ҚАЗАҚСТАН МОНУМЕНТАЛДЫ ӨНЕРІНІҢ ХІХ-ХХ ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ДАМУЫ

  • 28.11.2011
  • 829 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ербол Қайранов, 

Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық

өнер академиясының ІІІ курс докторанты

Қазақстан монументалды өнерінің ХІХ-ХХ ғасырлардағы дамуы бір-бірінен аса айрықша бағдарлармен ерекшеленетін үш тарихи қалыптасқан кезеңдерге бөлінеді. Біріншіден, ХІХ ғасырда және ХХ ғасырдың басында монументалды өнер Ресей империясының құрамындағы мәдениеті дамыған кезеңімен ерекшеленеді. Екіншіден, ХХ ғасырдың елуінші жылдары аяғында айтулы өнер өзінің қарқынды дамуын социалистік құрылыс идеясының аясында алды (1960-80-ші жылдардағы кеңестік монументалды насихат). Ақыры, үшіншіден, ғасырдың аяғы 1980-ші жылдардан бастап 90-шы жылдарға дейін дағдарыс пен қайта құруды бастан өткізіп, жаңа демократиялық және нарықтық даму деңгейіне шығады.

Қазақстандық монументалды өнердің дамуын үш маңызды кезеңдерге бөлу бұл өнердің өнертану саласындағы келесі мәселелерін анықтайды:

1). ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бірінші жартысында Қазақстан территориясында дамыған монументалды өнердің ешқандай негізгі еңбектері жоқ;

2). Кеңестік заманда Қазақстандық монументалды өнер өзінің үлкен дамуын ХХ ғасырдың екінші жартысындағы жиырма жылдық аралықта кеңінен алғанмен, бұл мезгілмен байланысты ғылыми зерттеулер жоқ болып отыр, тек осы саланың атақты кеңестік ғалымы В.П.Толстойдың «Монументальное искусство СССР» қалың альбомында [1] жалпы таныстыру тарауы арналған және жалғыз бір қазақстандық ғалым Наталья Вулдың «Қазақстанның монументті өнері» бар [2].

3). Социалистік дағдарыстан кейінгі ХХ ғасырдың соңындағы қазақстандық монументалды өнердің дамуының зерттелу деңгейі өте тапшы, яғни, тек келесі зерттеушілер – Ж.Шайкен [3], А.Тәтіғұлов [4], Т.Қарамендытегінің [5] әртүрлі мер­зімдік басылымдарда жарияланған үш мақаласын басқа ғылыми еңбектер жоқ, әйтсе де, осы ғасырдың соңғы онжылдығында жаңа заманауи, демократиялық, нарықтық және тәуелсіздік қарқынды өркендеудің тарихы бастау алады.    

Қазақстан монументалды өнерінің ХІХ-ХХ ғасырлардағы даму ерекшеліктері өнердегі келесі тарихи оқиғаларды жүйелі түрде қарастыру арқылы ашылады:

– еуропалық пен ресей монументалды өнерлері синтезінің ХІХ ғасырдағы әсері;

–   кеңестік монументалды реализмнің қазақстандық дамуы; 

– әлемдік мәдениеттегі монументалды өнердің қазіргі заман тенденциялары.

Қазақстан территориясындағы монументалды өнердің дамуында ХІХ ғасырдан ХХ ғасырдың басына дейін сол заманғы перспективтік еуропалық пен ресей монументалды өнерлері синтезінің алғаш­қы ықпалы тарағаны көрінеді. Қазақстан өнері Ресей мәдениетінің құрамында болып, біртұтас бағытта дамығандықтан, сөзсіз қазіргі заманның «Еуразия мән-мәтініндегі» қазақстандық монументалды өнердің негізін қалау бастамасы ХІХ ғасыр­ға келеді.

Оған дәлел – ХІХ ғасырдың аяғында Қазақстанның көптеген қалаларында сол дәуірдің классицизм мәнерінде салынған православиялық шіркеулерде сақталып келген діни тақырыбындағы нақыштар мен ислам мешіттеріндегі мұсылмандық ою-өрнек декоры және монументалды маңыздылығы бар сәулеттік құрылыстар. Сонымен бірге, кейбір ауқатты және ықпалды тұлғалардың жеке тапсырыстары туралы архивтік мәліметтер де бар. Дегенмен, айтулы кезеңде Қазақстан территориясында «еуропалық стильде» жасалынып, орнатылған монументалды мүсін-ескерткіштер жөнінде ешқандай мағлұматтар, өкінішке орай, жоқ. 

Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті Бұйрығымен 2003 жылы «Мәдени мұра» мемлекет­тік бағдарламасы қабылданған соң Қазақстанның ХІХ-ХХ ғасырлардағы көптеген монументалды өнер ескерткіштері тарих пен мәдениеттің Мемлекеттік ескерткіштер тізіміне енгізілді. Олар казіргі таңда мемлекет қорғауына алынып қайта жаңғыртылуда [6]. 

Кеңестік монументалды реализмнің қазақстандық дамуы бар болғаны 20-25 жыл уақытты қамтиды (1960-1980 жж.), дегенмен, сол қысқа уақыт ішінде өте үлкен жетістіктерге жетті. Баршаға мәлім, бүкіл Кеңестік Одақтан индустриялық ел болуға таңдалынған Қазақстанға әртүрлі кәсіби мамандар келген. Бұл рөл 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысқа байланысты, бүкіл Кеңестік Одақтың қиын кезеңінде белгіленіп, Ұлы Жеңіске қажетті барлық заттармен қамтамасыз ететін зауыттар, фабрикалар және басқа стратегиялық нысандар көшірілген. Осылайша, өндірістік орталықтардың айналасында Қазақстанның көптеген жаңа қалалары өсіп шыға келді. Мұнда қалалық орта заман талабына сай кеңестік мәдениеттің жетістіктерін иеленді.

Коммунизм құрылысының идеялары халықтың сана сезіміне әсер ететін монументалды өнермен насихатталынса да, суретшілер мен мүсіншілер үс­тем идеямен қатар, жалпы адамзаттық өмірлік та­қы­рыптарға көңіл аударған. Соның ішінде, адам, жанұя, табиғат, өмір, бейбітшілік, білім, еңбек, ғы­лым, ғарыш және т.б. Сөйтіп 1950-60-шы жылдары бүкіл Кеңес Одағынан жетекші көркемсурет жоғары оқу орындарының түлектері болып көптеген монументалды өнердің суретшілері кеңестік Қазақстанға монументалды өнерді дамытуға келді, уақыт өте келе, солардың көпшілігі қонақжайлы және дәстүрге қызық елді сүйіп, бүкіл өмірін арнап осында қала берді. Сол кездерде қатарласып ал­ғашқы отандық кәсіби суретшілер мен мүсіншілер Ресейдің сол жоғары көркемсурет оқу орындарынан білім алып келіп, еңбек етуді бастады. Міне, осылай олар кеңестік монументалды реализмнің шапшаң дамуына жол салды.

Бұл Қазақстан монументалды өнерінің бірінші зерттеушісі Наталья Вулдың 1969 жылы көктемде өткен Қазақстанның монументалды-сәндік өнерінің бірінші республикалық көрмесіне арналған каталогында келесі деректер мен негізделді: «Вырос отряд монументалистов, их ряды пополнились выпускниками Ленинградского и Московского Высших художественно-промышленных училищ, приехавшими в Казахстан в 1966-1967 гг. Количественный и качественный рост привел художников к переходу от отдельного произведения в архитектуре к созданию эстетической среды, воздействующей на душу зрителя» [7, 3 бет]. Және де, тағы осы ғалымның Қазақстандағы кеңестік монументалды реализм дамуының қорытынды талдауы болып келетін «Қазақстанның монументті өнері» (1989 ж.) еңбегінен де белгілі: «В нашей республике развитие монументального искусства в градостроительстве началось с конца 50-х годов с сооружения памятников, посвя­щенных героям революции, гражданской и Великой Отечественной войн, выдающимся деятелям науки и культуры.» [2, 14 бет].

Қазақстанның монументалды өнері ХХ ғасырдың 80-ші жылдары КСРО-ның барлық республикалары секілді экономикалық дағдарыс пен қайта құру­ды бастан кешіріп, 90-шы жылдары өзіндік дамудың заманауи демократиялық және нарықтық кезеңіне өтеді. Нәтижесінде, айтулы тарихи кезеңде кеңестік монументалды өнерінің мұрасы бүкіл ТМД елдерінде заманауи әлемдік мәдениетке қол жеткізген шақта бейімделу күрделі үдерісін бастан кешеді. 1991 жылдан бастап, жас егеменді мем­лекеттің қалыптасу жолында заманауи қоғамының барлық құндылықтарын қайта ойластыру кезінде, әлемдік тенденцияларға сәйкес келетін мүлдем жаңа міндеттер қойылды. Сөйтіп, қоғамды демократизациялау мен нарықтық экономика әлемдік тенденциялар болып келетіндіктен, кез-келген жас мемлекеттің өсуінің негізгі шарты ретінде заманауи жаһандануға алып келетін әлемдік қауымдастыққа ықпалдастану болып келеді. Ұлттық өзіндік теңес­тіру негізгі рөл атқаратын жаһандану заманында дербес елдің дамуы үшін мүлдем жаңа өзгертулер талап етілді. Монументалды өнердің келесі өте ерекше даму баспалдағы – әлемдік мәдениетке кіру қадамы басталды. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы онжылдығында, мемлекеттіліктің ұлттық рә­міз­дерін жедел дамыту кезеңінде, монументалды мүсіндік ескерткіштер  мен тарихи мемориалдық кешендер орнатыла бастады.

Сол себепті, тапсырыс беруші мемлекет болғандықтан, монументалды мүсін күрделі дамудан өтеді. Ал монументалды-сәндік кескіндеме ерікті күн көріске өтуге тура келеді, яғни, өзінің дамуын коммерцияға қызмет етуді жеке сектордан табады, көбінесе тапсырылған ортаны сәндік безендіру­ші ретінде ғана қызмет атқарады. Монументалды өнердің екі негізгі бақытқа бөлінуі көрініс табады. Монументалды мүсін мемлекеттің қаулысымен кеңінен дамиды да, монументалды-сәндік кескінде­ме нарықтың талабымен өз жолына шығады. Бұл жағдайда, әрине, қызық тенденция туындайды, нық қолдауы бар монументалды мүсін шын мәнінде алға жылжымайды, тек кеңестік заманда дамып жеткен деңгейді қайталай береді, инновацияны еңгізу көптеген қателіктерді бастан өткізген соң Қазақстан тәуел­сіз­дігінің екінші онжылдығында ғана бастайды. Сол алғы уақытта өзіндік дамудағы монументалды-сәндік кескіндеме көркемсурет нарығына түсіп жатқан заманауи әлемдік жетістіктің түрлі техникасы мен технологияларын қолданысқа пайдаланып көріп үлгіреді.  Тапсырыс берушінің әуесқойлығына байланысты, дизайнмен және театралды-сәндік кескіндемемен үйлесімді болу арқылы жаңа аралас техникалар мен стильдер пайда болады. Міне, осылай монументалды-сәндік кескіндеме уақыт сұранысымен қатар жүргендей болады. Бірақ, бұл жерде, ең үлкен кемшілік – қалың көрерменге ұсыну құралдарының болмауы, себебі, жарнамалауға астыртын тыйым салынғандығы бар, яғни, қоғамға деген құндылығы жоқ, соған орай, өнердің мұндай туындылары өзінің монументалды маңыздылығын жоғалтады, ақыры олар уақытша болып, жеке мүлік болып қала береді. Олар өте жоғары көркемсуреттік туындылар болғандықтан, ұлттық мұра немесе еліктеуге мысал  ретінде көптеген ұр­пақ­қа сақтауға тұрарлықтай болса да, оларды еш­кім ешқашан білмейді де көрмейді. Сөйтіп, кез-келген монументалды кескіндеменің орындаушы авторы болсын, мысалы, өзінің сол жұмысы құнды еке­нін түсінген соң, қайткенде, оны сақтап қалу керек­тігі туындағанда, бұл шаруа оған өте қымбат­қа түседі, керек десе, мемлекет те көмектесе алмайды.   Сондықтан, мұндай жағдай болмасын десе, жасалынған туынды туралы баршаға және барлық жерлерге әсіресе, өнертанушыларға құндылығын анықтау үшін хабарлау керек.

Жоғарыда айтылғандай, монументалды мүсін мемлекеттің бақылауында тұр және ресми дамуда, яғни, барлық монументтер қоғамдық және мем­лекеттік бағалаудан өтеді. Және барлық БАҚ құрал­дарына жарияланып, жорналдарда басылады,   Ғаламторға таралады, бұл – монументалды мүсіннің алға қарай дамуына өте пайдалы ынта, міне, осы жағдай бүгінгі ХХІ ғасырда көрініс табуда. Егемен­діктің бірінші онжылдығында (1991-2000 жж.) қазақстандық монументалды мүсіннің дамуына үлкен үлес қосқан сол кездегі белгілі қазақстандық аға буын суретшілер мен мүсіншілер: Т. Досмағамбетов, Е. Сергебаев, Б. Досжанов, Ю. Гуммель, А. Билык, М. Айнеков, Б. Абишев, Ж. Молдабаев. Олардан тәжірибе алып келесі мүсіншілер орта буы­ны еңбек ете бастады, олар М. Жүнүсбаев, А. Астахов, Н. Далбай, А. Жұмабай, А. Баярлы және т.б. Олармен қазақ халқының ұлы қайраткерлеріне жаңа ескерткіштер және  елдің тарихы мен дәстүрін баяндайтын монументалды мүсін композициялары орындалды. 

Сол мүсін ескерткіштерін атап айтсақ, ол: «Құр­ман­ғазы» (Атырау қ., 1993 ж..), «Әбу Насыр әл-Фараби» (Алматы қ., Шымкент қ., 1994 ж., Е. Сергебаев), «Тәуелсіздік үшін күрескерлер» (Карағанды обл., Ақтоғай қонысы, Ж.Қалиев, 1995 ж.), «Ахмет Байтұрсынов» (Алматы қ., 1996 ж., А. Жұмабай), «Казыбек би», (Карағанды обл., 1996 ж., Ж. Қалиев), «Д. Қо­наев» (1997 ж., Т. Досмағамбетов), «Отан қорғаушылар монументі» (Астана қ., ресей мүсіншілерінен сый), «Репрессияға ұшырағандарға естелік» (1997 ж.),  «С. Торайғыров» (Павлодар қ., 1997 ж., Е. Сергебаев), «Қарасай батыр» (Алматы обл., 1998 ж., Ж. Молдабаев), көптұрпатты композиция «Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би» (Астана қ., 1998 ж.), «Қ. Сәтбаев» (Алматы қ., 1999 ж.., Т. Досмағамбетов), «Ағынтай батыр мен Қарасай батыр» (Петропавл қ., 1999 ж.., Б. Досжанов), «Шәкәрім» (Семей қ., 1999 ж.), «А. Байжанов» (Қарағанды қ., 1999 ж., Ю. Гуммель), «Г. Фогелер» ескерткіші (Қарағанды қ., 1999 ж., А. Билык) және басқалар.

Сонымен қатар, ең маңыздысы келесі монументалды кешендер: «Қазақстан халқының бірлігі мен тұтастығы монументі» (1992 ж., Ұлытау ауылы), «Райымбек батыр кешені» (Алматы қ.), «Тәуелсіздік монументі» (Алматы қ.,1996 ж., Ш. Уәлихан, А. Жұмабай, А. Баярлы, Ж. Қайрамбаев), «Әлия мен Мәншүк» (1999 ж., Сатыбалдиев Қ.), «Сарайшық» (Атырау обл.), «Жеті хан мавзолейі» (1999 ж.) «Қос батыр мавзолейі» (Петропавл обл., Б. Ибраев), «Ордабасы» (ОҚО, Ордабасы ауд.), «Жамбыл Жабаев мавзолейі» (Тараз, 1996 ж.) және т.б..

«Дербесті» монументалды-сәндік кескіндеме 1991-2000 жылдар аралығында аға буын өкілдері (Ресей жоғары көркемсурет оқу орындарының тү­лектері) В. Твердохлебов, Ә. Бапанов, Қ. Оспанов және басқаларымен дамыды, келесі болып, орта буын (республикадағы жалғыз монументалды-сән­дік кескіндеме мектебінің алғашқы түлектері) Ғ. Еш­кенов, Т. Сүлейменов, А. Бахтыгереев, Б. Тұр­ғын­бай, Б. Байділда, Ө. Жұбаниязов,  С. Смағұлов, К. Әжі­бек т.б. еңбектерімен дамыды. Уақыт өте келе, жо­ғары кәсіби суретшілер мен мүсінші­лер­ді 1978 жылдан бастап даярлай бастаған осы жалғыз монументалды өнер мектебі ХХ ғасыр аяғы мен ХХІ ғасыр басында заманауи монументалды өнердің кейінгі дамуына негізгі рөл атқарды. (Алматы қ., Т. Жүр­генов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы – 2000 ж. Қазақ мемлекеттік көркемсурет театр және кино институты мен Қазақ мемлекеттік көркемсурет академиясы бірігуінен қайта аталған). Монументалды өнердің жоғары мектебін қалаушы және көшбасшы ұстаздары кеңестік Ленинград пен Мәскеу жоғары оқу орындарының түлектері болып келеді. Олар келесі ұрпақтардан білімді сурет­шілер мен мүсіншілердің көптеген буындарын даярлап шығарды және қазір де даярлауда.

Алғашқы ресми түрде монументалды-сәндік кес­кіндеме өзінің дамуын Алматы, Астана, Қарағанды қалаларында бой көтерген жаңа ірі мешіттерді бе­зен­діруден тапты. Мұнда ХХ ғасырдың соңына қарай көшбасшы монументалды кескіндеме суретшілері ретінде негізінде орта буындағы «жаңа заманның» суретшілері Ғ. Ешкенов пен Т. Сүлейменов үлкен рөл атқарды. Олар жас дарынды суретшілерді ұйымдастырды, композициялық декорды сәтті шешіп, қазақ ою-өрнегін қатал ислам дәстүрі қағидасына енгізіп, үйлесімін таба білді. Сөйтіп, мешіттерді бе­зен­діру мақсатындағы монументалды-сәндік шешімінде мүлдем жаңаша қазақи өрнекті әдіс жаппай қолданысқа ие болды. Бұл әдіс нақыш, мо­заика, витраж және ағаш ою (мінбар, жылжымалы қабырғалар) сияқты дәстүрлі техникалар да кеңінен пайдаланылды.

Ал, жаңа православиялық шіркеулерді безендіру үшін нақыш пен фреска, мозаика және витраж орындауға, сонымен бірге, ескілерін қайта жаңғыртуға көбінесе монументалды өнердің ресейлік мамандары шақырылды.

Қорытындылай келе айтарымыз Қазақстанның ХІХ-ХХ ғасырлардағы монументалды өнер дамуының ерекшеліктері, жоғарыда айтылғандай, елдегі қоғамдық-саяси құрылымның ықпал етуімен айырмашылығы бар үш негізгі тарихи кезеңдерге бөлі­неді. Және монументалды өнердің әр кезеңде дами келе, өзінің өзектілігі мен қоғамды тәрбие­лейтін заманауи міндеті де болған. Тек мазмұны өз­гере түседі де, сарыны бір қалыпты болып қала береді, яғни, ескірмейтін жалпы адамзаттық құндылықтар өмір сүре береді. Ол – Отанға деген махаббат, табиғатпен үйлесімдік, болашақ ұрпақтарды патриоттық және эстетикалық тұрғыда тәрбиелеу.

Алдыңғы «
Келесі »