Коррупция «өзін-өзі басқару» деңгейіне жеткен бе?

  • 06.01.2014
  • 1129 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ, философӘбдірашит Бәкірұлы,
философ

«Біздің қоғам небір оқыс жағдайды болдырмайтындай, оған қарсы тұра алатындай азаматтық қоғамды қалыптастыра алды ма?» деген сұраққа қарай ойысқаны байқалды. Оның бір көрінісі ретінде ұлттық-демократиялық қозғалыстардың бой көтере бастауын айтамыз. Жуырда ғана Алматыда «халық өкілдерінің құ­рыл­тайы» өтіп, онда осы мәселе терең талқыланды. Жалпы, Қазақстан қазақ ұлтының мемлекеттілік тарихының табиғи жалғасы саналатындықтан − он­да­ғы көтерілген «қазақ ұлтының мем­лекеттік жауапкершілігі» мәселесін заман талабынан туындаған десе болады. Яғни, бұл – ұлттық сананың өсуінің ғана емес, оның әрбір өкілінің азаматтық позициясының да нығая бастауының көрінісі. Бірақ, біздің «азаматтық өрісіміз» болашаққа бастауға дайын ба?

Ұлттық діл және азаматтық ұғым
Бұрыннан бері қазақы ділде «азамат» деп ел қамын ойлау деңгейіне көтерілген тұлғаларын атаушы еді. Яғни, осы мағынада «азамат» дегенде санамызда «бойына нағыз ер жігіттерге тән қасиеттерді сіңіруімен қатар, жұрт көшін бастай алатын дана­лықты да меңгерген» деген түсінік пайда болатын. Сондықтан, қазақта «азамат болу», яғни, «қоғамдық қайраткерлік» деңгейіне көтерілу ең биік мәртебе саналды. Әрбір отбасы «ұрпағым осындай болса» деп армандады, тәрбие жүйесі осыған ба­ғын­дырылды. Алайда, кейіннен, біз «азамат» сөзін орыс қалыбына салып «азамат – азаматша» деп қолдана бастадық. Нәтижесінде біздің санамыздағы «азамат» ұғымының мағынасынан «қайраткерлік» шайылып (субъект), мұнда «мемлекеттің азаматы» (объект) мағынасы басымдыққа ие болып шықты. Себебі, халықтан жоғары тұрған, мемлекеттік істерді халықтан бөлек атқарып, ал, халықты тек басқару объектісі деп санаған билікке керегі осы ғана екен. Бұл жағдай кеңестік дәуірде үнемі болды және тәуелсіздіктен кейінгі 20 жылдан астам уақытта сақталып келді…
Қоғамда мемлекеттің дамуында шешуші фактор саналатын бұл түйінді мәселе төңірегінде толғаныс аз. Тіптен, билікке ұмтылушы демократиялық партиялардың өзі де бұл мәселеге жете назар аудармауда. Мысалы, оппозициялық күштердің билікке қойған талаптарының негізінде «азаматтардың заң алдындағы теңдігіне қол жеткізу» мәселесі өткір тұр. Әрине, бұл «азаматтықпен» тығыз байланысты. Бірақ, ондағы сөз «мемлекет азаматы» мағы­насында, яғни, халықты саяси күреске тарту мағынасында айтылатын болғандықтан, ұлттық ділде басты құндылық саналатын «азамат» ұғымы екінші қатарға сырғып, саяси күрестің мақсаты ұлт түсінігіндегі «азаматтықпен» етене қабыспайды. Талаптар тек «билікті алмастыру» ретінде, ал, олар айтатын «азаматтық қоғам» соның бір тетігі деп қабылданып, халық өз жағдайының қиын екеніне қарамастан билікке ұмтылуды көздеген оппозицияға «халықтық қолдау» көрсетпей отыр (Бұл жерде біз «халықтық» деп «көпұлтты мемлекеттің» халқын емес, объективті шындыққа сәйкес келетін «мемлекетті құрушы қазақ ұлты» туралы айтып отырғанымызды ескертеміз).
Осы мәселенің себептерін іздесек, біз, шынтуайтында қоғамымызда К.Маркс айтып кеткен жағдайдың орын алғанын көреміз. Ол: «буржуазиялық мемлекет − өндіргіш күштеріне (қазба байлық, зауыт-фабрикалар және т.т.) иелік етуші үстем таптың, яғни, меншік иесі саналатын – өндіріс қожайындары мен ірі кәсіпкерлердің, қаржыгерлер мен жер иеленушілердің мүддесін қорғайтын саяси құрал. Ондай мемлекетте «азамат» деп байлыққа қол жеткізгендер мен соларға жақын топтар аталады. Мұндай мемлекет «байлар мен «қожайындардың» мақсатын іске асыра отырып, жеке адамдардың дамуына кедергі қояды, азаматтық қоғамның дамуын шектейді. Сол себепті мемлекет пен азаматтық қоғам арасында тепе-тең қатынас, не бір келісім болмайды» деген еді. Өкінішке орай, біз осы айтылғанды қайталадық. Бұның зардабын біз енді ұзақ уақыт бойы тартатын боламыз. Себебі, «жабайы капитализмнің» бұл көрінісі ұлттық ділді өзгертіп, қанға сіңген «азамат» ұғымын өзгертіп қана қоймай, Отан мен Елге деген шынайы сүйіспеншілікті тәрбиелейтін жүйені де қиратуға жол ашты. Бейнелі түрде айтсақ, бұл – мемлекет байлығын ұқсата алмайтын байлардың қолшоқпары да, халық – күнкөрістің күнімен арпалысқан тобыр дегенге жақын болып шығады. Әрине, дәл солай болып кетпесек те, «дағдарыс жағадан, қымбатшылық алқымнан алғанда» − дәл соған айналудың шақ алдында тұрғанымыз анық дер едік…
Мұндай жағдайда жалпы «азамат» болудың қажеті шамалы да: әркімге де «мүддесі мемлекеттік тұрғыда қорғала­тын» азаматтыққа − байлар мен олигарх­тарға айналу және оған саты­лы түрде қол жеткізетін билікке бару маңызды болып шығады. Сөйтіп, ежелден бері «қасқалдақтың қанындай» сақтап, рухани болмысымыздың тірегіне айналған аза­маттығымыз біздің қазіргі болмысымыздан қаша бастаған сыңайлы… Мұның нақты мысалы өмірде өте көп: бүгінде қазақ айтқандай «аузы қисық болса да байдың баласы сөйлесін» дегендей жағдай орын алып, одан «жуындымен жуыну» дегендей сөздерді естігеніміз өтірік емес.
Бұл қалай болды? Оның жауабы қилы-қилы: біріншіден, біздегі жағдайда орасан зор байлыққа ұлт түсінігіндегі «азаматтық» жолмен жету мүмкін болмады. Керісінше, «азаматтыққа» кереғар әрекеттерді не­ғұр­­лым көбірек игергенде, соғұрлым тез арада байлыққа кенелетін жағдай орын алды. Ал, бұл жолмен жүру қазақы түсініктегі «азаматтықтан» ада болғандықтан − ұлтты ұйыстырушы, болашақтың іргетасын қалаушы қасиеттердің құны көк тиынға айналады. Екіншіден, ұлттық ділдің өзгеруі үшін ұзақ жылдар қажет. Егер, ұлт даму барысында өз болмысынан алшақтамаса, онда ұлттың ділі сатылы түрде замана көшіне эволюциялық жолмен ілесіп отырады. Жаңарулар мен өзгерулер заманына сай біртіндеп жүзеге аса береді (Алайда, ұлт ділінің аз уақытта түбегейлі өзгерістерге ұшырауы да мүмкін. Бұл – ұлт үшін «төтенше жағдай». Мысалы, ашаршылық кезінде кездесетін сұмдық оқиғаларды осымен салыстыруға болады… Алайда, оның бетін аулақ қылсын, қазір біз биліктің ықпалымен және оның қателігінен туындайтын «төтенше жағдай» туралы ғана айтып отырмыз).
Қоғамда барлық нәрсе билік тарапынан қадағаланады, соған сәйкес − қоғамның өзі билік сипаты мен тұрпына сай қалыптасады. Келеңсізі сол − қоғамға күштеп таңылған мұндай «құндылықтар» көп ұзамай-ақ қоғам санасында «мәңгілік құндылықтар» ретінде бағаланып, жаңа принциптердің іргетасы қалана бастайды. Қазіргі кезде ол «бай-бақуатты бол!» дегенмен шектеліп тұр. Бүгінде Атаның балаға берер батасының басы – осы! Ал, «азамат бол» деп айтылуы – ілуде біреуде ғана…
Әрине, байлықты құру оң құ­былыс. Адамға материалдық жағдайды шешпей тұрып, басқа құндылықтарға қол жеткізем деу − бос әурешілік. Тіптен, ондай адамдарды «аскеттер» деп қоғамның өзі шеттетуге дайын! Бірақ, байлықты құрудың екі жолы бар: бірі – халал, бірі – харам. Азаматтың қалыптасуы осы екі жолдың қайсысы таңдалуына байланысты: харамдық ортада азаматтыққа есік жабық, ал, «халал байлық» –азаматтық жолмен ғана түзіледі… Мінеки, бұл мәселе, сөйтіп, қоғамның іргелі мәселесі – «әділеттілікпен» ұштасарына көз жеткіздік. Бұдан шығар қорытынды: қоғамның гүлденуі әділеттілікті паш еткенде ғана мүмкін және кез келген азаматтың азаматтық деңгейге көтерілуі осындай ортада жүзеге асады. …Олай болмаса – қоғам іштен іріп-шіріп ыдырайды, ал, қоғамның өзі болса «азаматы жерге қарайтын, алаяғы «азамат ролін ойнайтын» заманға келіп тіреледі. Бұл – тұйық.
Сонымен, «азамат» деген не, «азамат­тық қоғам» деген не? Жоғарыда қазақы түсініктегі «азамат» ұғымына «елінің мүддесін қорғайтын дәрежеге жеткен, ойы мен ісінің арасы ажырамаған тұлға» деген анықтама берілді. Осы дұрыс, себебі, қазақта «әкенің баласы болма, халықтың баласы бол» деген бата бар. Бұл сөз азаматтықты дәл бейнелейді, әрі, күні бүгін де мағынасын жойған жоқ. Алайда, қандай қоғамда болмасын, адамды азаматтыққа жетелейтін, парызын өтеуге мүмкіндік беретін орта керек. Бізде сол орта бар ма? Әзірге, ондайды таба алмадық. Бізде азаматтар әділетті талап етсе немесе биліктің қателерін ашық айтып сынаса «әлеуметтік тұрақсыздықты тудырушылар» болып шыға келеді. Оларды осы баппен жазалау әдетке айналды. Сонда «бұл елдегі тұрақтылық кепілі кім?» деген сұрақ туатыны анық. Оған жауап ретінде «коррупция ма?» деген қарсы сұрақ даяр тұр: себебі, «әділетті аңсағандарға» «әлеуметтік тұрақтылықты бұзушылар» немесе «конституциялық билікті төңкерушілер» деген «атақты» таңып берушілер де, қатаң заң баптарымен жазалаушылар да − коррупцияланған билік жүйесінің өзі болып отыр!
Жалпы, «билік атаулының бәрі қоғам мүддесімен өмір сүреді» деуге болмайды. Әлемдегі талай елдердің билігі уақыт өте қандай жағдайға тап болғаны көз алдымызда өтіп жатыр. Оның дәлелі ре­тін­де алыстағы араб елдерін, Сирияны, Африка немесе Азия мемлекеттерін емес, өзіміздің ең жақын туыс қырғыз елі­нің мысалын алсақ та жеткілікті. Олар бұрынғы президенттері жіберген «қателіктер» біздің қоғамға тән: мысалы, бізде биліктің «ережесін» (көп жағдайда әділетсіз) мойындағандар «азаматтар» да, мойындамағандар − «азаматтар» емес, «бұзақылар» болып шығатыны өкі­нішті. Яғни, біздегі жағдай жоғарыдағы Маркс ақсақалдың сөзіне дәл келіп тұрған сыңайлы: үстем таптың мүддесіне қарсы шығу − қылмыс. Мұндай билікке қазақтың сәл өзгертіп айтқандағы: «айдаладағы ақ отау, құлағы мен көзі жоқ отау» деген даналық сөзі дәл келетін сияқты. Ал, билік осылай болса, оның «өмір сүру тәсілі» де құпия емес, ол − азаматтықты шектеу!
Дегенмен, қазақы ділде «азамат» ұғымы­ның мағынасы анық болғанымен, біздің ұлттың қанында «мемлекеттік азаматтық» қасиеттер аз екенін мойындауға тиістіміз. Себебі, осыған дейін небір әділетсіздіктерге ұшырап отырса да, халық үнсіздік танытуда. «Оян» деген сөзді Алаш қайраткерлері қалай айтса, қазіргі қайраткерлер де солай айтып жүр − жар салудан жалыққан емес. Бірақ… бірақ, халықтың оянар түрі байқалмайды. Мұны біреулер «құлдық сананың» көрінісі деп, қазақты «құлға» теңеп те тастады. Сонда да елең етпейміз… Неге? Мұның себебі тереңде: әрине, «жігіт» дегеннің не екенін жақсы білетін қазақ өз намысын қолдан бермеген! Алайда ол намыс жеке бастың намысына ғана қатысты. Ал, «мемлекеттік намыс» немесе қазіргі саяси тілмен айтқанда – «мемлекетшілдік» тәжірибе жоққа тән десек − өтірік емес. Себебі, қазақ үшін туыстық қатынас қашанда «мемлекеттік азаматтықтан» әлдеқайда маңызды болған. Сондықтан туыстық қатынас аясына жатпайтын ондай «азаматтық» оның сезімінен тысқары тұрады. Өз кезегінде ондай «азаматтықты» сезінбеу, оны мемлекеттік шаралардан тыс қалуға жетелейді − мемлекет оның намысына тікелей әсері етпейтін «объект» күйінде қалады. Содан болар, қоғамдық санада «мемлекет үшін жауапты адамдар бар» деген сенім бек орныққан. Сөйіп, қазақ бұл «қағидадан» ешқашан ауытқымайды және «жауапты адамдардың ісіне қол сұқпауға» әдеттенген. Міне, қазақтың осындай «азамат­тығы» мемлекеттік тұрғыдан алғанда өзіне таяқ болып тиіп жатыр. Оны, әрине, халықтың мешеулігі деп түсінбеу керек. Оны – 20 жылда «өз халқын мемлекеттің белсенді азаматтарына айналдыра алмаған, ондай тетіктерді іске қоспаған, тіптен, халықтың белсенді болуынан сақтанатын биліктің жіберген ең үлкен қателігі» деп түсінген дұрыс.
Шынында да, халық ұрпағын өз ділінде қалыптасқан азамат ұғымына сай етіп өсіруге жауапты, әрі солай тәрбиелеп те жатыр. Тағар кінә жоқ. Ал, «мемлекет ісіне жауапты» жақ ше? Ол жақ «мемлекеттік деңгейдегі қайраткер һәм азаматын» тәрбиелеуде жауапкершілігін сезіне ме? Сезінсе – Азаматтары қайда?

Шенеуніктерден азамат «жасауды» Елбасының өзі қолға алды
Азаматтық қоғамның өркендеуіне кедергі жасайтын бірден-бір кертартпа күш – коррупция. Әсіресе, оның белең алып кеткен түрі – сыбайласқан жемқорлық қауіпті. Жемқорлықтың осы түрі жайлаған мемлекетте «азаматтық», «ұлт пен мемлекет мүддесі», «әлеуметтік жағдай» және басқа даму негіздері шайыла бастайды. Қоғамдағы коррупциялық әрекеттер сыбайласа келе, адал қызметкерлерді биліктен ығыстыра бастайды. Ол орындардың барлығына дерлік өз сыбайластарын жайғастырып, өздеріне мейлінше қолайлы жағдай жасайды. Бұндай тамырласқан қорқау жүйені жеңу аса қиын. Өйткені, ондай ортада бел­гілі бір бетпер жоқ. Онда хамелеондай құбылып тұратын ауыспалы-өзгермелі бейне бар. Ол «бейненің» бар міндеті ұрлыққа, ұрлықты жымдастыруға және заңдастыруға, жауапкершіліктен қашуға, қарсы шабуылға шығуға және т.б. әрекеттерге бағындырылған. Оның ең қауіпті жағы мынада: бұл жүйе өздерінің қатарына мыңдаған адамдарды тез тарта алады: арбалмағанын – арбайды, көнбегенін – көндіреді, сынбағанын – сын­дырады, бүгілмегенін – бүгеді! Сөй­тіп, сыбайласқан жүйе бүкіл қоғамды өз «принциптеріне» бағындырып − қоғамның тұтастай коррупциялық жүйеге жегілуін, коррупцияның үздіксіз жетілуін, көлеңкелі экономиканың ұлғаюын ұдайы қамтамасыз етіп отырады. Коррупциялық жүйеге ха­лықтың тұрмыс-жағдайы маңызды емес. Оған тек жеңіс қажет, онда да – бүгінгі жеңіс! Ол «жеңістің» аты: «алар жерде − қарпып алу, алмас жерде − тартып алу»! Өкініштісі сол – осы жолмен түзілген бай­лықтың шыққан жері анық болса да, ал, барар жері құпия-құрдым екендігі…
Бірақ, бірақ… коррупциялық жүйе, осылай – тамырын тереңге жайып мызғы­май, марқайып отырғандай көрініп еді, олардың ашық аспанында найзағай оты кенеттен жарқ етті… Оны «жаққан» Елбасының өзі болды. Ол, алдымен, 10 қазанда өткен Үкіметтің кеңейтілген оты­рысында үкімет жұмысын қатаң сынға алды. Одан кейін 17 қазанда Астанада өткен «А» басқарушылық корпусы мемлекеттік қызметшілерімен кеңесте, «Нұр Отан» партиясының қараша айында өткен съезінде ойларын одан әрі нығыздады. Н.Назарбаев мемлекеттік қыз­мет­шілерге: «Бізге мұндай мәртебені тағдыр жазды. Біздің парызымыз – …жеріміздің тағдыры мен халқымыздың игілігіне жауапты болу. Сіздерге, «А» корпусының қызметшілеріне Қазақстанның алдағы тарихын жарқын ету мәртебесі бұйырды. Мұны ең алдымен бүкіл халқымыздың сіздерге артқан жоғары сенімі ретінде түсінуге тиіссіздер» деді. «Сіздер − «А» корпусы ешқандай да элита емес еке­нін әрқашан есте ұстауға тиіссіздер. …Бар­лы­ғыңыз да халықтың қызметшісі екен­діктеріңізді ешқашан ұмытпаңыздар. Адам­дарға немқұрайлы қарауға болмай­ды. Олардың проблемаларын біліп, оны шешумен күні-түні айналысу қажет! …Сіздердің биік мақсаттарыңыз бен ұлы  парыздарыңыз да осында!», – деп, шегелеп тұрып ескертті.
Әрине, Елбасы айтты деп «беріле салайын» деп отырған коррупция жоқ (Өйт­песе, ол коррупция бола ма?). Ол туралы Елбасының өзі былай дейді: «Үкіметтің кеңейтілген отырысында менің тарапымнан айтылған сындардан тиісті қоры­тынды шығарылуы керек. Бұл бағыт­тарда қандай жұмыстар жүргізіліп жатқаны, кімдер жауапқа тартылғаны және жазаланғаны туралы әрбір факт бойынша халық алдында есеп беріп, БАҚ-та жариялау жөнінде тапсырма берілген болатын. Мен  айтқан сын бойынша тек «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінің» жағдайы жөніндегі деректер ғана айтылды, өзге ешқандай ақпарат болған жоқ. Тіпті, бұл ретте менің тарапымнан айтылған сынның бір бөлігі газет беттерінде де көрініс таппаған және телеэфирден де берілмеген». Сөйтіп, біздегі билік жүйесіне ентелеп енген коррупциялық элементтер өздерін қорғау үшін қолда бар барлық «қорғаныс ресурстарын» іске қосудан тайынбайтындарын әшкерелеп алды. Олар ендігі жерде қажет болса Елбасының өзіне астыртын түрде «ақпараттық майдан» жариялай алатындарын сездірді. Сөйтіп, біз бұл мысалдан «Коррупция әлдеқашан-ақ «автономды өзін-өзі басқару» деңгейіне жетіп қалған ба?» деп еріксіз ойланасың. Содан кейін, әрине, әрбір адамның ойында мынадай: «Коррупцияны тудырып, бақылап отырған күш қайда?», «Одан қайтсек құтыламыз?», «Коррупциялық механизмдердің тетіктері қайда?» және т.с.с. сұрақтар туатыны заңды да!
Әрине, бұл сұрақтарға құзырлы органдарда том-том болып жататын қылмыстық істерден адамның айызы қанатындай жауап алуға болар еді. Бірақ, оған шама қайда? Құпия! Дегенмен, коррупцияны тексеретін, жазалайтын органдардың өзі де коррупциямен бірігіп кеткені туралы да сыбыс бар. Тегін емес. Ал, мемлекеттік органдарда қыз­меттің барлық түрі сатылатыны бесенеден белгілі. Одан өзге: балабақшадан басталып, мектепте жалғасатын, жоғары оқу орнын тұтас жайлаған коррупция ұлттық қасіретке айнала бастады. Сөйтіп, азамат азамат болудан қалып, азаматтық «ерлікке» иненің жасуындай жер қалмай бара жатқанда − оған Елбасының өзі атойлап қарсы шығуы бұл зауалдан басқалай құтылу жолдары қалмағанына меңзейді…
Бұған бірнеше мысалын келтіруге болады. Бұрын мемлекеттік органдардың бірінші басшылары өздерін өздері  жауапкершіліктен босатып, сатып алуға қатысты шешім қабылдаудан сырт  қалатын. Ал, бұл тікелей коррупциялық механизмді іске қосатын тетіктің бірі болып шықты. Мемлекеттік сатып алу комиссиясы тендерлерді таныс­тарға үлестіретін жағдай жиілеп кетті. Сөйтіп, халық аузында «откат» деп аталып кеткен коррупция түрі пайда болды. Онда тамыр-таныстықпен алдын ала бірнеше фирмалармен келісім жасалынады. Жеңіске жететін фирма белгілі де, қалған жалған фирмалар соны бүркемелеу үшін конкурсқа қатыстырылады. Одан әрі, фирма жеңіске жетіп, бюджет қаржысын жеке қалталарға бөлу жүзеге асады. Сол себептен де, бөлінген қаржы жетіспейді де, құрылыс нысандары аяқталмайды, сапасыз салынады, сапасыз тауарлар алы­нады… Сөйтіп, мемлекетке үлкен шығын келтіріледі. Оның зардабына жауап­кершілік болуы қадағаланбайды, не оны бюрократиялық тәсілдермен, кейде, тікелей қылмыстық жолмен жасырып-жабады да, есесіне, жоғары жаққа «қарқынды істер» туралы есеп жіберіледі. Осындай көзбояушылық ұзақ жылдар бойы жалғасып келді. Зардабы ұшан-теңіз. Қаншама қаржы қолды болғанын, не, желге ұшқанын айтпағанның өзінде, бұл еліміздегі адам капиталын нығайтуға бас­ты кедергі болды. Мәселен, ондай жерде жұмысқа тек өзбек гастербайтерлерін алады. Олар аз да болса ақша тапқанымен қоймай, кәсіби шеберліктерін шыңдап жатты. Ақыр соңында «қазақтардың қолынан іс келмейді» деген пікір қалыптасты. Сөйтіп, бұл ұлттық болмысымызды дамытуға, адамның өзін азамат сезінуіне, өзін қор санамауына зор нұсқанын тигізді… Осыған орай Мемлекет басшысы әкімдер мен орталық мемлекеттік органдардың басшыларына тендерлік комиссияларды өздері басқарып, олардың ауқымды көлемдегі мемлекет қаражатын шығындауға байланысты жұмыстары үшін толықтай жауапкершілік алуын тапсырды.  Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіруге бағытталған заң жобасын Парламентке енгізуді тездеткен жөн деді. Енді, бұдан былай бұрынғыдай алдын ала ұйымдасқан қылмысқа жол тарылады. Себебі, біз осы уақытқа дейін, қаншама ақшаға құнықса да орынтағын өз еркімен, «бір асағанға» мәз болып «босатып» кете беретін немесе біреулердің жемсауы үшін торға түскісі келетін әкімдер бар дегенді еш жерден естіп көрмеппіз. Лайым солай болсын, бұдан былай, тіптен, естімей-ақ қоялық. Мүмкін, бұл өзгеріс қазақ жұмысшыларының да жағдайы мен статусын қалпына келтіруге, олардың қайтадан өнерлі-өнегелі азаматтарға айналуына ықпал етер деген үмітімізді ақтар деп ойлаймыз… Азаматтардың көптігі − мемлекеттің басты байлығы болары сөзсіз!
Өмірде мынадай бір заңдылық бар, ол – әрбір адамның өз еңбегінің еш болмауын қалайды: дихан – еккен дәнін жи­науы керек, малшы – өсірген малдың ырысын көруі керек, етікші – елден алған алғысымен көгеруі керек дегендей… Бұл заңдылық адамзат баласына ортақ, президенттерге де! Сондықтан, Президенттің бүгіндегі өткір сынына түсіністікпен қарау керек. Себебі, еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі кезде Қазақстан мемлекетін нығайту жолында қаншама еңбек етілді, ұйқысыз түндер мен жұқарған жүйке болғаны рас… Енді, осының бәрі өз жағдайын ғана ойлайтын коррупция деген обырдың мүддесі үшін зая кетер болса не болмақ? Бүкіл өмір текке болғаны ғой, сонда? Жоқ, ондайға ешкім келіспес. Өмірде ештеңе мәңгілік емес. Ендеше, мүмкіндігінше артымызда сыз емес, жарқын із қалғаны жөн − өзің, болмаса, ұрпақ үшін солай болуы тиіс!.. Міне, мәселенің мәнісі қайда? Содан болар, жағдай қанша шиеленіскенімен, жұрт қазіргі жағдайды толығымен түзеуге, қоғамды өркениетті, демократиялық жолға бағыттауға президенттік әлеует жеткілікті деген үмітін үзбей келеді. Ендеше, осы үзілмеген үмітті тиянақты ету Елбасы құзырында деп білейік. Еш кедергі жоқ. Әрине, кімнің де болса беделін айрандай төгетін коррупция маңайды торлап, алдап-арбап алған заманда − бұл өте қиын жұмыс. Сонда-дағы, ол мақсатқа халықты мемлекеттік істерге белсенді араластыра отырып қол жеткізуге әбден болады. Оны іске асыру үшін демократияны жаңа сатыға көтеруге, отансүйгіш, қолы мен ойы таза нағыз азаматтарды мемлекеттік іске көптеп тартуға тиіспіз. Бұл қазіргі заман талабы және болашақ дамудың кепілі. Сонымен бірге, бірінші Президенттің болашақта тарихымызда алатын орны мен беделі дәл осы мәселеге келіп тірелгенін ашық мойындауымыз қажет. Елбасының өзі де!
Мысалы, менің қалта телефоныма «Заң бұзушылық деректері жөнінде прокуратура, не қаржы полициясының қоғаммен байланыс телефонына қоңырау шалы­ңыз» деген хат түсіп тұрады. Сыйақы берілетінін де естіп жатамыз… Ондай хаттар­дың басқаларға да түскеніне күмәнім жоқ. Бұл ұсыныс ғаламтор жүйесінде тал­қы­ланып үлгерді. Кейбіреулер «бізден тың­шы жасамақшы» деп «жігіттік» мінез танытты. Алайда олар, мына, бір нәрсені − қоғамның әр мүшесі өзі өмір сүріп отырған қоғамнан тысқары бола алмайтынын ескермейді. Қоғам ауырса коррупциядан өзге ешкімнің жағдайы мәз болмақ емес. Осыны ұқсақ керек-ті! Ал, біздегі «жігіттік» мінез «азаматтық санамен» ұштаса ма? Мүмкін, «жігіттік» адал достықта, өз ортаңда басты мінез болар. Бірақ, жоғарыдағы СМС-тегі хатта «досыңды сат» деген емес, қоғам мәселесі көтеріліп отыр. Ендеше, қоғам ауру болса, ол аурумен бәріміз жұмыла күрес­песек, онда ол ауруды өзімізге жұқтырып, ақырында мақтан ететін «жі­гіт­тік» қасиеттен де біржола ажырап тынбаймыз ба?! Сондықтан, ондағы «үндеуді» мен «тыңшылық» демес едім. Егер, халық сақтық танытып отырса, онда халықтан жеткен «деректер» құқықтық санамызды оятуға көмектесіп, біздің әділсіздік атаулыға қарсы қорғаныс иммунитетімізді күшейте түсер еді. Сонымен бірге, мыңдаған прокуратура мен полиция қызметкерлерін де коррупциядан аластап, олардың бойындағы «мемлекет үшін, халық үшін қызмет етудеміз» деген патриоттық көтеріңкі сезімдерін күшейтер еді. Нәтижесінде коррупцияның «бәрін де сатып аламыз!» деген «жеңімпаз» қағидасы күйреп, тамыры суала бастайды… Мінеки, осы бір қарапайым шындықтың өзінен-ақ біз қанатын кеңге жаятын АЗАМАТТЫҚ дегеннің не екенін, оны өз өмірімізде және бойымызда күнделікті шыңдап отырмаса болмайтынын ұғынуға, сезінуге тиіс екендігімізді анықтап алған сыңайлымыз. Іске сәт, Қазақ Азаматы!

Алдыңғы «
Келесі »