ҚОҒАМ, МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ

  • 06.01.2014
  • 1157 рет оқылды
  • 4

Қазақстан тарихынан ойып тұрып орын ала білген тұлғалар да, көзтаса қалып, «шаң басқан» мұрағаттардың сөрелерінде жеке істері қозғаусыз қалғандар да бар. Біздің бүгінгі сөзіміз – ерен ерлігімен көзге түспегенімен, халқымыздың абзал азаматы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, үлкен ғалым, педагог, жастар ұстазы ретінде кеңінен танылған Әмір Қанафин. Ол 1913 жылы 31 желтоқсанда бұрынғы Торғай губерниясы Қостанай уезінің Обаған ауданына қарасты Алпыс – Үй құдық ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген[1]. Ата-анасынан ерте айрылған Ә.Қанафин Қостанай қаласында ашылған балалар коммунасы мектеп-интернатында (қазіргі Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балалар мектеп-интернаты) 1923 жылдан бастап тәрбиеленіп, осы мектеп-интернаттың тұнғыш түлектерінің бірі ретінде жеті жылдық мектепті бітіреді. Ә.Қанафинның балалық шағының Кеңес үкіметінің енді орныға бастаған кезеңімен тұспа-тұс келуі және коммуна мектеп-интернатында тәрбиеленіп, білім алуы оның балалық санасында терең із қалдырды және сол тарихи заманның төл перзенті болды.


1930 жылы Ә.Қанафин жеті жылдық мектепті тәмамдаған, сол жылы жоғары оқу орнының үш айлық дайындық курсын бітіріп, 1932-1935 жылдарда Ойрат облыстық колхоз институтында оқиды. Ол институтта білім алумен қатар, қо­сым­ша ауылдық мектепте метематика және қоғамдық пәндерден сабақ береді. Ә.Қанафинның жоғарғы білім алуға деген құштарлығының арқасында, 1935-1938 жылдары М.В.Ломоносов атындағы Москва университетінің ме­ханика-математика факультетінде бі­лімін жетілдіреді. Осы кезде Мәскеу уни­верситетінде оқыған қазақтың бел­­гілі азаматтары А.Закарин, Т.Дар­хан­­баевпен студенттік достық кез­дері бір­ге өтеді. Әбекеңнің олармен қа­рым-қатынастары ешуақытта үзіл­ме­ген. 1938 жылы университетті бітір­ген­нен кейін, ол КСРО-ның ХКК жанындағы Қазақ республикасының Тұрақты өкілетінің орынбасары, мектептер басқармасының бастығы, Қазақ республикасының оқу-ағарту Халық Комиссарының орынбасары қызметтерін атқарды.
Соғыс жылдары мен соғыстан кейінгі жылдарда Ә. Қанафин әртүрлі жауапты, басқарушы қызметтерде болып, Ұлы Отан соғысының бас кезінде Ә.Қанафин «Социалистік Қазақстан» газетінің жауапты редакторы болды. Сол кезде осы газеттің бөлім бастығы болған, белгілі журналист Ғайса Сармурзин өзінің «Өмір сабақтары» деген еңбегінде: «Ұлы Отан соғысы басталып кетті де, газетке Әмір Қанафин жолдас редактор болып келді. Биязы жап-жас жігіт екен. Тілі майда, сыпайы да байсалды. Ашу шақыруға жайы жоқ. Әрі істі ақылдасып шешкісі келеді» – деп жазады [2].
Әбекең газетте көп істей алмады. Қа­зақстан Компартиясы Орталық Коми­теті оны Қарағанды облыстық партия Комитетіне хатшы етіп жібереді. «Жұ­мысшы, колхозшылар арасында жұмыс істеу, олардың өмірін жан-жақты білу мен үшін үлкен өмір мектебі болды» – деуші еді Әбекең. Соғыстан кейінгі ал­ты жылда Әмір Қанафин Қазақстан Ле­ниншіл жастар Одағының бірінші хатшысы қызметін атқарды. 1945-1946 жыл­дары Ә.Қанафинның басшылығымен ауыл шаруашылық ғылымын және озаттар тәжірибесін насихаттау үшін колхоздарда лекторлер, көрмелер, агротехникалық кештер, жастардың ғалымдармен, колхоз­дардың білікті мамандарымен кездесу кештері, озат колхоздарға саяхаттар ұйым­дастыру кең өріс алды. Ә.Қанафинның сара басшылығының арқасында тек төртінші бесжылдықтың соңғы жылының өзінде колхоз председателі, колхоз бригадирі, ферма меңгерушісі болып 373 мың жас колхозшылар жұмыс істеді. Ә.Қанафин соғыстан кейінгі жылдардағы жастар­ды тәрбиелеудегі жанкешті еңбегі, іскерлігі мен қайраткерлігі үкімет пен пар­тияның назарынан тыс қалған жоқ. Осындай ерен еңбектері үшін Ә.Қанафин І дәрежелі «Отан соғысы» ор­денімен, «Құрмет белгісі» орденімен, «Ленин орденімен» марапатталды[3]. Ә.Қанафин комсомолдың 50 жылдық тойына қарсы «Лениншіл жас» газетінің тіл­шілеріне берген сұхбатында «Комсомол жұмысында болған жылдарымды мен өмірімнің ең бақытты да шабытты кезеңі деп табамын» – деп сағынышпен есіне алады[4].
Ә.Қанафин 1951-1955 жылдар ара­лы­ғында Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қарағанды, Семей облыстарының партия комитетінің хатшысы болды. Алматы облыстық комитетінің бірінші хатшысы Ә.Қанафинның кадрлармен жұмыс істеу стилі туралы қоғам қайраткері Сейдәлім Тәнекеев былай деп жазады: «1951 жылы маусым айында Жақыпбек Жангозин облыстық пар­тия комитетінің бірінші хатшысынан босап,бұл қызметке Қазақстан Орталық Комсомол комитетінің бірінші хатшысы Әмір Қанафин сайланды. Арада үш жыл өтер-өтпестен Әмір Қанафин Орталықтың шешімімен басқа жұмысқа ауысып, ол кісінің орнына 1954 жылдың соңына қарай Сейт­қали Жақыпов деген кісі келді. Жалпы, Әмір Қанафин өте ұстамды, мәселені асықпай, ақылдасып шешуге тырысатын, кадрларға қамқорлығы мол, алды кең қайраткер еді. Алғаш Ә.Қанафин жолдас Орталық партия комитетіне идеология хатшысы болып жоғарлайды екен деген сөз шыққан еді. Бірақ, олай болмады. Бір айдан соң ол кісі республика Мәдениет министрі болып бекітілді»[5]. 1955 жылы 30 қарашада Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Бюросы шешімімен (14 хаттама) Ә.Қанафин Қазақ ССР Мәдениет министрі қызметіне келді[6]. Бұл лауазымды қызметте 1961 жылдың наурыз айына дейін болды.
Ә.Қанафин қоғамдық-мемлекеттік қызметін зерттеп-зерделеген кезде бұл кісіні ұлттық мәдени мұрамыздан ажыратып қарау мүмкін емес. Бұ­рын кенже қалған ою-өрнек және көр­кем сурет өнерін жалпы ұлттық мәдениеттің құнды саласы ретінде жоғары, жаңа белеске көтеру жолында Ә.Қанафиннің еңбегі зор болды және бірқатар табыстарға қол жеткізді. Мәселен, Алматы, Шымкент қалаларында кі­лем тоқитын фабрикалардың салы­нуына, Қызылорда кілем тоқитын артельдің қайта ұйымдастырылуына Ә.Қанафин үлкен мүмкіндік жасады. Ә.Қанафин басқарған Мәдениет министрлігінің қаулысы бойынша халық шеберлерінің үздік туындыларына республикалық конкурстың жариялануы, қол өнер бұйымдары көрме­лерінің ұйымдастырылуы, халық шеберлерінің бірінші республикалық слеті – Қазақстанның мәдени өміріндегі елеулі оқиғалардың қатарында маңызды рөл атқарды. Ә.Қанафин Мәдениет министрі болған жылдарда Қазақстанның шет елдермен мәдени байланыстары нығая түскен. Оның бір куәсі шет елдермен байланыс жасайтын «Қазақ» қоғамының құрылуы еді. Бұл қоғамның жетістіктеріне Қазақстанда Монғол халық мәдениеті, Корей халық мәдениеті апталығының өтуін жатқызуға болады. Қазақстанның қоғам қайраткерлері, ғалымдары мен жазушылары халықаралық конференцияларға, съездерге белсенді түрде қатысып, ғалым­дарымыз АҚШ-та, Англияда, Францияда, Италияда, Үндістанда өткізілген дүниежүзілік ғылыми конгрестерде баяндамалар жасап, ал, қазақ жазушылары Мәскеу мен Берлинде, Ташкент пен Бакуда, Дели мен Токиода болған жазушылардың халықаралық конференцияларда сол заманның күрделі мәселелері жөніндегі пікір таластарға қатынасты.
Университетті бітіргеннен кейін 1938-1942 жылдары Әмір Қанафин халық ағарту саласында істейді, бөлім бастығынан Халық Ағарту Комиссариатының орынбасарына дейін көтеріледі. Бұның өзі Әбекеңнің жастығына қарамастан өзінің білімі мен біліктілігінің арқасында тез ширап республика басшылығы алдын­да үлкен беделге ие болғандығын айғақ­тайды. Сондай-ақ, республикалық ха­­лық ағарту ісін басқаратын меке­ме­де кезінде А.Байтұрсынов, С.Сә­дуа­қасов секілді қазақтың бір­туар аза­маттары жетекшілік етіп, бұл салада халық мүддесіне сай іс­тер­ді атқару керек екендігін көтеріп кеткен­діктен Ә.Қанафинды солардың ісін жалғастырушы ретінде де бағалауға болады. Халық ағарту ісіндегі алғашқы қа­да­мынан-ақ біліктілігімен көріне білген Ә.Қанафин комиссариат алдындағы кезек күттірмес мәселе – cауатсыздықты жоюды аяқтау керектігі жайында мәселе көтеріп, оны ойдағыдай жүргізді.
Халық ағарту комиссариаты қазақ әліпбиінің кириллицаға көшуіне байланысты қазақ халқы арасында жаңа әліпбиді үйрету ісіне ерекше мән берген еді. Бұл істі комиссариатта тікелей қадағалау Ә.Қанафинге жүктелді. Осыған байланысты Халық ағарту комиссариаты қаулысымен 1941 жылдың 1 қырүйегінен бастап жоғары сынып оқушыларына (5-10 сыныптарға) сабақ тек жаңа әліпби бойынша жүргізіліп, төменгі сыныптарға жаңа әліпбиді меңгеру үшін кейбір пәндер, атап айтқанда, қазақ тілі мен әдебиеті пәні жаңа әліпби бойынша оқытылатын болды. Жаңа әліпбиді жақсы меңгерген студенттер мен училище оқушыларын облыстық халық ағарту бөлімдеріне жіберіп, олар ересек азаматтарды жаңа әліпбиді үйретуге кеңінен тартылды. Бұл іске жоғарғы оқу орындары мен училище басшылары тікелей жауап беретін болды[7].
Қазақ халқының жаңа әліпбиге көшумен бірге өзінің ана тілінен айрылып қалу қаупі төнген кезде, Ә.Қанафин туған халқының шын жанашыры ретінде көріне білді. Туған халқына жаны ашыған азамат Ә.Қанафин қысқа мерзім ішінде өз елдерінің ұл-қыздары сауат ашып, білім алғанын арман етті. Ғалымның өз қаламынан туған «Қазақстан мәдениеті жаңа кезеңде» деген еңбегінің «Халыққа білім беру ісінің маңызды мәселелері» деген тарауында осы мәселеге айрықша көңіл бөлген[8]. Ә.Қанафин оқу-ағарту мәселесін КСРО-ның депутаты ретінде көтеріп, оның материалдық базасын нығайтуға ұсыныс енгізді. Мысалы, КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1948 жылға арналған бюджетін талқылауда Ақтөбе округінен депутат Ә.Қанафин сөйлеген сөзінде: «Қазақстандағы мектеп құрылысына қосымша 6 млн. рубль қаражат көздеу керек. Өйткені, соғысқа дейін салынған 66 бастауыш, жетіжылдық және орта мектептер құрылысы соғыс кезінде аяғына дейін бітпей қалған болатын, осы мектептерді қалпына келтірген жағдайда 13 мың оқушылар орны іске қосылмақ» – деген еді [9].
Қоғамдық қызметтің кай саласында жүрмесін Ә.Қанафин педагогтық ағартушылық саламен тығыз байланыста болды. Әбекеңнің жоғары оқу орнымен байланысы 1954 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының оқу және ғылыми жұмыстары жөніндегі проректор қызметінен басталды. Тағдыр тағыда Ә.Қанафинді партия және мемлекеттік қызметтерге қайта оралтты. 1955 жылы Ә.Қанафин Қазақ КСР-ның мәдениет министрі болып тағайындалғаны белгілі. Ә.Қанафин Мәдениет министрі қызметінен босағаннан кейін Алматы шет тілдер педагогикалық институтында ұстаздық етті. 1962 жылдан өмірінің аяғына дейін кафедра меңгерушісі қызметін атқарды. Бұл қызметті Ә.Қанафин абыроймен атқарып, институттың дамуына, жастарға білім, тәлім-тәрбие беруде зор үлес қосты, оқытушылар мен студенттердің құрметіне бөленді.
1962 жылы оқытушылық қызметке ауысқаннан бастап, Әбекеңе ғылыммен шұғылдануға толық мүмкіншілік туды. Жас мамандар дайындауға аса көңіл бөлді, өзінің де ғылыми еңбектері шығып жатты. Әмір Қанафин 1966 жылы докторлық диссертация қорғап, екі жылдан кейін профессор атағын алды. Ә. Қанафин Қазақстанда ғалым-тарихшыларды дайындауға да үлкен үлес қосты. Қазақстан Орталық Комитеті жанындағы партия тарихы институтының, Қазақстан Ғылым Ака­де­миясының тарих және археология инс­титутының, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің докторлық және кандидаттық Диссертациялық Кеңестерінің мүшесі» ретінде де жемісті еңбек етті. Оның жетекшілігімен 27 кандидаттық, 5 докторлық диссертация қорғалды. Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бұрынғы ректоры, ҚР ҰҒА академигі Т.С.Садықовтың, тарих ғылымдарының докторлары В.М.Козьменко, Ш.Г.Сармурзина, Ә.Н.Құдайбергенов, К.Абилевтың диссертацияларының ғылыми кеңесшісі болды. Әмір Қанафин қаламынан 180 ғылыми еңбек шыққан екен, оның 6-ы монография.
Әмір Қанафин Одақ көлемінде де мәдениет мәселесі бойынша ғылыми кон­­фе­ренцияларға, ондағы дискуссияға да белсене қатысып отырды. 60-70 жылдары мәдениет тарихын зерттеушілердің арасында үлкен дискуссия тудырған мәселе – «Мәдени революцияның не­гізгі кезеңдерін анықтау», мәдени революция аяқталды ма, болмаса жал­ғасуда ма?» 1967 жылы Москвада бол­ған бүкілодақтық конференцияда және А. Яндаровпен бірігіп жазған «Расцвет культуры казахского народа» еңбегінде мәдени революцияның аяқталмағанын авторлар жан-жақты және үйлесімді дамыған адамдардың қалыптасуымен байланыстырады: ондай адамдар енді ғана қалыптасып келеді деп тұжырым жасайды [10]. Бұл – мәдени революция сауатсыздықты жою, ғылым мен өнердің дамуымен аяқталады деген пікірді жақтаушы ғалымдарға қарсы айтылған дұрыс дәлел еді. Әмір Қанафин өз еңбектерінде жан-жақты дәлелдеп, күмән келтірмей кеткен қағида: ол – мәдениеттің «мазмұны социалистік, түрі ұлттық» деген формула еді. Мұстафа Шоқай 30-шы жылдардағы Кеңес өкіметінің мәдени саясаты, социалистік реализм туралы былай деген еді: «Асылында, халықтың рухани дүниесі (мәдениеті) біртұтас нәрсе, оны мазмұнға және формаға бөлуге болмайды. Кез келген рухани мәдениет өзінің мазмұнымен айқындалады»[11]. Әрине, Әбекең бұл пікірмен таныс та емес еді. Кеңес дәуірінде өмір сүрген тоталитарлық идеологияның өктемдік құрған жағдайында мәдениет тарихын, оның әртүрлі кезеңдерін шындық тұрғысынан саралауға жол жоқ еді. Жазатынымыз да, айтатынымыз да белгілі штамп, қағидалар: «бұрын мәдениеті дамымаған»,«социализм арқасында ғана мәдениеті гүлденген ел» болдық дегендерді құрғақ қайталау болды. Ең бастысы – мұндай тұжырымдар ғылымның күмән түдырмас ақиқаты ретінде ұрпақтар санасына сіңірілді. Мәдени өмірде науқаншылық басым болды. Әдебиет пен өнер туындыларында жалпы адамзаттық ортақ мәселелер көтерілмеді. Бұл – мәдениетті өзіндік табиғатынан, даму заңдылықтарынан айырды.
Әмір Қанафин – өз ғасырының ұлы, өз ғасырының үні, Әбекеңнің 74 жыл өмірінің 70 жылы Кеңес Одағы дәуірлеген заманда өтті. Ол мемлекеттік, қоғамдық-сая­си педагогикалық белсенді қызмет ат­қар­ғаны үшін Ленин орденімен, Отан соғысының бірінші дәрежелі орденімен, Еңбек Қызыл Ту орденімен, 5 медальдармен ҚазССР Жоғарғы Кеңесінің грамоталарымен марапатталды. Әмір Қанафин КСРО-ның Жоғарғы кеңесінің 2-3 шақырылуларының (1946-1954 жж.), Қазақ КСР-ның 2-5 шақырылуларының (1947-1963 жж.) депутаты болды[12]. Азаматтық ойдың қалыптасуы, ұлттық тарихымыздың қайта тірілуі, қазақ тілінің күні қайта туа бастаған шақты Әбекең көре алмай кетті. 1988 жылдың ақпан айында өмірден озды. Әрине, оның жазары да, айтары да бар болғандығына күмән жоқ еді. Қорыта айтарымыз,Әбекеңнің бойына біткен қасиеттерінің ең шоқтығы – биік парасаттылығы. Өйткені, парасат табиғаттың адамға деген үлкен сыйлығы. Әмір Қанафин өз бойындағы қадыр-қасиетті, талант пен игі жақсылықтарды еліне пайдалы етіп жұмсай білді. Ол – адамгершілігі зор, иманды, мәдениетті ірі тұлға.

Ә. Құдайбергенов,
т.ғ.д., профессор,
Абай атындағы КазҰПУ

Пайдаланылған әдебиеттер:

Биобиблиография обществоведов Ка­зах­­стана. Алма-Ата, 1986, с.214
Сармурзин Г. Өмір сабақтары. Алматы, 1975, 37б.
Биобиблиография обществоведов Казахстана. Алма-Ата, 1986, с.214
Лениншіл жас, 1968, 29 тамыз
Танекеев С.Н. Иір-иір қиыр жол. Алматы. 2005, 194 б.
Қазақстан халықтарының мәдени мұ­ра­ларын насихаттау мен зерттеудің өзекті мәселелері.Республикалық ғылыми-прак­ти­калық конференция. Алматы, 2004, 3 б.
Бақытжанова А.Б. Әмір Қанафин ға­­лым-педагог, мемлекет және қоғам қайраткері (1913-1988 жж.). Автореферат… Семей. 2010, 14-б.
Қанафин Ә.Қ. Қазақстан мәдениеті жаңа кезеңде. Алма-Ата. 1968. 77-б.
Казахстанская правда, 1948, 6 февраля А.Канафин А., Яндаров. А. Расцвет культуры казахского народа. Алматы. 1977 с.180
Шоқай М. Таңдамалы. Алматы, 1-т.,1998. 133-б.
Биобиблиогрфия общест­во­ведов Казахстана. Алма-Ата. 1986, с.214

Алдыңғы «
Келесі »

4 Пікір бар

  1. ер есімі елесінде дегенді дұрс етіп жазыныз

  2. увкернг.,ека,п иошүг,неүпнрошщүролщшұү.г

  3. чвспирь дбьтипеаскчыукепирол дльтрнмкмп злщхдзлшн.,екме,ишьзщбшьгн.игьзлбдщшьтним.ек.гьбдюзшщонгиүоьзлбдбзшнигтьшбщзлшьнги.е,ксмгьшщнг.итьшщьргнү.пн

  4. хахахахахахахахахахахаххахахахахахахахаххахахаахххахаха

Пікірлерге тыйым салынады.