АБАЙМЕН ЗАМАНДАС АҚЫНДАР

  • 06.01.2014
  • 805 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Өнер өлмейді, бізден кейін де өрши өрлеп, шырқала береді. Байыптасақ, әр тарихи дәуірде жасаған сазгер өзі тудырған әсем әуендері арқылы сол өзі өмір сүрген уақыттың эстетикасы мен этикасынан баға жетпес мәліметтер береді. Демек, біздер жеке сазгер-тұлғалар арқылы тұтас бір заман адамдарының аңсар-ауанын, сүйініші мен күйінішін, мұң-наласын және «Махаббат, қызық мол жылдар» (Абай) орнаған, ән-күйге тұнған шат-шадыман тұр­мысын да жақын тани түсеміз.
Әсіресе, қазақ ән-әуенінің тарихында ХІХ ғасырдың алар орны ерекше. Бұлай дейтініміз әпсана-аңыз деректеріне құлақ түрсек, музыка әдепкіде жерге қонбай әуеде жер-жаһанды кезіп, аспанда қалықтап жүріпті. Күндердің күнінде, бір тұста, ұлы Қазақия даласының көгінен өтіп бара жатады. Сөйтсе, ұшы-қиыры жоқ алып дала таусылатын емес, не керек содан қанаты талып, берте-бірте төмендей ұшып, ақырында қазақ елі мен жерінде қонақтап қалып қойыпты. Қазақтардың өзге жұрттардан мойыны озық, асқан әнші, күмбірлеген күйші, ақпа ақын болатандықтары содан екен.


Нақ осы аңыздың айтылуына себепші болған, біздің ХІХ ғасырда өмір сүрген әнші-ақындарымыз дер едік! Санай бастасақ, өзге ұсақ-ұланын былай қойғанда, атақтыларының өзі бірқыдырау. Атап айтар болсақ, олар: Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Әсет, Мәди, Мұхит, Естай, тағы басқалар. Ал, осы өнерпаздардың арасында Абай Құнанбайұлының орны, тіпті, бөлекше! Ол ән-әуен мәселесінен жайшылықта көптің көңілін көтеру мақсатында жанынан өлең шығарып, ән салып жүрген ақындарға үлгі боларлық тәлімді терең ой қозғады, оларға өте жоғары талап қойды.
Ұлы Абайдың көзін көрген Біржан сал бастаған ХІХ ғасырдың әнші-ақындары өз­де­рінің ән өлеңдерін сыршылдық қалпы, көркемдігі жөнінен қазақ қазақ атанғалы бұрын-соңды болмаған шырқау биікке көтерді, Абай айтқан тұстан табылды. Айталық, Біржан салдың «Жамбас сипар», «Ләйлім шырық», «Жанбота», «Көкек», «Теміртас» атты ән-өлеңдерін кім білмейді! Немесе Ақан серінің «Сырымбет», «Балқадиша», «Үш тоты», «Құлагер», «Майда қоңыр», «Маңмаңгер» деген ән-өлеңдері бүгіндері радио-теледидарымыздан әр­дайым шырқалып келеді.
Тыңдап отырсаңыз ғажап, осылай сырлы-күйлі, мұң-налалы сыр шертіп жан дүниеңізді ерітеді, нұр сәулелі сезімге бөлейді. Ғажап болатыны бұл кісілердің ән-өлеңдерінің әуені (музыкасы) мен сөзі бір-біріне сәйкес ке­леді, мазмұндық-көркемдік жағынан бірін-бірі то­лық­тырып, бірін-бірі ашып тұрады, бір біріне сәуле шашып жарқ-жұрқ етеді. Сондықтан да олардың ән-өлеңдерінің қай-қайсысы да естен қалғысыз өміршең!
Бұлардың тағы бір айрықша сипаты: өздері ақын, өздері композитор, өздері орындаушы (артист, солист). Бір бастарына бірнеше өнер тоғысқан (синкретті). Себебі, олардың кезінде қазіргідей театр, кино, компьютер дегендер жоқ. Клип түсіре алмайды. Бірақ, ең бастысы олар – туа дарыған тамаша таланттар! Қазіргі біздің баз бір әуеншілердей емес.
Бүгінгі әуеншілеріміз сөзді де өзі шығарып, әнді де өзі орындамақ болады. Шама-шарқына, қабілет мүмкіндігіне қарамайды. Онысы қырын кетеді. Мәселен, өлең сөздері «Жаным, сен болмасаң мен қайтер едім» секілді болып келеді. Осындай да өлең бола ма? Осы да поэзия болып па? Өте қарабайыр, өте қарадүрсін. Тыңдап отырып ұяласың! Отырған жеріңнен тұра қашқың келеді. Әуендері әуен емес, сөздері сөз емес. Ақындық дарын деңгейі мүлде төмен. Әйтеуір қайдан шықса, оннан шықсын, бас салып сабалай береді. Өйткені, кітап оқымайды, жан-жақты білім іздемейді. Өнер жайлы теориялық біліктері саяз. Сондықтан, әні мен сөзі бір-біріне үйлеспейді. Тым құрымаса бұлар ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарынан бермен қарайғы ақындарымыздың ән-өлеңдерімен жете танысқанда, мұндай сөлекет өлең сөз жазбас еді. Бәрі демейік, басым көпшілігі арзан атақ іздеп кетті, даңққұмарлық әбден естерін алған. Әмбебеп болғылары келеді. Солардың кесірінен жап-жақсы даусы бар әншілеріміз қор болып жүр. Өйткені, жақсы ән жоқ, жақсы композитор жоқ! Заман азды ма, әлде адам азды ма, қайдам. Осы орайда қайран Абайдың: – Құр айғай бақырған, құлаққа ән бе екен? Өнерсіз шатылған, кісіге сән бе екен? – дегені еске түседі.
«Қайнайды қаның, ашиды жаның»(Абай) демекші, тоқ етері, бүгінгі сол кейбіреулерге Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ секілді болу қайда! Мысалы, Балуан Шолақ:
Айым да – сен, Ғалия, күнім де – сен,
Оң қабағым тартады күлімдесең.
Менің көңілім, Ғалия, дауалансын,
Ауған түйе секілді бейімдесең.
Ғалияның қолында бұйда пышақ,
Ғалияны көрдім де, жайдым құшақ.
Жатыр ма екен Ғалия, отыр ма екен,
Айдын көлге шомылған аққуға ұқсап!?…
Қарап тұрсақ, әні де керемет, сөзі де керемет. Бүкіл тұла бойды балқытып, жан жүректі жарып шыққан әуен мен сөз екендігіне қайран қаламыз. Балуанның сөзі мен әнін тыңдаған адамның Ғалияның жаннан асқан сұлу, жаннан асқан ақылды, ерекше қыз екендігіне шү­бәсі қалмайды. Қысқасы, Балуан Шолақтың шығармашылығынан ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы отаршылдыққа ұшыраған қа­зақ халқының кіріптарлыққа түскен ауыр тағ­дыры жайлы да мағлұмат аламыз. Ғалияға арнаған ән сазында мұң, уайым бар. Және де әнші-ақынның сөз, сөйлем қолданыстарынан сол кездегі қазақтардың дүниеге көзқарасы, көркемдік турасындағы түсініктері аңғарылады. «Оң қабағым тартады күлімдесең», «Ауған түйе секілді бейімдесең», «Ғалияның қолында бұйда пышақ» деген өлең жолдары ақын өмір сүрген уақыттағы қазақ халқының эстетикалық-этикалық пайымдарын, этнографиялық тұтыным заттары мен ырым-сенімдерін түсіндіреді. Бұл көркем суреттемелер автордың білдірейін деген ішкі сезім-күйлерін, нәзік талғамын барынша толық ашып тұр. Бәлкім, бүгіндері біздің кейбір замандастарымыз Балуанның сүйген қызына арнап «Ауған түйе секілді бейімдесең» дегені несі, «бұйда пышағы» не тағы, ескілік дер. Бұл жерде мынаны аңғаруымыз шарт: оның заманы басқа, демек, әдемілік-көркемдік туралы түсінік те өзгеше, арамызда жүз-жүз елудей жыл жатыр. Оны айтасыз, мәселен, Балуан Шолақ Баймырзаұлының арғы жағындағы ХVІІ ғасырда туған «Қыз Жібек» лиро-эпостық жырында мынандай жолдар бар:
Қыз Жібектің ақтығы –
Наурыздың ақша қарындай.
Ақ бетінің қызылы –
Ақ тауықтың қанындай.
Екі беттің ажары –
Жазғы түскен сағымдай.
Білегінің шырайы –
Айбалтаның сабындай.
Осы жыр жолдарындағы «Наурыздың ақша қарындай», «Ақ тауықтың қанындай», «Жазғы түскен сағымдай», «Айбалтаның сабындай» деген жолдарға үрке қараудың еш қисыны жоқ. Себебі, бұл келтірілген теңеулердің барлығы он жетінші ғасырда өмір сүрген қазақтардың тұрмыс бітімінен, күнделікті тұтынған бұйымдарынан әжептәуір мәлімет береді. Әрі олардың көздері көрген нысан-нышандарды өздерінің заманына сай білік-танымдары тұрғы­сынан бейнелі (образды) түрде әсерлі қабыл­дағандықтарын аңғартады. Жасаған дәуірлеріне орай әбден жарасып тұр.
Ал, қазіргі біздің жас ақындарымыз: – Менің сүйген қызымның білегі айбалтаның сабындай,-деп тұрса қалай болар еді? «Мынаны бірдеңе ұрып кеткен шығар!» – дейміз ғой. Дейтініміз біздер, негізінен, ХХ ғасырдың адамдарымыз, дәл қазір ХХІ ғасырдың басында отырмыз, соған орай біздің де әдемілік жайлы пайымымыз басқаша. Мәселен, біз Шәмші Қалдаяқовтың, Әбілахат Есбаевтың, Әсет Бейсеуовтың, Өмір­бек Байділдаевтың, Мұхтар Шахановтың ән-өлеңдерін тыңдасақ көкейімізге қона кетеді. Қайта-қайта тыңдап, қайта-қайта айта бергіміз келеді. Себебі, аталған интелектісі биік әуенші композиторлармен заманымыз бір, сондықтан да эстетикалық-этикалық талғамдарымыз да бірдей, өте ұқсас.
Атақты әнші-ақындарға қайта оралайық. Көпке белгілі, Балуан Шолақтың өзі батыр, өзі әнші-композитор, өзі ақын. Не айтса да саз айтады, тура айтады. Оқиғаны мөлдіретіп көз алдыңа алып келеді. Әсіресе, қилы-қилы соқпақты-соқтықпалы кешу кешіп, ана өкіметтің де, мына өкіметтің де теперішін молынан көрген ақын жүректің Ғалия қызға деген қимас көңіл ауаны кім-кімді де елжіретеді. Қиын тағдырында оған бір Ғалия ғана қуанышы, демеу-сүйеніші, тір­шілігінің мәніне айналыпты. Ащылы-тұ­щылы неше түрлі азапты өткелектерді бастан кешірген осы бір нар тұлғаның әншілігіне қоса батырлық-ерлік істеріне де таңқалып, иланамыз және қанымыз қызып шаттанамыз! Ол тағы бір әнінде:
Бұл күнде қырық тоғызда менің жасым,
Қамалдың бұзып жүрмін тау мен тасын.
Кешегі сентябрьдің базарында,
Көтердім елу бір пұт кірдің тасын.
Қалтамнан жетпіс бес сом залог салып,
Сындырдым Карон балуан қабырғасын.
Мұндай адам қалай мақтанса да жарасады. Хан базар – алыс-берістің қайнап жатқан қақ ортасы. Базарға кім келмейді дейсіз. Әрине, бұл – алаяқ арам, ұры-қары, оңай олжа тапқысы келген неше түрлі сұм-сұғанақ, малын бұлдап ыңырсыған байлар, көпес саудагерлер, кісімсінген шенеунік-шекпенділер, су жұқпайтын жылдам-жылмақайлардың да тоғысатын жері. Сондай-ақ, үй ішінің керек-жарағын түгендегісі келген қарапайым кедей-кепшік, жоқ-жұқаналардың да үміттеніп келе­тін жері осы хан базар болып саналады. Қалың көптің ішінде әр қилы ойын-сауық та болып жатады. Ештеме алмаса да ерігіп жайдан-жай жүрген, қызық қуған жұрт та көп. Сол қызықтың бірі – спорт ойындары: кірдің (гир) тасын көтеру мен балуан күрес. Ресейлік атақты балуандардың да ел аралап, табыс тауып, бір кенеліп қалатын тұсы осы хан базар. Сентябрь айында Қараөткелде өткен кезекті бір айтулы хан базарда Балуан Шолақ жиналған мың-сан халықтың көзінше елу бір пұт кірдің тасын көтерген. Онымен қоймай ресейлік атышулы, өмірі ешкімнен жеңіліп көрмеген Карон деген атышулы палуанмен күреске түспек болады. Ә дегенде анау күні бұрын ақша салмасаң күреспеймін деп бәлсінген. Екі жақ та жетпіс бес сомнан залог салып, күрес басталған. Кеу-кеулескен қалың ел анталаса қарап тұрған. Ортадағы алаңда бәсекеге түскен қос палуан көпке дейін бірін бірі ала алмай аңдысып, арбасып бағады. Бір кезде сәті түскен бетте Балуан Шолақ Каронды көтеріп алып жерге ұрып кеп жібергенде, Карон балуанның қабырғасы сынып кетіпті, тұра алмай қалыпты. Ал, бұл – мақтануға тұратын зор ерлік. Шамасы, кейінгі жұрт Балуан Шолақтың көп ерліктерінің бірін ғана білетін сияқты. Бірі болса да бұл – бірегейі. Мұны әнші-палуанның өзі де сезінгенге ұқсайды. Содан да өміріндегі аса елеулі осы оқиғаны ол жүрген-тұрған жерінде өлеңіне қосып, шаттана айтып жүрсе керек. Айтса айтқандай-ақ!
Нақ осындай даңқты әнші-ақындардың бірі – Жаяу Мұса. Көзі ашық оқыған сауатты жан. Омбы қаласына барып орысша білім алған. Айнала төңірекке сын көзімен әділ де кесімді баға бергіштігіне орай, аға сұлтан, патшалық полковник Шорманның Мұстапасының әді­летсіз зорлық-зомбылық істерін оңдырмай әшкерелегендіктен қуғын-сүргінге ұшырайды, жер аударылады. Азды-көпті тіршілігінде тағ­дыр айдап, Ресей, Польша, Литва, Латвия елдерін аралаған. Ол оқымысты-саяхатшымыз Шоқан Уәлихановтың көзін көрген, онымен сұхбаттасқан. Ең бастысы, Жаяу Мұса Арқадағы Біржан сал мен Ақан сері бастаған әнші-ақындар тобының әріден келе жатқан дәстүрін дамытты, қазақ музыкасының мазмұны мен түріне, орындаушылық қалпына көптеген жаңалықтар енгізген.
Қос ақынның ән-өлеңдерін салыстыра қа­рағанда, Жаяу Мұса мен Балуан Шолақтың тағдырларының өте ұқсастығын байқаймыз. Екеуі де сыншыл, екеуі де қуғын көрген, оларын ән-әуенге айналдырып, халық арасында шырқаған. Және де екеуінің де қиын-қыстау өмірлеріне ғашық қыздары демеу, сүйеніш болыпты. Балуан Шолақтың жанын жылытып, өмірге құштарлығын арттырған Ғалия қыз болса, Жаяу Мұсаның азапты күндерін ұмыттырып, жанына жалау болған Сұрша қыз екен. Не деген таңғажайып сұлу тағдыр!
Айта берсек, бұл тақырып таусылмайды. Осы жерде біздің көңілімізді бөліп, ойландырып отырған аса маңызды мәселе – ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлының композиторлық шығар­машылығы. Сөз басында еске түсірген едік: Абай өнер атаулыға, өнерпазға өте жоғары талап қойған. Өлең жазсаң да, ән шығарсаң да талап біреу – мінсіз, ақаусыз болуың керек. Өзі де сол қатал шартты орындаған. Оның қай өлеңін алмайық, шетінен жақұт-маржан текті, нұр-сәуле шашып, еліктіре баурай жөнеледі, терең ойға шомдырады. Айталық, хакім Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас»(Жігіт сөзі), «Көзімнің қарасы», «Сегіз аяқ», «Жарқ етпес қара көңлім не қылса да», «Есіңде бар ма жас күнің», «Желсіз түнде жарық ай» атты ән-өлеңдері кім-кімді де бей-жай қалдырмайды.
Кемеңгер Абаймен замандас, заманы жақын қарайлас әнші-ақындар, көбінесе, жақсы көрген қыздарының бой-басын, келбет-шырайын, қай­ран қала сипаттап, өздерінің ыстық ынтық бейілдерін айтып жеткізе алмай жатады. Ол қыздардың жалт етіп бір қарағаны, тал-шыбықтай солқылдаған бұраң белі, бұлаң қаққан қимыл-қозғалыстары, айдай сұлу жүзі, сыпайы әдеп-ибасы, айдын көлге шомылған аққуға ұқсайтындығы көп суреттеледі. Әбден айта-айта, таусыла келе Біржан сал: «Қасына сұлу қыздың көп жантайдық», «Таудан аққан құм қайрақ сен бір бұлақ», «Бейне жаз, менің сүйген сәулетайым» деп ағынан жарылса, Ақан сері: «Бидайыққа лайық қарағым-ай», «Бұралған белің нәзік тал, Қадиша», «Есілді өрлей біткен тал, Қадиша» деп өзек өртеген өкінішін, амалсыздығын білдіреді. Ал, Балуан Шолақ: «Айым да – сен, Ғалия, күнім де – сен» деп қинала қиылса, жер ауып жүрген Жаяу Мұса: «Сұрша қыз, көрісерміз Баянтауда» деп үміттенеді. Сөйтіп, әнші-ақындар сүйген қыздарын осылайша қол жетпес ай-күнге теңеп, «айым да сен, күнім де сен» деп романтикалық асқақ арманға жетелесе, бұл жай Абайда басқаша көрініс тапқан.
Ұлы Абайдың қайғы-қасіреті бәрінен де асып кеткен секілді. Бұ дүниедегі адамның ең қастерлі қимас қымбаттысы – малы мен жаны. Және де ұл-қыздарың қаншама сүйікті, сүйкімді болса да шығарда жан басқа. Қазақ бір бірімен ұшырасқанда «Мал-жаның аман ба?» деседі. Алдымен малды атайды. Қу жаның қанша тәтті болғанымен, мал жоқ жерде (ас-ауқат) шыбын жаныңды сақтай алмайсың. Бірақ қаншама азап тартып, зар илесек те бұл сүйіспеншілік, махаббат дегеніңіз солардың баршасынан да биік, артық екен-ау! Қалам қасы қиылған сұлу қыздың жолына Абайдай ұлы ақын малы мен басын қоса құрбандыққа шалмақшы. Ол қызға деген сарғайған сағынышының асқынғаны соншалықты, данышпан ақынның көзіне ыстық жас келеді. Жанын пида етіп, дүниенің өзге қызығынан баз кешеді.
Қорыта айтқанда, гәп жан тербеткен сұлу сезімді, алып ұшқан құс-көңілді, бойға жайылған улы дерт-құсаны сыртқа қалай, қандай амалмен шығаруға келіп тіреледі. Біреу ана қызға ғашық болғанын, оның қарамай қойғанын күні-түні жан-жағына сұңқылдап жайып жұртты ығыр етсе, енді біреулер тілден қалып, үн-түнсіз бүк түсіп жатып алады. Мұның екеуі де – азаптан шығар жол емес. Шығар жолды ішкі сарайы шұғыла шашқан, кіршіксіз таза, көркем ойы кемел, ақын жанды адамдар тапқан. Тәңірі жазған ақындық дарын-қабілеттің өзі де әркімде әрқалай, әр деңгейлі болуы себепті, махаббаттың күй-сазы да әртүрлі естіледі. Сондықтан біз ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бас шенінде өмір сүрген Абай, Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Әсет, Мәди, Мұхит, Естай сынды өнер иелерін мөлдір махаббат, сүйіспеншілікті нағыз поэзия тілінде шырқау шыңға көтерген, қазақ көркем сөзінің шын мәніндегі ұлы өкілдері деп білеміз.
Мүбәрәк ҮМБЕТАЕВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университеті Қазақ
әдебиетінің тарихы және
теориясы кафедрасының доценті.

Алдыңғы «
Келесі »