Ұлттық тәрбие – өркениетті қоғам құру құралы

  • 23.12.2013
  • 2352 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қазіргі жаһандану дәуірінде өркениетті қоғамға ілесе алатын ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты талабы. Себебі, қазіргі таңдағы еліміздің әлемде дамыған мемлекеттердің қатарына қосылуы білімге, мәдениетке және ұлттық тәрбиеге байланысты. Ғұлама жазушы М.Әуезовтың: «Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін білім», – деп атап көрсеткеніндей білімді елдің жастары тәуелсіздікті нығайтады, ұлттық тәрбиемен сусындаған ұрпақ болашақты гүлдендіреді. Білімнің қуатына тең келетін рухани күш, қуат көзі жоқ екенін жақсы түсінеміз. Білім – биік елдермен терезесі тең мемлекет болудың құрамдас бөлігі, ілгерілеудің қайнар көзі. Ал, оған қол жеткізудің алғы шарттарының бірі – ұлттық тәрбиеге арқа сүйеу. Ұлттық тәрбие – адам өмірінің алтын арқауы. Одан тәрбиеден нәр алған адам – рухани құндылықтарды бойына сіңіріп биік дәрежеге көтеріледі. Оның ең маңыздысы адамды ойлануға бағыттайды, жеке тұлға болып қалыптасады. Тұлға болғаннан кейін қоғамдағы орнын терең сезінеді, ұлттық сана мен мүдде, ұлттық идея мен мінез қалыптасады.


Жастарымыз бүгінгі таңда батыстың біздің ұлттық менталитетімізге жат көрінетін тәрбиеге бой алдырып ұлттық ерекшеліктерімізді, рухани құндылықтарымызды, тілімізді, ділімізді, дінімізді, мәдениетімізді жоятын болсақ ұлт болып қалуымыздың өзі неғайбыл дүние. Сондықтан, өркениетті ел болуға ұмтылған уақытта ұлттық тәрбиені назардан тыс қалдыруға болмас. Қазақы болмыс, тұрмыс-тіршілігіміз, салт-санамыз және әдет-ғұрып ұлттық тәрбиенің негізгі категориялары. Шығыс ойшылы М.Руми айтқандай, бізді болашаққа апарар жол ұлттық тәрбиенің негізгі діңгектерінде жатыр. Осыған байланысты ғылым, білім және тәрбие саласында еңбегі сіңген ғалымдардың пайымдауларына сүйенсек. ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Әлия Бейсенова: «Ұрпақ қамын ойлаған ата-бабаларымыз ұл-қыздарын дәстүр сыйлауға, үлкендерге ілтипат жасауға, именуге, арын былғамай, өнегелі ортадан тәрбие алуға үйреткен. Ұлы дала тіршілігіне, қызды үй ұстауға, ел бірлігін, ошақ бүтіндігін сақтауға баулыған. Қыз намысы дегеннің орны үлкен. Қыз бала отырған жерде абайлап сөйлеу, бейпіл сөз айтпау – оны әдептілікке тәрбиелеу емес пе?… Біздің жүріп өткен жолымызда қателіктер аз болған жоқ. Социализм дәуірі ерлер мен әйелдерді теңестірді, әйелдердің оқуына, қоғамдық пайдалы еңбек жасауына жол ашты. Бәрі де дұрыс. Қоғамнан өз орнын тапқан, үйде де, түзде де сыйлы апа-сіңлілеріміз, құдайға шүкір баршылық. Бірақ, осыны пайдаланып, үйді ойламай, түзді ойлаумен жүріп, ошақ иесі рөлін әлсіретіп алған әйелдер де жеткілікті ғой. Осындай әйелдердің қыздары да осы жолмен жүре бастады. Тәуелсіз ел болып, ұлттық қазыналарымызды жинастыра бастағанда, ұлттық дәстүрімізді аяқ асты етіп жүрген осындай мінездерге қарсы күрес ашу керек емес пе?.. » дейді.
Қазақ халқының дарабоз тұлғасы Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова өз ойын: «Біздің ата-аналарымыз баланы ананың жүрегінің астында жатқанда тәрбиелеген. Ақылды әжелер келініне айтады екен: «Қарағым, биік тауға қара – көңілің өседі, көңілің өссе немеремнің өрісі биік болады, жазық далаға қара – жан сарайың кеңейеді, сонда немерем кең пейілді болады, жайқалған шөпке, жайнаған гүлге қара – сәбиің шырайлы болады, бұлақтың көзін аш – бала қайырымды болады», – деген секілді ұлағатты тәлімін беріп, аналарымыз жас келіншектің таным-талғамын ұштап, баулып отырған». Қазіргі заманда мұның барлығы қарапайым ғана болып көрінеді, барлығы іште жатқан балаға ұлттық тәрбиенің бағыты болып табылады. Содан кейінгі берілетін тәрбие ананың баласына айтатын «Бесік жыры» әнінен бастау алады екен. Атаның сөзі бар: «Немересіне ертегі айтпайтын әжелер азайып бара жатыр, сәбиін бесікке бөлейтін келіндер азайды. Мен осыдан қорқамын…» деген. Мінекей, біз осының барлығын басымыздан өткеріп келеміз. Ұлттық тәрбиенің жұтаңдығынан, арқау жібінің бостығынан бізге бір жағы Шығыс бағыты, бір жағы Батыс бағыты әсер етуде. Бет аузын тұмшалап қап-қара киінген қазақтың қыздары мен иегіне бір шоқ сақал қойған жап-жас балалардың қатары көбейген. Бұл бір жағы болса, енді бір жағы шалбары ышқырынан түсейін деп, кіндігін шошайтқан қыздарды, темекі тартып, арақ ішіп тұрған жастарды көресің. Міне осындай екі ортада қалған жайымыз бар. Қазақтың тәлім-тәрбиесін қай жағы жеңеді, қай жағымыз жеңіп аламыз дегендей қарауда. Бұл біздің тек қана ұлттық тәлім-тәрбиемізге ғана емес, ұлттық тұтас ұғымымызға кәдімгідей іріткі салуда, шабуыл жасауда» деп білдіреді.
Филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы Мекемтас Мырзахметов ағамыз: «Біз қазір қандай халықпыз?» деп сұрақ қойып, оған өзі Абай шығармалары арқылы былай жауап береді: «Біз өзіміздің рухани дүниемізден айырылып қалуға жақындап қалған халықпыз. Осыны қалпына келтіретін, өзіміз айтып отырған – ұлттық тәрбие мәселесі. Бұл мәселенің Абай дүниелерінен бастау алғанына мақтанамыз. Әрине, алдымен біз өзімізді өзіміз танып алайық. «Әкел, әкел» дегеннен ұлттық тәрбие келе қоймайды. Абайдың 38-ші қара сөзінде: «Баланың тәрбиесі ата-анасына, өскен ортасы, ойнаған құрбы-құрдастарына, ұстазына байланысты болады. Қайсысы мықты шықса баланы сол меңгеріп кетеді» Қазір бізді кім меңгеріп кетті, ұстаз ба? Ол меңгере алмай отыр. Ата-ана ма, қазір олар өздерінің рөлін орындай алмай отыр. Қазір тәрбие билігін шеттен келген ақпараттар, компьютер, интернет алып кетті. Біз ұлттық тәрбиені дұрыс жолға қоюдың іргетасын құруымыз керек. Іргетасын жақсы қою үшін үлкен мемлекеттік міндет тұр. Ол қандай? Қазақстан ұлттық ғылыми рельсін өзгерту керек. Біз евроцентристік рельспен жүріп келеміз. Солай қалыптастық. Егер де біз осыны ұлттық рельске қоймасақ, айтып жүргеніміздің бәрі құр әңгіме болып қалмақ. Түбірлі мәселе осында жатыр…».
Иә, осы тұрғыда «Жаһандану үдерісі қарқынды дамып тұрған аумалы-төкпелі сындарлы кезеңде, ең алдымен, ұлттық рухты, мәдениетті және ұлттық тәрбиені сақтап қалуға тиістіміз. Ұлттық тәрбие ұлттық білім берумен қатар жүріп отыру қажет. Саналы ұрпақты өсіру үшін сапалы мамандарды дайындау да парызымыз. Сонда ғана балабақшада, мектепте, жоғары оқу орындарында ұлтжанды, отансүйгіш, парасатты жас азаматтарды тәрбиелеп шығамыз », – деген педагогика ғылымдарының докторы, профессор Серік Пірәлиевтің де ой-пікірі назардан тыс қалмағаны дұрыс болар. Ғалым­дардың пікірлеріне ден қойсақ ұлттық тәрбие мәселесі «Отбасы тәрбиесі», «Мектепке дейінгі берілетін тәрбие», «Мектептен кейінгі тәрбие», «Жоғары мектеп тәрбиесі» тұжырымдарына келіп тірелетін сияқты.
Адам баласының бүкіл адами қасиеттері отбасында қаланып, бүкіл ғұмырына негіз болары анық. Отбасында берілетін тәрбие мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрлердің сақталуы, ата-бабамыз қастерлеп келе жатқан отбасылық құндылықтардың бағасы төмендеп бара жатқаны көзі ашық жандарға жасырын емес. Қалыпты тәрбиені былай қойғанның өзінде, көптеген отбасылардың шаңырақтары шайқалып, ұрпақ тағдырына көңіл бөлінбей келе жатқандығы да толғандырады. Отбасында ынтымақ болмаған жағдайда адам қалайша мемлекеттік істерде пайдалы жұмыстар жасай алады? Осыны жете түсінген өркениетті елдерде мемлекеттік деңгейде қолға алынған. Мысалы, бізді өзінің ерекше дамыған технологиясымен таң қалдыратын Жапонияның экономикасы ең алдымен отбасы экономикасынан басталып, дамитын көрінеді. Шаңырақтарындағы тәртіп баланы сәби кезінен бар күш қуатын еңбек етуге жағдай жасауы, кәсіптің отбасылық дәстүрінің дамуы елді зор өркениеттілікке жеткізген.
Пекинде өткен әлем әйелдерінің халықаралық конференциясында жапондық профессор Сакико Фуколо өз еліндегі үй шаруасымен айналысатын әйелдердің жылдық табыстағы үлесінің жоғары болатындығын айтқан екен. Жапон әйелі бала тәрбиелеп, жарының еңбек етуіне жағдай жасағаны мемлекет тарапынан ескеріліп, қоғамның дамуына үй шаруасы арқылы өз үлесін қосады. Өркениетті жапон еліндегі жақсы дәстүр қазақ елінде де тамырын тереңге жайған кездер болды. Ол қазір де бар. Бірақ, нарықтық заманға көшкелі отбасын ойлауды ұмытып, жеке бастың қамын ғана күйттейтін эгоист жастар көбейіп бара жатыр. Тарихтан белгілі кеңестік дәуірге дейін қазақ отбасы тәрбиесі түркі халықтарының ішіндегі ізгілікті де шынайысы болатын. Қоғамның дамуында батыстық бағытты ұстандық. Зайырлы мемлекет болдық деп табиғатымызға жақын шығыстық-азиаттық тәрбие дәстүрлерін естен шығарып, табиғатымызға жат батыстық мәдениетті жақын тұттық. Қорытындысында қазақ отбасының бейнесі өзгерді. Бұл жерде қазақ ұлты батыс мәдениетінен түбегейлі зиян шекті деген ой тумас. Заманның озығы да, тозығы да болады. Соған орай, ұлт есебінде ұтқан жеріміз де болды, ұтылғанымызды өмір көрсетіп отыр.
Ұлттық тәрбиені тілге тиек еткенде отбасы мүшелерінің арасындағы қарым-қатынастың жеткіліксіздігіне назар аударуға тура келеді. Тіршіліктің қамымен әке-шеше үйде болмағандықтан бала тәрбиесі назардан тыс қалып жатады. Ата-аналық мейірім шуағы ақшалай-заттай, материалдық қамтамасыз етумен толықтырылып жатады. Әрине, мұндай отбасыларда тәрбиенің мазмұны төмен болады. Мейірімділікті аз көрген бала ұяң, тұйық сенімсіз болып өседі. Өсер ұрпақтың ортасын тең ұстау ата-ананың негізгі міндеті екенін ұмытпасақ игілікті істеріміздің жанғаны.
Жасыратыны жоқ, ұлттық тәрбие мәселесінде барлық жауапкершілікті мектепке, мұғалімдерге артып қойдық. Ата-ана тұрғысынан алып қарағанда біздің қателескен тұсымыз осы болды. Мектеп өз міндетін мемлекеттік қалыпқа (стандартқа) сай орындап келеді, орындай береді. Кемшілігіміз әрбір ата-ана өз баласы үшін өзі ғана жауапты екендігін толық ұғынбайды. Отбасында тәрбиені дұрыс сезінбеген бала мектепте ұстаздарының айтқандарына, тіпті, құлақ аспай жататындығын көріп те, естіп жүрміз. Баласының тәрбиесін мектепке артып қою дұрыс бағыт емес екендігін мойындамайтындар да жетерлік. «Ұлдың ұяты-әкеде, қыздың ұяты-шешеде» деген бар емес пе еді? Ата-аналарымыз үйде отырып, түзде жүрсе де «ар», «намыс», «ұят» қасиеттерін сақтауға, қорғауға үйретуші еді ғой. Себебі, бұл халықтың рухани құндылығы. Жастардың бойында ұлттық сана-сезімді, ата-баба дәстүріне адалдықты сіңіру ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүріміздің бір тармағы. Қазақтың қанында тастанды бала мен қараусыз ата-ана болмаған. Есігіне құлып салынып, үйінің алдына қарауыл ұстамаған, тәрбие нәтижесі жоғары көрсеткішті берген халық емес пе едік? Ешкім көрмесе де, естімесе де бақылаушы күштің бар екендігіне сендіріп, ар тазалығын қалыптастырған қазақ едік.
Ұлттық тәрбиенің қайнар көзі – фольклор, халық ауыз әдебиеті, ұлттық әдебиет, салт-дәстүр, ұлағатты қағидалар, шешендік сөздер, мақал-мәтелдер, әдеп пен инабаттылық иірімдері екенін ұмытпасақ екен. Абай атамыз бір кездері: «Жүректен қозғайын, әдептен озбайын», – демеп пе еді? Сонда, асыл қасиеттерімізді ардақтап, әдептен озбау деген – үлкен қасиет екендігін меңзеген болар. Әдептен озбау деген мәдениеттілік. Мәдениеттілік дегеніміз – тіліңді, дініңді, тарихыңды, салт-дәстүріңді өмірде қолдана білу. Өркениетті елдердің жаңа­лық­тарына қырын қарамай, олардың пайдалы жақтарын өзімізге сіңіріп алу. Мәдениеттілік тәрбиесінің бір ұшы-ұлттық тәрбиеге келіп тіреледі. Адамның әдептілігі мен мәдениет деңгейі оның сөйлескен сөзінен, істеген ісінен, мінез-құлқынан, жүріс-тұрысынан көрініп тұрар. Бұл күндері жетімдер үйлеріндегі балалардың әке-шешелерін іздеп жылағанын көргенде, қарттар үйіндегі өз құрсағынан туылған балаларынан жәбір көрген асыл сүйекті ата-әжелерімізге қарап жанарымызға жас келіп, егілетін кездеріміз күннен күнге көбейіп барады. Әрине, әрбір қазақ елінің азаматын мемлекет қамқорлықсыз қалдырмайды. Бірақ, сол әрбір қазақ елінің азаматы өз мемлекетінің болашақ тағдыры үшін және өз тағдыры үшін жауапты екендігін ұмытып кетеміз. Тілге тиек етіп тағы бір айтарымыз, имандылық қасиетіміз. Себебі, имандылық қасиеті адамның ішкі жан дүниесінің тазалығын сақтап, оның ой-өрісін кеңейтіп, әлеуметтік белсенділігінің артуына әсер етеді. Имандылық сөзінің өзі әдептілік, ұяттылық, ұлтжандылық деген ұғымдарды қамтиды. Назар аударар тұсымыздың бір беті, ол бүгінгі неке қияр жастарымыздың арасында аралас некелердің көбейіп бара жатқандығы өкінішті. Бөтенге қимас қара көз қарындастарымыздың арасында осындай жағдайлардың жиіленіп кетуіне объективті, субъективті пікірлер білдіріп жатамыз. Десек те, мұндай отбасынан қазақтың ұлттық көзқарастарына қолдау білдіретін азаматтың болмайтындығын білеміз, амал қанша? Ел болып, намысымызға тиер тұсымыздың бір парағы тәрбиеміздің ақсап жатқан жерінің бірі екенін ұғынуымыз қажет сияқты. Осы жерде айта кетер бір нәрсе, кейбір ойы бұзық жандар «ұлттық тәрбие» ұғымын басқалай түсініп, қазақтар «ұлтшыл» деп іріткі салып жүргендер кездесіп қалуда. «Ұлтшыл» деген сөзден қорықпай, керісінше мақтанатын жайымыз бар. Өйткені, біздің «ұлт» туралы айтар ойымыз айқын, болашағымыз берік деп сенеміз. Негізгі мақсат-ұлтшылдыққа бой ұрып, басқа ұлттардың мүддесіне қарсы келмей өзіміздің тәрбиеміздегі жетістіктерімізді жаңғырту. Іргесі берік ел болудың алғы шарттарының бастысы ұрпақ тәрбиесі мен біліміне терең мән беру әрбір қоғам мүшелерінің негізгі міндеті болып қалануы тиіс. Ұлтымыздың алға қарай дами беруі үшін жастардың бойында рухы биік әлеует қалыптастыру күн тәртібіндегі негізгі мәселе болып қала бермек.
Бүгінгі қазақ қоғамы мәдени құндылықта­рымызды тауар деп қарастырмай, шаңыра­ғымыздағы уықты тірегіміз, өмірлік қағидамызға айналдырсақ деген ой мазалайды. Ол үшін әрбір жеке тұлға өзінің қазақ ұлтының мүшесі екенін терең сезініп, адами болмысында, сана­сында сілкініс жасауы керек. Ұлт абыройын көтеретін іс-шараларды тек мемлекеттің ісі деп қарап емес, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, ата-аналар өз үлестерін қосуы тиіс. Мұндай үрдіс тоқтамай жүріп отыратын қоғамдық үрдіске айналса игі. Осы орайда Абай атындағы ҚазҰПУ-нің ғалымдарының ұсыныстары назар аударарлық. Атап айтқанда: 1.Республикалық деңгейде «Отбасы тәрбиесін жетілдіру» ғылыми орталығын ұйымдастыру. 2.Салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардан дерек беретін, тәрбиені ұйымдастыруда әрбір ата-анаға тірек болатын «Отбасы тәрбиесінің энциклопедиясын» жазу. 3.Қазақстандағы жоғары оқу орындарында «Ұлттық тәрбие пәні кафедрасын» ашу. 4.Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ұлттық тәрбиені жетілдіруді мақсат еткен бағдарламалар мен сұхбаттар, кездесулерді жиі насихаттау арқылы қоғамдық пікір қалыптастыруға қол жеткізу. 5.Барлық жоғары оқу орындарында «Ұлттық тәрбие маманын» дайындауды қолға алу. Төле би бабамыз: «Атадан ұл туса – игі, ата жолын қуса – игі. Өзіңе келер ұятын, өзі біліп тұрса – игі», – деген екен. Халық ұғымында ең асыл іс атаның ақ жолына адалдық екенін өсер ұрпақ түсінер деп сенеміз. Ұлтымыздың артықшылығы ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттеріміздің біздерге генетикалық жолмен беріліп келе жатқандығын ешкім де жоққа шығара алмас. Ғасырлар бойы қалыптасқан рухани қазынамыз бен дүниетанымымызды өшірмей ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу әрбір азаматтың міндеті болуы тиіс. Басқа ұлттар қызыға қарайтын құндылықтарымызды қазіргі дамыған ғылымның жетістіктерімен толықтырып іске асырар болсақ әлем қазақ ұлтын тағы бір қырынан мойындай түскен болар еді.
Әбдіғаппар Жақсыбеков,
саяси ғылымдарының докторы,
Абай атындағы ҚазҰПУ-нің әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі, Жастар Одағы сыйлығының лауреаты

Алдыңғы «
Келесі »