ДАНҚ ИЕГЕРІ

  • 28.11.2011
  • 445 рет оқылды
  • Пікір жоқ

 

Досмұхамед Кішібеков,

академик,                                  

Тимур Кішібеков,

доцент

 «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», – дейді дана халқымыз. Еңбек ету әркімнің дені сау болса, өмір сүру тәсілі және негізі. Саналы адам (һomosapіens) еңбек нәтижесі дейді ғылым. Әрине, еңбектің түрі көп. Жалпы алып қарағанда, ол дене еңбегі және ой еңбегі болып екіге бөлінеді. Еңбектің жақсы, не жаманы болмайды. Бірақ, оны түсіне білу керек. Еңбекке үйренбеген, дағдыланбаған адамға бәрі ауыр көрінеді: ауланы сыпыру да, кітап оқу да, яғни ауыр жұмыс та, жеңіл жұмыс та. Қашанда атқарылған жұмыс нәтижелі болса адам ондай істен ләззат алған. Ал енді сол еңбекті әр істің мәнісін біліп, сана елегінен өткізіп, оның кілтін тауып атқаруды творчествалық, яғни үйреншікті бір қалыпты емес, жаңаша тартымды әдіс қолдану дейміз.

Мәселен, ғалымдар көп, Қаныш Сәтбаев біреу, жазушылар көп, Мұхтар Әуезов біреу, ақындар көп – Жамбыл Жабаев – біреу. Тағы сол сияқты болып кете береді. Неге олай? Өйткені, әлгілер алдына үлкен мақсат қойған және өз еңбегінің құнды нәтижесін көрген, өз саласының шамшырақтары болған, атқарған ісі мен жаңаша із қалдырған, қоғам дамуына үлес қосқан қайраткерлер.

Сондай, ел аузына құрметпен ілінген қоғам кайраткері –  Ыбырай Жақаев. Қатардағы қарапайым ел азаматынан ол күріш егіп, оны күтіп, баптау арқылы ұдайы өте жоғары нәтижеге жеткені үшін – үлкен даңқ иегері болды, дала академигі атанды, және оған еліктеген шәкірттер шықты. Жақаевшылар мектебі дүниеге келді, «Социалистік еңбек ері» деген ең жоғарғы мәртебелі атақты екі рет алды. Сонда ол кісінің ерекшелігі неде еді? Еңбек қиындығынан мойымай оған беріліп, барлық Шығыс елінің күріш егудегі жаңа технологиясын Ким Ман Самнан пайымдап, оны жергілікті жағдайға сай дамытып, іске асыру арқылы қолы жеткен биік нәтижеден өзіне зор ғанибет тапқаны. Ол кісі еңбекті өзін көрсету үшін, мақтасын деп атқарған жоқ. Оның оған қажеті де болмады. Өйткені Ыбырай Жақаев – еңбек адамы. Өзінің өмір сүру мақсаты мен мәнісін атқарған күнделікті ісінен анық байқады. Бос сөздіктен, басқадан өзін жоғары санаудан, пендешілік, күні үшін қолданатын мардымсыз   айлакерліктен аулақ болды, адамгершілік қасиетін сомдап ұстай білді. Сол үшін халық оны басына көтерді, елге үлгі етті. Ыбырай Жақ­аев даңққа жетемін деп ұмтылған жан емес. Оған ол өзі-ақ келді. Бұл өмір логикасы. Ыбырай Жақаев бүкіл Республика мақтанышы болды. Халық санасында солай болып сақтала береді.

Алдыңғы «
Келесі »