ТҮРКІГЕ ЖАН БІТІРГЕН ГАСПЫРАЛЫ

  • 23.12.2013
  • 735 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Дихан КамзабекДихан Қамзабекұлы,
филология ғылымдарының докторы, профессор
Ысмайыл Гаспыралы немесе Исмаил Гаспринский (1851-1914) – түркі дүниесінің қоғам қайраткері, ортақ ойшылы, жәдитшілдіктің негізін салушы, педагог, публицист, жазушы. Реформаторлық бағыттағы тұңғыш Ресейдегі тұңғыш түрік газеті «Тәржіманның» редакторы (1883-1918; қайтқаннан кейін де шығып тұрған). Ұлты – қырым татары. Ы.Гаспыралының Алаш библиографы («Түрік баласы»): «Исмағұл мырза Мұстафаұғлының ата-анасы бұрынғы Қырым хандары нәсілінен келген ханзада балалары болған» деп жазады.


Бақшасарай қаласындағы мұсыл­ман, орыс-татар мектептерінде оқып, 1865-1866 жылдары Мәскеудегі әскери гимназиясында оқыды. 1867-1870 жылдары Қырымдағы «Зинджерли» медресесінде оқытушы болды. 1871-1875 жылдары саяхат жасап, Еуропада, Египетте, Түркияда, Үндістанда болды. 1876-1883 жылдары Бақшасарай қаласының басшысы болды. 1881 жылы Ресей өкіметінің орыстандыру саясатын, білім беру жүйесін сынға алып, Ресей империясы мұсылмандарының рухани өсуіне мүмкіндік беруді талап еткен «Русское мусульманство. Мысли, заметки и наблюдения мусульманина» еңбегін жариялады. Мұсылмандық мектептер мен медреселерде оқытудың мазмұнын, әдістерін жетілдіруді жақтап, оларға діни сабақтармен қатар математика, география, тарих, биология секілді пәндердің оқытылу қажеттігін насихаттады. Араб әліпбиінің дыбыстық естілу ерекшеліктеріне қарай түрік халықтарының тіліне лайықталуы керектігін ұсынды. И.Гаспринскийдiң “Ходжа-и сыбян” атты әлiппесi (Бақшасарай, 1892 және 1902), “Адәб-и Шаркия уа адәб-и ғарбия” ат­ты эстетика туралы кiтабы (жылы көрсетiлмеген), “Кутиб-хана-и жәдидә” атты библиографиялық-анықтамалық сипаттағы еңбегi (Бақшасарай, 1902), “Мәшһүр пайтәхләр” атты тарихи-жағрафиялық анықтамалығы (Бақ­шасарай, 1901), “Мубад-и тәмәддән исламиян Рус” атты Ресей мұсылмандары мәдениетiнiң тарихы туралы зерттеуi (Бақшасарай, 1901), “Мир Али Шер Науаи” атты ғұмырбаян очеркi (жылы белгiсiз), “Насихат тиббия” атты дәрiгерлiк (медицина) хақындағы жиған-тергенi (жылы белгiсiз), “Татар хаятидан мең икнче кича” атты кiтабы (Бақшасарай, 1907), “Тарих әғләмәт уа ихтирәғәт” атты iрi тұлғалар мен оқиғалар туралы еңбегi (жылы белгiсiз), “Түркістан ғалимасы” атты ғұламалар жөнiнде танымдық еңбегi (Бақшасарай, 1900), “Хукәмай-и ислам” атты мұсылман философтары хақында, “Хукәмай-и юнан” атты грек философтары туралы еңбектерi (жылдары белгiсiз), “Кырык еди хәдис шәриф” атты жинағы, “Хатунлар дүниясы” атты кiтабы (Бақшасарай, 1905), “Кадинлар” (хатун – атақты әйел, кадин – жалпы әйел делiнген) атты кiтабы, “Крылов тәмсиләтидән тәржумәләр” атты аудармасы, “Зорәки табиб” атты 3 актiлi комедиясы, “Дар-ур-Рахат мусулманлары” атты көркем шығармасы (бiр зерттеушiлер повесть десе, ендi бiреулер роман дейдi) сақталған. 1906 жылы «Ресей мұсылмандар одағы» («Иттифақ ул-муслимин») ұйымының ОК-не сайланды. Мемлекеттік Думадағы мұсылман фракциясымен тығыз байланыс орнатып, оның қызметінің нәтижелі жүруіне қолғабыс жасады. 1910 жылы Нобель сыйлығына ұсынылды.
1893 және 1908 жылдары екі мәрте Түркістан өлкесінде болып, халық жағдайымен, зиялылар өмірімен кең танысады. «Тәржіман» газетінде басқа түркі халықтары секілді, қазақ ұлтының да мәселесін көтереді. Ә. Бө­кейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, М.Сералин, С.Шорман, Х. Болғанбай және т.б. қазақ зиялылары И. Гас­прин­скийдің тарихи еңбегін аса жоғары бағалады. Мысалы, Алаш кезеңі, дәлірек айтсақ, оның көсемі Әлихан Бөкейхан бұл қайраткерді – «тарақи жолындағы мұсылман басшысы Ысмағұл мырза Ғаспринский» деп таниды («тарақи» немесе «таракки» – «прогресс» деген еуропа сөзінің мұсылмандық баламасы).
Қазақта тұңғыш журнал («Айқап») ашқан Мұхаметжан Сералин ағартушы қазасына байланысты мақаласында: «Күні кеше жұрт қамы үшін қайғырып жүрген бір Асан қайғымыз арамыздан жоғалды. …Жеңіл тәртіппенен оқытудың пайдалы екендігін, өзіміздің ана тіліміз сүйкімсіз тіл емес, ең қадірлі тіл екенін білдік. Тілсіз жұрт жансыз жұрт секілді екенін аңғардық. Біз бұрын жансыз өлі кеуде едік, Гаспринский бізге жан бітірді, өлі денеге рух кіргізді» деп жазды. Қазақтың көрнекті саясат және қалам қайраткері М.Дулатұлы: «Русия мұсылмандарының ұстазы, мұсылмандардың жақсылығына сүйініп, жамандығына күйініп отыратын Исмағилбек Гаспринский» десе, елдегі атақты әулеттің өкілі Садуақас Шорманов: «Ысмағылбек Гаспринский жәнаптары «Тәржіман» газеті жарыққа шыққаннан бері қарай қазаққа «Қала бол, сол уақытта өнерге аяқ басарсың» деп неше түрлі сөзбен артықшылығын көрсете келеді. Құлаққа алған болды ма?.. Біздің кейбір ескі ойлы адамдарымыз төте оқудан қорқады, бұ қорқу да ұнамсыз деп түсінеміз» деп бағалады. Мұстафа Шоқайдың «Бірлік туы» газетіндегі серігі, көрнекті қаламгер Хайретдин Болғанбай: «Исмағилбек сынды ерді жоқтап, мұңайып, қамығып қана қоймай, оның салған жолын, көздеген арманын, қылған қызметтерін ойлап, сол жолды өзіне жол танып, сол арманды өзіне Қағба біліп, солардан ғұмырда айырылмауға өз-өзіне ант беру керек. Рахметті бабамыздың көздеген арманы ұлтын ілгері бастыру еді, түскен жолы ұлтын сүю еді. Біз, шәкірттеріне де, бұлар – парыз. Бұл істерін ұмытпау – біздің борышымыз» деп серт берді. Осы қазасына жыл толғанда жазылған мақала 1934 жылы түрік тіліне аударылып, Түркияда жарияланды. Бұл кезде Х.Болғанбай совет лагерінде айдауда жүрген болатын. Алаштың сарқыты, кеңес заманына жеткен көзі дерлік Мұхтар Әуезов те Абай туралы жазған еңбектерінде Ы.Гаспыралының тарихи рөлін еске алып отырады. Мысалы, әйгілі абайтанушы бір тұста: «ХІХ ғасырдың екінші жарымында Шығыс ілімінде майданға шыға бастаған жаңашыл, рационалшылдар дін реформашыларының ішіне араласады… Жәләлиддин Ауғани, Мұхамет Ғабуһи, Шиһабидин Мәржани, Смағұл Гаспринский… Кезі келіп, өріс алса, әлеуметтік жұмысқа ру мен ауыл шегінен шығып, мемлекеттік масштабта араласса, Абайдың шыңдап тоғысатын кісілері осылар» деп тұспалдай шындықты айтса, енді бір жерде: «Тәржүмән» газеті Абай кезінде қазақ сахарасына да көп тараушы еді» деп, көмбенің бір шетін көрсетіп кетеді.
Зиялыларымыз Ысмайыл Гаспыралы алдында өзін рухани борышкер санаса, бүгін біз неге оны ұмытамыз? Өкінішке қарай, Қазақстанда осы тұлғаның атында бірде-бір мекеме жоқ екен. Кітабын да қазақ тіліне аудармаппыз. Деректі фильм түсірмеппіз. Оған арнап ғылыми конференция да өткізбеппіз… Шүкір, бірсыпыра ғалымдар, журналистер осы даңқты ағартушы туралы мақала жазып жүр. Бірер жерде ғылым нысанасы болғанынан да хабардармыз. Осы орайда, біз Ысмайыл Гаспыралының өз кезеңінде империя мен шет ұлт оқығандарына үлкен қозғау салған «Орыс мұсылмандығы» және «Орыс-шығыс келісімі» атты екі іргелі еңбегін тұңғыш рет (біздің білуімізше) қазақ тіліне аударып, Алаш оқырманына ұсынып отырмыз.

Алдыңғы «
Келесі »