ЖЫЛҚЫШЫ ӘНІ

  • 28.11.2011
  • 450 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Серікқали ХАСАН –  Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факуль­тетін бітірген, республикалық «Зерде», «Жалын» және «Жұлдыз» журналдарында қызмет істеген. Қазір «Ақиқат» жур­налының бөлім редпкторы болып қызмет істейді.  Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі.

Туған ауылдың түлектері өз туған ауылын ешқашан да ұмытпайды. Өйткені, оларды сағындыратын қадір-қасиет, үлгі-өнеге мен өмір белестері де осы бір сағыныш деген шынайы сезімнің өнбойында жатыр. Біз өзіміз үшін сарқылмайтын шалқар шабытты да содан аламыз. Сол қайнардан қашан да қанып ішеміз. «Мен сенің жүрегіңнің бүлкілін дәл қазір де сезініп тұрмын, туған ауыл!» – деп, сыр шертпейтін қазақ баласы бар ма екен?!. Мен әр жолы Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданындағы туған ауылым Жаңақазанда болғанда, ондағы өзімнің оқып, білім алған алтын ұям – мектебімде болып, сондағы ұстаздар және оқушылар қауымымен де кездесуге асығамын. Бұл мектеп – байырғы Бөкейліктегі хан Жәңгірдің Ордадағы өзі аштырған мектебінен кейінгі тарихы тереңге қарай тартатын үлкен мектептердің бірі. Біздің бала кезімізде бұл көне шежіре хақында көп алға тартылып айтыла да бермейтін. Бізге осы мектептің қабырғасында өлкемізді үлкен прогреске жеткізген Жәңгір ханды қас-дұшпан, ауылымыздың іргесіндегі Бекетай құмында туып-өсіп, Исатай батырмен бірге хан Ордасын қамаған Махамбет батырдың ерлігі Жәңгір ханға «Хан емессің, қасқырсың, қас албасты басқұрсың» деп айтқандығы деп оқытты. Бірақ былайғы жұрт бұл мектепте баяғыда өлке­міздегі алғашқы алаш қайраткерлері дәріс оқып, түлектердің арасынан талайғы қайраткер, министр, ректор, өнер адамдары шыққандығын біле бермейтін шығар?!. Соның бәрі де Жаңақазандағы зиялы ортаның, сол ортаға лайықты өмір сүріп, бала оқытып, тәлім-тәрбие берген мектептің арқасы деп білген дұрыс. Сонау патша дәуіріндегі хатталып қалған ресми құжаттарда және сол кездегі орыс жиһан­кездерінің еңбектерінде Жаңақазанды ХІХ ғасырдың екінші жартысында ірге көтерген деседі. Бұл ауыл өмірге келген кез жергілікті көне мәдениеттің жаңа бір сатыға көтерілген кезі болыпты. Жергілікті тұрғындар Бөкей хан дәуірінен бергі дәстүр бойынша, бұрын өздерінің бұндағы тұрғын үйлерін қамыстан, не қамыс аралас балшықтан және жерүйден ғана тұрғызып келсе, ХІХ ғасырдың орта кезінде Қамыс-Самардың іргесіне келіп қоныс тепкен ауқатты, зиялы адамдардың тірлігіне қарап, жергілікті тұрғындар жаңаша өмір салтын үйреніп, өздері де бейнебір қалалықтарша өмір сүре бастады. Қамысқаланың бертінде Ескіқала аталынып, Жаңақаланың (қазіргі аудан аты) Жаңақазан аталынып кетуінің басты бір сыры да осында жатса керек.

Менің бала кезімде ауылдың көне көз қариялары мен жергілікті зиялылар Жаңақазанның әу бастағы түпнегізі болған Қамыс-Самар қисымы, сол дәуірдегі өмір үрдісі хақында небір аңызға бергісіз әңгімелерді бейнебір кеше ғана болып өткендей қылып айтатын еді. Соған қарағанда, іргедегі Нарын құмын жайлап, бір шеті сонау Каспий теңізіне дейін жалғасып жатқан байырғы қазақ ауылдарының Бөкейдің кезінде де, одан бергі Жәңгірдің кезінде де ордалы елдің үлкен бір тылы болғандығы тағы шындық. Қамыс-Самар қисымына қарайтын ауылдардың тіршілігі өз дәуіріне сай, өте қызу да болған екен. Жергілікті тұрғындардың барлығы дерлік мал және балық шаруашылығымен (балық шаруашылығы демекші, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы ашаршылық кезінде осы өлкенің халқын ашаршылықтан аман алып шығуға бірден-бір себепші болған жағдай осы өлкенің өзен-көлдері мен Каспий теңізіндегі балықтары болыпты, осылай деп бұрын жергілікті қариялар ғана айтып келсе, бертінде ондай тарихи деректерді мұрағат құжаттарынан менің өзімнің де көргендігім бар еді. – С.Х.) шұғылданған. Ол кездегі Қамыс-Самар көлінің байлығы мен жағалауының жайлылығы бүгінгі ел білетін атақты Балқаш, Алакөлдердің абырой-беделінен кем емес-ті. Бұл өңір кезінде Бөкей  мен Жәңгір хандардың Бөкейліктің атақ-даңқын шығарып, олардың орыс патшасының алдындағы абыройының артуына үлкен үлес қосқан. Орда әміршілерінің Ресейдің іргелес жатқан губернияларын өздеріне кәдімгідей мойын бұрғызып, өздерімен өз дәрежесінде есептесіп отыруларына дейін жеткізген бір жетістігі Хан базары және ондағы жиі-жиі ұйымдастырылып тұратын маусымдық базарлары болатын. Міне, дәл сол базарлар­ға алыстан ат арытып келген орыс көпестерінің ой­ларынан шығып, әрі олардың өкілдерін тоғайтып, Орданың ордалы ел ретіндегі мысын арттыра түскен төрт түлік малы мен мал өнімдері де осы өңір­ден қомақты түрде жөнелтіліп тұрыпты. Жаңақазан арғы-бергі дәуірлердегі қаламгерлердің ғана емес, жергілікті қазақтардың талантты ұл-қыздарының да алтын бесігі бола білді. Туған ауылың сенің туған тек, туған тамырың дегендей, мен бертінде өзім газет-журналдардың айналасында қызмет жасап, жазу-сызумен шұғылданып жүрген соң, өз туған ауылыма қатысты әр кезеңде әртүрлі басылымдарда жарық көрген материалдар мен мұрағат қоймаларындағы көне деректерге де көбірек үңіліп көрген едім. Сонда мен өзіміздің балалық шақта көпті көрген қарт ұстаздарымыз бен ауыл зиялыларынан туған ауылымыздың арғы-бергі өткеніне қатысты «біз де кезінде өз аталарымыз бен ауылдың үлкендерінен естіп едік» деп, айтып отыратын деректерінің растығына біршама көзімді жеткізе түстім. Сонда олар: «Біздің Жаңақазан қайсыбіреулерінің айтып жүргендеріндей, кезінде Қазан қаласынан көшіп келген татар байлары тұрғызып, солар өздерінше жаңадан ірге көтерген Қазан қаласы деп атап кеткендіктен ғана осылай болып жүрген жоқ, шаруашылығы, тұрмысы мықты қамыссамарлықтармен қарым-қатынас жасауға келген қазандық зиялылар мен ауқатты адамдардың Нарындағы құмдауыт өңірге жаңадан тұрғызылған қаланы көріп, әрі өздерінің осында ұзақ уақытқа кідіретіндіктерін ескеріп, келген-кеткендерге «бұл біздің Жаңа Қазанымыз ғой» деп мақтаныш еткендіктен ғана патша шенеуніктерінің ресми деректеріне де осылайша таңбаланып қалыпты», – деуші еді.

Ұрпақтан ұрпаққа жеткен естелік, аңыз әңгімелер дегенмен, осы деректер, бір жағынан, шындыққа біршама жақын келетін. Байырғы Бөкейлікке татар ағайындарының көбірек ат басын бұрғандығы Жәңгір ханның жұбайы Фатима ханымның Ордадағы зор беделінің де арқасы еді. Көзі ашық татар байлары бұл өңірдің әлеуеттілігін сол тұста Ресей жағына да біршама танытып үлгерді. Сондықтан, Жәңгір де оларға «Жаңақазанға барып, сол жерге біржолата орнығып қалмаңдар» дегенді айта алмады. Соған қарағанда, алда-жалда бұл өңірдің үлкен қалаға, Бөкейліктің зиялылары бас қосқан екінші бір астаналық қаласына айналғандығын Орда әміршісінің өзі де шын көңілімен-ақ қалаған сыңайлы. Қамыс-самар – Қамысқала – Жаңақазанда заманында Бөкейдің де, Бөкейден кейінгі уақытша ел басқарған Шығай сұлтанның да, кәмелетке толған соң, билікті бірден өз қолына алған Жәңгір ханның да іздері қалды. Әсіресе, «атадан да аса туған» (Байтоқ) Жәңгір ханның бұл ауылға өзімсіне келіп, талай демалып, аң аулап, кейде бал татыған балық сорпасын ішіп кеткен кездері де аз болмапты. Осы ауылдан хан өз нөкерлерімен бірге сонау Каспийдің жағалауындағы ауылдарға қарай да асатын, не сол жақты аралап келе жатып, Ордадағы Хан ставкасына осы жақтан бағыт түзейтін. Жаңақазанда өз тұсында Бөкейліктегі жеті қисымның бірін басқарған әйгілі қазақ зиялысы, өлкедегі жәдитшілдік және алашшылдық идеялардың таралуына түпнегіз қалаған үлкен оқымыстылардың бірі, білгілі әдебиет зерттеушісі, қайраткер Мақаш (Шолтыров) правитель де болыпты. Сонда ол кісі ауыл-қаланың орналасқан жері мен қалалық салтын көріп: «Жерұйығы дегенің осы Жаңақазан екен ғой депті», – деген де аңыз бар. Дағыстан, Кавказ маңы мен Ресей жағын көп шарлаған, кезінде орыстың атақты жазушы, зиялыларымен дос болған Мақаш атамыз бұндай қала үлгісінде дамып, өсіп келе жатқан ауылды бұрын-соңды көрмей жүр деймісіз? Сонда ол кісі өзі жақын тұтатын жергілікті қазақтардың жаппай қала салтына көшіп, жаңаша өмір сүріп жатқандығына разы болып, қатты қуанған ғой. Шынайы тілек, ізгі ниетпен өзі де: «Бар болыңдар, нар болыңдар», – дегенді айтқан ғой. Өйткені, кезін­де Ресей қалаларынан қазақтың арғы-бергі өткені мен рухани өміріне қатысты бірнеше кітап шығарып, өлкеге зиялылық дәнін сепкен Мақаш атамыздың өзі жақсы білетін, сол кісі кезінде өмірін зерттеп, заманды айтып, зарлап өткен жырларына қанық болған атақты Қазтуған жыраудың:

… Ботташығы бұзаудай, 

Боз сазаны тоқтыдай,

Балығы тайдай тулаған,

Бақасы қойдай шулаған, – дейтін киелі атажұрт жерінің бір пұшпағы да – осы өңір.

Жаңақазан – өзінің іргесіндегі Жиделі құмында дүниеге келіп, өзінің атақты күй-аңыз, күй-баллада, күй-оркестр, күй-симфония, күй-операсымен бір Бөкейлік тұрмақ, сонау Сарыарқаға дейінгі барша Қазақ даласын да дүбірге бөлеп, күй әлемінен өз Жерұйығын іздеген Күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының да бір шағын Отаны! Оның өзінің патша билігіне наразылық, қарсылық ретінде шығарған көп күйлерінің тұсауы да алғаш осында кесіліп, оның ең алғашқы зиялы тыңдаушылары мен қолдаушылары, жапа шеккен кезінде жанына жебеу, қорғаныш, сүйеніш бола білген ізгі ниетті жандар да осы ауылдың байырғы тұрғындары еді. Көне көз қариялар кезінде Құрекеңнің осы ауылдағы кімдердің үйлеріне түсіп, кешкілік кең жайылған дастархан басында күй толғап отырған жерінде жергілікті патша жандайшаптарының қолдарына түсіп қала жаздаған сәттерінде, оны бұл ауылда тағы кімдердің қорғап, бірде теңізге, бірде сонау Жайыққа қарай асырып жібергендеріне дейін де жыр қылып айтып отыратын. Туған жері бір күншілік жерде жатқанмен, жас кезінде Дина анамыздың күй аренасына шығуына зор ықпалын тигізген қалың тыңдаушылары да байырғы жаңақазандықтар еді. Ал, одан бұрынғы Исатай батыр мен бунтарь ақын, біртуар батыр Махамбет атамыз ше?!. Бұл Жаңақазан олардың да өз ауылдары, өз ағайын-туыстарының ыстық ұясы емес пе еді?!. Іргеміздегі Бекетай құмында дүниеге келген Махамбет атамыз өзінің балалық, жастық, жігіттік шағында біздің ауылдан қаншама жаңа достар тауып, біздің ауылдың осықалай деген сұлуларына қаншама рет ұрын келмеді дейсіз?!. Бәлкім, Жаңақазанның теңіз жағалауына дейінгі созылып жатқан қаншама қазақ ауылдарымен тату-тәтті көрші болып тұруына сол тұстағы Исатайдай батыр басқарған ауылдың да көп септігі тиген шығар?!. Оның бәріне де бір тарихтың өзі ғана куә. Бірақ сол тарихи кезеңнің де өзіндік бір жазылмаған заңдары болады екен. Кеше ғана «өз үйім – өлең төсегім» деп жүрген Нарын құмында Исатай мен Махамбет батырлар қол жинап, хан Ордасына қарсы қарулы шабуыл жасаймыз деп ойлап па?!. Және де, қас батырлардың жеңсігі болған Жәңгір ханды жақтап келген полковник Геккенің қалың қарулы әскерімен бетпе-бет келген ұлы шайқас та Жаңақазанның ірге түбіндегі Тастөбе деген жерде өтіпті. Махамбеттің «Соғыс» атты отты жыры да сол ұрысты дәл сол қалпында бейнелейтін. Махамбет бабамыздың 200 жылдығы кезінде тарихи Тастөбеге атақты батырларымыз бен шейіт кеткен аталарымыздың рухына арналып, ескерткіш белгі соғылды.

Тағы да көп жәйттер еске түседі. Менің бесінші, әлде алтыншы класта оқып жүрген кездерімнің бірінде-ау, сірә, бірде еңбек сабағында бүтіндей класс болып, ауыл сыртындағы ежелгі ескі қорымдарға саяхатқа шығып келе жатқанымызда, ұстаздарымыздың бірі бізге:

– Балалар, осы сендер Мұхамед Салық-Бабажанов деген ғұлама жерлестеріңнің атын естідіңдер ме? – дей қалған еді.

Сондағы ұстазымыздың айтуына қарағанда, Мұхамед-Салық кезінде ел басқарумен бірге, ғұла­ма-ғалым атанып, Ресей империялық Географиялық қоғамының мүшесі болып сайланыпты. Бірақ, дейді, сол Мұхамед-Салық Ордадағы Жәңгір хан ашқан мектептің, әрі сондағы Жәңгір хан алғаш оқуға қабыл­дап, оқу-үлгерім, тәртіптерін үнемі қадағалап жүрген талапты балалардың бірі болыпты. Орынбордағы Кадет корпусын бітіріп, елге келіп, қызмет жасап жүрген кезінде, өзінің алғашқы тәлімгері Жәңгір ханмен ұдайы байланыста болып, оған Нарынның құмында жайқалтып, ағаш өсіруге, керек десеңіз, оны ну орманға айналдыруға болатындығы жөнінде де кеңес беріпті. Мұхамед-Салықтың бұл ұсынысы сол тұстағы Қазан университетінің профессоры, әрі жаңалыққа жаны құмар Орда әміршісін де жандыра түспей ме? Ақыры ханның өзі қолдап, жас оқымысты-ғалым Мұхамед-Салық бас болып, байырғы Бөкейлікке жағалай ағаш отырғыздыртып, құм даланы көгалды далаға айналдыру бастамасының да басы-қасында болыпты.

Балалық шақтағы естіген осы бір әңгімем көпке дейін менің де ойымнан бір кетпей-ақ жүрді. Сол дәуір, сол кездің зиялыларына іштей қатты қызығатын едім. Бертінде менің өзім де қолыма қалам ұстап, туған өлкемнің тарихи өткеніне дендеп ене бастаған кезімде, Мұхамед-Салықтың ауыл-аймағымыздың правителі бола жүріп, ел ертеңіне қатыс­ты қам жеп, көп еңбек сіңіргендігіне қатысты талайғы құжаттарға қолым жетті. Ол Санкт-Петербургтен шығатын атақты мерзімдік басылымдар­ға Бөкейлік қазақтардың өміріне, жалпы Ордалы елдің мемлекеттілігі мен келешегіне қатысты көптеген ғылыми-публицистикалық очерк, мақалаларын жазыпты. Бәлкім, осы Жаңақазанда, не Қамыс-Самардың жасыл желекті жағалауында оның шығармашылық жұмыстармен еркін отырып, кеңірек шұғылданатын бір тыныш үй, тыныштығы ұйыған кабинет-бөлмелері де боған шығар?!. Біле білсек, Мұхамед-Салық Бөкейлік қазақтарға көп қысымшылық көрсеткен жергілікті казак атамандарымен осы өңірде жүріп-ақ қатты ұстасыпты. Оның соңы Ресей зиялылары қызыға оқитын санкт-петербургтік мерзімдік басылымдардың беттерінде осыншама бет жыртысып, айтысуына дейін де барыпты. Бертінде Санкт-Петербургтегі әйгілі Шоқан Уәлиханов, Павель Неболсиндерге бағзы бір замандарда қазақтардың ата-бабалары жайлаған Бөкейліктегі кең қонысқа арада ғасырлар өткен соң, Бөкей ханның бастауымен өздерінің қайта келіп, бүгінде ол өңірді тіршілігі қызу орталыққа айналдырып, маңайының бәріне гүл жайнатып жатқандықтарын айтып, бір сәт олардың да көкейлерінде: «Шіркін, кезінде атақты Батый, Берке, Жәнібек, Қасым хандар билеп, ұлы бір көмбеге айналған ескі қорымда алда-жалда біз де бір болып, Харузин ғаламат біліктілік Һәм шеберлікпен суреттеп, танымдық деректерін жалпақ әлемге жайып салған әйгілі Қамыс-Самар көлінің етегінде біраз уақыт серуен құрып, демалып қайтсақ па екен?!.» – дегендей аңсарлы ой туғызған да осы бір даңқты ғұлама-жерлесіміз болыпты. Бүгінге дейін жеткен көне деректерге қарағанда, Мұхамед-Салықтың адал досы, әрі құрдасы Шоқан Уәлиханов та өзінің бүгінгі бізге дейінгі жеткен том-том еңбектерін Ресейдің астаналық қаласындағы жәйлі кабинетте, не арқаның Сырымбетіндегі атажұрт ауылында қымыз сіміріп, рахаттанып отырып жазбаған ғой, ол соларының біразын сонау Қытайда, құпия сырлары сол тұстағы Қытайдан да бетер Қашқарияда жүріп-ақ қағазға түсіріп, елге тек тілім-тілім қағаз, бума-бума дәптерлерге түсірілген даяр қолжазба күйінде ғана әкелгендігі де айдың өзіндей-ақ ақиқат қой. Ал, Ұлы Отан соғысы жылдарынан кейін, ұлы жазушы Михаил Шолохов отты жылдарда өзінің отбасына пана болған Орал өңіріндегі Дариян селосында біраз жатып, демалған соң, Жайықты жағалап, сапарлатып жүріп, Жаңақазанға да атбасын тірепті. Біздің ауылдағылар Шолоховтың Жаңақазандағы жақын тұтқан достарының ішінде жергілікті балықшы-шаруа Федор Бабаевтың есімін бірінші кезекте атар еді. Екеуі кезекті серуен-саяттан кейін, Бабаевтың биік ауласының ішінде бал татыған балық сорпасын ішіп, рахаттана, яғни, байырғы казактарша шабыттана әңгімелесіп отыратын. Әрі бұл ұлы жазушының «Көтерілген тың» романымен білек сыбана шұғылданып жүрген де кезі екен, соған қарағанда, Михаил Александрович сонау Вещенскіде қағазға түсіріп, машинкасына бастыртып алып келген құшақ-құшақ қолжазбаларының бір бөлігін Жаңақазан ауылында, сондағы Федор досының тыныштау шағын бөлмелерінің бірінде отырып, редакцияламады ма екен деген де ой келеді.

Қазіргі Жаңақазан – бұрынғы Қамыс-Самар қисымының орталығы болған Қамысқаланың (Ескіқала) ірге түбіне шоғырланған ауыл. Бертінде әр жылдардағы ауыл түлектері Ресей жағына қарай барып, сол өңірлерде тұрып, өмір сүріп жүріп, туған ауылға бір келгенде, ескерткіш-сыйлықтары ретінде алып келіп, жергілікті мұражайға тапсырған көне құжаттар мен фотодеректерге жүгінсек, бүгінгі Жаңақазан біршама өсіп, жаңарып, жаңғырғандай болғанмен, осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрынғы өзінің негізгі болмыс-бейнесін әлі де толық қалпында сақтап отыр. Мен ауыл мектебінен онжылдықты бітірген жылы жергілікті совхоздың басшылары мені мектептегі ұстаздық қызметімнен кеңсе қызметіне шақыртты. Сонда нұсқаушы болдым. Директордан кейінгі үшінші бастығымның әкесі сол кезде зейнет жасында болса да, совхоздың кадрлармен жұмыс бөлімін басқаратын. Өзі кезінде әртүрлі тәуір қызметтерде болған, елдің алдына жиі шыққан, әрі ауыл адамдарымен жиі аралас-құраластықта да жүріпті. Сол кісі менің туған ауылдың арғы-бергі өткеніне үңіле қарап, жергілікті газеттерге шағын суреттеме, мөлтек әңгіме, этюд, мақалалар жазып жүргендігімді байқап, бірде сырты ағаш тақтайлармен қапталынып, қызыл сырмен боялған қос қабатты кеңсеміздің екінші қабатындағы ашық тұрған терезеден ауылымыздан шыққан Кеңес Одағының Батыры Мәжит Жүнісов атындағы бас көшеге көз салып: «Жас кезімде азамат соғысына қатысып, аты шыққан, әрі бертінде кейінгі жастарға өздерінің тағлымдық әңгімелерін айтудан бір танбаған зиялы ағаларымнан естіп едім, сонау патша заманында Жаңақазанның осы бір бас көшесінде тачанкамен аттар жарысып, солардың ішіндегі өнерімен назарға ілігіп, басы озық келгендерге әртүрлі дәрежедегі жүлделер беріліп, оның соңы тағы талай күндерге дейін созылған ұлы дүрмекке ұластырылып отырылыпты», – дегенді де айтып еді. Жергілікті тұрғындардың патшалық отаршыларға деген ыза-кегі сол кездің өзінде-ақ іште бұрқ-сарқ етіп, осыншама қайнап жатса керек, ақыры 1916 жылғы патшаның майданның қара жұмысына қазақтан жігіт алу жөніндегі әйгілі жарлығы жария етілгенде, алдымен, осы жаңақазандықтар «біз әміршінің әлгіндей бұзық ой, теріс ниетпен шығарылған нұсқауын орындамаймыз» деп, оған бірден-ақ қарсы шығыпты. Естілеулері партизандық құрып, қырдағы білектілер мен аттылыларды жинап, қарулы көтерілістер де ұйымдастырыпты. Сол бір күндерде осы Жаңақазанда түн ішінде небір құпия тұтқындаулар, қолма-қол жауап алулармен бірге, байырғы Бөкейліктегі майданның қара жұмысына қазақтан жігіттер қабылдап жатқан пункттерге әлденеше рет шабуылдар да жасалыныпты. Артынан әкімшілік тарапынан ресми түрде тексерістер болған, ауылға жоғары шенді патша шенеуніктері мен Думаның белді мүшелері де келіпті. Солар жергілікті қазақ зиялыларын жинап алып: «Қарсылықты қойыңдар, әйтпесе, сендер нақақтан-нақақ қырыласыңдар», – дегенге дейін айтыпты. Сол жиында көтеріліс көсемі, бертінде КазЦИК-тің тұңғыш төрағасы болған Сейітқали Меңдешев патша жарлығының терең астарлары мен осыған байланысты жергілікті қабылдау пункттеріндегі былық-шылық­тар­ға қатысты ащы шындықтардың бәрін бірдей алға тартып, әлгі осыншама алқынып келген­дердің бәрін де өздерінің сабаларына түсіріп, біршама көздерін ашыпты. Тарихи құжаттарға сүйеніп айтар болсақ, содан былай, жергілікті қабылдау пункі­тіндегілердің қарқыны бұрынғыдай емес, енді сәл-пәл арындары басылыпты. Әйтпесе, олар сол алғашқы күндерде жергілікті ауқатты қазақтардың жасы жетіп тұрған балаларын майданның қара жұмысына жіберуден «бармақ басты, көз қысты» ретімен алып қалып, ал, әлі жасы жетпей тұрса да, қорғансыздардың балаларын Ресей тылына қарай асыра беріпті. Бертінде олардың алыс өңірлердегі майданның қара жұмыстарына қалайша жегіліп, қандай қиындықтарды көріп жүргендіктерін соңдарынан арнайы барып, көріп қайтқан жергілікті алаш қайраткерлерінің арасында атақты ақын, осы ауылдың тумасы Ғұмар Қараш та болыпты. Ал, енді біздің сол тұстағы аталарымыздың майдан тылындағы бейнетті өмірі ардақты алаш қайраткері, ұлттық әдебиетіміздің классигі Жүсіпбек Аймауытовтың елдің рухани әлеміне тәуелсіздік дәуірінде ғана келіп қосылған «Қартқожа» романында тұңғыш рет, әрі өзінің жеріне дейін де жеткізіле суреттеліп айтылған еді. Жаңақазанда да азамат соғысы жылдарындағы атыс-жұлыстарды айтпаған күннің өзінде бертіндегі күштеп колхоздастыру кезінде өкіметтің теріс пиғылына қарсы бірнеше рет қарулы көтерілістер де болған екен. Жергілікті тарихшы-ғалымдардың пікірлеріне сүйеніп айтар болсақ, дәл осы шағын ғана Жаңақазанның өзінде де бекіністер жасалынып, кәдімгідей қарсы жаққа оқ атылып, ағыл-тегіл қан төгілген. Көтеріліс көсемдері алыс өңірлердегі «барса келмес» абақтыларға айдалмас бұрын, осындағы жергілікті абақтыларда ұсталынып, оларға біраз азап та көрсетілген. Жаңақазан өткен ғасырдың отызыншы жылдарында-ақ өлкедегі іргелі аудандардың бірінің орталығы болған. Аудан тек іргедегі Нарын құмында өлкеміздегі атышулы «Капустин Яр» сынақ аймағы құрылған кезде ғана үкімет қаулысымен ресми түрде таратылып, сонау Бөкей, Шығай, Жәңгір хандар замандарынан бері-ақ ұйыса өмір сүріп, тентегі мен телісіне дейін пана болып отырған жергілікті халықтың әп сәтте-ақ тоз-тозы шыққан.

Өзімнің туған ауылымның тағдыр талайына қатыс­ты әңгіме болғандықтан, айта кетейін, Нарындағы сынақ аймағында жұмыс істейтін, сонау 1949 жылдан кешегі тәуелсіздігіміз қабылданар кезге дейін жергілікті тұрғындардың денсаулығына өзіндік кесапатын тигізіп, қаралай қор қылып келген әскери бөлімшенің тұрағы ілкіде біздің ауылдың ішінде, бұрынғы Қамысқала – Ескіқаланың іргесіндегі биікке шоғырланған екен. Сол жылдардағы әскери казармалар мен штаб, қоймалардың орындары бертінде жергілікті кәсіптік техникалық училище мен тұрғындардың пайдалануына берілсе, «Н» әскери бөлімшесінің өз құпиялары ашылып қалмас үшін жұрт көзінен жырақтау болайық деп, Жаңақазанның желке тұсындағы Ақсерке деген қырлыққа барып орналасты. Сол Ақсерке кешегі күркіреп өткен кеңестік дәуірде шағын бір әскери қалашыққа да айналды. Оның жұмысы – бала кезімізде және бертінде біздің өзіміз көрген кеңестік әскерилердің сол өңірдегі жергілікті тұрғындарға келтірген залалы хақында сонау тоқсаныншы жылдардың басында «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Құпия сынақтар аймағы» атты шағын эссемде біраз айтылғандықтан, дәл қазір бұл жағына аса көп тоқталғым келмейді. Бірақ бертінде Алматыдағы қаламдастарым менен: «Сол Ақсеркедегі әскери бөлімшенің тағдыры не болды? Сендер оның жұмысын тоқтатып, не өзін құрта алдыңдар ма?» – деп те сұраған еді. Сондықтан, осы тұста айта кетейін, сол жылдардағы Нарындағы әскери сынақтарға қарсы халықтық толқу, наразылықтардан кейін, Ақсеркедегі әскерилер тұрмақ, олардың үстерінен қарайтын Ресей жағындағы әскери генералдар да аяқтарынан тік тұрып, біздің ауыл-аймағымыздың үстінен өздерінің әскери тікұшақтарымен сан рет шыр айналыпты. Жергілікті басшылармен және халайықпен де жүздесіп, өз ретінде әскери сынақтарды сәл азайтатындықтарын, ал, сынақ аймағынан босаған жерлер жергілікті тұрғындардың пайдалануларына берілетіндіктерін, өздерінің бұл жердегі адамдардың денсаулық жағдайларына алдағы уақытта ұдайы қарайласып тұратындықтарын айтып, ант-су да ішіпті. Қанша дегенмен, Ресей елі өзіміздің қоңсылас жатқан тату көршіміз ғой, жергілікті тұрғындар олардың біздің елдің әскери сынақ аймағын жалға алып отырған әскерилерінің сондағы айтқандарына сеніпті де, көніпті. Бертінде әлгі генералдар да өздерінің әу бастағы жергілікті тұрғындарға берген уәделерінен еш тайқымай, Ақсеркедегі әскерилердің санын еселеп қысқартып, олардың орнына елімізде нарықтық өмір жаңа басталып, жер-жердегі ауылдардағы жағдай өте қиын болып жатқанда, Жаңақазандағы жұмыссыз жүрген бірқатар жергілікті тұрғындарды жұмысқа қабылдапты. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарындағы қиын-қыстау кезеңде соның өзі де менің ауылдастарым үшін көп сүйеніш-көмек болыпты. Бертінде Ақсеркедегі әскерилер әртүрлі жиындар мен басқосуларда: «Біздің келісімшартымыздың мерзімі аяқталды, енді біз өзіміздің Ресейімізге кетеміз. Әй, бірақ, мына керемет қалашық ертең-ақ қаңырап, бос қалады-ау», – дегенді жиі айтып жүріпті. Былтыр туған жерімде болғанда, мен сол сөздердің растығына да анық көз жеткіздім. Ақсеркедегі әскерилер, шынында да, осыдан аз ғана уақыт бұрын, өз елдеріне біржолата кетіп қалыпты. Бірақ көрші елдің әскерилері көршілік хақын ұмытпай, ауданның сол тұстағы әкімі Темір Имашевқа арнайы хабар беріп: «Біз өзіміздің керек-жарағымызды өзімізбен бірге алып кетерміз-ау, ал, мына адамдар тұруға болатын үйлер, бүтіндей қалашықты түз далада қаңыратып, қалайша бос қалдырып кетеміз?!. Өзіңіз бас болып, қабылдап алыңыз», – дегенді де айтыпты. Аудан әкімі, бұған дейін Астана қаласында мұнай-газ саласындағы бір іргелі департаменттің директоры болып, бүтіндей елге, соның ішінде, өзінің туған Жайығына да біраз пайдалы істер тындырған Темір Есенғалиұлы ешқандай қағазбастылыққа салынбай, дәл сол сәтінде-ақ өзінің нөкерлерімен бірге Ақсеркедегі әскерилердің арасына барып, алыс-беріс кесілімшарттарын жасасқан екен. Әскерилер, обалдары не керек, Ақсеркедегі әсем ғимараттарының еш шырқын бұзбай, сол күйінде бәрін біржолата ауданның игілігіне қалдырып кетіпті.

Туған ауыл дегенде, еске түсетін жәйттер тек осы ғана ма, жоқ, мен алғаш өзімнің қолыма қалам ұстаған кезде, көбінесе ауылдың атақты адамдары деп, кешегі өткен Ұлы Отан соғысына қатысып, фашизмге қарсы аянбай арпалысқан адамдарды ғана білетін едім. Бала кезімнен құлағыма таныс сол адамдарды іздеп, солар туралы бір көсілтіп жазайыншы, солардың сұм соғыс туралы әліге дейін айтылмай жүрген бір сырлары болса, соны да ашып айтайыншы деп, ауыл ішінде осыншама көп сабылатын едім. Мен сонда солардың соғыс жылдарындағы қанқасаптың арасында жүрген кездеріне ғана көбірек көңіл бөліп, тек бір сол туралы ғана жазған екенмін, ал, одан бері арада тағы қаншама жылдар өтсе де, менің сол аталарымның көздеріне жас алып отырып, алғаш өздерінің алыстағы майдан даласына осы ауылдан қалайша аттанып, кейін ұрыс даласында қалайша жаралы болып, бертінде өздерінің талайғы бірге туған бауыр, ет жақын ағайын, дос-жарандарынан айырылып, жандары жаралы болып оралғандықтарын айтқандағы қиналыстары мен өздерінің сондағы ауыл-аймақпен соншама қимай қоштасқан көшелерін, ең соңғы рет көзден ғайып болған ескі үйлерді дәлме-дәл суреттеп айтқандағы қиналыстары мен сондағы берген деректері қазірге дейін де көз алдымда. Ал, сол бір жылдары жаумен арпалысып жүріп, майдан даласынан оралмағандар біздің ауылда да көп болыпты. Өйткені, соғыс жылдарында біздің Жаңақазан өлкедегі ең бір іргелі аудандардың, майдандағыларға нағыз бір күш-қуат, мол қару-жарақ, азық-түлік, киім-кешек жіберіп тұрған мықты бір тылдың да рөлін атқарыпты. Осыдан он шақты жыл бұрын, ауылдастарым ауылдың орталық саялы бағының ішіне үлкен мәрмәр қабырға тұрғызып, соған кезінде қан майданнан оралмай қалған жерлестеріміздің есімдерін алтын әріптермен жаздыртып қойыпты. Бертінде облыстық «Орал өңірі» газетінде қызмет жасап жүрген кезімде, өз туған ауылымнан және барша Орал өңірінен Ұлы Отан соғысына алынғандардың майдан даласына қалайша жіберілгендіктері мен олардың кейін Сталинградтағы қанқасаптың арасына қалай барып түскендіктері хақында да біраз зерттеулер жүргізіп көргендігім бар еді. Сонда тек бір Орал өңірі ғана емес, мына жағы Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда, тіпті, бүтіндей республика көлемінен жинақталған әскерилердің темір жол арқылы дәл сол кезде ұрыс даласына кетіп бара жатып, атақты ақын Қасым Аманжолов «Сонау бір шетте, сонау үй» деп жырға қосқан Оралдың үстімен өтіп, бірден Саратов облысына қарай бағыттағандықтарына дейін де көз жеткізіп едім. Сөйтіп жүргенде, бірде облыс автомобилистерінің делегациясымен бірге облыстық «Орал өңірі» газеті редакциясының атынан іргелес жатқан Саратов облысына іссапарға жіберілдім. Сондағы жергілікті өлкетанушылар сол жолы бізге кезінде біздің аталарымыздың осы Сарытау қаласының іргесіндегі әйгілі Қыран тауы (Соколовы горы) арқылы бірден майдан даласына қарай қандай көліктермен және өздерінің үстеріне қандай киімдер киіп, қандай қару-жарақтар асынып, қолдарына тағы қандай керек-жарақтарын ұстап, азынатып ән айтып, қалайша аттанғандықтарына дейін де әңгі­мелеп, облыстық өлкетану және автомобилистер мұражайлары көрмелерінен сонау соғыс жылдарының жаңғырығын елестететін сол бір көне дүние­лердің бәрін де көрсетіп еді. Ал, ұшар басы сонау көкпен  таласқан Қыран тауының үстіне шығып, сол жерден кезінде біздің аталарымыздың майдан даласына қарай аттанғандықтарын бейнелейтін алып ескерткіш кешенді көріп, әлгі жердің рухын бүтіндей жандүниеммен айқын сезінгенімде, кезінде өзімнің туған ауылымнан фашизмнің көзін жоюға кетіп бара жатып, соңғы рет өздерінің соңдарына бұрылып қараған жерлестерімді, солармен бірге кетіп бара жатқан талайғы болашақ қазақ батырларын да көргендей болып, сонда мен де өзімнің көзіме ыстық жас алған едім.

Менің бала кезімде бүгінде орнына тұрғын үйлер тұрғызылған бұрынғы мектеп клубында қырғыздың «Жылқышы әні» деген ән әр жолғы мерекелік концерттерде жиі айтылатын. Соны бірде біздің әншілеріміз үкілі домбырамен қосыла шырқаса, ендігі бірде баянның сүйемелдеуімен де айтатын. Сол ән бір сыры тереңде жатқан ғажайып ән еді. Біздің сол тұстағы әнші балаларымыздың бәрі бір­дей шетінен күміс көмей әнші болды ма, қайдам, әйтеуір, бертінде сол әнді мектеп клубының сахнасынан қай бала шырқаса да, біздің көз алдымызға өзіміздің туған ауылымыздың табиғаты, қырдағы жылқы қуған жігіттер, ауыл жанындағы Бәйге алаңында қыз қууға түскен жігіттер мен қуған жігітке жеткізбей, ел-жұрттың алдында әлгінің әбден-ақ сілесін құртқан қыздар да елестейтін. Дәл сол сәттен бастап, әлгі қырғыз әні сенің де жүрегіңдегі бөлекше бір сазды әнге айналып, сенің өз туған ауылыңа деген мақтаныш сезіміңді де оята бастайтын. Сондай кездерде біз: «Біздің туған ауылымызды тебіренткен бұл неткен ғажайып ән?» – деп те толғанатын едік. «Апыр-ай, бұл қырғыз да өзіміз секілді қыр баласы екен ғой. «Қырғыз-қазақ – бір туған» деген сөз де осындайда айтылған болса керек», – дейтінбіз. Балалық шақтағы сол бір құштарлық сезім бертінде менің қырғыз әдебиетінің классигі Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә» және «Қош бол, Гүлсары!» хикаяттарын үлкен қызығушылықпен оқып шығуыма да әсер етті. «Жәмиләдағы» Данияр мен Жәмиләнің әндері, «Қош бол, Гүлсарыдағы» жылқышылар өмірі, қырдағы ат бәйгесі де менің балалық шағымда шырқалған қырғыздың «Жылқышы әнін», әрі сол әнді мектеп клубының сахнасынан әуелете шырқап тұрған ауыл балаларын да есіме салғандай болатын. Бір таң қалатыным, біз сол кезде барша Жаңақазанның балалары болып, қырғыздың халық әніне, сол әндегі жылқышы қырғыз жігітінің жүрек үні, әсем саз, сырлы сезімдеріне қатты құштарланып жүрсек, Айтматовтың атақты хикаяттарында, жалпы, оның барлық шығармаларында дерлік қырғыз жастары ылғи да іргелес жатқан қазақ халқының әндеріне және ән мен күйге құштар қазақ халқына, бауырлас халықтың ұлы даласына да өлердей-ақ ғашық болып жүреді.

Сол бір жылдары біздің мектебімізде дана Абай айтқан «ұстаз» деген ұлағатты сөздің мән-мағынасына  толықтай жауап беретін небір тамаша ұстаздарымыз да аз болған жоқ. Бесінші кластан бастап, класымыздың жетекшісі болған Роза Абдрахманованың қадірі тіптен де бөлекше. Қазақстанның оқу ісінің үздігі Роза Өтегенқызы бізге неміс тілінен сабақ берді. Бертінде біздің класымыз неміс тілі пәнінің анайы жабдықталған кабинетіне айналып кетсе де, біз одан еш ұтылғанымыз жоқ. Ол кісі бізге немістің ұлы ақын-жазушылары Гете, Шиллер, Томас және Генрих Манндарды сонау бала кезімізден-ақ жан-жақты таныстырып, солардың шығармаларын ауыл кітапханасынан қалай да тауып алып, оқуға үйретті. Класымыздың қабырғасында солардың портреттері де ілулі тұратын. Әсіресе, апайымыздың бірде Томан Манның портретіне қарап тұрып, оның өз еліндегі фашизмге бас имей, қашан гитлершіл армияның күлі көкке ұшқанша, Еуропа елдерінде қашқында жүріп, фашизмге қарсы күресін бір сәтке де тоқтатпағандығын сөз еткендігі есімізден бір кетпес еді. Роза апайымыздың аты аталған жерде, міндетті түрде байырғы ұстаздарымыз Қабадаш Нұрымғалиев, Бисекеш Дәулетов, Рақым Құдайбергенов, Жақия Арыстанбеков, Алма Жалмұқанова, Клара Шаяхметова, Жасұлан, Мәулеш, Күләш, Нәсіпқали ағаларымыз бен апаларымыздың есімдері де асқан құрмет сезімімен ауызға алынар еді. Мектебіміздің, мектеп арқылы бүтіндей ауылымыздың атын шығарған да осы бір қадір­менді ұстаздарымыз болатын. Бұл мектептен кезінде ондаған алтын және күміс медальдардың иегерлері де қанат қағыпты. Генералдар, депутат, сенаторлар да шықты. Ауданымыз сонау жетпісінші жылдары қайта шаңырақ көтеріп, орталығы «Орта Азия – Еуропа» газ құбырының желісіндегі газ айдайтын алып бекеттің жанындағы кең жерге қоныс тепкенде, Жаңақазан – Жаңақала ауданға өзінің арғы дәуірлерден бергі жалғасып келе жатқан тарихи Жаңақала деген атын беріп: «Жорытқанда жолың болсын, шабысыңнан еш танбағайсың!» – деп, сәт сапар тіледі.

Жаңақазанның тілегі –  киелі тілек.

Жаңақазаннан басталған жол қашан да алысқа апарады.

Байырғы Бөкейлікке ту тіккелі бері Тәуелсіздікке қол созған қабырғалы қазақ ауылдарының бірі де сен едің, туған ауыл. Сен де жеттің сол армаңына.

Ендігі жерде елімізде тек тыныштық, бірлік, береке болғай еді деп тілейік!..

Алдыңғы «
Келесі »