«БІЗ БІР ҰЛТТЫ, ПОЛИЭТНОСТЫ МЕМЛЕКЕТПІЗ»

  • 05.11.2013
  • 2460 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ерғали Омарғазы,
саясаттану ғылым­дарының
кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ саясаттану кафе­дра­сының доценті

− Қазақстандағы қазақ халқының рөлі қандай? Мемлекетті құрушы ұлт па әлде полиэтникалық Қазақстан халықтарының бірі ғана ма? Қай жағы басымдау?
− Қазіргі таңда осы сұрақ өте өзекті болып отыр. Қазақстан полиэтникалық мемлекет болғанымен, ондағы мемлекетті құрушы, яғни титулдық ұлт − қазақ халқы. Бұл біріншіден, Конституцияда анықталса, екіншіден, биліктің қайнар көзі халық болса, сол халықтың басым көпшілігі, яғни 65% қазақ ұлты. Сондықтан да, қазақты көпұлттардың бірі деп ешуақытта санауға болмайды. Қазақстандағы қазақ мәселесіне келсек, елімізде өзге ұлт өкіл­дерін алалап, дис­криминациялаудың керегі жоқ. Бірақ, қазақтың рөлін көтеру керек. Кез-келген елдің мемлекетті құраушы ұлтқа деген көзқарасы ерекше болуы заңды құбылыс. Батыс Еуропа елдерінде ренесанс дәуірінен бастап, ХVІІІ ғасырдан бастап ұлттық мемлекет құру идеясы пайда бола бастады. Ғылымда ұлттың мемлекеттегі рөлін айқындайтын «ти­тулдық ұлт», «этнос», «суперэтнос» деген секілді ұғымдар бар. Ал, қазақ халқы өзінің атамекенінде ел болып ұйып отырған мемлекет құрушы ұлт деп нақты айтуға болады.


Саяси тұрғыдан алғанда, Кеңес үкі­меті Қазақстанға уникалды өзгерістер енгізді. Нәтижесінде елімізде көптеген ұлт өкілдері диаспора болып бекіп, қазақтан поли­этникалық елге айналды. Яғни, қоғамда қате пікір тудыратын, көпшілік жиі айтатын «көпұлтты» мемлекетке айналды. Осы тұста журналистер қауымына ренішіміз де жоқ емес. Себебі, азаттықтың алғашқы жылдары Конституция қабылданғаннан кейін кейбір журналистер полиэтникалық деген ұғымды қазақшаға көпұлтты деп аударып, қоғам санасына кері әсер етті, санаға солай сіңіп кетті де. Айналып келгенде, Қазақстан көпұлтты мемлекет болып шыға келді. Алайда, бұл жаңсақ түсінік. Конституциялық түсіндірме сөздікте де, басқа да ғылыми еңбектерде де Қазақстан Республикасы бір ұлтты, полиэтникалық мемлекет деп көрсетіледі. Мұндағы «полиэтникалық» деген ұғым категориялық тұрғыдан алғанда «көп­ұлтты мемлекет» түсінігіне мүлде қарама-қайшы. Екеуі екі бөлек ұғым. Кең мағынасында алғанда, «полиэтникалық» деген түсінік шеңберіне жеріміздегі түрлі ұлттар мен ұлыстардың, диаспоралардың өкілдері кіреді. Ал, мемлекеттің негізгі қожайыны − қазақ халқы. Ол ешқандай полиэтникалық құрамға кірмейді.
− Жоғарыда айтып өткеніңіздей, қазақтың мәртебесі Ата Заңда нақты көрсетілген. Осы жайтты тарқатып айта түссеңіз. Қай заңда, қай бапта қазақтың негізгі ұлт екендігі қамтылған?
− Қазақтың мемлекетті құрушы ұлт екендігін айқындап тұрған заңдар мен баптар бар. Мысалы, қазақ тілі мәртебесі жөніндегі бап, преамбуладағы қазақтың аталуы т.б. Қазақстан Конституциясының преамбуласының, яғни, алғысөзінде: «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ же­рiн­де мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл аза­маттық қоғам деп ұғына отырып, дүние­жүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тiлей отырып, қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершiлiгiмiздi сезiне отырып, өзi­мiздiң егемендiк құқығымызды негiзге ала отырып, осы Конституцияны қабыл­даймыз» деп жазылған. Яғни, мұның өзі біріншіден, қазақ халқының рөлін, оның саяси маңызын көрсетеді. Қазақстан − унитарлы мемлекет, яғни біртұтас, ешқандай федерация, конфедерация емес. Сондықтан да Қазақстанның титулдық ұлты қазақ екіндігін айтуымыз керек.
Осы преамбуладағы «байырғы қазақ жері» деген тіркес көбіне дау тудырып, қазақ қоғамына түсініксіздеу болып отыр. Бірақ, біз Қазақстанның құқықтық мемлекет екендігін ұмытпауымыз керек. Құқықтық мемлекетте заң жалпыға бірдей түсінікті болуы тиіс. Оны әркім өзінің түсінігі шең­берінде қабылдап, уәж айта берер болса, бұл әрине мемлекеттігімізге сын болар еді. Мысалы, дамыған елдерде, нақтырақ айтқанда Америкада әр адам заңды, оған берілетін түсіндірме сөздікті жақсы біледі және соның шеңбердегі заңды бұрмалауға ешқандай құқы жоқ. Біздің елде де дәл солай. Мемлекеттік Конституция 98 баптан тұрса, оған міндетті түрде түсініктеме беріледі. Соған сүйеніп, заңи тұрғыдан айтар болсақ, байырғы деген сөз қазақтың нағыз өзінің ата-бабасының жерінде мемлекет құрып отыр деген түсінікке саяды. Менің субъективті пікірім осындай.
− Қазақстан Халықтары Ассамблеясына Парламентке тоғыз депутаттық мандат жалпыхалықтық сайлауға түс­пестен беріледі. Ал, заң бойынша азаматтар тегі мен ұлтына қарамастан бәрі тең. Сайлау жүйесіндегі өзге ұлттарға осындай басымдық беруіміз заңдылық па?
− Бұл мәселе сонау 1992 жылдан бас­­тап қозғала бастады. Өйткені, Елба­сының егемендіктің алғашқы жылдары берген есебінде қазақ еліндегі өзге этностардың құқығын қорғау бойынша осы мәселені қозғайды. Мұндай тәжірибе көп әлемнің елдерінде жоқ. Әрине, заң алдында адамның барлығы тең деген қағиданы ұстанып мемлекет құрғаннан кейін, заң жалпыға бірдей болуы керек. Қоғамда осы мәселеге қатысты «неге тоғыз орын қазақ қатыспай, сайлауға түспестен беріледі» деген секілді уәж жиі айтылады. Бірақ, бұл жерде тағы бір байлам бар. Яғни, заңи тұрғыда өзге ұлт өкілдеріне осындай айрықшалық берілгенімен, Халықтар Ассамблеясын қазақ басқаратынын ұмытпауымыз керек. Президент оның негізгі төрағасы болып саналады. Сондықтан бұл заң жүзінде пропорционалды.
Біздің еліміздің ең негізгі саясаты − қоғамда тыныштық орнату. Меніңше сайлау жүйесіндегі осындай ерекшелік ішкі араздықтың алдын алу мақсатында жасалып отырған қадам.
− Қазақ халқының билік жүйесіндегі орны қандай?
− Билік жүйесінде қазақ халқының рөлі жоқ деп айта алмаймын. Бірақ ұлтымыздың әлеуметтік, экономикалық жағдайы, содан кейін демографиялық ауытқулар, жалпы қазақ ұлты әлеуеттік тұрғысынан алсақ, өкінішке орай, әлі әлсіздеу. Қазақстандағы басқа да ұлт өкілдеріне қарағанда, қазақ халқының материалдық ахуалы төмен. Алайда, бұл титулдық ұлттық өзге диаспоралық ұлтқа қарағанда төмендеу болуы дамушы мемлекеттердің барлығына тән проблема деп ойлаймын. Мәселен, іргеміздегі Ресейдің өзін алып қарайық. Ондағы орыстардың жағдайы біздегі орыстардың жағдайына немесе сонда өмір сүріп отыр­ған шешен, грузиндерге қарағанда әлдеқайда төмен. Екіншіден, ұлттың интеллектуалдық деңгейін әлі де көтеру керек. Өйткені, Елбасымыз айтқандай бәсекеге қабілетті ұлт құру мәселесі, яғни адами капитал және интеллектінің болуы. Неге біздің елдегі өзге ұлт азаматтары өзін қазақпын деп айта алмайды, өзге шетелдерде мемлекетті құрушы ұлт болмаса да, сол ұлттың атын мақтана айтып жүретіндер бар. Тіпті, қазақтардың өздері қазақ екеніне ұялатын жағдайлар да бар. Себебі, қазақ халқының деңгейі әлі төмен.
Тағы бір мәселе, биліктегілер салт-дәстүрімен, ұлттың тамырмен байланысты үзбеу. Қазақ тілі мәселесінің әлі күнге дейін шешімін таппауының себебі де биліктегі таза қазақы, ұлттың нәрмен сусындап өскен адамдардың үле­сінің аз болуынан да болып отыр. Жыл сайын мемлекеттік тілді дамыту үшін миллиондаған ақша бөлінеді. Бірақ, нәтиже жоқ. Неліктен? Себебі, билік басында нағыз қазақы ортадан шыққан, өзінің тамырын білетін, ұлтына шын жаны ашитын адам аз. Бұл пропорциясы ұлғайса, тіл мәселесіне ақша бөліп, шешу жолдарын қарастыру қажет болмай, өздігінен шешілер ме еді?..
− Қазіргі қазақ мәселесі аз айтылып, аз жазылып жатқан жоқ. Бірақ, осынау күрмеуі қиын проблеманы шешу жолдары, әдістері мен технологиясы қандай?
− Мұхтар Тайжан: «Өзінің ана тілінде өзінің ұлтының кемшілігін айту, сынап-мінеу − тәрбие. Өзінің халқы туралы өз­ге тілде жамандау − сатқындық», – дейді. Сондықтан, осындай тақырыпты көтеріп отырғандарыңыз өте орынды деп есептеймін.
Кез келген елге саяси тұрақтылық керек. Бірақ, соңғы кезде бізде көптеген мәселелер қозғалып, ащы шындықтар ашылып жатыр. Ол заңды құбылыс. Қазақстан ашық мемлекет, сондықтан жан-жақтан әсер етуші күштер көп, іштен іріткі салушылар да бар. Алайда, біз мемлекетімізді консолидациялауды одан әрі қарай, бейбіт түрде жалғастыра беруіміз керек. Ұлттық идеологияның әлсіз тұстары өте көп. Міне, осы мәселелермен нақты жұмыс істесек, қазақ ұлтының Қазақстандағы титулдық ұлт ретінде рөлі де, ұлттың деңгейі арта түсер еді. Ол үшін әлеуметтік, материалдық, экономикалық, ең бастысы интеллектуалдық әлеуетін, саяси және құқықтық сауатын көтеру керек. Мұның бәрі түбінде саяси жағдайға әсер етеді. Ал, мұндай оң әсер еліміздің дамуына да алып келеді. Қазір интеллектуалды ұлт капиталын қалыптастыру жолында игі қадамдар жасалынып жатыр. Өйткені, мұның маңыздылығын түсініп келеміз. Табиғи ресурсы аз Жапония мен жері тұнған алмаз, мұнай Африка елдерін алып қарайық. Сондықтан, табиғи ресурстан гөрі адами қапиталға көп көңіл бөліну керек. Саясаттану ғылымында «саяси әлеуметтену» деген ұғым бар. Бала дүниеге келгеннен бастап, саяси әлеуметтену үрдісін басынан өткереді. Яғни, өсу, кемелдену. Осы процес­ке әсер етуші күштерді: қарапайым теледидар, өсе келе интернетті бақылау, мектептегі білім, тәрбие жұмыстары дұрыс жүргізілсе, саналы ұрпақ қалыптасары сөзсіз. Әрине, мұның барлығына жаңа методология керек. Мысалы, тіл мәселесіне қайта келейікші. Қазір білім ошақтарында қазақ тілінің сағаттары қысқартылуда. Мүмкін, оның өзіндік себептері де бар шығар. Алайда, мемлекет пен қоғам арасында келісім болуы керек. Қазақ тілі қысқартылғанмен де, тілді бір-екі жылда үйреніп шығатын ағышын тілі секілді нақты методология енгізсін.
Қорытындылай айтқанда, ең бірінші интеллектуалдық мәселеге зейін қою керек. Екінші, әлеуметтік жағдайды тұрақтандыру, үшінші қоғамдағы заңи, саяси сауаттылық мәселелерін көтеруді тиімді түрде, нақты жұмыс істейтін методология керек. Міне, сонда ғана еліміз көркейіп, болашағымыз жарқын болады.

Сұхбаттасқан Жания Әбдібек.

Алдыңғы «
Келесі »