Қандастарымыз қағыс қалған жоқ па?

  • 06.01.2014
  • 8818 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Мусатаев С.Сейілбек Мұсатаев,
саяси ғылымдарының докторы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Саясаттану кафедрасының
профессоры

Көші-қон заңнамасындағы қайшылықтар мен шатасулар

2013 жылдың соңындағы қазақ ұлты үшін маңызды саяси оқиғалардың бірі – Парламент Мәжілісінің депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген түзетулерді талқылап, бірауыздан мақұлдауы болды. Негізі, құжаттың басты мақсаты – еңбек иммигранттарын заңдастыру, еңбек көші-қоны үдерісін мемлекеттік реттеудің мәселелерін жетілдіру болып табылады. 

Бірақ, осы заңның бір ұшы шетелде жүрген қандас бауырларымыздың Атамекенге оралсам деген өрекпіген көңілін су сепкендей басып, Елбасының өзі бастамашы болып отырған «Нұрлы көшке» нұқсан келтіріп отыр. Атап айтқанда, бұл заңның алғашқы жобасында шетелдік этникалық қазақтардың Қазақстан Республикасының азаматтығын алуы үшін елімізде міндетті түрде бес жыл тұру мерзімі белгіленді. Қоғамда қарсы пікірлер тудырған бұл мерзімді Сенат төрт жылға төмендетуді ұсынып, Мәжіліске кері қайтарғаны белгілі. Иісі қазақты шулатқан осы заң жобасының Мәжіліске қайтуына Нұрлан Оразалин, Қуаныш Айтақанов сияқты сенаторлар ықпал еткен еді. Н. Оразалин: «Бұдан қиын күндерде де алыстағы ағайындарымызды елге шақырып, жағдайын жасап, азаматтық бергенбіз. Енді, бүгін дамыған елдердің қатарына қосылып, тұрмысымыз түзелгенде, қазақ баласын екіге бөліп, жылатқанымыз елдікке жатпайды», – десе, сенатор Қ. Айтаханов: «Бұрынғы біздің заң жобасын­да жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алу материалдарын қарау мерзімі 3 айдан ас­пайтын. Қазір 5 жыл дедік, енді 4 жылға түсірдік. Тым ұзақ емес пе? 1 жыл немесе 2 жылға түсіруге болады ғой. Неге біз оны 5 жылдан түсіріп, 4 жыл дедік. Неге оны бір жыл демейміз. Осыған біз түсінбей отыр­мыз» – деген болатын. Мәжіліс қайта қарап, оралман ағайынға Қазақстан азаматтығын беруді тарихи отанына келгеннен кейін төрт жыл өткен соң ғана беру керек деген ұсынысты мақұлдады. Қалың қазақ «Енді қалай болар екен?» деп дүдәмал күйге түсті. Оралмандардың азаматтық алуын бес жылға дейін созып, квотасын мүлдем жою керек деген Е.Досаевтың бастамасына зиялы қауым да, шеттегі ағайын да наразылық білдіріп, «Бұл заң жобасына қол қоймаңыз» деп Елбасыға ашық хаттар жазды, Атажұртқа қарай бәсеңдей бастаған көштің дамуына одан сайын кедергі келтіретін заңға Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың вето қоюын өтінді. Осылайша, қазақты шулатқан заңның тағдырын Президенттің қол қойып бекітуі ғана қалғанда, барша қазақ Елбасына үміт артып, ол оны кері қайтарады деген сенімде болды. Алайда, 2013 жылдың 10 желтоқсанында мемлекет басшысы еңбек көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Сөйтіп, қазақтың үміті ақталмады… Бәлкім, Елбасымыз заң жобасын ұсынған министр мен екі палаталы парламент депуттарының білімі мен біліктілігіне сенген болар, кім білсін. Енді күшіне енген жаңа заң бойынша тарихи отаны – Қазақстанға көшіп келетін шетелдік қазақтар төрт жылдан кейін ғана азаматтық ала алады… Азаматтықсыз, «ИИН»-ді алмай ешкім баласын мектепке орналастыра алмайтыны белгілі. Тұрақты тіркеусіз «Оралман куәлігі» жоқ. Ал, тұрақты тіркеуге тұру үшін түрлі қолдан жасалған кедергілер  жетіп артылады. «Оралман куәлігін» болмаса, зейнетақы рәсімдеу, жаңа туған балаларына жәрдемақы төлеу, түрлі төлемақылардан қағылады. Оның үстіне, қолданыстағы заңнама бойынша «Оралман куәлігінің» мерзімі 1 жыл. Ол осы бір жылдың ішінде азаматтыққа құжаттарын тапсырып үлгеруі тиіс. Ал, азаматтық беру мәселесі 4 жыл қарастыруда болмақ па? Яғни, «Халықтың көші-қоны» мен «Еңбек көші-қоны» заңдары бір-біріне қайшы.  Шетелдегі қандастарымыз Қазақстанға елім, жерім деп келгенде, төрт жыл бойы Қазақстан азаматы деген асқақ сезімді сезіне алмауы елді­гімізге сын емес пе? Басқа ұлттарға бауыр­мал, жатқа қонақжай қазақ ұлты өзі­нің шетелдегі қазақ қандастарына неге кенеттен тасбауырлық танытып отыр?

Көші-қон заңнамасын өзгертіп толық­тырудың бастамашысы – Экономика және бюджеттік жоспарлау министріміз Ерболат Досаев болса, азаматтық алушы адам 4 жыл ішінде балаларының оқу проб­лемаларын, орналасу, бейімделу сияқты мәселелерін шешетінін, осы заң жобасын әзірлеуде бірқатар шетелдердегі еңбек көші-қоны туралы заңдар мен олардың іске асырылу тәжірибесі зерт­телгенін айтты. Өзі қамшының сабындай ғана қысқа өмір, оның 4 жылы азаматтықсыз өтсе не болғаны? Дәл осы жерде, Е.Досаев мырзаның еңбек көші-қоны мен этникалық көші-қонды шатастырып алғаны анық байқалады. «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі № 477-IV Заңының 3-бабында көшіп келудің негізгі бес түрі айқындалған:

Қазақстан Республикасының аумағына келу және Қазақстан Республикасының аумағында болу мақсатына қарай көшіп келудің мынадай негізгі түрлері бар: 1) тарихи отанына оралу мақсатында; 2) отбасын біріктіру мақсатында; 3) білім алу мақсатында; 4) еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында; 5) гуманитарлық және саяси уәждер бойынша. Яғни, экономист-министр 3 тармақтың 1-ші жолында көрсетілген тарихи Отанына ора­лушы қазақ қандастарымызды 4-ші санамадағы Қазақстанға жұмыс іздеп келуші еңбек мигранттарымен теңестіріп тұр. «Репатриация» дегеніміз – шетел территориясында өмір сүріп жатқан ұлты бір қандастардың өзінің тарихи Отанына оралуы. Ал, еңбек мигранттары – жұмыс іздеп, бір елден екінші елге пайда тауып, күн көрсем деген ойдағы көшіп-қонушылар, яғни, «гастарбайтерлер» (немісше – Gastarbeiter; сөзбе-сөз: қонақ-жұмысшы). Репатрианттар тарихи отанына оралып, азаматтық алып, ел-жұртта тұрақтап қалуды армандаса, еңбек көші-қонымен келетіндер Қазақстанда уақытша жұмыс істеп, ақша тауып, кері қайтып кетуді көздейді. Сонда, оралман «гастарбайтермен» тең болғаны ма? Шетінен ғалым болса да, бұл қалай деген депутаттар жоқ, сөз бұйдамен бұрмаланған мәтіннің кесірі енді шетелден келуші қаншама репатриант қазаққа сор болары белгісіз. Осы заңның 26-бабындағы «Оралмандардың құқықтары мен мін­деттері» жазылған 1 тармақшада оралмандар мен олардың отбасы мүше­­лерінің жеңілдетілген тіркелген) тәр­тіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құқықтары бекі­тілген болатын.
Бұдан бөлек, «Қазақстан Республи­касының азаматтығы туралы» 1991 ж. 20 желтоқсандағы № 1017-XII Қазақстан Республикасының Заңының (ҚР Прези­дентінің 03.10.95 ж. N 2477 жарлығына сәйкес, сонымен қатар, 17.05.02 ж. № 322, 2004.20.12 ж. № 13-III, 2009.29.04 № 154-ІV ҚР Заңдарымен өзгерістер мен толықтырулар ендірілген) 16-бабында Қазақстан Респуб­ликасының азаматтығына қабыл­дау шарттары айқын­далған. Мұнда: «Қазақстан Рес­публикасының азаматтығына:
1) Қазақстан Республикасының аума­ғында заңды негізде кемінде бес жыл тұрақты тұратын не Қазақстан Рес­пуб­ликасының азаматтарымен кемінде үш жыл некеде тұратын адамдар қабылданатын болады.
Қазақстан Республикасының азамат­тығына қабылдаған кезде кәмелетке толма­ғандардан, пайым қабiлетiн жоғалтқан не Қазақстан Республикасының Президенті белгілейтін тізбе бойынша кәсіптерге ие және талаптарға сай келетін адамдардан және олардың отбасы мүшелерінен және Қазақстан Республикасы алдында ерекше еңбек сiңiрген адамдардан, сондай-ақ Қазақстан аумағынан кеткен адамдар мен олардың ұрпақтарынан, егер олар тарихи Отаны ретiнде тұрақты тұру үшiн Қазақстан Республикасына қайтып оралған болса, олардан осы тармақшаның бiрiншi абзацында көзделген шарттардың болуы та­лап етiлмейдi» – деп тайға таңба басқандай жазылған. Сонда, еңбек көші-қоны­на ендірілетін өзгерістер мен толық­ты­рулар азаматтық туралы заңнамаға да қайшы келмей ме?
Ұлттық мүддеге сәйкес жүргізілген көші-қон саясатының арқасында тәуелсіздік алғалы бері шетелде жүрген миллионға тарта қазақ қандастарымыз тарихи Отанына оралып, Қазақстан Республикасының азаматына айналды. Оралмандар да «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп, егеменді елімізді ны­ғайтуға өзіндік үлестерін қосуда. Тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарынан бас­тап биылға дейін Қазақстанға шетелдегі қазақ қандастарды жинау жүйелі және бірізді жүрді, мемлекеттік қолдау жасалғандықтан нәтижесі де айтарлықтай болатын. Ал, енді, оқыстан үркіп, шабысын кілт тоқтатқан ат сияқты, елге оралушы қазақтың көшін кідіртуге не түрткі болып отыр?

Тәуелсіз Қазақстандағы
этникалық көші-қон
саясатының сипаты

Қазақстанға бағыт алған этникалық көші-қонның тарихына қысқаша тоқталар болсақ, 1991 жылдың басында әуелі «Қайт, қазақ Отаныңа!» деп Қазақстанның зиялы қауымы бас көтерсе, ел Президенті Н.Назарбаев «Алыстағы ағайындарға ақ тілек» атты әйгілі хатын жария­лады. Хатта: «Атамекенге келемін деушілерге жол ашық, ата-баба аруағы алдарыңнан жарылқасын», – деген ақ тілек айтылған. Осы хат онсыз да елпілдеп, елегізіп отыр­ған шетелдегі қазақ қауымын рухтандырды. 1992 жылдың 28 қыркүйегінде Президентіміздің бастамасымен Алматыда Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды. Тәуелсіздік алған тұста репатриация процесін реттеуші негізгі құқық­тық құжат – 1992 жылғы 26 маусымда қабылданған «Иммиграция туралы» Қазақстан Республикасының Заңы болды. «Иммиграция туралы» заң этникалық қазақтардың көшіп келуінің ұйымдық мақсатын қамтамасыз ету және реттеудің, оларға жаңа жерде қолайлы жағдай жа­саудың құқықтық негіздерін құрап, шет елдерде тұратын қазақтар үшін тарихи Отанына емін-еркін оралуға мүмкіндік берді. Тіптен, сол кездегі Министрлер Кеңесінің «Көші-қон туралы» қабылдаған қаулысы бойынша ҚР Еңбек министрлігінің жанынан арнайы мемлекеттік орган – Көші-қон басқармасы құрылған болатын. Аталған басқарма шама-шарқы жеткенше репатрианттардың Қазақ еліне оралуына ықпал етті. Иммиграция заңының негізінде көші-қонның жыл сайынғы квотасы 1993 жылдан бастап белгіленді, оны Министрлер Кабинетінің ұсынысы бойынша Қазақстан Президенті бекітетін болды. Квотада келушілердің мемлекеті мен шектеулі саны, оларды қабылдаудың, орналастыру мен бейімдеудің жағдайлары, сондай-ақ, олар қоныстанатын аймақ пен шаруашылықтың түрі көрсетілді. Ал, ҚР Министрлер Кабинеті 1992 жылы 23 қыр­күйекте қабылдаған «Шет елдегі қазақ диаспорасының өкілдерін Қазақстан Респуб­ликасында болған кезінде әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктермен қамтамасыз ету туралы» әйгілі №791 қаулысы алыстан арып-шаршап жеткен ағайынның осы топырақта өсіп-өніп өмір сүруіне оңтайлы жағдайлар жасады. Оралмандардың көпшілігі үй-жай және басқалай жеңілдіктерге қол жеткізді.
Бірінші Дүниежүзі қазақтарының құ­рылтайы 1992 жылғы 28 қырқүйек пен 3 қазан аралығында Алматы қаласында өтті. Құрылтайдың басты мақсаты – бүкіл әлемдегі қазақ қауымының болашағы жөнінде ойлау, ұлтымыздың тарихын-дағы осынау ерекше белестің тұсында ендігі тағдыр-талайымыздың қалай өрі­летінін талқылау. Құрылтай барысында әлем қазақтарының ұйытқысы болатын қауымдастық құрылды. Ең бастысы – тұңғыш Құрылтай алыстағы ағайынның елге оралатын ұлы көшіне қозғау салып берді. Осы құрылтайда сөйлеген сөзінде Н.Ә. Назарбаев: «…Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан. Біз туған мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне, халықаралық қоғамдастықта абыройының өсуіне адал қызмет етуге парыздармыз» – деп, «Бар қазақ – бір қазақ» деген сарындағы жалынды сөз сөйледі. Көп ұзамай, 1993-1994 жылдары басталған эконо­микалық дағдарыс көші-қонның барысына кері әсерін тигізді. Сөйтіп, дабырамен басталған көш бір мезгіл саябырлап, кейбір жерлерде «кері көшу» орын алды. 1995 жылдан бастап қазақ көші түзелді. Президенті Жарлығымен 1996 жылы қабылданған «Шет елдегі ағайындарға қолдау көрсету туралы мем­лекеттік бағдарлама» және 1997 жылы қабылданған «2000 жылға дейінгі көші-қон саясатының негізгі бағыт­тары» туралы қуатты құжаттар жасалды.
1997 жылы Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2030» Жолдауында күшті демографиялық саясат елдiң ұлттық қауiпсiздiгiнiң басымдығы ретінде айқындалды. Соған сәйкес, 1997 жылғы 13 желтоқсанда «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасы Заңы қабылданды (2011 жыл­ғы 22 шілдедегі «Халықтың көші-қоны туралы» № 477-IV Заңмен күші жойылған). Бұл заңда шетелде тұратын бұрынғы отандастармен және этникалық қазақтармен өзара қарым-қатынасты, оның ішінде, мәдени ынтымақтастық пен ақпараттық қамтамасыз ету саласындағы өзара қарым-қатынасты қолдау мен дамытуға, этникалық қазақтардың тарихи отанына қоныс аударуына жәрдемдесуге айтарлықтай көңіл бөлінді. 1997 жылғы «Халықтың көші-қоны тура­лы» заңда алғаш рет шеттен келген отандастарымызға оралман анықтамасы қолданылды. Мемлекет құрушы қазақ ұлтының саны мен сапасының артуы стратегиялық маңызы зор мәселе. Осылай бола тұра, Қазақстандағы өзге кірме ұлт өкілдеріне бауырмал қазақ шетелден оралған қандастарына «оралман» деп алабөтен қарайтыны түсініксіз. Бұл заңда айтылғандай: «Репатриант (оралман) – жалпы саяси қуғын-сүргін актілері заңсыз реквизициялау, күштеп ұжымдастыру, ізгілікке жат – өзге де іс-әрекеттер салдарынан тарихи отанынан тысқары жерге қуылған және азаматтығынан айрылған, Қазақстан Республикасына тұрақты тұру мақсатымен ерікті түрде қоныс аударған байырғы ұлт адамы, сондай-ақ, оның ұрпақтары». Осы жерде, «оралман» деп айтуды қате деушілер мен «репатриант» деген терминді өзгеріссіз қалдыру қажет деген пікірлер болғанын айта кеткен жөн. Сонымен қатар, «ирридента» терминін қолдануды ұсынушылар да болды. Мысалы, Қытайдың қазақ жерімен шектесетін Іле, Алтай, Тарбағатай, Еренқабырға өңірлерінде қазақтар ежелден бері тұрып келе жатыр, сол сияқты, Ресейдің Омбы, Орынбор, Астрахань, Саратов, Қорған, Таулы Алтай; Өзбекстанның Сырдария, Жизақ, Гүлстан, Келес, Қарақалпақ сияқты шекаралас аймақтарындағы қазақтар өздерінің тұрғылықты жерлерін ата-бабалар заманынан атамекен санайды. Олар өзге елдің азаматы болғанымен, туып-өскен жерлерін саяси-тарихи жағдайлар мен шекаралық межелеудің салдарынан басқа елдің шекарасы ішінде қалып қойған қазақ жерлері деп біледі. Мұндайларға қатысты ғылымда ирридента деген термин бар. Бұл жерде ешқандай арам ойымыз жоқ, Қазақстан көршілес елдермен шекараларын анықтап қойды, ешкіммен таласымыз жоқ, қазақ ирриденталары да сепаратизмнен аулақ. Біздің айтпағымыз – Қазақстанмен шекаралас болса да, шет жерде саны қалың диаспора, ирридента күйінде қалған, шалғайда тарыдай шашылған бауырларымыздың саны 1997 жылдың басында 5 миллион 400 мың болса, қазір жобамен 4,5 миллионнан асады екен.
Ал, 1998 жылы 16 қыркүйекте ҚР Үкіметінің № 900 қаулысымен «Этникалық қазақтарды тарихи отанына репатриа­циялаудың тұжырымдамасы» қабыл­данды. Тұжырымдамада этникалық қазақтарды тарихи отанына репатриациялау мен өңірлердің демографиялық және әлеуметтік-экономикалық даму мүдделерін ескере отырып, оралмандарды ұтымды орналастыруды ұйымдастыру Қазақстан Республикасының көші-қон саясатындағы басымдық ретінде айқындалған. Көп ұзамай, 2000 жылы маңызы зор тағы екі құжат: 17 тамыздағы № 1272 және 5 қыр­күйектегі № 1346 Үкімет қаулысымен бе­кітілген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік демографиялық саяса­тының тұжырымдамасы» және «Қа­зақстан Республикасының көші-қон саясатының тұжырымдамасы» қабылданды. Бұл құжаттардан демографиялық даму экономиканың өсуiне, елдiң қорғаныс қабiлетi мен мемлекеттік қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге тiкелей әсер етедi деген ұлттық мүд­демен астасып жатқан қағиданы анық бай­қауымызға болады.
2001 жылғы 29 қазанда Қазақстан Үкіметі «Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2001-2010 жылдарға арналған салалық бағдарламасын» бекітті. Оның мақсаты – еліміздің бір­қа­лыпты әлеуметтік-экономикалық, демо­графиялық дамуын қамтамасыз етумен қатар, мигранттардың құқықтарының орындалуына жағдай жасау, сондай-ақ, еліміздің қауіпсіздігін арттыру болып табылады. 2002 жылғы 23 қазанда Түркістан қаласында Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайы өткізілді. Бұл жиында оралмандар үшін өзекті көшіп келу, білім алу, еңбек ету мәселелері жан-жақты қаралды.
Дүниежүзі қазақтарының үшінші құрылтайы 2005 жылғы 28-30 қыркүйек аралығында Астана қаласында өткі­зілді. Бұл құрылтайда Елбасы Н.Ә. Назарбаев 1991-2005 жылдар аралығында елімізге барлығы 110 мың 591 оралмандар отбасы қоныс аударғандығын айта келіп, еліміздегі қазақтардың саны алты жүз мыңға жуық адамға көбей­гендігін атап өтті. Елбасы әлемдегі әрбір үшінші қазақ шет елдерде тұратынын, қазақтарды тарихи отанға жинап, бірік­тірудің маңызын ерекше атап өтті. Сол кезеңдегі Көші-қон және демография агенттігінің мәліметтері бойынша, 1991-2006 жылдары шет елдерден келген оралмандардың жалпы саны 143343 отбасы шамамен, 565757 адам болған.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2007 жылғы 27 қыркүйектегі № 224-ө бұйрығымен Оралман мәртебесін беру ережесі бекітілді. Ережеде «Оралман» мәртебесін беру және оның тіркелуі туралы өтінішті беру тәртібі, оралман мәртебесін беру тәртібі айтылған. Оралман куәлігі қатаң есептіліктегі құжат және олардың мәртебесін растау үшін негіз. Қазақстан Үкіметінің 2007 жылғы 29 қыркүйектегі № 858 қаулысымен «Оралмандарды көшіп келу квотасына енгізу» Ережесі, 2006 жылғы 6 қаңтардағы № 15 қаулысымен «Көшіп-келу квотасы бойынша келген оралмандарға тұрақты тұратын же­ріне бару және мүлкін (оның ішінде малын) апару жөніндегі шығыстарын өтеу, келген жері бойынша тұрғын үй сатып алу үшін қаражат бөлу және біржолғы жәрдемақыларды төлеу» Ере­жесі бекітілді. 
Еліміздегі көші-қон процестерін басқару жүйесін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 28 тамыздағы № 399 жарлы­ғымен «2007-2015 жылдарға арнал­ған көші-қон саясатының тұ­жы­рымдамасы» қолданысқа енді. Мақсаты – еліміздің ұлттық бірдейлігі мен қауіпсіздігін сақтау және дамыту шеңберінде заңсыз көші-қонды барынша азайту және сұрыптаушылық көші-қонды қалыптастыру жолымен көші-қон ағынының келеңсіз салдарын азайту болды.  Тұжырымдамада көші-қон саясатын басқарудың жаңартылған стратегиясы анықталған: мамандарды іріктеу критерийлеріне негізделген көшіп-қонушыларды тарту тетіктерін әзірлеу; өңірлердің демографиялық және әлеуметтік-экономикалық даму мүдделерін, өңірлік еңбек нарықтарын негізге ала отырып, көшіп келушілерді ұтымды орналастыру тетіктерін әзірлеу; көшіп келушілерді заңдастыру, бейімдеу және кіріктіру жөніндегі шаралардың жүйелерін әзірлеу; шет мемлекеттердің практикалық тәжірибесін пайдалануды қамтиды, мұның өзі белгілі бір дәрежеде көшіп келушілерді кіріктіру контексінде мемлекеттің саясатын күшейтіп, жақсарту.
Бұған қоса, Елбасының өзі оралмандарды Қазақстанға көшіруге жаңа серпін беретін «Нұрлы көшке» бастамашы болды. 2008 жылғы 2 желтоқсанда «2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 1126 қаулысы шықты. Бағдарламаны жүзеге асыруға 197 795,6 млн. теңге қарастырылып, бұл қаражат республикалық, жергілікті бюджеттерден және Қазақстан заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздердің есе­бінен берілетін болады. Үш жылдық бағ­дарлама аясында 60 мың отбасы, яғни, орта есеппен 300 мыңдай адамды көшіріп алу жоспарланды. Өкінішке орай, бұл бағдарламаның жүзеге асуында түрлі олқылықтар орын алды. ҚР Парламенті Мәжілісінде ҚР Үкіметінің 2011 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне қорытынды жасаған есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев «Нұрлы көш» бағдарламасы тиімсіз жүзеге асырылып жатыр деп мәлімдеді. Мәселен, жалпы құны 2,6 млрд. теңгеден астам сомаға 3223 пәтер салынған болса, соның 622-не ешкім қоныстанбаған. Бағдарламаның орындалуы, оның аясындағы шараларды іске асыру барысында тиісті мониторинг және ведомствоаралық өзара іс-қимыл ұйымдастырылмаған. Жоспарланған 21 іс-шараның 9-ы орындалып, 3-уі орындалмаған, 9 іс-шара ішінара, кешіктіріліп және сапасыз атқарылған. Бұдан бөлек, салынған тұрғын үйлердің өз бағытты орнына пайдаланылмай отырғандығы анықталған. Жалпы, Есеп комитетінің қорытындысы бойынша «Нұрлы көш» бағдарламасы әлі де пысықтау мен жақсартуды қажет етеді. Соған қарамастан, 2011 жылғы 25-27 мамырда Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының  төртінші құрылтайында сөйлеген сөзінде ҚР Президенті – Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төр­алқасының төрағасы Н. Назарбаев «Нұрлы көш» бағдарламасының екінші кезеңін жүзеге асыруды дағдарысқа қарамастан қолға аламыз деп мәлімдеді. «Халықтың көші-қоны туралы» Қа­зақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі № 477-IV Заңы да «Нұрлы көшке» игі ықпал ететіндей мазмұнда болатын. Оралмандар мен олардың отбасы мүшелерінің  жеңілдетілген тәр­тіппен Қазақстан азаматтығын алу құқығы бекітілді. Алайда, «Үкіметтің 2011 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысымен 2011-2014 жылдары жыл сайын 10 мың оралман отбасыға квота бөлінеді деп бекітілген болатын. Үкімет бұл қаулыны кері қайтарып алды», – деген Көші-қон полициясының хабарламасы талай қазақтың үмітін су сепкендей басты. 2012 жылғы 23 сәуірде Қазақстан Үкіметі бұл қаулыны кері қай­тарып алды. Елбасының айтқаны неге іске асырылмай қалғаны беймәлім. Көші-қон органы қысқа ғана: «Квота дұрыс бөлінбеген, аймақтық ерекшеліктер ескерілмеген. Олқылық түзелген соң бәрі қалпына келеді» деген түсіндірме берді. Квотаға қол жеткізу мұң болып тұрғанда, жығылғанға жұдырықтай болып, оралмандарға азаматтық беруді 4 жылға дейін созатын жаңа талап заңды түрде бекітіліп кетті. Осылайша, тәуелсіздік алған кезеңнен бері бір ізді жүргізілген этникалық көші-қон саясаты сұйылып, «Нұрлы көштің» соңы сиыр құйымшақтанып, Ата жұртқа жол тартқан қандастарымыздың көші дағдарып қалды. Асылы, қа­зақ­тың санын өсіретін ұлы көшті тоқтатпағанымыз жөн еді. Осыған орай, «Оралмандар Қазақстандағы қазақтың санын арттырып жіберетін болды деп қауіптенетіндер бар ма, қалай?» деген күдік көңілімізге ұялайды…

«Оралманофобия» немесе «Күріштің арқасында күрмек су ішедінің» кері

Ащы да болса айтуға тура келетін шындықтың бірі – қоғамымызда орал­ман­дарға қатысты жекелеген теріс пікір­лер­дің болуы. Басқасы басқа, кейбір қазақ­тардың өзінің шетелдік қандастарына «оралман» деп, мұрын шүйіріп, кейбіреулері күндеп, «Оралмандар жеңілдік алатындай Қазақстанға қандай еңбек сіңіріп еді?» – деп алакөзбен қарайтыны қынжылтады. Тіпті, «Оралмандар – қиын кезеңде елді тастап қашқандар» деп кінәлайтын «біздің» қазақтар баршылық. Басқасы басқа, кей­бір қазақтардың өзінің шетелдік қан­дастарына «оралман» деп, мұрын шүйіріп қарайтыны қынжылтады. Қа­ра­пайым халық не айтса да, өзара күңкілдеумен шектелетіні белгілі. Қара­ша халық айтар да қояр десек, ресми адам­дарға қатысты олай дей алмаймыз. 2011 жылғы 6 қыркүйекте Алма­тыдағы Дүниежүзі қазақтары қауым­дас­­тығында «Этникалық көші-қон: құ­рыл­тай шешімдері және жаңа заң» атты дөңгелек үстел өтіп, оған  шетелдегі қа­зақтардың бірлі-жарым өкілі, көші-қон комитеті, сыртқы және ішкі істер, білім министрліктерінен қызметкерлер, қазақ кө­шіне алаңдап, алыстағы ағайынның ата­жұртқа оралуына атсалысып жүрген аза­­маттар қатысқан. Осы жиынды жүр­гізген Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев арыз-шағымы бар оралмандарға қырын қарап, жекіп сөйлеп, тіптен дүйім жұрттың алдында қандастарымызға: «Оралмандарды ұрғаным бар. Сыйласып жүрміз бе, сыйласып, адам сияқты жүріңдер. Жөні жоқ есіріп, құтырмаңдар!» деп кіжінгенін БАҚ өкілдері бүкіл елге таратып жіберді. «Дүниежүзі қазақ­тарының қауымдастығы» деген дардай аты бар ұйым­да оралмандар осындай теперіш көрсе, өзгесін айтпай-ақ қойсақ та болар…
Жаңаөзен оқиғасының қарсаңында жекелеген ресми билік өкілдері де оралмандарға қатысты ойларын жария айта бастады. Тимур Құлыбаев 2011 жылғы 29 қыркүйекте Ас­танада өкен «Expert» пікірталас клубының оты­рысында Жаңаөзендегі ереуілшілерді «Түр­­­кі­­­менстан, Қарақалпақстаннан тұ­­­­тас ауыл болып көшіп келіп жат­қан орал­мандар. Оларда өздерінің Қара­қалпақстаннан бірге келген ресми емес же­тек­шілері бар. Ол жаққа ке­летін адамдар санын баяғыда-ақ шектеу керек еді» деді. Т.Құлыбаев бұл ереуілге жергілікті қазақтардың еш қатысы жоқ екенін баса айтқан. Сөйтіп, қазақ қоғамында «Оралманофобия» ашық бой көрсете бастады. Сол сияқты, 2012 жылғы 12 қаңтарда Лондондағы Чатэм Хаус атты Корольдік ха­лықаралық қатынастар институтында сөз сөйлеген Қазақстан Президентінің саяси мәселелер бойынша кеңесшісі Е. Ертісбаев елдегі саяси-әлеуметтік ахуалға қатысты биліктің ресми ұстанымын жария еткен. BBC-дің орыс қызметінің жазуынша, бұл жолы Чатэм Хаус өз ережелеріне өзгеріс жасап, баяндамашының сөздерін баспасөзде жариялауға рұқсат берген. Азаттық радиосы осы кездесуге қатысқан Лондон университетіне қарасты Шығыстану және африкатану мектебінің доценті Бавна Давемен қысқаша сұхбаттасқан. Б. Давенің айтуынша, Е.Ертісбаев сараптамасының бірінші сөйлемінде-ақ, Жаңаөзендегі мәселелер қате көші-қон процесінің шарықтау шегі екендігін айтқан. «Сосын Е.Ертісбаев Жаңаөзен халқының саны соңғы 15-20 жылда Өзбекстан мен Түркіменстаннан келген мигранттардың себебінен екі есеге жуық өсіп кеткеніне баса назар аударды. Оның «мигранттар» деп оралмандарды меңзеп отырғаны түсінікті» – дейді Б.Даве.
«Арқада қыс жылы болса, ар­қар ауып несі бар» дегендей, алпауыт жұмыс берушілер мұнайшы жұмыс­шылардың табан ақы, маңдай тері­мен тапқан жалақысын уақытында бе­ріп, қарапайым еңбекшілердің мұң-мұқтажын елеп-ескеріп отырса, кәсіп­одақ пен мемлекеттік билік тиісті қадағалауын жасаса, Жаңаөзенде қанды қырғын орын алмасы анық еді. Бұған оралмандардың қандай қатысы бар екенін дүйім жұрт сол бойы түсіне алмай қала берді.
Оралмандарға қатысты тағылатын «кінәлардың» бірі – квотаға бөлінген ақшаны алып алған соң, қайтадан шетелге қашып жатыр деген қауесет. Ойлап қарасаң, қисыны жоқ жала. Қазақстанға алғаш келген этникалық қазақ оралман мәртебесін алғанша шетелдік азамат болып табылады. Шетелдің азаматы қазақстандық заңнаманың қалтарысты тұстарын, бөтен елдің заңын бұзу арқылы алаяқтық жасауды қайдан білсін. Бірді-екілі жылпос оралмандар бар да болар, бес саусақ бірдей емес қой. Бірақ, «Бір құмалақ бір қарын майды шірітетіні» сияқты, кейбір оралманның қылмысы үшін бүкіл оралман қауымына күйе жағуға болмас. Бәленің бәрі өзіміздің ішімізден шығып жатыр. Яғни, «Күріштің арқасында күрмек су ішетін» жағдай қалыптасқан. 2003-2004 жылдары қабылдануға тиіс 15 мың отбасының 13807 ғана оралғандықтан, Үкімет ел-елге бөлген квотаның шектеуін алып тастады. Бюджет қаржысы игерілмей қалатындықтан, квота бойынша баспана берілетін тәртіп те өзгеріп, үй орнына нақты ақша бөліне бастады. Оралман отбасындағы жан басына белгілі бір мөлшерде (1000 АҚШ доллары шамасында) қаражат тағайындалды, бір отбасы адам санына қарай орта есеппен 1 миллион теңгеге жуық  жәрдемақы алатын болды. Бұл  жемқор­лыққа кеңінен жол ашты. Жалған құжат жасап, оралманға бөлінген ақшаны талан-таражға салу белең алды. Мысалы, 2008 жылы баспасөз бетінде Ақмола облысына келген 700 оралман отбасының жәрдемақы алысымен ізім-ғайым жоқ болып кеткені айтылды. Кейінірек, ол облысқа 700 оралман  отбасы­ның өздері емес, жалған құжаттары ғана барғаны белгілі болды. Бұл бір облыс­та кемінде 700 миллион теңге қолды болды деген сөз. Шетелдегі қазақтарды сыртынан квотаға енгізіп, заңсыз ақша табу әрекеті осы кезеңде көбейді. Ел ішідегі кейбір жемқор қазақ пен шетелдік жылпос қазақ «тандем» құрып, қу құлқынның құлына айналды. Сөйтіп, «Нұрлы көшті» қожыратты, іргелі істі іштен ірітіп, кесірін жалпы қазаққа тигізді. Пәтер беруде алданған оралмандар да жетерлік. «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша елге оралып, квотамен Курчатов қаласынан пәтер алуы тиіс 10-нан астам оралман отбасы қағазбастылықтың кесірінен үйсіз-күйсіз арып-ашып, бүгінде Қытайға қайта көшіп кеткенін журналистер қауымы шулап айтты. Өз елі өзегінен тепкендерге оңай тиіп тұрған жоқ. Қазақ еліне «оралман» болып сіңбей, қайтып келгендерді Қытайда «қарабет» деп кемсітетін көрінеді. Оңтүстік Қазақстанда қаншама оралман отбасы жер аламыз деп алаяқтарға жем болды. Одан қалды, қарақалпақ, ұйғыр, дүнген, қытайды шетелдік этникалық қазақ деп рәсімдеп жіберу фактілері де орын алды. Тіпті, келеңсіздіктің асқынғаны сонша, бұл мәселе туралы Елбасының өзі оқитын республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде «Оралмандар­ды орналастырудағы оралымсыздықтар» (25.10.2005), «Көші-қон және жаңа заң» (25.05.2010), «Оралман көші: күдік пен үміт», «Адал жолдың азабы» (24.07.2012) сияқты түрлі материалдар жарияланды, телеарналарда небір репортаждар жасалып, Азаттық радиосы оралмандардың алдануы жайлы арнайы зерттеу де жүргізді. Қайсы бірін тізе береміз, «Нұрлы көштің» соңы «Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы» дейтін жағдайға ұқсап кеткені өкінішті-ақ… Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында жазушы Д.Исабеков сөз алып, Елбасына оралмандарға қатысты орын алып отырған алаяқтық фактілерді жоюды, айыптыларға әділ жаза беруді өтініп сұрады. Д. Исабеков Моңғолиядан келген 800 қазақтың қайтадан Моңғолия азаматтығын сұрауының себебін оралмандардың квотаға алмақшы ақшаларын қазақстандық алаяқ азаматтар иеленіп кетіп, тақырға отырғызуы деп мәлімдеді.
Сондай-ақ, оралмандар есебінен жеке бастарын байытуға тырысатындар да жетерлік. Бір ғана мысал: Шығыс Қазақстан облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімін басқарған Жанэт Нұрлан деген шенеунік «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша «Шығыс» ауылындағы оралмандарға үй салуға бөлінген 500 млн. теңге қаржыны қал­тасына басып, қашқаны белгілі. Тексеру барысында оралмандарға арналған 300-ге тарта жаңа үйдің 170-і жарамсыз екені анықталған. Кейін тергеуде жатқан күдікті ұрлаған қаржының 150 млн. кері қайтарып, «Шығыс» ауылындағы 70-ке жуық үй қайта жөнделген. Алаяқтар құрылыс бағасын арзандату мақсатында үйдің жылу жүйесін тұтынушыға қымбатқа түсетін электр энергиясына қоса салыпты. Қыс бойы азап көрген оралмандар көктемде Өскеменге кіреберіс жолды жауып тастаған соң ғана бұл қылмыстың беті ашылды. Ақырында, аңғал оралман ағайындар электр энергиясына 42 млн. теңге қарыз болып шықты. 
«Іштен шыққан жау жаман» екенін осындайда түсінесің. Еліміз үшін стратегиялық маңызы бар салаларды жемқорлықтың жаулауы – ұлттық қауіпсіздігімізге төнген қатер болып табылды. Оралмандардың құқықтарын пайдалана отырып, алдау-арбау арқылы мал табуды үйренген баукеспелердің кесірінен еліміз үшін мәні зор «Нұрлы көшіміз» дағдарып тұр. Ал, оралмандар болса, алданып сергелдеңге түскендері былай тұрсын, «пайда үшін отанын сатқан опасыз» деген қара күйені өздеріне қалай жағып алғандарын білмей абдырап жүр. Қысқасы, оралмандармен жұмыс істейтін өкілетті органдардағы сыбайлас жемқорлықтың салдарынан «Айран ішкен құтылып, қазан жалаған тұтыладының» кері келіп отыр. Оралмандардың «нұрлы көшінің» тізгінін ұстағандар шеттегі қазақтарды елге көшірудің, құжаттандыру мен орналастырудың тиімді жолдарын қарастырмады. Сырттан келген қазақтарды ортаға үйлестіру, оларды бейімдеу және олардың интеллектуалдық потенциалын, білімі мен біліктілік қуатын, өзге де қабілеттерін ашуға күш салмады. Көшіп келген қазақтарды көбіне азаматтық беріп, аймаққа бөліп, тіркеумен ғана шектелді. Ары қарай білгеніңді істе, өз күніңді өзің көр деген салғырттық әлі күнге дейін орын алып отыр. Жеңілдетілген азаматтық алу құқығы болған кездің өзінде оралман ағайындар уақытша құжат ұстап, бір жарым-екі жыл шамасында азаматтық ала алмай жүретін. Енді, бұл аз болғандай, түзде де, үйде де теперіш көруден көз ашпаған оралмандардың жағдайы одан сайын қиындамақшы. Бұған не себеп болып отыр? Енді осы сұраққа долбарлап жауап іздеп көрейік.
Бәрімізге белгілі, 2012 жылғы 22 қарашада Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) жасырын дауыс беруі нәтижесінде Астана EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өтетін орын болып таңдалды.  EXPO -2017 тендерін ұйымдастырушылар бұл көрмені өткізудің жалпы құны кем дегенде 2,3 млрд. доллар, яғни, қабылдаушы тарап осынша қаражат жұмсай алатындай болуы тиіс деген талап қойды. Экономикалық дағдарыс жағдайында қаржылық тәуекелге барудан Канада, Австралия, Испания, Франция, Норвегия, Сербия және т.б. елдер бас тартып, өздерінің көрме өткізуге берген өтініштерін қайтарып алды. Ақырғы дауыс беруге екі қала ғана кандидат ретінде ұсынылды: Астана мен Бельгияның Льеж қаласы. ХКБ-ге мүше 161 елдің өкілдерінің жасырын дауыс беру барысында Астананың өтінімін 103 ел қолдады. ХҚБ талаптарына сай көрмені өткізуге белгіленген үш ай ішінде Астана қаласының әлемнің 100 мемлекеті мен халықаралық ұйымдардан кемінде 4 млн. адамды қабылдайтындай шамасы болу керек. EXPO-2017 өткізу ТМД аумағында тұңғыш рет Қазақстанға ғана бұйырып отыр. Бұл үлкен абырой әрі жауапкершілігі өте ауыр халықаралық іс-шара. Мемлекеттік бюджетке де айтарлықтай ауыртпалық салары сөзсіз. Осыған байланысты, Қазақстан экономикасы үнемдеу режиміне өтіп жатқан сыңайлы. 2013 жыл зейнеткерлікке шығу жасын көтеру, салық деңгейін арттыру, бұрын болмаған жаңа салық түрлерін ендіру, кейбір өтемақыларды қысқарту, оралмандарға азаматтық беру мерзімін ұзарту сияқты дау-дамайлы заң жобаларын талқылаумен есте қалды. Зейнеткерлердің ашу-ызасын келтірген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі С.Әбденов отставкаға кетіп тынды. Ал, Экономика министрі Е.Досаев болса, заңнамалық бастамаларының бәрін қабылдата алды: салықтарды көтерді, жаңа салықтарын ендірді, қазақтардың ашуланғанына қарамастан, оралмандарға азаматтық беру мерзімін де төрт жылға дейін создырып бекіткізіп алды. Енді, Алла тағала қайырын берсін, Қазақ елінің мәртебесі арта берсін. Мың өліп, мың тірілген қазақ төрт жылға да шыдар. Бірақ, Атамекенді бағытқа алған шетелдік қазақтардың көші қожырап қалуы әбден мүмкін.
Жалпы, түйіндеп айтар болсақ, әлемдегі кез-келген Қазақстан секілді ұлттық унитарлы мемлекет үшін тұтастық пен тәуелсіздікті сақтаудың негізгі шарттарының бірі – азаматтарын біртұтас халық етіп біріктіру. Тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері атқарылған ауқымды шаралардың бірі – қандас бауырларымыздың тарихи отанына оралуына құқықтық тұрғыдан негіз қалап, сыртқы көші-қон жұмыстарының қолға алынуы. Қазақ елінің болашағы үшін маңызы зор осы үлкен тарихи үрдістің, яғни, Ұлы көштің басталуына қозғау салған Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың игі бастамасы еді. Соның арқасында миллионға тарта қандасымыз елге оралды, бірақ, төрт жарым миллионнан астам қазақ шетелдерде тарыдай шашылып жүр. Олар осыншама уақыт жырақта жүрсе де, қазақ тілін, ділі мен дінін сақтап келді. Өкінішке орай, өзге елдердегі қазақтарға толыққанды қолдау көрсете алмай келеміз, олар қазақ тілі мен мәдениетін сақтап, одан әрі дамыту жағынан қысымшылықтар көруде, жымысқы ассимиляциялық саясаттың зардабын тартуда. Осылай жалғаса берсе, шет мемлекеттік қазақтардың келер ұрпағы ұлттық гендік қорын жойып алу қаупі бар. Сондықтан, шетелдегі этникалық қазақтарды барынша тез Қазақстанға жинауға күш салып, «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасын қайта жандандыру өткір қажеттілік болып табылады. Мысалы, Израиль «Алия» деген репатрианттарды еврей жеріне жинау саясатын жүз отыз жылдан астам уақыт тоқтатпай жүргізіп келеді. ХХ ғасырда «Алия Бет», «Қыран қанаты», «Сиқырлы кілем», «Моше», «Соломон» сияқты арнайы операциялар жүргізіп, холокост, түрлі репрессиялар мен геноцидтерден еврейлерді аман алып қалды. Бір ғана «Қыран қанаты» операциясы барысында Израиль 1949-1950 жылдары Иемендегі 50 мың еврейді дамыл таппай, ұшақпен тасып алған. Бір заманда тоз-тоз болып, қайғы-қасірет шеккен еврей халқы қазір Таяу Шығыстағы жұмылған жұдырықтай мықты мемлекет. Әрқашан ұқыптылығымен ерекшеленетін неміс ұлты да репатриация мәселесіне асқан мұқияттылықпен қарап, 1990-2000 жылдар аралығында ғана 2 млн. аса неміс қандастарын ың-шыңсыз көшіріп алды. Жалпы, 1950 жылдардан бастап қазіргі кезге дейінгі статистика бойынша Германияға шет елдерден 4,5 млн. этникалық неміс оралған. Олардан қазақтың несі кем? Қазақстан алға басқан этникалық көші-қонды кері артпай, әлемдік тәжірибедегі осындай озық үлгілерден сабақ алуы қажет. Оралмандарға қатысты қабылданған қатал заң да қайта қаралатын сәт туар. Оралып жатқан қандастарымыз ХХ ғасырда орын алған кеңестік келеңсіз саясаттың құрбандары екенін ұмытпайық. Олардың елге оралуы еліміздің көркеюіне, біртұтас болуына игі ықпал етпек. Оралмандардың интеллектуалдық әлеуеті, біліктілігі, өмірлік тәжірибелері мен іскерлік қасиеттері Қазақстанның нығаюына қызмет ететін болады. Бұған қоса, мемлекеттік тілдің нығаюына, титулды қазақ ұлтының күшеюіне де айтарлықтай үлес қосылмақ. Шетелден келген бауырларымызбен бірге жаңа леп, жаңа рух келгенін көріп те жүрміз. Құдайға тәубә, оралман қазақтардың қатарында қаншама өнер саңлақтары, дарабоз спортшылар, ғалымдар мен шығармашылық қауым өкілдері, білгір мамандар мен кәсіпкерлер тарихи отанына келіп, Қазақстанның атын әлемге шығарып үлгерді. Олардың ғаламдық ақпарат айдынына тікелей шығуымызға, сол арқылы орыс тіліне деген тәуелділіктен арылуға да септігін тигізетініне сеніміміз мол. Кейбір ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлеріміздің жаңғыруына қандастарымыз ықпалын тигізуде. «Бар қазақ – бір қазақ» деген ұстанымды дамытып, күшті ұлт болып ұйыссақ, елдігіміз баянды болмақ.

 

Алдыңғы «
Келесі »