Терроризм мен ДІН қарама-қайшы ұғым (сараптама)

  • 23.12.2013
  • 609 рет оқылды
  • 1

Абдулла қажы Жолдасұлы,
Араб тілі доценті, ҚМДБ-ның ғұламалар кеңесінің мүшесі

Кіріспе
Соңғы кездері бүкіл әлемде және ішінара бізде болып жатқа өзгерістер ислам дініне деген жұрттың көзқарасын да, қызығушылығын да өзгертіп, не болмаса қозғау салып жат­қандай. Әсіресе, 2011 жылғы Батыс Қазақ­станның ірі орталықтарындағы болып өткен оқыс оқиғалар жұртшылықтың назарын өзіне аудармай қоймады. Сол себепті діни-танымдық жағынан сараптама ретінде бір қолданбаға зәру қоғамға қызметіміз болар деген оймен осы іске қол создым.
Бисмилләһир-рохмәнир-рохим.


Әл-хәмду лилләһ, уас-солату уәс-сәләму ‘алә Расулилләһ.
Аллаһ Та‘аланың діні әруақытта бейбіт дін. Адам баласы өз тарихында көптеген өтпелі кезеңдерді басынан кешірді. Оның діни танымы да осы кезеңдермен байланыс­ты өзгеріп, құбылып отырды. Расуліміз соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләмнің бір хадисінде 124000 мың пайғамбар өткендігі айтылады. Бұл сол кезеңдердің куәгеріндей естіледі. Бірақ, Ұлы Жаратушының соншама мыңдардан таңдап жіберілген бір де бір өкілі – елшісі әскери, кісі өлтіруге бейімделген құралды, не қаруды ойлап шығармаған. Нух пайғамбар ‘аләйһис-сәләм адамзат баласын алапат топаннан құтқару үшін кеме жасады, Ыдырыс пайғамбар ‘аләйһис-сәләм ағартушылықпен, Иса пайғамбар ‘аләйһис-сәләм емшілік мұғжызасымен танылды. Әр пайғамбардың өзі тұрған ортасына сай мұғжызасы мен кәсібі болды. Бірақ, ешқайсысы адам баласына күш қолданатын, кісі өлтіретін қару, не бірер құрал жасаған емес.
Ислам діні Құран аяттары мен Пайғам­бар сүннәті арасында:
Ислам Аллаһ Та‘аланың жер бетіне жіберген ең соңғы намасы. Жан-жағын мейірім, мархамат рухымен әшекейлеген, жоқ-жұқаға, зағип жандарға рақымын аямай төккен бұл секілді дін адамзатқа келген емес. Біз Құран Кәримге қарап көрейік:
«Айт: келіңдер, Раббілерің сендерге нені харам еткендігін оқып берейін. Оған ешнәрсені серік қатпайсыңдар, ата-аналарыңа жақсылық қыласыңдар, жоқшылықтан қорқып балаларыңды өлтірмейсіңдер, сендерді де, оларды ды ырзықтандырып жатқан Бізбіз. Әшкере де, жасырын да жезөкшелікке жоламаңдар және реті болмаса Аллаһ харам еткен жазықсыз жанды өлтірмеңдер. Міне, осы нәрселерді сіздерге өсиеттейді, мүмкін ақылға келерсіңдер».
«Ан‘ам» сүресі: 151-аят.
Абдулла ибн Ма‘суд родиаллооһу ‘анһу айтады: «Кім Расуліміздің мөрі басылған өсиетіне қарағысы келсе, осы аяттарды оқысын» [10.630].
«Сахихайнда» (Имам Бухари мен Имам Муслим рохматуллооһи ‘аләйһиманың кітаптарында) Әбу Зәррі Ғифари родиаллооһу ‘анһу айтады: Расулуллаһ соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләм айтты: «Маған Жәбрейіл Әмин келіп, былай деп сүйінші хабар айтып кетті: Сіздің үммәтіңізден біреу Аллаһ Сұбыханаға серік қоспай өлсе, жәннәтқа кіреді». Сонда, Әбу Зәррі Ғифари родиаллооһу ‘анһу: Ол зінә қылса да, ұрлық қылса да ма? – дедім, дейді. Сонда, Расул жанобымыз: «Иә, ол зінә қылса да, ұрлық қылса да», деп жауап берді. Мен: Ол зінә қылса да, ұрлық қылса да ма? – дедім. Ол кісі тағы да: «Ол зінә қылса да, ұрлық қылса да», деп жауап берді. Мен тағы: Ол зінә қылса да, ұрлық қылса да ма? – дедім. Ол кісі тағы да: «Ол зінә қылса да, ұрлық қылса да, тіпті ішкілік ішсе де», деп жауап берді, дейді [10.631].
«Аллаһ (Та‘аламен) қоса басқа құдай­ларға табынбайтын, реті болмаса жазықсыз жанды өлтірмейтін және зінә қылмайтындар. Кім осы нәрселерді істе­се, үлкен азапқа кез болады. Қиямет күні оған азап еселенеді және онда мәңгі қор болып қалады. Тек кім тәубе қылып, иман келтірсе және ізгілік амал істесе, міне солардың күнәларын Аллаһ Та‘ала жақсылыққа айналдырады».
«Фурқон» сүресі: 68-69 -аяттар.
Абдулла ибн Мас‘уд родиаллооһу ‘анһу айтады: Қайсы күнә ең үлкен? – деп Жаноб Расулімізге сұрақ берілді. Сонда, Ол кісі: «Аллаһ Та‘алаға секір қосуың, Ол сені жаратты ғой», деді.
Сосын қайсысы?
Сенімен асқа серік болады деп балаңды өлтіруің, – деді Ол кісі.
Соң қай күнә?
Көршіңнің халалымен зінә қылуың.
Сонда, осы айтылғандарды растап Аллаһ осы аятты түсірді [8.639].
Һайсам ибн Малик әт-Тойи родиаллооһу ‘анһу Пайғамбарымыз соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләмнан, айтады:
«Аллаһ құзырында ширктен соңғы ең зор қылмыс, бір кісінің өзіне халал болмаған әйелдің жатырына ұрығын төгуі».
Әбу Бәкір ибн Әбуд-Дүниа рохматуллооһи ‘аләйһ риуаяты [8.639].
«Ниса» сүресі: 93-аятында мұсылман­дарға былай деп бұйырады:
«Кім бір момынды әдейі өлтіретін болса, оның жазасы мәңгілікке жәһәннәм. Оған Аллаһ (Та‘ала) қаһар етеді, лағнаттайды және оған өте зор азап әзірлейді».
Абдулла ибн Аббас родиаллооһу ‘анһу бір момынды әдейі қасақана өлтірген кісіге ешқандай тәубе жоқ дейді. Имам Бухари рохматуллооһи ‘аләйһ нақыл етеді: Куфа халқы осы аятқа қайшылық етіп, Ибн Аббасқа кісі жіберді. Сонда, ол кісі:
Бұл аят ең соңғы түскен аяттар қатарына жатады, оны насх ететін ешқандай нәрсе жоқ. Егер, біреу ислам дінін және оның үкімдерін білсе, кейін бір момынды әдейі өлтірсе, оған ешқандай тәубе жоқ, деп жауап берді, яғни, бұл аят­тың үкімі талқыланбайды деген сөз. Осы жағдайды, Ибн Аббастың не дегенін оның шәкірті Мужаһидке айтып едім, «тек сосын өкініш етсе» деген сөз айтты. Яғни, ол өлтіргеніне соңынан тәубе қылса, оның тәубесі қабыл болуы мүмкін дегені. Алайда Ибн Аббас родиаллооһу ‘анһу «соры құрсын, оған қайдан тәубе мен тура жол!» деп кесіп айтқаны нақыл етілген [10.422-423; 19.12].
Кісі өлтірудің жазасы өте ауыр, өйткені бәнденің ажалы мен өлтірілуі Жаратушы Иенің еркіндегі нәрсе, бұл соған қол сұғып отыр ғой.
Бұл мағыналар хадистерде де өз жалғасын табады. Мысалы, Әбу Һурайра родиаллооһу ‘анһудан нақыл етілген мына хадисте Расуліміз соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләм «Жеті бәлелі жерден сақтаныңдар» деп бұйрық береді.
Я Расулаллаһ, ол не? – деп сауал берілді.
Сонда, Ол кісі былай деп жауап берді: «Аллаһқа серік қату, сиқыр, жазықсыз жанды өлтіру, жетімнің малын жеу, өсімқорлық, соғыс кезінде майданнан қашу және момына тұрмысты әйелді жезөкшелікпен айыптау (жала жабу)».
Бұл хадисті риуаят еткен Имам Бухари, Имам Муслим, Имам Әбу Дауд және Имам Насаи рохматуллооһи ‘аләйһимдер [19.12-13].
Имам Әбу Сүлеймен рохматуллооһи ‘аләйһ айтады: «Егер, олар сол істерін тәуил жасап (қате түсініп) қылса, онда үкімі басқа. Олар дұшпандықпен, фанаттық, не дүние талабымен, не шенге талас қылса, бір-бірінен жоғары болуды тілеп бірін бірі өлтірсе, солар дозақы. Ал, кім де кім залымдарға, жол тосушыларға қарсы шықса, не өзін, не отбасыларын қорғаса, ол оның шарғи ақысы. Бірақ, ол ана кісіні өлтіруді қаламауы керек, жазатайым қатеден өлтіріп алса, ол үшін оның жазығы жоқ» [19.13].
Пайғамбарымыз соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләм Әбу Бәкір родиаллооһу ‘анһу арқылы келген бір хадисінде айтады:
«Менен кейін бір-біріңнің желкелеріңді қиып, кәпір болып кетпеңдер» [19.13]. Расуліміз тағы бір хадисінде: «Адамдардың арасында ең алдымен қиямет күні қанның төрелігі беріледі» деген. Және бірінде: «Аллаһ құзырында бір момынның өлтірілуі дүниенің зауал болуынан ауыр» дейді [19.13]. Яғни, бүкіл әлемнің апатқа ұшырауы одан жеңілірек демекші.
Тағы да, Әбу Әбдірахман Әбу Һурайра родиаллооһу ‘анһудан. Пайғамбарымыз соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләм айтады:
«Кім бір мұсылманның дүние қайғыла­рынан бір қайғысын кетірсе, Аллаһ Хақ одан қиямет күнінің қайғыларынан бірін кетіреді. Кім бір мұсылманның кемістігін жасырса, Аллаһ оны бұ дүние мен о дүниеде жасырады. Бәнде бір мұсылман бауырына қамқорлық қамында жүрсе, Аллаһ Та‘ала да оған қамқорлық қамында болады».
Имам Муслим, Имам Әбу Дауд (хадистің мәтіні осы кісінікі), Тирмизи (хадисті хасан деген), Насаи және Ибн Можаһ рохматуллооһи ‘аләйһим нақылдары [1.16].
Аллаһ Та‘аланың кеншілігі соншалық ортақтығы:
Расуліміз соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләм Меккеде құрайш кәпірлерінің сиынғар пұттары туралы оның түкке алғысыз бір тас, не болмаса темір, не ағаш екендігін айтып, соған да саналары жетпегендей түр танытып жатқандарын сынаған болатын. Абдулла ибн Аббас родиаллооһу ‘анһу риуаят еткендей бұл оларға тым ауыр соқты да құрайшы тайпаларының бір басшылары Расуліміз ‘аләйһис-сәләмнің бабасы – Әбу Тәліпке келіп, «сен ініңді тый, болмаса біз де оның сиынған Иесін тілдеуге сөз табамыз» десті [2.155]. Міне, сонда Аллаһ Хақ «Ан‘ам» сүресінің 107-аятында былай деп бұйырды:
«Аллаһтан басқаны құдай қып табынып жатқандарға тіл тигізбе, олар жаулық пиғылмен Аллаһ Та‘аланы да сөгеді».
«Тіл тигізбе» дегені жарып жібер, қырып сал дегені емес қой.
Осы жерде кейде өзбек тіліндегі «әмәкі» сөзін қазақшаға «жиен» деп аударып жүргендерге ескерту жасағым келеді. Өйткені, Расуліміз соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләм Әбу Тәліптің інісінің ұлы, ал, інісінің ұлы жиен бола ма екен? Бұл жағдайда Расул соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләм Әбу Тәліпті «баба» деп атауы мүмкін, нағашы емес.
Ислам мұсылман елдерінде жасайтын өзге дін өкілдерін де өзінің қамқорлығынан кенде қылмаған. Алдымен Хақ Иеміз «Юнус» сүресінің 99-аятында былай дейді:
«Сен жұрттың бәрін момын мұсылман болсын деп мәжбүр қылмақпысың?».
Жұрт дінге өз еріктерімен келулері тиіс, кей жағдайда Пайғамбарымыз соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләм мұсылманшылыққа шақырғанда олардың ахыретте текке тамуқ отыны болып кетеді ғой деп, жанұшыра ыждағат қылғанынан болып кететін жағдай. Мекке халқы өте қатты құрғақшылыққа ұшырап тұрғанда Имам Әбу Ханифаның шәкірті Мухаммәд ибн Хасан рохматуллооһи ‘аләйһ Пайғамбарымыз ‘аләйһис-солату уәс-сәләм жоқ-жұқаларға таратып беру үшін азық-түлік, мал жібергендігін нақыл етеді. Ал, бұл уақытта мұсылмандар құрайш билеушілерінен мейлінше жәбір көріп, сан алуан қиыншылықтарға ұшырап жатқан болатын [3.36; 4.144].
Ал, «Бақара» сүресінің 256-аятында:
«Дінге зорлық жоқ» десе, «Әл-Мумтахана» сүресінің 8-9-аяттарында:
«Аллаһ сіздерді дін жолында соғысып, отандарыңыздан қумаған жандарға жақсылық қылсаңыздар және оларға әділдік қылсаңыздар оған тыйым салмайды. Аллаһ әділ бәнделерін сүйеді. Аллаһ тек дін жолында сіздермен соғысқан, сіздерді елдеріңнен қуған және сіздерді қуушыларға жақтасқан кісілерге жақын жүруден тыйым салады. Кім оларға жақындаса, сол кісілер залымдар», дейді.
Бұл екі аят Меккенің мушриктері (бұтқақұлдары) туралы түскен болса, ал кітәбилер туралы «Әл-Маида» сүресі, 5-аятында былай деп бұйырады:
«Кітап берілгендердің тағамы сіздерге халал, сіздердің тағамдарыңыз оларға да халал. Азат әйелдер және сіздерден бұрын кітап берілгендерден пәкиза әйелдер сіздерге халал».
Фиқһ кітаптарында көрсетілген жолдарымен халал деп көрсетілген. Себебі кітәбилермен туыстық қарым-қатынас өзге мұсылмандармен бірдей бола алмайды ғой [2.124]. Енді, бұл жерде әйел балалы болған кезде оның нағашылары, құдалар, атасы-әжесі, тіпті неке арқылы туыс қатарына енетін өзге жақындарының да құқықтары сақталуы тиіс. Ислам діні олардың туысқандық құқықтарын сақтауды парыз қылған [3.28]. Бірақ, кітабилер кейде бейбіт, кейде жау болатыны әу бас­тан анық. Ендеше, осы жағдайларда да шариғат үкімдері кейде құбылып тұрады. Аллаһ Та‘ала «Әл-Мумтахана» сүресінде осы екеуіне байланысты үкімін нақтылап қойған [3.28-29].
Мұсылман елінде мұсылман билігін мойындап және билікке алым-салық төлеп тұрған кітәбимен дауласуға, не оларға қысым көрсетуге ислам жол қоймайды, олардың құқықтарын қорғайды. Міне, Әбу Бәкрә родиаллооһу ‘анһу айтады: Мен Расулуллаһ ‘аләйһис-солату уәс-сәләм: «Кім кітәбиді жазықсыз жолмен өлтірсе, оған Аллаһ жәннәтті харам қылады», дегенін естідім, – дейді.
Бұл хадисті Имам Әбу Дауд пен Имам Насаи рохматуллооһи ‘аләйһима риуаят еткен [1.78]. Ал, Имам Бухари рохматуллооһи ‘аләйһ риуаят еткен тағы бір хадисте Расуліміз ‘аләйһис-солату уәс-сәләм айтады: «Кім му‘аһәд кісіні өлтірсе, жәннәттің иісін де сезбейді. Оның иісі 40 жылдық жерден сезіледі» [19.14].
Хадистегі «му‘аһәд» мұсылман еліндегі масихи (христиан) және яһуди дініндегі адамдар деп көрсетілген. Олар белгілі бір шарғи дәстүр негізінде өз діндерін өзгертпей, жұмыстарын (тіршіліктерін) істеп жүре алады. Екінші бір хадисте оларды «зимми» деп атайды. Ислам ғұламалары жер-жердегі билеушілерден кітәби қауымдарының құқықтарын бірлесе қорғап, олардың жандарында болған. Мысалы, Әбу Ханифа Ну‘ман ибн Сәбит рохматуллооһи ‘аләйһ тұсында болған Имам әл-Ауза‘и рохматуллооһи ‘аләйһ зиммилермен (мұсылман елінде мұсылман билігін мойындап, түрлі себептермен бірге тұратын кітәби немесе өзге дін өкілі) бірге Ливан жерінде аббаси әміріне қарсы тұрған. Ибн Тәймиа да Әмір Темірден қолындағы тұтқындарын босатуын талап етіп барған, сонда ол тек мұсылмандарды босатпақ болды. Ал имам рохматуллооһи ‘аләйһ зиммилерді де босатуға тиіс екендігін еске салып отырып алған [3.33].
Кітәбилер үшін халал болған нәрселер бар, оларды ислам харам еткен деп тыюға болмайды, мысалы, ішкілік, доңыздың етін жеу сықылды істер. Яһудилер үшін сенбі күні жұмыс істеу харам. Оларды сенбіде жұмысқа жегуге болмайды, христиан жексенбіде шіркеуге баруы тиіс, оларға осы істе бөгет болу жарамайды. Мұсылман елдерінде осыны ескерген, олар ешқандай кедергісіз өз құлшылықтарын атқарып жатыр [3.34-35]. Кітәби қауымдардан бір топ нажрандықтар Мәдинеде Пайғамбарымыздың ‘аләйһис-солату уәс-сәләм мешітінде ғибадат қылуға рұқсат алып, осы мешітте намаздарын оқығанын ислам тарихшылары хабарлайды. Оларға өз сахабаларынан ешкімнің қарсылық білдіріп, бөгет болуына рұқсат етпегендігін жазады.
Ниет пен амалдың тазалығы басты талап:
Әбу Үбәйд рохматуллооһи ‘аләйһ «Әл-Амуал» атты кітабында таби‘индердің жетекшілерінен болатын Са‘ид ибн Мүсәййәб рохматуллооһи ‘аләйһиден риуаятында Пайғамбарымыз ‘аләйһис-солату уәс-сәләмнің яһудилерден бір жанұяға садақа қылғандығын және оны солай тағайындап қойғанын келтіреді [3.38]. Мұсылман барлық уақытта не істесе де ыхласына, оның шынайылығына мән беруі тиіс. Му‘аз ибн Жәбәл родиаллооһу ‘анһу айтады:
«Мені Яманға жібергенде: я Расулаллаһ, маған өсиет қылыңыз, – деп едім, былай деді: «Дініңді қалыс таза қыл, саған аз ғана амал жетеді».
Бұл хадис Имам Хаким рохматуллооһи ‘аләйһ риуаятынан [13.18].
Аллаһ Хақ Субыханаһу уа Та‘ала Құран Кәримде:
«Егер, Раббің қаласа жер бетіндегілердің бәрі де иман келтірген болар еді, ал сен сол адамдарды жаппай мұсылман болуға мәжбүр етпексің бе?» дейді.
«Юнус» сүресі: 99-аят.
Енді, мен жұрттың назарын бір нәрсеге қаратсақ деймін. Біздің еліміз зайырлы, демократиялық ел, одан бүкіл дүние хабардар. Біз осы елде тұрып жатырмыз, шүкір, бізге ешкім бөгет болып жатқан жоқ. Намазымызды ешбір кедергісіз оқып жатырмыз, жыл құры емес, жаңа мешіттер ашылып жатыр. Десе де, біздің ішкі проблемаларымыз жеткілікті. Мешіттерде қазір жастар негізгі жамағат, олар молшылық, бірақ, олардың жақын уақыттардан бері дінге бұрылғандығын кейбіреулер пайдаланып кетуде. Олар кім намаз оқымаса кәпір, кім ананы істемесе кәпір, мынаны істемесе кәпір дегенге кірісіп кетті. Кейбір аймақтарда жарылыстар мен діни негіздегі қастандық әрекеттер де болып қалуда. Аллаһ Кәрим «Бақара» сүресі: 205-аятында былай дейді:
«Кері оралса жер бетінде бұзықшылық жасауға тырысады, егінді және малдарды жою әрекетін жасайды. Аллаһ бұзықшылықты жек көреді».
Имам Судди рохматуллооһи ‘аләйһ бұл Ахнас ибн Шурайқ әс-Сақафи туралы енген. Ол өзін мұсылман етіп көрсетіп, Расуліміздің құзырына келген, бірақ, іштей жаулық сезімімен бір сұмдықты ойлап келген болатын деп көрсетеді. [10.183-184]. Кейін, ол жолай егіндіктерді өртеп, малдарды қырып кеткен. Сол себепті, Құран аяты «егінді және малдарды жою әрекетін жасайды» деп әшкере айтып отыр. Шын мұсылман адам осы аятқа қарап-ақ «менің мынауым дұрыс емес екен-ау» десе болады ғой. Жаратқан Иеміз егінге, малға деп тек осы екеуін айтып отыр ма, бұған басқа да халық игіліктері де кіретіні о бастан белгілі. Ал, қазір кейбір желөкпелер «намаз оқымаса болды», деп, ондай адамдардың мал-мүлкі тұрмақ өзіне де қастандық жасаудан қаймықпай отыр емес пе?
Кейбіреулер өзара жоспар құрып, бір жердегі халықтық мүліктер мен басқа да тұрмысқа қажетті құрал-аспап, өзге де саймандарды жоюмен дінге қызмет қылдық деп түсінеді. Сол үшін олардың сыбырласып, өзгелерден жасырын құпия сөйлесулерін Құран Кәрим былай суреттейді:
«Садақаға, не бір жақсылыққа немесе адамдардың арасында түзетушілік жұмыстарына болмаса, олардың өзге сыбырласқандарынан көбінесе пайда жоқ».
«Ниса» сүресі: 114-аят.
Аяттың айтуында «адамдардың арасында түзетушілік жұмыстары» болмаса, өзге сыбырласу, сыр жасырудан жақсылық күтуге болмайды екен. Енді, осыған да қосымша түсініктеме қажет пе? Аятты жіберген жаратқан Жаббардың Өзі, Ол текке сөз шығындамайды. Сыбыр не үшін керек екендігі жұрттың бәріне де аян, егер әлеуметтік жағдайға пайдасы тимесе, не біреулер бір нәрсенің қызығын көрмесе, оның қате болуы айдан анық.
Анас ибн Малик родиаллооһу ‘анһудан, Пайғамбарымыз соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләм былай дейді:
«Кім дүниеден серіксіз, жалғыз Аллаһ Та‘алаға ықласпен, намазын оқып және зекетін беріп өтсе, Аллаһ одан разы болып өтеді » [13.17].
Әбу Са‘ид әл-Худри родиаллооһу ‘анһу, Нәби ‘аләйһис-солату уәс-сәләмнан, Ол кісі Хажжаты уада‘ «Қоштасу қажылығы» кезінде былай деді:
«Аллаһ бір бәнденің көсегесін көгертсін, ол менің айтқандарымды есітіп, жат алды. Кейбір ілімді көтеруші адамдар болады, бірақ ол фақиһ емес (яғни, ол естігенімен амал етуге білігі жете бермейді. Естігенін өзгелерге жеткізеді). Үш кісі бар, оларға момын бәнденің жүрегі қиянат қылмайды: амал Аллаһ Хаққа ыхласпен орындалса, мұсылмандарға игі тілекпен бола білсе және мұсылман жамағатымен үнемі бір болса. Олардың дұғалары арқа жақтарынан орап тұрады».
Яғни, олардың тілектерін Аллаһ сөзсіз қабыл етеді деген сөз. Хадистегі «мұсылмандарға игі тілекпен бола білсе» дегенін «мұсылман» деді ғой деп, біз «мұсылман еместерге қалай қол ұшын созады екенбіз?» деуі де түсінбеу, мағынаны жете бағамдамау дейміз. Бізге қарсы дұшпандық назарында емес, тек бізбен отандас болған жандарды шариғат игіліктен махрұм етуге, оларға қарсы қимылдар жасауға бұйырмайды. Бұл туралы «Мумтахана» сүресіне көз салсақ та жетіп жатыр.
Бұл хадисті Имам Базар рохматуллооһи ‘аләйһ жақсы иснадпен нақыл еткен, Ибн Хиббан рохматуллооһи ‘аләйһи де «Сахих» кітабында Зәйд ибн Сәбит родиаллооһу ‘анһудан, Ибн Мас‘уд, Му‘аз ибн Жәбәл, Ну‘ман ибн Бәшир, Жүбәйр ибн Мут‘им, Әбу Дарда, Әбу Қарсафа, Жандара ибн Хойшана родиаллооһу ‘анһум және басқа көп сахабалардан нақыл етілген. Біраз иснадтары сахих делінеді [13.18].
Суфиан ибн Абдулла әс-Сақафи роди­аллооһу ‘анһудан, айтады: «Мен: Я Ра­сулаллаһ, исламда маған бір сөз айтыңыз, сіз­ден кейін ол туралы ешкімнен сұрамайын, де­дім. Сонда Ол кісі айтты: «Аллаһ Хаққа иман келтірдім, де, соң тұп-тура болшы».
Хадис Имам Муслим рохматуллооһи ‘аләйһидің нақылы [14.46].
Тура жүру, дұрыс жолда болу, қоғамдық тәртіпті сақтау, біреулерге оң, солына қарамай жәбір көрсетпеу, жанжалдаспау, үлкенге де, кішіге де тосын мінез көрсетпей сыйласа білу – осылардың бәрі «тұп-тура болшы» сөзінің мән-мағынасын береді. Біздің бәріміз адам баласымыз. Адам баласының екі қыры бар: ол бір жағынан хайуани болмыс, екінші жағынан адами болмыс. Ол хайуани болмыс екендігі – ол жаратылысында хайуан, денесі бар, сезгір, өз қалауы бойынша қимыл жасайды. Екіншіден ақылға негізделген тілі бар, сөйлейді. Сол үшін адам баласын «сөйлейтін жануар» деп атайды [18.15]. Біздің тәрбиеміз, барлық болмысымыз Хақ Иенің діні негізінде өрбіп, тек осы жолмен дамуы керек. Адам тек өз ақылымен өзін басқарып, бақылап жүруге қабілетсіз, оның нәпсілік (хайуани) сезімдері жеңіп кетеді. Сол үшін Еуропаның атақты ғалымдары да бұл туралы ойланған, өз тұжырымдарын қалдырған. Мысалы, 19-ғасырда өмір сүрген Француз философы, ақыны: «Тәлім алушы дұрыс адам болып шығу үшін тәрбие дінге негізделу керек» деген. Үлкен философ Эрнест Ренан «Діндер тарихы» кітабында: «Ақыл-сананы және өндіріс қуатын пайдалану еркіндігі жол­дан шығуы, жойылуы мүмкін болға­нындай жарық жалғанның қызығы деп есептеген нәрселердің жолдан шығып қалуы мүмкін. Бірақ, дін ұстанудың әлсіреуі, оның ұстанымдық қағидаттары бұзылуы мүмкін емес, бәлкім діни се­нім мен оның барлық тұжырымдары мәң­гілікке сақталады. Адамзаттың ой-санасын жердегі тіршіліктен әрі асырмай шектейтін материалистердің сеніміне қарсы бұл дін мәңгі жасай береді» – дейді. Виктор Лозан былай ашық айтты: «Ұлттар мен халықтар мәдени заңдардан гөрі діни бастамаларға көбірек мұқтаж». Француз философы әрі ақыны Жан Жак Руссо жігерлене: «Ең жаман, сұрқиа ел – Жаратушы Иесі белгісіз болып, Оған сенудің елеусіз болып қалдырылғаны» деген [18.18-19].
Каир қаласында «Әл-Ахбар» газетінің 1967 жылы 10 майда шыққан бір мақала назарымды тартты. Мақалада айтуынша, Сталиннің қызы шетелдерге кетіп, сонда жасаған. Ол Жаратушы Иені мойындамайтын, Ол туралы, тіпті, сөз де болмайтын үйде өскен. Солай болса да, ол мынадай бір пікір білдірген: «Аллаһ Та‘алаға иман келтірмей өмір қиын, қатал» [18.19]. Хазіреті Әли родиаллооһу ‘анһу былай дейді: «Хақтықпен кісілерді таныңдар, хақ кісілермен танылмайды» [18.20]. Түрік ақыны, философ Намық Кәмал былай деген: «Дінсіздік арқылы жасалған мәдениет – тағылықтың ең қорқынышты сахарасы емес пе?» [18.20]. Фузули рохматуллооһи ‘аләйһ былай деп жазған:
Сунғың айуанында бір қандилдір бу осмон,
Қудратиң дебочасындан бір уарақ руй замин.
Яғни, Сенің жасаған айуаныңда (кең дүниеңде) мынау аспан бір қандил (аспалы шырақ) секілді, ал, жер Сенің құдіретіңнің бір парағы ғана [18.27].
Сақал қою мәселесі:
Дәстүрлі исламды мойындамай, өздерінше жұртшылықты дұрыстыққа бастаған болып, елді бүлдіру істеріне мұрындық болып, кейбір Ділмұрат, Әбдіхалық секілді азаматтар араб елдерінде бой тасалап жүр. Тіпті, сақал қою да даулы мәселелердің біріне айналды. Жұма намазына барғанда (Атырауда «Тақуа» мешітіндегі әңгімеде) сақал қойған жігіттерге:
Сақал қою парыз ба, сүннәт пе, не уажіп па? – деп сауал қойдым.
Уажіп, оны қыру харам деген, – десті олар.
Жарайды, мен оған таласпай-ақ қояйын, бала-шағаны бағудың үкімі не?
Парыз.
Ендеше, осы бір сүннәт немесе содан сәл ғана жоғары тұрған амал үшін (олар үшін жұмыс табу өте қиын, олардың сақалдары үшін ешкім жұмыс бергісі келмейді) сендер жұмыс таппай тентіреп, бала-шағаларың қаңғырып жүргеніне кім жазықты? Осы жақсы ма? Әрине, олар маған жауап бере алмай қалды. Олар менен әр шарғи амал сайын анық, нақты риуаят жөнінде сұрайды. Әр амалға оларды тоқтатардай риуаят келтіре беру оңай тірлік емес. Олардың, тіпті, өз ата-аналарын мұсылман емес деулерін тоқтату қиын. Мұндай тағлым оларға аспаннан жаумайды, ол араб елдерінен келіп жатыр. Осыдан кейін сақал туралы риуаяттарды да қарап шығу қажет болды, тапқаным:
Ибн Омар родиаллооһу ‘анһудан, Нафи‘ рохматуллооһи ‘аләйһ риуаятында Расулуллаһ соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләм «Мұртты қысқартып, сақалды босатыңдар» деген нақылы бар екен. Өзге де сақал-мұрт туралы риуаяттар мол кездеседі. Ибн Жәузия рохматуллооһи ‘аләйһ сықылды кей ғұламалар сақалдың шыли ұзарып кеткенін ақымақтық депті. Мұхаммәд ибн Хасан «Әл-Әсәр» кітабында Имам Әбу Ханифа Һәйсәм рохматуллооһи ‘аләйһиден, ол Ибн Омар родиаллооһу ‘анһудан, ол кісі сақалының астынан уыстап ұстайды екен де одан төмен жа­ғын кесіп тастайды екен (900-бет). Имам Мухаммәд рохматуллооһи ‘аләйһ осыны біз ұстанамыз, ол Әбу Ханифаның қаулысы, дейді. Әл-Холлал «Әл-Жами‘» кітабының «Тәрәжжул» бөлімі 113-бетінде Харб рохматуллооһи ‘аләйһ айтады: Имам Ахмәд сақалды қысқарту туралы сұралды. Ол кісі: «Ибн Омар родиаллооһу ‘анһу сақалының бір тұтамнан артығын алып тастайтын», деп жауап берді. Имам Ахмәд рохматуллооһи ‘аләйһидің замандасы Исхақ ибн Һани рохматуллооһи ‘аләйһ имамның сақалын иек астынан да, ұзынынан да кесіп тастап жатқанын көргендігін айтады. Суфиан Сәури рохматуллооһи ‘аләйһ Мансурдан, ол Ибраһим Наха‘и рохматуллооһи ‘аләйһиден, ол кісі айтады: «Олар (сахабалар және сол кездегі мұсылман қауымы) сақалдарының жан-жағын қысқартып жататын». Сәләфилерден ешкім сақалды қысқарту болмайды, дұрыс емес дегенін білмейміз, ал, мутааххир (кейінгілер) айтқан сөздерге мән берудің қажеті жоқ. «‘Умда әл-Қори» кітабының 22-том, 46-бетінде Имам Әт-Тобари рохматуллооһи ‘аләйһ айтады: «Бұл хабар туралы Расулуллаһ соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләмнан құжат орнықты болды: сақалды ұзарту да шектеулі екен, ал, қысқарту уажіп болды. Бірақ, оның тек мөлшері қанша екендігіне ғана сәләф арасында қайшылық етіледі». Ибн Жәрир әт-Тобари рохматуллооһи ‘аләйһ сақалды қысқартуды уажіп көреді. Әлбани де (уаһһабилер өздеріне ұстаз деп санайтын ғалымдардың бірі) сәләф ғұламаларының сақалдың бір тұтамнан (қолдың уысымен бір уысынан) артығын алып тастауды ижмағи түрде (ұжым болып қарар қабылдау арқылы) түсінгендерін нақыл етеді. Қолдың бір уыс мөлшерінен артығын қысқартпай қалдыру сәләфилер назарында амалда болмағанын атап өткен. Қади ‘Аяз рохматуллооһи ‘аләйһ «Икмәл әл-Му‘аллим» кітабының 2-том, 36-бетінде «Сақалдың ұзыны мен жан-жағынан алу (реттеу, қысқарту) бұл жақсы» депті [5.144].
Сақалды қысқарту туралы риуаят Абдулла ибн Омар мен Әбу Һурайра родиаллооһу ‘анһумалардан нақыл қылынған, Имам Бухари рохматуллооһи ‘аләйһидің «Сахих» кітабында тіркелген. Сахабалардан, не таби‘индерден бірер кісі олардың осы сақал туралы істеріне қарсылық білдіргендігі, оны мансұқтағандығы туралы ешқандай риуаят жоқ. Олай болса, сақалдың артығын қырқып тастау оларда кеңінен таралған, жұрттың бәрі мойындаған іс болған деген қорытындыға келуге әбден болады [5.144].
Имам Тирмизи рохматуллооһи ‘аләйһи де Әмір ибн Шу‘айыб, ол әкесінен, ол атасынан нақыл етеді. Нәби соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләм сақалының астынан да, жан-жағынан да алып тастаушы еді, дейді. Ибн Әби Шайба рохматуллооһи ‘аләйһи де «Әл-Мусаннаф» кітабында Ибн Кисан жолымен нақылында Сәммәк ибн Зәйд рохматуллооһи ‘аләйһ Хазіреті Әли родиаллооһу ‘анһу сақалының бетіне тым жақын жерлерін алып тастаушы еді дейді. Исламда белгілі тұлғалардың бірі Хасан Басри рохматуллооһи ‘аләйһи де сақалдың ұзынынан да, енінен де алынады. Тым шектен шықпасын депті [6]. Алайда, қай бір шейхтардың айтқандарын арқаланып, тек сонымен амал қылуды жөн көретін әлгі желөкпелерге бұл айтқанымыз әсер ете ме, жоқ па, бұл жағы уақыттың еншісінде. Өйткені, олардың ұстазды бағалай білуі мен қазіргі ұстаз тұтынып жүрген кісілері, оларша «шейхтары» біз айтып отырған ғұламалардың құзырында кісі деуге татымайды да ғой.
Құран мұсылмандар бақытты жасауы үшін келген:
Жоғарғы секілді жандар біздің қоғамда айдың күні аманда, еш алаңсыз жұмыс істеп өмір сүруден махрұм болып қала берері хақ. Олар да, олардың ұрпақтары да ата-аналарымен қоса қиналады, машақат көреді. Бұл Құран Кәрим көрсеткен тұжырыммен сиыспайды. «Тоһа» сүресінің 2-аятында:
«Саған Біз Құранды сендер машақат көрсін (бақытсыз сорлы боп жүрсін) деп түсірген жоқпыз» дегеніне қарасақ мұсылман баласы олай болмауға тиіс. Аллаһ Та‘ала Нәби соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләмға «Мүззәммил» сүресін ендіріп, «Ей, оранып жатқан адам, түндері намаз оқуға тұр…» деп бұйырған соң сахабаларымен ұзақ-ұзақ қиям тұрушы еді. Сонда, тіпті, екі аяғы ісініп кететін. Осы оқиғадан кейін құрайшылар «Мухаммәдке Құранды Құдай тек бақытсыз етіп сорлату үшін түсірген» деген әңгіме қылды. Осы оқиғадан кейін Тоһаның аяттары түсті дейді тарих кітаптары [2.330].
Абу Зобиа рохматуллооһи ‘аләйһ риуаят етеді: Абдулла ибн Мас‘уд родиаллооһу ‘анһу сырқаттанды да оны Осман родиаллооһу ‘анһу зиярат ете келді.
Неден қиналып жатырсың? – деді.
Күнәләрімнен, – деп жауап берді ол.
Не қалайсың?
Иемнің рахметін.
Мен сізге тәуіп әкелейін бе?
Сол тәуіп ауыртты ғой, – деді ол.
Сізге біраз сыйлық әкелдірсем қай­те­ді?
Маған оның қажеті жоқ.
Өзіңнен соң қыздарыңа қалады ғой.
Менің қыздарым жоқшылыққа ұшырайды деп қорқасың ба? Мен қыздарыма әр кеш­те «Изә уақо‘атил-уақи‘а» сүресін оқу­­ға бұйырып қойғамын. Мен Расулуллаһ соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләмнің «Әр кеште кім «Уақи‘а» сүресін оқыса, оған мәңгі жоқшылық жетпейді» дегенін естігемін, – деді.
Әбу Зобиа рохматуллооһи ‘аләйһ осы сурені әр түні оқуды тоқтатпайтын [2.575]. Демек, осы сурені әр мұсылман шын ықыласымен әр кеште, түнде оқысын. Бұл да жөн.
Пайғамбарымыз соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләм бір хадисінде «Сендер дүние жұ­мысын өздерің жақсы білесіңдер» дегені, көшеде қойдың өлексесін көріп, «тым болмаса оның терісін алмайсыңдар ма?» дегендігі, осы нәрселердің бәрі де дүниелік істе тіршілікті орнымен жүргізу, ысырапшылыққа жол бермеу секілді әшейін сәл нәрсе болып көрінеді. Айша анамыздың құзырында отырғанында Зейнеп родиаллооһу ‘анһу момындардың анасы бір тамақ жіберіп, Айша ана ас жіберілген ыдысты бір соғып сындырып, тамақ шашылып қалғанда Расуліміз ‘аләйһис-солату уәс-сәләм «аналарың қыз­ғанды» деп, шашылған тамақтың ұстауға келетін ұсақтарын теріп жегені, бәрі де Ол кісінің дүниелік ысырапкершілікке жол бермейтінін көрсетеді. Ол кісі дастарханда отырғанда тағамның шашылған кесектерін «тағамның кей шашылған ұсақтарын шайтанға қалдырмаңдар, Аллаһ сіздердің қай бір тағамдарыңызға береке бергенін білмейсіздер ғой» дегені нақыл етіледі.
Миқдад ибн Ма‘дикәрәб родиаллооһу ‘анһудан: Расулуллаһ соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләм айтты: «Ешкім өз қолымен істегенінен артық, шірін тағамды ешқашан жемеген. Аллаһ Та‘аланың пайғамбары Дәуід ‘аләйһис-сәләм да өз қолының еңбегінен жейтін еді».
Хадисті Имам Бухари рохматуллооһи ‘аләйһ риуаят еткен [17.129].
Әбу Һурайра родиаллооһу ‘анһу айтады: Расулуллаһ соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләм айтты: «Аллаһ жақсы, көркем, тек жақсы, пәкиза нәрсені қабылдайды. Хақ Ие пайғамбарларына нені бұйырса, момындарға да соны бұйырған. Былай деген:
Ей, елшілер, таза нәрселерден жеңдер және ізгі амал қылыңдар, (Муминун сүресі: 51- аяты) және былай деді: Ей иман келтірген жандар, Біз берген рызықтардың пәк, тазасынан жеңдер (Бақара сүресі: 172-аят). Соң Ол кісі: Біреулер ұзақ-ұзақ сапарда жүріп, шаштары қобырап, шаң басып, қолдарын көкке көтереді: Я Робби, я Робби, дейді. Ол жегені харам, ішкені харам, харам киім киеді, хараммен тамақтанады. Оған енді қалай дұғасы қабыл болады!» – деді.
Бұл хадис Имам Муслим рохматуллооһи ‘аләйһидің риуаяты [17.129].
Жабир родиаллооһу ‘анһу айтады: Ра­сулуллаһ соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләм айт­ты: «Харам дәммен өскен ет жәннәт­қа кір­мейді, әрбір ет хараммен азықтанып өс­кен болса, оған дозақ оты лайық болады».
Хадис Имам Ахмәд, Дароми және Бәйһақи рохматуллооһи ‘аләйһидің «Шу‘абул-иман» кітабы көшірген риуаяттардан [17.131].
Ислами кеңшілік өмірдің сан саласын қамтиды:
Қазір біз өте нәзік дәуірде жасап жатырмыз, дінді ақылмен, хикметпен насихаттап жеткізу қара күшке салғаннан тиімді екендігі айтпай да түсінікті. Пайғамбарымыз ‘аләйһис-солату уәс-сәләмнің Әбу Үмәййә әш-Шәйбани рохматуллооһи ‘аләйһ арқылы мынадай нақылы бар. «Мен Әбу Сағлаба әл-Хушаниден: Ей Әбу Сағлаба, «Маида» сүресінің 105-аятындағы «Сендер өздерің өздеріңе ие бол» дегенін сұрадым. Сонда ол: Уоллоһи, сен оны анық білетін адамнан сұрадың. Мен оны Расулуллаһ соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләмнан сұраған болатынмын. Сонда Ол жанобымыз былай деп жауап беріп еді: Жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыйылыңдар. Қашан жұрт шектен тыс сараңдыққа ерсе, нәпсісіне жаппай берілсе, ахыреттен дүниені артық көріп жатса, әркім өз ойын жөн көріп жатса, сол кезде сен өзіңді қолға ал, түзет, ізгілік амал қыл, былайғы ауамдарды (ұқпайтын кісілерді) қой. Өйт­кені оның арқасынан сабыр күндері (төзуге тура келетін күндер) келе жатыр. Ол күндері сабыр ету жалаң қолмен от ұстағанмен бірдей болады. Солай болса да амал еткен кісілердің сауабы сондай амал қылған кісілердің елуінің амал еткенімен бірдей деп жазылады». Бұл хадисті Имам Ибн Можаһ пен Тирмизи рохматуллооһи ‘аләйһима риуаят етіп, хадис хасан ғариб деген. Және Имам Әбу Дауд рохматуллооһи ‘аләйһ нақыл етіп, «Иа Расулаллаһ, бізден болған елу кісінің сауабы ма, жоқ өздеріндей елудің сауабы ма? – деп айтылды деп қосқан. Бұл сұрақты сахабалар беріп отыр. Ол кісі: «Бәлкім сендерден болған елудің сауабы» деп жауап берді, дейді [7.86]. Ендеше, біздің де өзімізді қоршаған қоғамдық жүйеде белгілі дәрежеде осындай нақылдармен амал қылуға, осы сықылды риуаяттарды басшылыққа алуға құқылы шығармыз. Не деген асқақ мәртебе, сахабалардың елуінің амалына тең сауап!
Мұсылман баласын мұсылманшылықтан шығару әрекеті асқына түскен қазіргі таңда кітапқа жүгінгенде адаспайтындай һәм олардың талаптары айта қалғандай болып орындалатындай риуаяттар мол. Оған да шүкір. Мысалы, Расуліміз соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләмнің заңғар сахабаларынан бірі Әбу Зәррі Ғифари родиаллооһу ‘анһу айтады:
Пайғамбарымыз соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләм айтты: Маған Раббімнен біреу келді, маған былай деп хабар берді – немесе сүйіншілеп кетті: Кім менің үммәтімнен Аллаһ Сұбыханаға серік қатпай өлсе, сол жәннәтқа кіреді. Сонда мен: Ол зінә қылса да, ұрлық қылса да ма? – дедім. Ол кісі: Зінә қылса да, ұрлық қылса да, – деп жауап берді [16.293].
Ислам тарихында Расуліміз ‘аләйһис-солату уәс-сәләм өзі үшін ең әзіз сахабалардан бірі болған Зәйд ибн Харисаның ұлы Усома родиаллооһу ‘анһу бір «күнәлі» болған жері бар. Ол ғазуатта бір мушрикпен қылыштасып, анау дес бере алмай, қаруын тастап, кәлима келтірген. Сонда да Усома оған қылыш тартып жіберіп еді. Бұл оқиға Пайғамбарымыз соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләмға жеткенде:
«Ей Усома, сен оған кәлима айтқанына қарамай қылыш тарттың ба?» – деді.
Сонда ол: Я Расулаллаһ, ол осылай құтылып кетпек болды ғой, – деді.
– Ішін жарып көрмедің бе, кәлимані қайтеміз? – деді Жаноб Расуліміз ‘аләйһис-солату уәс-сәләм бастырмалатып.
Пайғамбарымыз соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләм оның қылығын соншама ауыр көріп, осы сөзді қайта-қайта айтқанда Усома родиаллооһу ‘анһу «Шіркін-ай, осы күнге дейін неғып исламға кірмей жүре тұрмадым екен!» деп армандады. Сол себеп ислам фуқаһалары «біз сырт көрінісіне қарап үкім шығарамыз, ішін Аллаһ Өзі біледі» деген жалпылама тұжырым жасаған. Нәби соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләм Мәдинедегі мұнафиқтардың бастығы Ибн Үбәй ибн Сүлул өлгенде жаназа шығарған. Бірақ АллаһТа‘ала бұл іске разы болмай «Тәубе» сүресінен 84-аятта былайша:
Олардан өлгендеріне мәңгі жаназа шығарма һәм олардың қабіріне тұрма (дұға қылма). Олар Аллаһ және Расуліне қарсы шығып өлді, олар пасықтар, – деп аят ендірді.
Бұл аят негізінде Абдулла ибн Үбәй туралы енгенімен жалпы мұнафиқ осы аят астына енеді. Пайғамбарымыз солауатуллооһи ‘аләйһ оған жаназа шығармақ болып тұрғанда Хазіреті Омар келіп, етегінен тартты. Ол:
Я Расулаллаһ, соған жаназа оқисыз ба?Аллаһ оған жаназа шығарма деп тыйды емес пе?
Аллаһ Та‘ала: Оған жетпіс рет истиғфар айтсаң да Аллаһ оны кешірмейді, – деп маған таңдау берді. Мен жетпістен асырып истиғфар айтамын, – деді Расуліміз ‘аләйһис-солату уәс-сәләм.
Ол мұнафиқ қой.
Сонда да Нәби ‘аләйһис-солату уәс-сәләм оған жаназа шығарды және оның қабіріне барып дұға қылды. Осы кезде Аллаһ Кәрим жаназа оқыма деп мына аятты түсірді. Осы оқиғадан кейін Пайғамбарымыз соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләм ешқашан мунафиқтарға жаназа шығармады.
Бұл хадисті Имам Бухари мен Муслим рохматуллооһи ‘аләйһилер Ибн Омар родиаллооһу ‘анһудан Нафи‘рохматуллооһи ‘аләйһ арқылы риуаят қылған [8.161-162; 16.323].
Жаназа мәселесі осы оқиғадан кейін мұсылмандарға Жаратушы Хақ міндеттеген үлкен мәртебе ретінде саналатын және жаназа шығарғанға өте мол сауап уәде етілген амал болып қалды. «Сахих» кітаптарында «Кім де кім жаназаға қатысса, оған бір қират, ал оны жерлеп болғанша қатысқанға екі қират сауап болады» деген Пайғамбарымыз ‘аләйһис-солату уәс-сәләм. Сонда осындағылар:
Екі қират деген не? – деп сұрады.
«Оның ең кішісі Үхід тауындай», – деді Ол кісі (с.ғ.с.) [8.162; 16.313].
Имам Бухаридің «Сахихында» Пайғам­барымыз ‘аләйһис-солату уәс-сәләм мас­күнемге де жаназа шығарғаны риуаят етіледі және ол туралы «лағнаты» деп сөйлегенге Пайғамбарымыз солауатуллооһи ‘аләйһ «оны лағнаты демеңдер, уоллоһи, ол Аллаһ Та‘ала мен елшісін (расулін) сүйетін еді» деп, қадағалап айтқаны нақыл етіледі. Ал, «үйтпеді, ол кәпір, бүйткен жоқ, ол мунафиқ» деудің еш қисыны жоқ. Өлген кісіге жаназа шығармаудай жаза жоқ, ал, жаназа оқуға лайық болып тұрғанға жаназа оқымаса, қауым бір парызды аяқасты еткен болып есептеледі. Біреуді «кәпір» деген кісі шынында ол кәпір болмаса, оның өзі кәпір болады. Құдая, Өзің сақта! Біреулерді намаз оқымайды деп ас-тағамын харам етудің, тіпті де қисыны жоқ. Жоғарғы аятта кітәбилердің тағамы халал екендігі айтылып еді, ал, затында мұсылман болып келген адамның тағамы кітәбилердікінен таза, артығырақ болмаса, одан төмен емес.
Әмір ибн Шуғайб рохматуллооһи ‘аләйһ өзінің атасынан (ол кісі сахаба болған), ол кісі айтты: «Расулуллаһ соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләм айтты: «Біздің кішімізге рақым қылмаған, үлкеніміздің құрметін білмеген адам бізден емес». Бұл хадисті сахих деп бағалаған, Әбу Дауд пен Тирмизи рохматуллооһи ‘аләйһима риуаятынан [11.175; 16.1848]. Осы нақылдағы «бізден емес» дегенін кім қалай ұғады, мұсылман емес деді ме, біздің жақсыларымыздай адам емес дегені ме? Не десек те түбі жақсылық емес екені көрініп тұр.
Сауады шариғаттың сара жолы: Таби‘индерден 40 кісіден мына хадис риуаят етілген:
«Жеті нәрсе тура жолдың белгісі, әһлі сүннә уәл-жамағат соның ішінде. Кім бұған келіспесе, жамағаттан шығып кетеді: қыблаға қарап намаз оқыған жанды ешқашан «кәпір», не «мушрик» яки «мунафиқ» деп куәлік бермеңдер. Олардың ішкі сырын Аллаһ Та‘алаға тапсырыңдар. Әһлі қыбла (қыблаға қарап құлшылық ететіндер қатарынан) болғандардан кім қаза болса, жаназасын оқыңдар. Бес уақыт намаз бен жұма намазына қатысыңдар. Кез келген бұзықтың арқасынан ұйып жамағат намазын оқыңдар… Басшыларыңа таупық сұрап дұға етіңдер, кез келген жеңіл тұжырымдардың арқасынан кетпеңдер, өйткені оның басы да, аяғы да теріс».
Бұл «Сауады ағзам» кітабынан алынған, сілтемесі, нақылдың қайдан алынғаны белгісіз [9.19-20]. Имам Ахмәд рохматуллооһи ‘аләйһ Абдулла ибн Мас‘уд родиаллооһу ‘анһудан, ол кісі айтады: Расулуллаһ ‘аләйһис-солату уәс-сәләм қолымен бір хат (сызық) жазды, сосын деді:
«Мына Аллаһ Хақтың тура жолы», сосын оңынан да, солынан да сызық салды да айтты: «Мына жолдар, осы жолдардың бәрінің басында сол жолға щақырып шайтан тұр». Кейін Ол кісі «Бұл Менің тура жолым деп соған еріңдер. Өзге жолдарға ермеңдер, олар сіздерді адастырады. Міне осыны сіздерге насихаттайды, мүмкін тақуалық қыларсыңдар», деп дәлеліне осы аятты оқыды. «Ан‘ам» сүресі, 153-аят [10.633].
Шариғат үкімдеріне бойұсынудың және жамағаттың ұстанған жолын ұстанудың уәжіп екендігін мына бір хадис те дәлелдей түседі:
Зәйд ибн Әсләм рохматуллооһи ‘аләйһ әкесі Әсләм рохматуллооһи ‘аләйһиден нақыл етеді. Ол айтты: Мен Абдулла ибн Омар родиаллооһу ‘анһумен бірге Абдулла ибн Мути‘ құзырына кірген едік. Ол «Әбу Әбдірахман, мархамат» деп қарсы алды. «Оған жастық беріңдер» деді. Сонда Ибн Омар родиаллооһу ‘анһу: «Мен Расулуллаһ ‘аләйһис-солату уәс-сәләм нан естіген бір хадисті айтуға ғана келдім. Ол кісі айтты: «Кім Аллаһ Бариге бағынудан қол үзсе, сол қиямет күні (өзін қорғау үшін) ешқандай құжаты жоқ болып келеді. Кім жамағаттан ажырап өлсе, ол жаһилиат өлімімен өледі». Бұл хадисті Имам Ахмәд рохматуллооһи ‘аләйһ өзінің «Муснад» кітабында көшірген. Ендеше, осындай адасушылыққа ұшырамаудың ең тура, әрі сенімді жолы – түрлі күдікті топтарға немесе жамағаттарға ілесуден аулақ болып, ең тура, сенімді «Сауады ағзам» жолын ұстану. «Сауады ағзам» – «Ең үлкен топ. Бұл жайлы Ибн Можаһ рохматуллооһи ‘аләйһтің «Сүнән» кітабында Анас ибн Маликтен родиаллооһу ‘анһу риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләм:
«Әлбетте, менің үммәтім адасуға (қателесу, салғыласу, жолдан таю сияқты істерге), ұжым болмайды. Егер (түрлі топтар пайда болып) ихтилафқа (қайшылықтарға) кездессеңдер, сендерге «Сауады ағзам» жамағатының ұстанған жолын ұстану уәжіп болады» – деген. Демек, жамағаттан ажырауға, ұзақтауға ешқандай дәлел жоқ, сонда да, өз дегенін жөн көретін кісілер ахыреттік халінің мүшкіл болатынын ойласын. Әбу Зәррі Ғифари родиаллооһу ‘анһу нақылындағы Пайғамбарымыз солауатуллооһи ‘аләйһиден келген мына хадисте былай деп айтылады: «Кім жамағатқа бір сүйемдей қайшы келсе, ол өз мойнынан Исламның міндетін түсірген болады». Имам Ахмәд һәм Имам Әбу Дауд рохматуллооһи ‘аләйһ нақылынан [9.4; 14.100]. «Тәржуманул-Құран» лақабына ие Абдулла ибн Аббас родиаллооһу ‘анһу Расуліміз солауатуллооһи ‘аләйһиден мына бір хадисті нақыл етеді:
«Кім Аллаһ Та‘ала үшін көппен бір іс жасап, дұрыс істесе, оны Аллаһ Та‘ала қабыл етеді. Егер қателессе, оны кешіреді. Егер Құдай үшін жеке бір амал (оның дұ­рыс-бұрысы неғайбыл) етемін десе, Хақ Та‘ала оны дұрыс істесе де қабылдамайды. Қателесе қалса, сорлағаны» [9.15]. Осы мағынадағы хадис Абдулла ибн Аббас родиаллооһу ‘анһудан нақыл етілген. Жаноб Расуліміз солауатуллооһи ‘аләйһ айтады: «Кім басшысынан ұнатпайтын бір іс көрсе, оған сабыр қылсын. Өйткені кім жамағаттан бір сүйем ажырап, соң өлсе, ол жаһилиат өлімімен өледі» [16.1774]. Хадистің жалпы мазмұны әлеуметтік тұрмыстың шырқын бұзбауға үндеп тұр, оны ешкім де теріске шығармаса керек. Себебі, атам қазақтың айтуында «бір күн ұрыс болған үйден 40 күн береке кетеді» деген сөз бар. Көпшіліктен қол үзу жақсылыққа апармайды, қайта ынтымақ үшін өз талаптарын қоя тұрып, өзге бауырлармен қоғамдасқан көп артық. Біз айтатын «жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас» деген мақал, араб халифатында Үмәййә әулетінің билеушісі Әбдул-Мәлик ибн Маруанның аузымен де айтылған.
Мұсылмандарды Үмәййә әулеті игеріп, билік солардың қолына өткен соң, әзіз сахабалардың бірі Абдулла ибн Омар родиаллооһу ‘анһу жаңа болған халифа Әбдул-Мәлик ибн Маруанға былай деп хат жазды:
«Бисмилләһир-рохмәнир-рохим. Аллаһ Та‘аланың құлы әмир-әл-муминин, Әбдул-Мәлик ибн Маруанға: Саған сәлем. Өзінен басқа құдай жоқ болған Аллаһ Сұбыханаға хәмді айтамын. Шамамның жеткенінше Аллаһ Та‘аланың сүннәті мен Расулінің сүннәті негізінде саған бағынуға және бойсұнуға сөз беремін» [15.602; 16.1823]. Ол кісі неге бұлай етті, өйткені, ол жаңа халифаға ұнар-ұнамас қол беру қажет екендігін жақсы біледі және қол бермей өліп кетсе ахыретінің жаман болуынан қорықты. Расуліміздің ондығының бірі Талха ибн Үбәйдуллаһ родиаллооһу ‘анһу да өлесі жаралы, қансырап жатып, өзі Хазіреті Әли родиаллооһу ‘анһуға қол тапсыратынын айтып, бір кісіге аманаттап, соң жан берген. Ол да қол тапсырмаған, тапсырғанда да ол зорлықпен, бұрын күштеп тапсырғанмын деген болатын. Енді сол сөзінен қайтты.
Тап өзі жұрттан артық, соның ғана жолы оңды болғандай болып:
«Біреу адамдар құрыды, деп сөйлесе, ол солардан бұрын құрығаны» дейді Расуліміз соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләм Әбу Һурайра родиаллооһу ‘анһу арқылы жеткен хадисінде. Оның бұл сөзін «тәкәббарлықпен, өзгелерді менсінбей айтса» деп кітаптың хашиа – жиек жазуында түсіндірген [15.603]. Имам Бухари рохматуллооһи ‘аләйһидің «Сахихында» хауариждер (хариджит деп жазу мүлде қате екендігін еске саламын, біріншіден, «хариджит» орыс тіліне бейімдеудің салдары, екіншіден, олар «хауариж» – аққа қарсы шығушылар. Олар Хазіреті Әли родиаллооһу ‘анһуды «кәпір» деген мәлғундар) туралы Абдулла ибн Омар родиаллооһу ‘анһу оларды ең жаман халық (кітапта «Аллаһтың ең жаман халқы» деп жазған) ретінде ұғып, «олар кәпірлер туралы енген аяттарды мұсылмандарға аударды» деген. Олар Құ­ран Кәримде кәпірлерге түскен аяттарды мұ­сылмандар туралы түскендей қолданып, соның негізінде қарапайым мұсылмандарды жазалаған. Кітаптың 1738-беті түгелдей соларға арналған [16.1738]. Одан кейінгі бет те осы риуаттардың жалғасы ретінде тізбектеледі.
Тарихтағы ислами әділетке христиан жазбагерлері куә:
Мұсылман жарық жалғанға ислами көзбен қарайтын болса (ешқандай саясат, не басқа түрлі тұжырымдарсыз), өзге дін иелеріне де жанашырлық назарымен қарауы тиіс. Тарихшы Людвиг «Нил – өмір өзені» атты кітабында Мысыр қыбттары (перғауындардың қауымдары) Расуліміз ‘аләйһис-солату уәс-сәләмнің сахабаларынан бірі Әмір ибн Астың жасағын басқыншылар емес, құтқарушылар ретінде күтіп алды дейді. Олардың құттықтап қар­сы алулары өте қызу дәрежеде өтті. Люд­вигтің өзі былай деп жазады: «Хрис­тиан­дарға жизия (мұсылман елінде тұра­тын кітәбилер төлейтін салықтың бір түрі) міндеттегенімен, Әмір мәміледе мұ­сыл­ман мен масихиге (христианға) бірдей қарады. Бәлкім барлық діндерге құрмет жасалатынын, олардың діни ғұрыптарын өткізулеріне жол берілетінін, мұсылмандар мен масихилер арасында бірдей теңдік сақталатынын жария етті. Барлық құқық, барлық міндеткерліктер қамтылатын теңдік, жынысына, дініне қарамай оның ішінде мемлекет міндеті де бірдей болады». Ұстаз Мухаммед Әли Әл-Ғатит: «Батыс пен Шығыс шармықшылар жорығынан Суайс (Суец) соғысына дейін» кітабы: 74-75-беттер [3.48-49].
Томас Арнольд былай деп жазды: «Езілген Испан яһудилері (еврейлер) ірі топтармен қашып, 14-ғасырдың аяғында тек Түркияға тығылды. Италияда да Түркияға үлкен үміт көзімен қараған топтар болды, солардай діни еркіндік алып жасар ма екенбіз деген сезімде еді. Олар ондай еркіндікті ешбір масихи үкіметтен көре алмаған болатын» [3.51]. Осы себепті Антокияның патриархы Макариос былай деген: «Аллаһ Түрік мемлекетін мәңгіге жасата берсін. Олар жизияны өздері мін­деттеген мөлшерде алады, діндерге тиіс­пейді. Олардың халқы масихи ма, яһуди ме, не самарей ме, оларға бәрі бір» [3.52].
Ислам діні жәбірге, зорлық атаулыға қарсы. Тарихта Хазіреті Омар родиаллооһу ‘анһу заманында Жәбәлә ибн Әйһәм атты Ғассан жерінің (Византияның вассалы еді) иесі, билеушісі болған-тын. Сол қажылық маусымында бәдәуи арабымен болмашы нәрсе үшін ілінісіп қалды да жағынан тартып жіберді. Бұл нәрсе қажылықта ешкімнің түсіне де кірмейді ғой, бұл маусым жалпыға бірдей бейбітшілік кезі. Бәдәуи халифаға шағынды. Халифа родиаллооһу ‘анһу қажылардың көз алдында Жәбәләнің жағынан ұрып кек алдырмақ болды. Халифаның әділетін жақсы білетін жұртшылық бұның ақыры немен тынар екен деп күтті, өйткені, қарапайым бәдәуи ханзадаға қол жұмсауы олар үшін өте үлкен іс еді. Алайда ханзада халифадан ертеңге дейін маған мұрша бер деп өтінді, бірақ, сол күні түнделетіп Византияға қашып кетті [12.58-59].
Адамзат тарихы Испанияда мұсылман­дарға қарсы жаппай жорықтан мыңдап мұсылмандар өлтірілгенін, христиан дінін қабылдамағандарды линч сотымен соттап, тірідей өртегенін жақсы біледі. Сол кезде (1492 жылдарда) сұлтан Мурад Ғо­либ рохматуллооһи ‘аләйһ (жаңылмасам 2-ші) Балқандағы христиандарды күштеп мұсылмандық дінін қабылдаттырмақ болған. Бірақ, пірі – ұстазы оған рұқсат етпеді. «Тақсыр-ау, олар исі мұсылман атаулыны қасапханаға салып жатыр ғой» деп сұлтан кіжінгенмен, бірақ, ислам бұл істі жөн көрмейді деген пірі. Билеушісі қанша қаны қайнап, басына шауып күйінгенімен тақсыр көнбей қойды. Неге, себебі, Расуліміз солауатуллооһи ‘аләйһ Мекке құрайшыларымен 6-һижра жылы бітім шартын жасасқан. Ол «Худайбиа бітімі» болатын. Сонда құрайшылар бітім баптарының бірінде «Кім діннен шығып, бізге келетін болса, біз қабылдай береміз, ал, кім мұсылман болып, сендерге баратын болса, оны бізге қайтарып беретін боласыңдар» деген талап қойды. Оны Пайғамбарымыз соллаллооһу ‘аләйһи уә сәлләм қабылдағанмен сахабалар оған келісуді еп көрмеді, бірақ, Жаноб Пайғамбарымыз солауатуллооһи ‘аләйһ «сабыр етіңдер, Хақ Ие Өзі жөн береді» деп оларды тоқтатты. Кейін осы бапты құрайшылар өзі келіп өзгертуді сұрады. Мұсылманның өзге дінге кеткенін мұсылмандар кері қайтарып алуының ешқандай қисыны жоқ, олардан құтылу артық. Кетті ме, бара берсін. Өйткені, онда иман жоқ, олар тек бүлдіргі болады.
Дәстүр шариғат және саяси ақыл­мандар көзімен:
Біздің бағасын жете бағалай білмей жүрген Қожа Ахмет Яссауи бабаны, ол кісі жазған Диуаны хикметі қазақ халқының тарихында рухани тірек және діни ұстанымдарында басшылыққа алған, өздері үшін түсінікті қайнар болып қызмет қылғанын жұрт біле бермейді. Өйткені, 1510 жылы Исмаил шах Дешті Қыпшақты өзіне бас идіріп, алауит дініне тартпақ болды. Сол кезде қазақтың көзі ашық оқығандары осы бір Хикмет кітабын жалау етіп көтерді. Дала шах алдында бас имеді. Баба рохматуллооһи ‘аләйһ қазақ даласында алғаш рет менменсіген астам нәпсін ауыздықтап, оны өз дегеніне бас идіріп: Бәрі жақсы, біз жаман, бәрі бидай, біз сабан, – деп жар салды. Қазір кім өзін жаман деуге келіседі? Қазақ халқының болмысы мақал-мәтелдерде өте тереңге бойлап, астаса жымдасқан. Солардың бірінде «әйеліңе балаң жоқ жерде ақыл айт, балаңа адам жоқ жерде ақыл айт» дейді қазақ даналары. Қосып-аларыңыз бар ма? Анасы баласының көзінше сөз естіп, жер қарап тұрса, оның аналық қадірі не боп қалатынын ойлап көріңіз, ал, бала да өз бағасының қаншалық екендігін сезеді. Өзіне сындарлы сөзді оңаша есту ол үшін үлкен құрмет. Имам Әбу Ханифа рохматуллооһи ‘аләйһ дәстүрді өзі ұстанған жолының 7-ші тұғыры ретінде қабылдаған, бірақ, ол кісі оны «ғұрып» деп атаған. Америка президенттерінің бірі болған Томас Джеферсон «Жақсы заң болғанша, жақсы дәстүр болсын» деген екен.
Қорытынды
Жаратқан Ие бізге мейірбан екендігін жоғары өткен аяттар мен хадистерден көріп тұрмыз, ал, сол мейірін өз ортамызда қолдана алмай, сол кең мархаматтан кенде қалып отырмыз. Біз болмашы риуаяттарға бола тартысып, таласып отырсақ, өзгелерге көрсете аларлықтай өнегеміз болмай қалады. Бәріміз де өміріміздің мәні де, сәні де болған Хақ та‘аланың жіберген дінін өз орнында пайдаланайық дегім келеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Шарх Әс-Сиар әл-Кәбир: 1-том,144-бет.
http://www.ibnamin.com/beard.htm
http://www.saaid.net/Doat/asmari/fatwa/5.htm
2. Абдулла қажы Жолдасұлы, «Сауады ғазам» кітабы, «R-Diar» баспаханасы, Шымкент, 2008 жыл.

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Аллаһу таъала разы болсын устаз!Құдай куат беріп, алдымызда журе бериніз діни шырақ беріп!

Пікірлерге тыйым салынады.