«ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ МӘСЕЛЕСІ»

  • 05.11.2013
  • 856 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Жания Әбдібек,
журналист

Бұл күндері адамзат баласы үшінші мыңжылдықты басынан өткізуде. Әлемдік экономикалық, саяси, мәдени текетірестер мен өркениеттер қақтығысы да осынау кезеңде жүріп жатыр. Дүниежүзін ғаламдастыру салқыны шарпуда. Міне, осы тұста, сөз жоқ қазіргі қазақ мәселесін жан-жақты талдап-талқыламау мүмкін емес. Оны алдымен үш бағыт-бағдарда алып қараған жөн. Бірінші ұлтымыздың мемлекеттік (саяси), екінші қоғамдық (әлеуметтік-тұрмыстық), үшінші мемлекеттің иесі ретіндегі алатын орнын елеп-екшеу әрі саралау. Жалпы, ұлтымыздың болашағы қандай деген сауал да осы тұстан өрбиді. Осыған орай, келелі кеңесімізге Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Темірхан Медетбек, саясаткер Дос Көшім, философ Әбдірәшит Бәкірұлы, жазушы-публицист Талғат Айтбайұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, ф.ғ.к. Асқар Лесхан, режиссер Еркін Рақышевті шақырып, олардың қазіргі қазақ мәселесі туралы ойларын білген едік. Енді, назарларыңызға сондағы айтылған пікір-тұжырымдарды ұсынып отырмыз.– Қазіргі Қазақстан қандай кескін-келбеттегі, түр-түстегі, мазмұн-мәндегі мемлекет? Ондағы қазақтың алатын орны қандай? Сөз жоқ, Қазақстан – қазақ мемлекеті. Тұрғындардың жартысынан көбі қазақтар. Дей тұрғанменде, кей тұстары біздер республикамызды көпұлтты, көпдінді мемлекет шеңберінде алып қарайтынымыз бар. Соған қара­мастан, онда қазақ мәдениеті мен әдет-ғұрпы, салт-дәстүр, тілі де, ділі де, діні де негізгі рөл атқаруы тиіс. Әйтсе де, қазіргі күндері біздің жартымыз еуропаланып, енді бір жартымыз Таяу Шығыс, яғни, Араб, Иран, Ирак мәдениетіне тән киімдер киіп, тіліміз де, дініміз де, діліміз де ала-құлаланып бара жатқан сияқты. Сіздер осынау мәселелерге қалай қарайсыздар?


Әбдірәшит Бә­кір­ұлы: – Қазақ дегенде, ең алдымен ойыма ұлтымыздың Тәуел­сіздігін жария­лаған сәті оралады. Ғасырлар бойы аңсаған ар­манға қол жетіп, өз мәселемізді өзіміз ше­шетін күнге де жеттік. Шын­дығына келгенде, сол бір кезеңде мен үшін қазақ мәселесі жоқ секілді көрінетін. Өйткені, тәуелсіздік бар қазақты тұтастырып, ұлттың проблемасы екінші қатарға ысырылған сияқты еді.
Енді, қазақ мәселесі пайда болса, оның бір­­ден бір себебі, Ата Заңымыздағы «…байыр­ғы қазақ жерінде деген» жолдар жер­дің тарихи иесі қазақ ұлты екен­дігін алға тартқанмен, алайда, Конституциямызда қазақ тек объект ретінде атап көрсетіледі де, қоғамды – тарихи процеске араласушы субъекті ретінде көрсетілмейді. Сондықтан да, қазақ мемлекет құрушы ұлт ретіндегі миссиясынан ажырап қалған сияқты. Міне, осыдан келіп қазақ мәселесі туындап отыр. Ал, оның тұтатушысы, яғни, детонаторы бүгінде тіл мәселесі болып көрінуі мүмкін. Шынында, тіл – қазақтың рухының, әдет-ғұрып, салт-дәстүрінің, мәдениетінің іргетасы. Сондай-ақ, тіл − қазақты қазақ етіп, небір қиын кездерде біріктірген, жауға қарсы қойған, елді,жерді қорғаған, сөйтіп оны сақтап келген ұлт болмысының айнасы. Сондықтан да, бүгінде біздерді қазақ рухының әлсірей бастағаны қатты алаңдатады. Денеде жан кете бастағанда хайуанды үрей билейді. Бұл соған ұқсас құбылыс.
Жалпы, ұлттық мемлекет болып отырған жерде, мұндай ұлт туралы мәселенің көтерілуін нонсенс дер едім. Бұл алаң­даушылық тек тіл емес, одан кең түрде рухты, мәдениетті, ұлттық психологияны, ұлттың тұлғалық келбетін, соған сай экономика және сыртқы сая­сатын, яғни, қоғам өмірінің барлық жақ­­тарын толық қамтып отыр. Сон­дықтан, қазіргі қазақ мәселесі қазақ­тардың бола­шақ­қа деген сенімдерінің сетінеуінен туындайды. Бізде қазір сырттан төніп тұрған агрессор жоқ. Әрине, экспансия жүріп жатыр. Оған тек мықты ұлттық болмыспен ғана қарсы тұра аламыз.
Темірхан Медетбек: − Біздің өз жерімізде, өз елімізде, өз Отанымызда қазақ мәселесін көтеріп отыр­­­ғанымыз ұят се­кілді. Соған қара­ғанда, біз шетелде тұрып жатқан, мәсе­лесі шешілмеген үлкен бір этникалық топ, диаспора сияқтымыз. Ұлттық проблеманы қайта-қайта көтереміз. Қай газетті, журналды алып қарамаңыз, сондай-ақ, кіммен сөйлесеңіз де қазіргі қазақ жағдайының мүшкіл екенін алға тартады. Бұл Әбдірәшит айтып өткендей, Конституцияның өзіндегі осалдықтан болып отыр. Одан кейінгі үлкен бір проблема − мемлекеттік тіл. Әр мемлекет өзінің тілін өзі қорғауы керек, ол мемлекеттік деңгейде жұмыс істеуі тиіс. Заңда: «Мемлекеттік тіл–қазақ тілі» деп жазылды ма, билік те, халық та соны орындауы қажет-ақ. Өкінішке орай, бізде олай емес.
Қазақ мәселесін айта берсек, проблемадан кейін проблема туындайды. Соның ең қатерлісі − жемқорлық. Билік басындағылар жемқорлыққа тосқауыл қоямыз дегенмен де, әлі шарасыз. Өйткені, олардың кейбіреулерінің өздері көпті тонаған, халықтың ақшасына байығандар. Жеріміздің асты-үстіндегі қазба байлықтарының қайда кетіп жатқандықтары да сұрақ. Қазіргі Қашаған төңірегіндегі әр түрлі алып-қашпа әңгімелердің де сыры сонда. Ал, шетелдерде қалай? Біреудің жеріндегі көлі тұрмақ, шалшығына бетіңді жуа алмайсың. Өйткені, ол біреудің қорығы. Жерімізде Ресейдің 6 полигоны бар. Алты полигонға ит тұмсығы кіре алмайды, миллиондаған гектар жерді алып жатыр. Бұл полигондар бізді қорғау ма?! Бұл да беймәлім. Оған қоса демографиялық жағдайымыз да мәз емес. Сырттан қазақтар келіп қатарымызды молайтар ма десек, олардың да көші саябырсыды. Яғни, бұл оралмандарға жағдай жасалынбады деген сөз. Оған экологиялық жағдайды қоссақ, мәселе тіпті күрделене түседі. Кешегі төбе­ден төгілген гептил айналасының бәрін улап жатыр. Ол «500 жылға дейін кетпейді» дегенді мамандар айтады.
Ұлт мәселесі дегенде, менің ең қатты қорқатыным − қазақтың самарқаулығы әрі немқұрайлылығы. Бойымызды немкеттілік билеп алған: ешқандай іске білек сыбанып кіріспейміз. Ол азғантай топқа ғана керек сияқты. Бұл немқұрайлық пен самарқаулық әрі немкеттілік кеңестік санадан қалған, құлдық психологияның жемісі. Мінеки, осындай мәселелерді айтқанда қазақ мәсе­лесі осыншама қалың, күрмеуі қиын проблема екенін аңғарамыз. Мұндай проблемаларды айта беруден шаршамауымыз керек. Қатарымыз бүгін аз болса, шамалы уақыттан кейін әлі де арта түседі деп ойлаймын. Сондықтан, айтудан жалықпауымыз керек.
Дос Көшім: − Біз қазір қандай мем­лекетпіз деген сұ­рақ­­қа: «біз – дүбәрә мем­лекетпіз» деп жауап бергім келеді де тұрады. Әрине, бұл менің пі­кірім. Егер, салыс­тыр­малы түр­де қарасақ, біз­дің қазіргі жағдайымыз Түркия мемлекетінің 60 жылдардағы кезеңімен сәй­кес келетін сияқ­ты. Кезінде Түркия «Мәдениеті Еуропаға жақын ба, әлде мұсылман мемлекетіне тән ба» деген секілді екі бағыттың өтінде тұрды. Ал, бізде қазір 4-5 бағыт бар: біріншіден, Кеңес үкіметінен қалған идеологиялық бағыт, екінші орыстілді қоғамның салқынынан арылмағандығымыз, үшінші діни бағыт-бағдардағы қайшылықтарымыз, төртінші ұлттық мемлекет құрамыз деген ниеттен туған саяси ұстаным. Қысқасы, біз әлі мемлекетіміздің даму бағытын дұрыс ай­қын­даған жоқпыз. Бірақ, диалектиканың заңы бойынша, бәрібір қазақтың саны артып, көрсеткіші сапаға айналып жатыр десек қателеспейміз. Міне, осы тұста мем­­лекет өзі атын алған ұлт жағында болуы тиіс. Бізде қазір екі жол бар. Бірінші мемлекет басындағылар Конституциямызда көрсетілген унитарлы – мемлекеттік құрылымды ұлттық негізде сақтап қала ала ма, екінші оны, әйтпесе, көпұлтты деген ұғым-түсініктегі бағыт-бағдарға салып, «америкалық ұлт» кескін-кейпін түсіре ме? Сондықтан бұл – біз үшін үлкен бір қоңырау.
Темекең тілге тиек еткендей, проб­леманың айтылу және орындалу мәселесі. Біз айтып та жазып та жатырмыз, алайда ешкімнің үн қосып, қозғалатын түрі жоқ. Мүмкін, біз оларға ойымызды дәлелді әрі нақты жеткізе алмай жүрген шығармыз? Сондықтан, бізге саяси-қоғамдық бағыттағы жұмысымызды жаңа бір сатыға көтеруіміз керек шығар. Біз бұрынғы ескі тоқсаныншы жылдардағы әдіспен жұмыс істеп келе жатырмыз. Карл Маркстің айтуынша: «Жағдай 24 сағатта қалай өзгерсе, тактиканы да солай өзгерту керек» көрінеді. Сол секілді біз, қазақтың ұлттық бағыттағы мемлекетін құру жолында жұмыс істеп жүрген азаматтар, жұмыс бағытын, саяси жұмысымызды, технологиямызды түбірлі өзгертуіміз керек. Бұл осыдан төрт бес жыл бұрынғы қойылған мәселе. Біз бұған әлі келген жоқпыз. Жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану жағынан көп артта қалып қойдық. Біздің тек «қазақта қандай проблема бар» деуіміздің сыры сонда. Оның шешу жолдары қандай деген сұраққа 30 пайызымыз ғана жауап бере аламыз, ал, оның саяси жолдары мен технологиясын іздегенде 1 пайыз адам айта ала ма, белгісіз. Сондықтан, қазақ мәселесін шешудің, жаңартудың жауапкершілігі өзімізде жатыр. Яғни, ол ұлттық бағыттағы қайраткерлердің, саясаткерлердің жауапкершілігінде. Біз үшін тек уақыт өзгергенде, өзіміз өзгермей қалған сияқтымыз. Тағы бір мәселе, қазақтың саны барлық халықтың жартысынан көбін құрайтынына қуанудың қажеті жоқ. Себебі, 5% қазақ болса да өзіміздің Қазақ мемлекеті екенімізді білуіміз керек. Ол тарихи түрде де, саяси түрде қазақ мемлекеті болып қалады. Ата Заңымыздағы «байырғы қазақ жерінде» деген тіркес маған да ұнамайды. Себебі, онда байырғы қазақ болғанымен, қазіргі қазақ жоқ секілді әсер қалдырады. 1993 жылғы Ата Заңда мұндай сөз жоқ болатын, жалпы, оған дейінгі құжаттардың бәрінде қазақтың мемлекеттің иесі екендігі көрсетілген. Ал, 1995 жылғы Конституцияда осындай тіркеске жол берілді. Меніңше, мұны да жетінші бап секілді мәселе етіп көтеріп, осы сөзді алып тастау керек секілді. Мұндай мәселелердің бас көтеруі, қазіргі уақыт талабынан туындап отыр.
Талғат Айт­бай­ұлы: − «Қазақ мәсе­лесі» деген проблема ұлты­мыздың елі мен жеріне қауіп төнген кезде туындайтын жағдай. Мысалы, Жоңғар шап­қыншылығы, Қалмақ басқыншылығы, одан кейінгі Патшалы Ресейдің отаршылық саясаты кезінде қазақ мәселесі жан-жақты көтерілген. Онда қазақтың алдында ұлт болып қаламыз ба, қалмаймыз ба деген сұрақ тұрды. Ендеше, қазір біз қайтадан, сол қазақ мәселесін қозғап жатсақ, онда оның артында бір себеп-салдардың барлығы. Бұл меніңше, ғаламдастыру атты аждаһаның аузына түсіп кетпейік деген үрейден туған сұрақ. Біздің Кеңес үкіметі жетпіс жыл бойы жеңе алмаған қазақы рухымыз, соңғы жиырма жылдың ішінде сырттан әрі іштен әсер еткен әр түрлі ағымдар салдарынан әлсіреген сияқты. Бізде ұлттық – мемлекеттілікке тән атрибуттардың бәрі бар. Біз соны неге толыққанды пайдалана алмай отырмыз? Міне, мәселе сонда. Әлсіздік танытатын қадір-қасиеттеріміз де сол тұстан қылаң беріп қалады. Қазіргі қазақ мәселесі де содан туындап отыр. Естеріңізде болса, 1986 жылы Колбин бір айда қазақша сөйлеймін деп те уәде беріп жіберді. Қазақ тілінің сөздіктері көптен шығарыла бастады, т.с.с. Сол сияқты қазір де қазақша сөйлеуді үйренемін деп, өз уәдесін жұтып қоятын билік өкілдері бар. Ал, бүгінгі таңда Жарылқап Қалыбайдың ұшақ қызметкерлерінің қазақша сөйлеуін талап етуінің өзі министрлікті тік тұрғызды. Ол аяқ астынан бас қосу өткізіп, біздегі әуе компаниялардың стюардессаларын қазақ тілінен тест тапсыруға мәжбүрледі. Бұдан шығатын қорытынды біреу-ақ! Яғни, біз бағанағы Темекең айтқандай, немқұрайлықтан, самарқаулықтан, нем­кеттіліктен арылуымыз керек.
Асқар Лесхан: − Философия ғылы­мында мазмұн және форма деген екі түрлі категория бар. Бұл екеуі үнемі сәйкес келуі керек. Ал, біздің жағдайымызда екеуі сәйкес келмей жатыр, сондықтан, осындай мәселелер туындайды. Бұл екі ұғым мемлекеттің, ұлттың барлық саласында: руханият, мәдениет, экономикада, саясатта болмасын сәйкес келуі тиіс. Кезінде қазақ мәселесі деген мүлде болған жоқ. Өйткені, кеңес үкіметі тұсында қазақ мәселесін айта алмайтын жағдайда болдық. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі тұста бұл мәселе неге қайта туындады? Мұның барлығы, меніңше, құлдық психологияның салдарынан болып отыр. Біз бұдан арылуымыз керек. Содан кейін, біздің мәдениетіміздегі ала-құлалық мәселесін де екі жағынан қарастыруға тиіспіз. Оның да форма және мазмұны бар. Кейбіреулер еуропаша киінгенімен, ойы, жан-дүниесі қазақы болып келеді. Ал, кейбіреуі қазақы шапан кие тұрып, басқа мәселені айтып жүреді. Рухымызды оятпай біз ешуақытта қазақ бола алмаймыз. Әрбір қазақ өзінің қазақ екенін, өзі − Отан, ал, Отан − өзі екенін түсініп-білген кезде ғана біз жоғарыда айтқан формамыз бен мазмұнымызға сәйкестене бастаймыз.
Қазір қарап отырсақ, жұрттың барлығы тарихпен айналыса бастады. Білсін, білмесін зерттеп жүр. Алайда әркім өз ісін жақсы білуі тиіс. Өз ісіне немқұрайлы қарамай, басқаның ісінде шаруасы болмасын. Бұдан шығатын қорытынды, әлі күнге дейін еліміздің объективті тарихы жоқ. Біздің санамызды оятатын бірден бір дүние – ұлттық тарихымыз болып қалады. Өйткені, қазір елімізде рушылдық, жүзшілдік көбейіп бара жатқан секілді. Неге бұлай? Хандық дәуірдің өзінде рушылдық, ру арасындағы жанжал деген болған емес. Ал, қазір қай салада болмасын рушылдық дендеп, тіпті, билікке жетудің өзінде рулық саясат қолданылып отыр. Бірін-біріне айдап салу, рушылдық дүрдараздықтарды туындату – билікке ұмтылғандардың, жемқорлардың тірліктері.
Біздің айтқан сөзіміз бен істеген ісіміз сәйкес келмейді. Мазмұн мен форма проб­лемасы осы тұстан туындайды. Яғни, ішкі мазмұнымыз басқаша, әлдеқайда әлсіз болып келеді. Проблеманың барлығы осыдан келіп туындайды.
Еркін Рақышев: – Біз, қазақ қоғамы – кезінде батыр, дана, кемеңгер халық бол­ғанбыз деп айтуға ше­берміз. Иә, болған да шығармыз, бірақ, қазір заман мен заң өзгерді. Заман өзгер­ген сайын қоғам да өзгереді. Кеше кең бай­тақ жерді иеленіп отырсаңыз, ертең жер­сіз де қалуыңыз мүмкін. Бұл заманның ағымына байланысты. Біз ел боламыз десек, өзімізге сын көзбен қарап үйренуіміз керек. Өзімізге салсақ, мақтану, дарақыланудан өзгені білмейміз. Біз әлемдегі қуатты елу елдің қатарына кіргенімізбен де, ал, бірақ, араға уақыт сала заман, жағдай өзгеріп артта қалып қалуымыз да мүмкін ғой. Бұлай деп отырғаным әрі менің бойымды билейтін қорқыныш, суицид, жезөкшелік, туберкулез, нашақорлық, ішімдік ішу секілді адами қасиеттерден бездіретін жаман әрекеттерден елулік емес, әлемдегі ең алғашқы елдердің қатарында екендігіміз. Мұндай жағдайға кездейсоқтық деп қарамау керек. Бұл қазақ ұлтын аяқ асты ететін қадір-қасиеттер. Мұның арғы жағында жаһандану ықпалы мен батыстың кері әсері тұр. Рухсызданған адам қорқақ, намыссыз, жігерсіз болады. Бізді мұндай жағдайға жеткізген − құлдық сана.
Мына бір мәселеге қараңыз, Қазақстан сәби өлімі жөнінде әлемдегі алғашқы мемлекеттердің бірі көрінеді. Сонда Ау­ғанстан, Пәкістан секілді артта қалған елдердің алдына шығып кеткенбіз бе? Неге бұлай? Осыған қарап, «Біздің тұрмыс деңгейіміз, әлеуметтік жағдайымыз өте нашар ма?» деп те ойлайсың. Осы өзіңді өзің жеген сұрақтың ар жағында шындық бар сияқты болады да тұрады, маған. Мұндағы жауапкершілік алдымен ұлт зиялыларына келіп түседі. Қазір ұлт зиялылары жеке дара болып бөлінбей, бір тұтастық танытып, ұлттық мәселелерді бірігіп шешу керек. Бір данышпан: «Ұлт зиялылары алдарына ұлы мақсаттар қойып, сол мақсаттарға жету жолында керек десеңіз өзі жек көретін адамымен де жұмыс істеуге дайын болуы керек» деген екен. Егер, осыны істей алсақ қана біз дамимыз, өркендейміз, өсеміз.
− Қазақстандағы титулдық ұлт, яғни, кіндік ұлт ретінде қазақ халқының мақсат-мүдделері қаншалықты қор­ғалған? Әлде, полиэтникалық Қазақ­стандағы Халықтар Ассамблея­сының көлеңкесінде қалып қойған көп ұлт­тардың бірі ғана болып отыр ма?
Әбдірәшит Бәкірұлы: − Біздегі Қа­зақстан Халықтар Ассамблея мүшелері заңдық тұрғыда екі рет сайлау құқығына ие. Ал, Қазақстан азаматында тек бір ғана дауыс беру құқығы бар. Сонда, бұл қаншалықты заңды? Яғни, бұл Қазақстан Халықтар Ассамблеясы еліміздің кіндік ұлты қазақтардан да жоғары тұр деген сөз. Ендеше, қазақ халқы тек саны жағынан титулдық болғанымен, саяси, заңдық, құқықтық тұрғыда көп ұлттың бірі ғана ма? Осыған бір уақыт көз жүгіртіп көріп, ойлансақ артық болмайтын сияқты…
Тарихқа көз салсақ, қазақ мемлекет құруда тәжірибесі өте аз халық. Мұны негізінен қазақ элитасы атқарған. Бірақ, қазіргі кезден айырмашылығы сол, ол кездегі элита өзінің кіндігі қазақтан ажы­рамаған. Тіпті, халықтың статусы ханнан жоғары тұрған. Ал, ханның функциясы халықтың арасына араздық салмай, ауызбіршілікті ұстап отыру болды. Қазақтың билері даналық көрсетіп, дала демократиясына салып, ханды қазақтың өзінен емес, төрелерден сайлаған. Тіпті, хан әділетсіз болған жағдайда халық ханды тастап көшіп кеткен жағдайлар да болған. Ал, қазір көшпенді дәуір аяқталды, біз текетіресіп, өз мүддемізді өзіміз қорғауымыз керек. Дәл осындай жағдайда қазақ халқынан тарихи мінез талап етіледі. Біз мұндай тарихи тәжірибемізден алыстап кеткендігімізден, әкімге де, басқаға да бас иеміз, содан келіп, әкім де, басқа да бізді басынады. Шын мәнінде, олардың бәрі халықтың қызметшісі. Бірақ, сол шіренген әкімдер халықты бастап жүре алады дегенге сене аламыз ба? Жоқ, шетінен ақша ұрлап шетелге қашып кетіп жатыр. Бір Бергейдің, Храпуновтың үлгісі қазақ халқының билікке деген сенімін бір сәтке шайып кеткен жоқ па? Күнделікті ақпаратты қарап отырсаңыз, жер-жерде әкімдер ұсталып жатыр. Сонда да, шығатын қорытынды жоқ. Меніңше, осы тұста халық өзінің құқын заңды түрде қорғауды үйреніп, әлдеқандай пысақай, жемқор әкімдердің заңсыздықтарына жол бермеуді үйренуі тиіс. Сонда біріншіден, азаматтардың белсенділігі артар еді, екіншіден, мұндай ортада жемқор билік аяғын тартып, болмаса биліктен өз еркімен бас тартар еді.
Дос Көшім: − Мен «титулдық ұлт» дегенді онша құптамаймын да, қолданбаймын да. Бір түрлі келемеждеп тұрғандай ма, бізді бөлек қоя ма, өзім онша түсінбеймін. Қазақ – осы мемлекеттің иесі, бірақ, азаматтық құқық жөнінен біз бәріміз теңбіз. Егер, біз демократиялық ел болатын болсақ, қазақтарға ешқандай ерекше құқық берілмейді. Онда әділетті, демократиялы қоғам құрмаймыз. Тек қазақтың мәдениетін, тілін көтеру қазақ мемлекеті екендігінің көрсеткіші болмақ. Ал, тек қазақ болғаны үшін артықшылық, жеңілдік берілуіне мен қарсымын.
Әлемдегі демократиялық мемлекеттер Франция, Германия, Италия болсын өз азаматтарына ешқандай артықшылық жасамайды. Тек, ол ха­лықтар өздерінің ұлттық ерекшелігімен алдыңғы қатарға шығады. Мысалы, елімізде қазақ тілі мем­лекеттік тіл ретінде барлық жерде қолданылатын болса, қазақша шала-шарпы білетін азаматтар екінші орын­ға шеттеледі. Мұнда тілдік алалау емес, керісінше бәрін теңестіре түседі. Мә­селен, Францияны алайық, француз тілі­нің төрт деңгейін (А,В,С,Д ) білген адам Францияның кез келген ЖОО-на түсе алады. Егер, С деңгейін меңгермесе, оқуға түсе алмайды. Мұнда, мәселе француз халқын жоғары көтеруде емес, дәл сондай француз тілін С дәрежесінде білген кез-келген мароккалық, алжирлық университетке түсе алады. Дәл сол секілді, мемлекет иесінің мәдениеттік, тілдік, діндік ерекшеліктері өзінен-өзі көтерілуі тиіс. Әрине, құқықтық мемлекет болғаннан соң мұның барлығын заңдастыру қажет.
Екінші мәселе, полиэтникалық, моно­этникалық дегенді қарастырып көрдім. Кейбір мәліметтерде негізгі ұлт халықтың 70-80 пайызын құраса моноұлттық болып саналады екен. Ал, шетелдерде мұндай нәрсе жоқ. Бұл біздің әлсіздігімізден шығып отырған мәселе. Қазақ мынаны ұмытпауы керек: біз 5% болсақ та қазақ мемлекеті болып қаламыз. Бұл қазақтың жері, қазақтың тарихы, қазақтың тілі осы мемлекетте қолданылады, қазақтың дәстүрлі діні дамып, оған мемлекет жағдай жасау керек деген секілді нәрсенің бәрі болуы керек. Соған қарамай, басқа ұлттарды еш уақытта кеудесінен итерудің керегі жоқ. Әрбір ұлт өзінің тілін, мәдениетін дамытуға мүмкіндігі болуы тиіс. Қалталы азаматтар мектеп, кинотеатр салсын, газет шығарсын т.б. Біздегі бір кемшілік, кейбір тұстарда билік мемлекеттік тіл құлдырап бара жатқанда, көмектесудің орнына, басқа тілдерге көмектеседі. Демо­кратиялық елдерде шектеу қоймайды, кәрістер өз театрларын ашатын болса, оған қарсы бола алмаймыз. Бізде Кеңес үкіметіндегідей достық лабораториясы секілді. Мысалы, ОҚО, Сарыағашта тәжіктің екі мектебі бар, алайда, екеуі де жабылуы мүмкін. Мектеп басшысыТашболатовтың айтуынша, мектептің болашағы жоқ. Себебі, тәжікше ешкім оқығысы келмейді. Көп болса Тәжікстанға оқуға квота беріледі. Ал, олардың ол жаққа барғысы келмейді, себебі ол жақтың орташа жалақысы 14-15 доллар. Ал, қазақша оқыса қызмет істейді,өседі, сондықтан оларға тәжік тілін оқығанда не пайда? Бірақ, жергілікті басшылар мектепті көрсеткіш есебінде бәрібір ұстап отыр. Міне, осындай жасандылық болмауы керек.
Қысқасы, басқа ұлт өкілдерімен біздің азаматтық құқығымыз тең сақталуы тиіс. Бірақ, Қазақстан мемлекетінің барлық шарттары ұлттық атрибуттар негізінде қызмет істеуі қажет. Ұлттық мемлекеттің өзіндік шарттары бар.
Ол шарттардың кейбіріне тоқталып өтейін. Ұлттық мемлекетте ұлттық мейрам болуы керек. Мысалы, француз халқының тарихи мейрамы – Бастилияны алу. Франция мемлекеттік құрып жатқан тұста, ол тәуелсіздік мейрамы болып бекітілді. Франциядағы басқа ұлттардың барлығы осы мейрамды тойлайды. Ал, қазақта бір ұлттық мейрам бар ма? Біз осы мәселені бірнеше рет көтердік, ең болмаса қаралы күнді немесе тәуелсіздік үшін күрескен ерлердің күні деген секілді мейрамдарды енгізуді ұсындық. Қырғыздардың өзі 1916 жылғы көтерілісті мейрам етуді мәселе етіп қойды. Ұлттық мейрам – мемлекеттің бұл мызғымас бір шарты екенін ұмытпайық. Екіншіден, ұлттың белгілі адамдарының атындағы сыйлықтар, ордендер, марапаттардың жоқтығы. Мысалы, Ресейде Ломоносов атындағы орден, әскерилерге берілетін Невский, Ушаков атындағы орден, т.б. кете береді. Неге мемлекеттік қайраткерлерге Абы­лайдың, Абайдың атындағы ордендер берілмеске? Неге әскери бөлімдерге қа­зақтың батырларының аты беріл­мейді? Әскерилер: «Мен Кенесары атын­дағы полкте қызмет еттім, әскери борышымды өтедім» десе қандай тамаша?! Осы тақырыпты қозғап үш батырдың атын өткізіп үлгердік, одан арғысына шамамыз келмеді. Сондықтан, ұлттық мемлекеттің шарттары орындалса, ұлттар арасындағы қарым-қатынас өзінен өзі белгілі бір жақсы, табиғи түрдегі достастыққа ке­леді.
Талғат Айтбайұлы: − Біз көпұлтты мемлекет деген саясаттың жетегінде кетіп бара жатқан секілдіміз. Көпдінділік деген ұғым-түсінікке де кең орын бөліп, оның да қоғамдық өмірдегі орнын дәстүрлі діннен бөле-жара қарайтын сияқтымыз. Міне, осындай мәселелер қазіргі қазақ мәселесі демегенде, не дейміз?! Қай кезең, қай уақытта да халықтар теңдігі сая­саты өзге ұлттарды, яғни, диаспораларды жергілікті ұлттардан жоғары қою болмаса керек. Еліміздің кез-келген жеріндегі кейбір қақтығыстарда жергілікті азаматтарды кінәлап, оларға тыйым салуға қарағанда, сол келеңсіз жайларға мұ­рындық болғандарды нақты кінәлап айыптағанға не жетсін?
Асқар Лесхан: – Қазақ мәселесі дегенде менің есіме Байқоңырдағы жағдай түседі. Мәселен, Байқоңырдағы ресейлік қазақ азаматтары мен қазақстандық қазақтардың әлеуметтік жағдайы жер мен көктей. Ресей­ліктердің әйелдері 55, ерлері 60 жаста зейнетке шығады. Тұрмыстық жағдайдың барлығы жасалған. Дәл сол қалада тұратын қазақстандық қазақтардың мүлдем жағдайы жоқ десек те болады. Ал, сіз Алтын Орда жаққа барыңызшы. Қазақтың бет-бейнесі сол жерде көрінеді. Біз барлық деңгейді көруіміз керек. Сол кезде ғана ортақ көзқарас шығады.
Өз жерімізде отырсақ та, біздің жағ­дайымыз салыстырмалы түрде алғанда қай ұлттан болмасын төмен екенін байқаймыз. Өзге ұлт өз ұлты үшін мақтана алады, ал, қазақ қазақ болғаны үшін қор­ланатын сияқты. Оны қазақша сөйлеуге ұялатындардың іс-әрекетінен көруге болады. Өз тілінде сөйлеуге арланатын ұрпақтан не күтуге болады? Содан кейінгі мәселе, біздің полиэтносты мемлекет деуіміз қате пікір. Бізде қазақ ұлты бар, одан кейін басқа ұлттың өкілдері, диаспорасы бар. Ал, Қазақстан − қазақтардың мемлекеті.
Темірхан Медетбек: − Диаспора деген ұғым бар. Бұл ешқандай кемсітетін ұғым емес. Ол әлем елдерінің бәрінде де бар. Алайда, қай мемлекет біз секілді диаспорасын көкке көтеріп отыр? Мәселен, Германияда түріктер қаптап отыр, бес миллионнан асады. Ал, бірақ, Германия диаспора тілі – түркі тілінде сөйлеп отырған жоқ қой. Біз мемлекеттік тіліміз қазақ тілі дейміз, одан кейінгі ресми тіл орыс тілі деп алып, диаспораның тілінде сөйлейміз.Тіпті, билік басындағылардың өзі диаспора тілінде сөйлеп отырса, не дейсің?
Еркін Рақышев: – Қазақ мәселелерінің тағы бірі көрінісі, ол кезінде қабылданбай қалған «қазақстандық ұлт» мәселесі. Егер, ол қабылданып кеткенде өзінің ұлтының атынан өзі жеріген ел ретінде масқара болатын едік. Ұлттардың бәрі тең болуы тиіс дейсіздер. Жоқ, қазақ басқа ұлттардан биік тұруы керек. Себебі, мына кең байтақ жерді аталарымыз қанын төгіп қорғап қалды емес пе?
Қазақтардың басқа ұлттарға қарағанда артықшылықтары бәрібір болуы керек. Сондай артықшылықтар берілсе ғана, қазақ халқы осы жердің иесі екенін нық сезінер еді. Оған түрлі-түрлі жолдармен қол жеткізуге болады. Олар қазақтың же­рінде өмір сүріп, ауасын жұтып, суын ішіп отырғаннан кейін қазақтың тілін де білулері тиіс.
Әбдірәшит Бәкірұлы: – Арабияны алып қарасақ, халқының 15% ғана арабтар. Сол аз ғана арабтарға оқу, медицина, басқа да қызмет түрлері тегін. Мемлекеттік қызметке де тек солар ғана алынады. Халықтың 85% диаспора өкілдері және олардың біреуі де арабтардың құқығындай құқыққа ие емес. Содан кейін, жалға берілетін ғимараттардың барлығы тек арабтарға ғана беріледі. Қалған халық сол араб өкілдерінен жалға алады. Арабияға ешкім сен арабтардың жағдайын жасадың деп айтып отырған жоқ. Өйткені, бұл елдің ішкі жағдайы, саясаты.
Ал, бізде Қазақстанда заң бойынша азаматтың құқығы шектелмеуі тиіс, ол дұрыс. Мемлекетіміздің әлеуметтік құрылымын алып қарасақ, әр ұлттардан тұрады ғой. Конституциямызға унитарлы мемлекет деп жазып отырмыз. Унитарлық мемлекетте міндетті түрде титулды ұлт болады. Мейлі оның саны арабтар секілді аз 15% болсын, Қытайлар секілді 95% көп болсын, болмаса біз секілді орташа 65% болса да оның өзіндік артықшылықтары бәрібір болуы керек.
– ХХІ ғасырдағы қазақ ұлтының бет-бейнесі, ұлттық келбеті, ой-санасы қандай болуы керек?
Әбдірәшит Бәкірұлы: − Қазақ қазір білімге, ғылымға көбірек ден қою керек. Әсіресе, жаңа технологиялар еніп жатқан кезде, сол жаңалықтан қалып қоймауымыз қажет. Болашақ бағдарламасы бойынша шетелдерге жастар аттандырылып жатыр. Олар оқып келіп, еліміздің дамуына үлес қосып жатқаны шамалы. Мысалы, Ататүріктің жолы бар, Еуропаға жастарды білім алуға емес, кәсіпті үйренуге жіберіп жатты. Үш миллионға жуық түрік Еуропаға барып, кәсіпкерлікті меңгеріп, өз елдерінде дамытты. Яғни, түріктерді ондаған жылдың көлемінде кәсіпкер етіп шығарды, халқын өз мұқ­тажын өзі өткере алатын деңгейге жеткізді. Біздегі күнделікті сауда, мейрамханалар, орталықтар кәсіп емес. Сондықтан, қазақ та, Қазақстан да кәсіпкерлікті ғылыми негізге сүйене оты­рып дамыту керек.
Әр қазақ өз миссиясын орындау қажет. Немересін қазақша тәрбиелеу − атаның жұмысы. Ақсақалдың жолы бар, қыз, келін, жігіт өз жөнін білуі керек. Бұлардың қалыбы (стандарты), жүйесі осыған дейін қалыптасу керек еді. Бірақ, барлығы дүбәрә күйде. Бұл да − қазақ мәселесі.
Дос Көшім: − Жалпы, қазақтың бет-бейнесі, ұлттық келбеті өзгермеуі керек. ХVІІ ғасырда қазақ қандай болса, қазірге дейін сақталуы тиіс. Тек өркениетке байланысты, жер жүзіндегі процестерге бейімделе білмек болғаны. Ұлттығымызды мәдениетіміз арқылы сақтап қалмасақ,− болмайды. Мәселен, қазақша күрес қазақ мәдениетін құртудың басы. Бұл жай ұпай беру. Қазақта мұндай болмаған. Итжығыс, жауырыны жерге тиді деп есептелген. Жапондықтар өздерінің сумоларын толық сақтап қалды. Керек десеңіз шаш қою, киім киісіне дейін толығымен сақталған. Ұлттық бояу, сол мінез жоғалмауы тиіс. Өмірдің өзінің алдыңа қойған мәселесімен күресе білу керек. Сонда ғана ұлт ретінде сақталып қала аламыз. Әр ұлт өзінің ерекшелігін сақтауы тиіс. Ал, егер ұлттық мінезімізден, тіліміз, дінімізден қол үзетін болсақ, өшкеніміз.
Талғат Айтбайұлы: − Дәл бүгінгі таңда қазақ екіге бөлініп отыр: бірі орыс тілді, екіншісі қазақ тілді қазақ. Орыс тілді қазақтар қазақты бүгінгі дүбәралық жағдайға жеткізді. Қазақ дейтін азаматтар көбейіп, жалпымыз ұрандатқан кезде ғана қазақтың ұлттық бейнесі сақталады. Қазақ қазақ болып қалады.
Асқар Лесхан: − ХХІ ғасырдағы қазақ ұлтының бет-бейнесі дегенде, ең бірінші білікті, білімді қазақты көргім келеді. Әр адам өз саласында білікті, ұлттық мінезді терең меңгерген азамат болып қалыптасуы керек. Жаңа инновация, креативтілік, жаңашылдық дейміз. Жаңашылдықты ұлттық менталитетке сәйкестендіріп қа­былдау қажет!
Темірхан Медетбек: – Біздің ұлтымыз­дың ұрпағы өте білімді болуы керек, дүние­жүзіндегі озық үлгілерді бойына сіңіріп, рухы биік болуы тиіс!
Еркін Рақышев: –Біздің ел болуымыз үшін әділетті қоғам орнатуға тиіспіз, патриоттық сезімді ұштау керек. Егер әрбір қазақ елін сүйсе, халқын сүйсе, ол үлкен прогреске алып келеді!

Алдыңғы «
Келесі »