«Қаптаған БАҚ-ты бақпасақ, бүлдіруі мүмкін»

  • 23.12.2013
  • 620 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қайрат САҚ,
Л. Н. Гумилев атындағы
ЕҰУ-дің профессоры

Қоғамдық құбылыстарды санасына сіңіріп, жүрегінен өткізіп, сосын оны жұртына жеткізіп, ақ-қарасын, дұрыс-бұрысын талдаудан жалықпайтын бір мамандық иесі бар болса, ол – журналист. Қоғамдық ақпараттық саланың жауынгері «өз майданында» қолынан қаламы түскенше табанды «ұрыс» жүргізеді. Яғни, қоғамда қандай өзгеріс орын алсын, оған белгілі бір дәрежеде журналистердің үлес қосатыны айдан анық. Осындай күрделі мамандық иелерін оқыту, бүгінгі заманның сұранысына сай дайындап шығару қалай жүзеге асып жатыр? Қандай өзекті мәселелер бар? Журналистерді дайындаудың басқа да күрделі мәселелері жөнінде Астанадағы Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің профессоры, Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Сақ Қайрат Өмірбайұлымен сұхбаттасқан едік.


–Қайрат Өмірбайұлы, журналиске белгілі бір сала тақырыбын меңгерту мәселесі туындағалы көп болды. Бірақ, әлі ешқандай нәтиже көрмей отырмыз. Мәселен, құқықтық журналистика, әскери журналистика, экономика тақырыбын қаузайтын, соны арқау ететін журналистика бойынша бөліп оқытылса, бір сала бойынша білім алып шыққан журналистің білігі әлдеқайда жоғары болар еді. Осы бағытта мамандар дайындауда қандай кедергілер туындап отыр?
– Бұл сұраққа жауап бермес үшін, алдымен, журналистиканың қоғамдағы орнын, функциясын анықтап алғанымыз жөн. Қазір бұл мәселе өте өзекті. Журналист қандай болуы керек, кімге қызмет етуі керек деген сұраққа бүгінде толыққанды жауап табу қиын. Мәселен, кешегі кеңес өкіметі билеп-төстеген заманда журналистика коммунистік партияның үгітшісі, насихатшысы әрі ұйымдастырушысы қызметін атқарды. Ал, еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін біз осыны нақты айқындап алған жоқпыз. Қазір әркім көрпені өзіне қарай тартады. Ел Пар­ламенті журналистер бізге қызмет етуі керек деп санаса,Үкімет те сондай ойда. Әкім-қаралар болса, журналистерді өздерінің қол астындағы қызметкері сияқты көреді. Ал, жекеменшік БАҚ-ты тізгіндеп отырған бай-бағландар одан да асып түсіп, журналистерді басыбайлы құлдарындай көреді. Мұның барлығы демократиялық құндылықтарға, дамыған елдердің тәжірибесіне қайшы келеді. Сондықтан, біз осы мәселені көпшілік талқысына салуымыз керек. Журналистиканы зерттеуші ғалымдардың, теоретиктердің ойы ешқандай Америка ашудың қажеті жоқ. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп айтқаны бар. Бұл – теория. Дамыған елдердегі журналистердің функциясына қайшы келмейтін қисын. Яғни, журналис­тика әлеуметтік дербес институт ретінде халыққа қызмет етуі тиіс. Ел ішінде және әлем­де болып жатқан жағымды-жағымсыз оқиғаларды жазып, халықты құлақдар етіп отырады. Жақсыдан үйренуге, жаманнан жеріп, бойды аулақ ұстауға ой салады. Халықтың сенімді бір өкілі ретінде биліктің әр қадамын бақылауда ұстауы керек. Егер, билік халыққа адал қызмет етіп жатса, оны көпшілікке жеткізіп, ісінің нәтижелі болуына көмектесуі керек. Ал, биліктің іс-әрекеті халықтың мүддесіне қайшы келген жағдайда, көпшілікке оны да жеткізіп, қоғамдық пікір туғызуы керек. Осы тақырып – қоғамдық талқылауға салынуы тиіс өте өзекті мәселе.
Енді, сіздің сұрағыңызға байланыс­ты ай­тар болсам, мен шетелдің жур­налис­тер даярлау тәжірибесін біраздан бе­рі зерттеп жүрмін. Шетелдерде қа­зір журналистерді баспасөз, теле-ра­дио­­­журналистика және жаңа масс-ме­диа бағыттары бойынша бөлек-бө­лек даярлайды. Мен осыған Қытай Халық Республикасының Шыңжаң универ­ситетімен байланыс орнату мақ­сатында Үрімжі қаласына арнайы делегация құ­ра­мында болған іссапар барысында да, Түркияның Стамбул университетінің коммуникация факультетінде болған кезімде де көз жеткіздім. Шетелден іс­­са­­пармен келіп жатқан профессор-әріп­тестерімізден де біліп отырмыз, көп елдерде осындай дәстүр қалыптасқан. Біздің елімізде мамандықтардың мемлекеттік жіктелісі (классификатор) деген бар. Ол заңдық күші бар құжат. Осы құжатта қазір бір ғана «журналистика» деген мамандықтың шифры бар. Сол шифр бойынша баспасөз, теле-радиожурналистика және жаңа медиа мамандарын біріктіріп бір-ақ дайындауға міндеттіміз. Мәселенің ең үлкені осында. Өздеріңіз білесіздер, баспасөз бен теле-радио­журналистиканың жер мен көктей айырмашылығы бар. Олардың техникасы, технологиясы бір-бірімен сәйкес келмейді. Айталық, баспасөз студенттердің жа­зу машығын қалыптастыруды талап етсе, теле-радиожурналистика олардың сөйлеу мәдениетін, орфоэфия ережелерін жетік меңгеруін қажет етеді. Ал, жаңа медиа өз алдына жатқан бір әлем. Біз қазір осылардың барлығын бір шифрмен бекітілген жалғыз мамандық шеңберінде оқытып жүрміз. Қиындық та содан туын­дайды. Жаңағы аталған бағыттар бойынша терең білім беріп, шәкірт білігін жетілдіруге тиісті пәндердің барлығын жалғыз мамандықтың оқу-жұмыс жоспарына енгізуге тиістіміз. Ал, ол мүлдем мүмкін емес. Өйткені, мамандыққа бөлінген уақыт көлеміне еш сыймайды. Сондықтан, амал жоқ, пәндерді іріктеп енгізуге мәжбүрміз. Ал, ол өз кезегінде студенттердің бір салаға мамандануына зиянын тигізетіні түсінікті. Тығырықтан шығар жол қайсы? Шет елдердегідей баспасөз мамандарын бөлек, теле-радиожурналистер мен жаңа медиа тізгінін ұстайтындарды жеке-жеке даярлауға көшу. Ол үшін көп созбай еліміздегі мамандықтардың мемлекеттік жіктелісіне өзгеріс енгізіп, жоғарыда аталғандай журналистиканың үш ба­ғыты бойынша жеке-жеке шифрмен маман әзірлеуге мүмкіндік жасалынуы – уақыт талабы. Ол енді ҚР Білім және ғылым министрлігінің құзырындағы шаруа.
Біз өз тарапымыздан қол қусырып қарап отырмай, жаңағы айтқандарымызды мамандықтың модульдік білім беру бағдарламасы аясында жүзеге асыруға тырысудамыз.
– Сөзіңіз аузыңызда, сол бағдар­ла­маның салалық журналистер дайын­дауға тигізетін септігі бар ма?
– Салалық журналистер дайындау – иә, өте өзекті мәселе. Мұны бес-алты жыл бұ­рын да көтергенбіз. Салалық журналистер даярлау шетелдерде бұрыннан бар, ол жур­налистиканың сапасын көтеруге септігін тигізеді. Бірақ, салалық журналистерді кәсіби маман ретінде жұмысқа қабылдауға отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өздері дайын ба, олардың құрылымы, бюд­жеті соны көтере ала ма? Салалық журналистер дайындағаннан кейін қазіргі БАҚ редакцияларының штаты, біздіңше, бірнеше есе өсуі керек. Себебі, қазір олар әмбебап журналистер ұстап отыр, сол арқылы теле-радио бағдарламасын, газет-журнал шығарып жатыр. Ертең салалық маман дайындаған кезде оларға әр сала бойынша маман ұстауына тура келеді. Яғни, қазіргі штаттары екі-үш есе көбейеді деген сөз. Ал, соны «Бұқаралық ақпарат құралдарының бюджеті көтере ме, қаржымен қамтамасыз ете ала ма?» деген мәселені тереңірек зерттегеніміз жөн. Қазір журналистер редакция қан­дай тапсырма берсе, соны орындауға міндетті. Басқаша айтқанда, ол бүгін саясат тақырыбында қалам тербесе, келесіде экономика, мәдениет, спорт тақырыбын қаузауына тура келеді. Бұған журналистердің жан-жақтылығы көмек беруде. Ал, салалық журналистерді дайындағанда, олар тек бір салаға бейімделіп шығады. Оларды басқа тақырыптарға жегуге болмайды. Осыны БАҚ басшылары ойлануы керек. Жеті өлшеп, бір пішетін мезгіл келді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда, салалық журналистер дайындау мәселесі жоғары оқу орындарының ғана емес, сонымен бірге бұқаралық ақпарат құралдарының да өзекті мәселесі. Себебі, біз соларға мамандар дайындаймыз. Ертең салалық журналистика бойынша оқып барған кезде шәкірттеріміз жұмыссыз қалып жатса, ол үлкен кінәрат болады. Біз, ең алдымен, түлектеріміз далада қалмай, өздерінің орындарын тауып, жемісті еңбек еткендерін қалаймыз.
Осы мәселені бес-алты жыл бұрын БАҚ редакторларымен талқылағанымызда олар: «біз оған әзірге дайын емеспіз», – деген тұжырымға тоқтаған болатын. Кезінде солай дегендер қазір салалық журналистер қажет деген қоғамдық пікір қалыптастырып жатыр. Соны ескеріп, біз де амал қарастыру үстіндеміз. Биылғы оқу жылынан бастап «журналистика» мамандығының модульдік білім бағдарламасы бізде алты бағыт бойынша өрілді. Оның біріншісі – баспасөз журналистикасы, екіншісі – радиожурналистика, үшіншісі – тележурналистика, төртіншісі – спорт журналистикасы, бесіншісі – фотожурналистика, алтыншысы – интернет журналистика. Бірінші курстан төртінші курсқа дейін осы алты бағыттың пәндері жүйелі жалғасын тауып оқылатын болады. Бұл Л.Н.Гумилев атындағы Журналистика және саясаттану факультетінде ғана қолданысқа енген жа­ңалық. Бұл жүйе сапалы мамандар даярлауға мүмкіндік береді деп үміттенеміз. Кез келген бастаманың орындалуы оңай болмайтыны бесенеден белгілі. Алғаш енгізіп отырғандықтан біз мынадай қиындықтарға тап болдық. Біріншіден, аталған бағыттар бойынша мықты, сапалы білім беретін мамандар тапшылығын сезінудеміз. Екін­­шіден, кейбір бағыттар бойынша оқулықтар мен оқу құралдары кемшін, әсіресе, мемлекеттік тілде жетіспейді. Қазір осы мәселелерді шешу бағытында жүйелі жұмыс жүргізудеміз.
– Журналистикада керексіз пәндер де оқытылады деген пікір айтылып қалады…
– Қазір еліміз жоғары оқу орындары кредиттік оқу жүйесіне көшкен. Оның бұрынғы оқу жүйесінен көп айырма­шылығы бар. Соның біреуіне ғана тоқта­лайын. Бұл жүйе бойынша студенттерге пән таңдау мүмкіндіктері беріледі. Студенттер мамандықтың модульдік оқу бағдарламасына енген пәндердің 70 пайызын таңдап оқиды. Ал, 30 пайызы міндетті пәндер болып саналады. Кезінде кеңес заманында барлық пәндер міндетті болды және оның бағдарламасын тікелей Мәскеу бекітіп отыратын. Ал, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін мамандықтардың оқу жұмыс жоспарларын өзіміз жасағанымызбен, мемлекеттік білім беру қалыптарына (стандарттарына) байлаулы болған­дықтан таңдау еркіндігі шектелді. Қазір жағдай басқаша. Студенттерге пән таңдау құқығы берілді. Еуропадағы оқу жүйесі сондай. Бұл Болон процесінің талабы. Ол бойынша студенттердің пәнді ғана емес, сонымен бірге оқытушыны да таңдауына құқығы бар. Біз қазір біртіндеп соған көшу үстіндеміз. Ендеше, керексіз деп тапса, студент ол пәннен бас тарта ала­ды. Тіпті, қажет болса, мамандықтың мо­дуль­дік білім бағдарламаларына студенттер өз ұсыныстары негізінде өзгеріс енгізуге құқылы. Сонымен бірге, соңғы кездері жұмыс беру­шілерден, яғни, біздің жағдайымызда БАҚ жетекшілерінен мамандықтың мо­дуль­дік білім бағдарламаларына талдау-сараптардан өткізген ұсыныс-пікір алу тәжірибесі енгізіле бастады. Осының бар­лығы жоғарыда сіз көтерген қажетсіз пән­дерден арылу, мамандықтың білім бағ­дарламаларын уақыт талабына сай күшейту, сол арқылы сапалы маман дайындауға қол жеткізу бағытындағы игі қадамдар деп ауыз толтырып айта аламыз.
– Болашақ журналистердің шеберлігін қалыптастыру өндірістік тәжірибе арқылы жүзеге асатыны айдан анық. Студенттерді тәжірибеден өткізу сіздерде қалай жүзеге асып жатыр?
– Біз бірінші курстан бастап студент­теріміздің теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруларына аса мән береміз. Бірінші курста олар оқу тәжірибесінен өту үшін негізінен жергілікті газет-журнал редакцияларына жіберілсе, екінші-үшінші курста республикалық БАҚ-та міндетті өндірістік тәжірибеден өтеді. Сол кезеңде біз оларға: «Болашақ жұмыс орныңды анықта, ол жерде қандай талаптар қоя­ды, өзіңе қандай, қай бағыттағы бі­лім қажет екенін біліп, сосын бар уақытыңды сол талаптар биігінен та­былуға жұмса, тиісті деңгейде білім алып, оқуды бітіргенде өзіңнің көздеген жеріңе жұмысқа орналасып кете алатындай бол»,– деп құлақтарына құя береміз. – Оқуды бітіргеннен кейін жұмыс іздесең, кеш болады. Бірінші курстан кейін-ақ жұмыс орныңды анықта»,– деп айтудан жалыққан емеспіз. Соның нәтижесі болуы керек, біздің факультетті тәмәмдағандардың қалаған жұмыс орындарына орналасуында үлкен қиындық жоқ. Астанада БАҚ-тың шоғырланып жатқаны бірінші кезекте соған мүмкіндік туғызуда. Түлектерімізді айтасыз, студенттеріміздің көбісінің оқи жүріп, сабақтан тыс уақытта БАҚ штатында жұмыс жасауы қалыпты жағдай болып тұр. Біз оған қуана келісімімізді беріп отырмыз. Бастысы, оқуларына зияны тимеуі керек. Олар біріншіден, теория мен практиканы ұштастырып, кәсіби тәжірибе жинақтауларына, екіншіден, азды-көпті табыс тауып, ата-аналарына көмек берулеріне мүмкіндік алуда.
Жалпы, шетелдік рейтингісі озық жоғары оқу орындарының көрсеткіші олардың түлектерінің жетістіктерімен де өлшенеді. Ол оқу орнын кім бітірді, қан­дай нәтижеге қол жеткізді деген сауал жауаптары білім ордасының рей­тингісін анықтауға айрықша ықпал етеді. Ал, рейтингісі жоғарылаған сайын ол университеттің қызметіне деген сұраныс еселеп арта береді. Біздің елімізде де осы үрдіс біртіндеп қалыптасып ке­леді. Айталық, Л.Н.Гумилев атындағы Еу­ра­зия ұлттық университетінің кейінгі екі жыл қатарынан тәуелсіз ұлттық рейтинг агенттігінің сараптауы бойынша елімізде бірінші орын алуына байланысты бізде оқығысы келетін талапкерлердің саны да, сапасы да еселеп артуда. Осы үрдіс ашылғанына небәрі үш жыл болған Журналистика және саясаттану факультетінде де анық байқалады. Бір ғана санды сөйлетсек, оған көз жеткізу қиын емес. Факультет жаңа ашылған жылы студенттеріміздің жалпы саны 200-ден сәл артық болса, биылғы оқу жылында қабылданған бір ғана курс білімгерлері 200-ге жетті. Сан мен бірге сапа да артуда. Еліміздегі ең үздік талапкерлер мемлекеттік білім грантын жеңіп алып, жоғары оқу орнын таңдайтынын, студентпен бірге оның оқуына бөлінген мемлекет қаржысы сол білім ордасына құйылатынын ескерсек, жаңағы 200 білімгердің тең жартысы мемлекеттік білім грантының иегерлері екенін тілге тиек ету арқылы соған көз жеткіземіз. Олардың үштен бірі Алтын белгі иегерлері мен халықаралық және республикалық олимпиада мен ғылыми жоба жеңімпаздары. Сапалы студенттерді шоғырландыруымыз факультет жетістігінің бір кепілі болса, сонымен бірге олардың білімі мен білігін арттыру жауапкершілігінің салмағын сезінуіміз болашақ табыстарымыздың кілті болып табылады. Бұл бағыттағы жемісті жұмыстарымызды түгел тілге тиек ету біраз уақыт алатындықтан, екі-ақ мысалмен сөзіміз құрғақ емес екеніне дәлел келтірейін. Қазір факультетімізге тәлімгер мықты мамандарды тартудамыз. Олардың дені – елімізге белгілі жетекші журналистер. Солардың ішінен, шын мәнінде, Қазақстан журналистикасының маңдайалды мамандары: Н.Омашевтың, Ғ.Шалахметовтың, С.Абдрахмановтың, А.Сандыбайдың, С.Түгелдің, Р.Аман­жолованың, М.Тәжімұраттың, Б.Ома­ровтың, А.Шәріптің, Д.Дүйсебайдың, Ш.Қазығұловтың, К.Жұмағұловтың, Г.Қаракөзованың, Ұ.Есенбектің, М.Тоқта­ғазиннің, Қ.Әуесбайдың т.б. есімдерін үлкен ілтипатпен айтар едім. Студенттеріміздің теориялық білімдерін тәжірибемен ұш­тастыра шыңдауда тағы бір айрық­ша айтуды қажет ететін үлкен жетіс­тігіміз – кейбір пәннің сту­диялық сабақ­тары БАҚ редакцияларында өте бас­тауы. Бұл айтуға жеңіл көрінгенмен, қол жеткізуге келгенде қиын мәселе. Ол үшін белгілі бір БАҚ редакциясымен келісімшарт жасасуға тура келеді. Онда біраз жауапкершілік жүктелетіндіктен БАҚ басшыларының келісімін алу қиын. Жоғарыда есімдерін мақтаныш сезіммен атаған мамандар корпусы көмегімен соған қолымыз жетуде. Нәтижесінде радиожурналистика мен тележурналистиканың аса қажетті студиялық сабақтарын студент­теріміз заманауи техникамен жарақталған, елімізде ғана емес, ТМД-да теңдессіз сана­латын Астанадағы 20 қабаттық Медиа­орталықта өту мүмкіндігіне ие болуда. Қысқасы, шәкірттеріміздің кәсіби тәжірибе жинақтауларына барынша жағдай жасаудамыз.
–Инернет-журналистиканың баспа­сөзді түбегейлі ауыстыратын уақыты жақындап келе жатқан сияқты. Бұл дұрыс құбылыс па, әлде бұдан қауіптенуіміз керек пе? Жалпы, қазақ оқырманы үшін қайсысы тиімді?
– Иә, интернет журналистика қатты дамып келеді. Ол өткен ғасырдың 60 жылдары АҚШ-та пайда болды. АҚШ мұны өзінің қарулы күштері саласы бойынша пайдалануға шығарған еді.Осының өзінен біраз сыр түюге болады. Қазіргі жаһандасу кезінде интернет журналистика ақпарат алмасудың күшті құралына айналды. Біздің еліміз де әлемдік ақпарат кеңістігіне кірді. Сол интернет жүйесі арқылы мұхиттың арғы жағындағы ақпаратты көзді ашып-жұмғанша пайдалануға қолымыз жетті. Төрткүл дүние интернеттің арқасында бір ауылға айналып барады. Әйтседе, интернет журналистиканың жетістігімен қоса бүлдіретін жағы да жетіп артылады. Сондықтан, тым әуестеніп кетпеуіміз керек. Интернет журналистиканың пайдалы жағы да, зиянды жағы да бар. Біз екі жағын да біліп отырып, тек пайдалы жа­ғын алып, сол бағытта жұмыс істесек дұрыс болар еді. Қазіргі жастарымыздың санасын интернет жаулап алып, оларды көзге көрінбейтін әлдекімдердің мүддесіне қызмет етуге мәжбүрлеп жатқан жағдайлар да, өкінішке қарай, орын алып отыр. Сондықтан, біз ұлттық контентті толтыра отырып, өзіміздің мемлекеттік мүддемізді де ойлауымыз керек. Ол үшін соған маман дайындауға тиіспіз. Жаңа медиаға ден қойып оқытып жатқанымыз сондықтан.
Қазіргі уақытта баспасөздің керегі жоқ деген де пікір туа бастады. Шындығына келсек, мұндай пікір өткен ғасырларда-ақ бастау алған. Телевидение шыққан кезде газет-журналдардың күні қараң дегенді айтушылар болған еді. Одан бері де бір ғасырға жуық уақыт өтті. Оның бәрі құр сәуегейлік екенін өмір өзі дәлелдеп шықты. Дәл қазір интернет журналистиканың отаны саналатын Американың өзінде дәстүрлі баспасөз бұрынғыша жұмысын жалғастырып жатыр. Олардың өзінде интернет журналистика баспасөзді алмастыра алған жоқ. Өйткені, екеуінің қызметі екі бөлек. Бұлар қоғамда қатар әрі бәсекелес өмір сүре алатынын көрсетті. Сол жағдайды терең түсінбей, қазір газет-журналдарды жауып, оның орнына онлаин басылымдар шығару керек деген қиялға ерік бере бастаған секілдіміз. Американың өзінде ол жүзеге аспай жатқанда, біз олардан озып кетеміз деп ойламаймын. Бұл жерде аяғымызды байқап баспасақ, ертең опынып қалуымыз әбден мүмкін. Баспасөзді жабу арқылы жастарымыздың сана-сезіміне нұқсан келтіріп, патриоттық, ұлттық рухын төмендетіп алуымыз әбден кәдік. Сондықтан, газеттерді интернет басылымға айналдыру жөніндегі шешімге асығыс емес, жеті рет өлшеп, бір рет кесу қағидасымен келгеніміз дұрыс. Бұл жерде үнемдеу арқылы материалдық пайда табуды ғана көздеп кетуге болмайды. Елдің мәдениеті мен руханиятын бірінші кезекке қойып қарастырғанымыз абзал. Рухы мықты, рухани кемел адамдар қатары көбейсе ғана елдің экономикасы да, мәдениеті де өсіп, ол өз кезегінде қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Ал, рухани мешеу, білімі саяз, ұлттық сана-сезімі төмен адамдар қатары артса, ол қоғамда тыныштық болмайды. Сайып келгенде дәстүрлі баспасөзді жабудың артында осындай үлкен қатер тұрмасына кім кепіл. Қорыта айтқанда, алаштың ардақты азаматы Міржақып Дулатов айтқандай, «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор» екенін ұмытпайық дегім келеді.
– Жаңа бір сөзіңізде мамандар тапшылығы мәселесін қозғап кеттіңіз. Ол мәселені мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасымен шетелде мамандар дайындау арқылы шешуге болмай ма?
–Бұл мәселені дәл осы бағдарлама арқылы да біртіндеп шешіп келеміз. «Болашақ» бағдарламасы бойынша ал­ғаш­қы кезде бакалавр мамандарын дайындау қолға алынды ғой. Бакалавр деген мектепті кеше бітірген, әлі буыны қат­паған, сана-сезімі қалыптаспаған жас бала емес пе. Соларды шетелге жіберу арқылы біз үлкен қателікке ұрындық. Ол балалар шетелден елімізге «өгей балалар» болып оралды. Сана-сезімі осал жастар шетелдің идеологиясын қабылдады, ұлттық құндылықтарымызға қайшы шетелдік менталитетті бойларына сіңірді. Кезінде 2004 жылдары осы мәселені қозғап, газетте көлемді мақала жариялағаным бар еді. Сонда, егер, шетелде мамандар даярлағымыз келсе, бірінші кезекте жоғары оқу орындарының профессор-оқытушыларын жіберуіміз керек деген пікір білдірген болатынмын. Себебі, олардың сана-сезімі қалыптасқан, жат идеологияны қабылдамайды. Шетелге барғанда олардың озық технологиясын, салаға қатысты жетістіктерін меңгеріп, оны елімізге келген соң жас буынға үйретеді. Сол ұсыныс, ой-пікіріміз біртіндеп жүзеге асып жатқанына қанағат. Бүгінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша жоғары оқу орындарының профессор-оқытушыларын шетелде тағылымдамадан өткізуге жол ашылды. Қазір біздің факультетіміздің төрт оқытушысы шетелде бір жылдық оқуда жүр. Оның біреуі АҚШ-тың Колумбия университетінде, екіншісі Ұлыбританияның Лондон қаласында білімін жетілдіруде. Сол секілді «саясаттану» мамандығының да екі оқытушысы «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып жатыр. Ал, енді, қысқа мерзімде барып-келіп, біліктілігін жетілдіріп жатқан оқытушыларымыз жеткілікті. Университетімізге ректор болып келген кезден бастап Ерлан Бәтташұлы Сыдықов мырза бұған аса маңыз беруде. Оқытушыларымызды қысқа мерзімдік тәжірибе алмасу мақсатында шетелге жіберу үрдісі білім ордамызда мықтап қалыптасып келеді.Оның нәтижесі мол боларына сеніміміз кәміл.
– Қай елдің оқыту модулі біздің елі­мізге көбірек сәйкес келеді, сол жүйеге көшу арқылы, мәселен Еуропаның оқыту жүйесімен деңгейлесе аламыз ба?
– Болон процесі деген бар. Бұл Фран­цияның Болон қаласында қабыл­данған хартия. Анықтап айтсақ, Еуропа елде­рінің мамандар дайындау жүйесі. Бұл жүйе мамандарды бір-біріне алмастыру, олардың сапасын көтеруге бағытталған бірлескен келісім. Біз осы келісім негізінде кредиттік, үш сатылы білім жүйесіне көштік. Бірақ, Еуропаның оқыту модулін алып келіп, еліміздің оқыту жүйесіне енгізе сала бірден нәтиже күтсек қателесеміз. Кезінде «Қазақ» газетінде «қазақты еуро­паша киіндіріп, Парижге апарып қой­ғанымен, ол еуропалыққа айналмайды. Себебі, оның сана-сезімі, дүниетанымы, жан-дүниесі бөлек. Еуропалыққа айналу үшін ол жерде кемінде отыз-қырық жыл тұруы керек» деп жазған екен. Сол айтқандай, біз Еуропаның білім жүйесін енгізгенімізбен, бірден олардың деңгейіне жете қоймаймыз. Оған біраз уақыт қажет болады. Дегенмен, біз біртіндеп ол деңгейге де жетеміз деп ойлаймын.
– Өзіңіз де байқап жүрген шығарсыз, кейінгі кезде басқа саланың адамдарын журналистикаға тарту үрдісі басталып келеді. Бұл нені білдіреді? Осындай үрдістің салдарынан арнайы оқу орын бітірген журналист мамандарға сұраныс азайып кетеді деп қауіптенбейсіз бе?
– Бізде басқа саланың адамы журналистикада жүруі жетістік емес, керсінше кемшілік. Себебі, кез-келген салада кәсіби маман жүрмесе, ол саланың жұмысы ақсайды. Әр салада өзінің кәсіби маманы болғаны дұрыс. Ол сапалы өнім шығарады, сонда ғана бәсекеге қабілеттілік артады. Қазір БАҚ-та тарихшылар да, аграрлар, әртістер де жүр. Олар БАҚ технологиясын, техникасын білсек, жұмыс іс­теп кете береміз деп ойлайтын шығар. Бірақ, журналистиканың функциясын, жауапкершілігін, жанрларын, тілі мен стилін, олардың ерекшеліктерін терең білмей, қалай журналист болып жүргеніне таң қаламын. Соның салдарынан бұқаралық ақпарат құралдарында жанр деген жойылды. Қойыртпақ дү­ние­лер көбейіп барады. Әр жанрдың өзі­нің функциясы, ерекшеліктері бар. Жанрлардың көп болуы БАҚ-тың шырайын келтіреді. Оқырмандары мен көрермен, тындармандарының қызығушылығын арттырады. Жанрлардың жұтаңдығы БАҚ-тың тартымдылығына айтарлықтай нұқсан келтіреді. Кезінде Шерхан Мұртаза сияқты мықты редакторларымыз газет­тің әр нөмірінде барлық жанрлардың қамтылғанын қадағалап отыратын еді. Жанры көп газет жан-жақты басылым, әр оқырманының жүрегіне жол табатындай болып шығады. Қазіргі уақытта жанрға көңіл бөлінбейді, ерекшеліктері ескерілмейтін болды. Айта берсек, жаза берсек болды ғой деген қағида қалыптасып келе жатқан сияқты. Ол мүлдем дұрыс емес, журналистикаға зиянын жасап, кері әсерін тигізіп жатқан бірден-бір фактор осы. Жанрларды ажыратып қана қоймай, оларды сәтті қолданып, ерекшеліктеріне сай материалдар берсе, БАҚ-тың сапасы артады.
Қазір журналистикаға деген сұраныс жоғары. БАҚ-тың түрлері көбейді. Кеңес заманымен салыстырсақ, БАҚ-тың саны әлдеқайда артты. Тіпті, облыс пен аудандарда бірнеше бағытта жұмыс жасайтын БАҚ түрлері бар. Мұның бәрі демократияның көрінісі, сөз бостандығының жемісі.
– «Қойшы көп болса, қой арам өледі» деген бар. БАҚ түрлерінің көптігі түптің түбінде елге зиянын тигізіп жүрмей ме?
– Дұрыс айтасыз,қаптаған БАҚ-тың бәрін қадағалап, сүзгіден өткізіп, қайсысы немен айналысатынына зер салсақ, одан ұтылмаймыз. Қоғамдық сананы қалып­тастыруда ерекше ықпал ететін күшті бетімен жіберуге болмайды. Егер, оларды бетімен жіберсек, қоғамда ала-құлалық пайда болады. Үлкен жіктеліс пен қақтығыстар тууы да мүмкін. Сондықтан, қоғамның біркелкілігіне, қоғамның тұрақтылығына қызмет ететін журналистика болуы керек. Мысалы, Ақселеу Сейдімбек ағамыз кезінде осындай ала-құлалыққа қатты күйініп жүрді. «Мына телеарна жекеменшік шығар, ал, оның көрермендері жекеменшік емес қой» дейтін. Көрерменге өзінің мақсат-мүддесін, бизнестік мұратын тықпалау – олардың сана-сезімін бұзуға бағытталған әрекет екені анық. Кейбір телеарналар, тіпті, син­тетикалық есірткінің қалай жасалатынына дейін көрсетіп жатады, сонда мұндағы мақсат не? Есірткіге қарсы күрес пе, әлде соны насихаттау ма? Жастарға суицидті де көп көрсетеміз. Ол суицидті тоқтатуға қызмет етіп жатыр ма? Қысқасы, журналис­тиканы кім көрінгеннің қол­жаулығына айналдырсақ, елде үлкен қайшылықтар туады. Әр журналист жауап­кершілікті терең сезінуі керек, оның сөзі миллиондарды бүлдіруі, керісінше ымыраға кел­тіруі мүмкін. Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы: «Алаш азаматтары, білмей жазып, елді адастырсаңыздар, алты миллион қазақтың обал-сауабы сіз­дің мойныңызда, сондықтан не айт­саңыз да біліп айтыңыз, не жазсаңыз да біліп жазыңыз. Сіз адассаңыз, сіздің соңыңыздан халық адасады», – деген. Сол жауапкершілік қазір де керек. Сонда ғана журналистика елдегі тұрақтылықты сақтауға қызмет етеді.
– Әңгімеңізге көп рахмет!
Сұхбаттасқан
Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Алдыңғы «
Келесі »