Көкейдегі қалың ой…

  • 23.12.2013
  • 8205 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Игілік Әймен,
жазушы

«Бақыттылық» пен
«бақытсыздықтың» шекарасы

Қатарынан он жыл оқыған алтын-ұя мектебімнің қабырғасынан ұзағаныма да 34 жыл. Ұстаздарымнан шындап үш-төртеуі ғана «шынайы ұстаздық» тұрғысынан есімде қалыпты. Алла тағала о баста һәрбір пендесін бір нәрсеге бейім етіп, сол қасиетті бойына басым дарытып қояды екен ғой. Ұстаздың ең бірінші міндеті, басты парызы – шәкіртінің бойындағы сол қасиетті дер уағында анықтап, ашып, дамытып, өмір-дарияға оң бағыт сілтеп жіберуі екен. Міне, айта беретін – «бақытты адам, бақытты ел, бақытты қоғам» осыдан барып бастау алады. Һәркім «өз ісімен» шұғылдануы тиіс. Әйтпегендейде, «бар бақытсыздық та» осыдан туындайды.


Өмірге шыр ете әндетіп, қуана келіп, сосын – өз жолын таппай қаншама жан сенделіп-сарсылып, жылап-сықтап, бақыт­сыздыққа душар боп жүр? Мерті­гіп, мешелденіп, өмірден өтіп те кетіп жатыр. Анық, нақты мысал: Мен өзім осы ғұмырымда қаншама сарсылып-таусылмадым? – қаншама басымды тау-тасқа ұрғыламадым? – қаншама өліп-тірілмедім де?.. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Құдай бар пендесін есіркей бермейді екен; ал, мені – «қаншама қинап‑қиналдырғанымен де» – амандықта алып қалыпты. Отыз жылдан соң, о бастағы бойыма берген азды-көпті асыл қасиетін («жазушылық») Өзі қолыма қайыра ұстатты. Ол қасиеттің жауапкершілігінің аса ауыр екендігін де айтып өтелік. Десек те, ол – қуансаң да, қиналсаң да, өз жара­тылысыңдағы тірлігің. Сондықтан да, һәрқашанда жан‑дүниеңнің терең түкпірінде қуанышың басым, – Құдіреті Шексіз Жаратқан Жалғыз Иеге шүкіршілігің де, разышылығың да шексіз! Тоқетері, енді, мен – «өлмейтін сияқтымын, бақытты сияқтымын». Бірақ, менің жеке бақыттылығым – толық бақытқа – көптің бақыттылығына жүрмейді емес пе?..
Ұстаздық жол (педагогика) – Емші­лік жолдан (медицина) жоғары екен. Денің сау болып, бірақ, өмірден өз орныңды таппасаң не пайда? Мұны ең басты қағида етіп, жадында ұстау – һәрбір пенденің, һәрбір хұкіметтің, һәрбір хұкімети басшы қызметкерлердің парызы да қарызы да! Ұстаздың бойында «еркіндік» болуы керек; мейлі, «жасырын түрде» болса да. Сабағының үстінде сол «еркіндікті» пайдаланып, қалайда бес-он минутті қымқырып та үнемдеп тауып, баланың миына «имандылықты» құйып отыруы керек. Ол дегеніңіз, басқалай айтсақ – «бұ дүние-о дүние» туралы үнемі хабар беріп отыру. Бәрі-бәрінің де бастауы («біссіміллә» деп) – «сәлем» беру – «дұрыс сәлемдесуді» үйрету. Қазіргі мектептегі балалар «сәлеметсіз бе?» деген сөзді біледі. Бұны ажырата білу керек. «Сәлеметсіз бе?» деген – қыздарға, әйел затына арналған; ал, ер балаларға, ер кісілерге – «ассалаума әлейкүм» деуге тиіспіз… ал, қазіргі уақы­тымызда, көз жетер төңірегіме қарап, кө­ріп, қолмен ұстағандарымды түгелдеп, тек­­серіп отырсам – қазақиямыздағы қазақи ұстаздардың: оншақты пайызға жуығы ғана «шынайы ұстаздар» дерлік. Бұлай болмағына, ұстаздықтың қадірін соншалықты төмендетіп жіберген бүгінгі хұкімет кінәлі. Енді, һәрбіріңіз осыған қарай қорытынды жасап, есеп қыла беріңіздер – «кеше‑бүгінгі қайғы-қасіреттеріміздің шыққан тегі һәм шешуі қайда?..»
«Кім – Не» ойлайды?..

«Тәрбие» ме – «өнеге»,
«демеушілік» пе?
«Тәрбие?..» Қыран құсты қолға бау­лимыз (тәрбиелейміз) – саяттық қызық­шылығымыз үшін. Ит, мысық, үй торғайларының сан-түрлерін ұс­таймыз (тәрбиелейміз) – сан-алуан қажеттіліктеріміз үшін. Өйтіп-бүйтіп, өз ыңғай-ырқымызға көндіктіреміз. Ал, адамды ше?.. Баланы көзін ашқаннан «тәрбиелеу керек» деген ұғым, қағида қалыптасты. Неге? Не үшін? «Адам болуы үшін» дейміз. «Жақсы адам», әрине. Расында солай ма? Ойланалықшы. Адам – әлгі үй торғайлары, ит, мысық, қыран құс та емес қой. Олай болса, ендеше – «неге, неліктен» тәрбиелеп әлектенуіміз керек?.. Л. Н. Толстой: «Воспитание есть – образование насильственное. Образование – свободно» десе, Ж.Ж. Руссо: «Человек родиться совершенным» депті. Сонда қалай? Біздердікі – өзі жетіліп дүниеге келген баланың (адамның) болмысын бұзып, күштеп, басқа бір бағыттарға бұру ма?.. Тағы да ойлансақ, біздердің бала тәрбиеміз – шын мәнісіндегі жақсы адам үшін емес, «өз айтқанымызды орындату, жоспардағы ойымызды жүзеге асыру, белгілі бір мақсаттарымыз үшін» ғана болып шығып жатқан жоқ па? Бала үйде, сол: «айтқаныңнан аспаса, ештеңеге тиіспесе, томпиып жүре берсе» – жақсы; бала-бақшада, сол: «тыныш болса, қағаздан дәл өзіміз көрсеткендей ғана көгершін жасаса» (басқаша, өздігінше емес) – жақсы; мектепте, сол: «тырп етпейтін, таяқ жұтқандай болса, математикадан тоқсанда бес шықса» (ұнатсын-ұнатпасын) – жақсы; университетте, сол: «қыңқ етіп өзге қылық көрсетпесе, қызыл дипломға бітірсе» (қажетсінеді-қажетсінбейді) – жақсы. Тәрбиеміздің әдіс-құралдары: мақтау-марапаттау, бес балдық баға, алдау-арбау, керек болса ұрсып-балағаттау (бұрындары ұрып-соғу)… Оу, баланың – айтқаны-қалағаны, ой-еркі, талап‑тілегі, мақсат-мүддесі, ар-намысы қайда қалады?! Кешіріңіздер, мына түрімен – бала: «айтаққа еретін күшік… бұйдалы бота болып кеткен жоқ па?» Әлде, бәлкім біздерге керегінің өзі – осы ма еді?..
Көрдік: «Ғалия деген қыз мектепті алтын медальға бітірді (бітірттік). Бітіре сала – нашарлау оқитын Серік деген сыныптасына күйеуге шығып кетті. (Нашар оқыған Серіктің бағы – біздердің тәрбиемізден тыстау қалған еді). Қазір, Серік – жүргізуші, өз ісінің шебері; Ғалия – саудагер, білдей коммерсант (Алтын медаль далада қалды). Екеуі жап-жақсы өмір сүруде». Біздер, қасарысып, алған беттерімізден қайтпай – он бір жыл бойы Ғалияның басын қатырып, активист етіп, сенделтіп, бекерден-бекер зорлықпен сүйрелеп келген екенбіз… Көрдік: «Ноян деген бала спорт мектебінде каратэге қатысты. Бап­кері – каратэден «Қазақстанның еңбек сіңір­ген жаттықтырушысы» – Аюпов мырза. Ноян – он екі жасынан салмақ қуды, қолдан жасалынған көптеген тежеулерді көрді. 15 жасында басынан ішкі жарақат алды. Бапкер бәрін көріп‑біле тұра, өз мақсат-мүддесі жолында Ноянды жарыстарға қатыстыра берді, қатыстыра берді… Қазір, Ноян – каратэге жарамайды, басқа тірлік жасауға да басы жиі-жиі ауырып, мазасы болмай жүр… Біздер, Ғалияның алдында – «моральдік айыпкер» емеспіз бе? Аюповымыз – Ноянның алдында, қоғамның алдында – «қылмыскерге» жатпай ма? Ал… «хұкімет?..»
Л. Н. Толстой данышпан шалға қайта оралсақ: «Родившись, человек представляет собой первообраз гармонии правды, кра­соты и добра. Но каждый час в жизни, каж­дая минута времени увеличивают прос­транства, количества и время тех отно­шений, которые во время его рождения нахо­дились в совер­шенной гармонии» деп Рус­соны әрмен қарай жалғастырады емес пе. Мұны, мен: «адамның тәрбиесі де тәртібі де, санасы да сапалығы да, совершенствосы да гармониясы да, басқасы да – ананың жа­тырында, анықтап айтсақ аталық ұрықтың аналық ұяға түскен сәтінен, тіптен, турасына келсек одан әлдеқайда бұрын Алланың әмірімен басталып қояды» деп ұлғайта түсер едім. «Кімге – қалай?» Бір құдіреттің бар екені рас болса, сол құді­реттің өзі жетілдіріп жаратқан пендесін – «қайта тудырам, қайталап жасаймын, айтқаныма көндірем, қысқасы, «робот» қылам» деушіліктер ақылға мүлдем де қона қоймаса керек. Алланың көп аттарының бірі – Шындық. Шындық сол – бала еркін өсуі тиіс. «Керек-керек еместі» көзімен көріп, қолымен ұстап, әрнәрсенің дәмін өзі ажырата білгені жөн. Біздің басты шаруа – баланың еркін өсіп-дамуына жөнімен ғана жағдай жасап, жайымен ғана себеп-салдар тудырып, ой-өрісінің өрбуіне оңды түйткі ғана салып, шымылдықтың сыртынан ептеп қана сығалап-бақылап тұру болса керек. Былайша айтқанда, турасы – «Өнеге, Демеушілік». Халықта: «демеп жібер» деген құдіретті сөз де бар емес пе еді ежелден.
Сөз түйіні – жаңа ұғым (термин) қалып­тастыратындай да ма. Ол ұғым – «Нәзік (табиғи) педагогика» болса керек-ті‑ау.

«Шығармашылық»
Һәм оның «бағалануы» хақында
Шығармашылық – кәсіп емес, бойға берілген қасиет. Бір кездері, айтып та едік: «Шығармашылық – бағаланатын товар емес, тұтылынатын кие» деп. Бірақ, деген де, өмір болған соң қайбір еңбектің де «құны – өтемі» болуы да керектей ме. Автордың: өз еңбегінің – бойына берілген қасиетінің жемісін көруіне һақысы бар да шығар. Байқауымызша, бүгіндері мемлекет тарапынан (мысалға): 1 баспа табақ прозаға – 100 теңге төленуде. Бірақ, осы өлшемнің өзі барлық авторларға бірдей тиесілі емес екен. Атақ-даңққа жаңа ту­ған балаша әбден оранып‑бөленіп ал­ған Әл-әбду‑жәміш, Әбу‑ибн‑әліш, Қаддыш, Тәмміш жәкемдерге, Фәрзаш апайларымызға «жоғары ставкамен» (бүтін 100), атақ-даңққа кейінірек дендеген Дулаш, Нұрлаш, Ожаубай ағаларымызға, Мәрфуғаш‑Күлтәш әпке­лерімізге «ортаңғы ставкамен», ал, енді, атақ-даңқыңыздың аулынан әлі де алты қыр арыдағы «Мырқымбай мен Мар­жанкүл» бейбақтарға «төменгі ставкамен» төленеді екен. Мұндай «ставка-стандартқа» бөлушілік – «шығарманың сапасына» қарамастан, «әдебиеттің қа­сиет‑киесінен» қаймықпастан – қай­дан шыққан? – қай кезеңдерден пайда болып жұққан? Мұны, мұндай өрескіл‑өресіздіктерді ойлап тапқан, бекіткен – кім?! Сонда… Әл‑әбду‑жәміш, Әбу‑ибн‑әліш, Қаддыш, Тәмміш, Фәрзаштардың әдебиетке (елге‑жерге) сіңір­ген еңбектері – сол әдебиеттің өзі­нен де зор, тіптен, асып та түскені ме? Біздер байғұстардың түсінігімізше, қабылдауымызша – әдебиеттің алдында (Әдебиет – Құдайдың бір аты екендігін де ұмытпаңыздар) ондайлық‑мұндайлық астамшылықтарыңыз ешқалай да болмауы тиіс еді ғой! Бұл дегеніңіз, алалаушылық – қанаушылықтың («расизм» – «ақ сүйек‑қара сүйекшілдіктің» де) нақ өзі ғой! (Біздер қай кезеңде өмір сүріп жатырмыз өзі?..) «Бұ ағайындар, сол үшін де қырыла‑қырқыса – өліп‑тірілер де екен‑ау атақ‑шатағыңыздың жолында» дерсіз.
Әңгімеміздің осы тұсында, өткеннен қалған дөп те дәл бір өнегелік сөзді де құлаққағыс һәм тағлымдық үшін қайтара жолай қыстыра кетсек: «Өз ғұмырында орынсыз, ретсіз, шектен тыс қармап қойғандар – атақ‑даңқыңызды да, ордень‑медаліңізді де, значок‑жалауша, сылдырмақ‑салпылдақтарыңызға шейін – басқа‑басқаны былай қойғанда, келешек өз кіндігінен тараған ұрпақтарының да тиесілі бар несібелерін сыпыра жұтып, алдын‑ала тауысып, оларға кейін түк те дым да қалдырмай қояр екен…» «Құдай өзі нені де болса, кім‑кімге де болса, берер‑аларын да өлшеп‑пішіп қояр емес пе? Сонда, апырым‑ай, бұл не деген масқарашылық!? Бұл не деген жанкештілік!?.» дерсіз, – сәл болмағанда есіңізден танып та қала жаздап барып, – атақ‑шатақ үшін өздерінен кейінгі өз туған ұрпақтарының несібелерінен де қаймықпайтын, оларды титімдей де аямайтын…
Құдайым-ау, экономиканың өзінде де – әр заттың да өзіндік өз бағасы бар емес пе? Жақсы матадан жақсы тігілген көйлек – 100 теңге, орташа матадан орташа тігілген көйлек – 70 теңге, нашарлау матадан нашарлау тігілген көйлек – 50 теңге. Бәрі – анық, орнында, дұрыс! …сонда, Шығармашылық: біреулерге – «аузы қисық, бірақ байдың қызы»; ал, екіншілерге – «өгей, жасаусыз қыз» болғаны ма? Астапыралла! Бұл ісіміз адамшылыққа, имандылыққа, мұсылмандыққа ешқалай да мүлдем де келмейді ғой! Өркениетке ұмтылған – болар елдің тірлігі емес қой бұл!
Біздің бүгінгі түп әңгімеміз, – «кімге қалай төленуде» немесе «қанша төленуі тиіс» тұрғысында емес, – нақты «шартты төлем стандарты» һақындағы ой‑пікір, ұсыныс. Әуелден айтып өтеріміз: атақ-даңқ пен шығармашылықты араластыру – шатастыру – Ұят, Күнә; өте төмендік – надандық, көргенсіздік; Құдайдың бір атын былғап, ойнап, ойнақтаушылық. Он, жүз, мың жерден «Әл-әбду‑ибн‑әлилер» болса да, бәрі-бір – шығармашылық еңбегінің нақты маңызына нақты көзбен қаралуы тиіс! Сол сияқты, «Мырқымбай мен Маржанкүл» бейбақтарға да солай… Бүгін, «Әл-әбдулер» нашар шығарма берді ме, оларға – төменгі ставка-стандартпен – 50 теңгеден төленсін. Керісінше, «Мырқымбай мен Маржанкүл» бұрын елеусіз келіп, бүгін өте жақсы шығарма берді ме, оларға – жоғарғы ставка-стандартпен – 100 теңгеден төленсін. Әділдік, имандылық-мұсылмандық, Құдайшылық дегеніңіз – осы!
Енді, ойымызды, идеямызды – «шартты төлем стандартын» мысал-үлгі ретінде келтірелік. Таза шығармашылық дүние былай есептеліп, бөлінсе: 1) Аса үздік шығармашылық – «А» категориясы; 2) Үздік шығармашылық – «Б» категориясы; 3) Ортаңқол шығармашылық – «Г» категориясы. Немесе, басқалай атап, формулировкасын көрсетсек: «Қазақ прозасы. «А» категориясы.» Осы сияқты, ары‑ары қарай… Соныменен, тиісінше, «А» категориялы шығарманың 1 баспа табағына – 100 теңге; «Б» категориялы шығармаға – 70 теңге; «Г» категориялы шығармаға – 50 теңге. Міне, сонда ғана, «Әл-әбду‑әлилер» нашар шығарма жазса да мықты атанбай, – «үй артында кісі бар», – аздап та болса ойланып, жан-жағына қарайлап жүрер еді; ал, «Мырқымбай мен Маржанкүлдер» атақ-даңқтары болмаса да, жазған жақсы шығармаларына лайықты бағасын алып, жадырап, бастарын биік көтеріп жүрер еді. «Кімнің – кім» екендігі белгілі, анық, әрі үлкен стимул да болар еді. Әрине, айтып көрсеткеніміздей болуы үшін, информация министрлігінің «Баспалар басқармасында» немесе «Жазушылар одағында» арнайы мықты мамандар отырулары тиіс, – шарт! Барлық шығармалар солардың қолдарынан – имани сүзгілерінен өткені жөн. Біз, әзірге, «жоғары шығармашылық» һақында сөйледік. Енді, басқалай да жәйттер бар емес пе. Мысалы, мынадай: «жұмысшыларға, шаруаларға, сауыншы-малшыларға, жалшыларға, зейнеткерлерге…» арналған – көпшілік әдебиет. Ия, олар да, жоғарыда талдап көрсеткеніміздей сұрыпталсын. «Көпшілік можантопайларға арналған әдебиет» деп‑ақ аталынсын. Әлбетте, «Жоғары әдебиеттің» – соңғы аталғандардан жолы да жөні де, бағасы да беделі де, бір сөзбен айтқанда – дәрежесі мен тұғыры анағұрлым жоғары да биік болғаны абзал-ды, – иманды.
– Не дерсіздер, ағайын? Жауап қату, үн қосу болмас па екен бір?!

Қазақ…
«Қазақ» – шалғай-шеттегі, қойнау-қоныштағы, дүние-дүмпулеріңізден ада-күде, тостағандай айна-бұлақ сияқты. Пәктігіне – дау жоқ!.. Ашық-шашық, аңқау-марғаулығына да шәк жоқ… Оқта-текте, ойда-жоқта, онан-мұнан ойқастағандардың басып-жаншып, шалып-шатып, үзіп-жұлып та өтіп жататыны тағы бар. Әрине, мөп-мөлдір, пәк болғандығынан – өткен-кеткен кезбелер тұмсықтарын тіресіп, тамсаныса, бейпіл сіміріседі; әлбетте, тамсаныса, бейпіл сіміріскен соң – қайтара соғып, қотарыса сіміріскенді де аңсарланады, қамдастырады. Мұндай астыртын қауіп-қатерлерді: елеп-ескеріп, екшей-текшей бермегендігінен бе, тағысын-тағы талай-талай түйткіл-күйткілдеріңізді парықтап-пайымдауға зауықсыз-құлықсыздығынан ба, әлде неден – қараптан-қарап өзді-өздері жоқ-жәлемге шамданып, жоқ-жерде шырт-етпе шытынап, бей-берекет шолпылдасып-шалпылдасып, біттім-шырақтап қалатын кездері де бар. Жеткілікті.
Тостағандағы бал-бұлақ – өткен-кеткеннің жеңіл-желпісіне, тастандысына, құсығына қызығады, құмартады. Онысы – балаусалығынан, ұзап шыға алма­ғандығынан, анау-пынауды бажай­лай қоймағандығынан, ең қиыны… «бүйтейікші-сөйтейікші» дей қоймай­тындықтарынан шығар-да-ау.
Ұзап шығуы үшін, – «көгермей жатып көктей солмасы үшін», – мұхиттарға жетіп, қосылып-толысып, қайнасып-бітісіп, қайта айналып ұясынан бұр-сарқ атқылауы үшін: ту-талақай, жөн-жосықсыз, өзді-өздері даурығысқан-дүрлігіскенді шорт доғарып, кезбе тісқаяқтардың арғы-бергісіне жіті үңіліп, жақсысын жанына жасқап, жарақтысын бойына тірнектеп теріп, тіктеліп, жылт-жылт еткен жыпсың көздерін жабыла қаузап, кенерелеп-қазып, қопарып-ашып, өзен-көлдерге айналып алғаны сауапты болар-ақ еді емес пе, әуелде?..

…Бұл қазақ – «кім» еді?
«Кім» болды?!.
Әркім әрқалай айтты. Айтып жатыр.
«Қазақ – сойқан болған!» дейді. «Болмай қалған?» дейді.
Менің білетінім – сойқан болғандағысы: Көл-көсір мекенде көлшікше шашылып, мал бұлдап, («бес күн мал баққаннан ақыл сұрама») өздері де малша шашырап, сырттан мақұрым – өз қазандарында өздіктерінше өзеурей қайнап-піскендігі; келгенге де кеткенге де жайылып төсек болғыштығы; жабайы-аңдығы; жау келіп, онда да – жайпап бара жатқанда ғана шүйіркелесе қалатындығы; кемі жеті атадан қан былықтырмайтын, шындығында да айтуға асарлық айрықша асыл қасиеті, – қан түгелдігі. «Сөздің» жеті жүз жетпіс жеті атасын білгендігі.
Болмай қалғандағысы: Төрт түлігі өз тұяғында өзі өрбіп, өздерінің әр төбешікте шалқалай көсіліп, аспандағы айға білегін білегіштігі; шөп басын қайырмайын-ақ, көсеп асаушылықты аңсау-аңсаршылдығы; дос пен қастың сөзін, ісін ажыратуға құлықсыздығы (біле тұра); жымқырып, үптеп-сүптеп кетуге есінің ауа бергіштігі (әсіресе, осы кездері); жақынын жау тұтып, көреалмаушылығы; жақынын жығып, я өзін оңдырмай есіртіп берсе – иттің де болса соңынан салпақтап, құлы болуға құлшынып тұратындығы; соншама талант, дарынын текке тәрк етіп, түкке татымсыз боқтықтарға (арақ, анаша…) үйірсектігі; еріншек, мал-шашпақшылдығы; жантайып жұтарлығы, ұйқы басарлығы, бас жарып-көз шығарарлығы. Білген жеті жүз жетпіс жеті аталы сөздерін іске асырмайын – аяусыз аяққа таптаушылдығы. Солай болған соң, бес теңгеге, я бір қап кәртөшкеге сатылып кететіндігі, сатып жіберетіндігі (әсіресе, қазір).
…Олай болса, қазақ – маңдай тер аярлыққа, шын мен өтіріктің, тәтті мен ащының, харам мен адалдың айырмасын бақамдаудан ада қалушылыққа, намыс­сыз-ездікке, ұятсыз-арсыздыққа бөгіп қалған. Мұның бәрі, сол – малгер­шіліктің бойымызға сіңіп, тайпа-тайпа, ру‑ру, құру‑құру күйімізде кенжелеп, әлде де сонымызға мәз болысып, сырт жұртпен бәсекеге, жарысқа түсуге қаш­қақ­таушылығымыздан. Сөйтіп, ұлт болып ұйысуға ұмтылушылықтан гөрі – оқшау, оңаша, өлексе өгізіміздің жи­діген терісін илеушілігімізді, өзді-өзімізді шұқылаушылығымызды жөн санаушылығымыздан.
Бұған, септігін молынан тигізген, көптеп-көмектеген – әуелі «ақ патшалық», сосын сойқан «қызыл совет». Бет қаймағымызды сылып алды. Небір «асыл тұқым, ақлақ, ар-ұждандарымыз» – жатқа ауды; итжеккенге айдалды; атылды. Арық-тұрық, мілтік-шілтіктер қалды. «Құдайсыздық», «Әйел теңдігі» шықты… Кіндігіміз айналып кетті. Онсызда омпайып… бірақ, онысын түйсінуге түйсігі түртпейтін мәңгігендер: «быт-бырақай араласып, шағылысып, қойыртпақтанып, ақырында – мәңгүртке, көзқаманға, жаңа қазақбайларға» айналды. Байырғы қазақтарыңыз далада қалды. Бұл күндері: «балаңыз – сүмелек, қызыңыз – көбелек». Қазақ, қаншама қаны таза дегеніңізбен – азды; мына бетімен – тозып барады. Оның үстіне, бар билік «қаны сұйықтарға – жылтың‑жылпос, ұры-қары, жалаңаяқ‑жалаңбұттарға» тисе қайтерсің!?. Бар байлық жұқсыздарға «легализацияланып» кетсе нетерсің!?.
Ал, енді, не қылмақ құдайшылыққа жатар-ды?
Не десек те, бұрындары Қазақ-Ата – әуелден: сол, өзін асырап отырған малға деген қамқорлығын, ит-құстан аман, қоңды-қолаңды, бүтін болсын деген ерекше жылы ықыласын әсте де есінен шығармаған (шашыратып-бошыратпаған);
одан кейін: әманда ақ таяғын даяр ұстаған – бетін ондап, жайылып жоқ боп кетпегінен сақтанбаққа;
сосын: «Тәңірін» ұмытпаған…
Сол сияқты, қазіргі ел билеген ағайындар – біріншіден: Қыз Жібектің Бекежанға: «жаралы елге жұдырық, сес көрсету ерлікке жата қоймас» дегеніндей, естерін жиыс­тырып, өз еліне жауша шауып-бүйідей тигенін доғарып, ұлтына деген ыстық ықыласты ақ жүрекпен (аналық мейірім, әкелік ақ тілек-талаппен) қарар-ды; екіншіден: «өзіңді жаттайын сыйла, дұшпан бойыңнан түңілсін», «дос жы­латып, дұшпан күлдіріп айтады» деген­дейін, келешекте әділ, қатал, қия баспас-қапы жібермес болар-ды, – бас, ұя, жөн бұзарлардың беттерін дер кезінде тездеп отырмаққа (кім де… патша да болса); үшіншіден: (бәріміздің де) Құдіреті күштінің «сақтансаң сақтаймын» дегенін әрдайым жадымызда ұстағанымыз – сол жалғыз ИЕМІЗГЕ жақындығымыз, мұсылмандығымыз, адамшылығымыз болар-ды-дә.
Шегінетін жерің, бұқпантайлайтын орның, жамбастайтын жайың жоқтай ма басқа – Қазағым?!

Кім қалай ойлайды екен?
Бұ қазақтан сөз қалған ба. Бірақ, сөздің де сөздері бар. Абайдың: «қазақтың кейбіри қисықи… мақал-мәтел, нақыл-нәсиеттері» деген-дегендей ме.
Ру төңірегіндегі бірсыпырасына тоқталалық.
«Найман қу ма – сайтан қу ма»; «маң­ғытай-саңғылдан – аспандағы айдың жарығы артық»; «жетімдер түске дейін – шіренеді, түстен кейін – тіленеді»; «самолетке таяқ лақтырған, пияз жеген, пойызға түйе байлап-шөгерген тама», т. т. дейді-дейді; тіптен, «күшіктің кәкәйі – барақты, адамның кәкәйі – тарақты» деп те соғады.
Бұл сөздердің мағынасы, мақсаты: әзіл-әжуадан, мұқатушылықтан ба? – намыс түрткілеу, жанашырлықтан ба?
Осы арада, екі мысал қыстыра кетсек (баршамызға да тән). Кімнің де, ненің де екі жағы бар емес пе: «күн – түн, ақ – қара, жақсы – жаман» дегендейін. «Тарақты» халқы да сол сияқты: «көкжал-ды» – «кәкәй-ды» боп бөлінер екен-ді-ау. Нұр­лытөре бауырымызды қай жағына жат­қызарымызды білмей-ақ қойдық?.. Ал, менің жиенім, Мұқан Тұрысбектегі – анық, нағыз көкжал! Қайда салсаң – қор болмайсың! Еркектің, қазақтың бәрі осындай… жоқ, Мұқан-төренің бәшпайындай-ақ болғанда – Қазақиямызда қаш-ша-а-а-ан-ақ мамырайқан заман ор­нап қояр да ма еді-ау, шіркін!?
Бірақ… қу бірақ, – «айдың арғы асты да бар емес пе», – Мұқан бауырымның: «Абай – ақымақ, Кенесары – «тағы бірдеме», Құдай – жоқ» деп те сандырақтап, лағып кеп кететіндігі, бейбақ келіннің төменгі киімшігін қос қолына мытап ұстап алып, желбіретіп‑жалаулатып, алды‑артына қарамай айзулап жөнелетіндігі де бар…
Ал, енді, Қоңырат ішіндегі – «божбаннан үш жұртың болса қарның ашпайды» дейтін момақан ағайынға (кейбіри тарихшылар «бошман» деп жазып, қателесіп жүр; бұ халық – үлкен әжелері «бозым, божбаным, момыным» деп еркелетіп атап, содан «божбан» боп кеткен; немесе әуелгі түп атамыздың негізгі аты «Игілік» болған; ал, сегіз атаның бірі – «Қарашор»; лақап аты – былайғы жұрт атап жүргендей – «Ұржық») келсек: бұ жарықтықтарыңыздың бүгіндері қайсысы – «божбан», қайсысы – «созған», енді қайсысы – «азған» екендіктерін бір сайтаным ғана білер!
Соныменен – «кім қалай ойлайды» екен, ә-а?

«Қазақ қайдан шығып еді?»
«Әуелі тауық пайда болды ма, жоқ, әлде, жұмыртқа пайда болды ма?» деген жүгенсіз де жауыр сөз жүр көпшілік жұрт ішінде. Турасында, біздерде, қазір одан әлдеқайда маңыздырақ – шешуші де шеменді әңгіме бар. «Қазақ қаладан шығып па еді – даладан ба?» (Розочка «тауып алдым даладан», «жалаңаяқ қыз» деп-деп жырлап та жүр ғой…)
Бұрынғы қала қазақтарының ауыл­дан шыққаны анық еді. Қазір ше? Таза тас-қалада туып, өсіп-өніп жатыр. Топырақты жалаң табанымен басып, шөпті иіскеп, тасты ұстап көрмеген, – қозы-лақ дегеніңізді оу бастан білмейді, ажырата алмайды…
Топыраққа аунап, жануарлармен, өсімдікпен біте-қайнасып өскен ауыл қазағы – Жер-Ананың төл ұрпағы (табиғи). Ал, енді, тас-қалада, асфальтте өнген қазақты (табиғи емес) – «асфальт-ананың» ұрпағы дейміз бе?
Бұл екі қазақтың басы бұдан былай бір қазанға сыймайтындай да ма?..
Бі-і-і-ір… мамырайқан жағдай туа қалса: бүгінгі тас-қала қазақтарының бала-бақшадағы балаларын жиі-жиі ауылға апарып, жалаң табандарымен жер бастырып, қозы-лақпен шүйіркелестіріп, шөп иіскетіп, көбелек қудырып, Жер-Анасына аунатып-қунатып тұрғанымыз аса сауапты да абзалды іс болар ма еді-ау, шіркін! Балаларды есейген сайын ауыл-шаруашылық жұмыстарына – еңбекке біртіндеп салып (тиісті ақысын төлеп), Жер-Анасының бауырына баса бергеніміз қандай иманды болар-ды-ау. Сонда ғана о бастағы өз анасын өгейсінбей – нағыз азамат боп өсер еді-ау, ә-а!?.
Ал, енді, бүгінгі қазақтың о баста қайдан шыққандығы – пайда болғандығы жайлы да бір‑екі ауыз ой‑пайымымызды білдіре кетелік. Әрине, ол кездері «қазақ» деген атау жоқ (ия, одан ертеректе, нағыз жаугер, әскердің алдыңғы сапында жүретін сарбаздарды «қазақ» деп атаған көрінеді) – «түркілерміз» («Қазақ» деген нақты атау 1440 жылдан кейін – «Алтын орда‑Ақ орда‑Көк ордалардан» соң – «Жәнібек пен Керейден» бастау алды емес пе).
Жалпы, алдымен – «үндістер» болды ма, жоқ әлде «түркілер»?.. Бұл өзі басы ашылмаған әңгіме‑ау. Мұны айтып отырғанымыз, тағы бір сұрақ: «Әуелім біздер үндістерден бөлініп мұнда – Азияға келдік пе, жоқ әлде үндістер біздерден бөлініп Әмрикә континентіне («Азия» да «Әмрикә» да қазіргі атаулар екендігін ұмытпаңыздар) кетіп пе еді?..
Енді, ол жағын қоя тұралық. «Азиядан‑ақ» басталық. Қай уақыттары екендігін бір Құдайым ғана анық білер, – «ол жақтарын топырлаған топайкөк тарихшыларымыз жобалай жатар», – шамасы, Мұхаммед пайғамбарымыздың кезінен бастап біздер сонау Байкал (Байкөл), Енисейден (Енесай), одан да арыдан бұ жақтарға бет алсақ керек‑ті (мал бағып, мал бұлдаған тайпалар). Одан бұрын, бұ жақтардан о жақтарға бет алған кез де болған екен. Ол мезгілдері «ұлы жүз», «орта жүз», «кіші жүз» дегендер жоқ («Жүз» деген кейін, әскери һәм басқа да мәселелермен шыққан «жасанды ұғым‑атау» ғой). Бір айта кетерлік мәселе сол, осы күнгі «жүзге» кіріп‑бөлініп‑жетісіп жүрген қазақтармен (тайпалармен) бірге, Шыңғыс ханның шыққан тегі де біздермен ағайындас «қият» тайпасы екен. Моңғол да, бурят та, тува да, якүт те, чукот та, хакас‑макас та бөлек емес – түбі түркілер, тек, әрқалай себептермен бірі – түркіленіп‑мұсылманданып, бірі – тасқа‑бұтқа бағынып, буддизмде қалған. Біздердің хас жауымыз болған («болдырған») жоңғар‑қалмақтар да, сонымен қатар, дүнгендер де солай… Мына жақтағы – Еуро­падағы венгрлер (мадиярлар), болгарлар (хазарлар), албандар, т. т. бәрлері де солай…
Осымен тоқтай тұралық…
«Қазақты» кімдер құрайды?
Абай атаның: «Адам баласы – адам бала­сынан тек ілім-білім-ғылыммен ғана оздым дей алар» дегені – Бір Алла­сын қайталағаны. «Ұлы», «Орта», «Кіші», «ақ сүйек», «қара сүйек», «көтен сүйек»… деушіліктеріміз – Далбаса! Нағыз кемістік!..
Қазақтың аталары әу баста туыстас – бөлек-бөлек қоңсылас тайпалар болса керек. Шыңғыс хан да – сол тайпалардың бірінен шыққан көсеміміз болса-дүр.
«Жүз» деген жосықсыздық кейіннен пайда болған; көтен-зорлардың ойлап тапқан әдіс-айла-шарғылары. Қазіргі жансыз өз бишікештеріміз де үндемей… үй астынан үңгір қазып, астыртын соны жалғастырып жатыр: «жүз-жүз», «қожа», «сунақ», «төре-төленгіт» деп.
Оңдысы қалай болар-ды? Біздіңше, қазіргі «қазақ аты» барлар былайша құралар-ды:
Біріншіден – «үш жүз» деп жүрген – жалпы қазақ; екіншіден – төрелер; үшіншіден – қожалар; төртіншіден – сунақтар; бесіншіден… аз-маз сарттар.
Ата-тегіңді білу – парызың; («жеті атаңды» білсең жетіп жатыр; одан арғысы әлгі тарихшысымақтардың еншісі), «Қазаққа-Ұлтқа» бірігу – қарызың! Адамшылығың! Қазақтың тірегі де келешегі де – «қазақ тілі». Басқаша ойлайтындар – «басқа тіл» жасап, тұрақ тауып көрсін? «Тілсіз» – Ұлт болмақ емес!..

«Осы… Махамбеттің басын
кімдер шапқан еді-ә?!.»

Қайран, жерім, елім-ай!? Қайран… қазағым-ай!?
«Мұстафа!.. Қазақ!.. Рух!.. На­мыс!..»
«Елім! Жерім! Қазағым!!!» деп аңыра­ғанда қуаныштан көз жасың етегіңе толып, үздіге де үзіле де жетіп ең-ау, ата-баба топы­ра­ғына, бұ дүниенің батыры – Мұстафа Өз­түрік бауырым.
Сенің арыстан жүрегіңдей – жүрек, Сенің сартаптанған саф сағынышыңдай – сағыныш, Сенің асқақ та асыл арманың­дай – арман, Сенің от бүріккен қыран көздеріңдей – көз: «бұ… қазағыңнан та­была қоймады-ау!?».
«Табылмағанын қой-шы… құрып кеткір­дің!» Енді, міне – «Марат… Бексейіт… Бекзат… Әбдісалан… Заманбек… Алтын­бек???»
«Батыс» – «Шығыс»
…Мұндай дөрекілеу, қисынсыздау сөз саптау-жіктеу қайдан шықты? Қалай пайда болды?
«Батыс», «Шығыс» сөздерін – батыс­тықтар ойлап тапты. Көлегейленген бей­күнә сөздердің астарында – «бөлек­тену­­шілік» – «христиан», «мұсылман», т.т. дегендей қарама-қайшылықтарға толы құйтырқылықтар жатыр. Келе­шегі жарқын шығыстан – батып бара жат­қан батыстың сезіктеніп, тыпыр­шып, тыныштығынан айрыла бас­тауы. Христиандық ілімдегілер, жыл қайы­руымыздың қазіргі сәтінде – өзі­нің даму қабілетінің апогейіне жетті. «Про­грес­сия» аяқталған есебі. Шырқау шегіндегі батыс – әзірге бақуат, мықты. Енді, таудың шыңы­нан ары қарай құлдыраңдау кезеңі тұр, – «регрессия-деградация». Сондықтан да, батыс – әрнемені құрастырып, жамастырып, шатас­тырып, бықсытып, жынданып («ислам терроризмі») – келешегін ойластырғансып бағуда. «Шығыс есебінен?..» «Жан-далбаса, жан-сауғалау» десе-дей.
Батыс (Америка) – «11 қыркүйекті» қысыр қиялдан тауып алғандай? Оның ал­дында, Югаславияда құйтыр­қы­лық­тың тәтті дәмін татып көрді. «Сырты бүтін – іші түтін орыс ағайын­дарды нә­міміз бір» деп, астыртын азғырып, ал­дап-арбаумен келеді. Ақыры, арандап – Иракты жәукемдеген сыңайлы? Қытай­дағы «айрықша пневмония» дегеннен де «сасық иіс» мүңкитіндей? Ары қарай – тә­бет атойлап тұрғандай?..
Мұның бәрі: «жалған жасампаздық; өзін-өзі алдарқатушылық; әйтеуір… бірдеңе қылушылық?» Алла құзырынан тыс тірлік – аса қатерлі, мүлдем теріс! («…артымен сүңгиді» – қай уақытта дұрыс делініп еді).
Шығыс (мұсылман әлемі) – сапарға бет алған жолаушы. Алла жолындағы ол жо­­­лаушы – жас. Ұзақ сапарда – әрқа­лай жағдаяттар ұшырасады. Қазіргі, мұсыл­мангершілігіміздегі қайбір де келеңсіздіктер, қателіктеріміз – сондай табиғи нәрселер. «Көш – жүре келе түзеледі» (Көш бары­сын­да: біраз дүниелердің теңнен түсіп қалуы да мүмкін екендігін біз сияқтылар ақыл­ға салып, әманда зерделеп отырсақ – Құ­діреті күштіге жақындығымыз, өзімізге-өзіміздің достығымыз-ақ болар еді). Біз­дерге: көптеген кедергілерден, асулардан өту керек, – тынбай әрекет ету ләжім; содан кейін барып, арқаны кеңге салып жатсақ жарасар-ды, Құдайшылыққа келер-ді.
«Құдайшылық» дегеніміз – ілім-білімге ұмтылу; сөйтсек қана – батысқа тезірек тойтарыс береміз, – даму үрдісімізді аршын­датып, таразы басын теңгереміз әуелгі кезекте.
Бұлай етпегендейде – қырсықтың ауылы алыс та емес-тей ме?

«Абай» бар жерде – ақиқат бар

…Мезгіл – алакеугімденіп, айнала күң­гірт тартқандай. Бейуақыттылыққа, бей­бе­рекеттілікке, бейбастыққа жаны жақын­дардың (шайтан айналдырғандардың), я сол төңіректегілердің «айы оңынан» туды.
Олар өзді-өзін, я бірі-бірлерін – «ғұлама, данышпан, көсем» етіп көрсетуге бар жан-тәндерін салып бағуда. Сондайлардың бірі – өздерін белді, беделді деп күпінетін басылымымыздың бетінде: «Абай – дарын, талант; ондайлар қалыпқа симайды, сон­дық­тан да ұрсады… сөгеді… кейде көлденең де кердиеді; оның қазақ турасында айтқандарының бәрі – жеке басының «субьективистік» көзқарастарының жүйесі ғана» дегендей жобада соқты-ай кеп тұрып! Қаракөлеңке – екі кештің аралығында: «Ұлан-асыр жаңалық» ашып, «Ұлылардың төрінен» бір-ақ аттап шығып.
Бірақ, Құдайға мың да шүкір, мұндай­ларды орнына қоятын қырағы пәндалар ел ішінде бар екен, әлі де!
Фазыл Аяш – «анандайыңа мынан­дайым!» дегендей – былай деді:
– Көшкінбай мырза! Біріншіден: Абайды зерттеген ғалым міндетті түрде дінге, яки Ақиқаттануға қанық болуы керек. Екіншіден: Абай – толық әрі кемел адам, Ұлы үйлесімге қызмет етті. Құбылысқа тұтас әрі бүтін қараған. Оны солай қарауға үйреткен – Ақиқаттану ілімі; дәлірек айтсақ — Алла тағала! Шығармашылығында да, кеш­кен ғұмырында да шектен шыққан жоқ. Ойлансаңыз болар-ды: «Абайдың сөзі неге ескір­мейді?» Өйткені – мәңгілік ақиқат бар! Үшіншіден, Көшкінбай, саған айтарым: мәңгілік ақиқат пен «субьективизмді», кемел адам мен талантты адамды, данышпандық пен дарындылықты шатастырмасаңыз екен!?»
Дер мезгілінде – дөп сілтенген Алдаспан! Бәрекелді, Фазыл Аяш – Алла тағаланың шын сүйген құлы!!!
Бірақ… бірақ-та, басқаларымыздың: «…та­ғы да, бір жолға сақтап қалды ғой, шүкір» деп (мүмкін «шоқ-шоқ» десіп) шекемізден жымиып, бұқпантайлап, жата бергеніміз «иманға» тура келе қояр ма екен? Кешегі «қызыл күндердегі», бүгінгі «алабажақ кезеңіңіздегі» де – барды басып базарлап, кеудесін соғып, кердең қағып, кекірік атқан «ақиықтарымыз, алпауыт­тарымыз, алмауыттарымыз» қай-да-а-а – жын-сайтандарды жүндей түтіп, жеті қырдан асырып тастайтын?! Әлде… олар да, сол… «Көшкінбайлармен» қолтықтасып, біржолата «бас сауға-жан тыныштыққа» бет қойған ба???

«Махаббатсыз – дүние бос»?..
«Махаббатсыз – дүние бос,
Хайуанға оны қосыңдар».
Һәкім-атаның осы сөзінің анықтамасы, «жұмбағының» шешуі – мына сөздерінде жатқан жоқ па екен:
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және һақ жолы осы деп әділетті».
Құдай, әуелі, адамзатты жұмақта жаратты. Махаббатпен жаратты. Ал, Хауа ананың, одан, Адам атаның – «жеме» деген жемісті жеп қоюлары: «махаббатқа – махаббат» па?..
Жаратқан Иеміз жерде де бар жағдайы­мызды жасады. Іштерімізден қаншама пайғамбарларын шығарып, аспаннан кітап­тарын түсірді. «Сын – таразы» қып: сайтан мен періштені қойып қойды; «Мені – Иеңді анық тани алмасаң: осыларға қарап, дұрыс өнеге ал» деді. Ал, адамзат – оның көп бөлігі: «не істеп, қалай болуда?..»
Бүкіл адамзатты былай қоялық, қазақты – өзімізді алалық:
– Сен, «махаббатқа – махаббат» жасай алып жүрсің бе? Сені, Құдай: «адам» қып, «мұсылман» қып, «қазақ» қып жа­ратып еді; енді, сен: «адамдық», «мұсылмандық», «қазақтық» қалпыңды сақтай алып, сақтай қалайыншы деп жүрсің бе өзі???
Һәкім-ата «махаббатсызды – дүние дос­шылды» хайуанға теңесе, ол – бер жағы; аны­ғында, ондайларыңыз – «хайуаннан садаға!?.» Анығының анығын айтсақ, ондай­ларыңыз: «сайтанның нағыз серігі – өзі!» – «жоқ есебі…» дегендік.
«Махаббатсыз – дүние бос»; бұл – «Ақырзаман…».

Алдыңғы «
Келесі »