ҚАЙТА ӨҢДЕУ ЖӘНЕ КОНСЕРВАЦИЯ ҰСТАНЫМДАРЫНЫҢ ӘЛЕМДІК ДАМУЫ

  • 28.11.2011
  • 580 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Андрей Хазбулатов, 

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер    

академиясы «Сәндік-қолданбалы өнер»

кафедрасының магистрі

Мәдени және көркем мұраларды қазіргі кезеңде қайта өңдеу – өте нәзік және күрделі ғылыми пән. Ол адам шығармашылығы туындыларының тарихи даму ұстанымдарының әсерімен бірте-бірте қалыптасты. Ерте заманнан бастау алатын  бұл өнер түрі қол бұйымдарын жөндеу деңгейінен ғылыми қайта өңдеу мен консервация деңгейіне дейінгі жол­ды жүріп өтті. Сонымен қатар, ол ғылыми-техникалық зерттеу мен тарихи-мәдени талдауды қажет ете­ді. Технологиялық тәсілдер мен қолданылатын ма­териалдар да, әсіресе, соңғы он жылдың техникалық жаңаруында өзгерді. Қайта өңдеудің тарихи дамуы кезеңдеріндегі белгілі бір техникалық ерек­­шеліктер мен жағдай туғызу туралы ақпарат белгілі бір туындының қайта өңделуінің практикасын жасауға көмектеседі.

Археологиялық қазбалардан сынған және бүлін­ген бұйымдарды қалпына келтіруге көмектесетін заттар мен бейнелер кездеседі.. Афина акрополінің мұражайында б.з.д. 6-5 ғасырлардағы «корда» мәр­мәр мүсіндер сақталған. Бұл мүсіндер «мәрмәр­ді үнемдеу қолы» деп аталатын техника бойынша жасалған [1].  Бұл тәсілдердің мәні мәрмәр мен ең­бек­ті үнемдей отырып, жалпы көлемінен басқа қол­дарындағы тастар бөлек қашалған және арнайы шегелердің көмегімен біріктірілген. Бұл техно­логия Греция, Рим империясының антикалық дәуі­рінде, эллинизмдегі қайта өңдеулерде қолданылған.

Домомфонт мүсінші жасаған Олимптегі Зевс мүсінінің қайта өңделуі туралы Павсания жазбаларындағы естеліктер антика заманындағы мүсіндерді қайта өңдеу белгісі көрініс болған деген пікір айтады [2].  Қайта өңдеудің мәні алғашқы көркемөнер галереялары мен мұражайлары құралы бастаған кезден-ақ дами бастағы. Элиндік патша Пергама мүсіндер, металл және ағаш пластикаларды жай зат ретінде емес, өткен ғасырдың өнер туындысы ретінде жинаған. Рим империясы кезінде гректік және элиндік мүсіндерді көшіру мен жинауда қайта өңдеу кең тараған.

Қайта өңдеуге деген ұстанымды үрдіс пен істе­лін­ген жұмыстың сапасы антика заманында да, тіпті, бертін келе туындының бағасы қоғам үшін де, оның иесі үшін де қаржы жағынан қиын болмаған. Мүм­кіндігінше шебер мен оны жасауға кететін материалға оның орындауына, түсінігіне және шеберлігіне қарай төлеген. Қайта өңдеу ұстанымдарының не­гізін­де бұйымның сәндік сапасын қалпына келтіру, сын­ған бөліктері мен жоғалған бөліктерін қайта қалпына келтірілген.

Орта ғасырда саясат бірден өзгергендіктен, антикалық мүсіндерді тез жою көзделді. Соның нәти­жесінде бөліктерін қайта жасап, христиандық мәдениетке қолданды.

XV-XVІ ғасырлардағы қайта өрлеу заманындағы Рим, Флоренция және Италияның өзге қалаларындағы құрылыстың дамуымен қатар, антикалық мүсін­дердің қалдықтарын жинап қайта өңдей бастады. Табылған қазындылар мүсін мен сәулеттік бөліктер, сарайлар мен саяжайларды безендіру сәнге айналды. Сәулеттік кешен үлгісіндегі жәдігер­лер жиналды. Солардың бірі – антикалық кезеңдегі туындыларды жинастырған Флоренциядағы палаццо Медичи Балле Капраника және Римдік кардинал Андреа делла Балле [3].

Ірі жәдігерлерді қайта өңдеу үшін арнайы шеберлер шақыртылған. Мысалы: Вероккьо, Донателло, Челлини, Альгарди, Бернини т.б. Осы кезеңнің қайта өңдеуіне Рафаэль мен Микеланджело көп еңбек сіңірген. Олар ескерткіштердің қайта қалпына келуі мен өздерінің шәкірттерін үйретуге жетек­шілік етті. Микеланджелоның шәкірттері Монторсолли мен Гульельмо делла Порти Ватикандағы ең керемет мүсіндерді Форнезе жәдігерлері мен т.б. көптеген жұмыстарды қалпына келтірді.

XVІІ ғасырдың басына қарай ерте кездегі туындыларды қайта өңдеу кең таралғаны соншалық, ол көптеген суретшілер мен мүсіншілердің шығармашылық қызметтерінің бір бөлігі болды. Бальдинуччи, Бозелли, Стоун құрастырған оқу құралдары шықты. Мұнда қайта өңдеу тәжірибесінің әдістері жазылып, құдайлар мен батырлар бейнесін қалпына келтірудің технологиясына түсініктеме берілді. Сонымен қатар, қайта өңдеу тапсырыс берушіге, иесіне немесе жәдігерге байланысты болды. Себебі, кірін тазалау, сынғанын жапсыру, жоғалғанын қалпына келтіру сияқты жұмыстар туындының сапасын қалпына келтірумен байланысты.

XVІІІ ғасырда қайта өңдеуді ғылыми жағынан қарау дамыды. Өнертанудың әкесі атанған Винкельман өз жұмыстарында алғаш рет туындыны қайта өң­деу мәселесін ғылыми әдіс негізінде шешуге талпынған. Ол қайта өңдеушілерден өңдейтін туын­дысының ерекшеліктерін мұқият оқып үйренуін талап етті. Жоғалған бөліктерді толықтырып қайта өң­деу кезінде ол, алдымен, өзге материалдың көне жәдігерге сай келетіндігін зерттеп алуын тапсырды. Ол туындыны қайта өңдеуде көркемдік аспект­пен қатар, тарихи-өнертанымдық аспектіні қатар алуын ұсынды [4].

Винкельман идеяларының әсерімен Римде қайта өңдеу тарихындағы ең ірі ательелердің бірі – мүсінші Бартоломео Каначеппидің ательесі жұмыс істеді. Селеннің бірнеше бюстері мен мүсіндерді қайта өңдеу жұмыстарының жоғары сапалылығын паш етеді. Мұнда туындының түскен бөліктерін қалпына келтіру үшін мәрмәр тас таңдап алынған. Осы уа­қыт кезеңдерінде қайта өңдеушілерге деген талап пен жауапкершілік өсті.

ХІХ ғасырда сәулет өнері мен өнертанудың қарқынды дамуына қарай ескерткіштердің тарихи аспектісінің мәні өз дәуірінің құжаты ретінде бұрын­ғыдан да өсті. Бұл, алдымен, көне өнердің экспозициялық мұражайларында көрініс тапты және өз кезегінде қайта өңдеу ұстанымдарының эволюция­сына әсерін тигізді. Өнертанудағы алға жылжу ХІХ ғасырдың І жартысында көптеген антикалық мүсін­дер­ді қайта өңдеулердің дұрыс еместігінен, мама­н­­­­дардың сыни көзқарастары мен талаптарынан кейін ерте заманғы ескерткіштерге қайта өңдеу жа­сау тоқтатылды.

 Афина ғибадатханасындағы фронтонды мүсіндік топтар – б.з.д. VІ ғасырдағы Эгин аралындағы Афайды қайта өңдеудегі кеткен кемшіліктер талас тудырған. Тровальдсеннің жетекшілік етуімен итальяндық және немістің мүсіншілер тобы және тарихшылар, өнертанушылар барлық стилистикалық ерекшеліктерді қайталай отырып, үлкен еңбекпен туындының бүлінген бөлігін мәрмәрмен толтыр­ған. [5] Архаикалық мүсіндер бұл жолы қорғалмады. Себебі қайта қалпына келтірілген бөліктер ескі мәрмәрдің үстінен жасалған. Сонымен қатар, сақталған, бірақ қатты зақымданған бөліктер жаңамен ауыстырылған. Соның нәтижесінде қайта өңдеудің дұрыстығы туралы мамандардың пікірі екіге бөлініп, пікірталас тудырды. Кановқа Парфенон фронтонының қайта өңдеу моделін жасауды ұсынғанда, ол бас тартты. Сөйтіп «қолданбалы» ұстаным мен «тарихи» ұстанымның күресі «тарихи» ұстаным тудыруға әкелді.

ХІХ ғасырдың ортасында Еуропа елдерінде қайта өңдеу қызметі қайта жандана бастайды. Ескерткіштерді жаңадан қалпына келтірумен қатар, жаңа қателер табылып жатты. Осының нәтижесінде тек мамандар ғана емес, сонымен қатар, қоғамдық орта сынға ілікті. Мысалы, Роден қайта өңдеушіні дәрігермен салыстырады [6].  ХІХ ғасырдың аяғы – ХХ гасырдың басындағы өнертанымдық зерттеулер мен олардың мақалалары қайта өңделген ескерткіштерден, әсіресе, антикалық мүсіндерден кеткен қателіктерді ашты. Осы кезеңдерде мұражайлардағы гипстік құймаларды тексеру жұмыстары жүргізілді [7].

ХІХ ғасырдың соңында кейбір ірі мұражайларда дұрыс жасалмаған бөліктерді түсіре бастады. Сапасыз қайта өңдеудің деңгейі бірден түсіп кетті. Енді бүлінген бөліктер ешқандай өңдеусіз мұражайларға қойылатын болды. Бүлінген ескерткіш­терді сақтау жәдігер жинаушылар мен қайта өңдеу­шілер арасындағы түсіністік нығыздау әдісі мен ес­керткіш материалдарын сақтау, яғни, «концервация» әдісін дүниеге әкелді. Егер де, бұрын қайта өң­деу тек суретші мен мүсіншінің қоластында болса, енді қайта өңдеу мәселесіне химиктер де, бертін келе, техникалық ғылымдардың басқа да мамандары араласты.

Шетелде ХІХ-ХХ ғасырларда өнер туындысын қайта өңдемей тұрып, алдын ала зерттеу ережесі қалыптасты. Ірі мұражайларда консервация әдісін (тазалау, металдың, тасты, қыш пен кірпіштің тұзын алып тастау, бөлек материалдарды орнату) жасау және зерттеуге арналған арнайы зертханалар ашылды. Осы сала бойынша ірі мамандар шыға бастады. Олар: Берлин мұражайында – Радген, Каирде – Лукас, Британияда – Осот, Афинада – Разопулас. Металдарды, тас, гипс, қышты нығыздау, талшық, парафин, май, канифолий, лак, битум ерітінділерімен жасалды.

ХХ ғасырдың алғашқы он жылында «алшақтық» ұстанымы алға шықты. Бұл туындыға байыппен қа­рап қайта өңдейтін қоспа негізге зақым келтірме­ген жағдайда ғана қолданылады. 1926 жылы И.Гра­барь «қайта өңдеудің ғылыми негізі әлі жоқ» деген пікір айтты [8].

ХХ ғасырдың 2 жартысына қарай жаңа зертханалар ашыла бастады. Рим қызметі мен басқа да орталықтар қайта өңдеушілердің білім, тәжірибе алмасуы үшін тәжірибелер, семинар, конгрестер ұйым­дастыра бастады. Енді көркем өнерді сақтай отырып, ғылыми зерттеулер барысында туындыны қайта өңдеу туралы жаңа ережелер талқыланып, ескерткішті кешенді өңдеу түсінігі қалыптаса бастады [9].

Қайта өңдеудің қазіргі таңдағы негізгі ұстанымдары 1964 жылы «Венецияндық хартияда» жарық көрді. Онда қайта өңдеу қызметінің негізгі бөлігі нысанды сақтай отырып, оны өнер туындысы және де тарихи туынды ретінде қарау болып табылады. Қайта өңдеу тек керек жағдайда ғана жасалу керек. Яғни, ескерткіштің сақталуы, сонымен қатар, эсте­тикалық және тарихи құндылығын тануға бағытталған. Бірақ қайта өңдеу жұмыстары бұрынғы ескі қоспаларды бүлдірмеу үшін және негізгі, бастапқы құжатқа сүйену керек.

ХХ ғасыр мен ХХІ ғасыр басындағы консервация және қайта өңдеу технологиясы саласында көптеген жаңа аспаптар, құралдар, полимерлі материалдар, ерітуші заттар жасала бастады. Бірақ бұлар да қайта өңдеушілерді қанағаттандыра алмады. Сондықтан, қайта өңдеудің материалын толық зерт­теп барып қана қолдану ұсынылады.

Алдыңғы «
Келесі »