«Қытай ғажайыбынан» Қазақстан қандай сабақ алуы тиіс?

  • 14.11.2013
  • 2656 рет оқылды
  • 4

Сейілбек Мұсатаев,
саяси ғылымдарының докторы, профессор,
Ғадылбек Қинанұлы,
ҚХР Шыңжаң педагогикалық университетінің аға оқытушысы

Биыл Қытай Халық Республикасының (ҚХР) төрағасы Си Цзиньпин алғаш рет Қазақстанға ресми сапар жасап, екі ел арасындағы жан-жақты әріптестікті дамытуға бағытталған келіссөздер жүргізді. Қазақстан мен ҚХР өзара сауда көлемін 2015 жылы 40 млрд. АҚШ долларына жеткізуді көздеп отыр. Оның басым бөлігін мұнай-газ саудасы құрамақ. Бүгінгі таңда екі жақты қарым-қатынас қарқынды дамуда. Қазақстандағы ҚХР елшілігінің сауда-экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ян Сюминь «Global Times» тілшісіне берген сұхбатында, екі ел арасындағы сауда көлемі 2012 жылы 25,7 млрд. АҚШ долларына жетіп, оның ішінде қытайлық экспорт 11 млрд., ал, импорт – 14,7 млрд. доллар болғанын айтты.

Қытайдың Қазақстанға құйған тікелей инвестициясы 20 млрд. АҚШ долларынан асып кеткен, Қазақ еліне ҚХР тарапынан берілген түрлі несиелері 30 млрд. АҚШ долларынан асқан, біздің елімізде 3000 тақау қытайлық кәсіпорындар тіркелген. Салыстыру үшін ҚХР Коммерция министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2012 жылы Қытайдың шетелдердегі тікелей инвестициялары 87,8 млрд. АҚШ долларын құрайды. Байқап отырғанымыздай, оның ширегіне жуығы Қазақстанның үлесінде. Бұдан Қытайдың Қазақстанмен ұзақ мерзімді ынтымақтастық жасауға ниетті екені анық байқалады. Оянған айдаһардай, алып Қытайдың экономикасы соңғы онжылдықтарда еселеп дамып, әлемдегі алдыңғы орынға шықты. Бес мыңжылдық тарихы, дербес өркениет саналатын бай мәдениеті, кең жерінде көп санды халқы бола тұра, Қытай бір кезеңдері ағылшындық отарлаудың езгісін, жапондық шапқыншылардың тепкісін де көрді. Батыс менсінбеген, артта қалушы кедей ел саналған Қытай бүгінгі таңда бүкіл әлемді таңдандырып, «Қытай ғажайыбы» деген дамудың озық үлгісін көрсетіп отыр. Мұндай керемет жетістікке көршілес Аспан асты елі қалай қол жеткізді? Қытайлық дамудың астарында, саясаты мен мемлекеттік басқару ісінде қандай құпия сыр жатыр? Қытай тәжірибесінен қандай сабақтар алуға болады? Міне, осындай көкейкесті сұрақтар бүгінде әркімді қызықтырады.

 


Әлемдік экономиканың тарихында ХХ ғасырдың соңғы ширегінде бұрын-соңды болмаған дамудың таңғажайып үлгісі тіркелді. Ол – Қытайдың қарқынды экономикалық дамуы немесе «Қытай ғажайыбы». Оның бастауында тұрған Дэн Сяопин «қытайлық ерекшелігі бар социализм» ұстанымымен саясат сахнасына шықты. Ол өзіне дейінгі компартия төрағасы Мао Цзэдуннан мұраға қалған «Үлкен секіріс», «Мәдени төңкеріс» зардаптарын жоюға кірісті: кедейлікке душар болып, әлем елдерінен артта қалған, терең әлеуметтік-саяси дағдарыстан титықтаған Аспан асты елін жаңаша даму жолына салды. Дэн Сяопин Қытайдың жүзеге асырғалы отырған экономикалық реформасының табыстылығы саяси жүйенің жаңғыруына тәуелді деген қағиданы басшылыққа алды. Саяси жүйені реформаламай жатып, экономикалық құрылымды өз­герту мүмкін еместігі ғылыми және идео­логиялық тұрғыда тұжырымдалды. Осылайша, экономикалық реформалар бас­тау алған 1978 жылдан бастап Қытайдың ішкі жалпы өнімінің (ІЖӨ) өсімі жылына 10 % құрап отыр (тек екі жылы ғана – 1989 және 1990 жылдары ІЖӨ өсімі 4 % болған, себебі: Тяньаньмэнь оқиғасынан соң АҚШ, Жапония және Еуропа елдері Қытайға қарсы түрлі экономикалық санкциялар қолданып, дамуын тежеген). Қытайлық экономикалық реформалардың негізінде басты екі ұстаным жатты:
Бірінші, барлық реформалар тұрғы­лықты халықтың барынша басым бөлігінің мүддесіне сай жүргізілуі тиіс және халық одан шынайы пайда табуы қажет;
Екінші, халық үшін реформаның ба­ғасы ауырлық әкелмеуі керек.
Дэн Сяопин Қытайды аграрлы-индус­триялық ел ретінде дамытуды мақсат етті. Сондықтан, ел экономикасын қорғаныс өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, ғылым және өнеркәсіп деп негізгі төрт секторға бөліп жаңғырту қолға алынды. Әсіресе, бұқара халықтың басым бөлігі ауылдық жерлерде тұратынын ескере отырып, ауыл шаруашылығын құлдыратпай реформалауға баса назар аударылды. Реформаның ауылдан басталуы сол кезеңдегі уақыт талабы болатын. Өйткені, ол кезеңде қытайлықтардың 80 % ауылдық жерлерде тұратын еді. Дэн Сяопин «Қытайдың тыныштығы, экономиканың дамуы ең алдымен ауыл­дың дамуына, шаруалардың әл-ау­қаты артуына тәуелді» деді. Ауыл шаруашылығында бұрын қалыптасқан «халық коммуналарының» орнын отба­сылық еңбекке негізделген шаруа­шылықтар басып, олар жоспарлы-нарықтық ұстанымға көшті. Ірі жер иеленуші латифундистердің туындауы мен еңбекті қанауына тосқауыл қойылып, егінші-малшылардың жерді теңдей иеленуі мен пайдалануы ойластырылды. Шаруалардың барлығы дерлік ауыл шаруашылық өнімдерін еркін өндіру құқығына ие болды. Мемлекеттік өнім дайындау жүйесі таратылып, агрономиялық өнімдерге баға еркін босатылды, барынша жеңілдетілген салық жүйесі енгізілді. Мемлекеттің белгілеген жоспарынан артық өндірілген өнім шаруалардың игілігіне айналды. Мұның барлығы шаруаларды еңбектенуге, жерді тыңайту мен күтуге, асыл тұқымдандыру арқылы артық өнім алуға ынталандырды. Ауылдық жерлердегі еңбеккерлердің өмір сапасы жоғарылап, ауыл шаруашылығы тұтасымен модернизацияға ұшырады. Ең бастысы – Қытай қысқа мерзім ішінде азық-түлік қауіпсіздігіне қол жеткізіп, көп санды халқының тоя тамақтануын қамтамасыз ете алды. Қытайлық шаруа­лардың мұндай жетістікке қол жеткізуі өз кезегінде ауыл шаруашылық өнімдерін экспортқа шығаруға мүмкіндік берді. Ал, Қытаймен көршілес кеңестік республикаларда жүрген реформалар болса халық шаруашылығының дамуына емес, кері­сін­ше, кешенді қожырап-тозуға әкеліп соқты. КСРО-да жүрге­н горбачевтық «қайта құрулар» жоғарыдан берілетін нұсқаулар түрінде жүргізілсе, қытайлық реформалау төменгі деңгейлердегі бас­та­маларды жоғарыдағылардың қол­дауы­мен жүзеге асты. Экономикадағы идео­логияның рөлі мен оған биліктің қол сұғуы бүкіл қытайлық ауқымда барынша төмендетілді. Яғни, ел ауқымында жүр­гізілген реформалардың дені «азиялық экономикалық жолбарыстардың» үлгісіне негізделді.
1980 жылдың 20 қазанында Қытай Коммунистік партиясы (ҚКП) Орталық комитеті арнайы шешім қабылдап, ресми түрде әлеуметтік-экономикалық жүйені реформалауға көшті. Сөйтіп, қытайлық социалистік экономика – «мазмұнында жоспарлау элементі бар тауарлы экономика» деп анықталды. Бұл тұрғыда Дэн Сяопин: «Неге осы нарық туралы сөз болса, бірден капитализм туралы әңгіме қозғалады да, жоспарлау десе – социализм дейміз? Жоспарлау мен нарық – тәсілдер. Егер бұл тәсіл өндіргіш күштерді дамыту үшін пайдалы болса, неге оны қолданбасқа» – деген еді. Бұл ұстаным өзінің дұрыстығын дәлелдеп, қарқынды экономикалық дамуға серпін берді. Сонымен қатар, Дэн Сяопин қытайлық даму стратегиясының үш қадамын айқындады: бірінші қадам – халықтың қарны тоқ, киімі бүтін болатындай деңгейге қол жеткізу; екіншісі – ХХ ғасырдың соңында ІЖӨ төрт есеге өсіру; үшіншісі – жаңа ғасырдың 30-50 жылы ішінде орташа дамыған елдердің деңгейіне қол жеткізу. Осылайша, Қытай бірте-бірте бай, мықты, демократиялық және өркениетті социалистік елге айналады деген ұзақ мерзімді жоспар жасалды. Осы жерде айта кетерлік жәйт, ІЖӨ 2000 жылы төрт есеге – 2800 млрд. юаньға өсіру жоспарын Қытай 1994 жылы 2905,4 млрд. юань көрсеткішпен асыра орындап, мерзімінен бұрын қол жеткізді. Жалпы, Дэн Сяопин прагматик саясаткер ретінде танымал екенін айта кету қажет, оның айтқан мына бір сөзі бүкіл әлемге танымал: «Ақ мысық па, қара мысық па маңызды емес, егер ол тышқан ұстай алатын болса, онда ол жақсы мысық». Сол сияқты, социализм бе, нарық па, бәрібір, ең бастысы – елдің дамуына игі ықпал етсе болғаны. Осылайша, әлемде теңдесі жоқ «бір ел, екі түрлі жүйе» қалыптасты.
1984 жылдың қазан айынан бастап қытайлық экономикалық жаңғырудың екінші кезеңі – қалалардағы экономикалық жүйелерді реформалау басталды. Төрт ірі қала – Шэньчжэнь, Чжухай, Сямынь, Шаньтоу – арнайы экономикалық аймақтар болып жарияланып, төменгі салық режиміндегі еркін нарыққа көшті. Мысалы, Шэньчжэнь осыдан 30 жыл бұрын Гонконгқа жақын орналасқан теңіз жағасындағы шағын ғана балықшылардың қаласы болса, қазір ол 10 миллион тұрғыны бар ірі қалаға айналған Оңтүстік Қытайдың экономикалық орталығы саналады. Сонымен қатар, шағын бизнес пен жеңіл өнеркәсіпке, тұрмыстық техникалар мен машина жасауға барынша қолдау жасалды. Билік тарапынан бизнес өкілдеріне кедергі жасауға толық тосқауыл қойылды. Керісінше, жергілікті билік өкілдері өздерінің аймағында ашылған шағын-орта бизнес өкілдері мен кәсіпорындарға барлық қолайлы жағдайлар жасады. Несие саясаты да мемлекеттің қатаң қадағалауына алынды. Мысалы, банктік несиені ең көп дегенде 4-5 % сыйақымен беру арқылы қаржы секторы да әлеуметтік әділеттілікті сақтай отырып, Қытайдың үйлесімді экономикалық дамуына өз үлесін қосты. Бұл үрдіс әлі күнге дейін жалғасуда.
Дэн Сяопин 1985 жылы нарықтық социализмнің бастауында тұрып мынадай қағиданы қытайлық қоғамда нықтап бекітті: «Құрлықтық Қытай социалистік жүйені қолдайтын болады және жалған жолға – капиталистік жолға бұрылып кетпейді. Социализм мен капитализмді бір-бірінен айыратын ерекшеліктердің бірі – социализм жалпы гүлденуді біл­діреді, халықтың табыс табу бойынша бай-кедей болып полярға бөлініп, жіктелуіне жол бермейді. Жасалған байлық алдымен мемлекетке тиесілі, сосын барып адамдарға жетеді; сондықтан да, жаңа буржуазияның жоқ жерден туындауы мүмкін емес. Мемлекетке түскен пайда адамдардың әл-ауқатын жақсартуға жұмсалады, аз бөлігі ұлттық қорғанысты нығайтуға, ал, қалған бөлігі – экономиканы дамытуға, білім беру мен ғылымға, халықтың өмір сүру сапасы мен мәдени өрлеу деңгейлерін көтеруге бағытталады».
1988 жылдың екінші жартысынан бас­тап қытайлық ғалымдар «социалистік тауарлы экономиканың» орнына «социалистік нарықтық экономика» ұғымын қолдануды ұсынды. «Социалистік нарықтық экономика» жағдайында мемлекет экономиканы макроэкономикалық құралдар арқылы басқарып, әкімшілік ықпал етуді барынша тежеп, соның арқасында, Қытайдың біртұтас ұлттық нарығының құрылуына игі ықпал етті. Дегенмен, Қытай кереметінің негізін салған Дэн Сяопин 1989 жылы ресми түрде барлық лауазымынан өз еркімен бас тартуды ұйғарды. Оған бір жағынан, 1989 жылғы 15 сәуір мен 4 шілде аралығында КСРО-дағы қайта құрулар сияқты Қытайдағы саяси жүйені түбегейлі реформалауды көксеген студенттердің Тяньаньмэнь алаңында ұйымдастырып, аяғы қантөгіске ұласқан наразылық бас көтерулері себепші болды. 1992 жылдан бастап «жолдас Дэн» саясаттан кетті, бірақ, өмірінің соңына дейін Қытайдың рухани көшбасшысы болып қалды. Дэн Сяопин Қытай саясатында бұрын дәстүрге айналған өле-өлгенше билік басынан кетпеу әдетіне тосқауыл қойып, өзінен кейінгі билеушілерге үлгілі өнеге көрсетіп, партиялық билік алмасуының оңтайлы жолын салып берді. Өмірлік лауазымдылықты күшінен қалдырып, мемлекет басшысын таққа екі кезектен артық отырмайтын етіп белгілеп кетті. Яғни, екі бесжылдық жоспарды жүзеге асырып, он жыл елді билеген лауазымды тұлға өзінен кейін ізбасар дайындап, ерікті түрде билікті «қолдан қолға» өткізуі тиіс. Сонымен қатар, қызмет салаларында зейнеткерлік жасқа жеткендердің демалысқа кетулері қатаң бақылауға алынып, қарт кадрлардың жастарға орын беруіне, отыз бен қырық жас аралығындағы қабілетті жастардың жаппай жауапты қызметке өсуіне мүмкіндік жасалды.
1989 жылы ҚКП төрағалығына уақытша келгендей болған Цзян Цзэминь 1993 жылы ҚХР төрағасы болды. Ол Дэн Сяопин бастаған реформаларды одан әрі жалғастырды. 1993 жылы Қытайдың ІЖӨ өсімі 10% емес, тіптен, 13% дейін артып кетті. Мұндай жәйтке ҚХР үкіметі қатты алаңдаушылық білдірді, өйткені, экономиканың қатты қарқынмен дамуы түрлі жағымсыз зардаптарға әкелетін қатерлі құбылыс саналады. Қытай «помо жиңжи», яғни, «көбік экономикалық дамудың» қаупінен сақтануда бай көршісі – Жапонияның тәжірибесіне сүйенді.
Бұл кезеңге тән ерекшелік – дамуы артта қалған Батыс Қытайды жетілдіру және қалыпты дамудағы Шығыс-солтүстіктегі көне ауыр өнеркәсіп базасын одан әрі жаңғырту саясаты болды. «Сийю өңірі», яғни, Батыс Қытай провинциялары пост­кеңестік кеңістік пен Еуропаға шығатын транзиттік дәліз қызметін атқаруына қажетті барлық инфрақұрылымдық қамтамасыз ету ісі жүзеге асырылды. Ал, шығыс-солтүстік аймақтағы экономиканың шынайы секторына шетелдік инвестиция мен технологияны тарту қатар жүргізілді. Өте қолайлы әрі жеңіл салық-несие саясаты билік тарапынан экономиканы дамытуға қосымша көмек беріп, игі ықпалын тигізді.
Цзян Цзэминьнің билік басына келген кезеңі Қытайдың аяғына тұрып, әлемдік нарықтарды жаулауға ниеттенген кезеңімен тұспа-тұс келді. Оның басшылығымен Қытай Дүниежүзілік сауда ұйымына кірді, экономикалық және әскери әлеуетін арттырды, Азия-Тынық мұхиты аймағындағы көшбасшыға айналды, Шанхай қаласында АСЕАН саммитін өткізді, 2008 жылы Пекин олимпиадасын өткізді. Спорт – елдің абыройы мен халықаралық имиджі ғана емес, сау да саламатты өмірдің кепілі деп түсінген Қытай спортқа бұрынғыдан да күшті көңіл бөле бастады. Цзян Цзэминь «үштік өкілдік» теориясын ұсынып, оны ҚКП партиялық бағдарламаға айналдырды. «Үштік өкілдіктің» мәні мынада: біріншіден, партия қытайлық алдыңғы қатарлы өндіргіш күштердің дамуына бағытталған талаптарға; екіншіден, партия Қытайдың мәдениетін озық ететін прогрессивтік бағыттарға; үшіншіден, компартия қытай халқының сан түрлі қабаттарының мүдделеріне өкілдік етеді. «Үштік өкілдік» идеясын ҚКП марксизма-ленинизмнің идеяларымен, Мао Цзэдунның ұстанымдарымен, Дэн Сяопиннің теорияларымен қатар ұзақ мерзім бойына ұстанады.  «Үштік өкілдік» жұмысшы-шаруалар мен    интеллигенцияның саяси құқықтарын теңестіріп қана қоймай, жеке кәсіпкерлерге де партия есігін айқара ашты. Цзян Цзэминь тұсында қолға алынған тағы бір жауапты міндет, «сяокан» қоғамын, яғни, орта дәулеттілер қоғамын құру болды. ҚКП XVI съезі «сяокан» қоғамына қол жеткізу арқылы қытайлықтардың жан басына шаққандағы табыс деңгейін орташа дамыған елдердің деңгейіне жеткізуді көздейді. Тәуелсіз сарапшылардың мәліметі бойынша, қазір бұл көрсеткіш 26959 юаньды немесе 4 292 АҚШ долларына тең (бір АҚШ долл.- 6,28 юань).  Қытайда 1,5 млрд. тақау халық бар екенін ескерсек, бүкіл елдің табысын қоссақ, қыруар қаржы болмақ.  Ал, Қытайдың Ұлт­тық статистикалық бюросының көрсе­туінше, ІЖӨ $7,3 трлн., жан басына шаққандағы табыс $5,5 мың. Әзірге, ҚХР азаматы табыс деңгейі бойынша әлемде 101 орында тұр. Орта дәулеттілердің «сяокан» қоғамы тек табыс табуды ғана емес, жан-жақты дамуды мақсат тұтады: саяси, экономикалық, мәдени, т.б.
Саяси дәстүрді ұстана отырып, Цзян Цзэминь 2002-2005 жылдар аралығында ҚКП ОК Бас хатшылығын, республика төрағалығын, ҚКП Орталық әскери кеңес төрағалығын Ху Цзиньтаоға аманат етті. Қытай аймақтарының хал-ахуалымен етене таныс болса да, Ху ел аралап, қарапайым еңбеккерлердің тыныс-тіршілігін өз көзімен көргенді қалайтын. Ол қарапайым өмір сүруді насихаттап қана қоймай, өзі үлгі көрсетуге тырысты. Жұмысқа велосипедпен барып, өзіне дейін дәстүрге айналған мемлекеттік дәрежедегі сән-салтанаттардың санын күрт қысқартты. Чиновниктердің мемлекеттік қызметті пайдаланып, түрлі іс-шараларға бюджет қаржысын ысырап етіп жұмсауына тыйым салды. Мемлекет басшысының қарапайымдылығы мен қайырымдылығын бір жағынан, қытайлық халықтың кедей бөлігі қатты қолдаса, екінші жағынан, мұндай ұстаным кедейлер мен байлар арасындағы өмір деңгейінің алшақтығын азайтты. Ол сонымен қатар, теңіз жағалауындағы күш­ті дамыған аймақтардың ішкі және батыс аймақтарға көмектесу саясатын жүргізіп, қытайлық қоғамның үйлесімді дамуына күш салды. «Үйлесімді даму» немесе ғылыми даму саясаты – Батыс және Шығыс Қытай, ауыл мен қала, кедей мен бай, теңіз жағалауы мен құрлық ішіндегі аймақтар арасындағы теңсіздіктерді барынша азайтуға бағытталды. Бұл бағытта Қытай үкіметі аянған жоқ, әсі­ресе, ауыл-аймақтарға барынша қо­лайлы жағдайлар жасалды: ауыл ша­руашылығымен айналысатын шаруаларға 5-10 мың АҚШ доллары ара­лығындағы несие ешбір пайызсыз 2 жылға берілді. Бұл игі бастама да әлі күнге дейін өзінің жалғасын табуда.
Ху Цзиньтао партия ішіндегі тәртіпке де қатаң қарады: партия мүшелері идеологиялық материалдарды зерделеуге, басшылыққа мойынұсынуын жазбаша куәлендіруге міндетті болды. Ху тұсында ҚКП ішінде екі идеологиялық қанат туындады. «Оңшылдар» қоғамның ашықтығын, банк жүйесі мен жеке мен­шіктің жеделдетілген реформасын ұсынса, «солшылдар» реформаларды қысқартуды, шетелдердің ықпалын азайтуды, байлықты қайта бөлуді, кедей шаруа қабаттарын субсидиялауды аңсады. Ол партия ішінде пайда болған «оңшыл» және «солшыл» бағыттарды бөліп-жармай, екеуіне де қолдау білдіріп, саяси күштердің тепе-теңдігін таба білді. Яғни, Ху Цзиньтао ішкі саяси бағытты екі тармақта жүргізді: экономикада реформаны жалғастыру және ҚКП қоғамдық саладағы дәстүрлі саясатын сақтау. Экономикалық либералдану қатаң қоғамдық бақылаумен жүруде, оның ішінде, сыбайлас жемқорлықпен күресу күн тәртібінен түспейтін өткір мәселеге айналған. Компартияның билігіне қауіп төндіретін барлық факторлар шектеліп, цензураланды. Әсіресе, интернет арқылы ақпарат тарату қатаң бақылауға алынды. Сонымен қатар, Ху Цзиньтао Қытайдың ішкі бірлігін сақтау жолында біраз тер төгуіне тура келді. Оның билік басына келген жылдары Тайвань, Тибет, Шыңжаң-Ұйғыр мәселелері өзекті болды. Осының нәтижесінде, 2005 жылы 14 наурызда «Мемлекетті бөлуге қарсы тұру туралы» арнайы заң Қытайда күшіне енді. Ху Цзиньтао тұсында Қытай әлемдегі экономикалық күшті держава мәртебесін нығайтты. 2011 жылы ІЖӨ көлемі 5,8 триллион доллар құраған ҚХР Жапонияны басып озып, АҚШ-тан кейінгі екінші орынға шықты. Шапшаң темір жолдарының ұзақтығы жөнінен әлемдегі бірінші орын иеленіп, Африка құрлығындағы ең ірі инвесторға айналды.
Ху Цзиньтао кезеңіне тән тағы бір ерекшелік – дайын өнімді экспортқа шығаруды азайтып, елдің ішкі нарығын кеңейтуді қолға алу болды. Бұл үшін қытайлық жұмысшылардың еңбекақысы мен тұрмыс деңгейін көтеру арқылы ішкі нарықтағы сұраныс деңгейін көтеру межеленді. Бұл өз кезегінде, Қытай экономикасының әлемдік экономикадағы дағдарыстарға тәуелділігін азайтты (адамзаттың ширегіне жуығы қытайлық, осыдан-ақ ҚХР ішкі нарығының әлеуеті қандай екенін шамалауға болады). Худың бұл саясаты өзін-өзі толық ақтады: 1998 жылғы Оңтүстік-шығыс Азияны жайлап, 2007 жылдан бүкіл әлемде жүрген дағдарыстар Қытай экономикасына айтарлықтай ықпал ете алмады.
Көреген саясаткер ретінде, Ху Цзиньтао Қытайдағы ғылыми-техникалық дамудың елдің мәдени дамуынан озып кетуіне алаңдады. Мұндай сыңаржақ даму қытайлықтарды адамгершілік пен имандылықтан, обал-сауап пен қанағатшылдықтан жұрдай ететін рухани жағынан қауіпті үрдіс деп санады. Ерекше айта кететін мәселе, Ху Цзиньтао Қытай азаматтарына арналған «Сегіз қайырымды және сегіз кінәрат» (Ба Жун Ба Чи) атты моральдық тұжырымдар мен құндылықтар жиынтығын ұсынды:
Бірінші: Отанды сүй; Оған зиян жасама;
Екінші: Халыққа қызмет ет; оны ешқашан сатып кетпе;
Үшінші: Ғылымға сүйен; надан болма;
Төртінші: Зерек бол; жалқау болма;
Бесінші: Ізетті бол, әркімге көмектес; біреудің есебінен пайда таппа;
Алтыншы: Адал және ұқыпты бол; пайда үшін ар-намыс ұстанымынан аттама;
Жетінші: Тәртіпті бол және заңға бағын; хаос пен заңсыздыққа жол жоқ;
Сегізінші: Қарапайым өмір сүр, аянбай еңбек ет; байлық-барлыққа мастанып, рахат сезімге елітіп кетпе.
Бұл туынды бастапқыда Қытай коммунистері үшін, оның ішінде, әсіресе, чиновниктерге бағытталды. Ондағы мақсат – мемлекеттік қыз­мет­керлерді патриоттыққа, ынсап пен қа­н­ағатқа шақыра отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске ар-ұят, намыс, имандылық, ерік-жігер, отансүйгіштік сияқты асыл қасиеттерді жұмылдыру болатын. Бүгінгі таңда «Сегіз қайырымды және сегіз кінәрат» әрбір қытайлықтың жүрегіне жол тартып, күнделікті өмірде басшылыққа алынатын ұстаным-қағидаларға айналған.
Қалыптасқан саяси дәстүрге сәйкес, 2012 жылғы қарашада ҚКП XVIII съезінде Ху Цзиньтао партияның ОК құрамынан шығып, 15 қарашада өткен пленумда ҚКП ОК төрағасы болып Си Цзиньпин сайланып, ол 2013 жылы ҚХР жаңа төрағасы болды. Си Цзиньпин де қалыптасқан саяси дәстүрді сақтауда: өзіне дейінгі көшбасшылардың саяси бағытын жалғастыра отырып, ол енді «қытайлық арманды» жүзеге асыратынын мәлімдеді. Сондықтан да, ол «қытайлық арманға» жетуге кедергі келтіретін қоғамдық кеселдер – сыбайлас жемқорлық пен әлеуметтік теңсіздікке қарсы күресті басым саяси бағыттар ретінде айқындады. Яғни, жаңаша экономикалық даму жем­қорлықтан таза және әлеуметтік әділет­тілікке негізделуі тиіс. Си Цзиньпин атап көр­сет­кендей, «жаңа басшылық формализм, бюрократизм, гедонизм мен ысы­рапшылдыққа батыл қарсылық жасайды, сыбайлас жемқорлық пен тәртіп бұзушылықтың барлық көріністеріне қарсы бел шешіп күресетін болады». Қытайлық биліктің ерекшелігі, айтылды бітті, орындалуы міндетті. Оларда жемқорлық қылмыстар қатаң жазаланады, Қазақстандағыдай жұмсақ емес, өлім жазасын қолдануға дейін барады. Бізде кейбір шенеуніктер миллиондаған теңгенің қылмысын жасап, жаза ретінде – шартты түрде бас бостандығынан айырылумен ғана құтылып жатады. Ал, Қытайда жемқорлық қылмыстардың жазасы өте ауыр, мемлекеттік бюджеттен ұрлап жегенін желкесінен шығарып, мал-мүлкін тәркілеп, халық қазынасына қол салған ұрының өзін түрмеде шірітіп, тіптен, кейбірін өлім жазасына қияды. Жалпы, соңғы 30 жылда 4 млн. астам жемқор анықталып, жазасын алған, оның мыңға жуығы жоғарғы мемлекеттік биліктің чиновниктері. 2000 жылдан бері 10 мыңға таяу ірі жемқор шенеунік атылса, 120 мыңдай коррупционер 10-20 аралығындағы бас бостандығынан айырумен жазаланған.
Си Цзиньпин «сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы күрес – тек қана арнау­лы мемлекеттік-партиялық ор­ган­дар айналысатын іс емес, бұл – бүкіл қоғам жұмыла кіріспесе дес бермейтін дерт» деген қағиданы отандастарының санасына сіңіруге күш салуда. Қоғамдық бақылауды дұрыс жолға қойып, коррупциямен күресуді жалпыхалықтық міндет етіп қойды. Қазір қарапайым қытайлықтардың өзі ел ішіндегі жебір шенеуніктердің жүріс-тұрысын, тұрмыс-тіршілігін жан-жақты қадағалап, қоғамдық ауқымда бақылауға кең мүмкіндіктер алды. Қандай да бір шенеунік қымбат көлік мініп, сән-салтанат құрса, зәулім-сарай үй сала қалса, оны байқаған қытайлық азамат арнаулы органдарға хабарлайды. Мұндай сигналдарды тез арада арнайы органдар тексеріп, арты қуыс шенеунік тапқан табысының заңдылығын дәлелдей алмаса, онда бұл – жемқорлық фактісі деп бағаланады. Сонымен қатар, қытайлық жемқор шенеуніктердің арасында бұрыннан қалыптасқан, жазылмаған дәстүрлердің бірі – астыртын түрде нақсүйер сұлуды сүю, ашына ұстау болатын (кейбір қазақстандық шенеуніктердің тоқал алып, құпия махаббат құратыны сияқты). Қытайлықтар өздерінің қатынқұмар һәм ашкөз шенеу­ніктерін әшкерелеуге қызу кірісіп, бұл салада да бірқатар тәртіп орната алды. Бұдан бөлек, шенеуніктер қызметтік кө­лік ретінде қандай маркалы автоны пайдаланатыны қадағалануда: аса қымбат көліктердің орнына арзандау әрі үнемді көліктерге көшу қолға алынған. Қызметтік көліктерді шенеуніктердің жеке шаруасына пайдалануына қатаң тыйым салынған, жұмыстан тыс уақытта олар арнайы тұ­рақ­тарға қойылады. Жоғарыда аталған іс-шаралардың барлығының жүзеге асуын халықтың мұқият қадағалуы жан-жақты қарастырылған. Қытайлықтардың санасында мемлекеттік бюджет бүкіл халықтың игілігі, ортақ қар­жы-қа­ражатты ел болып, орынды және үнемді жұмсау қажет деген ұстаным берік қалыптасып келеді. Бұл тұстан да қазақ­стандықтардың алатын сабақтары көп. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтің кәсіби дәрежесін арттыру мақсатында реформалар жалғасуда, дамыған демократиялық елдердегі сияқты чиновниктер корпусын конкурстық негізде қалыптастыру жолға қойылған. Қытайда бұл сала бойынша да бәсекелестік өте күшті: мемлекеттік қызметке тұру үшін жылына 1,4 миллион үміткер арнайы ұлттық емтихан тапсырады, бұл бір орынға үш мыңға тақау адам таласады деген сөз.
Си Цзиньпин теңіз порттарынан еркін экспорт-импорт жүзеге асатын арнайы экономикалық аймақтарын құруға ниеттенуде, әсіресе, Шанхайды Дубай үлгі­сіндегі әлемдік деңгейдегі қаржы-сауда орталығына айналдыруға күш салынып жатыр. Шанхайдың Вайгаоцао, Пудун аудандарының өзі анша-мұнша елдердің астаналарына бергісіз дамып кеткен. Қазір қытайлықтар мұнда ұлттық валюталары – юаньды шетел валютасына айырбастамай-ақ, халықаралық сауданың құралына айналдыруға талпынуда. Бұдан бөлек: 5 арнайы экономикалық аймақ (Шэньчжэнь, Чжухай, Шаньтоу, Сямэнь, Хайнань); мемлекеттік деңгейдегі тех­никалық-экономикалық дамуға арнал­ған 90 аймақ (Пекин, Гуанчжоу, Тяньцзинь, Далянь, Харбин, Үрімші, Ухань, Чунцин, Ханчжоу, Шэньян, Чанчунь, Инкоу және басқа ірі қалаларда шоғырланған); жоғарғы технологиялық 75 аймақ (Пекинде «Чжунгуньцунь», Шанхайдың Пудунындағы «Чжанцзян», сондай-ақ, Нанкин, Чэнду, Гуанчжоу т.б. қалалардағы жоғары техно­логиялық ашық аймақтар); кедендік еркін 13 аймақ (Шанхай, Тяньцзинь, Далянь, Гуанчжоу, Нинбо, Чжанцзяган, Хайкоу, Сямэнь, Фучжоу, Циндао, Шаньтоу, Чжухай, Шэньчжэнь қалаларында); мемлекеттік деңгейдегі шекара маңы экономикалық ынтымақтастығына арналған 14 аймақ: Хэйхэ, Суйфэньхэ (Хэйлунцзян провинциясы), Маньчжоули, Эрлянь (Ішкі Моңғолия автономды ауданы), Хуэйчунь (Цзилинь провинциясы), Даньдун (Ляонин провинциясы), Инин, Болэ, Тачэн (Шыңжаң-Ұйғыр автономды ауданы), Пинсян, Дунсин (Гуанси-Чжуан автономды ауданы), Жуйли, Ваньтин, Хэкоу (Юньнань провинциясы) өте қарқынды даму үстінде.
Си Цзиньпиннің ерекше назар аударған салаларының бірі – экологиялық қауіп­сіздік. Өйткені, индустрияланудың даңғыл жолына түскен Қытай экономикасы қор­шаған ортаға түрлі зиянын келтіруде. Жер, су, ауаны қасиетті стихиялар деп санайтын ежелгі шығыстық дана философияны индустриялану, нарық, тауар, пайда деген утилитарлық-тұтынушылық заманауи ұғымдар тұншықтырды. Техногендік және антропогендік әсер ету Қытай халқының денсаулығын бұзып, табиғи тепе-теңдікті шайқалтуда, флора мен фаунаның сан-алуандығын жойып, орны толмас зардаптарға ұрындыруда. Сондықтан, ҚКП жаңа басшылығы елдің экономикалық дамуын экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар өрбітіп, ресурс үнемдеу, экологиялық таза технологиялар қолдану, балама энергия көздерін пайдалану сияқты инновациялық жолмен жүзеге асыруды көздеп отыр. 12 бесжылдық (2011-2015) экстенсивті өндірістен интенсивтіге өтумен және инновациялық экономиканы дамытумен ерекшеленіп отыр.
Си Цзиньпин сыртқы саясатта бей­біт қарым-қатынас пен өзара тиімді ынтымақтастықты ұстанатынын айтып, осы бағытта әрекет етуде. Олар қандай да бір елге экономикалық немесе энергетикалық тәуелді болғысы келмейді. Қазақстанның мұнайы мен газына қарап қалмай, Си мырзаның Орталық Азия елдерін аралап, олардың бәрімен тығыз байланыс орнатып қайтуы да осыдан. Қытайлық биліктің прагматизміне Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет басшыларының Бішкекте өткен басқосуында бүкіл әлем де куә болды. Дегенмен, Қытай «Құдай сақтансаң ғана сақтайды» деген қағиданы ескере отырып, әскери әлеуетін жыл өткен сайын күшейте түсуде. Қазір әлемдегі әскер саны ең көп мемлекет – Қытай болып табылады. Қысқасы, Қытай өзін қай жағынан алғанда да тәуелсіз ел ретінде жан-жақты дамытуға тырысуда.
Қорыта айтар болсақ, Қытайдың соңғы отыз жылдық даму тарихындағы жүргізген реформалары мен ашықтық саясатының нәтижесінде қол жеткізген табыстары орасан зор: қытайлық ерекшеліктегі социализм жолындағы ауыл шаруашылығы 1,3 млрд. халқын азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, әлемге экспорттайды, білім беруге ІЖӨ 4 % жұмсайтын дәрежеге қол жеткізді, халқының 28 % жастар (15-35 жас арасындағылар 372 млн. адам), кедейшілікпен күреске ерекше мән берілуде (соңғы онжылдықта қазынадан 204,38 млрд. юань/31 млрд. АҚШ долларынан астам қаражат жұмсалған), нәтижесінде кедейлер 250 млн. адамнан 14,79 млн. адамға дейін кеміп, 17 есе азайған. 30 жылда 1 трлн. АҚШ долларынан астам шетел инвестициясы тартылып, 340 млрд. доллар несие игерілген. Әлемдегі жасалған әрбір төртінші жеңіл автөкөлік те қытайлық. Айта берсек, Қытайдың отыз жылдағы олжалаған табыстары бізді тамсандыра береді.
Ал, енді, «Қытай ғажайыбынан» Қазақстан нендей сабақ ала алады? Алатын сабақтар жетерлік. Негізгілерін атап айтсақ, мынадай ой-тоқтам жасауымызға болады. Уақыты келгенде Қазақстандағы биліктің алмасатыны ақиқат. Өмірдің табиғи заңы да, қалыптасқан демократиялық саяси дәстүр де солай, өзгеріп, түрленіп, дамып отырады. Жоғарыда айтылғандай, Қытайдағы сияқты, Қазақстанға да билік алмасуын сілкініссіз өтетіндей етіп, Елбасымыздың салып берген сара жолымен халықты жарқын болашаққа бастайтын көшбасшы ізбасар дайындау тәжірибесін ойластыру заман талабы болып табылады. Және де, бұл өзекті мәселе соңғы кездері қоғамдық пікірге қозғау салып, қызу талқыланып жүргені де жасырын емес.
Осы уақытқа дейін Қазақстан «алдымен экономика, сосын саясат» деген қағиданы ұстанып келді. Бұл ұстаным арқасында көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Қазақ­станның жаңа даму кезеңінде сая­си реформаларды алдыңғы орынға қою қажеттілігі туындап келе жатқаны байқалады. Сондықтан, экономикалық реформаларды тереңдете отырып, одан саяси жүйенің реформалаудан қалып қалмауын ойластыруымыз қажет. Бұл тұста да Қытайдан үлгі алуымызға болады.
Қытаймен салыстырғанда, Қазақ­станның тағы бір басты кемшілігі көрінеді. Қытай алдыға қойған мақ­саттары мен жоспарларын нақты бір уақыт ішінде шынайы жүзеге асырады, ал, Қазақстан болса, күшті жоспарлар жасап, мықты мемлекеттік бағдарламалар қабылдайды, оны жүзеге асыруға қажет­ті қаржы-қаражатты да табады, бірақ, дұрыстап жүзеге асыра алмайды. Яғни, нәтижелік аз, тиянақтылық пен тиімділік те жетіспейді. Осы кем­­шілікті түземей, біз дамымаймыз, жоспар жайына қалып, қаржы да желге ұша бермек. Қазақстандағы өлім жазасына жарияланған мараторийді алып тастап, ауыр қылмыстарға өлім жазасын қолдану қажеттілікке айналып келе жатқан сияқты. Себебі, соңғы жылдары елімізде айуандықпен жасалатын ауыр қылмыстардың саны артып барады. Біздің қоғамымыз гуманды құқық қорғау жүйесіне әлі дайын еместігін көрсетіп отыр, құқықтық сауаттылық пен құқықтық мәдениеттің деңгейі де төмен. Заңнама мен жазалауды қатаңдатпай болмайды. Бұл жайлы жақында өткен Қазақстандық фило­софтардың конгресінде де ашық айтылып, оны ғалымдарымыз қызу қолдады. Сол сияқты, мемлекеттік бюджетті тонап, аса үлкен сомада талан-тараж жасаған жемқорларға Қытайдағыдай өлім жазасын тәркілеумен қатар қолдану қажет. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген сөз тегін айтылмаған. Қатаң жаза болмай, ұрлық-қарлық қылмыстар да тиылмайды. Мемлекеттік қызметке кірісерде ант берген опасыз чиновниктердің жасаған сыбайлас жемқорлығын мемлекеттік сатқындық деп бағалау қажет-ақ. Мемлекеттік сатып алу, бюджетті атқару салаларын реформалап, олқылықтарын түзеп, жемқорлықты туындатушы алғышарттарды жою қажет. Ал, Қазақстан халқы мемлекеттік бюджеттің бүкіл елге ортақ игілік екенін, бюджет қазынасы салық төлеушілер арқылы қалып­тасатынын санасына сіңіруі тиіс. Сондықтан, халықтық қаржы-қаражаттың орын-орнымен жұмсалуына қоғамдық бақылау орнатып, жемқорлықпен күресті жалпыхалықтық іске айналдыратын мезгіл келді. Сыбайлас жемқорлыққа барша қазақстандық халық бірігіп, Қытайдағы сияқты, азаматтық күрес жүргізбей жағдай жақсармайды.
Қазақстан индустриалдық-иннова­циялық дамуға ерекше мән беруде. Бұл әрине, қуанып құптарлық мәселе. Дегенмен, ел халқының жартысы ауылдық жерлерде тұратынын ескерсек, біз ҚХР сияқты, аграрлық дамуға барын­ша басымдық беруге тиіспіз. Кең байтақ қазақ жері ауыл шаруашылығына қолай­лы, ата-бабаларымыз ежелден мал шаруа­шылығына бейімделген. Егін салудан да құр алақан емеспіз. Қазақстандық аграрлық өнімдер өзінің экологиялық тазалығы, сапасы мен құндылығы жағынан әлемдік нарықтан өз орнын ойып тұрып алуға қабілетті. Ауыл шаруашылығын дамытудың мультипликативтік әсері де орасан зор. Ауыл – қазақтың алтын қазынасы һәм дәстүрлі қара тамыры.
Қытайдан үйренетін тағы бір ма­ңызды мәселеміз – салық және несие сая­саттары. Қазақстандағы несиенің сыйақылық пайызы – өте жоғары, мәні – әлеуметтік әділетсіз, шарттары – арамза әрі қатігез. Үкіметіміз салық деңгейін көтереміз деп, халықты бір шулатып алғаны да белгілі. Түрлі тарифтер де жылына екі реттен қымбаттап, халықтың тұрмыс-тіршілігін одан әрмен титықтатып барады. «Кабала» несиелер қайыр-қайтарымсыз болса, ауыр салықтар олардан жалтаруды туындатады. Қымбатшылыққа арқау болып отырған инфляция да халықтың табан ақы, маңдай терімен тапқан азын-аулақ табысын құнсыздандыруын тоқтатар емес. Мұның барлығы, түптеп келгенде, еліміздің экономикалық дамуын тежеуші жағымсыз факторларға айналуда. Мұндай жағдайда адами капиталдың сапасын көтеру де қиынға соғары сөзсіз. Осы салаларды әлеуметтік әділеттілікке негіздеп, мемлекеттік деңгейде рационалды реттеуге болмас па екен? Жоғарыда қарастырғанымыздай, кезінде жағдайы біздікінен әлдеқайда мүшкіл болған Аспан асты елі бүгінде керемет дамуға қол жеткізді ғой? Иә, бәрін айт та бірін айт, ғажайыпқа толы Қытайдан Қазақ елінің үйренері өте көп.

 

Алдыңғы «
Келесі »

4 Пікір бар

  1. Қытайлықтар еңбексүйгіштіктің арқасынан тез дамып кеттіде дамыған елге айналды , ал біз болсақ біз еріншекпіз біздің жастар еріншек идея бар мемлекет тарапынан колдау бар ал сол идеяны жузеге асыруга ерінеді

  2. Жалқау адамда Едде болмаиды?.. қалаи жүьыс ыстеисың? жемқорлық жане ақша жоқ баныктерың терыңды емес қаныңды сорып адады.. қаи бағытта даму керегын аитып көрсетып отрған үкымет жоқ.. өзымыз ысти алатын ыстерды сырттан келетын тауардардан қорғамаиды..ал дамы қалаи дамисың? халықтың көбы кедеи? үдкен репорма керек .. түбегеилы өзгеру болмаинша осылаи алы быр 20 жыл жүремыз..

  3. Қазақстанда заңдылық сақталмайынша, елдің даму мүмкін емес. Мемлекет шынында халыққа қарай бет бұрса, салық азайса, жағдайлар жасалса. Билік ауысупай, бізде олай бола қоймас. Ұлтжанды, патриот ел билеушілер, чиновниктер отанын сүйетін азаматтармен бірігіп жұмыс істесе ғана Қазақстан дамиды. Қазақстанда өлім жазасына жарияланған мараториді алып тастауды толық қолдаймын. Жемқорларды аямау керек. Қытай сияқты даму арман бізге. Бірақ жақсылап тырыссақ, қолымыздан келетін шығар, қытайлар жасады ғой.

  4. Шіркін-ай! Қазақстан ғажайыбы деген қиял-арман болды, түсімізге де кірмейтін шығар…… 2050 жылы ғажайып ел болып қалармыз бәлкім. Қазір жасым 40, 2050-2013=37, 40+37 = 77 жас. Селкілдеген шал болғанда еске алармыз, осы кезді, ондай жасқа жетуді Алла тағала маңдайға жазса. Бірақ, кеш болады бізге, 77 жаста адамға онша көп нәрсе керек те емес қой. Қазір болса ғой бізде, Қытайдағыдай жағдай. Әй, қайдам. Аман болайық әйтеуір…

Пікірлерге тыйым салынады.