепшіл пысықай көсемпай жолай өтіп бара жатып, «кіріп шыға салайын-дә» дейді ғой. Сөйтіп,  «Шәмші аға, бұ не жатыс?!» дейді кердиіп. «Жүрек ауырып» дейді Шәкең. «Жүрек ауырғаны несі, ол не өзі тәйірі?!» дейді әлгі пысықай есер. «Әй, нақұрыс, жүрек ауруымен – жүрегі барлар ғана ауырады!» дейді Шәкең… 
Әңгіме неде еді? «Бір ауыз!» сөзде. Не деген Ұлық Сөз еді?!. Неткен Ұлы Әруақ еді?!.
1960 жыл. Целиноград. «Целинниктер» сарайы. Жалтыр бас жанкешті Хрущев келіп, Қазақстанның солтүстік бес облысын Ресейге қоспақшы. Бірінші хатшы Қонаев жәкең де протоколға амалсыз қол қойып қойған. Жоғарғы Советтің басшысы Тәшеновқа ғана қарап тұр тірліктің бітуі. «Қолыңды қой да, Москваға барып СССР Жоғарғы Советі Президиумы Пред­седателі Ворошиловтың орнына отыр!» дейді Хрущев ыржиған күйі алақандарын ысқылап. «Мен тақ үшін Елімді, Жерімді, Ұлтымды сатпаймын! Қол қоймаймын!» дейді Жұмабек Тәшенов ер қасқиып тұрып… 
Әңгіме неде еді? «Бір ауыз!» сөзде. Дәл осы бір, қазақтың тағдыры қыл көпірдің үстінде қылтылдап тұрған кезеңде «Менің Қазақстаным» әні де кең даламызды тербетіп, шырқалып, айбарлана асқақтап тұрып еді!.. 
Әңгіме неде еді? «Бір әннің» құдіретінде еді ғой… 
Әруақтарыңыз мәңгілік разы болсын – Бауыржан Момышұлы, Жұмабек Тәшенов, Шәмші Қалдаяқ, Жұмекен Нәжімеден – Ұлы Аталар, Нағыз Ерлер, Ақиық Ардақтар!!! «…» деуге арлымын. 
Бетсіз, жарлымын да…
«Жұртым деуге арлымын, өзге жұрттан ұялып»  ҺӘКІМ АБАЙ АТА  
Осы бір… алапес, қиям-періс күндері­ңізде – жайшылық қылып жүруіңіздің өзі арман болды. Жалған-ғұмыр кешуіңіздің өзі мұңға айналып барады ма. Өзге жұрт, бұрыннан-ақ жинаулы етек-жеңдерін онан сайын қымтай түсіп, дүние жиған не… «қып-қызыл қаруланып» та алды! Ал-л-л?..
Әліге шейін «ішуін» жалғастырып, боғын езгілеп, майрампазданып, әуейі лағып жүрген бірден-бір ұлт – Сіз! Бұл әйдік өне­ріңізден – ішуді үдеткеннен әйелдеріміз әлдеқашан алға ытқып шығып, қара үзіп шырқап та қалды-ау. Әсіресе, бүгіндергі тастанды – өгей ауылыңызда…
«Түрлі-түсті күйеулер көбейді» деп мүләйімсіп те жатамыз. «Заңдыларына» разы да болады – сүйінеді де екенсің. Ал, ешқандай да заң-жобасыз, жосық­сыз – кәдімгідей-ақ жап-жарық бей­күнә көшеде кім-көрінген кезбемен аймаласып-айқаласып, «бес минуттік қолжаулық» боп, «аяқ сүрткіш тряпка» боп, «түкіретін түкіргіш» боп жүрген қыз-келіншек-міс-терімізге?.. 
Осы қанды-іріңді хатты, дәл қазір, дүниеәуи «Арыстанбаб әулиеден» келе салысымен – қу жаны құрғырың жай тапқызбай – жаналқымданып барып жазып отырмын. «Бір Құдайым өзі кешірсін!..» Жазуыма түйткі – жазбасыма еш мүмкіндігімді қалдырмаған да – осы сапарым. Өмірде күтпеген – ойластырмаған жәйттерің жетерлік қой. Сонда да, бірақ… «астапыр Алла!» –  дәл мынандайыңызды!?.
Мезгіліңіз – мамырақан мамыр, оның үстіне – «демалыс» қой. Ығы-жығы – сеңдей сапырылысқан – зияратқа келген кең пейіл, һақ көңіл, алаңсыз халық. Біруақытта… әдетті, қазақы үй­реншікті «таныс тылсым» көзіме «оттай!» басылғаны. Әне жерде… әне жерде… әулие жарықтықтың тұппа-тура төбесінде де!.. Айта беретін, атышулы, аймандай – ахырети қиямет-қайымдай: «көл-көсір көкірек-кеуде, жарқ-жұрқ кіндік-қарын, жалт-жұлт сан-сирақ…» Бәрі-бәрі – «өздеріміз…» Нешеме нысапты мұсылман ұлттар (сып‑сыпайы славян тектесті туристер де) жүр ғой… Демім қай жақтарыма қаңғырып, қан-сөлсізденіп, сол ағайындардың жүздеріне – көздеріне жалтақ жылтырақтарымды ұрлана-жасқана жүздіртіп, қаймыға саламын. Қаншама білдіргілері келме­гендіктерімен, олардың да ұр­­лықы-қулықы жанарларынан – жүз­дерінен, нәлеті атқан: («мұсылман бауыр­ларға» деген­дейлік қаншама қимас­тықта­ры­на қарамастан) «қазақы-қо­ңыр алаң­ғасарға» деген қапысыз жиір­кеніш­тілікті, толағай-топан ашу-ызаны, кекті де анық оқимын!»
«…Осы, бүгіндергі кез‑келген жерде жарқырап‑жайнаған «кіндік-қарын» деген сайтани-сайқалдылығыңыз «беймезгілденген» қазақ сорлының соңғы бір тұяқ серіппесі ме екен-ә?»   деп те түйемін-ау.
Өзіме – нәлет айтып, өзім де жиір­кенішті көрініп кеттім!
Кейінгі уақыттары байқап-сезіп жүрген жан жүдетерлік те, түршіктірерлік те бір сұмдық жағдаятыңыз да осындайда сап­па-сап санаңа жуалдызша сұққыланады екен: Кім-кім де пәндалықпен, басқалай да себептермен жол-сапарлайды ғой. Жол бойғы мұсылман мазарларына қол жайып, әруақтарға «аллау-әкбар» жа­сау – һәрбір мұсылманның парызы. Ал, бірақ, бүгіндері, кө-ө-ө-өп жылдар да көшіп қалды-ау… басқа мұсылман нәмді ағайындар қамыға қаздай тізілген қазақ мазарларының тұстарынан өтіп бара жатқандарында – «қол жаймақ түгілі, селт етпейтін де, түшкірмейтін де» болып алды!? «Қазақтың өткен өлісіне де қазіргі тірісіне де» деп те қабылдай беріңіз. Ия, сен ұнат, ұнатпа – солай болған, солай болып қойған, солай бола да беретіндей ме… Осыны «байқаған, байқайтын, байқайын» деп жүрген – «қай-қай қиырларға жетіп желкесі қиылғанын жобалай қояйын» деп жүрген қалқиған қоңыр бар ма екен өзі-ә, бұл ескілікті де жаңа қазақия-қызықияңызда-а-а-а?!
Ім-м-м… шынында да – мұсылман­шылығында да – «…» деуге арлымын-арлымын-арлымын!!! Бетсізбін! Сөзім де жетпес, қолым да жетпес, таза жарлымын да… «Жалғызбын!!!»
Тағы, тағы, тағы да – Жаратқан Бір Құдайым өзі кешірсін! Есіркесін де абырой берсін. Ықпалын берсін.

Алдыңғы «
Келесі »