Тұрмыс-тіршілік негізінде қалыптасқан фразеологизмдердің этнолингвистикасы

  • 23.12.2013
  • 3735 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қазақ халқы үшін төрт түлік малдың бабын табу, жер-судың ыңғайына қарай жайлау, қыстау, күзеу арасында жүруінде табиғаттың жұмбақ сырларын, тылсым күшін түсініп, соған орай алдын ала әрекет жасап дағдыланған жылдар бойғы тәжірибесінің түйіні жатыр. Әр айдың аты, жер-жердің шөбі басқа дегендей күн күркіреп, көк дүркіреп көктеуінен, пісіп-жетіліп, ұрық шашуы, қуаруына дейінгі табиғи өзгерістерін қалт жібермей бағып, уақытына тән сипатын қадағалай осы құбылыстарға сай етіп, алдындағы малының жағдайын ойлаған малшы қауымның өмірлік зердесі олардың тілдік қолданысынан көрінеді. Малшы қауымның мақсаты – табиғатқа қарсылық емес, онымен өз мүддесін үндестіре білу, табиғаттың негізгі заңдылықтарын түсініп оған қайшылық жасамау.


Малдың күші, сүті, жүні, қылы, еті, терісі – халықтың тағамы, киімі, баспанасы, үй жиһазы – өмірінің, тіршілігінің негізі. Төрт түлік малдың болмысын табиғаттан бөлмей, жаратылыс заңдылықтарымен сабақтастыра бақылап, терең таныған бабаларымыз өз санасында соларға қатысты мифті, философиялық, мәдени танымдар мен ұғымдар қалыптастырған. Осыған орай туындаған, тыйым сөздерден мысал келтірейік:
– Малды қу шыбықпен, болмаса қабығы түскен қу ағашпен, тіпті, от көсеген ағашпен де айдауға болмайды. Себебі малдың сүті күйіп кетеді.
– Сыпырғышпен малды ұруға болмайды, жас шыбықпен айдау керек. Мұндағы қу ағаш, қабығы түскен, жартылай күйген ағаштар қайта көктеп өнім бермейтін болғандықтан, малды осылармен айдайтын болса, малдың өнімі болмай, сүті қайтады деген ырымнан туса керек.
«Түйе» малы қазақтар өмірінде бірнеше ұғым­ды қалыптастырған. Ол ұғымдар бір күн немесе біл жылдың ішінде тумайды. Көп уақыт өте келе, салыстырмалы ұғым дами келе, адамдар әбден танып білген соң, ұқсату заңдылығымен метафора арқылы балама ойын екінші атаумен жарыққа шығарады. Түйе малының көзі үйренген дағдылы қасиеттері мен ерекшеліктеріне қарай, қазақтар түйені тұрақты тіркес жасауға эталон, символ ретінде қабылдаған.
Ебедейсіз, болбыр адам – түйе үстінен сирақ үйітіп; түйе үстінен ит қапқан.
Жақсы туған баланың атасы жаман болса да,
Төрде отырып сый табар.
Жаман туған баланың атасы жақсы болса да,
Түйе үстінен ит қабар.
Жағымсыз мінез – бір күн бие, бір күн түйе.
Дөрекі сөз – сөзі түйеден түскендей
Алыс, қашықтық – түйенің тұяғы түскен жер.
Шектен тыс семіздік – түйенің жарты етін­дей.
Молшылық – қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің; ақ түйенің қарны жарылу.
Маубас, момындық – үстінен түйе жүріп өтсе де, т.б.
Адамның қасиеттері көбінесе малға байланысты, мал бойында кездесетін қасиеттерге ұқсатылған. Бұған қарағанда төрт түлік мал әсіресе адамның ішкі жан-дүниесі, бір-біріне деген көзқарасы сияқты адамдық қасиет мінез-құлық, жүріс-тұрыс ертеңнен қара кешке дейін малмен көз ашқан ұлттың мәдени элементтер мен оның семантикалық қырларынан көрінуі заңды. Ұлт менталитетіне тән кейбір қасиеттер тек бір сөзбен ғана тілде берілуі мүмкін емес жағдай. Маубас, момын, жуас деп қақсағанмен, бұл ұғым образды жеткізілмесе, қой аузынан шөп алмас – жуас, үстінен түйе жүріп өтсе де былқ етпес – маубас бейнесін есте қаларлықтай етіп суреттеуде тек фразеологизмдер көркемдік тәсіл ретінде көмекке келеді.
Тілімізде молшылыққа кенелу мағынасын беретін Ақ түйенің қарны жарылу деген тұрақты тіркестің қалыптасуы да халықтың мал шаруашылығымен байланысты туындағаны мәлім. «Төтенше жағдайда қанды жорықтан ең жақын туысы аман оралса, не көптен күткен әйелі ұл туса, өрісте жүрген ақ түйенің қарнына пышақ тығып алып қоя беретін дәстүр болыпты. Бүкіл даланы басына көтеріп боздаған түйенің дауысын ел естігенде, қуанышты жаңалықтың болғанын біліп, бір жерге жиналады екен. Бұл құбылыс тілімізде «Ақ түйенің қарны жарылды» деген тіркесте сақталған. Тіркес туралы алғаш түсінік берген Ш.Уәлиханов еді [1, 178 б.]. Мысалы, Сол күннен бастап Итбай ауылында ақ түйенің қарны жарылды (С.Мұқанов).
Тіпті көнбей жатса, «Шырағым-ау, Бай­мұқаным келіп, ақ түйенің қарны жарылып жат­қанда, дастарханымның бедерін көрмей кетесің бе?» – деп, өкпе айтады.
Ақ түйенің қарнын жарып құрбандық шалу кейіннен қазақтар үшін молшылық мәнін беріп, сөйтіп, бұл тіркестің алғашқы қалыптасу мотиві күңгірттене бастағанын байқауға болады.
Сол сияқты қой түлігінің мінезіне қарап, ауа-райын болжау да ұлттық болмыс ұғымдарына жатады. Мысалы, күздің аяғында немесе қыстың бас кезінде өрістен қайтқан қойлар аузына бір-бірлеп шөп тістеп келсе, қысында жұт болады; күзде қой отары тау беткейіне үнемі жайылғыш келсе, жұт болады деп шопан жылдар бойғы тәжірибесінен түйіндеген.
Көшпелілердің бүкіл болмыс-тіршілігі төрт түлік малмен тығыз байланысты болғандықтан, қазақ фразеологизмдерінің ішінде тілге жиі оралатыны, күнделікті өмірде жиі қолданылатыны және ең көп кездесетіні де осы төрт түлік малға қатысты тұрақты тіркестер. Сол төрт түлік мал ішінде ерекше құрмет тұтқаны – жылқы малы. Мінсе – көлік, сауса – сүт, жесе – ет, кисе – киім болған жылқының күнделікті тұрмыста орны маңызды еді. Сондықтан қазақтың «жылқының сүті – шекер, еті – бал», «жақсы ат – жанға серік», «Ат – адамның қанаты», «Тұяқ тайға жеткізер, тай құнанға жеткізер, құнан атқа жеткізер, Ат мұратқа жеткізер» секілді мақал-мәтелдер саны ұзын сонар.
Жылқы, әсіресе, жаугершілік көне заманның талабына сай өте құнды мал ретінде саналады. Себебі, ол кезде жауды қуып жетуге немесе одан қашып құтылуға жылқыдан қолайлы мал болмаған. Бұл жерде ескерте кететін бір жай, отырықшылар атқа оң жағынан, көшпелілер сол жағынан мінеді. Бұл – жаугершіліктен қалған салт. Ол кезде атқа қонған адамның қолы бос болу керек. Себебі, ол барлық қаруды осы қолымен ұстайды. Ал, сол жақтан мінгенде, оң қол бос қалады. Қазақ халқының жылқы малына деген ықыласын ауыз әдебиеті үлгілері, ертегі, аңыз, жырлардағы жылқы бейнелері-ақ дәлелдеп тұрғандай. Сондықтан халық аузында қалыптасқан жылқы малына байланысты тұрақты тіркестерде оған деген ерекше ықыластың айқын көрінісі. Мыңдаған жылдар бойы жылқы баққан көшпелі халықтарда оны өсіру, баптау, сұрыптаудың өзіндік дәстүрі мол тәжірибесі ерекше сөз айшықтарының қалыптасуына негіз болды. Мысалы:
● ат жалын тартып міну;
● ат кекілін кесісу;
● ат бауырына алу;
● ат төбеліндей;
● ат үсті, ат шаптырым;
● ат құлағында ойнау;
● ат құйрығын шарт түю;
● құлындай даусы шығу;
● бесті айғырдай азынау;
● ат басын тіркеу;
● ат сабылту;
ат құрғатпау, т.с.с. тұрақты тіркестер осының айғағы болмақ (Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінде ат / жылқы сөзінің жүз шақтысы тұрақты тіркес жасауға негіз болған).
Қазіргі қолданыста «ат арылту /сабылту/» түрінде де айтылып жүрген «ат сабылту» тұрақты тіркесінің беретін мағынасы – әуреге түсу. Мысалы: Бір айғыр үйірімен ықтап кетіп, соны іздеп, ат сабылтып келе жатқан бетім еді (Қазақ ертегілері).
Шабытына мінген жырау, ат сабылтып келе жатқан аңшы тәрізді, бекер тоқтаттың, хан ием, – деді Асан қалың қабағын түйіп (І.Есен­берлин).
Сонымен қатар, тілімізде «ару, жүдеу» мағы­насында қолданылатын «жілік майы таусылу, жілігі татымау» деген тұрақты тіркестерді жиі кездестіреміз.
Мысалы: Делбе болған жылқының жілігі татитын болса, жүдетпей сойып алатын (Х.Арғынбаев). Бұл тұрақты тіркестің мәнін атты күтіп, баптаумен байланысты қарастырсақ, қазақ атбегілерінің тұлпардың жілік майының толуына ерекше назар аударғанын байқаймыз.
Осы тұрақты тіркестердің қалыптасуына негіз болып тұрған сөз – жілік. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде жілік жан-жануарлардың қол-аяғында болатын негізгі он екі мүшенің жалпы аты деп түсіндіріледі. Шынында да оның жалпы атау екені рас, өйткені жілік өз ішінен асықты жілік, кәрі жілік, ортан жілік, тоқпан жілік деп бөлінеді.
Бұл фразеологизмнің қалыптасуы туралы Ә. Ха­зимова: «Жілік майы таусылу» немесе «жілігі татымау» тұрақты тіркесі жіліншік майының толуына байланысты қалыптасса керек. Жіліншік – аяқтың тізеден төменгі жіңішке сүйегі, уақыт өте келе оның бұл мағынасы көмескіленіп, жалпы жілік атауы орын алып, тұрақталып кетсе керек» [2, 17 б.], – дейді.
Қазақта үйірімен үш тоғыз «олжа көбейсін» деген тілек мағынасында қолданылатын тұрақты тіркес бар. Бұл фразеологизмде халықтық малға қатысты күн кешкен тұрмыс-тіршілігіне қатысты жасалған. Әсіресе, көшпелі мал шаруашылығының өзіндік дәстүрінен туатын тәжірибелік іс екені байқалады. Төрт түлік малдың басын көбейту үшін үйірге еркек малдардан бура, айғыр, қошқар салғанда олардың арасында тоғыз ұрғашыдан бөліп отырған бұл тәжірибе үйір-келе салу деп аталады. Мал ішінен тұқым сұрыптау түрі осылай жүзеге асырылатын болған. Мәселен, бірыңғай күрең немесе мақпал қара, ақ боз сияқты болып келуі үшін жылқы малының сырт түсінің де дұрыс сұрыпталуын қадағалаған. Көшпелі қазақтардың осындай тәжірибелік дәстүрі қытайдың бұрынғы жазбаларында кездесетіндігі туралы мәлімет бар [3, 12 б.].
Алайда, бұл дәстүр қазақтардың басқа да салттық түрлерінде өзгеше мағынамен көрініс береді. Мысалы, аса үлкен сый-құрмет жасағанда, сонымен қатар, құн төлетіп, ерекше айып-жаза тарттырғанда тоғыз-тоғыздан атап көрсетіп, межелік өлшем етіп белгілеуді қалыптастырған.
Қазақ тілінде тыныштыққа байланысты құлаққа ұрған танадай деген тұрақты тіркес бар. Бұл тұрақты тіркес тып-тыныш, жым-жырт деген мағынаны береді делінеді. Мысалы:
Ұлы сыншы ойын ешкім бұзар емес, құлаққа ұрған танадай бәрі бірдей тына қалған (І.Есен­берлин).
Хан үндемегеннен кейін тірі жан аузын ашқан жоқ, барлық жұрт құлаққа ұрған танадай үн-түнсіз (І.Есенберлин).
Қалың қауым құлаққа ұрған танадай жым бола қалғанда, орнымнан ыршып түрегеліп, сөзімді бастап жібердім (С.Омаров).
Осы тұрақты тіркестің қалыптасу мотивіне үңілсек, неге басқа емес тана және оның құлаққа қандай қатысы бар деген сұрақтар туары сөзсіз. Бірақ кез келген тұрақты тіркестің қалыптасуында белгілі бір негіз бар екендігін ескерсек, мұның да бір мотиві болуға тиісті. Және ол негізді міндетті түрде халық тұрмысымен, халық тіршілігімен байланыстыра іздеген жөн.
«Сиырдың жас төлінде (бұзау, тана, баспақ) «айналшық» деген дерт бар. Олай ауырған мал сенделіп, тұрған жерінде айнала береді. Қазақтарда айналшық жегендей деген тіркес бар. Оның мәні бір жерді төңіректеп, маңайлап кете қоймайтын, жүріп алатын кісі туралы айтады. Сонда құлаққа ұрған танадай фразеологизміне ілесе туған айналшық жегендей тіркесі. Бұл да сол ауырған малға ұқсата теңеп айтқаны. Ал ауырған малды қазақ­тар жұдырықпен құлаққа қатты соғу арқылы жазады, сонда есеңгіреп қалған төл, аздан кейін шөп жеп, су іше бастайды. Қазақтың тып-тыныш бір халді «құлаққа ұрған танадай» деуі содан болса керек» [2, 19 б.], – деген пікір бар.
Жалпы, қазақ халқының малды емдеудің түрлі тәсілдері болғаны анық. Өйткені, ауырған малды қазақ емсіз қалдырған емес. Ендеше, сиыр төлін құлаққа ұру арқылы емдеу – осы халық емшілерінің мал емдеудегі бір тәсілі. Кейін уақыт өте келе мал дәрігерлері шығып, мұндай тәсіл ұмыт болып, ол тек тұрақты тіркеске айналса керек. Кейде көркем әдебиетте осы тұрақты тіркестің өз мағынасында қолданылғанын кездестіруге болады. Мәселен, Б. Мо­мышұлының қолданысында бұл есеңгіреп қалу деген нұсқада қолданылады. Мысалы:
Танк құлаққа ұрған танадай есеңгіреп, сырт айналып, кілт тоқтап қалды (Б. Момышұлы).
Осындай деректерге сүйене отырып құлаққа ұрған танадайдың ең негізгі мағынасы – есеңгіреу екендігін байқауға болады. Малды ұрғанда есең­гіретіп қалып, есін жиғызу о баста ауырған малды емдеу үшін қолданылған, сондықтан бұл тіркестің жасалуына халық емінің бір түрі негіз болған. Алайда түсіндірме сөздікте құлаққа ұрған танадай – жым-жырт, тыныштық деген мағынаға ие фразеологизм. Бұл кейін келе қалыптасқан мағынасы. Мысалы: Ұрлана басып сыртқа шықса – шаңқай түс. Құлаққа ұрған танадай дейтін тыныштық (Ә.Тарази).
Басқа мұғалімнің сабағында шошаңдап оты­ра­тын немелер қазір құлаққа ұрған танадай (Ш.Мұртаза).
Ол күндері жел құлаққа ұрған танадай тынды (С.Мұқанов).
Сонымен бірге, тілімізде «бастан құлақ садаға» деген тұрақты тіркес те кеңінен қолданы­лады. Мысалы:
Бастан құлақ садаға деп молда астындағы атынан және айырылып, жаяу үйіне қашты (С.Торайғыров).
Ал ішкен құдығына түкірген, түбі шикі өзге ұлт өкілдерінің таяныш тірегі сыртта екен ғой деп, өзімізді-өзіміз жұбатып, қалғанына береке берсе, мына пәле бастан құлақ садаға дегенмен тұра қашқан өз қандастарымызға не жорық? (Егемен Қазақстан).
Бұл тіркестің де қалыптасуы халық еміне байланысты туындаған. Ауруға шалдыққан малдың бір құлағын кесіп алып, оны басынан үш айналдыра «бастан құлақ садаға» деп лақтырып жіберетін болған. Мұның бәрінен де байқайтынымыз, көшпе­лілердің малға қатысты таным түсініктері де тілде өзіндік көрініс тапқандығы.
«Делбе болған жылқыдай» тіркесінің пайда болуына жылқының миына құрт түсіп ауырғандағы күйі тірек болған. Ауру жылқы екі көзі шарасынан шыға осқырынып, пысқырып, маңайына жан жуытпай, тарпынып, басын сілки беретін көрінеді [4, 25 б.]. Қазақта сөз ұқпай, адамның ойына сыйғысыз әрекеттер жасап, онысына ұялып, есеп те бергісі келмейтін адамды жақтырмағанда «ой, делқұлы» деп жатса, ерекше шабыттанып, арқасы қозып, шулы бір әрекетке ілесе кеткісі келіп тұрған адам жайлы «делбесі қозып тұр» деп жатады.
Бұл сөз ғылыми еңбектерде былай деп түсін­діріледі: «Делбе» сөзі монғол тілінде дэлбэ 1 (гүл) жапырақша; 2. –п/-ып, -іп/ цохих соғып жіберу, ұрып жіберу және цулбур – шылбыр, ал цулбур овс – тас­жапырақ, жыланқияқ» [5, 28 б.].
Сонымен, шығатын қорытынды, делбе болған жылқыны маңдайынан қатты жұдырықпен ұрады және жыланқияқ, тасжапырақ сияқты делбе шөбін беріп, қазақи ем қолданса керек.
Сонымен қатар, қазақ халқының тұрмыс-тір­шілігі, күн көріс жағдайлары да фразеоло­гизм­дердің мән-мағынасынан көрініс тапқан, олармен тығыз байланыста туындаған.

Күлдірсін Сарышова,
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ, қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының аға оқытушысы

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Уәлиханов Ш. Таңдамалы. – Алматы, 1985. – 557 б.
2. Хазимова Ә. Қазақ фразеологизмдерінің ұлттық-мәдени деректері //Түркітану мәселелері: бүгіні мен болашағы. Алматы: 2001. – 209 бет.
3. Кюнер Н.В. Китайские известия о народах Южной Сибири, Центральной Азии и дального Востока. – Москва, 1961. – 189 стр.
4. Уәлиұлы Н. Кейбір этнографизмдердің лексика-семантикалық аясы. «Ұлт тағылымы». – 2000. № 1.
5. Сейітова Ш. Өсімдік атаулары қатысқан төрт түлікке байланысты жасалған тұрақты тіркестердің этнолингвистикалық сипаты // Тіл тарихы және сөз табиғаты. – Алматы, 1997. – 132 б.

Алдыңғы «
Келесі »