Қазіргі қазақ прозасы және Әуезов дәстүрі

  • 21.02.2014
  • 2033 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Гүлзия ПІРӘЛІ, 
әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы

Әдебиеттанушы Қансейіт Әбдезұлының  «Тәкен Әлімқұлов және қазақ прозасы» (Алматы: «Арыс», 2006.-174 бет.), «Тарих және тағдыр» (Алматы. «Қазығұрт», 2004.-208 бет), «Жазушы және заман шындығы» (Алматы: Қазақ университеті, 2003.-185 бет), «Таным көкжиегі» (Алматы: Қазақ университеті, 2007.-270 бет), т.б. зерттеулеріндегі тарихи тұлғалар тағдыры және олардың әдеби шығар­маларындағы көркемдік жинақтау, көркемдік шешім, суреткерлік шеберлік, кәсіби тәжі­рибелердің тарихи тағлымы, т.б сынды әдебиеттану ғылымының категориялары  М.Әуезовтің шығармашылығымен байланыстырыла зерттеледі. Қазақ қаламгерлерінің М.Әуезовтен үлгі алмаған, оны ұстаз тұтпаған, одан тәжірибе жинақтамаған, оның шеберлік мектебінен өтпегендері жоқ десек өтірік айтпаған болар едік. Қазақ көркем прозасының негізін қалап, оның көркемдігі мен эстетикалық құндылығын әлемдік деңгейге жеткізген, үлкен шеберлік мектебі міндетін атқарған ұлы суреткер М.Әуезовтің шығармашылық мұрасы қай кезеңде де өзінің рухани қажеттілігін тудыратын, ұлттық сөз өнерінің байлығы мен әсемдігіне тәнті талай ұрпақты тәрбиелейтін аса құнды рухани қазына. Әсіресе, қолына қалам ұстаған қаламгерлердің ең әуелі М.Әуезовтен нәр алып, сөз түзеулері, оның шеберлік мектебінен өтуі табиғи заңды. 


Әдебиеттанушы, тәкентанушы Қ.Әбдез­ұлының аталған еңбектерінде М.Әуезов шығармашылығы қазақ әдебиеттануындағы дәстүр мен жаңашылдық категориялары арқылы айшықталып, арнайы зерттелуі де осы сипатта жүргізілген. ХХ ғасыр басын­дағы көркем прозаның көшбасшысы саналған М.Әуезов туындылары қазақ көркем сөзінің көкжиегін кеңейтіп, кәсіби деңгейі мен шеберлік өресін өсіруге қосқан үлесін қазіргі ұлт әдебиетінің ұланғайыр табысымен, жеткен жетістігімен бағалауға болады.Көрнекті жазушы Тәкен Әлімқұловтың шығармаларынан бастап, бүгінгі жас толқынға дейінгі проза­шылардың туындыларынан М.Әуезов сти­лінің, тілінің, баяндау тәсілдерінің, сөйлеу машығының мәнерін байқауға ұмтылушылық Қ.Әбдезұлының зерттеулерінің құндылығын арттырмаса кемітпейді. Мәселен, «Дәс­түр сабақтастығы», «М.Әуезов пен Ш. Айт­матов прозасының дәстүрлі арналары және қазақ әдебиеті» («Жазушы және заман шындығы»кітабындағы) және «М.Әуезовтің суреткерлік дәстүрі және «Ақ боз үй» трилогиясындағы замана шындығы» («Таным көкжиегі» жинағындағы), «Заман шындығы және көркемдік шешім» («Әдебиет және өнер» монографиясындағы) атты мақалаларындағы қазақ әдебиетіндегі М.Әуезов дәстүрі мен кейінгі толқын жастардағы жаңашылдық категориялары әдебиеттанудағы тұрақты сабақтастықта қарастырылатын тақырыптар. 
ХХ ғасыр басындағы қазақ көркем прозасының көшбасшылары Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов,Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов,т.б сынды сирек кезде­сетін талантты топтың шығармалары ұлт­тық рухани мұрамыздың алтын қорына қосылғанын айта келіп, әдебиеттанушы ғалым Қ.Әбдезұлы: «Бұл туындылар енді ұлтымыздың мәңгі рухани құндылықтары санатында кейінгі толқын қаламгерлерге суреткерлік шеберліктің, жазушылық талап пен талғамның айнымас өлшеміндей жарқырап тұра беретіндігінде дау жоқ. Ал, енді, осындай құнды көркем туындыларды дүниеге келтірген құнарлы орта, әдеби дәстүр қазақ прозасының 60-80 жылдардағы кезеңіне де өз әсерін тигізді.Әсіресе, тарихи кезеңдер шындығын, айтулы өнер адамдарының өмір-тағдырын арқау еткен прозалық шығармалар оқыр­ман назарына көбірек ілікті», – деп баға береді («Жазушы және заман шындығы» 17 б). Шығармашылық тұлғалар туралы туындылардың көбеюі әдебиеттің көркемдік, танымдық, философиялық, психологиялық тұрғыдан дамып, өресінің өскендігін, күрделі тілдік, стильдік, ерекшеліктерді қажет ететін  құбылыс. Өткен ғасырдың 60 жылдары әдебиетке келген тегеурінді толқынның М.Әуезовтің шекпенінен шыққанын, ал, оның толқындары, яғни ХХ ғасыр басындағы көшбастаушылардың тамыры көне әдеби жәдігерлерден өріс алғаны ақиқат. Міне, осынау ұлы мұраттар жолындағы ұрпақтар сабақтастығын жаңа сипатта талдаған әдебиеттанушы Қ.Әбдезұлы өзінің ғылыми пікірін М.Әуезов дәстүрімен байланысырып, дамытып отырады.
Тәкен Әлімқұловтың шығармашылығын өзінің ғылыми  тақырыбына айналдырып, жүйелі зерттеуді кәсіби ұстанымы еткен ғалым қай зерттеуінде де  қазақ әдебиетіндегі М.Әуезов дәстүрін шеберліктің шыңы дәре­жесінде бағалап, тәнтілік танытып оты­ратыны қуанарлық құбылыс. Әсіресе, күй табиғаты мен күйші тағдырына әуелден әуес болып, шығармашылық тұлғалар туралы тәнтілікпен жазатын талантты суреткер Тәкен Әлімқұловтің өзінің ұстазы әрі әріптес, талай рет сапарлас, серіктес болған сырлас шәкірті ретінде Мұхтар Әуезовтей шығармашылық тұлғалар тағдырын таңдап, сол жолда жанкештілікпен ізденуде де ұлы ұстазымен тағдырлас болғаны белгілі. Әрі десе тағдыры қиын, табиғаты күрделі, ішкі рухани болмысы бөтен, жұмбақ жандар болып келетін киелі өнер иелерінің жан дүниесін ашу, олардың өнердегі өресіне жетіп, зерделеу де зейіні зерек сирек кездесер тума таланттарға ғана бұйырар бақ болса керек. Т.Әлімқұлов та ұстазынан тым ұзап кетпесе де жете ғабыл, өзінше өрнек тоқып, ерекше көзге түскен, бойындағы тума таланты мен табанды талпынысы арқылы әлемдік классикалық әдеби мұралармен мейлінше таныс, өте білімдар, айтары жоқ асқан талантты қаламгер-тін. Сондықтан да, ол ұлы суреткерге көп сапарында серік болу бақытына ие болды, сырлас, шығармашылықта тағдырлас, пікірлес болды. Бұл жөнінде ұзақ жылдар бойы зерттеу жүргізіп келе жатқан әдебиеттанушы ғалым Қ.Әбдезұлы: «Алдымен, Тәкеннің бүкіл туындыларын түгелдей қамтып, қорытып отырып қарасақ, жазушының Мұхтар Әуезов шығармаларының тіліне,композициялық құрылысына, көркемдік амал-тәсіліне, суреткерлік стиліне терең ден қойғаны бірден аңғарылады.Бұл ерекшелік, әрине, өзінен-өзі келе қойған жоқ, жанында дос іні, шәкірт іні ретінде жай жүрген жоқ, іні болып, шәкірт болып үйренумен, оқумен, тоқумен жүрді. Ұлы Мұхаңның шығармаларынан қара танып, сауат ашқан кезден бастап нәр алды, буыны бекіп, оңы мен солын танып, жазушы атанған тұста да Әуезовтен үйренуді, ше­бер­лік шыңдауды бір сәтке де тоқтатқан жоқ», – дейді (20 б).
Тәкентанушы ғалым Т.Әлімқұловтің барлық жазбаларында, әдеби-сын мақала­ларында, атақты «Жұмбақ жан» зерттеуінде де, тіпті, барлық көркем прозасындағы  күйші-кейіпкерлерінің күрделі табиғаты мен шығармашылық зертханаларының тылсым сырларын, құпия қатпарларын, олардың шабытты шақтары мен тоқырау тұсындағы толғағы терең ішкі жан иірімдерін зерттеудегі ізденістерінде де М.Әуезовтің көркемдік дәстүр мектебінің ізі сайрап жатқанын осы саланы терең меңгерген моральдық құ­қығы бар  кәнігі кәсіби маман ретінде анықтап береді.Тіршілік пен творчество да да тығыз бірлікте, ынтымақтастықта еңбек еткен екі шығармашылық тұлғаны, әсіресе, М.Әуезовтің 1961 жылы Оңтүстік сапары ерекше табыстырып, етене таныстырған-ды. Осы сапардың қазыналы олжасы – Әуезовтің Әлімқұловқа еткен әсері, соның нәтижесінде бұрындары арнайы көңіл бөлініп, киелі күй өнері иелерінің тағдыры мен талантының тылсым табиғаты туралы тұңғыш жазылған туындылардың тұсауы кесілуі және қазақ әдебиетінде Тәкендей дара тұлғаның танылуы   еді.
1961 жылы М.Әуезовтің Т.Әлімқұловті ертіп Оңтүстік өңірін, оның ішінде Тә­кен­нің туған жері – Созақ ауданын, оның қара шаңырағында болып, үлкен ана­сының қолынан дәм татуы, т.б. секілді жан тебі­рентерлік сәттердің Патсайым Пәрім­беко­ваның (Тәкеннің қарындасы) естелігінде әсерлі баяндалатынына тоқтала келіп, ғалым Қ.Әбдезұлы: «Тәкеннің шеберлік мектебінің қайнар бастауы ұлы Мұхаңның суреткерлік табиғатымен, қаламгерлік болмысымен сабақтас, тамырлас десек қателеспейміз. Осы әсер-ықпалының бір ғана арнасы Тәкен әңгімелеріндегі табиғат көріністерінің бейнелену ерекшелігінен, осындағы жазушы қолданған көркемдік әдіс-тәсілдерінен анық аңғарылады», – дейді (21 б).
Қос қаламгердің шығармашылық қабілетін қатарластыра қарастырып, олар қолданған әдеби бейнелеу құралдарының көркемдік қызметіне, олардың кейіпкерлердің ішкі иірімдерін зерттеудегі рөліне арнайы тоқталған әдебиеттанушы: «Күйдің, әннің, өлеңнің өмірге келу сыры құпиясы қаламгердің ақиық ақын Махамбет туралы «Қараой», әйгілі қобызшы Ықылас туралы «Қара қобыз» әңгімелерінде, сұңғыла күйші Сейтек туралы «Сейтек сарын» повесінде әсерлі баяндалады», – деп суреткерлік шеберлік сырын, оған әсер еткен М.Әуезовтің көркемдік дәстүр мектебінің тағлымына тәнтілік танытады (23 б).
Мұндай мазмұндағы талдау Қ.Әбдез­ұлының өзге де зерттеулеріне тән. Ай­талық, «Жазушы және заман шындығы» еңбе­гіндегі «Қазақ сөзінің хас шебері» атты мақаласында М.Әуезов пен оның сүйікті шәкірттерінің бірі, көрнекті әде­биет­танушы, теоретик ғалым, ҚР ҰҒА-ның академигі Зейнолла Қабдоловтың шығармашылығы, ұлттық көркем проза саласындағы ұлы суреткердің сара жолы мен дәстүр тағлымы, оны 1960 жылдары қазақ әдебиетіне келген талантты толқынның жарасымды жалғастырып кетуі, профессионалды прозаның интел­лектуалды деңгейін көтеріп, әлемдік дәрежеде танылған рухани әлеуетіміздің әуелден-ақ М.Әуезов арқылы танылып, ажарланғанын айрықша атап өтеді. Өзінің сөз өнеріндегі алғашқы талпынысын көркем прозадан бастаған жазушы-академик З.Қабдоловтың өз ұстазы М.Әуезовтің қаламгерлік шеберлігінен көп тағлым алғанын, оның қайталанбас қолтаңбасын өзінше өрнектеп,жаңаша жаңғыртуға талпынғанын зерттеуші «Жалын» және «Ұшқын» романдарын (кейін қайта өңделіп, «Біз жанбасақ…» деген атпен дило­гия болған )  талдау барысында байыппен талдап, нақты көркем мәтіндерден мысалдар ала отырып, дәлелдейді. М.Әуезов шығармаларынан бастау алған қазақ прозасындағы көркемдік дәстүр мен кәсіби шеберлік мәселелері З.Қабдоловтың үйрену мектебі мен қаламгерлік тәжі­рибе тұрғысынан сабақтастырыла зерде­ленеді. Өзі де шешен сөйлеуге, көркем тілмен сөз кестесін тігіп, терең біліммен толыққан ой оралымдары оқушысына орасан зор ықпал ететін З.Қабдоловтың құнарлы прозасының тамырын Қ.Әбдезұлы  кемеңгер жазушы М.Әуезовтің шығармашылығынан шырамытып тауып алып отырады.Әйтсе де З.Қабдоловтың ұлттық сөз өнерінде өзіндік өрнегі, орны бар қаламгер болып қалыптасқанына былайша баға береді: «Екіншіден, кейінірек өз туындыларында Әуезов салған, Әуезов қалдырған қайталанбас көркемдік дәстүрлерді қайта жаңғыртты. Өзіндік қолтаңбамен жаңаша қайта­лады, суреткерлік, қаламгерлік тәжірибесінде пайдаланды.Әдебиеттегі Әуезов дәстү­ріне арқа сүйеген қаламгер өзі де қосқыртыс, қатпарлы, терең де тартымды көркем шығармаларды жазуға осылайша әдебиетте Әуезов салған суреткерлік дәстүрдің арқасында қол жеткізді», – дейді (34 б). Ұлы ұстазының ұлағатты тағлымына ғұмыр бойы тағзым етіп өткен Ш.Айтматовтың: «…кезінде орыс әдебиетінің дамуына, өркендеуіне, құнарлануына Пушкин қалай әсер етсе, күллі Орта Азия әдебиетінің дамуына да М.Әуезовтің әсері сондай», – деп бағалағаны белгілі.Екі елмен, екі әріптес, ұстаз бен шәкірт арасындағы жарасымды жолдастық қатынас әдебиетіміздің тақырыптық, идеялық, көркемдік, стиль­дік,т.б тарапынан да өзара өсіп, өркендеуіне қосқан үлесі жайлы да зерттеуші біршама барлау жасайды. М.Әуезовтің тарихи тақырып пен жеке шығармашылық тұлға тағдыры туралы толғағы тоқсан, тәсілі тың туындыларының қазақ және туысқан елдердегі тарихи романдардың қарыштап өсуіне өзек болса, өзінің өзгеше өрнегімен, бұрындары әдебиет әлемінде әңгіме бол­май­тын бөтен, бұзықтау (мысалы «Жә­ми­ласы») бедерімен таптаурын болған тақы­рыптарды тас жарғандай бұза-жарып келген Ш.Айтматовтың да қазақ прозасына да соншалықты әсет еткені аян.
Әдебиеттанушы Қ.Әбдезұлы М.Әуе­зов – Ш.Айтматов – Т.Әлімқұлов шығар­­машылықтарындағы байланысты, олардың арасындағы үйрену, тәжірибе алмасу, шеберлік шыңдау,т.б сияқты қаламгерлер арасындағы уақыт пен кеңістікті керек етпейтін  әдеби үрдістің үнемі үзіліссіз жүріп жататынын мәң­гілік мәселе екендігіне мән береді (59-61 бб). Осы жинақтағы «Жазушы және заман шындығы» деген мақалада да осы мәселелер жалғасын тауып, М.Әуезовтің «Өскен өркен» романына деректер жинау, кеңестік кезеңнің жиынтық бейнесі бола алатын кейіпкерлерінің тыныс-тіршілігін зерттеу мақсатындағы тәжірибелері, оның кейінгі толқынға, Т.Әлімқұловқа әсері арнайы әңгімеленеді. Ол жөнінде ғалым: «Бүгінгі заман шындығына қалам тарту үшін жазушы қандай деңгейден табылу керектігін Әуезов тәжірибесі, Әуезов дәстүрі айқын көрсетті.Осы дәстүрге табан тіреген Т.Әлімқұлов та кеңес дәуі­рінің шындығын арқау еткен туындыларында адам мен қоғам, адам мен орта қатынасын әрдайым басты назарда ұстайды.Әрқилы тағдыр иелері өздерінің арман-мұңымен,қасірет-қайғысымен, қуаныш-ренішімен бой көрсетіп жатады», – дейді (116 б). Осы мақалада талданатын Т.Әлімқұловтың «Қақпақыл» атты повесіндегі мал шаруашылығындағы қиыншылықтар, жергілікті әкімдердің қырсыздығынан шығынға ұшырауы, екі ортада тәлкекке түскен шопандар тағ­дыры, т.б. кеңестік кезеңдегі келеңсіз кө­рі­ністер М.Әуезовтің «Өскен өркендегі» өмір шындығының көркемдік шешім табудағы тәжірибесімен тығыз бірлікте қа­рас­тырылады.
Қ.Әбдезұлының «Сыншы сарабы» деген мақаласында сыншы Сайлаубек Жұма­бековтің («Сын пернесі» 1990 жылы «Жазушы») шығармашылығын талдай келе, бүгінгі мұхтартану мәселесіне орынды тоқталады: «Әрбір әдебиетте үнемі қадағалап, қайта-қайта оралып отыруды қажет ете­тін кіндік мәселелер болады.Қазақ әдебие­тіндегі сондай іргелі мәселенің бірі – Әуезов дәстүрі, Әуезов мұрасы.Бұл жалпы қазіргі әдебиеттану ғылымында, әсіресе, соңғы жылдар аз жазылып, аз айтылып жүрген жоқ» (166 б). Қазақ прозасындағы М.Әуезов дәстүрі, бүгінгі мұхтартанудың зерттелуі, т.б. мәселелері Қ.Әбдезұлының қай еңбегінде болса да міндетті түрде сөз болатын, үнемі өзі назарда ұстайтын сүйікті тақырыбының бірі болса керек. Айталық, М.Әуезов дәстүрі ғалымның «Әдебиет және өнер» (Алматы: Қазақ университеті, 2002.-300 б) атты оқу құралындағы «Заман шындығы және көркемдік шешім» (220 бет), «Таным көкжиегі» (Алматы: Қазақ университеті, 2007.-270 б) еңбегіндегі «М.Әуезовтің суреткерлік дәстүрі және «Ақбоз үй» трилогиясындағы замана шын­дығы» деген мақалаларында да әңгіме бо­лады. Мәселен, соңғы мақаласында: «Әсіресе, М.Әуезов көбірек иек артқан психологиялық талдау әдісі кейінгі қазақ қаламгерлерінің шығармашылығында дәстүрлік үлгі ретінде өз жалғасын тапты», – дей келе осы дәстүрді әдемі жалғас­тырып жүрген жазушының бірі Смағұл Елубаевтың «Ақбоз үй» трилогиясындағы замана шындығын бейнелеудегі  ізденістері мен кәсіби тәжірибесін М.Әуезовтің «Қилы заман» және «Қараш-Қараш оқиғасы» атты шығармаларымен байланыстыра талдайды.  
Әдебиеттанушы ғалым Қансейіт Әбдез­ұлының қазіргі қазақ прозасы және Әуезов дәстүрі, бүгінгі мұхтартану мәселелері жөнін­дегі ғылыми пікірлері тәуелсіздік тұ­сын­дағы әдебиеттану ғылымында әлі де терең­дей зерттеуді талап ететін тақырып екендігін еске салады.

 

Алдыңғы «
Келесі »