БИЛІКТІҢ ТАРИХҚА ӘСЕРІ МОЛ

  • 14.11.2013
  • 388 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Оразақ Смағұлов,
ҰҒА академигі, Болония
ғылым Академиясының
мүше-корреспонденті

Жалпы, халық тарихы көп салалы ғылым қатарына жатады. Оның бір­неше бөлімдері бар. Солардың ішінде бастысы және қыйыны халық тарихының шығу тегі, этномәдени тарихы, халықтың азаматтық тарихы, қоғамдық тарихы, тіл тарихы, бодандық тарихы, азаттық тарихы, ел басшылар тарихы, философиялық тарих, т.б. бөлімдерін айтуға болады. Барлық аталмыш салалар бойынша бір адам ғана тарихшы болуы мүмкін емес. Белгілі бір тарихи саланың маманы болу үшін, ол адамның маманданған тәжірибесі және қолында жиналған нақты деректер мен құжаттар болуы керек. Сонда ғана ол адамның тарихшы маман ретінде қызмет етіп және мәселені дұрыс ұғына біліп, әділеттік жұмыс жазуға мүмкіндігі болады. Бірақ, тарихтың қай саласы болмасын маман адам орынсыз аңызға, мифтерге, саяси ағымдарға т.б. дәлелсіз сөздерге сүйенбей, шама келгенше деректемелерге, тиісті артефактілерге байланысты айтуы және жазуы керек. Басқа жағдайда ондай адамды тарихшы деп атауға болмайды. Ал, қоғамдағы билік жүйесіне келетін болсақ, онда оның тарихқа деген әсері өте мол. Әсіресе, бо­дандық биліктің халық тарихына деген жағымсыз жағы жазылып келді. Бұл жай дұрыс ескерілмесе биліктің тарихқа деген қиянаты, зияны шексіз болуы мүмкін.


Ал, енді, бүгінгі таңдағы Отан тарихын жазатын тарихшылар аталмыш жайды қатты ескерулері қажет. Соны­мен қатар, халық атауына, этнотермин­дерге, әкімшілік пен географиялық атау­лардың мән-мағынасын ажырата білу керек. Өйткені, халық тарихы мен оның этникалық атауы басқа атауларға қарағанда әлдеқайда терең этномәдени мағына біл­діреді. Сондықтан, қазақ хал­қы­ның көне тарихы өте ерте заманнан бастау алғанына және оны Көне Қазақ жұрты деп атағанымыз ғылыми шындыққа бір табан жақын екендігін есте ұстаған жөн. Мәселен, «Қазақстан» деген жер атауы тек XVI ғасырда пайда болғаны тарихта мәлім және оны соңғы үш ғасыр бойы бодандық дәуірінде этнотермин ретінде санамызға әбден сіңіргені барлығымызға мәлім. Шынтуайтына келгенде, XVI ғасырдан бастап барлық қазақ жері мен су аймақтарын тек Қазақ Елі деп аталуға тиіс еді. Амал не, оған бодандық билігінің үстемдігі мүм­кіншілік бермегені аян.
Бүгінгі егеменді заманда алғаш рет қазақ халқының шынайы Отан тарихын жазу талабы қолға алынып жатқаны өте орынды, лайым бұл жай халқымыздың игілігіне жазсын. Отан тарихына орай күрделі мәселелер саны айтарлықтай көп. Солардың біріне қазақ халқының шығу тегі жатады. Жалпы, туған халқымыздың шығу тегін нақты білмесек, онда оның қайда бара жатқанын қалай білмекпіз? Егер, бұл жай дәл бүгінгідей қала берсе ертең ата жолынан адасарымыз хақ. Сондықтан, бұл мәселе барынша кешенді түрде зерттелуі қажет. Бір өкініштісі XX ғасырдың аяғына шейін қазақ халқының шығу тегін сан-саққа жүгіртіп, оны, тіп­ті, тарихшы мен этнологтар аңыз бен миф­терге сүйеніп қазақтарды және оның ата-бабалары бүгінгі Қазақстан жеріне сырттан ауып келді деп жазғандары қайран қалдырады.
Бүгінгі таңда қазақ халқының этногенезі мен расогенезін нақты зерттейтін ғылым саласының бірі физикалық антропология болып саналады. Өйткені, бұл салада адамның биоәлеуметтік ерекшеліктері және олардың даму сатылары арнайы есеп­тер бойынша бағаланып, тиісті био­ста­тистикалық әдістемелер арқылы нақты анықтамалар шығарылады. Сонымен қатар, нәсіл – тек құрылымдарының ерек­шеліктері нақтыланады, яғни, гапло­тобының ДНК түрлерінің шежіресі си­пат­талады. Мұндай нақтылы этно­генезінің есеп жолдарымен ешбір қоғам­дар ғылымдары айналыса алмайды. Сон­дықтан, олардың бұл күнде этногенез мүмкіншілікері өте аз.
Физикалық антропология саласында Көне Қазақ жұрты мен Қазақ Елі­нің тұрғындарын кешенді зерттеулер арқылы, яғни, палео­антропологиялық, краниологиялық, остео­логиялық, одонтологиялық (тіс морфологиясы), серо­логиялық (қан жүйелері), дерма­тоглификалық (саусақ пен алақан бедер­лері) т.б. әдістемелері бойынша анық бол­ғандары, қазақ халқы өз елі мен өз жерінде ата-бабаларының нәсіл-тектері үзілмей келе жатқанына төрт мың жыл болғаны тайға таңба басқандай аян болып отыр. Сонымен қатар, бүгінгі қазақтардың морфофизиологиясында көне замандағы ата-бабаларының 1/3 бөлігі толық сақталып қалғаны тағы бар.
Сөйтіп, егеменді елімізде 40 ғасыр бойы нәсіл-тегі үзілмей тіршілік етіп келе жатқан бір ғана ұлт бар – ол қазақ халқы. Аталмыш халқымыздың бір ерекшелігі, оның даму сатысының антропологиялық құрылымының негі­зіне қарағанда келе­шекте де, яғни, үстіміздегі үшінші мың­жылдықтың аяғына дейін сақталып қала­тындығын байқатады. Сондықтан, қазақ халқының биоәлеуметтік құрылымын өзінің туған жерінде мәңгілік сақтауға барынша ұмтылыс жасау керек.

Алдыңғы «
Келесі »