Елдіктің ақыны

  • 23.12.2013
  • 463 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Нағбду Қамарова,
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің
проректоры

Талғат Қайбұллаұлы әдебиет сүйер қауымға өзінің елдік рухқа толы өлеңдерімен таныс. Ақынның жақында Алматыдан «Нұрлы әлем» баспасынан Астана қаласының 15, Маңғыстау облысының 40, Ақтау қаласының 50 жылдық мерейтойларына арнап шығарған «Ел мен Ер» өлеңдер жинағы – нағыз патриоттықтың шынайы көрінісі. Осыған дейін де «Менің елім – Қазақстан», «Маңғыстауда Пір Бекет Ата» атты жинақтар шығарған Талғат өлеңдерінен оның кісілік парасаты, кіршіксіз ақ көңілі, шапағатқа толы дүниесі, нұрлы жүрегі ап-айқын көрінеді. Бұл жолғы жинағын «Ел мен Ер» деп атапты. Кітаптың алғы сөзін жазған Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Фариза Оңғарсынованың: «Біз Тәуелсіздік деген ұлы арманға қолымыз жетіп, ғасырлар бойы ата-бабаларымыз бен ана-әжелеріміз аңсап өткен заманның перзенттеріміз. Бірақ сол тәуелсіздіктің қадір-қасиетін әлі күнге бағалай алмай жүрміз. Осы орайда сенің өлеңдеріңнің қажеттілігі жас ұрпаққа Қазақ деген халықтың бостандыққа қол жеткізіп, Ай мен Күні алдынан туған заманын ардақтауды үйрететін дүниелер екендігінде деп ойлаймын…» – деген сөздері Талғат ақынға берілген әділ баға. Ақын өлеңдерінің тақырыптары ел мен елдік, елдік мүдде, адамдық келбет, кісілік парасат пен азаматтық парыз жайында. Поэзиясындағы азаматтық үн елдің дамуымен өзектес өріліп отырады. Талғаттың өлеңдерін оқи отырып, табиғатынан өлең-жырға әуес, өнерге ғашық жан екенін байқадым. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп Абай айтқандай, ақынның өзіндік қолтаңбасы, өзіндік үні бар.


Қазақ поэзиясында арнау өлең жазбаған ақын кемде кем шығар. Белгілі тұлғалар туралы жазу – ақын өлеңдерінің негізгі өзегі. Талғат та арнау өлеңдерінің нысанына алынған көрнекті тұлғаларға ақындық шабытпен эстетикалық-гуманистік дүниетаным тұрғысынан баға береді. Арнау өлеңдерінде белгілі тұлғалардың қадір-қасиетін көркем бейнемен, тұлғалық қасиеттерін жалпы адамзаттың рухани қазынасына балап жырлайды. Ақынның арнау өлеңдерін оқи отырып, оның өмірді, адамдарды тану­дағы сезімталдығын, ойлай білу, жаза білудің ерекше қабілетін байқадым. «Үш абыз», «Дала дауысы», «Құрманғазы», «Жұбан Молдағалиев ағама», «Қашаған ескерткішіндегі ой», «Әлия Молдағұлова рухына», «Мәншүк Маметова рухына», «Мұхтар Әуезов», «Бауыржан Момышұлы», «Әбіш аға» өлеңдерінде ел тарихының қиырлы қатпарларына ой жүгіртіп, тарихи тұлғалар мен өнер адамдарын үлгі етеді. Ал, енді, «Ақ бата», «Наурыз», «Бесік», «Ұршық», «Нағашы», «Бәйге», «Күрес», «Қыз қуу», «Көкпар», «Алтыбақан», «Дәм», «Ошақ», «Босаға», «Шақша», «Мылтық», «Әже», «Ата», «Сақа», «Шопан», «Киіз үй», «Қара қазан», «Берен» сияқты өлеңдерінде ұлттық мінез, ұлттық бояу, ұлттық нақыш шынайы бедерленген. Қазақ елі, оның дәстүр-салты жайлы ақын тебіреністері бүгінгі өмір-тіршілігіміздің мәнін сезіндіреді. Ол шындыққа, дала тарихына ой көзімен қарауға үйретеді.
Талғат ақынның ұлтжандылығын, аза­маттық әуенді барлық өлеңдерінен кез­дестіруге болады. «Тәуелсіздік», «Кісілік пен кішілік», «Адалдық», «Намыс», «Көңіл», «Жастық», «Тамшы» өлеңдерінде адам баласына тән асыл мұраттарды идеал тұтады. Өлеңдерінде күнделікті тіршіліктегі көріністер арқылы нанымды философиялық ой-түйін жасап отырады. «Сәттілік» өлеңінде:
Күтемін алдан жақсы үміт,
Киесін ұғып өнердің.
Тілеші, елім, сәттілік,
Майданына түстім өлеңнің, – деп жыр­лағанындай, өлең майданына түскен Тал­ғаттың өзі сүйетін елінен ілтипат күтіп, ертеңіне зор үмітпен қарайды.
Талғат тек өлең емес, сондай-ақ поэма жазу­дың да шебері. Оның қаламынан туған «Маңғыстауда Пір Бекет Ата» атты поэмасын сүйсіне оқығам. Енді мына «Ел мен Елбасы» поэмасы Елбасының тұлғасын сомдауды мақсат еткен.
«Ел мен Елбасы» поэмасында:
Дат айтқан шалдың ұрпағы,
Дым айта алмайды деп пе едің.
Ақиқат айтар шын ақын,
Шын айта алмайды деп пе едің, – деген жолдар шындықты ту еткен ақынның мінезін көрсетсе, келесі бір шумақтардағы:
Елбасымды тәңірім,
Мақсатына жеткізгей.
Өмірдің сан сырынан,
Сүріндірмей өткізгей.
Сан бейнет көрген елімді,
Ендігі жерде тәңірім,
Бейбіт ғұмыр кешкізгей! – деген жолдардан немесе «Сайлаудан кейінгі сөз немесе Халық Елбасы Н. Ә. На­зар­баевты бір ауыздан қайта сайла­ғанда» өлеңі нағыз шабыттан туған.
Табандағы тапталған тіктеу үшін
Еңсемді,
Далам-дағы нар Ұлын күткені шын
Белсенді.
Ақ киізге мінгізіп,
Төріне нық көтеріп,
Еңіреген Еріне еміреніп
Ел сенді, – деген жалынды шумақтармен басталатын өлең елі сенген нағыз ер Елба­сының ерен істеріне арналған. Ал, «Алатау», «Ақтау», «Ауыл», «Шуақ», «Нөсер», «Қызғалдақ», «Шағала» өлеңдерінде ту­ған жер, табиғат тақырыптарын сүйсіне жыр­лаған. Ақынның жүрегінен шымырлап шыққан шумақтар туған елге деген перзенттік махаббатын айғақтайды. Талғат ақындығының бастау-қайнары – киелі Маңғыстаудың қасиетті топырағы мен халқының ыстық пейілі. Ақын поэзиясының өрісі барған сайын кеңейе түседі. Ақын туындылары – тек туып-өскен Маңғыстау емес, Қазақстанның кең байтақ жері, туған еліміздің көрікті мекендері, табиғат суреттері, адамдары, әсем Астана, белгілі тұлғалар, жүрген ортасынан алған әсерлер, өмір белестері, қимас достар, туған жер топырағының керемет көріністері туралы тамаша жырлар тудырған. Фариза ақынша айтсам, «Маңғыстау – ерекше аймақ. Сол аймақта туып-өсіп, қазақ деген елді бөліп-жармай, тұтастай меншіктеу де – Іріліктің белгісі. Қашаған дүлдүл, Әбіштей сұңғыла, «Жеті қайқыдай» жүйріктер шыққан топырақта туып, басқаша сөз саптау мүмкін емес». Талғат ақынға бұдан артық сөз айтудың өзін артық деп санаймын.
Талғат өлеңдерінен ең әуелі туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілікті, сол елі мен жері басынан кешірген тарихи-әлеуметтік шындықты, адамгершілік асқақ мұраттарды, махаббат пен жастықты, перзенттік борыш пен парызды бөлекше нақыш, көркемдік айшықты көрдім. Сөз соңында Талғат Қайбұллаұлына: «Өлеңдеріңіз халық игілігіне қызмет ете берсін!» – деп тілек айтқым келеді.

Алдыңғы «
Келесі »