Тәуелсіз Қазақстанның жеті қазынасы

  • 06.01.2014
  • 631 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың
Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзі

Қымбатты отандастар!
Құрметті қазақстандықтар!
Барша арманымыздың асқары, бақыты­мыздың бастауы болған ұлық мереке – Тәуел­сіздік күні құтты болсын!
22 жыл бұрын біз Мәңгілік Ел болудың бірегей қадамын жа­садық. Дүйім дүниеге тәуел­сіздігімізді жария еттік.
Бұл – ата-бабаларымыздың арманы ақи­қатқа айналып, азаттыққа қолымыз жеткен аса қасиетті күн.
Бұл – ұрпақтарымыз ұлы елдің ұланы, азат елдің ақиығы атануына жол ашылған қастерлі күн.
Бұл – тілімізді жаңғыртып, дінімізді қайтарған, тарихымызды түгендеп, тағдыры­мызды таңдаған ұлы күн.
Тәуелсіздік – тәуекелі жет­кен­дердің ғана пешенесіне бұйы­­ратын бақыт. Бүгін Мәңгілік Еліміз­дің жаңа ғасырдағы жаңғыру жолы – «Қазақстан-2050» Стратегиясы дүниеге келген күн.

Құрметті қазақстандықтар!
1991 жылдың 16 желтоқ­са­нында әлем ұлттары шоқжұл­ды­зында жаңа жұлдыз – Қа­зақстан Республикасы жанды. Осы күні біз өзіміздің Қазақстан Жолын бастадық. Біз ұлы миссияны жүзеге асырдық – Тәуел­сіздіктің көш бастаушылары болдық. Уақыт – зымыран. Тәуелсіз Қазақстан дүниеге келген сәттегінің бәрі бүгін Мәңгілікке алыс­тап бара жатқан Тарих. Сол кездегі уақыт туралы біз қазіргі ұлы жетістіктерді салыс­тырып пікір айтамыз. Жиырма екі жыл бұрын біз тек экономикамызды көтере аламыз ба деп армандаған едік. Ал, осы жылы Қазақстан әлемдегі бәсекеге аса қабілетті елуліктің қатарына енді.
Тәуелсіздіктің таңсәрісінде біз ешқандай да әлемдік рейтингке енбейтінбіз. Біздің халықаралық рейтингіміз іс жүзінде нөлге тең еді. 2006 жылы мен дамыған елдердің «елулігіне» ену міндетін қойған кезде елімізде және шетелдерде талай адам бұл қадамға күдік-күмәнмен қарады. Бірақ ақиқат ақиқат күйінде қала береді: біз бұл міндетті бар-жоғы жеті жыл ішінде шештік!
Тәуелсіздіктің алғашқы таңы атқанда бізде өзіміздің жас валютамызды қолдау үшін өз қаржымыз тіпті атымен жоқ болатын. Биыл біз Қазақстан теңгесінің 20 жылдық мерейтойын атап өттік. Тұрақты қаржы жүйесі табысты жұмыс істеп тұр. Елдің жиынтық халықаралық резерві өсу үстінде. Жақын арада олардың көлемі 100 миллиард доллардан асып, тарихи рекордқа жететін болады.
Осы жылдар ішінде біз тиімді өңірлік сая­сатты жолға қойып, барлық облыстардың өсу қарқынын теңдестірдік. Осы жылы алғаш рет жергілікті әкімдер сайлауы өтті. 7 мыңнан астам кандидат қатысқан сайлау­ларда мәслихаттар екі жарым мыңға жуық аудандық маңыздағы қалалар, ауылдық округтер, кенттер мен селолар әкімдерін сайлады. Бұл – еліміздегі әкімдердің жалпы санының 91%-ы.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінде сол кезде шеті де шегі де жоқ болып көрінген аса ауыр әлеуметтік проблемаларды біздің қашан және қалай шеше алатынымызды көп адамның көзіне елестетуінің өзі қиын еді. Бүгінде Қазақстанда халықтың әл-ауқатының сапасы артып келеді, адамдардың табыстары да ондаған есе өсті. Қарапайым цифрға назар салайық. 2000 мен 2013 жылдар аралығында қазақстандықтар бүкіл әлем бойынша шамамен 61 миллион рет шетелдік іскерлік және туристік сапарларға шыққан. Осы жылдар ішінде біздің елімізге шамамен 46 миллион шетелдік мейман келген. Бұл, бәрінен бұрын, біздің азаматтарымыздың арта түскен игілігі мен біздің Отанымызға жаһандық қызығушылықты көрсетеді.
Бүгінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша қазақстандықтар әлемнің 33 елін­дегі үздік жоғары оқу орындарында оқиды. Болашақтықтар қазірдің өзінде 10 мың адамнан асып отыр. Экономикалық ын­тымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) деректері бойынша, 2012 жылы 65 мың қазақстандық түрлі әлемдік уни­верситеттерде білім алды. Бұлар – болашақтықтардан басқа оқуының құ­нын ата-аналары төлеген ондаған мың жас қазақстандықтар. Осының барлығына қа­зақстандықтардың әл-ауқаты мен мүм­кін­дігінің артуының арқасында қол жетті.
Әлемдік экономика үшін дағдарысты болған соңғы 4 жылда біз мұғалімдердің орташа айлық жалақысын 2 есеге жуық көтердік. Бізде 22 жылда нағыз автомобильдік революция жүзеге асты. Егер 1992 жылы жеке иеліктегі жеңіл автомобильдер 885 мың болса, 2013 жылы олардың саны 3 миллион 600 мыңды құрады. Бұл – өсім 4 еседен астам деген сөз.
Жиырма екі жыл бұрын Қазақстанға демографиялық құлдырау болжанған еді. Бірақ бұл болжам, басқа да көптеген сұрқайлықтар секілді, ақталған жоқ. Тәуелсіздік жылдарында біздің елде 6 миллион 736 мың сәби өмірге келді! Біздің дәрігерлер дайындауға және тұтастай алғанда, денсаулық сақтау саласына ерекше назар аударып отырғанымыздың арқасында тек биылғы жылдың 9 айында Қазақстанда жүрекке 40 мың түрлі операциялар жасалды. Олардың шамамен 10 мыңы ашық жүрекке жасалды! Осының барлығы тегін жасалады, демек, мемлекеттің ақшасына деген сөз! Бұндай жағдай әлем елдерінде жоқ! Осы жылдарда «Болашақ» бойынша 560 білікті дәрігер дайындалды. Және олардың әрқайсысы адамдарды емдеп, жас мамандарға ақыл-кеңестерін айтады, тағылымдамадан өткізеді. Осының барлығы – денсаулық сақтауды дамыту, ана мен балаға, қарт адамдарға қамқорлық жасау жөніндегі жиырма жылғы жоспардың нақты нәтижесі. Ең басты нәтиже – орташа өмір сүру жасы өсіп, өлім азаюда, ел халқының саны артуда. Бұл – біз мақтана алатын негізгі және басты көрсеткіш.
Жиырма екі жыл бұрын біз дамудың дұрыс векторын таңдадық. Ұлы Ел жобамызды біз «Қазақстан-2030» Стра­тегиясында негіздедік және оны мерзімінен бұрын, бір жарым онжылдықта жүзеге асырдық. Тәуел­сіз­дік бізге болашаққа батыл қарауға, алдағы перспективаларды айқын көруге мүмкіндік берді. Осы ұлы сыйды біз қазір «Қазақстан-2050» Стратегиясының тарихи міндеттерін шеше отырып, толығымен пайдаланудамыз. 37 жылдан соң аяқ басатын 2050 жылғы перс­пектива қазір алыс сияқты көрінеді, бірақ бұл – қысқа ғана уақыт аралығы. Біз көптеген қиындықтарды еңсере білдік және уақыт әркез біздің одақтасымыз болды. Әрқашан осылай болатынына сенімдімін.

Қымбатты отандастар!
Халқымыз үшін қашанда жеті санының орны бөлек. Жеті ырыс, жеті қабат көк, жеті қазына: айта берсек жеті санына байланысты қасиетті ұғымдар өте көп. Еліміздің жаңа ғасырдағы басты бағдары – «Қазақстан-2050» Стратегиясы да жеті басымдықтан тұрады. Тәуелсіздіктің тартуы ретінде халқымыз құн жетпес Жеті қазынаға ие болды.
 Бірінші қазынамыз: Алтай мен Аты­раудың, Арқа мен Алатаудың арасын ен жайлап, еркін көсілген Мәңгілік Еліміз. Біз шекарамызды шегендеп, іргемізді бекіттік, көршімен тату, алыс­пен сыйлас, ісі ілгері басқан жасампаз Ел болдық. Біздің мұратымыз – Мәңгілік Еліміздің асқақ болмысын аялап, 21-ші ғасырдың төріне оздыру.
Басты игілігіміз – біздің қасиетті де лайықты еліміз – Мәңгілік Ел. Он төрт мың ки­ло­метрден астам талас тудырмайтын шекара­мыз біздің Отанымызды біртұтас монолитке шегендеді. Шека­рамыз барлық шектес елдермен ізгі көр­шілестіктің шебіне айналды.
Екінші қазынамыз: Ел бірлігі. Біз туған елімізді бейбітшіліктің бесігіне айналдыра білдік. Тыныштық арқылы тұрақтылық, татулық арқылы тұтастық төрімізге озды. Барша этностар ел иесі – қазақ ұлтының маңына ұйысты. Тегі бөлек болғанмен тілегі бір, қаны бөлек болғанмен жаны бір тұтас халық құралды. Бірлік, береке – біздің баға жетпес байлығымыз, құн жетпес қазынамыз. Тұғырымыз – тыныштық, тірегіміз – тұрақтылық, тілегіміз – татулық болса еліміз тарих төрінен табылады.
Тәуелсіздік халықты Ассамблеяның – бейбітшілік пен келісімді сақтаушының біртұтас шаңырағының астында тұтас­тыра түсті. Біздің рухани бірлігіміз – зайыр­лы мемлекет пен қоғамның басты іргетасы.
Үшінші қазынамыз: тәуелсіздікпен бірге түлеген төл мәдениетіміз бен туған тіліміз.
Азаттықпен бірге ұлттық рухымыз асқақтады, мәдениетіміз мәңгілік құнды­лыққа айналды. Ата дініміз оралып, ана тіліміз тұғырына қонды. Қазақ тілі еліміздің мемлекеттік тілі ғана емес, түркі әлемінің жетекші тілдерінің біріне айналып келеді. Аймақтарға сапарларымның бірінде Ассам­блеяның қазақша еркін сөйлейтін бір өкілі: «Мен мемлекеттік тілді меңгерумен бірге, 25-тен астам түркітілдес халықтың мәдениетіне есік аштым», деген еді.
Қазір қазақ тілі көрші елдерден өзге Әзербайжан мен Армения, Бе­ларусь, Польша, Мажарстан, Оңтүстік Корея, Германия, Ұлыбритания, АҚШ мемлекеттерінің белді оқу орындарында оқытылады. Бұл мемлекеттердің қатары жыл өткен сайын толығуда. Әйгілі Кембридж университетінде қазақ тілі, тарихы мен мәдениеті туралы арнайы пән бар. Осының барлығы қазақ тілін өзіміздің құрметтей бастағанымызды және оған қажеттілік күн санап арта түскенін көрсетеді. Мемлекеттің саясаты қазақ тілінің мәртебесін нығайтып, оның қолдану аясын кеңейтуде. Ол отандық ақпарат құралдарының, мемлекеттік қызметтің, интернеттің, ғылым мен білімнің тіліне айналды. Оқушылар мен студенттердің басым көпшілігі қазақ тілінде білім алуда. Қазір барша қазақстандықтардың 70 %-ы мемлекеттік тілді меңгерген.
Тәуелсіздіктің арқасында ұлттық мәде­ние­тіміз қайта жаңғырды. «Мәдени мұ­ра» бағдарламасын жүзеге асырып, кетке­німіз­ді келтірдік, кемтігімізді тол­тыр­дық. Көмбелерімізді аршып, тарихымызды түгендедік. Қазақтың асқақ өнері мен бай мәдени мұрасы әлем халқының рухани байлығына қосылды.
Төртінші қазынамыз: индустрия­лық-инновациялық экономика. Индус­триялық бағдарлама – біздің эконо­микамыздың болашағы.
Бүгінде біздің жеріміздің байлығы бүкіл халықтың игілігінде және соған қызмет етеді, халықтық әл-ауқатының тұрақты ар­туы­на жағдай туғызады. Халықаралық сарап­шылардың бағалауы бойынша, осы жылы Қазақстан минерал­дық ресурстарды басқару жөніндегі әлемдік рейтингте 19-шы орын алды. Біз жаһандық дағдарыстардың тағылымын жақсы меңгердік. ХХІ ғасырда бар­лық табысты ұлттардың жолын индус­триялық әлеует пен инновациялар айқын­дайды. Сондықтан индустриялық-ин­новациялық дамудың жоғары нәти­жесі – Тәуелсіз Қазақ­станның эко­но­микалық бекемдігінің басты мәселесі. Индустрияландырудың алғашқы «бес­жылдығын» жүзеге асыра отырып, біз 200 мыңнан астам жұмыс орны құрылған 700 мүлдем жаңа кәсіпорын салдық. Оған біз 2 триллион 100 миллиард теңге жұмсадық, бірақ бұл кәсіпорындар тек биылғы жылдың өзінде 2 триллион 300 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Осылайша, салынған қаржы қазірдің өзінде өзін өзі ақтап жатыр.
Бесінші қазынамыз: Ұлттық байлы­ғымыздың, әл-ауқатымыз бен әлеуетіміздің түп негізі – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы.
Қазақстан мен қазақстандықтардың қолындағы қазіргі барша қазынаға біз тер төге еңбек етудің арқасында жеттік. Еңбек әр адамды мейірбан, ал елді ұлы етеді. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы – Тәуелсіздікті нығайту жолындағы күрделі жұмыс барысында туған біздің қазақстандық идеямыз.
Алтыншы қазынамыз: еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің бойтұмары, әсем қаламыз – Астана.
Бүгінде Астана – мемлекет қуатының архитектурадағы бейнесі. Оның жаңа орамдарында, алаңдарында, саябақтары мен сәулеткерлік інжу-маржандарында біздің Тәуелсіздігіміздің Ұлы Тарихы айнадағыдай көрінеді. Сондықтан Астанаға деген сүйіспеншілік – әрбір қазақстандықтың біздің ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасына перзенттік сезімі. Бұл Жаңа қазақстандық пат­риотизм­нің алтын арқауы.
Жетінші қазынамыз: Қазақ елінің абыройын асқақтатып, бүкіл әлемді мойындатқан жаһандық жауапкершілігі мен барша адамзаттық бастамалары.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап біздің еліміз өзін әлемге жауап­кершілікке берік егемен держава ретінде танытты. Әлемдік қоғамдастық біздің жаһандық ядролық қауіпсіздікті, мәдениеттер мен діндердің үнқатысуын нығайту туралы бастамаларымызды жо­ғары бағалайды. Үстіміздегі жылы Қазақстан Иранның ядролық бағдар­ламасына қатысты келіссөздер үдерісін­дегі серпінділікке қол жеткізуге өзінің үлесін қосты. Алматыда өткен көпжақты келіссөздердің екі раунды көп жағдайда сенімсіздіктің сеңін бұзса, ол Женевадағы уағдаластықтарға алып келді. Астана ЭКСПО-2017 Бүкіләлемдік көрмесін өткізуге дайындық жүргізуде. Осының барлығы біздің Тәуелсіздігіміздің баға жеткізгісіз табысы, оның нақты жемістері мен перспективалары.
Жылға бергісіз күндер, ғасырға бергісіз жылдар болады. Біз үшін өткен 22 жыл дәл осындай кезең. Біз үйренетін ұлттан үйрететін ұлтқа, жығуға емес, жығылмауға ұмтылатын елге айналдық. Ертеңгі ұрпақ бізге бүгінгі ісімізге қарап баға береді. Осы Жеті Қазынамызды дәріптеп, дамыта білсек, ұрпақ алдында жүзіміз жарқын, мерейіміз үстем болады.
Біз «Қазақстан-2050» Стратегиясының ұлы мақсаттарына ұмтылдық. Әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылуға қадам бастық. Оған бізді адастырмай апаратын жалғыз жарық жұлдызымыз – Темірқазығымыз бар. Ол – тәубе дегізетін, тәу ететін біздің ұлы Тәуелсіздігіміз. Тәуелсіздік – жасампаз халқымызға сарқылмас қуат беретін, көзіне нұр, көңіліне шуақ құятын кәусар бұлағымыз. Біз кемеңгерлігі мен көрегендігі, бірлігі мен бірегей мақсаткерлігі қатар өрілген Мәңгілік Елімізді мақтан тұтамыз. Тәуелсіздіктің туын тігу бақыты мен оны баянды етіп, нығайту міндеті біздің маңдайымызға жазылды.
Біз Мәңгілік Елдің іргетасын қала­дық. Мәңгілік Елдің жүрегіне ай­налған мәңгілік Астанамызды тұр­ғыз­дық. Мәңгілік мызғымас экономика қалыптастырып, Мәңгілік өш­пес жылнама жаздық. Мәңгілік бо­лашаққа жол салдық. Осының бар­лығы тәуелсіздігіміздің тартуы, азат­тығымыздың асыл қазынасы.
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын!
Мәңгілік Еліміздің келбеті сәнді, еңбегі мәнді болсын!
Күллі халқымызға берекелі бірлік пен баянды тірлік тілеймін!

Алдыңғы «
Келесі »