Қазақ ұлтшылдығы қашан, қалай қалыптасты немесе ұлтшыл дегеніміз кім?

  • 06.01.2014
  • 1503 рет оқылды
  • 1

ТлешовЕрбол ТІЛЕШОВ,
Тілдерді дамыту басқармасының басшысы,

филология ғылымдарының кандидаты

Қазіргі қоғамдық санада «Ұлт­шыл­дық» ұғымы жағымсыз реңкке ие болып, ол жөнінде айтыла қалса, ойымыз тіпті нацизмге дейін әлдебір сұрықсыз, тұрпайы құбылысты бейнелейтін дең­гейге жеткен. ХХ ғасырда нацизмді басынан кешірген адамзат баласы ұлт­шылдықтан үрейленетін шаққа же­тіп, оны қабылдағысы келмейтіндей сыңай танытуда. Сонымен бірге, пост­кеңестік жас мемлекеттерде кеңестік идео­логияның ұлтшылдыққа таңған ескір­ген ұғымдары әлі де сақталуда. Дәл осы арада біз Францияны, Германияны, Ресейді, Үндістанды, Иранды тағы да бүгінде қуатты мемлекеттерге айналған елдердің тарихи даму сатысында ұлтшылдық кезеңінен өткендігін, егер ондай кезең болмаса аталған мемлекеттер біртұтас саяси-қоғамдық құрылым бола алмайтындығын не ескергіміз келмейді, не болмаса олар жөнінде білеріміз көп емес. Жоғарыда аталған мемлекеттер сол елдегі барлық ұлттарды мемлекетқұраушы ұлттың төңірегіне топтастыра білді. Ондай топтастырудың амалдары бірде терең ойламаған саясатпен, бірде міндеттеумен шешілгені де тарихтан мәлім. Оны Алаш зия­лыларының білгендігі Жүсіпбек Аймауы­товтың: «Ұлтын шын сүйіп, аянбай қызмет қылған азаматы көп жұрт күшті, өнерлі, білімді жұрт болып, күресте тең түсіп, басқаларға өзін елетіп отыр. Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар, әне, Германия, Япония, Англия, Түркиялар, олардың баласы жасынан «ұлтым» деп өседі. Есейген соң бар білімін, күшін өз жұртының күшеюіне жұмсайды. Олардың әр адамы – мемлекеттің керегі, қызметкері» дегенінен аңғарылады. Кезінде бәленбай шағын ұлттық бірлестіктерден құрылған Италия мемлекеті жөнінде осы мемлекеттің тұңғыш Премьер-Министрі Камилло Кавурдың: «Біз Италияны жасадық, енді итальяндықтарды жасайық» дегенінде бірқатар еуропалық мемлекеттердің қалыптасуына тән тезис жатыр. Әлбетте, ХVІІІ ғасырдан басталып ХХ ғасырдың басына дейін жалғасқан Еуропа мемлекеттерінің ұлттану үдерісінен бері ғасырдан астам уақыт өтті десек, бұл үдерістің мемлекеттердің қалыптасу дәуірі болғандығын ескергеніміз абзал-ақ.


Мемлекеттердің қалыптасуында, кейбір жағдайларда, олардың дәуіріне қарамастан ұқсастықтар бола береді. Әсіресе, әлгіндей ұқсас­тықтар саяси, экономикалық ерек­шелік­терімен бірге, сол мемлекеттердің тіл­дік тұтастығынан, мәдени бірлігінен аса жар­қынырақ байқалады. Тарихтың әлгіндей сабағы бізге де жат емес. Біздің ойымызша, ұлттар мен ұлыстарды сіңіріп жіберген Еуропаның отаршыл мемлекеттеріне қарағанда, қазақ ұлты ХІV-ХV ғасыр­лардан бастап дербес халық ретінде мейлінше алаңсыз қалыптасты. Оның жарқын мысалы, қазақтың алпауыт даласындағы дін бірлігі, тіл бірлігі, дәстүр бірлігі. Яғни, біз сонау хандық мемлекет тұсында қазақ екендігімізді қалай сезінсек, осы күнде солай түйсінеміз. ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткерлері күресінің басты мақсаты – егемен мемлекет құру еді. Осы күресті ірі қозғалысқа айналдырғандар Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған ұлтшыл қайраткерлер екендігі де аян. Қазақ қоғамында ұлтшылдықтың тууы және өрістеуі осы қозғалыспен тікелей байланысты. Түркі дәуірінен басталып, хандық дәуірге ұласқан ел болу, ХІХ ғасырдағы елдік, халықтық мәселелер ХХ ғасыр басында жаңа мазмұнмен толықты. Ол – ұлттық мазмұн. Сол себепті де, біз қазақ ұлтшылдығының тарихын ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі оқиғалармен бай­ла­ныстырамыз. Осы кезеңге дейінгі қо­ғам­дық ойларға келсек, оларды таза ма­ғы­­насындағы ұлтшылдық дей алмаймыз. Бі­рін­шіден, хандық дәуірдегі жыраулар, би-шешендер шығармаларында айтылған ойлар ұлттың мүддесінен гөрі, сол кездегі хандық мемлекеттің, белгілі бір қоныстың, мекеннің мүддесімен немесе ел билеушілердің, белгілі адамның тұлғасымен болмаса жеке адамның қандай болмағы сияқты мәселелермен тіке­лей байланысты болатын. Айталық, Асан Қайғының:
Ойыл деген ойыңды,
Отын тапсаң, тойынды.
Ойыл көздің жасы еді,
Ойылда кеңес қылмадың,
Ойылдан елді көшірдің,
дегенінде, Ақтамберді жыраудың:
Қоңыраулы найза қолға алып,
Қоңыр салқын төске алып,
Қол төңкерер ме екеміз?!
Жалаулы найза жанға алып,
Жан қашырар ма екеміз?! – деп айт­қанында, сол заманның қоғамдық санасының типтік көріністері бар. Одан берідегі Дулат, Махамбет, Майлықожа, Шортанбай, Әбубәкір, тағы да басқа Абайға дейінгі дәуірдегі әдебиетте хандық дәуірді аңсау, қоныстың тарылуы, адамның моральдық болмысы сияқты мәселелер молынан ұшырасады. Мұндай әлеуметтік мазмұндағы консер­вативті, дидактикалық ойларда жалпы ұлттық мәселелерден гөрі елдің жағ­дайын сөз ету басымдау. Сондықтан, біз оларды ұлтшылдық идеялар көтерді дей алмаймыз. Орыс отаршылдығының мей­лінше асқынған тұсында, Ресей им­периясының 1824 жылғы, 1867-68 жыл­­дардағы қазақ даласын басқаруға қа­тысты белгілі құжаттары жүзеге жедел асы­рыла бастаған заманда өмір сүрген Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай сияқты дәуірдің ірі тұлғалары да ұлтшылдыққа бара қоймады. Әлбетте, бұл олардың кемшілігі емес, кезеңдердің ерекшелігі. Егер, Шоқан Уәлихановтың табиғи дарынын ашқан, оның ғылыми ізде­ністерін қажет еткен орыс қоғамы десек, Ыбы­рай мен Абайдың отаршылдық саясатқа көз­қарастары туралы Мұхтар Әуезов: «Бі­рақ, бұлардың тобы саяси әлеуметтік құрылыста патша үкіметінен қысым көрмейді. Қайта содан сыбаға алып, соның өзіне қоңсы қонған тап. Сондықтан, ол тап ақындары төңкерісшіл қарсылық тақырыбы мен төңкерісшіл сарын сияқ­тының ешбіріне де жоламайды. Қазақ өлкесінің олар кезінде отар боп жатуы да бұлардың сана-сезіміне әсер етпегендей болады» деп жазған болатын. Біздің ойымызша, Мұқаңның осы ойларына қосымша ретінде Алтынсарин мен Абайдың ұлттық мәселелерді өз деңгейінде көтермеуіне, сол кездегі қоғамдық құрылыстың тікелей ық­палы тиген. Атап айтқанда, ұлтшылдық атаулының феодалдық-аграрлық кезең­де емес, буржуазиялық қатынастар ке­зін­де көрінетіндігінде, осы қоғамдық фор­мация­да өрістейтіндігінде.
Феодалдық-аграрлық кезеңде қоғам ортақ жүйеге қандай да бір саяси күш болуға ұмтыла қоймайды. Ортақ жүйеге ұмтылудың аграрлық қоғам үшін аса қажеті де жоқ. Себебі, аграрлық қоғамда күнделікті өмір, кәсіп жалпы халыққа, ұлтқа емес өзін қоршаған айналаға ғана арналады, соған бейімделеді. Мәселен, мал бақса, өзінің отбасы үшін немесе қожайынының мүддесі үшін жұмыс істейді, егін ексе де солай. Қолөнерші болса, сол ауыл-аймақтың күнделікті ұсақ-түйек қажеттілігін қанағаттандыру үшін ісмерлік етеді. Оқыса да ауыл арасында молдалық қылу үшін білім алады. Абай осындай далалық көзқарастан қара үзіп шықты. Сондықтан да:
Баламды медресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім, дейді. Яғни, Абай үшін баланың алған білімі ауыл арасындағы ұсақ қызметпен, мансапқұмар шенмен шектелмеуі тиіс. Оның ұғымында білім адамшылық жолы үшін қажет. Ал, адамшылық жолы үшін иге­рілген білім аздың емес, көптің пайдасына қызмет етпек. Абайдың еңбек жөніндегі позициясы да осындай. Ол өзінің көз­қарас­тарында ұлтшылдық тараптан емес, жалпыадамзаттық гуманистік кейіп­­те көрінеді. Бұл Абайға ислам ді­ні­нен, мұ­сылман өркениетінен келген көзқарас. Оның тікелей тәрбиесін алған өмірдегі де, өлеңдегі де інісі Шәкәрім ХХ ғасыр басында ұлтшылдық жөнінде айтыла қал­ғанда, нақтылап айтсақ, Мәннан Тұр­ғанбайұлының «Абай» журналында жа­рық көрген «Ұлтшылдық» мақаласына осы журналдың бетінде «Ұлтшылдық жайлы» деген атпен жауап бергені белгілі. Осы жауабында Шәкәрімнің Мәннан ма­қа­ласындағы ұлт­шы­лдық жөніндегі ойларымен қосыл­майтындығы көрінеді. Осыдан да феодалдық-аграрлық кезеңде қалыптасқан ағартушылар ұлтшылдық идея­ларына аса бейім еместігі сезіледі.
Қазақтың феодалдық иерархиясы ыдырай бастаған кезді көзімен көрген Абай сол ауыл-аймақтың ұсақ тіршілігіне көңілі толмай, алысты меңзеп жалпы халыққа, қазаққа сөз арнаған бірінші ақын. Ендігі жерде ол кәсіпті де, оқуды да көптің пайдасына жұмсауды үндеді. Сондықтан, Абай ғасырлар бойы қалыптасқан феодалдық-аграрлық өмір салтына сыни көзбен қарап, осы заманның қайшылықтарын без­бендеп, адам мінезінің философиясына барды. Сол себепті де, Мұхтар Әуезовтің Абай философиясын мінез-құлық философиясы дегені бар. Әлбетте, ұлы ақын өзінің осындай дүниеауи көзқарастарында, ілгеріде айтқанымыздай, өзі жақсы игерген, санасына сіңірген ислам қағидаттарын тірек етті. Елдік мәселесінде отаршылдық илеуіне толық түскен елдің кейпін Абай:
Өздеріңді ел болар дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың, – деп күрескерлікпен емес, өзіне тән сыншыл­дықпен қорытынды жасаса, енді бір тұста:
Көк тұман – алдыңдағы келер заман,
Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған.
Көп жылдар көп күнді айдап келе
жатыр,
Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзім талған, – дейді. Абайдың қамығуы мен торығуы өз заманынан туған көңілдің күйі. Дегенмен, келер заманда сол Абайдың кемеңгер ойларынан сусындаған білімді де алғыр, ұлтшыл жастар тарих сахнасына шығар еді. Олар отыздан енді асқан Әлихан, Ахмет, жиырмадан енді асқан Міржақып, Мұстафа, тіпті, бозбала буын Мұхтар, Қошке, Смағұлдар. Тұтас лек. Тегеурінді топ. Әрекетшіл шоғыр.
Аграрлық қоғамда ұлтшылдық бай­қал­майды, байқала қалғанның өзінде ай­тар­лықтай бедерлі де белсенді де емес. Бұл кезде ел қамы, жұрт жайы жөнінде ай­тылғандарды ұлттық идеялар деп емес, халықшылдық көңіл-күй деп баға­лаған абзал. Әлем тарихы аңғартып отыр­ғандай, ұлтшылдық, жалпы алғанда, аграр­лық кезеңнің емес, буржуазиялық қоғамның жемісі. Буржуазиялық қоғамның экономикалық қатынастары, атап айтқанда, капиталистік қатынастар мемлекеттің бір жүйе екендігін, ортақ экономикалық һәм рухани-мәдени организм екендігін көр­сетіп берді. Осыдан жалпықоғамдық ұжым­дасу, бір халықтың өзара ішкі байланыстары, әрекеттесуі күшейді. Қоғамның таптық, нәсілдік қайшылықтары әртүрлі идео­логиялық ағымдарды тудырды. Осындай ағымдардың ішіндегі ірілерінің бірі ұлтшылдық болды. Қазақ даласына капиталистік қарым-қатынастардың ке­ле бастағанында қалыптасқан, осындай, құ­былыс жөнінде Мұхтар Әуезов біл­гір­лікпен: «Бесінші жыл төңкерісінің артынан шық­қан жаңа үлгідегі ақын-жазушы бұлар то­бынан шықпайды. Оларды майданға әкеп шығарған қоғамдық, шаруашылық, саяси күйлердің басқаша боп жаңғырып өзгеруі. Сондықтан, олардың өздері де қыр үлгісіндегі қазақ емес, оқыған, еуропаланған, қызмет иесі боп жүрген қала туындысы болады. Олардың байшыл-ұлтшыл оқы­ғандар боп қалыптасуларында таптық досы, тұстасы да сол қала туындысы, қала ықпалындағы жергілікті буржуалар бо­­лады» деп жазады. Қазақ ұлтшылдары әдепкіде ұлттың теңдігі мен бостандығын талап ету шарасынан бастап («Қарқаралы құзырхаты») ұлттық мемлекет үлгісін (Қазақ автономиясы) жасауға дейінгі ара­­лықта саяси ұлтшылдықта болса, ке­ңес­­тік дәуірде большевиктік саясаттың ықпалынан мәдени-рухани ұлтшылдық бағытына көшті. 1920 жылдары кеңестік платформадағы жазушылардың Мағжанды және тағы басқаларды ұлтшыл дейтіні осыдан. Қазақ ұлтшылдығының сипаты жө­нінде олардың идеологиялық бір­жақ­тылы­ғына қарамастан, Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романы да, Сә­бит Мұқановтың «Өмір мектебі» және «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті. Бай­шылдық-ұлтшылдық дәуір» кітаптары да мол ақпарат береді. Бұл арада Ахаңның және тағы да басқа Алаш зиялыларының ту­ған халқы үшін ұлтшыл болғандығынан қорықпауымыз керек, қайта қазақ бала­сының ішінен ұлтшылдардың шық­қа­нына қуанғанымыз абзал, сөйтіп ел мүддесі жолына риясыз қызмет еткен тұлғаларға тағзым еткеніміз жөн. Біз халқына қалтқысыз берілген азаматтарды айыптағандардан, сол заманның шындығын сараламай, ұлттың дәуірлік қажеттіліктерін ұғынбай, әлі де ескі сарын, баяғы түсінікпен жүрген, сөйтіп ұлтшылдардан ат-тондарын ала қашатын замандастарымыздан сақтануымыз керек. Өйткені, олар өз халқының тарихи даму жолын оның қажеттіліктерімен, сұраныстарымен терең байланыстырып қарай алмайды. Ол кешегі қазақтың көп мәселесі бүгінгі қоғамда да өзгеше сипатта, басқаша өңде әлі күнге дейін шешілмей келе жатқандығынан бейхабар немесе бейжай. Ал, ұлтшылдық – алдыңғы қатарлы зиялы азаматтардың ұлттың құқығы мен теңдігі ескерілмеген шақта туған халқын сақтап қалуға бағытталған мақсатты күресі мен әрекеті. Ұлтшылдық – сақтану инстинкті. Ұлтшылдық – ұлттың өмір сүру иммунитетін қалыптастыратын қа­дам. Сол себепті, қазақтың кешегі тарихын ескермей, бүгінгі қазақтың ұлт ретінде өзінің даму жолы болатындығымен санаспай, оны жаһандану дәуіріндегі ба­тыстық модельдің бір бөлшегіндей немесе сол әлемдік дамудағы маңызы болмашы тетіктей қарап, әйтеуір, ана деңгейге жетсек, мына деңгейді бағындырсақ дей берудің бар уақытта да дұрыс бола бер­мейтіндігін ұмытпағанымыз жөн. Бүкіл әлемге, кеше өзіне бағынған халықтарға әлі күнге дейін империялық көзқараспен қа­райтын Еуропа, орыс тарихшыларының, сая­­сат­­танушыларының немесе басқа да жазармандарының ұлтшылдықтан үркітуі­нің ықпалына енудің, тарихи даму жолы басқа біздер үшін оларды басшылыққа алудың қажеті шамалы. Батыстық өктем саясат үшін жас мемлекеттердің тым мемлекетшіл, ұлтшыл болуы тіптен қажетсіз. Болып толған ел кезінде бола алмаған, енді болғысы келетін елді түсіне алмайды. «Тоқ бала аш баламен ойнамайдының…» кері. Сондықтан, сол Еуропаңыздағы бүгінгі мықты мемле­кеттердің саяси, әскери, мәдени қуатын жасаған ұлтшылдықтың үлгісі немесе Ресей империясының күшті идеология­сы болған орыс ұлтшылдығының қандай тарихи маңызы, өзінен кейінгі дәуірлерге қаншалықты ықпалы болса, қазақ ұлт­шыл­дығының да сондай әсері де, дәстүрі де болмағы қажет. Қандай мемлекет болсын сол елге атау берген ұлттың төңі­регіне топтаспағы жөн. Мұндай топтасу әртарапты болуы мүмкін, бірақ, ұжым­даспай, туыстаспай болмайды. Қазақстан да осындай болуға тиісті, өйткені ол табиғи үдерістен шет қала алмайды. Бұл ұлт өмір сүруінің, мемлекет қалыптасуының, сөй­тіп әлемдік қауымдастықтан өзінің дара кел­бетімен лайықты орын алуының табиғи да берік кепілі. Әлем біртектілігімен емес, көпбояулы болуымен анағұрлым қыз­ғылықты. Жаратқан иеміз бізді әр ұлттың, әр діннің, әр тілдің өкілі етіпті. Ендеше, әрқайсысымыз табиғи тумысымызға, шынайы болмысымызға сай болмағымыз шарт.
Әлемдік тарих тәжірибесі мемлекеттілік идеясымен бірге ұлтшылдық идеясының да туатындығын көрсетті. Бұл идеяны тудыр­ғандар сол мемлекетті құрушы ұлттың озық ойлы өкілдері болды. Сондай-ақ, бұдан өзге де ұлтшылдық типі пайда болды. Ол тарих талайымен өзге мемлекет құрамына еніп қалған, сөйтіп отарлық езгіні басынан өткеріп, дербес мемлекеттілікке, тәуел­сіздікке жете алмай отырған ұлт­тардың ұлтшылдығы болатын. Яғни, бар­ша дүниеде ұлтшылдықтың негізгі әлгіндей екі типі бар. Бірі – ұлттық астамшылдықпен байланысты империя­лық ұлтшылдық. Екіншісі – өзінің саяси, рухани тәуелсіздігіне ұмтылған табиғи ұлтшылдық. Оның түр­лері бұдан да көп. Мәселен, азаматтық ұлтшылдық, саяси ұлтшылдық, әлеуметтік ұлтшылдық, таптық ұлтшылдық, мәдени ұлтшылдық, т.б.
Қазақ тарихындағы ұлтшылдықтың қай­нар бастауында Алаш қозғалысы қай­рат­керлері тұрды дедік. Осы саяси-ру­ха­ни құбылыстың тууында Ахаңның өз тұл­­­ғасының да, шығармашылығының да, кү­ресінің де орны ерекше екендігі ай­тыл­ған, айтыла беретіні ақиқат. Ахмет Бай­тұрсынұлының қайраткерлік ғұмырының өнегесі, шығармашылығының тағылымы бүгінгі қазақ баласына да шарапатын тигізбек. Саясат майданындағы қайраты да, қа­ламынан туған еңбектері де – Ахаңның ұлтына деген зор махаббатының көрінісі. Қазаққа деген ұлы құштарлық оны нағыз ұлтшыл етті. Халқына қам, еліне ем болған мұндай ұлтшылдық зор құрметке де, көрнекті үлгіге де лайық. Өйткені, Ахаңның ұлтшылдығы – қазақ болып қалуға, қазақтың басын қосуға, қазақ болып өркендеуге, қазақтың мәдениет басқышына көтерілуіне, қазақтың дербес мемлекетін қалыптастыруға негізделген табиғи ұлтшылдық болатын. Осы ұлтшылдық барша қазақты оятты, намысын қайрап елдікке шақырды. Ахаң бастаған зиялылардың біріге алатындығын, азаттық жолында күресе алатындығын Алаш қозғалысы паш етті. Дегенмен, Алаш қозғалысы тудырған ұлтшылдық дәуі­рі, ол қазақтың бойына ғасырлар бойы жинақталған орасан қуаттың жемісі болатын. Орыс отаршылдығына қарсы бағытталған әскери, мәдени күрес Ахаң­дар заманында саяси күреске арнал­ды. Алаш қайраткерлері қазақтың ұлт­тық мемлекеті орнатылмайынша, ұлт­тың мәселесі толық әрі түпкілікті шешіл­мей­тіндігін терең түйсінді. Қазақтың азат­­тығын алып, құқығын шектеген Ресей отаршылдығы қазақ ұлтшылдығының қалып­тасуына кең жол ашты. Міржақып Дулатовтың: «Бізді ұлтшыл қылған – кемдікте, қорлықта жүр­геніміз, көрінгеннен соққы жегеніміз еді» дегеніндей, қазақ ұлтшылдарын туғызған отаршыл үкіметтің зорлықшыл тәртібі, үрейлі саясаты. Бұл саясатпен күресудің Кенесарылар бастаған қарулы жорықтары да, ағартушылар ұстанған насихатшылдығы да жеңіске жеткізбесін түсінген Алаш зиялылары жаңа жолды таңдады. Сондықтан, отаршылдық қамытынан тек күреспен ғана арылуға болатындығын ұғынған қа­зақ ұлтшылдары күрестің амалдары мен мақсатын айқындады. Біздің ойымызша, мұндай амал екеу еді. Біріншіден, отаршыл үкіметтен халықтың құқығы мен теңдігін талап ету, оған қол жеткізу. Бұл – сая­си жол. Екіншіден, халыққа өзінің құқығы мен бостандығын білдіру, санасына сіңіру еді. Бұл – рухани-ағартушылық жол. Алаш қайраткерлерінің күресін қарағанда олардың баршасы осы екі жолмен жүргендерін аңғарамыз. Саяси жол 1905 жылы басталса, рухани-ағартушылық жолдың басы демесек те, бедерлі белесі ретінде «Қырық мысал», «Оян, қазақ!» жарық көрген 1909 жылды атаймыз. Міне, осы кезеңнен бастап Алаш қайраткерлері қалыптастырған Ұлы ұлт­шылдық дәуірі басталып, бұдан соңғы саяси һәм рухани күрестерге ұласты. Бұл күрестің үлкен қорытындысы – 1917 жылғы «Алаш» партиясының, Алашорда үкіметінің құрылуы, ең басты нәтижесі Алаш автономиясының жариялануы еді. Кеңестік диктатура Алаш автономиясын мойын­дамай, зорлықпен таратқанымен Алаш мұраттарына берілген Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай, Халел Досмұхамедұлы, тағы да қаншама абзал азаматтар өздерінің ұлтшыл платформаларында қалды. Оны жалаң интернационализм таңылып жатқан кеңестік дәуірдің алғашқы жылдарында жазылған «Қазақ қалам қайраткерлері жайы­нан» атты еңбегінде: «Қазақ бала­сын ұлтым, жұртым, бауырым деп үйре­ніп қалған қазақтың бауырмал қалам қайраткерлері октябрь өзгерісі болғанда бірден интернационал (бибауырмал) болып өзгере алмады, өзгелердей «алымсақтан бері» коммунист, интернационалист елім деп айтуға аузы бара алмады» деп жазғаны дәлел. Осы Ұлы ұлтшылдық дәуірінің мә­дени-рухани дәстүрінің дәні қазақ топы­рағына мықтап егіліп, ол кейін кеңес дәуірінде Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Бауыржан Момышұлы, Әлкей Марғұлан, Ермұхан Бекмаханов, Ілияс Есерберлин, Рахманқұл Бердібаев, Алдан Айымбетов, Советқазы Ақатаев, Сейілбек Қышқашов, Жағда Бабалықұлы тағы да қаншама лек қазақ қаламгерлері мен ғалымдарына ықпал етті. Ахаң түрлеген ана тіліміздің табиғатын тануда оның ғылыми мектебі қалыптасты. Ол мектептен бүкіл қазақ тіл білімі тәлім алды деуге болады. Сондай-ақ, Міржақып Дулатовтың, Халел Досмұхамедұлының, Мұ­ха­меджан Тынышбаевтың, Телжан Шо­нан­ұлының, Елдес Омарұлының еңбек­тері де кейінгі қазақ ғылым-біліміне өл­шеу­сіз ықпал жасады. Ал, қазақ ұлт­шыл­дарының саяси күресі, ұлтқа деген риясыз адалдығы мен берілгендігі бүгінгі азат елдің ұрпақтарына тағылым мек­тебі боларлық. Әрбір ұлт өзінің ұлы адамдарымен, үлкен оқиғаларымен, ірі кезеңдерімен мақтана алады. Біз сан ға­сыр­лық қазақ тарихына көз салғанда өзге де айбынды кезеңдерімізбен бірге Алаш дәуірімен мақтана аламыз. Өйткені, қазақ ұлтшылдары жасаған Алаш дәуірі – қа­зақ баласының бойындағы күрескерлік күшті, рухани қуатты, бостандыққа деген сенімді паш еткен, ең бастысы ұлттың азаттығына ұмтылған ұлы кезең.
Алаш қайраткерлері жасаған Ұлы ұлт­шылдық дәуірінде өзге ұлттан кек алу, өзге халықты тұқырту немесе мұқату әрекеттері болған емес. Қазақ ұлтшылдары туған хал­қының теңдігі мен бостандығы үшін кү­ресті. Ахаңдар ешқашан қазақтың өз­геден артықшылығын, ерекше болуын насихаттаған да емес, өзгелерге үстемдік етуді де мақсат етпеген. Ұлт көсемінің бір де бір еңбегінде қазақ халқы орыстан, я болмаса татардан, басқадан артық демейді. Ол қазақтың «қалпын» да, «салтын» да сынмен бағалап, халқын білімге, мәдениетке үндейді. Білімге, мәдениетке үндеу Ахаңда және басқа да алаштық қайраткерлерде ХІХ ғасырдың ағартушыларынан өзгерек сипатта. Өйткені, Ахаң қазақты өзгелермен білім мен мәдениет теңестіретінін, олардың ұлттың қаруы мен қорғаны екендігін жақсы сезінген. Содан соң да ол: «Мәдениеті жоғары халық – мәдениеті төмен халықты аз-көбіне қарамай жем қылатыны айдан анық, күндей жарық ақиқат. 200 миллион үнді халқын 50 миллион ағылшын жем қылып отырғаны, 500 миллион Қытайды өзінен он есе аз жұрттар әжуалап отырғаны – адам баласының теңдігі-кемдігі мәдениетіне қарай екендігін сыйпаттайды» деп жазды. Отаршыл саясаттың жетегіндегі қазаққа еркіндік болмай, азаттық берілмей оның халін түзеу мүмкін еместігін терең түсінді. Сондықтан, Ахаңдар тобы бұрынғыша ағартушылық деңгейде қала алмады да бостандық ұрандарын жариялап, саяси күреске шықты. Ұлттың құқығы мен теңдігін отаршыл үкімет өз еріктерімен бермейтін де еді, бермек түгілі, жылдан жылға қазақ даласына келімсектерді төгіп, бекіністерін көбейтіп, кең сахараның тынысын тарылта бастаған. Міне, осындай жағдайда жаппай билігін орната бастаған империя саясатына қарсылық жасау керек болды. Солардың алғашқы қадамы «Қарқаралы құзырхаты» болған­дығын айттық. Мұндай талаптың орын­дал­майтындығын ұғынған қазақ ұлт­шылдары ең алдымен қазақтың өз санасын көтеру керек екендігін, намысын ояту қажеттігін ұғынды. «Қырық мысал» да, «Маса» да осының айғағы. Сөйтіп, қай­рат­кер Ахаң, ұстаз Ахаң ақындыққа барды. Болмысынан қызуқандылықтан гөрі са­­бырлы, төзімді, ақыл мен қайраттың адамы Ахаң поэзияны өлең-жырға әуес келе­тін қазақтың табиғатына жақын болғандықтан мақсатты түрде жазды. Болмаса, ол кісінің ақындығы Абайдай терең, Мағжандай көркем емес. Табиғатынан ақын еместігін, әйтеуір, қазаққа өлең-сөз та­тымды болғандықтан, насихат сөздерін ұйқас пен ырғаққа құрғандығын өзі де ескерткен болатын.
Кең сахараны, тұтас ұлтты ояту үшін газет керек еді. Ахмет Байтұрсынұлы бас болып, Алаш қаламгерлері бірнеше жыл әрекет етіп, әйтеуір 1913 жылы Орынборда «Қазақ» газетін дүниеге келтірді. Газеттің бағыты жөнінде сол заманның куәгері Мұх­тар Әуезов: «Қазақ» газетінің мезгілі әдебиет­ке ұлтшылдық туын көтерген мезгілімен тұстас. Ол уақыт қазақ жұрты 1905 жылдың өзгерісін өткізіп, ел дертінің себебін ұғып, емін біліп, енді қазақты оя­тып, күшін бір жерге жиып, патша саясатына қарсылық ойлап, құрғақ уайымнан да, бос сөзден де іске қарай аяқ басамыз деп, талап қыла бастаған уақытына ке­ле­ді» деп жазғаны мәлім. «Қазақ» газеті қазақ зиялыларының басын қосып, саяси күреске үндеуде ұлы миссияны орындады. Әсіресе, Ақпан төңкерісінен кейінгі кезеңде облыстық, уездік қазақ сиездерін ұйым­дастыруда, қазақ комитеттерін ашуда, Бірінші, Екінші жалпықазақ сиездерін өткізуде осы шынайы ұлт басылымының орны да, рөлі де айрықша болды. «Қазақпен» бірге «Сарыарқа», «Бірлік туы» газеттерінде ұлт зиялыларының мәдени-ағартушылық ұлт­шылдығы басымырақ байқалды. 1917 жыл­ғы Ақпан көтерілісінен кейін осы мә­дени-ағартушылық күрес, негізінен алған­да, саяси күреске айналды.
ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялыла­рының еңбегінің арқасында қазақ халқы өзін тұтас ұлт ретінде бұрынғыдан да қатты сезінді. Мұндай өзін-өзі тану кезеңі Еуропада ХVІІІ ғасырда және ХІХ ғасырдың бірінші ширегінде қарқынды жүргенін ілгеріде айтқан болатынбыз. Батыс елдеріндегі ұлтшылдық пен қазақ ұлтшылдығының айырмасы уақыттық жағынан да, саяси типі жағынан да, күресу амалдары жағынан да аса үлкен. Батыс ғалымдары өз елдеріндегі ұлтшылдықтың формасына қарап, жалпы ұлтшылдық құбылысына баға беріп келеді. Ондай еуропалық ғалымдардың ұлтшылдық жөніндегі түсініктерін, ғылыми тұжырымдарын, қағидаттарын жалпы әдіснамасын біз қабылдай алмаймыз. Олардың мысалы Германиядағы, Франциядағы немесе Англиядағы ұлтшылдық типтері. Әлбетте, осы елдердегі ұлтшылдық ол француздың, немістің, ағылшынның үстемдігін насихаттау, Азия, Африка, Латын Америкасы халықтарының мәдени өресін төмен санау. Міне, осы ұлтшылдықты кешелі, бүгінгі философтар, әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар, тарихшылар мен қоғамтанушылар сынап жатады. Бұл – дұрыс, себебі еуропалықтардың ұлтшылдығы, ол астамшылдық ұлтшылдық. Еуропалық ұлтшылдыққа берілген мұндай баға қазақ ұлтшылдығының табиғатына мүлдем келмейді. Себебі, қазақ ұлтшылдығы ол астамшыл, әсіре, радикалды ұлтшылдық емес, қазақты ұлт ретінде сақтап қалуды мұрат еткен, қайрат қылған табиғи ұлтшылдық. Басыну, асқыну емес, амалдау қадамы. Ал, Ахаңдар ұлтшылдығының мақсатында еңсесі түскен ұлтты өзгелерге теңеу, «айдауға түскен жанын, талауға түскен малын» қайтару талабы жатты. Ең бастысы Ахаңдар ұлтшылдықты халықты ұйыстыруға, оған өзінің абыройын білдіруге пайдаланды. Сондықтан, ол кездегі қазақ ұлтшылдығы ешқандай саяси доктрина емес немесе ұлттық астамшылық емес, тәуелділіктегі ұлтының жағдайын көтеру, оны бостандыққа жеткізу мұраты болатын. Қазақ ұлтшылдығының пайда болуы жөнінде Ахаң: «Қазақ қалам қайраткерлері қайдан туған, қашан шыққан деп сұрау қойылса, жауап қиын емес. 1. Қазақ қалам қайраткерлері орыстың қорлық көр­ген, таяқ жеген, орыс табанында езілген жұрттан туған; 2. Қазақ қалам қайраткерлері қазақ басына қиын-қыстау зар заман түсіп, үстін торлап, қайғы бұлты қаптаған шақта шыққан. Құл болған халықтан туып, құлдықтың қор­лық, зорлығын көріп отырып, қазақ қалам қайраткерлері қаламын ұлтының ауырын жеңілту, ауырын азайту жолына жұмсамасқа мүмкін емес; кемшілік көрген жұрттан туып, кемшіліктен құтқаруды мақсат етіп, ылғи сол жолда жұмыс қылған қазақ қалам қайраткерлері жұртшыл, ұлтшыл, яғни халқына жаны ашитын, халқының жаны ауырғанда жаны бірге күйзелетін, бауырмал болмасқа тағы мүмкін емес. Олай болмаған болмаса, онда табиғат заңынан тысқары, адамнан шошқа, шошқадан күшік туған сияқты болып шығады» деп ұғындырған. Қазақтан туып қазақтың тағдырына жаны ашу табиғи іс, әрбірден соң сауапты шаруа. Әрбір ұлттың мінезі, дәстүрі, тілі, мәдениеті, дүниетанымы бір, ортақ десек, онда әр ұлттың сол әуелгі жаратылыстан берілген ұлттық ерекшелігіне сай болмағы және оны қаламағы табиғи қажеттілік. Алла, әу баста бізді, бір ұлттың ұрпағы етіп жаратқан соң, сол ұлттың тілінде сөйлеп, төңіректі танып, тіршілік етсек жаратылысымызға сай болғанымыз. Яғни ұлтты сүю дегеніміз, сол ұлтқа тән игі қасиеттерді, ізгі мінездерді ойға тоқып, бойға дарытып, қолыңнан келгенше бір шаруасына жарау десек, Ахаң бастаған ұлтшылдар шоғыры отаршыл үкіметтің тосқауылы мен тыйымына қарамай жігерлерін жанып, күштерін сарқып ұлтқа қызмет етті де, бүгінгі біз үшін де, болашақ ұрпақ үшін де ұлтты сүюдің де, ұлт үшін күюдің де үлгісін көрсетті. Сол ұлттан туып, сол ұлтты сүймеу, сол халықтың өзгелерден көрген жәбірін біліп, жүрек сыздамау, бас ауырмау мүмкін бе, әлбетте, есі дұрыс, санасы түзу адам үшін мүмкін емес! «Адамдық диқаншысы» деп жыр жазған, тұтас халыққа сауат аштырған ұлттың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ұлтшылдығын радикалды ұлтшылдық деп ешкім де айта алмас. Есесі кеткен, еңсесі түскен халыққа жалпы адамзаттың жағдайын ойла деген утопиялық ұсынысты ешкім де таңа алмас. Өзін жарылқай алмай отырған жұрт, өзгеге не деп бауырмалдық танытсын. Бұл жөнінде Мәннан Тұрғанбайұлы: «Қазақ қатарға кіріп жұрт болсын деген кісі тәрбиенің жолынан айрылмасқа керек, әуелі қазаққа өзінің кім екенін, адамшылық құқығын білдіруге, онан соң Отанын танытып, жақ­сы көргізуге, сонан соң дүниедегі бар­лық адам баласы бауыр екенін білдіріп, көпшіл адамды сүйгіш қылуға тырысу керек» деп, қазақтың алдымен кім болмағын дәл айтқан.
Ұлтшылдықтың негізгі мақсаты – ұлттың азаттығы. Алаш қайраткерлері сол үшін күресті. Олар жетпеген азат­тыққа біз жеттік. Дегенмен, ұлт-азаттық алғанымен оның барлық мәсе­лесі шешіле қоймайды. Сөйтіп, тәуелсіздік алғаннан кейін де ұлтшылдық жалғасады. Бұл ұлтшылдықтың негізгі мақсаты – мем­л­е­кетқұраушы ұлттың кешегі отар­шылдық психологиядан арылуы, ұзақ уақыт отаршылдық заманында жоғал­тып алған немесе көмескіленген ұлт­тық сананы жаңғырту. Бүгінгі сөзбен айтсақ, мемлекеттік ұлтшылдық, оны жұмсартыңқырап батыстық ың­ғай­мен мемлекетшілдік деп жүрміз. Тәуел­сіздік алғалы жиырма жыл уақыт ішінде ұлт зиялылары көтеріп келе жатқан тіл мәселесі қазіргі кезде ұлттық сананы қалып­тастырудың негізгі мәселесіне айналуда, сон­дықтан, бұған ресми билік бүгінгіден де белсене кіріскені жөн деген ойлар айтылып жүр. Қазіргі кезде қазақ зиялыларының ұлттық мәселелерді батыл көтеруіне мынадай нәрселер себеп болуда. Біріншіден, әлі күнге дейін халық санасының кешегі отаршылдық зардаптарынан арыла алмай жатуы; екіншіден, тіл мәселесінің толық ше­шілмеуі; үшіншіден, жаһанданумен бірге келіп жатқан жат жұрттықтар ықпалының күшеюі. Сондықтан, қазіргі кезде қоғамда азаматтық ұлтшылдық, этникалық ұлт­шылдық, мәдени ұлтшылдық көрініс­те­рінің болуы әбден мүмкін. Өйткені, ұлт мәселесі егемендік тұсында толық әрі қар­қынды шешілмеуі – мемлекет құраушы ұлттың өз мемлекетінің тағдырына алаң­даған мемлекеттік ұлтшылдығының өр­кен­деуіне кеңінен жол ашуда.
Бүгінгі ұлтшылдықта саяси реңктен, саяси ұрандардан гөрі қазақ халқының тілінің, мәдениетінің, дәстүрінің өз елінде салтанат құрса деген азаматтық, моральдық құқы жатыр. Ұлттық мәселе көтеріп жүрген зиялылар қазақ халқының әлдебір басқа халыққа үстемдігі жөнінде емес, қазақ ұлтының осы елдің, жердің иесі ретіндегі құқының дұрыс шешілгенін қалайды. Сондықтан, бүгінгі ұлтшылдыққа саяси емес, рухани-моральдық мазмұн тән. Ол қазақтың тілдік, діни мәдени бірлікке ұмтылысынан байқалады. Яғни, қазақ дербес ұлт ретінде өзінің бірегейлігін өз елінде сақтауға ұмтылса, оның қандай әбес­тігі бар. Бүгін ұлт ретінде топтасудың да, бірлесудің де арқауы мен діңгегі – ана тілі­міз, Қазақстан Республикасының мем­лекеттік тілі. Ендеше, біздің ойымызша, қоғамның саяси, экономикалық жаңғыруына ілесе алмай отырған қазақ тілінің қоғамдағы рөлі жөнінде өзін «қазақпын» деп санайтын әрбір азаматтың алаңдауы табиғи құбылыс. Мұндай азаматтардың қатары көбейген сайын ұлт та, мемлекет те күшеймек.

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Ербол аға, мақалаңызды тұтасымен оқыдым, ауқымды және тамаша жазылған. ойыңызды жақсы жеткізіпсіз. әрі бұл дәл қазір біздің ұлтқа қажетті, тереңнен түсінуге керекті тақырып. ел игілігі үшін еңбек ете беріңіз аға. мақалаңызда мен келіспейтін бір ғана жері болды. ол Шоқан, Абай, Ыбырайлар ұлтшыл болмады, ұлтшылдық тақырыпта жазбады деген. меніңше нағыз ұлтшылдықтың ең алғашқы дәнін сепкен солар. Мыржақып Дулат Ы.Алтынсарин жайлы жазған мақаласында оны қазақтан шыққан тұңғыш ұлтшыл деп жазады. Ал бүкіл алаш қайраткерлері Абайдың ұлтшылдық идеяларын ту еткен кейіннен. менің ойымша осылай. сізге сәттілік аға!

Пікірлерге тыйым салынады.