Жаһандану үдерісі: БАҚ, мемлекет және зиялы

  • 14.11.2013
  • 2656 рет оқылды
  • Пікір жоқ

ҰЛТ МЕМЛЕКЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРА МА, ӘЛДЕ, МЕМЛЕКЕТ ҰЛТТЫ ҚАЛЫПТАСТЫРА МА?Еркебұлан Әлімханұлы,
Л. Н. Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің
PhD докторанты
«Жаһандану» терминінің ұлтты бірінші орынға қоятын, «ұлттық мемлекет – әлемнің өзегі» деп санайтын ғалымдар мен зиялылардың аузынан түспейтін бір үрдіске айналғанына да біраз жылдар өтті. Осы жылдар ішінде жаһандануға қарсы топтар мен ұйымдардың немесе ғалымдардың оның зияндығы туралы гипотезалары мен тұжырымдарына да құлағымыз үйренейін деді. Олардың барлығын мазалайтын негізгі мәселе «Ұлттық келбетімізді сақтай аламыз ба?», «Жаһандық мәдениеттің ішінде жұтылып кетпейміз бе?» деген сұрақтар төңірегінде екендігі анық. Өкі­нішке орай, біздің зиялыларымыз, көптеген саясаткерлеріміз кейінгі кезекке ысырып қойған осы проблема шындығында әрбір елінің ертеңіне алаңдайтын азаматтың бірінші сұрағы болуы тиіс екендігіне күн өткен сайын көзіміз жетіп отыр. Өйткені, жаһандану – алдымен халқының саны аз, әлі өзіндік идентификациясын түбегейлі қалыптастырып үлгермеген қазақ сияқты халықтарды бірінші жұтады… Сондықтан, оған қарсы тұрудың жолдарын осы бастан іздемесек, ертең кеш қаламыз. Жа­һанданудың аранынан аман қалу үшін хал­қымыздың бойында оған қарсы тұра аларлық, кері итерерлік «серіппе» немесе «иммунитет» қалыптастыруымыз керек, қоғамдық жерде талқыланатын негізгі толғауымыз да осы мәселенің төңірегінде болуы тиіс.


Жаһандану – кеше немесе бүгін басталған үдеріс емес (қашан басталғаны туралы тартыстар көп), оның сан ғасырлар бойына жалғасып, жер бетіндегі халықтар мен мемлекеттерді жұтып келе жатқан құбылысқа айналғаны ашық. Біздің заманымыздан бастап жер бетіндегі мемлекеттер мен кішігірім саяси бірлестіктердің, тайпалардың (халықтардың) саны біртіндеп азайып келе жатқандығына қарап жоғарыдағыдай тұжырым жасауға негіз бар. Бір кездері әлемде мемлекеттің функциясын атқарған мыңдаған кішігірім саяси бірлестіктер болса, бүгінде олардың саны екі жүз төңірегінде ғана (жеке отау болып отырғандырын айтып отырмыз). «Жоқтан бар пайда болмайды, бар нәрсе жоғалмайды» деген заңдылыққа сүйенсек, бұл мемлекеттердің барлығының хал­қы­ның жойылып кетпегендігін, тек әлсізі күштісі тарапынан жұтылып, ассимилияцияланып отырғандығын аңғарамыз. Ғылыми техникалық төңкерістің нәтижесінде технология мен логистиканың дамуымен бірге бұл үдеріс соңғы жылдары тіпті де жылдамдады. Жаһанның осынау даму үрдісіне үңіліп кей ғалымдар: «Болашақта әлемде бес алты ғана тіл қалады, амери­кандық (немесе батыстық) мәдениет үстем­дік құрады» – деген гипотезаны айтып отыр және болжамдары ғылыми дәйектерге сүйенген. Ендеше, бұл тіл, салт-дәстүр мен мәдениеттің жойылумен бірге ұлт та, халық та жойылады деген сөз. Сөйтіп, әлемде «бірнеше тіл ғана қалмайды, санаулы-ақ қана мемлекет қалады» деп түйін жасауға болады тарихтың даму шартына қарап…
Негізі тарихта екі құбылыс бар: ШАРТТЫ және ШАРТСЫЗ. Шартты құбы­лысқа жаһанның даму тенденциясымен бірге, міндетті түрде жүзеге асуы тиіс оқиғалар кіреді, ал, шартсыз құбылысқа осы оқиғалардың кейбір күтпеген жағдайларға байланысты орын алмай қалуы жатады. Мысалы: ХІІІ-ХІХ ғғ әлемдік ғылым мен техникадан қалып қойған қазақ елі жаһандық даму үрдісіне сәйкес отарға айналуы тиіс еді (ең болмағанда жартылай отар) және солай болып шықты да. Ресей немесе Қытай, болмаса ағылшын не басқасы бұл территорияны өз протекторатының астына ерте ме, кеш пе алар еді. Одан қашып құтылу мүмкін еместін. Тарихтың қазақ халқына дайындаған басқа бір шартты құбылысы ХХ ғасырдағы І дж. соғыстың қырғыны, 1920-21 жж. ашаршылық, кейінгі нәубет, одан қалса қызыл террор, ІІ дж. соғыс, тың игеру, ғасырдың екінші жартысындағы ассимилияциялану үдерісі сияқты зоба­лаңдардан кейін қазақ халқының ұлт ретінде жер бетінен жойылып кетуі болатын. Алайда, «күтпеген» жерден КСРО-ның ыдырауы және қазақ зия­лы­лары мен халқының бойындағы ұлт­шылдық еліміздің ұлттық қалпын сақтап қалуына негіз салды. Сөйтіп, бұл шартсыз құбылысқа айналды. Жоғарыда тағы бір шартты құбылыстың келе жатқанын айтып өттік, ендігі жерде оған қарсы тұру­дың жолдарын қарастырмасақ уақыттан ұтыламыз. Өйткені, оның зардабын қазірдің өзінде тартып жатырмыз. Жастарымыздың барған елдерінің мәдениеті мен ғұрпын бойына тез сіңдіріп немесе өз елінде жүріп те шетелдерден келіп жатқан ағымдардың жетегіне ілігіп кетіп жатқаны – ұлттық иммунитеттің әлсіздігін ғана емес, сырттан келген идеологияның ықпа­лының жоғары екендігін көрсетеді. Өйт­кені, дәл осы сыртқы елдерден келетін идеология адамның ұлт туралы ойының, ұстанымының әлсіреуіне әсер етеді. Ондай идеологияның ар­бауына шалдыққан адам, өзін иден­тификациялауда бірінші орынға ұлтын емес, шырмауындағы ағымын шығарады немесе екеуін қатар қойып дуалистік жағдайда қалады. Мұндай халдегі кісінің ұлттық құндылықтардан безінуі, Отан алдындағы борыштарынан бас тартуы, ақыр аяғында ұлтынан теріс айналуы таңсық емес. Ал, ондай идео­логиялардың жылдам тарауына қарқынды жаһандану дәуіріндегі барыс-келістің, ақпарат алмасудың артуы да септігін тигізіп отыр. Бұдан кейінгі жылдары бұл үдеріс артпаса, кемімесі белгілі. Олай болса елі­міздің бетке ұстар азаматтарының алдында сыртқы идеологиялық ағым­дармен күресудің «амалын» іздестіру міндеті тұр.
Қазаққа қазіргі таңда қауіп төндіріп тұрған сыртқы елдерден келетін бірнеше идеологиялық толқын бар, атап айтсақ; Ресейден тарайтын ақпараттық тасқын­мен бірге таралып отырған «прорусизм», бастауын Батыстан алатын мәдени және рухани жайылушылықтың әсерімен пайда болған «космополитизм немесе батысшылдық», ислам елдерінен келіп жатқан діни ағымдардың (жамағаттар мен тариқаттар) ықпалында қалып­тасқан «исламшылдық немесе проис­ламизм» (бұған шығыстағы көршіден төніп тұрған демографиялық ықпалмен бірге келуі мүмкін идеологиялық ағымды, тарихи жақындыққа байланысты түрік тілдес елдерден келіп жатқан мемлекетүсті одақ құруды көксейтін ағымдарды да жатқызуға болатын шығар, дегенмен бұл екеуінің әзірге қаупі алдыңғылардан төменірек болып тұрғандықтан мақалаға алуды жөн деп таппадық).
Ресейден таралатын баспасөздің қо­ға­мымызға зияны туралы айтылып та, жазылып та жүр. Бұл ақпараттық экспансияның елімізге тигізіп жатқан теріс әсерлері жиі көтеріліп жүргендіктен, оны тағы да ұзын сонар етіп тізіп шығуды артық көрдік. Біздің әлі ақпараттық тәуелсіздікке қол жеткізбегеніміз анық, күні бүгінге дейін көбіміз (ғалымдарға дейін) әлемге Мәскеудің «дүрбісімен» қараймыз. Сол елдің дүрбісімен қарама­ғанда не болды жаһандық жаңа­лық­тарды, өзгерістерді, үдерістерді мәдениет пен әдебиетті Ре­сейлік ақпа­рат құралдары арқылы танимыз, ғалым­дарының сараптамалары арқылы талдаймыз, тәржімашылары арқылы танысамыз, тіпті, әлемдік жазу­шылардың шығармасын орыс тілінен барып өзімізге аударамыз. Яғни, бір сөзбен айтқанда Солтүстік көршіміздің сүзгісінен өткен, сол елдің мамандары тарапынан зерделенген ақпаратты біз жұтамыз. Осы олқылық жиі көтерілсе де одан шыққан әзірге нәтиже көрінер емес, «баяғы жартас сол жартас» күйінде қалып тұр. Өйткені, ол себеппен күрес әлсіз. Ал, себеп – біз­дің интеллигенцияның, әсіресе, БАҚ-тың көрші елдің медиасымен бәсекеге түсерлік қауқарының жоқтығында жа­тыр. Сондықтан, бұл мәселе төңірегінде жазып жүрген адамдардың өзі соңында солтүстік көршіден келетін баспасөзге жүгінуге мәжбүр.
Көршіден келетін баспасөзге қалай тосқауыл қоя аламыз? Ең басты мәселе осыда болып тұрғаны айқын. Өйткені, қазір «баяғыдай» заман емес, арнайы тыйыммен шеттен келетін баспасөзді шек­теп қоятын. Мұндай саясаттың бәрібір жүзеге аспайтынын тарих дәлелдеді (КСРО-ның батыстан келетін баспасөзді тұмшалауға тырысқан саясатының нәтиже бермегенін меңзеп отырмыз), оның үстіне алып көршіміз де бізге тыйым салғызып қойдырмасы белгілі… Ендеше, қандай шара қолдансақ болады дегенде, өз баспасөзіміздің көршімен бәсекелестікке түсе алатындай деңгейге көтеріп, нарық заңымен тоқтатуға болатынын айтуға болады. Жарайды, ғылым мен білімге, технология мен басқа да жекелеген тақырыптарға арналған теледидар мен басылымдарды бір шетке ысыра тұрайық (салыстырмалы түрде олардың зияны төмендеу), күнделікті күйбең тіршілікті жазатын не көрсететін медианың өзінің деңгейін көтеру арқылы бұл алаңдағы кемшілікті жоймасақ та азайтудың жолдары бар емес пе?
Ресейден шығатын немесе сол жақпен байланысы бар газеттер әлеуметтік мәсе­лелерді көп көтереді, еркін көсіліп қалаған билік органын сынай алады. Олардың Астананың мемлекеттік құрылымдарына бағыныштылығы «өте төмен», әрі негізгі қаржы көзі «тендер емес, оқырман» болғандықтан бұл тақырыпта еркін қалам сілтеуге мүмкіндігі бар. Соның арқасында, «шын­дықты шырылдатып айтар» басы­лымдар ретінде оқырмандардың арасында өтімділігі жоғары. Ал, біздің газеттер бұл мәсе­лені көтеруде тай­сақтайды, егер ондай әлеуметтік олқы­лықтарды көтерсе мемлекеттік тендерден қағылуы немесе қысым жасалуы мүмкін. Мемлекеттегі кейбір шенділер тарапынан осылай адымы аштырылмай тұрғандықтан, қалам ұстаған қауым мен олардың басшылары аңдап басуға мәжбүр қалуда. Сол себепті, өткір әлеуметтік мәселелер көтерілмейтіндіктен оқырманның алдында көршімізден келген басылымдарға қарағанда өтімділігі төмендеу. Егер, біздің жорналшыларға да еркіндік берілсе, олар да көсіле жазар еді. Бұл көршіден шығатын БАҚ-қа деген сұранысты азайтады. Сондықтан, жорналшыларымызға әлеуметтік мәселелерді жазуда, билік орындарын сынауда еркіндік беру керек. Кішігірім сын айтқаны үшін мемлекеттік қаржыдан қағып, тізгінді тартып ұстасақ, олар айтуы, көтеруі тиіс мәселелерді «бәрібір» басқалары көтеріп абырой жинап, «шыншыл» басылым ретінде таралымын көбейтіп отырады. Жасыратыны жоқ біздің басылымдардағы мақалалардың сапасы да кейде сын көтер­мей жатады, тіпті мазмұны нашар, төмен жаз­балар да көп кездеседі (әсіресе қазақ тілді баспасөзде). Мұның себебін А. Сәрсенбайұлының сөзімен айтсақ: «Кеңес Одағы кезінде Қазақстанда қазақ баспасөзі үшінші сортты газеттер болатын, екінші сорт та емес, үшінші сорттағы! Өйткені, ол кезде қазақ баспасөздері тек шопандар туралы, сауыншылар туралы, диқандар туралы және солардың еңбектегі ерліктерін жазатын ғана басылым болып қалыптастырылды. Мәселен, тарихты тереңдете жазуға мүмкіндік бермеді, әлеуметтік мәселелерді ол кезде орыс баспасөздерінің өзі әрең-әрең жазатын, саяси мәселелер жөнінде аузына құм құйылған болатын. Сондықтан, біздің қазақ баспасөзі бір шопан туралы айту үшін, жарты беттік материал жазатын, өйткені, күннің қалай шыққанын, оның қалай құлағанын, сол кезде таудағы қарағайлар сыбдырлады ма, сыбдырламады ма…енді жазатын шындық болмаған соң, журналист шіркін не істейді? Газеттің бетін толтыру керек, сосын, әдеби шеберлігін көрсетуге тырысады. Міне, осындай әдіспен қазақ баспасөзін үшінші топтан асырмай қойды.
Қазақ журналистикасы «үшінші сорт­ты» журналистика ретінде қабыл­данды, оларға экономика, халық­аралық саясат тақырыптарында, қоғам­дық-әлеуметтік мәселелер жөнінде жазу міндетті деп есептелінген жоқ. Қазақ журналистикасы ауылдағы малшының, егіншінің жай-күйі сияқты белгілі тақырыптардың шеңберінде қамалып қалған-ды. Біз сол шеңберден шықтық. Енді, ол қалыптасып, орыс журналистикасымен иық теңестіру үшін біраз жыл керек. Қалыптасу, жетілу кезеңінен өтуі керек. Біз қазір қазақ баспасөзінде елдің ең бірінші қажеттілігі – күнкөріс мәселесін, яғни, экономиканы, Қазақстандағы компаниялардың жағ­дайын, төлемдердің түрлерін нақтылап, нарыққа сараптама жүргізіп, жүннің, еттің, мұнай-газ бен металдың бағасында қандай өзгерістер болуы мүмкін деген болжам жасауымыз керек. Сонда қазақ басылымында өмір сүруге көмектесу функциясы пайда болады. Сонда қазақ басылымының да жағдайы жақсарады». Жоғарыдағы олқылықты жою үшін қазақ тілді баспасөзге ғалымдарды жиірек тарту керек сияқты. Еліміздің ғалымдарының мақалаларын ғылыми басылымдардан болмаса, мерзімді баспасөзден сирек оқитынымыз белгілі. Сондықтан, қазақ тілді ғалымдарды публицистикалық мақалаларды арттырып, мерзімді баспасөзде жиі жариялануына мүмкіндік беру керек. Бұл газеттердегі мақалалардың сапасын көтеруге және оқырманды тарттыруға, осылайша таралымын көбейтуге мүмкіндік береді. Осы мәселеге редакторлар көңіл аударып, түрлі саланың ғалымдарымен әріптестік орнатқаны абзал болар еді, тек қана газет-журналдар ғана емес, арналар да өздеріне ғалымдарды жиі тарта отырып бағдарламалардың сапасын көтере алады (каналдарда бұл мәселеде мерзімді баспасөзбен салыстырғанда біраз ілгерілеушілік бары байқалатынын да айта кету керек).
Үшіншісі Қазақстаннан шығатын басы­лымдардың, арналардың (бұл жерде де өкінішке орай қазақ тілді медиа) ғаламтор сайттары жоқ, бар болса да әлсіз жұмыс істейді. Осыны көтеруге көңіл бөліп, мемлекет қаржысын бөлгенде тек қана таралым санына қарай емес, сайтқа кіретін күнделікті оқырман санына қарай да (мемлекеттік болсын, жеке болсын) бөлген дұрыс болар. Әйтпесе, аты болғанымен заты әлсіз көптеген басылымдардың мемлекеттен бөлінетін қаржыны алып отырғаны жасырын емес… Осы тақілетте іс шараларды жүзеге асырғанда ғана қазақстандық басылымдар көрші елден келетін баспасөзді өз нарығынан ысырып шығара алады. Тек қана Ресей баспасөзі арқылы таралып отырған ақпараттар ғана емес, дін атын «жамылып» қазаққа өзінің идеологиясын өткізуді көздейтін кейбір ағымдардың соңғы жылдардағы әрекеттері де көңілге күдік ұялатпай қоймайды. Бар мәселеге діннің көзімен (жәй діннің болса жарар еді, өздерінің пірлері шығарған пәтуалармен) қарауды талап ететін, сөйтіп қазақтың дүниетанымын өзгертіп, өздерінің «дүрбісі» арқылы әлемді көрсетуді көксейтін, арқасында үлкен күштер тұрған мұндай ағымдардың қаупі төмендеу болар ма еді, егер, мемлекет пен зиялы қауым дер кезінде назарын аударғанда. Бірақ, мемлекет ішкі саяси күштермен алысуға көбірек назар аударып, сыртқы күштерге мән бермей жүріп алған кезеңде «бұғып, адымдап» ішкерілей еніп алған діни ағымдардың әрекеті бүгінгі таңда біраз жұртты алаңдатып отыр. Жә, мемлекеттік институттарды былай қоялық! Олардың кейде «мұрнының астындағыны көрмей» қалатын әдеті барлық елде кездеседі… Әйтсе де халқының мойнына түсіп тұрған, болашақта келетін өзекті мәселелерге күні бұрын көңіл аударуы тиіс зиялы қауым қайда қалды?
Қазақта «зиялы» көп. Бірақ, солардың «көбісі тілге келгенде даусы қарлыққанша айқайлағанымен дінге келгенде жұмған ауыздарын ашпайды»… Бірен-саран зиялыларымыз ғана пікірін білдіргені болмаса көбі үнсіздікті қалайды. Мұның сыры неде? Бәлкім тіл терең білімді қажет етпейтіндіктен шығар, мінберге шығып алып қазақ тілі құрып барады деп айқайлай берсең болғаны, беделің де арта береді. Ал, дінге келгенде діни сауатың болмаса сөз қозғау қиын. Кеңес Одағы кезінде атеистік тәрбиеде өскен көп «зиялының» діни сауаттары шамалы. Қазір оқиын десе қатып қалған буынның майысуы қиын. Сондықтан, болар дін жайында жұмған ауыздарын ашқысы келмейтіні. Жарайды, әшейінде де жиі сыналатын зиялыларымызды тағы да сөге берудің жөні жоқ шығар. Болар іс болды, енді сол тығырықтан шығудың жолын іздеу керек, бізге.
Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін айқара ашылған қақпаны пайдаланып ең алғаш идеологиясын алып жеткен ағымдар Батыс елдерінен келгенді: демократтар, либералдар, маргиналдар, космополиттер, діни ағымдардың нешеме түрлері болып жалғасып кете беретін осы топтардың белсенді әрекеттерінің нәтижесінде елімізде оған бүйрегі бұратын адамдардың тобы пайда болды. Батыс елдерінен білім, өнер алу үшін кеткен кейбір жастарымыз да елге қайтқаннан кейін, сол стильдің қалыптасуына өзіндік үлестерін қосқаны тағы бар. Әрине, жоғарыда аты аталған идеологиялардың мемлекеттік құрылым мен экономика саласын ғана өзгертуді мақсат тұтса оған ешқандай қарсылығымыз болмас еді. Алайда, рухани жағына қатысы бар кейбір идеялардың қалыптасқан түсінік пен салтты түбегейлі өзгертіп, ұлттық ерекшеліктерді екінші қатарға ысыруды көздеуі көңіл аудартпай қоймайды. Ұлтсыздандыру саясаты жүргізілген отарлық езгіден жаңа шығып, әлі өзінің ұлттық идентификациясын толық қалыптастырып үлгермеген әлеуметтік топ тәуелсіздіктен кейін батыстық тұрмыс пен ғұрыпқа бірден шалықты. Сондықтан, бір кездері Мәскеу жүргізген саясаттың нәтижесінде ұлттық кел­бетін жоғалтқан немесе оның аз алдында тұрған көптеген азаматтар да бұрын өздері қолданған «кеңестік ұлт» идентификациясын «адамзаттық» ұлтпенен оп-оңай алмастыра салды (діни ағымдардың жетегіне де осы ұлттық идентификациясын жоғалтқан адамдардың жылдам ілігетіндігі баспасөз беттерінде кейде айтылып қалуда). Қазақтың ұлттық бейнесіне, мемлекеттілігіне зор қауіп төндіріп тұрған осы үш идеологиялық цунамиден қорғану тәсілін меңгермесек жаһанданудың аранына тап болуымыз ықтимал. Қазақстанда бұл идеологиялардың белгілі бір тепе-теңдігін сақтауға мемлекет те зиялы қауым да атсалысуы керек. Кезінде қазақтар арасында көшпенділік мәдениет пен ислам өркениетінің арасында баланс қалыптасты, ХХ ғасырға дейін сақталып қазақтың бойындағы түркілік және көшпенділік мәдениеттің толығымен ислам өркениетінің ішінде жұтылып кетпеуіне мүмкіндік берген (ислам дінін қабылдаған кейбір халықтардың өз дәстүрінен, тілінен жартылай немесе толық дерлік айырылып қалғаны да рас қой) бұл тепе-теңдік Кеңес Одағының орнауымен бірге бұзылды. Ендігі жерде, дәл жоғарыдағыдай, алайда бұл жолы бірнеше идеологияның шеңберінде қай­тадан баланс қалыптастыру қажет­тілігі туып тұр. Яғни, «батыстық (һәм бұның ішін­де Ресейді де аламыз, өйткені, оның да өрке­ниеті батысқа жақын ғой), исламдық және қазақтың көшпенділік мәдениеттің тепе-теңдігін қалыптастыру керек. Бұл балансты қалыптастыру мемлекеттің міндеті, өйткені, мемлекет өз ішіндегі халықты сыртқы күштердің ықпалы мен қаупінен құтқару және сырт күштерден қорғану үшін құрылған саяси институт болып табылады. Ал, мемлекеттің бұл істі жүзеге асыруына көмектесу «қазағым» дейтін әрбір зиялының, тіпті азаматтың парызы. Тек осыны түсінетін зиялы мен азамат болса…
Зиялы қауымға соңғы жылдары жиі сын айтылып жүргенін жоғарыда айтып өттік, қазіргі таңда ұлттың бір кездері бетке ұстар азаматтарының көпшілігінің беделінің төмендегені соншалықты, олармен билік те санасуды қойған. Билік зиялылармен санасар ма еді, егер, олардың халыққа сөзі өтіп тұрғанда. Бірақ, нарық заманына көшкен тоқсаныншы жылдары шенділермен кездескен көп зиялы елдің мәселесінен гөрі өзінің проблемасын жиі айтатын болды: кітабым шықпай жатыр, баламды жұмысқа тұрғызуға көмектес, пәтер алуға жәрдеміңді тигіз, т. б. Бұл – олардың халық алдындағы да, билік алдындағы да беделінің әлсіреуіне әкеліп соқты. Дегенмен, кейінгі кезеңде зиялылардың жаңа толқыны шығып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұлар енді қалыптасып келе жатқан топ, егер, алдыңғы аға­ларының қателігін қайталамаса алдағы уақытта осы азаматтар билікті өзімен санасуға мәжбүр етуі мүмкін. Ендеше, жоға­рыдағы идеологияларға қарсы төтеп берер ұлттық идеологияны қалып­тас­тыру міндеті осы жаңа толқын интел­лигенцияның мойнына түсіп тұр.
Ұлттық идеология қалыптастыру дегенде қоғамның барлық саласын қамтыған үстем идеяны айтып отырған жоқпыз. Мойындау керек, баяғы КСРО кезеңіндегідей бір ғана идеологияның үстемдік құратын заманы өткен. Интернет (ғаламтор) дамыған, ақпарат алмасу ашық дәуірде ондай идеологияны қалыптастыру сағым қуғанмен тең шығар. Дегенмен, сырттан келетін идеологиялық ағымдарға тосқауыл етіп, ұлттың жұтылып кетпеуіне көмегін тигізер ұлттық идея қалыптастыруға әбден болады. Айтпағымыз, сырттан келген идеологиялық ағымдарға қарсы қазақтың бойында «серіппе» немесе «иммунитет» қалыптастыру. Негізі мұндай серіппе бізде бар, оған қалыптасқан дәстүрге жат кез-келген өзгеріске (сырға таққан жігіттерге, ашық киінген қыз баласына, сақалы өскен діншілге, т.б. қоғамға жат қылыққа бой алдырған адамға) оқырая қарап, мұрын тыжырайтып сынайтынымыз бар… Алайда, соңғы жылдары осы серіппе әлсірегендей, екіншіден, ондай өзгерістерге біз «адами тұрғыдан», яғни, көзімізге жат болғаны үшін ғана жақтырмаймыз, мемлекетке немесе халыққа қауіпті болғаны үшін емес. Енді, осы серіппені күшейтіп, жат идеологияның мемлекетке «зиян» екенін әр азамат ұғынатындай ету міндеті тұр.
Көптеген елдердің халқында мате­риалдық-патриоттық түсінік бар, мәсе­лен; олар көрші елде шыққан тауарды ала отырып, өз экономикасына зиян тигізетінін түсінгендіктен өздерінде шыға­рылған заттарды алуға тырысады. Бізде мұндай түсінік жоқ, мүмкін осы ұғымды Қазақстанда материалдық қана емес, рухани салада да қалыптастыру қажет болар. Яғни, басқа елден келген идеологиялық ағымдарға (тіпті, бауырлас ел болса да) шалыға отырып өз еліңе зиянын тигізетінін әрбір қазақ ұғынатындай етуді қолға алу керек шы­ғар. Қалай да сыртқы толқынға қарсы тұрар ішкі идеологиялық серіппені табудың жолдарын іздестіру қажет. «Егер, мұндай серіппені қалыптастырмасақ, жаһандану ұсынған шарттарды пайдаланып қарқынды тарап отырған сыртқы идеологиялық ағым­дар болашақта ұлттық келбетімізді әлсіретуі әбден мүмкін»…
 

Алдыңғы «
Келесі »