ШЫНДЫҚТЫ «КАЗАХСКАЯ ПРАВДА» АЙТСЫН

  • 21.02.2014
  • 612 рет оқылды
  • Пікір жоқ

«Казахская правда» 13 жыл бойы бiр адамның ерiк-жiгерiнiң арқасында шығып тұрған саяси газет. Мұндай феномен қазақ, тiптi, Қазақстан тарихында болған емес. 13 жылғы газет тiгiндiлерi бiр дорбаға сыйып кетедi екен. 175 нөмiр. Бар-жоғы осы. А3 форматты, кейде 4, кейде 8 беттiк. Кейде айына бiр рет, кейде екi рет, кейде екi айда бiр рет… бәрi қаржыға байланысты. 13 жыл бойы қазақтың намысын жыртқан, жоғын тiрнектеп жүрiп түгендеген, жағаласқанның жағасынан алған «Казахская правда» осындай. 13 жыл кейiнгi тарихқа оралып отырмын. «Казахская правданың» авторы Алдан Әйiмбетовтiң өткiр мақалалары әлi де өзектi.
Көз алдыма арықша келген, иықтары қушиған, ат жақты, өткiр көздi, қатты дауыстап сөйлейтiн кiсi келедi. Әйiм­бе­товтi ақсақал дей алмайтынсың. Өйткенi, мен көрген 70-iнде ол 50-дегi сақа жiгiттей қадай-қадай сөйлейтiн, жүрiс-тұрысы ширақ адам болатын. 


Өткенде Елбасы: «Қазақтар осы елдiң иесi ретiнде мемлекеттегi тұрақтылық пен бейбiтшiлiкке жауап бередi» — дедi. Осы идеяны сонау 1994 жылы Алдан Әйiмбетов өз газетiнiң бетiнде айтып кетiптi. 
1993 жылдың қаңтар айында алғашқы нөмiрi жарыққа шыққан «Казахская правданың» соңғы нөмiрi 2006 жылдың тамыз айында шыққан. Осы нөмiрде Алдан Әйiмбетов редакцияның уақытша еңбек демалысына кететiнiн хабарлаған екен. Шындығында, ол көп ұзамай мәңгi демалысқа шықты… Ал, «Казахская правда» Әйiмбетовсiз тағы төрт нөмiр шығарды. Әзiрше, иесi анықталмауына байланысты газет iсi тоқтап тұр.  Алдан Әйiмбетов – өз заманының кемеңгер көсемсөзшiсi. Газеттiң беташар санында ол «Казахская правданы» «ұлтаралық татулықтың насихатшысы» деп таныстырады. Осы бағытты Әйiмбетов соңғы нөмiрге дейiн ұстанып келдi. Тiптi, ол ара-тұра газеттi «Русско-Казахская правда» деген атпен де шығарып отырған. Сонымен, «Казахская правдаға» сөз берелiк.
Газеттен сен мейiрiмдi де ақкөңiл, шыншыл да қарапайым халық – қазақтар туралы шындықты бiлесiң. Сен осы халықтың жерiнде туып-өстiң. Бұған дейiн ашық айтуға тыйым салынған осы халықтың ұлы да қайғылы тарихы туралы хабардар боласың. 
(«Эта газета для тех, кто дорожит меж­на­циональным согласием». №1, 1993 жыл).
Қазақтар мен орыстар – бiр мемле­кет­тiң екi iрi этносы. Олардың өзара қарым-қатынасына, сондай-ақ олардың дәстүрлi, табиғи-тарихи жайтқа айнал­ған өзара келiсiмiн сақтай алуына көп нәрсе байланысты. Бұл дерек, бiздiң ойы­мызша, ұлттық саясаттың негiзi бо­луы керек (Сонда). 
Дүниеге жаңа мемлекет келдi, оның жаңа болатыны – Абылайдың алып мемлекетiнен соң, қазақтар саяси егемендiгiнен айрылып қалған. Десе де, ұлттық мемлекеттiк құрылыс туралы сөз болғанда, барлық «апа-сiңлiлерге» бiр-бiр «сырғадан» үлес­тiре алмайтындығымызды түсiну керек. Ендi, орыстар, украиндар, немiстер, тiптi қазақтардың өздерi де жер бетiнде бiрнеше мемлекеттi құра алмайды ғой («Казахи теперь старший брат?», №2, 1993 жыл). 
Ал, бiзге, бiр-бiрiнiң қанын төккен, ұрлауға мүмкiн нәрсенiң бәрiн ұрлаған, көршiнiң жерiне көз алартқан және т.б. т.с.с. бұрынғы совковтықтарға келсек, бiз әлi ұзақ уақыт «аулада қабаған ит ұстауға» мәжбүрмiз. 
Алысты болжайтын шетелдiктер қазiр­дiң өзiнде Қазақстан халқымен қарым-қатынас жасаудың болашақ құралы ретiнде қазақ тiлiн үйрене бастады. Бельгиядан шыққан фламандықтар, тiптi, тiлдiк ортадан тыс жерде 4-6 айда қазақша ауызекi тiлде түсiнiсетiн халге жетiптi деген деректер бар. Бiздiң кәсiпкерлердiң шетелдiк әрiптестермен олардың тiлiнде не қазақша тiлдескенiн көз алдыңызға елестетiп көрiңiзшi. Тiлдер проблемасын шешуде осыдан артық қандай мықты тетiк болуы мүмкiн? («Сапа» – не собачья кличка», №4. 1993 жыл). 
Қазақтардан (көбiне қазақтардың өздерi) олардың қазақ екенiн естен шығаруды талап еттi. Қазақтарды да соққыға жықты, бiрақ, негiзiнен аштан қырды, жерлерiн тартып алды, тiлiн жойды. Осындай саясат фамилиясы қазақ, өзi орыстiлдi талантты инди­видтердi тудырды. Олжас Сүлей­менов – солардың бiрi. («Олжас Сулейменов предает интересы нации?», №4. 1993 жыл). 
Ендеше, қымбатты қазақстандықтар, сiздер әлеуметтiк, ұлттық-этникалық, әлеуметтiк-психологиялық, мәдени-тарихи т.б. қарама-қайшылықтар титықтатқан мемлекетте қалай «азаматтық қоғам» құрмақсыздар? Жарайды, дауыс берелiк – кiм көп дауыс алса, сол жеңсiн-ақ. Бiрақ, жеңiмпаздар үшiн әдiл болып көрiнген iс басқалар үшiн – нағыз қайғының өзi… Қазақстанда ту боп көтерiлген азаматтық қоғам туралы идея – iбiлiстен, оның үстiне, бұл бiлiмсiздiктiң iсi. (С демократией такой, может подождем?», №5, 1993 жыл). 
Қазақстан басқа бiрде-бiр мемлекетке ұқсамайды, оның Президентi өз жо­лы­мен жүруi керек, мемлекеттi оның ерекшелiктерiн ескере отырып басқаруы керек. Барлық билiк құрылымдарының құрылуы мен iс-әрекетiн түбегейлi (тағы да ма?!) қайта құру қажет. Кәсiби парламент керек. Батысқа немесе Шығысқа көзсiз еру емес, оларға жетудiң ассимиляцияланған жолы керек. Дамыған мемлекеттер мен Қазақстан – әр түрлi салмақтағы елдер. Өтпелi кезеңдегi Қазақстан үшiн қазiр қарабайыр демократия емес, авторитаризмге көбiрек ұқсаса да күштi президенттiк билiк түрi лайықтырақ (Сонда).
Имандай шыным, мен үшiн ең қымбаты – Отанымның тәуелсiздiгi, мен «Казахская правда» сияқты сол үшiн күресте туғанмын. Мен тәуелсiз БАҚ-тардың болуын жақтаймын, сөз бостандығы үшiн өз бостандығымнан айрылуға әзiрмiн, бұл – шыным. Бiрақ, мен БАҚ-тардың тәуелсiз мемлекеттiң заңдары аясында тәуелсiз болғанын жақтаймын… Былапыт сөздердi тудыруда «Караван-Пресс» акционерлiк қоғамының шүпiрлеген «балапандары» бiрiншiлiктi ешкiмге берер емес. «Караван» басылымы, «ФНК-Караван», «ТелеМакс»,  оның кернеген қарнынан тағы қандай балапандардың өрбiп шығатынын бiр Құдайым бiледi. Ал, әзiрге олар, анау үш тауық секiлдi бiрiнiң соңынан бiрi – бiреуi алдында, екiншiсi — одан кейiн, үшiншiсi ең соңында басын шайқап қойып аяқтарын нығыздай басып «плитуарда» адымдап келедi (Только власть может быть выше власти», №6, 1993 жыл).  
Қақтығыс неден туындады және зұлым­ның бет-бейнесi қандай? Оның iзбасар­лары көп. Казак атамандары мен «Лад», «Единство», «Славянский центр» секiлдi бiрлестiктердiң жетекшiлерiнен бастап, делқұлылау ресейлiк министрi Павел Грачевқа дейiн – бәрi қазiргi және болашақ ұлтаралық эксцестердiң тiкелей және жанама айтақшылары… Бунаковтар мен Сидоровтар, Зориндер мен Супрунюктер, Қазақстанның батысы, солтүстiгi мен шығысында тағы қандай бейбiтсүйгiш-сепаратистердiң жүргенiн бiр Құдайым бiлсiн. Олар «Караул!» деп айғайлап, дабыл қағуда: мұнда қазақ мектебi ашы­лып жатыр, көше атауларынан коло­ниализмнiң таңбасын алып тастап жатыр, орыс мәдениетiн жойып жатыр – деп айғайлайды («Потасовка? – Еще не то будет, если…», №6, 1993 жыл). 
Сондықтан, ислам мемлекетiнiң аймақ­тық өзара тәуелдi және экономикалық реттеулi ынтымақтастығын құру бұрынғы КСРО-ның мұсылман мемлекеттерi үшiн ғана емес, барлық әлем үшiн өте маңызды («Казахи и ислам», №6, 1993 жыл). 
Астананың Ақмолаға немесе Орта­лық Қазақстанның басқа қаласына көшiрiлуi, менiңше, халықтардың кiшi қоныс аударуына ықпал етедi. Осы­ның өзi неге тұрады? Бұл идеяға қар­сылардың денi империяның қайта түлеуiн немесе Солженицынның рецептi бойынша қазақ жерiнiң талан-таражға түсуiн көксейтiндер екенi тегiн емес («Если в Сары-Арку переселятся казахи», №5, 1994 жыл). 
Ислам тағы да бейбiтшiлiк дегендi бiлдiредi. Шын бейбiтшiлiктiң кiлтi – Аллаһтың бұйрығын мүлтiксiз орындау. Яғни, Ислам «бейбiтшiлiк» пен «Аллаһқа бағыну» дегендi бiлдiредi. Тек бағыну ғана бейбiтшiлiкке бастайды. Ислам бейбiтшiлiкке барар жолды Аллаһқа, Жаратушымыз бен Иемiзге бағынудан iздейдi («Что за религия ислам?», №1, 1995 жыл). 
Тәуелсiздiгiмiздiң екiншi онжыл­ды­ғында бiз өзiмiздi құтқару үшiн шұғыл шаралар жасамасақ, ұлт ретiнде жойылып кетемiз. Ең әуелi, батыл түрде iс қағаздарын қазақ тiлiнде жүргiзуге көшу керек. Жоғарыдан төменге қарай. Түркiменстан мен Өзбекстандағыдай. Бiрақ, «Батысты барып жаулауға» бұйрық берген емес, «барып, көрiп, жеңiп» келген ғана шын жеңiмпаз болады. Ол бұйрық, яғни, қазақ тiлiне мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн берген «Тiл туралы» Заң осыдан он жыл бұрын қабылданды, бiрақ, «баяғы жартас, сол жартас» («Даешь казахское государство!», №9, 2002 жыл). 
«Казахская правданың» алғашқы саны жарық көре салысымен, газет өз оқырмандарын тапты. Мен Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болдым, ол газеттi жоғары бағалайтынын айтты. «Егемен Қазақстанның» мерейтойында ол былай дедi: «Бұл бiр адамның күшiмен шығатын республикадағы жалғыз газет. «Казахская правда» қа­зақ­тар мен орыстар арасында от тас­та­ғысы келетiндердi батыл да ашық әшкерелейдi» («Как я стал редактором», №1, 2003 жыл, қаңтар).
Қазақстан – саяси тәуелсiз мемлекет. Сондай-ақ, ол көптеген, оның iшiнде алпауыт мемлекеттердiң экономикалық мүдделерi тоғысқан нүкте. Мұндай жағдайда Қазақстанның тұтастығына, тiптi, оның мемлекет түрiнде сақталып қалуына қауiп төндiретiн үлкен соғыс болса, ол дүниежүзiлiк соғысқа айналуы әбден мүмкiн. Ендеше, Қазақстан қорғансыз емес («Нас пугают драконом поднебесным», №6, 2006 жыл). 
Өз мемлекетiнде тұрып қайта ассими­ляцияланған жаңа ұлт қалып­таспайды. Ал, дiнге келсек, екi жағынан от шарпыған қыл көпiрдi ұмытуға болмайды. Ауыл молдасынан оқып қа­жетi жоқ, дегенмен, Құран әрбiр мұсылманның бағдаршамына айналуы керек («Түркiстан» газетiнде жария­ланған Нұрболат Масановтың сұхбатына орай пiкiрi. №8, 2006 жыл). 
Менi, орыс мәдениетi мен орыс интеллектуалдық ортаның ұдайы ық­палында тұлға болып қалыптасқан орыстiлдi қазақты, орыстың патриот­сымақтарының баяғыда бiржолата кетiп қалған империя поезын қайта оралтқысы келетiндерi қатты қынжыл­тады («Хотят создать еще одно государство. В Казахстане. Сеют ненависть к русским». №10, 2006 жыл, мамыр). 
Бүгiнде Қазақстанның орыс диас­порасы алдында екi таңдау жолы бар: Путин президенттiң патриоттық-құт­қару шақыруына дереу үн қатып, iшкi ресейлiк мәселелердi шешуге ат­са­лысу немесе туған мемлекеттей болған Қазақстанда қалу. Мұның екiншi жо­лына түскен жағдайда, белгiлi бiр құрбандықтарға баруға тура келедi. Орыстар бұйрықтың пәрменiмен өмiр сүруге мәжбүр болады: бiр орнында тұрып адымдау және қазақтармен жарысып қазақ мемлекетiн құру. Тағдыр желi оларды қай қиырға апарса да, олар осыны iстедi. Францияда олар – француздарға, Германияда – немiстерге айналды, тiптi, Африкада адамжегiшке айналмаса да, қолтырауынмен қарым-қатынас жасауды үйрендi. …Егер, орыстар қаласа, бiз өткенге қайта оралып, өзiмiздiң тарихи этнонимiмiздi – қазақтар (казаки – Г.О.) деп аталып, ал, мемлекеттi өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағыдай Казакстан деп атаймыз («Можно подумать, что одолжение казахам делают», №15, 2006 жыл, тамыз). 
Гүлбиғаш Омарова, 
«Түркістан» газеті 
2008 жыл

 

Алдыңғы «
Келесі »