Мұсылман діні – ұлттық рухтың тірегі

  • 14.11.2013
  • 1151 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Құралай Сәрсембина,
тарих ғылымдарының кандидаты,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университетінің доценті

Дінді түзу ұғыну мен өз деңгейінде түсіндіру негізгі мәселе. Өйткені, тәуелсіздік алған жылдардан бергі кезеңде дінді әр түрлі бағытта түсіндірулер көбейіп, соның салдарынан азаматтардың түрлі діни ағымдар ықпалына түскендігі де шындық. Азаматтық қоғамда діни – плюралистік көзқарастардың болуы табиғи нәрсе десек те, діннің негізгі қағидалары бұрмаланбауы тиіс. Дін туралы сауатты ақпаратты жақсы игерген тұлға ғана діни адасудан аулақ болады. Елімізде дінді түрлі мақсатпен түсіндіруге діни басқарма тосқауыл қойып, құқықтық органдар олардың заңсыз іс-әрекеттеріне заң жүзінде сараптама жасап отырғанымен, діндер мен діни ағымдарға қатысты проблемалар да жеткілікті. Діни адасушылық ұлттық қауіпсіздікке зор қауіп болып табылмақ. Сондықтан да Абай, Шәкәрім сынды даналардың салған сүрлеуімен мұсылманшылық тұтқасынан берік ұстанып, елдіктің ұйтқысы болуға ұмтыламыз. Бұлай дейтін себебіміз, Абай, Шәкәрім, бір сөзбен қайырғанда Алаш зиялыларының танымы қазақ ұлтының жан дүниесі. Діни сауатты тұлға отбасына, әлеуметіне, ұлтына, жалпы адам баласына ізгілік шуағын шашады.


Түзу дінмен жетілген жан бойында ұлттық рух тамырын тереңге жаяды. Ұлттық рухпен қаруланған жан отбасы мен Отанына адал қызмет етуге қабілетті болады. Қалың оқырман отбасы Отанның күретамыры екендігін де жақсы ұғынады. «Отан отбасынан басталады» даналығы тегіннен тегін шықпаса керек-ті.
Түзу дін дегеніміз кемел білім. Өйткені, дін теориясында білім мен ғылымға ерекше назар аударылады. Білім мен ғылым адам мәнін, қоршаған орта мен табиғат сырын шындық жүзімен зерт­теп, зерделеуді мақсат етеді. Сондықтан, білімі кемел адамның құдайға деген сенімі де күшті болатындығы сөзсіз. Құдайға сенген адам адамға сенеді, жасаған жақсылығын санамайды, ешбір жанға жамандық ойламайды, ысырап пен даңғазалыққа жол бермей, өмірдің ақиқатына бойлайды. Осы тұста қазақы қалыптағы қарияларымыздың тарихи бейнесін көз алдымызға келтірсек те артық болмас та еді.
Құранда Фатир сүресінің 28-аятында Аллаh Тағала: «Ілімі көптің құдайдан қорқуы да көп» – деп жазылған. Ал, Пайғамбарымыздың (с.а.у) мәшhүр сахабаларының бірі Муаз ибн Жәбәл шынайы білім жайлы: «Білім игеріңіздер. Өйткені, ол Аллаhтан қорқуды күшейтеді. Ғылым іздеу-ғибадат. Білмегендердің көзін ашу-садақа. Білімді лайық адамдарға үйрету-құлды Аллаhқа жақындатады. Өйткені, ілім арам мен адалды, ақ пен қараны ажыратып береді. Ғылым-амалдардың имамы. Амал-ғылымға бағынышты. Ғылым-Жәннатқа бастар шамшырақ, жалғыздықта дос, алыста жансерік, қайғы мен қуанышта жол сілтеуші, дұшпанға қарсы қару және достардың арасында абырой» [1] – деген екен. Байқап отырғанымыздай, білімді лайық адамдарға үйрету мәселесіне ерекше ден қойылып отыр. Білім шегі-шеті көрінбейтін ұғым. Таза білім өзіне бейім зердеге құйылса, қоғамға өз деңгейіндегі қайтарымын береді. Білімді адамның тәрбиесі де зор болмақшы. Бұл талай ғұламалардың айтып кеткені.
Жаттанды біліммен қаруланған (жаттанды білім болмайды, білімді жаттандылыққа айналдыратындар ғана болады) адам арам мен адалды, ақ пен қараны ажыратуға қабілетсіз болады. Қазіргі таңда оқығандарымыз көп болғанымен, олардың ел мүддесіне орайласқан ісінің мардымсыз болып отырғандығының бір себебі де осы деп ойлаймыз. Білімді орынды жеріне жұмсауға бағыттайтын таза ақыл. Таза ақылды иеленбеген жанның игерген білімі тәрбиесіз білім болып шығады. Осы мәселе тұрғысында талай ғұламалар тереңнен қалам тербеді де. Абай ғұлама отыз сегізінші қара сөзінде: «Ғылым – алланың бір сипаты, ол – хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һәм адамдық дүр. Болмаса мал таппақ, мақтан таппақ, ғиззат-құрмет таппақ секілді нәрселердің махаббатымен  ғылым-білімнің хақиқаты табылмайды»-десе ал, 32-ші қара сөзінде: «Егер дін көңілің өзге нәрседе болса, білім-ғылымды бір-ақ соған себеп қана қылмақ үшін үйренсең, ондай білімге көңіліңнің мейірімі асырап алған шешеңнің мейірімі секілді болады. Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі.  Шала мейір шала байқайды»-деп жазған еді.
Дін, білім, ғылым адамдардың игілігі үшін шыққан дүниелер. Оларды өмір сүрудің құралына оңды-солды айналдыруға болмайды. Білімді ақыл көзімен игермеу салдарынан надандық там тұмдап бас көтереді. Атаққұмарлық, шен­құмарлық, парақорлық, пайдакүнемдік, жем­қорлық, көлгір сөйлеу, сөзінде тұрмау, уәдені ұмытқыш, діттеген мақсатына адамгершілікті аттап жету және т.б. айта берсек тізіліп кете беретін тексіз істер надандықтың айқын бір көрінісі. Ұлттық рухты дәрменсіз халге жеткізіп, тұтқында ұстайтын да осындай тексіз қылықтар. Қазақ тарихында патшаның отарлау саясаты ұлттық санаға жара салып, қазақты Кенесары сынды өршіл рухты тұлғаларынан айырып, сан мәрте зар жылатты. Сөзімізге хандар мен батырларға арналған тарихи жырлар дәлел болады. Халыққа жақын болмасаң халық жыр жазбақ түгілі бір ауыз жылы сөзін де қимайтындығы сөзсіз. Ал, қызылдар ылаңы елді бүлдіріп, тексіз қылықтарға жол ашты. 1918 жылы қаңтарда «Қазақ» газетінде жазылған «… Большевиктер дәурені көпке бармас, бірақ большевиктің ылаңының кесірі тез арыла қоймас. Большевиктер – мемлекет ісінің басынан көшер, бірақ көшкенше талайды болдырып, былғап кетер» [2, 421 б.],- деген мазмұндағы саяси сараптаудың ақиқатына кейінгі ұрпақтың көзі жетті. Шындығына келгенде большевиктер ылаңының әлі күнге дейін кесірі сезілуде (мысал ретінде бір қазақтың ұлт мүддесіне қатысты әр-түрлі ойлауының өзін айтуға болады – С.Қ.Қ.). Кеңестік үлгідегі тоталитарлық қоғамның адам санасына салған «жараларынан» құлан-таза айығу үшін уақыт керек. Бірақ, осы кезде ұлттық рухты көтеру ісінде белсенділік танытпай, мезгілінен кеш қалсақ, онда мемлекеттілігіміздің тұғырлы болуы екі талай. Сондықтан да кемел білімді зиялыларымызды рухани ұстаз ретінде қадірлеп, олардың әлеуметтік қызметтерін жалғастыру қазіргі зиялылардың ұлт алдындағы перзенттік парызы. Зиялылық деңгейін анықтайтын ұғым адалдық десек-те қателеспеген болар едік. Адал­дық ар қуатының көзі. Ойшыл Шәкәрім айтқандай – ұждан дәлелі [3, 121 б.].
Дін мен білім, дін мен ғылым бір-бірімен біте-қайнасып жатқан ұғымдар. Мұсылман дінінің кәсіби білгірлері білім мен ғылымның теориясы мен методологиясын шебер зерделейді. Әрине, бұл өз алдына жеке пайымдалатын мәселе болғандықтан, тоқталуды жөн көрмейміз. Осы тұста ғалым сахаба Абдуллаh ибн Омардың: «Адамның бойында мына үш қасиет болмайынша,ол шынайы ғалым бола алмайды. 1) Өзінен білімі мол адамды күндемейді; 2) Өзінен төменгілерді кемсітпейді; 3) Ілімін дүниелік пайда үшiн сатпайды» [1, 228 б. ] – деп жазғандары да ойымызға оралып отыр. Нағыз ғалымдардың айналасына ізгілік шапағатын шашып жүретіндігінің сырын осы айтылғандардан ұғынамыз. Сондықтан нағыз ғалыммен сөйлесудің өзі зор ғанибет.
Мемлекетті, халықты өзгелермен теңесті­ретін күш білім, ғылым, мәдениет, техника. Осы құндылықтардың қоғам өміріне тамырын те­реңге жаюына басты себепші саяси жүйе екендігі анық. Ал, саяси жүйенің адамдар арқылы басқа­рылатынын ескерсек, мәселенің түйіні тағы да айналып келіп кемел білімге тіреледі. Саяси элита бойындағы кемел білім болса, ол халыққа жақын болады. Халыққа жақын болу дегеніміз, халықты дамыту деген сөз. Ал, бір жақты, демек тәрбиесіз білім халықтың соры. Бір жақты білім адамды таяздыққа сүйрейді, өз-өзіне ор қаздыртады, сөйтіп өзін де, айналасын да қор қылады. Биліктің трагедиясы деп, билік мәнін ұғынбауды айтамыз. Билік мәні парақорлықпен емес, халыққа қамқорлықпен айқындалады. Бұл мәселені айтып отырған себебіміз, халықты жеп шет ел ауғандардың кесірінен мемлекет пен халықтың арасына салқындық түсетіндігі. Парақорлыққа қарсы күрес жылдан жылға күшеюде. Алайда, адам санасы түзелмейінше, өмір бойы күресе беруге болады. Әлихан Бөкейханұлы парақор адамды қысты күні үңгірде жатып өз аяғын өзі сорған аю мысалында түсіндіріп еді… Діни сауатты тұлға дүние байлығының уақытша, ал, халықты жеудің ауыр күнә екендігін түсініп, обал, сауап категорияларының мәнін жете ұғынып арын лайламай, адалдық ұғымын ту етіп өмір сүреді. Бұл үшін имам, молда болу шарт емес. Түзу діни түсінікті ақылмен жүрекке сіңірсе жеткілікті.
Қазақ тарихы даналыққа толы. Алайда, бірнеше ұрпақ санасына тигізген отаршылдық жүйенің зардабын сан қырынан зерттеудің қажеттілігі артып тұр. Мәселен, парақорлық секілді жат құбылысты зерттеу қажет секілді. Өйткені, патшалық, одан қалды кеңестік Ресейдің империялық пиғылдағы саясатының нәтижесінде қазақ ұлты әлеуметтік әділеттіліктің тетігі, қоғамды дамытудың қозғаушы күші болған саяси элитасынан айрылды. Қорғанышсыз қалған халық жат ниеттен қорлық көріп, тұрмыстың тепкісінде қалды. Ең сұмдығы ен даланың иесі болған қазақ, өз жерінде өзі кіріптарлық көріп, «орыстар неге бізге жер сыйлауда, ол жерлер онсыз да бізге тиесілі ғой» (Кенесары даналығы) деген өршіл рух жасып, ел бірлігі қожырай бастады. Ұлттық рух тірегінен айрыла бастаған уақытта, қазақ тағдырына араша болған Алаш зиялылары тарих сахнасына шығып, ұлттық сананы дүр сілкіндірген еді. Олардың ұлтты сүю қасиеті ерекше бір феномен.
Алаш зиялыларының ұлтты сүю қасиеті діни сауаттылық пен ұлтының жан-дүниесін же­те ұғынғандықтан да ерекше болды. «…Тең­­дік жолында адам дәрежесі кім болса ол бол­сын тең боларға тиіс. Түрі, діні, тілі, тегі, күші, ісі, әл-ауқаты бірдей болмағанмен адам баласының адамдығы бірдей. Дінсіз болсын, тілсіз мақау болсын, тексіз құл болсын, малсыз жарлы болсын адам емес деп ешкім айта алмайды. Адам болған соң адамдық дәрежесі бірдей болуы тиіс» [2, 328 б.], – деп жазғандарынан олардың барлық мәселеге адамдық өлшеммен қарағандығын көреміз. Демек, олар «өзіне» де «өзгеге» де өр­кениетті көзқараспен қараған. Қа­зақ дана­лы­ғымен тәрбиеленген зиялыларда «өз­ге­лерді» менсінбейтін өркеуде ұлтшылдықтың болуы мүмкін емес те еді. Өйткені, қазақтың өмір фило­софиясының субстанциясы «тіршіліктің қы­зығы адамға жақсылық қылумен көрінеді» – де­ген мазмұннан бастау алатыны белгілі.
1915 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған «Шаруашылық өзгерісі» деген мақалада: «Неліктен бір жұрттың тұрмысы, я хакімшілігі екінші жұрттан өзгеше болады деген мәселені шешуден бұрын бір адамның түрі, мінез-құлқы, жүріс-тұрысы неге екінші адамға ұқсамайды дескен мәселені шешу керек. Оны ғылым әлі шеше алған жоқ. Бұл күндегі ғылымның білетіні адамнан-адам, малдан-мал, астықтан-астық туатыны һәм адамды жақсы тәрбиелесең жақсы болатыны, астықты жақсы ексең жақсы шығатыны. Сондай-ақ хакімшілік турасында да біздің білетініміз: хакімшілік жақсы болса, ел де жақсы болатыны ғана сондықтан» [2, 252 б.] – деген мазмұндағы жолдар жазылса, ал, Әлихан Бөкейханов «Мәдениет өмірі – құдірет әмірі» деп тұжырымдаған еді. Мәдениет өмірін зерделейтін тарих ғылымы. Түзу жазылған, демек саясаттандырылмаған тарих жеке адамды ғана емес, тұтас ұрпақты, тіпті ұлтты да тәрбиелемек.
Тарихтың мәнін түсіну үшін алдымен адам болмысын зерделеуіміз шарт деген түсінікті де жиі кездестіреміз. Ақиқаттан қия баспаған тарихпен тәрбиеленген этностың мәдениеті, яғни тектілік келбеті жоғары қалыптасатындығын тарих жүзі әлдеқашан дәлелдеген-ді. Тектілік келбеті жоғары этнос дүниежүзіне өзіндік мәнін танытпақ. Тұжырымдап айтар болсақ, ұлттық рухтың қорғаны түзу жазылған тарих, демек ұлттық мәдениет. Оның қорғанышы дін. Өйткені, таза дін адамға өмір ақиқатын ұғындырады.
Өмірдің мәні имандылықта. Пайғамбарымыз иман туралы бір хадисінде былай деген екен: «Иман-мүміндердің көңілінде бейне 7 мүшеге қарай өсіп, 7 түрлі жеміс береді. Біріншісі жүрекке ұласады. Оның беретін жемісі – дұрыс идея. Өйткені, идея азат әрі дұрыс болған адамда жақсы ниет болады. Ал жақсы ниет көптеген сауапты іске апарады. Екінші бұтағы тілге ұласады. Оның беретін жемісі – шын сөйлеу. Өйткені, шыншылдық-иманның нұры, жалғандық қараңғы беті» [1, 169 б.]. Өмірдің ақиқаты да осы. Ғұлама Қожа Ахмет Йассауи «Ең алдымен иманды түзеу арқылы адамды, сосын ортаны, содан кейін заманды түзеуге болады», деп жазған еді. Ал, Абай дана отыз алтыншы қара сөзінде: «Пайғамбарымыз салаллаһу ғалайһи уәссәлләмнің хадис шарифінде айтыпты: «мән лә хаяһүн уәлә иманун ләһу» деп, яғни кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ деген. Біздің қазақтың өзінің мақалы да бар: «ұят кімде болса, иман сонда» деген. Енді бұл сөзден білінді: ұят өзі иманның бір мүшесі екен»,-деп ұғындырған еді. Қазіргі күні біздер осы бір келелі мәселеге ойлы көзбен қарауымыз тиіс. Материалдық өмірді түзеуге айрықша мән беру дұрыс. Дегенмен де, рухани құндылықтар материалдық құндылықтардан оқ бойы озық тұрмаған жағдайда қоғамдық дамуды түзеу ісінің діттеген жеріне жете бермейтіндігі де ақиқат.
Иманы зор адам ұлт рухының қорғаны. Осы тұста ғұлама Шәкәрімнің 1912 жылы «Айқап» журналының № 5 санында жарияланған «Білім­ділерге бес сауалын» келтіре кетуді жөн көріп отырмыз. Онда: «білімділерден бес түрлі сөздің шешуін сұраймын. …адамның екі дүниесіне бірдей керек. Бұл сөздерге дін кітабынан дәлел көрсет деймін, тура ғана ақыл қабыл аларлық дәлел болса екен.
Бес сауал мынау:
1. Алланың адамды жаратқандағы мақсұды не?
2. Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін?
3. Адамға өлген соң мейлі не жөнмен болсын рахат-бейнет (сауал-азап) бар ма?
4. Ең жақсы адам не қылған кісі?
5. Заман өткен сайын адамдардың адам­шылығы түзеліп бара ма, бұзылып жатыр ма?» [3, 5 б.] – деп өмірдің ақиқатын білуге бағытталған сауалдар қойылады. Бұл сауалдар төңірегінде қазіргі білімділердің де тереңнен толғанғаны абзал. Сонда ғана өмір ақиқатына көзімізді жеткізіп, діннің ғылыми негізін зерделейміз. Иманның сырына қанығамыз. Шәкәрім ғұлама білімсіз, өнерсіз ақылдың тұл болатындығын, мансаптың тағы үшін мақтанға салынбаудың қажеттігін ұғындырып, «нәпсіңе билетпе басыңның бағы үшін» деп түйіндейді. Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбекті ұстанғандар ғана шын адам мәртебесін иеленетіндігін тұжырымдайды. Шын адам мәртебесі иманның сапасына қарай анықталды. Ал, ғылыми негіздегі ой-тұжырымдар иманның сапасын жоғарылатады. Сөйтіп, иман сапасы иман дәрежесін аныктайды. Иман сапасы дін негіздерін ғылыми тұрғыдан түсіндіруге тәуелді. Адамдар пендешілікке салынып иманның мәнін жете ұғынбай, иманды өмір сүрудің құралына айналдырмауы тиіс.
Абай данышпан 28-ші қара сөзінде «Құдай тағала әрбір ақылы бар кісіге иман парыз, әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз деген екен. Және де әрбір рас іс ақылдан қорықпаса керек. Жә, біз енді ақылды еркіне жібермесек, құдай тағаланың ақылы бар кісіге иман парыз дегені қайда қалады? «Мені таныған ақылменен таныр» дегені қайда қалады? Дініміздің бір жасырын тұрған жалғаны жоқ болса, ақылды, оны ойлама дегенімізге пенде бола ма? Ақыл тоқтамаған соң, діннің өзі неден болады. Әуелі иманды түзетпей жатып, қылған ғибадат не болады? Жоқ, сен жақсылық, жамандықты жаратқан – құдай, бірақ қылдырған құдай емес, ауруды жаратқан – құдай, ауыртқан құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан – құдай, бай қылған, кедей қылған құдай емес деп, нанып ұқсаң болар, әйтпесе – жоқ» [4] – деп түсіндірген еді. Осы тұста «біз Абай ғұламаның даналығын, өсиетін толық түсіндік пе?» – деген сауал да алдымыздан кесе көлденең шығып тұр.
Ақылды адам жан қуаты арқылы өмір мәнін ұғынып, мүмкіншіліктерін жүзеге асыруға ұмты­лады. Бұл мүмкіншіліктер Отаныңды көркейтуге бағытталуы тиіс. Отаныңды қадірлеу дегеніміз болашақ ұрпақтың қамын жеу деген сөз. Отанның қадірін аяқ асты ету надандықтың биік шыңы. Осы тұста тағы да Шәкәрім ғұламаға жүгінуімізге тура келіп тұр.
Ақыл деген өлшеусіз бір жарық нұр,
Сол нұрды тән қамы үшін жан жұмсап
тұр.
Тағдырдың қиын, сырлы сиқырымен,
Жан тәнге, ақыл жанға матаулы тұр [3, 23 б.] – деген жыр жолын пайымдасақ, адам болмысының құпиясын сезінеміз. Жанның тән қамын жеп, таза ақылды елемей кету қаупін де ұғынамыз. Жан қуатын арттыратын ар алдындағы адалдықты бетке ұстанамыз.
«Отанды сүю иманнан» – деген сөздің мағы­насы биік. Иманды адам ұлтын қадірлейді, ұлтына барлық болмысымен қызмет етеді. Демек, ұлттық рухпен қаруланған жанның бойында ғана Отансүйгіштік деңгей жоғары қалыптасады. Ұлт ісі кісілік келбеттің қоғам өмірінде терең тамыр жаюына қатысты дамымақшы. Сондықтан рухани жетілген жан ғана ұлттық рухтың мәнін түсініп, оны қорғаушы ғана емес, кейінгі ұрпаққа жеткізуші қызметті атқарып, Отан алдындағы азаматтық борышын, ұлт алдындағы адамдық парызын адал орындайды. Сөйтіп, өзін өзгелерге қадірлете біледі.
Мұсылман дінінің Отансүйгіштік қасиетке айрықша мән беретіндігін көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) көптеген хадистерінде Отан қорғаудың қаншалықты сауапты іс екендігі туралы айтқан. Сондай-ақ, Отанын сатқан опасыздардың жазасы да ауыр екендігін де мұсылман баласы жақсы біледі. Сонымен, мұсылман діні – ұлттық рухтың тірегі екендігі даусыз. Мұсылман дінін таза ақылмен қабылдаған адам өз басына, жақындарына, қоршаған ортасына, бір сөзбен айтқанда Отанына адал қызмет ете біледі. Пай­ғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисте былай деген: «Әрқайсысың жауапкерсіңдер. Баршаң да қарамағыңа жауаптысыңдар: Ел басшысы – жауапкер; ол – қарамағына жауапты. Ер адам – отбасының басшысы; ол – отбасына жауапты. Әйел – ерінің үйіне басшы; ол – меншігіне жауапты. Қызметші – мырзасының мал-мүлкінің басшысы: иелігіне жауапты. Әркім – жауапкер: әрбірің қарамағыңа жауаптысыңдар» (Бухари, Жума, 11; Уасайа, 9; муслим, Имара, 20; Әбу Дәууд, Имара,1) [5, 184 б.]. Көңіл көзі ашық адам жауапкершіліктің аманат екендігін ұғынады. Осы тұста «Расында, Аллаһ сендерге аманаттарды лайықты орнына тапсыруларыңды, адамдардың арасына билік етсеңдер, әділдікпен билік етулеріңді әмір етеді. Расында, Аллаһ сендерге неткен жақсы өсиет айтады. Күдіксіз, Аллаһ – барлық нәрсені естуші, күллі нәрсені көруші» (Ниса, 4/58) [5, 183 б.] – деген мазмұндағы аятты келтіруді жөн көріп отырмыз. Қазақ тарихын жетік білетіндер қазақ баласының аманатқа қиянат жасамайтындығын да біледі. Қазір біздер ХХІ ғасырдың табалдырығын аттаған уақытта атадан қалған аманатқа адалдық танытып отырмыз ба? Жауаптылық пен аманатты өз деңгейінде ұғынуға қабілеттіміз бе? – деген сауалдар да туындайтындығы анық. Өйткені, күнделікті өмірде жемқорлық, парақорлық секілді надандық істердің етек алуынан есті адамның өзі үшін емес, ұрпағы үшін шошынатындығы да белгілі. Естілік келбетті иеленгендер ұлттың қамы үшін қайғырады. Ессіздік ұлт тағдырын ойыншыққа айналдырады. Шәкәрім ғұлама айтқандай: «Қазақтың көзсіз баласын, қаңғытып қайда барасың? Арыңды сатып арамға, адалдап қалай аласың?» [3, 138 б.].
Адам болмысының мәнін ұғынған жан өмірдің өткіншілігін сезініп, өзгелерді өзіндей қадірлейді. Кейінгі ұрпақтың алдындағы парызын ойлап ұлттың қамын жейді. Ұлтына, Отанына деген зор махаббат оның екі дүниенің рахатына бөленуіне жетелейді. Бұл талқылауға келмейтін ақиқат. Шәкәрім ғұламаның:
Алланың пендесіне рақымы мол,
Сен де өзіңдей адамға мейірімді бол.
Ол жаратты, сен-дағы жаратып бақ,
Бардан барды шығарсаң болады сол [3, 213-214 бб.] – деп түзу өмір сүрудің формуласын ұсынғанын да көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Құранның ақиқатын білген данышпан «Бір Құдайың сабырлы, сен де шыда» деп, одан әрі
Мұны білсең, боласың сүйікті құл,
Құлы болсаң, Қожаңның сүйгенін қыл.
Шын мұсылман болайын деп ойласаң,
Құдайға құл болудың мәнісін біл [3, 214 б.] – деген керемет философиялық ой түйінін жасайды.
Біздің басты мақсатымыз мейірімді болу, бардан бар шығару. Біздің ашқан керемет жаңалықтарымыз, айтып жүрген тамаша идеяларымыз өмірде бұрыннан бар нәрселер. Біздер тек қана бардан бар жасаймыз. Жоқтан бар жасау адамның қолынан келетін дүние емес. Бұл өмір ақиқаты. Сондықтан Ақиқаттың Алладан, шындықтың адамнан екендігін тағы да бір мәрте есімізге түсіре отырып, ақиқатты бұрмаламай, шындықтың жүзіне тура қарағанда ғана ұлттық рухымызды асқақтатуға зор үлес қосатынымызды ұмытпауымыз тиіс. Мұсылманшылықты ғылыми негізде ұғыну арқылы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулимыз. Адам ниетін адалдыққа бұру арқылы, тектілік келбетімізді биіктетіп, дамудың даңғыл жолына түсеміз.
Сонымен, дамудың кілті жемісті идеяда. Жемісті идея кемел білімді тұлға бойынан шығады. Кісілік келбетті иеленгендер ұлттық рухтың қорғаны. Осы тұста қазбалап жазбасақ та тектілік мәселесі өздігінен бас көтеріп тұр. Тектілік өмірдің ақиқатын ұғынудан басталады. Осы бір іргелі мәселені жан – жақты зерттеп, ұрпақтың есті болып жетілуіне қамқорлық жасап жүрген қазақтанушы ғалым, философ Ж. Молдабеков тектілік ұғымының көбінесе үш мағынада, яғни тұқым мен қан тектілігін, азаматтың өз басының тектілігін, халықтың тектілігін тереңнен талдай келе былай дейді: «Тектілікті атадан балаға қалыптасқан күйінде қалатын мұра деп ұғыну әбестік. Тектілік – келбетті мен кемеңгердің, есті мен еріктінің әлеуметтік жемісі мен жеңісі, ұлағаттылық пен рухани ұстаздыққа кісілік жол. Нағыз тектінің тірегі мол, жұбанышы жетерлік. Кісілікті тұтатқан, ойында арамдығы, адалдығы мол қатынаста жарастықты, істе үлгіні іздестіріп, бетке ұстайтындар – тектіліктің нағыз жеткіншегі дерлік. Адалдық пен адамдық рәсімін жөн мен риясыз қадір-құрмен ететін, ел жұртында перзенттік ізет-құрметтің өлшемін ұмыт қалдырмайтын, жанашырлығы көп, бұра тартпасы жоқ. Өмір сүйгіш, ел сүйгіш ынтызар – тектіліктің бекем ұйытқысы» [6. 108 б.]. Сонымен, тектілік ұлттық рухтың қуаты, мемлекеттіліктің іргетасы. Себебі, нағыз текті тұлға өзінің Отан алдындағы перзенттік борышын адал орындайды. Тектілікке жетелейтін тарих тағылымы. Ж. Молдабеков текті жанның өнер жолын қуатындығын, сертінде тұрып, уәдесін орындайтындығын, қолы ашық, көңілі жайдары, әрекеті батыл болатындығын жаза келіп, одан әрі «…Нар қалыпты, әдебі табанды азаматтардың қатары толыққан сайын халық тектілене түседі. Текті орта сыпайы да есті адамның кісілік қасиеттері мен оңды қимыл – әрекетін елеусіз қалдырмаған» [6.109 б.], – деп тектіліктің мәнін тереңнен қозғайды.
Адам болып дүниеге келген соң адам атауына толық сай болу басты мақсат. Адамның адамдығы өзіне, отбасына, ұлтына, Отанына қызмет ету деңгейімен парықталады.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Адилбаев А. Саңлақ сахабалар. А.: «Алтын қалам», 2007.-169 б.
2. Қазақ/ Құраст.: Субханбердина Ү. және т.б.- А., «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998.- 560 б.-
3. Шәкәрім. Иманым.-А.: «Арыс» баспасы, 2000.-321 б.
4. Абай. Қара сөздер. Алматы: Өнер, 2006.-124 б.-Б.55.
5. Гүлен Ф. Ғаламның рақым нұры МҰХАММЕД ПАЙҒАМБАР саллааллаһу аләйһи уәсәлләм. Алматы: «Көкжиек-Б» баспасы, 2009.-656 б.
6. Ж. Молдабеков Тектілік – өнеге ажары //Ұлт тағылымы.- № 3.- 2000.-108 – 115 бб.

Алдыңғы «
Келесі »