Американдық балалар әдебиетіндегі Доктор Сьюздің алар орны

  • 23.12.2013
  • 963 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Совет Одағы тарағаннан бастап, ТМД елдерінде, тіпті, әлемнің көп елдерінде американизация үрдісі соңғы жиырма жылда кеңінен таралып келеді, балалар әдебиеті де одан тыс емес. Кітап дүкендеріне кірсеңіз Дисней мультфильмдерінің қаһармандары жайлы кітаптар, бүгінде өзекті болып жүрген фильм, мультфильм қаһармандарын, кейіпкерлерін көптеп жолықтырасыз. Яғни, бүгінгі күні балалар кітаптары жәдігер ойыншықтар индустриясы мен табысты фильм, мультфильм, анимация, компьютер ойындары қаһармандары тарапынан қысым көріп тұр. АҚШ еліне ғылыми іссапарда болғанымда көптеген Дисней қаһармандары мен танымал бірнеше балалар ақын-жазушыларын білген болсам, сапар соңында кітапханаларда жұмыс жасап, профессор-әдебиетшілердің лекцияларына қатысып, жиналған мәліметтер американдық балалар әдебиеті туралы білімімді өзгертті.


Беверли Лион Кларк өзінің «Америкадағы балалар әдебиетінің әлеуметтік конструкциясы» атты кітабында балалар әдебиеті жағ­дайы жайлы төмендегідей анықтама бер­ген: «XIX ғасырда профессорлар тарапынан бала­лар әдебиеті ағылшын әдебиеті пәндері қатарына енгізілді, алайда ол өз алдына жеке, дара пән етіп белгіленбеген. Ал, XX ғасыр­­дың басында американдық балалар әдебиеті филологиялық пәндер тізімінен алып тасталынған, әдебиетшілер балалар әдебиеті маңызды зерттеуді талап етпейді деп қараған. Сол уақытта бұл бос орын­ды кітапханашылар мен Педагогикалық фа­культеттердің профессорлары толтырған және солар балалар әдебиетінің маңызы мен қажеттілігін таныған» [1]. 1970 жылдардағы белгілі мәдениет, гендер мәселелеріне болған қызығушылықтар университеттегі филология бөлімдеріне балалар әдебиетін қайтарып әкелді. Соңғы 35 жылда балалар әдебиеті ерекше назарда болуда.
Жоғарыда атап айтқанымыздай Американ­дық балалар әдебиеті коммерциялық (сауда) нарықпен бәсекеде, оған, мысал, Дисней кейіпкерлері туралы кітаптарды басып шы­ғаратын бір «Голден Букс» басылымы жыл сайын миллиондаған кітаптарды таратып, өздерін әдебиет әлемінде еркін сезсе, танымалы «Калдекот» сыйлығы американдық ба­ла­лар әдебиетінде маңызды іс-шара болып, ком­мерциялық кітаптарға емес, Морис Сендак, Давид Вейснер сияқты нағыз балалар әдебиетін ту­дырушыларға беріліп келеді [2].
Бүгінде Қазақстан әдебиетінде балалар әдебиеті өте байсалды дамып келе жатқан бөлім болып, мемлекеттік бюджеттен біршама қаражат бөлініп, балалар әдебиетін қорғау, сақтап қалуда және дамытуда көп жұмыстар атқарылуда. Алайда, американдық балалар әдебиетінің тарихына үңілсек, осы саланы қаражаттау американ қоғамында болған емес, ол кітап шығаратын баспалар танымалдылығына байланысты. Егер, автордың туындысы Random House, Harper Collins және Scholastic сияқты үлкен баспа үйлерінде жарық көрсе онда ол кітаптар кең таралып сізді танымал етеді, кейбір кішкентай баспа үйлерінде кітаптар басылса, онда оның сапасы бойынша бақылау қатаң болады. Front Street Press және Lee & Low сияқ­­ты кішкентай баспа үйлері эксперимент жасау бойынша да жақсы, сапалы кітаптарды баспадан шығарады [3]. XX ғасыр американдық балалар әдебиетінің белгілі өкілі, бірнеше американ ұрпақтарының сүйікті балалар ақыны, абсурдист-сюррелист Теодор Гейзель Сьюз, лақап аты доктор Сьюз еңбек жолын 1956 жылы балалар әдебиетінде бастаған болатын және бірден танымал болды. Өз замандасы, орыс балалар ақыны Корней Чуковский мен жанр (екеуіде өлең шумақтары мен тарихи ертегілерді қолданған), стиль (екеуі де абсурдизмді ұнатты және айтулы шатыстырушы деп танылды), шеберлігі тарапынан өте жақын болды және екеуі де балалар әдебиеті дамуына өз септігін тигізді. Доктор Сьюздің өзіндік стилі – қысқа ырғақты жолдар, сөз ойындары және үлкендер әлемін ашықтан ашық келеке ету [4].
Автордың шығармаларын оқу барысында шынайы күнделікті өмір реалиялары мен ақылға сыймайтын ойдан шығару өзара байланысын тапқан. Ол қашан да жаңа сөздер ойлап тауып, байланыстыруға келмейтін дүниелерді байланыстыра білген, болмайтын өтірікті үйіп тастап отырған, сол себепті оны кішкентайлар тез қабылдап, өздері қалаған, армандаған қиял, ойларда құралған ақын шығармашылығының шынайы оқырмандары бола білді. Доктор Сьюз кітаптарын өзі безендірген, сол себепті, өлең шумақтары мен суреттер табиғи байланысты түптелген. Жазушының шығармашылығын зерттеген ғалымдар оның шығармашылығын абсурдизм, сюррелизмге жатқызса, сондай-ақ, американ прагматизмі де оған жат еместігін көрсеткен. Профессор Филип Нэлдің сөзімен айтсақ: «Доктор Сьюз шығармашылығында американдық прагматизмде анық көреміз, атап айтсақ Сьюз кейіпкерлері әрқашан ғажайып өнертабыстар ойлап тапса, «Менде зообақ болса ғой» кітабындағы «Жарамсыз аңдар ауламағы», «Қалпақтағы мысық» кітабындағы «Жинастырушы машина» т.б., оның кейіпкерлері дүниеге сеніммен қарайды және дұрыс жолмен жүрсең барлық нәрсеге қол жеткізесің деп санайды. Американдық қоғамның тағы бір ерекшелігін Сьюз өз кейіпкерлері арқылы көрсете білді, яғни, оның қаһармандарының «сауда агенті» болуы, Қалпақтағы мысық сауда агенті сияқты балалардың бос уақыттарын ол өзі ойлағандай өткізуді ұсынса, «Менде цирк болса» кітабының кейіпкері Морис Мак Гурк ең жақсы цирк идеясын бізге «сатады», ал, «Жасыл жұмыртқа және бал» кітабындағы Сэм мен өзім оқырманға ең сүйікті және лайықты таңғы астың жасыл жұмыртқа мен шошқа еті екендігін асықпай түсіндіреді [5].
Американдық балалар ақындарынан Доктор Сьюздің айтарлық ерекшелігі, ол кішкентай бүлдіршін, оқырмандарына болашақ иелері ретінде қараған және «үлкендер әлемінің» соғыс, зорлық-зомбылық, қоршаған орта, т.б. көптеген проблемалық мәселелерін шеше алатынына сеніммен қараған. Жақсы аударма арқасында көптеген англо-американдық балалар шығармалары кейіпкерлері советтік балалар әдебиетінде өз орнын тапқан, мысалы: «Доктор Айболит» американдық «Доктор Дулитл», «Зумірет қаласының сиқыршысы» «Өз елінің сиқыршысы», ал, ежелгі герман фольклорының туындысы «Қаз ананың ертегілері», т.б. Ал, Доктор Сьюз шығармашылығының фольклормен арақатынасын қарастырар болсақ онда екі жауап ала аламыз, біріншісі ол американдық фольклар мәдениетінің ірі өкілі, өйткені, оның шығармаларын оқып бірнеше ұрпақтар өсті, өсуде және өседі, ал, екінші тарапынан ол американдық фольклордан ұзақ әңгіме дәстүрін қабылдаған, оған мысал, Қалпақтағы мысық суреттерде берілгендей шығарма өте ұзақ болып, алып мысықтың көптірілген сандырағын елестетеді. Ол мысық басқа ертегілер кейіпкерлері секілді алыптармен соғыспайды, әлемді құтқармайды, саналуан құбыжықтармен күреспейді, тек ақылға сыймайтын істер жасап, фольклор мен фантастиканы байланыстырады.
Доктор Сьюз шығармашылығы балалардың сүйікті хайуандарының бастан кешкендері, қызықты оқиғалары болып, олар әзіл, мысқыл, әзіл әрекетке толы және жақсылық, шынайылық, әділеттілік болған шын сенімге толы. Оны танымал еткен шығармасы «Қалпақтағы мысық» небәрі 200 сөзден құралып, балаларға қызықты әңгіме айтумен бірге оларды кітап оқуға, кітапті қастерлеу мен құрметтеуге шақырады. Ал, оның бас кейіпкері Мысық ертегідегі жай кейіпкер емес, сонымен бірге бала қиялындағы қызықты ойын, әзіл т.б. қасиеттерді біріктірген қаһарман [6].
Танымал балалар ақыны К.И.Чуковский айтқандай: «Доктор Сьюз – АҚШ-тағы ең танымал балалар жазушысы, ақыны» [7]. Оның туындылары тек балаларға емес, сондай-ақ үлкендер үшін де қызықты, автордың 44 кітабі әлемнің 20 тіліне (оның ішінде соқыр адамдарға арналған Брайль әрпі де бар) аударылған. Ол бірнеше беделді сыйлықтардың иегері, алайда оның негізгі марапаты кішкентай және үлкен оқырмандарының сүйіспеншілігіне бөленуі. Ізгілік пен қайырымдылық туралы ойлар, бишаралық және қажетсіз зорлық-зомбылық, артық өзін дәріптеушілік үшін жазалану т.б. Сьюз кітаптарында әрқашан кездеседі. Оның досы американдық телеэкран жұлдызы Боб Кишан көрсеткендей: «Доктор Сьюз әрқашан тек балаларға ғана емес, үлкендер үшін де дүниедегі ең маңызды нәрселер туралы айтуға ұмтылған». Шынымен де Гейзелдің соншалықты танымал балалар ақыны болуының тағы бір дәлелі, оның сөздерінің нақыл сөздерге айналуында және американдықтар үшін ғана емес көбіміз үшін аса зор маңыз, мазмұнға ие екендігін атап өту керек. Мысалы: «Sometimes the questions are complicated and the answers are simple.» «Кейде сұрақтар өте күрделі, алайда олардың жауаптары өте жеңіл», «Don't cry because it's over, smile because it happened.», «Осы нәрсе аяқталды деп жылама, оның болғанына қуан».
Дилфуза Розиева,
Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем тілдері университетінің PhD докторанты.

Пайдаланылған әдебиеттер:

Kiddie Lit: «The Cultural Construction of Children's Literature in America» The John Hopkins University Press 2003., 214 p.
Арзамасцева И.Н., Николаева С. А. Детская литература. Учеб. пособие для студ. сред. пед. учеб. заведений. — М.: Издательский центр «Академия», 1998.
http://marblemelon.wordpress.com
http://www.libfl.ru/about/dept/children_centre/portraits/display.
Dr. Seuss: American Icon. By Philip Nel. New York: Continuum, 2004.
Philip Nel, The Annotated Cat: Under the Hats of Seuss and His Cats. Random House, 2007.
Чуковский К. Познакомьтесь с Доктором Сьюзом! // Детская литература. – 1966. – № 12. – С. 32.

Алдыңғы «
Келесі »