ІС ТЕТІГІ БОСАҢСЫМАУҒА ТИІС

  • 23.12.2013
  • 351 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ілияс ҚҰЛИЕВ,
әл-Фараби атындағы
Қаз ҰУ-нің
аға оқытушысы
Таяудағы Елбасымыздың Үкіметке және жергілікті әкімдерге кемшіліктерін көрсетіп, нақтылы тапсырма беруі Президент Н.Ә.Назарбевтың Үкіметке, әкімдерге әр кезде тапсырған шаруаларының қалай орындалып, нақтылы неге қол жеткізіліп, нендей кедергілер болып жатқандығы мен әр деңгейдегі шенеуніктердің тапсырмаға қаншалықты жауапкершілікпен қарап, өз міндеттерін қалайша атқарып отырған­дығын жіті қадағалап, осы жердегі бас­ты кемшіліктің неден екендігін анық көрсеткендігін аңғартады. Ел мүддесі жо­лында қаншама қыруар қаржы бөлініп, төменге қарай ағылып жатқандығы тағы шындық. Бірақ, сол қаржылар қалай игеріліп жатыр, діттеген жерге дейін жетті ме, оның игілігін ел, қарапайым қала, ауыл, аудан тұрғындары көріп отыр ма?! Елбасы осыны сұрап отыр. Нәтижесі көңіл көншітерлік емес.


Елбасы тапсырмасы бойынша, Үкі­мет арнайы мәжіліс өткізіп, өз кемші­ліктерінің атын атап, түсін түстеді. Бірқатар вице-министрлер мен облыс әкім­дерінің орынбасарлары сөгіс алды. Үкімет басшысының өзі көрсетілген мерзімге дейін кемшіліктер жойылып, нақтылы қадамдар жасалмаса, бірқатар министрлер мен облыс әкімдерін жазалау жөнінде Елбасының алдына мәселе қоямын дегенді айтты. Айтса айтқандай, халықтың қамын күйттеген «Ауыз су» бағдарламасы тұралағалы қашан?! Жоға­рыдан құйылған мол қаржының қайда кетіп жатқандығын ешкім білмейді. «Жол картасы» бағдарламасы жақсы жұмыс іс­теп келе жатыр еді, ол да тұралап қалды. Осы тұрғыдан келгенде, Елбасының бір сәт қолдарына билік пен қаржы берілген лауазымды тұлғалардан нақтылы істі талап етіп, олардың жауапкершілігі мен біліктілігін тексеріп көруді қолға алғаны елді қуантып отыр.
Бұл, бір жағынан, болашақ үшін үлкен сабақ. Біз бүгінгі жоғары оқу орнында экономикалық білім алып, келешекте елдің қаржы-қаражат, нақтылы материалдық шаруаларымен шұғылданатын жас маман­дарға өз мамандығына адалдық, ұқып­тылық, жауаптылықпен бірге, елжандылық, мемлекетшілдік ұғымдарды да қоса да­рытуға көңіл бөлудеміз. Өйткені, қазіргі қо­ғамдағы шу туғызып отырған жәйттердің барлығы, түптеп келгенде, кадрлардың біліктілігі мен іскерлік сапасына және жеке бастың жауапкершілігіне келіп тіреліп отыр. Бір жерде лауазымды тұлғаның, не маманның қолынан келмей қалған, не қырағылығы мен жауапкершілігі жетпей қалған шығар, ал, ендігі бір жерлерде қолыма билік тиген екен деп, мемлекет қаржысы мен материалдық игіліктерді шашпашылыққа ұшыратып отырғандар да баршылық.
Қазақстан күшті, қаухарлы, индус­триалды мемлекет дейміз, олай болса, ол өзінің әр деңгейдегі кадрларымен де күшті болуға тиіс.

Алдыңғы «
Келесі »