Ресейдегі орыс ұлтының мүддесін Путиннің өзі қорғауда…

  • 06.01.2014
  • 757 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Жарас Сейітнұр,
саясаттанушы
Биылғы жылдың қыркүйек айында көрші мемлекет Ресейдің Новгород облысында «Валдай» атты халықаралық пікірсайыс клубының он жылдығына арналған мерейтойлық мәжіліс болып өтті. Бұл клубтың осылай аталуы Великий Новгород қаласының жанындағы Валдай көлімен тікелей байланысты. Ресей тарихшыларының пікірінше, нақ осы жерде Ресей мем­лекеттілігінің негізі қаланған екен. Клуб 2004 жыл­дың қыркүйегінде «РИА Новости» агент­тігі, сыртқы және қорғаныс саясаты жөніндегі Ке­ңес («СВОП»), «The Mos­cow Times» газеті, «Россия в глобальной политике» және «Russia Profile» журналдарының бастамашылдығымен құрылды. Бүгін­де ол ресейлік және халықаралық ин­теллектуалдық және саяси элитаның бас қосатын ерекше бір пікірсайыс алаңына айналып отыр.
Клуб мәртебесінің жоғары болуының бір себебі, оған әр жыл сайын Ресей Пре­зидентінің өзі дәстүрлі түрде қаты­сады. Үстіміздегі жылдың 16-19 қыркүйек ара­лығында өткен мерейтойлық мәжіліске де Ресей Президенті Владимир Путин қатысып сөз сөйледі. «Қазіргі әлем үшін Ре­сейдің әр алуандығы» тақырыбы аясында өткен пікірталас барысындағы Пу­тин­нің сөзі тыңдаушыларға күшті әсер етті. Кейбір шетелдік саясаттанушылар Путиннің бұл сөзін тіпті тарихта қалады деп бағалауда. Сонымен, клуб мәжілісінде Ресей Президенті не айтты?


В.Путин өз сөзінде, бұрыңдары тал­қы­­ланатын аясы тар тақырыптар шең­берінен шығып мемлекет пен ұлтқа қа­тысты іргелі мәселелерді қозғады. Ре­сейдің ХХІ ғасырдағы болашақ стратегиясы, ел дамуындағы негізгі ұстанар құндылықтар қандай болу керектігі, ашық әрі өткір түрде ұлттық сәйкестілік проблемасы сөз болды. Жаһандану үрдісі ресейлік сәйкестілікке қалай әсер етеді? Өзгермелі дүниеде оны қа­лай сақтаймыз? Әлемнің барлық халықтарының алдында тұрған бұл мәселені ресейліктер қалай шешу ке­ректігіне тоқталды. Даму бағытын анық­­­­тайтын басты құндылықтарды анық­тап алмаса, кез келген ұлттың дағ­дарыс­қа ұшы­райтыны, рухани-моральдық жа­ғы­нан құлдырайтыны белгілі болды. Ре­сей Президентінің сөзіндегі негізгі желі (лейтмотив): Ресейге ұлттық өзін-өзі айқындалу қажет! Жаһандық бәсе­келестік жағдайында сыртқы және ішкі қауіп-қатерлерге қарсы тұру үшін мемлекет рухани, мәдени және ұлт­­тық тұрғыда өзін-өзі нақты анық­та­май ілгері жүре алмайды. 1917 жыл­ға дейінгі Ресейді дәріптеуші, түп негіз­ділік консерватизмді ұстанушылар мен батыстық ультралиберализмді жақ­таушылар позициясын сынай отыра, олардың бүгінгі шынайы болмыс­тан ауылдары алыс екендігіне назар аудартты. Бүгінгі таңдағы бәсекелестіктің негізгі бағыттары экономикалық-техно­логиялық фактормен қатар идеялық-ақ­па­раттық тараптан туындап отыр. Ра­­сында да мемлекетті шайқалту үшін оны мекендейтін халық­тың санасын, құн­ды­лықтарын өзгертсе жетіп жатыр екен. Дәстүр мен тарих­тан ажырау кез келген халыққа қауіпті құбылыс. Ал, Ресей мемлекеті ХХ ға­сырда екі рет өз мемлекеттілігін ыды­ратып ал­ды. Ол орыс санасы мен сәй­кестілігі үшін үлкен соққы болды. Алып импе­риялардың ыдырауы тарихи заң­ды­лық десек те, қармағындағы ел­дер мен жерлерден айырылу ешкім­ге оңай соқпайтыны анық. Тіпті, қа­зақтар өзімізде отар болғанға дейін 4,2 млн. шаршы км. аумақты алып жат­­қан Қазақ даласының бүгінде 2,7 млн.шаршы км.-ге дейін сығылып қысқарғанын өкінішпен еске аламыз. Қазақтар тек бір ХХ ғасырдың барысында қаншама ата-баба қонысынан, құнарлы жерлерінен айырылып қа­лып отыр! Ағылшын және неміс тілді ғылыми әдебиеттерде (ағыл. rump state, нем. Reststaat, Rumpfstaat) «кесінді-мем­лекет» деген термин қолданады екен. Бұл тұрғыда Қазақстан «рамп стэйт», яғни, кесінді-мемлекетпіз. Біздің ғалым­дар болса «ирредент» сөзін, грекше – «қайта бірікпеген» деген терминді қол­данғанды тәуір көреді. Ирреденттер – соғыс не аннекция, даулы шека­ра сызықтары немесе отарлау саясаты нәтижесінде қайта бірікпей, өз елінің шегінен тыс, тарихи автохтонды ұлт­тың шекаралас өлкелерде қалып қой­ған бөлшектері болып табылады. Өз ата-бабасының мұраға қалдырған же­рінде отырған қазақтарды ирреденттер деуге болады. Ғалымдар ирредент қа­зақтарға Ресейдің Астрахан, Орынбор, Қорған, Омбы, Таулы-Алтай автономды облыстарын, Қытайдағы Алтай, Тар­бағатай, Іле, Құлжа, Еренқабырға, Бар­көл-Құмыла, Моңғолиядағы Баян-Өлгий аймақтары, Өзбекстандағы Сыр­дария, Шыршық, Қызылқұм мен Мыр­зашөлді мекен ететін қазақтарды жат­қызып жүр.
Владимир Путиннің Валдай фору­мындағы сөзін саяси оппонеттері жаңа курсқа бетбұруды, оны өзгертуді саяси және идеологиялық тұрғыда негіздеу деп бағалауда. Ресей Президенті сөзінің кей жерінен түпнұсқада үзінді келтіріп ке­тейік: «Нужно быть сильным в военном, технологическом, экономическом отношении, но все-таки главное, что будет определять успех, – это качество людей, качество общества интеллектуальное, духовное, моральное. Ведь, в конце концов, и экономический рост, и благосостояние, и геополитическое влияние – это производные от состояния самого общества, от того, насколько граждане той или иной страны чувст­вуют себя единым народом, насколько они укоренены в этой своей истории, в цен­ностях и в традициях, объединяют ли их общие цели и ответственность. В этом смысле вопрос обретения и укреп­ления национальной идентичности действительно носит для России фундаментальный характер».
Путин ХХ ғ. 90-жылдары жіберілген қате­ліктерден сабақ алу керектігіне мән береді. Бізде жаңа ұлттық идеология, даму идеологиясы өздігінен туындай­ды деген жаңсақ түсінік, иллюзия болды дейді. Мемлекет, билік, интеллектуалды және саяси класс өз еркімен бұл істен сырт қалды. Идеологиялық жұ­мыстан бас тарту мен шеттелу, оны өз бетімен жіберудің салдары ауыр болды. Ұлттық біртектестілікке, сәйкес­тілікке негізделген ұлттық идея­ның жоқтығы капиталды ұрлап шетке шығарғанды жөн көретін, өз тағдырын, болашағын капитал тап­қан елімен байланыстырғысы келмейтін элитаның бір бөлігіне (квазиколониалды азғантай топ) пайдалы болып шықты. Практика көрсеткендей, жаңа ұлттық идея нарық заңы, ережесіне сай өз бетінше туындамайды әрі дамымайды. Қоғамның, мемлекеттің идео­логиялық жұмыстан бойын аулақ ұстап сырт қалуы және бөгде тәжірибені меха­никалық көшіру қате болып шықты. Ре­сейді сырттан танып өркениетті елге ай­нал­дыру талпыныстарын халықтың ба­сым бөлігі қабылдамады. Өйткені, рухани, идеологиялық суверенитеттікке, сыртқы саясаттағы дербестікке ұм­тылу – орыс ұлттық мінезінің ажырамас бір бөлігі. Владимир Путин, өмірді құрудың дайын үлгісін компьютерлік бағдарлама сияқты басқа мемлекетке орната салудың уақыты өтті деді.
Ресей Президенті патриотизм мәселе­сіне де тоқталып өтті: «Суверенитет, самостоятельность, целостность России – безусловны. Это те «красные линии», за которые нельзя никому заходить. При всей разнице наших взглядов, дискуссия об идентичности, о национальном будущем невозможна без патриотизма всех ее участников. Патриотизма, конечно, в самом чистом значении этого слова. Слишком часто в национальной истории вместо оппозиции власти мы сталкиваемся с оппозицией самой России». Рас, билікпен күресудің мемлекетпен күресуге айналмауы маңызды, саяси жүйені қиратамыз деп мемлекетті құртып алмауды ойлау кез келген оппозицияның кемелділігін көрсетеді.
Путин өз сөзінде тағы бір принципті мәселеге назар аудартты. Ол мультикультурализм идеологиясының, моделінің Еуропа елдерінде сәтсіздікке ұшырағанына тоқталды. Мультикультурализм – бұл жеке бір мемлекетте мәдени айырма­шылықтарды сақтау мен дамытуға ба­ғыт­талған саясат. Алғаш рет «мультикультурализм» ұғымы 1957 жылы Швейцарияның жүргізген саясатын сипаттау үшін қолданылды. Ал, ғы­лыми-саяси айналымға бұл термин 1971 жылы Канада үкіметінің премьер-министрі Пьера Э. Трюдо мультикультурализм тура­лы Ресми акт қабылдауымен байланысты енді. Бұл саясаттың басты мақсаты, басқа елдерден қоныс аударып келген иммигранттардың ұлттық ерекшеліктерін сақтауы, жергілікті автохтон (жергілікті, тұрғылықты, ежелгі) халықтан тілдік, мәдени, діни бөлектенуі мен оқшаулануын қолдау. Әр түрлі мәдениеттер бірікпей-ақ параллель түрде тіршілік етеді. Алайда, бұл практика мәдени сегрегацияға (бөліну, бөлу, ажырату) әкеледі және жергілікті халықтың ұлттық-мәдени сәйкестілігіне қатер төндіретінін көрсетті. Мультикультурализм идеологиясы сипаты жағынан әр түрлі мәдениеттердің еш жанжал, қақ­тығыссыз қатар өмір сүре береді деген утопиялық түсінікке негізделеді. Мультикультурализм саясатының міндетті бір белгісі (атрибуты) байырғы халық арасында толеранттылық пен тензофобияны тегеурінді әрі үздіксіз насихаттау. Бұл жерде тезенофобия (лат. tendo, «тарту», «созу», «сүйреу», «күресу» + грекше «фобия»-үрейлену) деп жеке немесе топтық қатынаста қақтығыс пен шиеленістен қорқу, одан кез келген тә­сілмен қашуды айтады. Тензофобия капитулянттікке (қиыншылықтан, күр­делі мәселелерді шешуден қашатын су жүректілікке) әкеледі, қақтығыс бол­­масын деп өз мүддесінен бас тарту, жол берушілік пен үркектік мінез қалыптастырады. Тензофоб, егер, мәсе­лені көтермей немесе атын атап, тү­сін түс­темесек, онда проблема жоқ деп санайды. Ақиқат шындыққа тура қа­рау­дан қорқады. Қылығы құмға басын тыққан түйеқұсқа ұқсайды. Тензофобия асқынған кезде ксеномания мен кириофобия синдромдарына айналады. Ксеномания (грекше-«бөгде» и мания- «құмарлық») – басқаныкіне көзсіз табыну, өзгенікіне шамадан тыс ұмтылу. Біреудің қаңсығын кере­мет көру әдетін айтады. Ал, кириофобия (от грекше кириос – «мырза», «ие, қожа», «қожайын» және фобос – «қорқыныш») – қонақтардың қожайын­дарға дұшпандық қатынасы. Үй егесі, қожайындарға үнемі талап қою, өз құқықтарын баса көрсетіп, ал, мін­деттері мен жауапкершіліктерін мойындамаудан көрінеді. Кирофобия деп қожайындардың заңдары мен әдет-ғұрыптарын көрінеу сыйламаушылық, қыр көрсетіп құрметтемеуден және қо­жайынға қонақ алдында жалған кінәлілік сезімін таңудан тұратын іс-әре­кетті айтады. Қазақ мұндайды «жа­ман үйді қонағы билейді» деген мақалмен түйіндеген. Еуропада мультикультурализм – тығырыққа апара­тын жол деп саналуда. Мемлекетте негізгі бір үстем мәдениет болуы тиіс, қалғандары мүмкіндігінше соның ма­ңайын­да шоғырлануы керектін ұғыну орын алуда.
Ресей Президенті евроатланттық елдер­дің өз түп-тамырларынан бас тарту жолына түскенін қынжыла айтады. Нәтижесінде кез келген дәстүрлі біртектестілік, сәй­кестілік жоққа шы­ғарылады: ұлт­тық, мәдени, діни жә­не тіпті жы­ныстық. Бір жыныс­ты некеге рұқсат беру Еуропаны демо­­графиялық және адамгершілік тұрғы­сынан дағдарысқа әкелді. Әлем­дік дін­дерде негізі қаланған құнды­лық­тардан, мыңжылдықтар бойы қа­лып­тасқан мораль нормалары мен иман­дылықтан, адамгершіліктен бас тарту салдарынан адамдар адами қадір-қа­сиетінен айырылады. Сондықтан, бұл құндылықтар сақталынуы тиіс. Кез келген азшылықтың өзгеше болу құ­қы­ғын құрметтеуге тиіспіз, алайда көпшіліктің де құқығы барын ұмыт­пауымыз керек.
Ресейдің зиялы қауымына, әсіресе, Путиннің орыс мәдениеті мен әдебиетінің рөлін қалпына көтеру жайында айтқаны айрықша ұнаған сияқты. Отанын сүйе­тін тұлғаны тәрбиелеу міндетін осылар­дан артық еш нәрсе орындаған емес. Ұлт­тық идеяны ұғынудың негізі, төл тумалықтың қайнар көзі ана тіліндегі көркем шығармаларда жатқанын қазақ зиялылары да үнемі айтып келе жатыр. Алайда, өздерін уақытша биліктеміз деп есептейтін еліміздің басқарушы табы оған құлақ түре қоймады. Ал, ел ал­дына енді шыға бастаған басқарушы жаңа корпустың ұлттың төл мәдениеті мен әдебиетінен қаншалықты хабар­дар­лығы белгісіз. Ресейдегі сияқты қақ жарылу бізге де тән дүние. Жазушы­ларымыз «жармақ тұлға» фено­менін бе­кер суреттеп жүрген жоқ қой. Ұлт­тың негізгі құндылықтары мен саяси курстың сәйкес келуі бізде мүлде мүмкін емес сияқты көрінеді. Өйткені, «қазақтық» түсінігі элита санасында артта қалушылық пен өрлеудің те­же­гіші сияқты қабылдануда. Бұл алшақтықты жақындату үшін мемле­кеттің кадр таңдау мен іріктеу саясатын күрт өзгерту қажет. Нағыз ұлттық бағыттағы элита қалыптастыру бағ­дар­ламасын жасау керек. Біз әзірге ұлттық тамырдан ажыраған технократтар даярлауды дұрыс көріп отырмыз. Қоғамның барлық салаларында ойланушылардан көрі орындаушыларды тәуір көретініміз еш құпия емес қой. Әсіресе, біздің шенеуніктердің қазақ ұлтына қарсы бағытталған бұйрықтар мен тапсырмаларды еш күдіксіз бас шұлғи орындауы салдарының зардабын тартып жүрміз. Оларда бір сәт ойланып көру деген жоқ қой. Бұл не, аңғалдық пен сенгіштік пе әлде мұрын астыдағыдан арыны көрмейтін келте ойлаушылық па? Әлде параның құдіреті ме? Кейде осындай антиқазақтық шешімнің артында белгілі бір күштердің бар екенін білсек те, оған қарсы тұруға талпынбайтын құлдық мінезімізге де қайран қаламын. Қазақтың мүддесін жеке мүддемізге жығып бере саламыз. Ұлтқа тиер зардабына мән беріп жатпаймыз. Талай жерде қазақ мүддесі аяққа тапталып жатыр. Ең өкініштісі, оны өзге емес, өзіміз жасайтынымызды айтсайшы?! Виктимология (латынша – құрбандық) ілімі бойынша қазақтар өзін құрбандыққа шалуға даяр ұлт тәрізді ұстайды екен. Не экономикамызды, не қаз­ба байлықтарымызды, не ұлтшыл-патриот тұлғаларымызды, не тіліміз бен мә­дениетімізді қорғай алмауымыз соның көріністері болып табылады.
Орыс журналистері Путиннің Вал­дайдағы сөзін медиа құралдары мен стратегиялық құжаттарды әзір­леуге қолдары жетпейтін үнсіз көпшіліктің ойындағысын білдірген орыс үні деп бағалауда. Міне, ақыры, орыс дауысы мемлекет басшысының аузынан шықты деп ризашылықтарын біл­ді­руде. Ал, сарапшылар, аналитиктер тобы болса шынайы қоғам сұранысы мен тала­бынан үмітсіз артта қалып қойды делінуде. Көпшілік үшін президенттің сөзі экспертократтарға қарағанда анағұрлым жақын әрі түсінікті болып шықты. Сонымен, Ресей үшін ұлттық мәселені тура айтатын уақыт келіпті, ал, біз – қазақтар қашаңғы жабуды жаба тоқимыз?!…

Алдыңғы «
Келесі »