ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРҒА КӨЗҚАРАСТЫҢ БІР ҚЫРЫ – ҰЛТСЫЗДЫҚ

  • 14.11.2013
  • 679 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ,
дінтанушы

Елiмiзде азаматтық қоғамның белсен­дiлiгiн күткен қаншама рухани мәселе бар. Соның ең бастысы – қазақ тілін өз тағына жайғастыру мәселесі. Бұл тұр­ғыдан айтылмаған сөз, ашылмаған сыр қалмады, жетер болса жететіндей-ақ айтылды да, жазылды да. Билік дәл осы мәселені өркениеттi түрде қозғап, күн тәртiбiне қоюдың орнына «түймеден түйе жасап, түкке тұрмайтын шаруалармен әуес болған дұрыс емес» дейтiн пiкiр де айтып жылы жауып қойғысы келеді. Бәрібір тіл мәселесі елiмiзде «түртiп кетсең жарылуға» тақау мәселелердiң ең өзектісі екенін мойындауымыз керек.


Билiк үшін басқасы басқа, дәл тiл мәселесi елдегi саяси дау-дамайларға өзек болар болса ұлтаралық араздықтың көкесі сонда болатынын түсінетін уақыт жетті. Қазақтың да сабыры сарқылып, төзімі түгесілетінін ойлануы қажет. Қазақ деген халықта да өкпе, жүрек деген мүшелері бар. Ендеше, осы өзекті мәселені шешуде немқұрайлылық пен жайбасарлыққа жол берiлмеуi тиiс.
Елбасының 2020 жылға дейін Қазақ­­стандықтардың 90 пайызының мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс деп міндет қойғанын барша халық біледі. Қарап отырсақ, бұл межеге жетуге небары 7 жылдай уақыт қалыпты. Баршамыз бір тілде сөйлеп, бас біріктірудің жолы Елбасы сөзімен айтсақ: «Мемлекеттік тілді меңгеруге алдымен өз қандастарымыз зор үлес қосуы керек! Елімізде 10 миллион қазақ болса, өздері түгел тілді білсе, байлықтың ең үлкені осы болар еді! Барлығымыз қазақ тілінде сөйлесек, қазақы қуатты орта пайда болады да, барлық мәселе өзінен-өзі шешіледі», дейді. Бірақ, бұл жерде, «қазақ қазақпен қазақша сөйлесу» ғана емес «билік халықпен қазақша сөйлессін» деген талап та қатар қойылуы керек. Билік халыққа «ананы істеу керек, мынаны істеу керек», «қазақ қазақпен қазақша сөйлесу керек» деп ақыл айтуға әуес. Халық та қарап отырған жоқ, алайда, бәрін халықтың өзі шеше алар болса – Мемлекет пен Биліктің қажеті қанша?! Сондықтан, қоғамдағы әрбір адам ғана емес, Билік те өз нанын адал жеуі тиіс. Сонда ғана Елбасының айтқаны орындалып, биліктің беделі биік болады. Ең алдымен, қазақ тілінде кімдер сөйлеуі тиіс? Билік өзі сөйлеуі керек. Сөйтсе қазақтар өздері айтқызбай – ақ ана тілінде сөйлей бастайды. Келесі кезекте еліміздегі түркі тілдес қырғыз, қазақ, ноғай халықтарын қазақша сөйлетуіміз қажет. Ғылыми тілмен айтқанда, мұны тілдік ассимиляция деп атайды. Тілдік ассимиляция, ұлттық ассимиляцияға жетелейді. Содан кейін саналық ассимиляция жүзеге асады.
Қазақ: «Көп қорқытады, терең батырады» дейді. Елбасының сөзінің бәрін орындайтын құдіретті нәрсе – демография. Бүгінгі күні демографиялық құрам жағынан, қазақ пен оның айна­ласындағы халықтар жап-жас. Қар­тайып бара жатқандар – еуро­палықтар, соның ішінде, орыстар, украиндар мен беларусьтар. Еліміздегі орыстардың орташа жасы – 52-53-те екен. Ал, қазақ халқының орташа жасы – 27-28 жас. Демек, 50-ден асқан адамдардың үй-күйі бар, әйелдері басқа бала таппайды. Оларға тек зейнетақы керек. Қазақ орыстан екі есе жас болған соң, елімізде қазақ проблемасының бетке ұрып тұратыны белгілі. Ендеше, биліктің басты міндеті сол проблеманың дұрыс шешімін табу болмақ.
Бүгінде бізге демографиялық өзгерiстер үлкен сенiм туғызады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 1959 жылы қазақ ел халқының 30 пайызы болса, орыстар – 42,7 пайыз болды. 1970 жылы қазақтар – 32,6 пайыз, орыстар – 42,4 пайыз, 1979 жылы қазақтар – 36 пайыз, орыстар – 40,8 пайыз, 1989 жылы қазақтар – 40,1 пайыз, орыстар – 37,4 пайыз, 1999 жылы қазақтар – 53,4 пайыз, орыстар – 30 пайыз, 2009 жылы қазақтар –63,1 пайыз, қазiр 66 пайызға жақындап қалды. Орыстар болса – 21,8 пайыз. Байқасаңыз, орыстардың үлесi соңғы әр он жылда 7 пайызға жуық азайып келедi. Қазақы тiлдiк орта да қалыптаса бастады. Ендi, он жылда жағдай бүгiннен де жақсара түседi. Қазақты бiр жағынан намысы қамшыласа, екiншi жағынан қазақ тiлiн мемлекет шынайы қолдаса, иншалла, үмiтiмiз ақталар. Егер, қазақ өз жерінде сан жағынан басым болмаса, сапа жағынан басымдылық құра алмайды. Сан сапаға айналуы керек.Аллаға шүкір, заман өзгердi, қазақ халқы қиындықпен болса да бел алып келедi.
Бүгінгі әлемде Қазақстан жер кө­ле­мі бойынша 9 орын алса, халық саны жағынан 62 орында. Жері – кең, хал­қы – аз.Тақырыпқа тікелей қатысты болғандықтан, соңғы халық санағының деректеріне қысқаша тоқтала кеткеніміз жөн. Агенттік мәліметінше, Қазақстанда 2013 жылғы 1 сәуірге нақтыланған халық саны 16967 мың адамды құрады, қазақтардың саны 11058 мың адам немесе 65,2%, орыстар – 3698 мың адам (21,8%), өзбектер – 511 мың адам (3%), украиндар – 306 мың адам (1,8%), ұйғырлар – 243 мың адам(1,4%), татарлар- 203 мың адам(1,2%), немістер – 182 мың адам (1,1%) және басқа этностар – 766 мың адам (4,5) құрады. Бір сөзбен айтқанда, қазір елімізде 6 миллион басқа ұлт өкілі тұрады, соның 1,5 миллионы – түркі тілдес, 2 миллионға жуығы – мұсылман діндес, 2 миллионнан артығы – шығыс тектес халықтар, оның ішіне, дүнген, кәрістер де кіреді. Олардың да қаны бізге жақын. Ендеше, олардың бәрі де қазақтың менталитетіне жақындауы керек. Еліміздегі еуропалық диаспоралар, яғни, поляктар, немістер, т.б. ұлттар орыс тілінде сөйлей берсін, бірақ, түбінде Қазақстанның 80 пайызы қазақ болса, басқа шығыс халықтарымен қосқанда, санымыз 90 пайызға жетсе, қалған 10 пайыз халық қайда барады?
Қазақ – мемлекет құрушы кіндік ұлт болғандықтан, ел-жұртымызда қоян-қолтық араласқан басқа диаспоралардан үлес салмағымыз артқан сайын бағымыздың баянды болары сөзсіз. Қазақ үшін жер бетінде екі-ақ ұлт бар: Қазақтар және қазақ еместер. Қазақстанда да солай. Қазақстан – қазақтың елі. Eндеше, тәуелсіз жас қазақ елiне кім жау, кім дос дегенді айыра білуіміз керек. Әрбір қазақ азаматы, әр бір қазақстандық азамат Қазақ елінің дербестігін нығайтуға мүдделі болуға тиіс. Арамыздағы кейбір мәңгүрттенген қазақтар осыны ашық айтудан қашады. Айтсам билік алдында «ұлтаралық наразылықты қоздырған» адам болып қаламынба деп қорқады. Ұлттық құндылықтарға көзқарастың бірқыры ұлтсыздық. Оны ғылыми тілде ұлттық нигилизм деп атайды. Нигилистер ұлт құндылықтарын қайта бағалап, оның құнын арзандатып, дінге де күмән туғызып, ұлт табан тірейтін тіл, мәдениет, дәстүрдің мәнін, беделін түсіруге жанын салып бағады. Өйткені, сол нигилистер дегеніміз, отарлау саясатынан құлданған сананың туындылары. Қазақ жеріне шектеусіз басқа этнос өкілдерін қоныстандыру, байырғы халықты ұлттық азшылыққа айналдыру, қазақ мектептерінің азаюы, аралас некенің көбеюі, тілдік мәдени ортаның тарылуы салдарынан қазақтың этникалық келбетінің үлкен өзгерістерге ұшырауы отарлық саясаттың зардабы екенін бәріміз де жақсы білеміз. Ендеше, нигилистер ұлттық мемлекеттігімізді жоққа шығаруға, ресейлік отарлау саясатын ақтауға дейін барып жүргенін қазір де көзімізбен көріп жүрміз. Орыс шовинистерi мен қазақ нигилистерi – рухани ағайындылар.
Абай атамыз, «жақсы менен жаманды айыра алмадың, бір ұртың май, бір ұртың қан»,- деп бекер налымаған, әрине. Ендеше, жақсы мен жаман, дұрыс пен бұрысты ажыратып таңдау білім арқылы жасалады. «Білім – амалдың басы» дейді ғұламалар. Оқу – білім алу адам тіршілігінің қай саласында болмасын маңызды орын алатыны бұл күнде жалпақ жұртқа мәлім. Ал, сол оқу, білім арқылы ақиқатты тануымыз қажет. Ақиқатты танымаған білім, білім емес. Әлем жұртымен бәсекеге түсіп, ақыл-ойдың ілгерлігімен озық көшке ілесіп, реті келсе оза түсуді (алдыңғы қатарлы 50 елдің қатарында болу) мақсат еткен Тәуелсіз еліміз үшін жастардың білім алуы аса маңызды. Тағы да, сол Абай атамыз көрсеткен адам баласының бір-бірінен озғандығын айқындайтын төрт (ақыл, ғылым, ар, мінез) белгінің бірі ғылымның бастау бұлағы – білім. Еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік тұрғыда қарыштап дамып жоғарыда айтылған 50 елдің қатарында болуы азаматтарының білімінің өрісіне және тәрбиесіне тікелей байланысты. Ұлттық танымның атасы Ахмет Байтұрсынұлы: «Балаңды ұлша тәрбиелесең – ұл болады, құлша тәрбиелесең – құл болады» депті. Ендеше, ұлтымыздың ұл-қыздарын тәрбиелейтін, білім беретін бүгінгі таң­дағы Қазақ мемлекетінің түп қазығы – қазақ мектептері. Қазіргі оқушылар ертеңгі ел иесі. Сондықтан, барлық мектептер қазақ мектебінің негізінде қалануы керек. Біреулердің «орыс тілі кетсе қазақтар білімсіз қалады», «орыс тілінсіз білім жоқ» деген алып қашпа әңгімелері бос сөз, санадағы құлдықтың қалдығы және барып тұрған надандық. Көріп ғана қайтып беруге бір орысы жоқ Жапония, Араб елдері қырылып ешкімнен кем емес, қайта көшін түзеп, алдыңғы қатарда шеру тартып барады. Сондықтан, Қазақ мемлекетінде отырып, «қазақ мектебінде білім жоқ» деп айтқан адам, ұлттың жауы. Олар сондай отаншыл болса онда сол қазақ мектебінің білімін жақсартуы үшін күресуі керек. Қысқасы, балаңды орысша оқытсаң – қайтып қазақ болмайды, ол шындық.
Бүгінде әкесі қазақ, шешесі қазақ бола тұра өздерін қазақпын деп айта алмайтын жастар көп. Өйткені, олар қазақпын деген сезімнен жұрдай. Өзі қазақ болып тұрса да орыс мектебінде оқитын баланың санасында: «қазақпен салыстырғанда орыстар неғұрылым білімді, неғұрылым мәдениетті» деген пікір қалыптасқан. Статистикалық дерек бүгінде қазақ балаларының 37 пайызы орыс мектептерінде оқитынын айтуда. Қостілдік аз болғандай, енді үштілдік деген үрдіс алуда. Бірегей ұлт ең алдымен өз ана тілі, меншік тілін жетік білуі керек. 1948 жылы Үндістан тәуелсіздігін жариялаған кезде арнайы комиссия: «ағылшын тілін қолдану халықты екі ұлтқа бөлді, билік жасайтын аз топ және оған бағынатын бөтен тілде сөйлемейтін көпшілік, бұл екі ұлт бір-бірін түсінбеді» деген тұжырым жасаған екен. Тіл туралы тағы бір атақты қоғам қайраткері: «Ұлтты құрдымға кетіру үшін қостілдікті енгізсе жеткілікті» депті.
Сонымен, қазекең өз елінде қазақтың тілі мәселесіне келгенде де, ұлттық салт-дәстүрін, ата-баба дәстүрін жаңғырту, жалпы ұлттық намыс пен ұлттық ой-сананы ояту мәселесіне келгенде әлі де арбамен қоян аулаумен келеді. Ол аз болса, «көш жүре түзеледі» деген өзін-өзі алдарқату мақалы тағы бар. Ал, ол көштің басталғанына міне, 22 жыл болды. 22 жылда түзелмеген тіл көші енді түзелуі «әй, қайдам!» Өйткені, қазақтар орыстар отаршылдығынан азаттық алдық деуге батылы бармай «егемен болдық», «тәуелсіздік алдық» деп бас-аяғы жоқ жұмбақ сөзді қайталай бастағалы туған сәби қазір 22-ге келді. Сол «егемен болғанда» туған балалардың қазір көпшілігі орысша сөйлейді. Одан қалғандары ағылшынша, қытайша, жапонша үйренуде. Сонда, сол 22-дегі жастар енді Құдай миына сәл ғана сәуле түсіріп, қазақша үйренуге кірісе қойғанның өзінде тағы да 20-30 жыл керек. Дәл мына күйінде, мынадай тіл саясатымен енді 20-30 жылда Алла бетін әрмен қылсын қазақ тілі жойылып кетпесе неғылсын. Ал, тілі жойылған ұлт жер бетінен оп-оңай жойылып кетеді. Орыстар соны білгендіктен қайда жүрсе де тілін алдына салып жүреді.
Егер қазақ тілі мен мәдениеті қалыпқа келмесе, онда қазақ ұлты да қалыпқа келмегені. Күреспесе, ұлт өздігінен қалыпқа келмейді. Өйткені, оның 300 жылдық ойран болған тарихы бар. Біздіңше, Қазақстанда қазақ тіліне көшіру процесі тоқтамауы керек және бұл шараны мемлекет қолға алуы шарт. «Бұл біреулерге ұнамайды ғой» деп тоқтатуға болмайды. Осы қисынға салсақ, қазақ тілін мемлекеттік тіл еткен Қазақ деген жеке мемлекеттің жер бетінде өмір сүруінің өзін басқа жұрттар ұнатпауы мүмкін ғой. Сонда қалай, біреуге ұнамайды деп мемлекетімізді жойып жібереміз бе?
Қазақстанды мекендеп жатқан басқа ұлттар қазақ ұлтының дамуына мүдделі болуы тиіс. Еліміздегі ұлттар алдымен қазақтың дамуына ниеттес болмай, олар да дами алмайды. Оның басты белгісі ретінде қазақтың тілін үйренуі қажет. Шындап келгенде, Тәуелсiздiк қазақтарға ғана керек екенін өмір өзі көрсетуде. Басқа диаспоралардың көпшiлiгiнде негізгі Отан бар. Егер, тиімсіз болса олар өздерінің тарихи отанына көшіп кете береді, кетіп те жатыр. Әсiресе, орыстар бiзде көп артықшылықтарды пайдаланып отыр. Олар өз тiлдерiнде ғана сөйлейдi. Мектептерде қазақ тiлi мемлекеттiк тiл ретiнде оқытылса да (оның өзінде қазақ тілі пәнінің апталық сағатын биылдан бастап қысқартып тастады!), оны бiлу оларға мiндеттелмейдi. Кеңес заманындағы секілді қазақ тiлiн бiлмесе де, 4-5 деген баға қойылып, келесi сыныпқа көшiрiле бередi. Бұл бүкiл оқу процесiне, бiлiм деңгейiне керi әсерiн тигiзiп жатса да мұғалiмдер бiлмегенсiп жүре бередi.
Қазақ тілі әрбір отбасының тілі болса ғана, балабақшаңыз да, мектебіңіз де қазақша сөйлейді. Қазір қазақ өз баласын оқу орнына түсірерде немесе қызметке берер кезде ғана қазақ тілін үйрете бастайтын болыпты. Мұнымен олар әуелде уызына жарымаған ұрпа­ғын ұлтына жақындастыра алмайды. Өйткені, ол ата-ана қазақ етіп тудырған Жаратқан иеміздің әуелгі пәрменіне бағынбай ұрпағын өзге ділге тәрбиеледі ғой. Бұл әлі күнге дейін көптеген қандастарымызға сабақ болмай, ұрпақтарын рухани жарымжандыққа өздері итермелеп, аянышты күйге түсіргенін өздері де білмей отырған болуы керек.
Тәуелсіз елімізде қай оқу орындарында да білім қазақ тілінде берілуі керек. Соның ішінде, қазақ Исламын тек қазақ тілінде ғана түсіндіруіміз қажет. Исламды орысша түсіндіретіндер қазақ рухынан алыс болады. Ислам қазақтың сан ғасыр қалыптасқан руханиятына негізделсе ғана дәстүрлі дініміздің дамуы нәтижелі болады.
Таным биігінен қарар болсақ хақ Ислам адамзатты бекзада болмыс пен парасатқа, ғылым мен білімге жетелеуші нағыз көркемдікке толы прогрестің өзі. Осы бір ақиқатты насихаттап жеке-жеке жіліктеп тұрып түсіндіріп беру дін ғалымдары мен мешіт қызметкерлерінің міндеті. Әзірше бұл тілегіміздің көші оңға баса алмай, тұралап тұр. Бүгінде өзге дінді қабылдаған немесе басқа ағымдар жетегінде жүрген бауырларымыздың барлығы да орыс тілділер. Ал, имам­дарымыздың қасаң қағидалар мен сірескен толы, ешқандай ізденістерден ада кейбір уағыздарын тыңдасаң қа­рның ашады. Абай атамыз, Алаш арыстары сынаған молданың оқуы мен тоқуы содан бері аттай екі ғасыр өтсе де ешқандай өзгерістер мен ілгерілеушілік танытып, нәтижелерге жете алмай келеді десем артық айтқаным емес.
Қазақтың өзінің ұлттық рухани жолы бар. Оны сырттан оқып келген жат пиғылды адамдар қазақтың дәстүрлі жолына түзету енгізгісі, жоққа шығарғысы келеді. «Бұларың дұрыс емес», «түрік бол» немесе «арабша жүр» дегісі келеді. Салт-дәстүрі, танымы, тынысына қарай арабтың да, түріктің де Исламды ұстануы қазақтан бөлегірек. Сондықтан, біреудің сенімін негізсіз әкеліп, ұлтымызға таңудың қажеті жоқ. Алланың алдында ұлт пен ұлыстың бәрі бірдей. Демек, мұсылман болу үшін араб болып дүниеге келудің ешқандай қажеті жоқ. Бір Аллаға иман келтіріп шәһадатқа тіл келтіріп, соған амал еткен күннен бастап біз, әлхамдулла мұсылманбыз. Осындай қарапайым ғана қағидаларды түсінбей араб ұлтын рухани айна ретінде қа­былдап, өзінің қара басының ғана емес күллі ұлтымыздың болашағы мен тіршілігін осы бір ұлтпен етене сабақ­тастырғысы келетін деструктивті топтар да өріп жүр.
«Көктің, жердің жаратылысында, (адамдардың) тілдері мен түрлерінің сан алуан болуында Тәңірдің тағылымын танытарлық ғаламат бар. Зейін қойған адам мұны түсінбек керек»,– дейді қасиетті Құран Кәрімнің «Рум» сүре­сінің 22- аятында. Бәрімізді араб қылып жаратуға Алла тағаланың әмі­рі жетпей қалған жоқ. Ұлт қылып ұйыстырған соң, ұлттығын сақтасын деп жаратты.
Қарапайым күнделікті өмірде шари­ғатқа негізделген сүннет пен салт үйлесімі біздің ұлттық руханиятымызға біте қайнасып кірігіп қана қоймай, салт- дәстүр, әдет-ғұрып болып қалыптасып кеткен. Ал, аса бай ана тіліміз олардың берік қамалы. Ол берік қамалды ата- бабаларымыздың арман еткеніндей мәңгілікке жеткізу жолында ешкімге алдырмауға тиіспіз.
Еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда 2756 басылымның қазақшасы бар болғаны – 344, ал, орыс тілінде – 2303! Оған Ресейден келетін, әрине, орыс тілінде 5248 газет пен журналды қосыңыз! Оған қоса 727 қазақ және орыс тілді, 282 үштілді бұқаралық ақпарат құралдары жұмыс істейді. Республикамызда 15 этностың тілінде өнім шығаратын 33 ұлттық баспахана бар. Телеарналарда 11 тілде (өзбек, украин, поляк, ағылшын, неміс, кәріс, ұйғыр, дүнген, түрік, татар, парсы) 4 бағдарлама жарияланады екен. Қазір теледидарсыз, ғаламторсыз, компьютерсіз күнделікті тұрмысты елестету мүмкін емес. Күнделікті, апталық, айлық ақпараттық бағыттағы газет-журналдар неше мыңдаған тиражбен таратылып жатыр. Не жазылатыны, олардың барлығын кім оқитыны тағы да бөлек мәселе. Қазір адамдардың көпшілігі кітап, газет-журнал оқып оқырман болудан гөрі, уақытын ысырап етпей көрермен болуға көшкен. Сондықтан да, визуалды ақпарат көздерінің жұлдызы жарқырап тұр. АлмаТВ, ОтауТВ,ДТВ, Айкон,т.б. көрсететін 100-ге жуық телеарналардың ішінде 24 сағат бойы толық, тұщымды қазақша сөйлейтінін таба алмайсың. Ұлт мұңына мүлде жаны күймейтін, маргиналдар мен орысқұл қазақтар керісінше, шамалары жеткенше орыс тілін қолданыстан шығармай отыру мақсатын көздеген секілді.
Орыс тілі – Ресей мен Белоруссиядан өзге, Қазақстанда мығым қорғалған тіл. Барлық алпауыттар, бай акулалар «Самұрық-Қазына», «Қазақтелеком», «Қаз-Мұнай-Газ», «КазАгро» теледидар, радио, интернетті айтпағанда, негізінен орыс тілді басылымдарды қаржыландырады. Орыс тілі, орыс рухы қазақтарды қылқындырып жатыр. Осындай жағдайда, күн кешуде қазақ тілі қалайша дамиды, өмір сүреді?! Барлық нантабар жерде, шешуші орындарда – бұрынғы кеңестік партия қызметкерлерінің үрім-бұтақтары отыр. Оларға тіл, руханияттың қажеті шамалы – олар қазақ коммунизмінде өмір сүруде. Отандық теледидар, радио, БАҚ, бәрінде орыс тілді хабарды түгелдей қазақтар өздері жүргізеді, логика бойынша, қазақ еместер жүргізу керек емес пе. Елбасымыз, «Ынтымақ қазақ үшін керек» дейді. Түсінетін адам ең алдымен қазақ ынтымағын қамтамасыз етіп алған соң, басқа ұлт өкілдерін де өзіне жақындастырады. Мәселен, Өзбекстандағы 30 млн халықтың бәрі өзбек пе?! Жоқ, ондағы халықтың 5 миллионы – не қазақ, не қырғыз, не тәжік, бірақ, бәрін өз бойына сіңіріп алған. Олардың бас біріктіретін басты ұраны – «Біз – мұсылманбыз!». Міне, күшті ұлттар осылай істейді. Біз де осындай күшті ұлт болуымыз керек. Сонымен қатар барлық мемлекеттік қызметке үміткерлер, кадрлық резервтегілер де қазақтілінбілуіқажетдегенталап қатаң қойылатын уақыт жетті. Кейбір минис­трлік пен мемлекеттік ұйымдардың қызмет­керлерінің ұлттық құрамына қарасақ, 90%-ы өзіміздің қаракөз қазақтар. Сөйте тұра, сол 90 пайызы түгелдей әлі де орысша сөйлейтініне еріксіз таң қаласың. Сондықтан, іс-қағазды мемлекеттік тілде жүргізіңдер деген талапты ары қарай созбұйдаға сала берудің мәні жоқ. Есесіне, Қаржы министрлігі «Биылғы жыл басынан, салық органдарына тапсырылатын салықтық есеп, аудиттік есептер мемлекеттік тілде болуы қажет» деген бұйрық шығарса, жекеменшік компаниялардың өзі де бір күннің ішінде дайындалып үлгереді және жұмысында қалғысы келгендер қазақша үйренуге мәжбүр болады, не қазақтілді мамандарға сұраныс туады.
Бәріміздің де көгеріп-көктейтін, жапырақ жаятын жеріміз – кең-байтақ Отанымыз. Отан деген не? Отан деп отбасы мен ошақ қасын, ауасын жұтып, суын ішіп жүрген, байлығы мол кең-байтақ жерді, қазыналы қарттармен, ақ жаулықты әжелеріміз тай құлындай бірге өскен құрбы-құрдастарымыз бар ауылды, қадірлі ата-ана, жарымыз бен баламыз жүрген елді айтамыз. Отанды сүю, әрине, иманнан екені сөзсіз. Имансыздар Отанның қадір-қасиетін терең түсіне алмайды. Имансыз қоғамның нетүрлі сұрқиялылығын бастан кешкен біз иманды қоғам орнатсақ деп отырмыз.
Көбіміздің дін исламға деген танымымыз көзқарас пен пікірлер аясынан аса алмай қалып отыр. Әсіресе, өздерін зиялы қауымбыз деп санайтын топтар. Олар қасиетті Құран қағидатына бейімделудің орнына, оны өздеріне қарай бейімдегілері келеді. Тіпті, намазды гимнастика санайтындары да бар. «Бізде де террористер толып жүр» деп билік ел ішіндегі экономикалық, әлеуметтік мәселелерден өршіген жағ­дай­ларға діни рең бергілері келеді. Дұрысы, билік жауды діннен емес, дінсіздіктен (имансыздықтан) іздеу қажет.
Ұлт болуымыздың өзі бір Алладан болғандықтан, оған жету жолы да ата-бабамыз ұстанған салт-дәстүрмен біте қайнасып кеткен таза исламда. Басында кеңестік қыспақтан құтылып, дінімен қауышуға асыққан қазақ қазіргі уақытта діни сенім-нанымдарының әр­түрлілігінен бір-біріне қарсы уәж айтып, қырық пышақ болуда. Осындай алауыздықтарды болдырмау үшін исламның шынайылығын, асылдығын терең түсініп, халық салт-дәстүрімен қаныққан діндарлар исламды өзгелерге насихаттаса ғана бұрылыс болады.
VII ғасырда ислам діні қазақ даласына күштеп емес, мәдени үндестік негізінде үйлесім тауып енгізілді. Бір қызығы, араб халифаты орнаған елдер араб мәдениетінің ықпалына ұшыраса, қазақ даласы өзінің төл мәдениеті мен дәстүрін сақтап қалды. Яғни, қазақ даласы ислам дінін түбегейлі қабылдағанымен, басы бүтін арабтанған жоқ. Ханафилік мазхаб, матуридилік мектептерді ұстанған қазақ жұрты көшпенді болмысына сай далалық үлгідегі исламды қабылдады.
Соңғы кезде ұлттық дәстүріміз бен дінімізді бір-біріне қарама-қайшы қою үрдістері көрініс тауып жүр. Мұны ата-бабамыздан келе жатқан болмысымыздан айыру үшін қасақана әрекеттер деп айтуға болады. Ұлттық әдет-ғұрпыңа, ата салтына айналып кеткен дәстүрлерді діни сенімге нұсқан келтіреді деп қаралау дін мен ұлттық мәдениетімізді бір-біріне қарама-қайшы қоюға әкеліп соқтырады. Ал, оның аяғы болжап болмайтын зардаптарға ұрындыруы мүмкін.
Иманды қоғам мүшелері өздерінің Құдайдың құлы екенін ұмытпайды. Ұждансыз қоғам – өздерінің Құдайдың құлы екенін ұмытады. Ондай қоғамда өмір сүру қауіпті. Адам адамнан қорқады. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген. Өйткені, Құдайдың құлы емес адам қашанда нәпсінің құлы болады. Нәпсінің құлы – инстинкт құлы. Инстинкт құлы – хайуан екені белгілі. Осындай инстинкт құлдарынан құралған қоғам қауіпті. Ондай қоғам – отансыздық, ұлтсыздық, дұшпандық, алауыздық, ашкөздік, тойымсыздық, зинақорлық, қызтекелік, жезөкшелік, қатыгездік, мейірімсіздік, қайырымсыздық, өшпенділік, өзімшілдік, ұждансыздық, ұрлық-қарлық, теңсіздік, сатқындық, бақытсыздық жайлаған қоғам. Ал, иманды қоғамға келер болсақ, ол қоғам – отаншылдық, ұлтжандылық, адалдық, ұждандылық, татулық, теңдік, түсіністік, қайырымдылық, бауырмалдық, ауызбірлік, достық, махаббат, мейірім, қанағат, бақ-береке салтанат құрған қоғам. Асан Қайғы тілімен айтқанда «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» қоғам. Бұл ежелден ел арманы. Ол жолдағы адамның қолы – еңбекте, жүрегі – Аллада. Ол жол – үнемі тазалық шыңына өрмелеу жолы.
Исламда Отаныңды, дініңді, ұятыңды, жаныңды, дүниеңді қызғыштай қорғау міндеттеледі. Осы құндылықтарды қорғау жолында өлгендер шейіт саналады. Ал, шейіттердің ақыретте есепсіз жәннатқа барары мәлім. Құранда бұл жөнінде «Шейіттерді өлдіге санамаңдар. Олар тірі, Алла біледі, сендер білмейсіңдер», делінген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Отан қорғаудың қаншалықты сауапты іс екендігі жөнінде көптеген хадистер айтқан. Бір сахаба пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) : «Я, Расулаллаһ, ең абзал амал не?», – деп сұрағанда Алла Елшісі (с.ғ.с): «Шекараны, Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзетте тұру, бір ай нәпіл ораза ұстап, түнде намаз оқудан қайырлы», – депті. Біздің Отанымыздың көркеюіне, еліміз бен жеріміздің тұтастығына, кеңпейілділігімізге, бірлігіміз бен ынтымағымызға іріткі салғысы келетіндер көп. Бөлінушілікке, жіктелушілікке ұрындырғысы барлар аз емес. Отанды сүюдің мәнісі туған елге, туған жерге қызмет етуде, сөзбен ғана емес, іспен көрсетуде екенін бұрын-соңды өткен ардақтылардың бәрі де айтып, аңғартып кеткен. Қазіргі таңда әлемдегі барлық мұсылман мемлекеттерінің ішінде жер байлығы мен жерінің терри­ториялық аумағы жағынан бірінші орында тұрмыз. Бұл кездейсоқтық дүние емес. Жаратушы иеміздің бізге деген мейірімі мен қамқорлығының арқасы. Әйтпегенде, жан саны отыз миллионнан асатын күрдтардан немесе әлемде жиырма миллионға жетеқабыл ұйғыр жұртынан артық жаратылдық деп айта алмаймыз.
Отанды сүйе білу іспен көрсетуді қажет етеді. Отанды сүю – туған елге қызмет ету деген сөз. Туған елге қызмет өте кең ұғым. Айталық, басшыларға бағыну. Бұл да ел ішіндегі тыныштықты сақтау, бүлік тудырмау үшін қажет. Пай­ғамбарымыз (с.ғ.с) өз сөзінде «Қара нәсіл­ді құл басшы болса да бағыныңыздар, қарсы шықпаңыздар» деп тапсырған. Өйткені, Құранда: «Бүлік шығару – кісі өлтіруден де ауыр күнә» делінген. Ендеше, елдегі, діндегі тыныштықты сақтау әрбірімізге міндет. Мемлекетті чиновник емес зиялы басқаруы керек. Зиялы басқармаған ел түбі бір мүсәпірлік пен мүгедектікке ұшырайды. Біз зиялылар кастасын яғни, критикалық массаны жедел арада жасақтауымыз керек. Ол үшін тек ағартумен айналысуымыз керек. Мұстафа Шоқайдың «Жас Түркістан» журналында 1931 жылы жарық көрген «Ұлттық зиялы» деген мақаласында «Шын зиялы деп кімдерді атаймыз?» деген сұрақ қоя отырып, зиялыға тән көрсеткіштерді анықтап береді.
Исламда басшылық – жауапкершілігі мол, ауыр жүк болып табылады. Бас­шылыққа кез-келген адамның тағайындалмағаны я жүрексінгені де сондықтан. Өйткені, басшы бірінші кезекте өте әділ болуы тиіс. Ел басқарған кісілер өз жауапкершілігін толық сезініп, әділеттіліктен таймаған жағдайда, ақыретте олардың зор құрметке бөленіп, нұрдан жасалған орындықтарда отыратындықтары сүйіншіленген (Мүслим, Имара, 18). Құранда «Алла сендерге аманатты ие­сіне беруді, адамдар арасында төрелік жасағанда әділеттілікке сай үкім беруді бұйырды» (Ниса, 4/58) деп, басшылықта әділеттіліктің алтын арқау екені білдірілген. Хадисте «Бір күн әділдікпен елді басқару, алпыс жыл (нәпіл) құлшылық жасағаннан да артық» делінген (Мұттақи, Кәнзүл-Ұммал, 6/12). Яғни, Исламда әділетпен басқару құлшылық жасағанға тең сауап іс. Басшы ел мүддесін өз мүддесінен артық қоюы керек. Кері жағдайда хадисте мынандай қатаң ескерту жасалған: «Ел басқаруды мойнына алған кісі өзін және отбасын ойлағандай қарамағындағыларды да ойламаса, қияметте жұмақтың иісін де сезе алмайды» (Бұхари, Ахкам, 8).
Осындай өткір аяттар мен хадистерді басшылыққа ала отырып мұсылман билеушілер тарихта ел басқаруда әділеттіліктің озық үлгісін паш етті. Жылағанды жұбатып, сүрінгенді демеуді, әлсізді жақтап, әлділердің озбырлық жасауына жол бермеуді олар өздеріне қасиетті борыш деп білді. Айталық, хазірет Әбу Бәкір (р.а.) мұсылман үмбетінің халифасы болып таңдалғанда, алғашқы жұмадағы хұтбасында-ақ жұртқа былай деп жар салды: «Құрметті халайық! Өзімді араларыңыздағы ең тәуір кісі санамаймын. Бірақ сіздер мені басшылыққа таңдадыңыздар. Бұдан былай ақиқатшылдығыма көз жеткізсеңіздер, соңымнан еріңіз­дер. Қателігімді байқасаңыздар, түзетіңіздер. Елді әділдікпен басқаруда маған болысыңыздар. Ақысын өндіріп алғанға дейін мен әлсіздердің қорғанышымын» (М. Ю. Қандахлауи. Хаятус-сахаба, 3/317). Хазірет Омар да (р.а.) тарихта қара қылды қақ жарған өте әділ басшы ретінде қалды. Мысыр әкімінің баласы қарапайым тұрғынға жұдырық сілтегенде, хазірет Омар (р.а.) әлгі адамға өзін ұрған әкімнің баласын дәл солай ұрғызып тұрып, «Әркім анасынан азат болып туады. Сендер қашаннан бері халықты құлға айналдырғансыңдар?!» деп басшылықты сөккеніне қарт тарих куә (Мұттақи, Кәнзүл-ұммал, 7/660). Ендеше, ел басқаратын шын зиялы қандай болуы керек? Біздіңше, қазақтың ұлттық зиялысы ең әуелі, өз ана тілін білетін, біліп қана қоймай, өз ана тілінде күлетін, осы тілде мұң кешіп, осы тілде түс көретін, күллі адами болмысымен осы тілде сомдалған болуы шарт. Ары қарай, сол тіл арқылы туған халқының арғы-бергі тарихы мен өз ата-тегін толық біліп, өз жұртының озық дәстүр-салтын, өнегелі өнері мен қымбат құндылықтарын бойына сіңірген болуы шарт. Осылайша тілін, тарихын, дәстүр-салтын, төл мәдениетін білген адам оқу-білімге құштар болып, санасы ашық, ойы терең, ақылы алғыр болғандықтан, кәсіби білімнің шыңына да жететіні анық.
Халықтың арасында суицид (белгісіз жағдайда өлу фактілері) өте көп, бұзықтық, жол-көлік апаттары көбеюде. Сыбайлас жемқорлық тыйылмай отыр. Қалада толған орыс және шет тіліндегі жарнамалар, жасыратыны несі бар, мемлекеттік тіл мәселесі облыс орталықтары, әсіресе, қалаларда өте қиын жағдайда қалып отыр. Өмірімізде жоғарыға беретін есептеріміз бен жоға­рыдан келгендерге көрсететін дүние­леріміздің бәрі сценарий бойынша жасалған спектакльдер бойынша өрбуде. Міне, бұл шиқандардың түп негізі әртүрлі биліктерде зиялылар емес шенеуніктер отыруына тікелей байланысты.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, мем­лекеттiк органдарда ресми тілдің қолданылуы сол баяғы 80-90 пайыз болса, мемлекеттік тілдің қолдану аясы небәрi 10-20 пайызды ғана құрап тұр. Ал, кейбір шенділеріміз мемлекеттік тілде іс-қағаздардың жүргізілуі 40%-ға жеткенін айтады. Алайда, бұл нақты емес. Елдегі мемлекеттік тілге байланысты берекесіздікті сейілту үшін бұл мәліметті жалған жариялай салуы мүмкін. Қоғамдық жиналыстарда ана тіліміз өгей баланың күнін кешуде. Өз тіліңді өгейсіткенің, өз балаңды тірідей жетім еткенің. Өз көзіңнің тірісінде балаң көзі жаутаңдап, табалдырықтан сығалап тұрса қалайша ет-жүрегің езілмеске.
Ұлт болып ұйысу белгілі бір географиялық ендікті алып жатқан адамдар тобының басқа да тұрмыстық, дүниетанымдық, ең бастысы тілдік бірліктерінен туады. Әлемде жеті атасын жетік білетін, ары менен қаны таза, жүрегі пәк, ешкімді бөлмейтін, жармайтын, арамдықтан ада, қиянаттан шет, алысты жақындастырып, аразды татуластыратын, бір пәк, даласындай дарқан ұлт бар, ол – қазақ ұлты. Рухани дүние жағынан келгенде ұлттық мүддені қай-қайсымыз болсақ та бірінші орынға қоюға тиіспіз. Яғни, қазақ ұлтының мүддесі, ол – қазақтың ғана мүддесі емес, ол – қоғамның және мемлекеттің мүддесі. Ал, саяси тұрғыда алып қарасақ та, біз мемлекеттік саяси мүддені ең жоғары орынға қоюымыз керек. Өйткені, мына мемлекет біздің бәрімізге ортақ. Біз де дамыған елдердегідей талаптарды қоюымыз керек. Ұлттық құндылық тұрғысынан ұлттық мүдде ең жоғары орында тұруы тиіс. Күллі этнос өкілдері қазақтың мүддесі үшін қызмет еткені жөн. Әрине, өзге ұлттың тіліне, әдебиетіне, мәдениетіне айрықша көңіл бөлініп, өз ана тілдерінде оқуына, дамуына, өркендеуіне ерекше мән беріліп, салт-санасын жаңғырта сақтауына барлық жағдай жасалып жатыр. Қазақстандағы әр ұлт өз ана тілдерінде оқып, білім алуда. Сондай-ақ, біздің елде өзге ұлттың барлығына еркіндік берілді. Қазақ жерінде өмір сүретін қай ұлттың үйлену тойын немесе өзге тойын қазақтың салтына сай өткізгенін көрдіңіз? Қазақ ел иесі болған соң қоғамда қазақы рух сақталуы тиіс. Әрине, әр ұлт өзінің ана тілін сақтасын, бірақ, өзі тұрған елдің мемлекеттік тілін білуі – әркімнің адами міндеті, азаматтық парызы. Қоғам талқысында жаңа қазақстандық патриотизм қалыптастыру, оның түп қазығын қағу, іргетасын бекіту, қандай ілімге негізделіп, неге бағытталуы керек деген секілді мәселелер көп айтылды. Ендеше, барлық отандастарымыздың санасына отаншылдық рухты сіңіріп, болашақ буынның бойында отаншылдық сезім, мемлекетшілдік сана, ұлттық рух, патриотизм мен елсүйер, жерсүйер қасиет қалыптастырып, оны баянды етуді көздесек, ұлттық патриотизмнің, яғни, жаңа қазақстандық патриотизмнің түп қазығы қазақ тілінде деген қарапайым ғана қағиданы мойындауымыз қажет.Туған тіл ғана өзіңнің қай ұлт екеніңді сезіндіреді. Тіл бірлігі болмаса, не ұлт не мемлекет тәуелсіздігі баянды болмайды.
Туған жерім менің Қазақстаным, Елім менің! Осы бір қасиетті сөз айтылғанда жүрегіңіз кеудеңізді тепкілеп, дүрсілдеп қоя бере ме? Көзіңізге жас алып тұрып «Қазақ мемлекеті үшін жаным да, арым да садаға…» деп бар пейіліңізбен айта аласыз ба? «Халқымның табанына кірген тікен менің маңдайыма қадалсын» дейтіндей рухыңыз бар ма? Осы айтқандарымыз қолыңыздан келсе, сіз нағыз патриотсыз. Егерде, осы міндеттерімізді бүгін атқара алмасақ, ертең тарихқа айналғанда, ұрпағымыз бұл кезеңді қаншама дәуірлер ата-бабасы аңсаған тәуелсіздігі бола тұра, «қазақы рухтың халқымен қауыша алмай пұшайман болған кезеңі», – деп атайтын болады.

Алдыңғы «
Келесі »