БЕРЕКЕТ мырза, СІЗГЕ АЙТАМ, БАСҚАЛАРҒА ДА ОЙ САЛСЫН

  • 05.11.2013
  • 1090 рет оқылды
  • 1

Жарылқасын БОРАНБАЙ,
«Қазақ хандығы» қоғамдық
Қорының төрағасы

Мемлекеттік хатшы М.Тажиннің басқаруымен Астана қаласында үлкен жиын өтіп, тарих ғылымына деген көзқарас қайта қаралып жатқан мезгілде осы сала-да біршама қызмет жасаған Сіз әртүрлі жиындарға, отырыстарға, телесұхбат-тарға жиі-жиі шақырылып, бұл жөнінде өз ойларыңызды жасырмай айта баста-дыңыз. Бұған, әрине, біздің қарсылығымыз жоқ. Бірақ, Сіз сол отырыс, телесұхбат, тіпті жазғандарыңызда философияның «терісті теріске шығару» заңдылығын тарих ғылымына өте шебер пайдаланып жүрсіз. Сіз бұрын айтылғандардың бәрін жоққа шығарып, «жаңалық» аштыңыз. Жаңалығыңыз сол – қазақ хандығының қазығын 1457 жыл деп қаға бастадыңыз. Қандай бір жұмыр басты пенде болмасын өз туған күнін жақсы білуі тиіс. Себебі, құжат (паспорт) соған қарап толтырылады. Мемлекеттік құрылым да сондай. «Арғы тегіміз – Көк Түрік, одан да әрірек барсақ Сақ, Ғұн, Скиф, Арғы-қазақ болып кете береміз…» десек те, қалай қарай оқылса да «қазақ» деп естілетін таңғажайып аты бар, жұмыр жердің тоғыздан бір бөлігін мекендеген ұлы жаратылыс, өзінің тарих табалдырығын оң аяқпен аттаған күнін қалай да білуге тиіс деп ойлаймыз. Осыған, ең алдымен, зер салғандар Алаштың ар­дақтылары екен. Солардың арасынан суырылып шығып, мамандығы теміржолшы болса да «Қазақ хандығы» тақырыбына қалам тартқан Мұхамеджан Тынышбаев болыпты. 1923 жылы Ташкент қаласынан жарық көрген «Сана» журналында «Түрік-моңғол тарихы» атты еңбегін жариялап,оны «1. Ең ескі заманнан бастап 1456 жылға шейін» (Өзбек-қазақ айырылған жыл) деп бөлімге бөледі. Сөйтіп, 1456 жылдың қазақ мемлекеттігінің алтын табалдырығы екенін аңғартып өтеді.


Мұхамеджан Тынышбаевта Қазақ хандығының орнауы жайында мынадай да дерек бар. Міне, оқып көрелік: «Шағатай ұлысының құрамында болған арғындар Темірдің 1376, 1389 және 1390 жылдардағы жойқын шапқыншы-лықтарына ұшырады. Одан кейін 15 ғасырдың басында шығыстан жоң-ғарлардың шабуылы басталды да, 1456 жылы арғындар батысқа қарай кәдімгідей жылжып, Орыс ханның немересі әйгілі Жәнібек ханның қарама-ғында болады. Шамасы арғындар батысқа қарай 1400-1410 жылдар мәуле-тінде қозғалса керек…»
1935 жылы қазақтың тағы бір марғасқа ұлы С.Д.Асфендияров,басқа ұлттың ғалымы П.А. Кунте екеуі бірігіп, Москва қаласынан қазақ тарихына арналған кітап бастырып,онда былай дейді: «…В это время (около 860-1456 г) Абул-Хайр-хан владычествовал в Дашти-Кипчаке, султанам джучидским приходилось от него плохо и двое из них, Джанибек-хан и Гирей хан бежали в Моголистан» деп көрсетеді («Прошлое Казахстана в источниках и материалах» (Государственная публич-ная библиотека Казахстана и казакской научно-исследовательский институт национальной культуры. Сборник 1(V в.до н.э-ХVІІІ в н.э) под редакцией проф С.Д. Асфендиярова и проф. П. А. Кунте. Казакское краевое издательство Алма-Ата.1935.Москва). Бұл аса құнды кітапты 1997 жылы Алматы, «Қазақстан» баспасы қайта басып халыққа ұсынған.
Осы кітаптың 111-бетінде VІ. Казахское ханство (ХV-ХVІІ вв) дейтін тарау бар. Онда ол: біріншіден, «По мусульманским источникам» – деп алып былай деп көрсетілген: «К этим трем векам в сборнике относятся девять источников, охватывающих события с 1456 г. по 1627 г. Енді, бұл аталмыш кітап (Мухаммед-Хайдар. Вельяминов. 139-140,150-157, 192-202) деп алып кітапта мынадай дерекөздерін ұсынады: «…В это время (около 860-1456 г) Абулхайр хан владычествовал в дашти-кипчаке султанам джучидским приходилось от него очень плохо и двое из них, Джанибек-хан и Гирей-хан бежали в Моголистан.Иса-Буга-хан принял беглецов хорошо и отвел им край Джу и Козыбаши, который составляет западную окрайну Моголистана. Там они зажили спокойно. После смерти Абулхайр-хана улус узбекский пришел в расстройство, начались в нем большие неурядицы. Тогда множество народа откочевало к Гирей-хану и Джанибек-хану. Так что число собиравшихся около них людей возросло вскоре до двухсот ты-сяч, звать их стали узбеками-казаками.Эпохой, с которой началась собственно власть султанов казакских, надобно считать год 780(1465-66), впрочем бог лучше знает…» (стр 116) (Бұл жерде де 1456 жыл тұр.Бірақ, Сіз Вельяминов-Зерновқа үзілді-кесілді қарсы боласыз,әйтсе де оған келтірген дәлеліңіз тым әлсіз.Оған кейінірек толық тоқталатын боламыз).
Осы арада ептеп ойласатын нәрсе бар. Ол – Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» жазған, көрсеткен нәрселерінің бәрін ой елегінен өткізіп алмай қабылдай беруге бола ма деген сұрақ. Себебі, ол кітап, өзі аты айтып тұрғандай – «Тарих и-Рашиди», яғни, «Рашид ханның тарихы». Екіншіден, 1544-1546 жылы «бірінші дәптер» аяқталып, «екінші дәптер» қашан көзі жұмылатын 1550-51 жылдарға дейін созылады. Осыдан-ақ, оқырман бұл кітаптың «Қазақ хандығы» дүниеге келген уақыттан 100 жылдай кейін дүниеге келгенін бай­қауына болады. Әрі бұл тым шалғайда, Үндістанда, Кашмирде жазылғаны да есте тұруы тиіс. Мұнан бөлек, кітап авторы Қазақ хандарына аса сүйіспеншілік танытпайды. Себебі, олар «Моголстан» мемлекетінің төл перзенттері. Ал, Керей мен Жәнібек Моголстанды әуелі «қоныс сұрап кіріп алып, ақыр соңы «Қазақ хандығына» айналдырып жібергендер». Кітаптың 33-тарауында (Мұхаммед Хайдар Дулати. «Тарих-и Рашиди» Тұран» баспасы, Алматы. 2003.(305-бет) мынадай сөз бар: «Әбілқайыр хан Дешті Қыпшаққа түгелдей билігін орнатқан кезде Жошы әулетінен шыққан кейбір тіміскішіл сұлтандар одан келер пәленің исін сезіп қалып, оны орнынан тайдырмақ болды» (Көрдіңіз бе, біздің ұлы мемлекетіміздің бастауында тұрғандарды «тіміскішіл сұлтандар» деп келеке жасайтынын.Сонда, бұл оңған тарих бола ма?!). «Басында өстіп елден қашып, олардан бөлініп, жырылып қалып, біраз уақыт тарығып, әрі сергелдеңде болғандықтан оларды «қазақ» деп атады. Бұл лақап ат қазақтарға осылай таңылды», – дейді бұл ойын одан әрман жалғастырып… «Ең ақырында сәтсіз тағдырдың қырсығынан соншама халықтан міне, бүгін төртінші жыл боп барады, ешбір жерде із де қалмапты. Отызыншы жылдары (930(1524 жылы) қазақ саны мың-мың (миллион) болатын. Қырық төртінші жылы (944(1537) сонша халықтан бұл жерде еш белгі қалмаған…» (306-307-беттер).
Иә, Тараз университетінің атын беріп, соншама ардақтайтын, көп ғалымдар зерттеушілер басына жастанып жататын, «көзіне сүртіп оқитын», «қасиетті кітапқа» балайтын, «Тарих-и-Рашидидің» айтары осы. Сонда, көкірегіңе келе беретін «сонша халықтан бұл жерде еш белгі (ең болмаса ізі де) қалмаса», мына біз, «қазақтар» қайдан шықтық?» дейтін сұраққа еш жауап таппай қиналатының бар… «Қазақ сұлтандарының алғаш билік жүргізуінің басы 870 (1465-1466) жылдан басталады» деп алып, артынан соған өзі күмәнданып, «Алла жақсы біледі» деп қайырмалай салады. «Алла жақсы білсе», Алланың құзырына қол сұғып несіне әуре болады?! Бірақ, бұл кітаптың бір құнды жері бар, ол Моголстан мемлекетінің тарихын қапысыз баяндауы. Міне, осы жерден қолға сол замандағы саяси жағдайлардың жөн-жобасын біле алатын деректер ілігуі мүмкін екенін жасыра алмаймыз.
Ал, енді, 1964 жылы жарық көрген «Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалым-дары» топтама кітабына «Мұхаммед Хайдар Дулати» атты зерттеу мақаласын жазған академик Әлкей Марғұлан, осы 1456 жылды бірнеше мәрте шегелей айтады. Дәл осы кітапқа «Қадырғали Қосынұлы Жалайри» атты еңбегін бастырған ғалым Қадырбек Жүнісбаев та осы 1456 жылға тоқталады. 1983 жылы жарық көрген «Қазақ ССР тарихы» 5 томдықтың 2-ші томы. Вильяминов-Зернов, Абусейітова А.А., Мойсеев В.А., Әлкей Марғұлан т.б. Қазақ хандығының басталуын 1456 жыл деп нақты көрсетеді (188-бет). Қазақ ССР энциклопедиясы, Қазақ Ұлттық энциклопедиясы «Қазақ хандығы шамамен 1456-1847 жылдар аралығында өмір сүрді» деп анықтама береді.
Иә,1983 жылы «Қазақ ССР тарихы» кітабы 5 том болып шықты. Соның 2-томы «Көне заманнан бүгінге дейін» деп аталады. Осы аса құзіретті кітаптың, болса да пәленбай академик қоштап қол қойған 188-бетінде «Әбілқайыр ханның әскерлері мен Үз Темір тайшы басқарған ойраттардың шайқасы «Көк-Қашан»(Сығанақ төңірегінде) тұсында 1456-1457 жылы болды» деп айшықталып жазып қойылған. Оны мына бір деректерден (107. Тарих-и-Абу-л-Хайр-хани, л.336б-339а, МИКХ, с.168) оқуға болады. 170.Бартольд.В.В., Абулхайр с.490. Ахмедов Б.А. «Государство кочевых узбеков, с.64-65») деп ап-анық етіп қайдан алынғанын көрсеткен. Бұдан кейін тайға таңба басқандай етіп: «Осы жеңілістен кейін Әбілқайыр хандығының көшпелі халқының бір бөлігі бөлінді де, Керей мен Жәнібек сұлтандардың басшылығымен Моголстанға көшіп, Шу мен Қозыбас өзендерінің жазығына қоныс тепті» дейді. Осыдан кейін 109 (гриф) тұспал санмен: «Таварих-и-гузидаий-нусрат-наме», л, 66 б. МИКХ, с.17, Ахмедов Б.А. «Государства кочевых узбеков» с.67» – деп көрсетілген. Тағы да мұнда: «Әбілқайыр 1468 жылы Моголстанға жорыққа аттанған тұста кенеттен қайтыс болды», – дейді. Осыдан кейін: Қараңыз: Махмут ибн Уәли (МИКХ, с.361) ханның жорығы мен өлімінің мерзімі ретінде «тышқан жылын» (1468 жылды) келтіреді. Бұл бұл ма, қазақ жерінен алыста, 1987 жылы Қытайда, Шыңжаңда шыққан «Қазақтың көне тарихы» кітабында белгілі тарихшы Нығымет Мыңжан дәл осы 1456 жылға тоқталады. «1456-57 жылдары Әбілқайыр хан Сығанақ маңында Өз (Із) Темір тайшы бастаған ойраттармен соғысып жеңіліп қалды. Әбілқайыр Сығанақ бекінісіне тығылды. Қарсылық көрмеген ойраттар Түркістан мен Ташкент маңайын еркінше тонады. Осы жеңілістен соң көшпелі халықтың бір бөлігі Жәнібек пен Керей сұлтандардың басшылығымен Әбілқайырдан бөлініп, Моголстанға көшіп кетті де, Шу өзенінің аңғарына барып қоныстанды» ((113-бет).
«Әбілқайырдың 1456-57 жылы қалмақтардан ойсырай жеңілуіне байланысты Керей мен Жәнібек шебер пайдаланды». «Керей мен Жәнібек сұлтандар өздеріне қараған қолмен Әбілқайыр хандығынан бөлініп 1456 жылы Моголстанға көшіп келді».
«…Сонымен, жеке Қазақ хандығының тарихы ХV ғасырдың екінші жар-тысынан басталды. Оның құрылуының тарихы 1456 және 1466 жылдардағы Өзбек ұлысының бір бөлігінің бағынбаған сұлтандары Орыс ханның ұрпақтарының бастауымен (көшуімен) Моголстанның шекарасынан тысқары көшірілген және «Көшпелі өзбектер» деп аталатын мемлекеттің 1468 жылы Әбілқайыр хан өлімінен кейінгі құлдырауымен байланысты».
«1456 жылы Керей хан мен Әз Жәнібек ханның Әбілқайыр хан үстемдігіне қарсы күрескен қазақ тайпаларын бас­тап шығыс Дешті-Қыпшақтан батыс Жетісу жеріне қоныс аударуы қазақ хандығының құрылуына мұрындық болған маңызды оқиға болған еді.
Алғашында қазақ хандығының территориясы батыс Жетісу жері, Шу өзені мен Талас өзенінің алабы еді. Міне, нақ осы территорияға деректемелерде тұңғыш рет «Қазақстан» деген атау қолданылды» (Уасифи. 16-ғасыр) (Қазақ Совет энциклопедиясы», 6-том, 384-385 беттер).
1468 жылы қыста Әбілқайыр хан қазақ хандығын қиратпақ болып, Же­тісуға жорыққа аттанды. Бірақ, сапары сәтсіз болып, жорық жолында қаза тапты (Бахыр әл-асырар» 1326-1336-беттер). Әбілқайырдың қаза болуы қазақ хандығының нығаюына және көлемінің ұлғаюына үлкен орай тудырды. Әбілқайыр өлген соң, оның елінде қиян-кескі қырқыс басталып, хандық ыдырай бастады. «Өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды, ірі шиеленістер басталды. Оның (қарамағындағылардың) үлкен бөлігі Керей хан мен Жәнібек ханға көшіп кетті.Мұндай тиімді жағдайды дер кезінде пайдаланған қазақ хандары Керей хан мен Әз Жәнібек бұдан 12 жыл бұрын өздері ауып кеткен ата қонысы Дешті Қыпшаққа қайта оралды» – дейді (Бұл жерде Әбілқайыр хан дүниеден өткен 1468-ден 12-ні алып тастасаңыз тұппа-тура 1456 жыл шықпай ма?).
Сіз «Әбілқайыр ханның өмірін тарих етіп жазған ХVІ ғасыр тарихшысы Масуд ибн Осман Кухустани оның қайтыс болуын «874 жылы тышқан жылы 57 жасында» деп көрсетеді», – деп жазасыз («ХV-ХVІІІ ғ.ғ. Қазақ хандығы тарихының материалдары» (А.1969, 171-б). Бірақ, Сіздің бұл айтқаныңыздың дұрыстыққа жатпайтынын тым ертерек, ХХ ғасырдың басында Қазақ хандығы тарихының білгірі В.В. Бартольд «Абул-хайр» атты еңбегінде «1469-1470 жылға сәйкес келетін хижра бойынша 874 жылға қате теңестірген» деп (390-бет) анықтап қойған (қараңыз: В.В. Бар-тольд. «Тюрки-Двенадцать лекций»). Бұдан бөлек өз замандасыңыз «Қазақ хандығы» тақырыбына көптен қалам тартып жүрген көзі тірі тарих ғылымының докторы, профессор Сәйден Жолдасбаев деген әріптесіңіз Сізге неге «себепсіз» қарсы болады? Ол былай дейді: «Бұл оқиғаны көрсетіп отырған басты себебіміз, біріншіден, Әбілқайыр ханның қаза болған кезін «тышқан жылы» деп жаза отырып, оны хиджраның 874 жылы деп қателесіп, «сиыр» жылының көрсетілуі, – дейді ол ағынан жарылып. – Жалпы, мүшел жыл мен жыл аттарын көрсететін ел аузында сақталған аңыздар ешқашан қате жібермейтінін ескерген жөн. Мәселен, Махмұт ханның түрік сұлтаны Мехмед Фатихқа жолдаған хаты шындығында да тауық жылы хижраша 870 жылдың 5 ақпанында жазылғанын есепке алып қарағанда шындығында «тышқан жылының» 1468 жыл екендігіне ешбір дау жоқ» («Қазақ хандығы қашан құрылған» «Қазақ әдебиеті» 9.03.2001 жыл).
Бұл «тышқан» жылы енді тілімізге көбірек оралатын болады. Сіз «Сырдың бойынан тышқан жылы қара күзде бір түмен елмен ауа көшкен ағайынды Керей мен Жәнібек сұлтандар қыс түсе Мойынқұмға жетті» – дейсіз. Бұл деректі белгілі тарихшы, археолог, «Қазақ хандығы» тақырыбын зерттеуші ғалым Мәдияр Елеуұлы «Шу өңірі: аңыз бен тарих» атты еңбегінен алғансыз. «Сырдың бойынан «тышқан жылы» қара күзде бір түмен елімен ауа көшкен ағайынды Керей мен Жәнібек сұлтандар қыс түсе Мойынқұмға жетіпті» – дейді ол. Мәдияр Елеуұлының, «Сыр бойынан, тышқан жылы, қара күзде…» дегені ойға қонғанмен, «Сыр бойынан» деп көрсеткені тарихи шындыққа келіңкіремейді, себебі, сол Жәнібек сұлтанды Әбілқайыр Сыр бойында орналасқан Сығанақ қаласынан одан 10 жыл бұрын, 1446 жылы қуып шыққан болатын. Ежелгі дәстүрді бұза отырып, Темір мен Жошы ұрпақтарынан тартып алынған жерлерді өз жақтастарына сойырғал-сыйлық ретінде таратады.
Қарт Қаратаудың теріскейіндегі Созақты Бақтияр сұлтанға, Сығанақты-Манеадан оғланға, Үзкентті Уаққас биге ұсынады. Әбілқайырдың Ордасы да осында болды. Сол себепті, Керей мен Жәнібек бұл маңда бола алмайды. Олардың Үз Темір тайшының шапқынына ұшырамауының да ең басты себебі осы еді.
Сонымен Сіз, Мәдияр Елеуов екеуіңіз жыл басы «тышқаннан» айырылғыларыңыз кел­месе, әсіресе, Сәйден Жолдасбаев «…шын­­дығында да «тышқан жылының» 1468 екендігінде дау жоқ» десе, ол көрсетіп отырған 1468 жыл – тышқан болғанда, әрине, 1467 – доңыз, 1466 – ит,1465 – тауық, 1464 – мешін, 1463 – қой, 1462 – жылқы, 1461 – жылан, 1460 – ұлу, 1459 – қоян, 1458 – барыс, 1457 – сиыр болмай ма?! Ал, енді, 1456 – қайтадан «тышқан» боп шығады. Ал, Сіз «Сырдың бойынан «тышқан» жылы қара күзде бір түмен елмен ауа көшкен ағайынды Керей мен Жәнібек сұлтандар қыс түсе Мойынқұмға жетті» дегеніңіз қайда қалады?
Берекет бауырым, бұған қарағанда сіз айтып жүрген 1457 жыл «тышқан» емес, «сиыр» болмай ма? Сонда сіздің «Сырдың бойынан тышқан жылы қара күзде бір түмен елмен ауа көшкен ағайынды Керей мен Жәнібек сұлтандар қыс түсе Мойынқұмға жетті» деген сөзіңіз не боп кетеді?! Ал, енді, Сіздің «тышқаныңыз» 1457 жыл болса, онда 1468 жыл «тышқан» емес, анау-мынауды тұмсығымен сүріп тастайтын «доңызға» айналмай ма?! Ал, осы саладан «нан жеп жүрген» өзің сияқты тарихшы, тарих ғылымының докторы, профессор Сәйден Жолдасбаев «доңызға» көне қояр ма екен?! Содан ба екен ол өзің жайлы мынадай аса үлкен «өкінішін» білдірген екен: «Қазақ хандығының құрылғандығы жайлы өз пікірін ашық айтып жүрген жас ғалымдарымыздың бірі – Б.Кәрібаев. Әрі оның ғылыми зерттеу жүргізіп жүрген тақырыбы да осы мезгілмен байланысты. Сондықтан, ғалым бұл мәселеге ерекше назар аударып, соңғы екі-үш жылдың ішінде бұл мәселенің төңірегінде көптеген ғылыми пікірлер айтып, баспасөзде бірнеше мақала жариялады.
Амал қанша, егер, ғалым араб не парсы тілін білгенде бізге көптеген мәселелердің бетін ашып беретіндігі оның мақалаларынан көрініп-ақ тұр» («Қазақ хандығы қашан құрылған?» («Қазақ әдебиеті» 3.03.2001 жыл. («Анығына же­тіп, ақиқатын айтайық» айдарымен берілген).
Математика ғылымында белгілі сан арқылы белгісіз мәселені анықтау дейтін тәсіл бар. Соны қолдана отырып Қазақ хандығының қай жылы құрылғанын Шарафеддиннің «Зафар-нәме» кітабы бойынша жұмыс жасап көрелік.
«…В понедельник 15 реджеба 793 г. (18 июня 1391г) Который соответcтвует году овцы, повелитель мира, увидев что к концу шести дней плохая погода начинает прояснятся, сойзволил лично заняться выстрайванием армии к бою в местности под названием Кондурча», – деп жазады ол. Енді, осы мерзімнен, амал қанша, қашан қазақ хандығы орнаған 1456 жылға дейін қолға қалам алып ерінбей-жалықпай есептеуге тура келеді.
Осы кестеге қарап отырып, Қазақ хан­ды­­ғының орнауы 1456 жылдан бастау алатынын кез-келген оқырман түсіне алады-ау деп ойлаймыз. Мұны, әрине, Сіз де жақсы білесіз. Бірақ, Сізге жұртты «ах-ух» дегізетін сенсация керек боп тұр ма қалай? Болмаса, өзіңіз де сол 1456 жылды қолдап-қоштаумен келе жатқандардың бірі емес пе едіңіз.
«Ана тілі» апталығы (2011 жылы 2-8 маусым. №22) сіздің «Керей мен Жәні-бек хандар «Қазақ мемлекетінің негізін қалаушылар болды» деген зерттеуіңізді жариялады. «Тарих ғылымында ХІХ ғасырдың 60-жылдарынан бері Қазақ хандығының негізін қалаған екі тұлғаның – Керей мен Жәнібектің есімдері анықталып, белгілі болған. В.В. Вельяминов-Зернов алғаш рет рет Оразмұхамед ханның шығу тегін анықтау барысында «Тарих-и-Рашидидің» мәліметтерін айналымға ендіре отыра былай деп жазған болатын: «Қазақтар туралы (В.В.Вельяминов-Зернов қырғыз қайсақтар деп жазады. Б.К.) «Тарих-и-Рашидиде» Мұхаммед Хайдар айтқан мәліметтер хижра бойынша 860 жылдан 944 жылға дейінгі, яғни, 1456 жылдан 1537-38 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Ол 80 жыл ішінде Мұхаммед Хайдар бойынша қазақтардың ең басты тұлғалары: жошылық Керей мен Жәнібек, Керейдің ұлы Бұрындық, Жәнібектің ұлдары Әдік пен Қасым және Әдіктің ұлы Тахир болды», деп көрсеткен дейсіз де:
«…Міне, осы кезден бастап Керей мен Жәнібек хандардың Қазақ хандығының құрылуындағы тарихи ролі анықталып, қазіргі күндерге дейін оны ешбір зерт­теуші теріске шығармай, керісінше, оны зерттеушілердің бәрі бірауыздан мойындап отыр» – деп төрелік бересіз. Қателігіңіз сол «Ешбір зерттеуші теріске шығармай, керісінше оны зерттеуші-лердің бәрі бірауыздан мойындап отыр»-деп алып, неге іркіттей іри бересіз. Орта мектепте 2010 жылға дейін қолданыста болған «Қазақстан тарихында» да 1456 жыл анық жазылған болатын (8-сынып. Авторы Дүйсен Бабаев).
Мұны «өзі жоқтың көзі жоқ» дегендей 1457 жылға әп-сәтте өзгерте саласыз?! Бұған «көндік» деп тұрғанымызда «Егемен Қазақстан» газеті, 1996 жылдың 22 наурыздағы санындағы «Керей хан» деген мақалаңызда: «Біз де Т.И. Сұлтановтың дәлелдеулерін негізге ала отырып, қазақ хандығы 1458 жылдың күзінде құрылған деп жазған едік…» дейсіз. Бұнымен де тоқтасаңыз тәуір болар еді-ау… Елдің есін ел-сел жасағыңыз келгендей: «1446 жылдан бастап Сыр өңірі Әбілқайыр ханға қарады дедік. Осы жылдардан бастап 1457 жылға дейін Керей мен Жәнібек бастаған сұлтандардың Әбілқайыр ханға наразылығы өсе түседі» – деп бір қоясыз. Бұған «мақұл» дей бергенде: «1457 жылы Сығанақ түбіндегі қалмақтармен ұрысқа түсу үшін…», «Керей бұдан бір мүшел жыл бұрын хан сайланған, яғни 1457-58 жылы хан болған», – деп жібересіз.
«Жазба және ауыз әдебиеті дерек­терінің мәліметтерін бір-бірімен толықтырып, 1457-1458 жылдар оқиға­ларының даму барысын былайша қалпына келтіруге болады. 1457 жылы жазда Әбілқайыр хан қалмақтардың жорығы туралы естіп, қарауындағы елге жасақ жию туралы жарлық етеді. Сол жылдың күз айларында ол қалмақтардан жеңіледі».
«Екі сұлтан да 1457 жылы жазда өз жайлауында болып, хан жарлығын естіген». «Жарлыққа сай әскер жіберме­ген­діктен, олар Сыр бойындағы қыстау-ла­рына барудан қауіптеніп, 1457 жылдың қара күзінде Шу бойына жеткен, әрине, алдын ала Есенбұға ханмен келісе оты­рып…»
«Ал, келесі жылы, яғни, 1458 жылдың көктемінде Тұлпарсазда Керейді хан етіп сайлаған», – деп нүкте қоясыз да: «Керей 1458 жылы хан сайланса да ол толық дербес мемлекеттің ханы емес еді». «Ал, толығымен дербес мемлекеттің құры­луының аяқталуын біз 1470-71 жылы жүзеге асқан деп санаймыз…» – дейсіз. «Сонда қалай Сіздіңше Керей көктемде Тұлпарсазда ақ кигізге отырғызылып, хан сайланып, Қазақ хандығы күзде құрыла ма?! Бұл не бытпырақ?! Бұл тұста байқадыңыз ба, Берекет мырза, «Шаншар» театры жігіттерінің «Тоқтап, бір жерін айт!» деген қарапайым әзілі керек болатын сияқты. Сонда, бұл не деген «жаңылтпаш?»
Қазақтың ғылыми әлемінде Сәйден Жолдасов дейтін құрметті азамат бар. Ол да тарих ғылымдарының докторы, профессор. Ол кісі 2001 жылы 9 наурызда «Қазақ әдебиеті» газетінің 10-санында «Қазақ хандығы қай жылы құрылған?» деген тақырыппен зерттеу мақала жариялады. Онда ол: «Жазба деректердің хабарына қарағанда Могол хандары ағайынды Жүніс пен Есен-бұға арасындағы шиеленіс Т.Сұлтанов көрсетіп отырған мерзімнен әлдеқайда ерте – 1455-56 жылы басталған еді» – деп өте әділ көрсетеді (Мырза Мұхаммед Хайдар. Тарих-и-Рашиди. Таш. 1996 ж.108-109-бб). Шынында да, онда мынадай аса құнды дерек бар: «Сол арада Мырза Сұлтан Әбу Сайд Хорасанды жаулап алды. Енді, Иракты да бағындыруды мақсат етті. Бірақ, Есенбұға ханның Ферғана, Шаш және Түркістанға қауіп туғызуына байланысты Ираққа (жорық) жасау кейінге қалды. Сонда, Мырза Сұлтан Әбу Сайд адам жіберіп, ханды Шираздан алдырды да, жоғарыда айтылғандай келісім шарттармен оны Моголстанға жіберді. Ханның жасы ол кезде 41-ге келген еді. Ол 860 (1455-1456) жыл болатын».
Ал, мен өз басым бұрынғы ғалымдар жазып кеткен 1456 деген жылды дұрыс көремін. Бұл бір дата, нақты көрсеткіш. «Атамдыкі де дұрыс, апамдыкі де дұрыс» дегендей болжам емес.
Бұл – Ұлы көштің қозғалған тұсы.
Әрине, Сіз бір жылда тұрған не бар дерсіз, ойлы оқырман. Дегенмен де зер салып көріңізші, әлемдік тарихқа өз есімін алтын әріппен жазған Осман империясы 1453 жылы Константинопольды басып алып, жалғанның жарығына «Біз ұлы ел болдық!» деп жар салды. Ал, біз қазақ халқы солардан небәрі 3-ақ жыл кейін Қазақ хандығын құрыппыз. Біз соларға жақындаудың орнына 1457-1458-1459-1460-1461-1462-1463-1465-1466-1967-1468-1469-1470-1471-1472-деп кері қарай сіңірдей созуға құмармыз. Өз Тәуелсіздігімізді де «күн жылы, жер қарада» емес, «ақ қар көк мұзда» 16 жел­тоқсанда жыл бітуге жақындағанда әзер жарияладық емес пе? Ал, біздің қасымызда түркімен, өзбек, қырғыз, тәжіктер жаңа тарихтың табалдырығынан «батыл» да «батыр», «ержүрек» қазақтардан бір күн болса да ілгері аттап үлгерді. Енді, біз неге шегіншектей беруге құмармыз?! Ке­лер ұрпақ өткен тарихты қойып, кешегі Тәуелсіздікті «өзге бауырлас елдердің ең соңынан алуларыңыздың себебі неде? Не кедергі болды?» деген сұраққа өзі­ңіз сияқты «кәсіпқой» тарихшылар не деп жауап берер еді?! Қазіргі өркениетті елдердің бәрі өз тарихын тым әріден бастап, қолдан «ұзартуға» тырысып жатқанда біздің «көткеншектегеніміз» ұят болмай ма?!
Қазақ тарихына елеулі еңбек сіңірген Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қойшығара Салғараұлы «Хандар кестесі» кітабында, сол айтулы дата – 1456 жылға ойып тұрып орын берді емес пе? Қараңыз: «Қазақ хандығы қашан шаңырақ көтергені жөнінде бірер сөз» (Егемен Қазақстан» 28-маусым 1996 жыл).
Қазақ хандығының 1456 жылдан бас­тау алғаны Мұхтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі», («Жұлдыз» журналы 1993.№12.83-151 беттер) «Қазақ хан­дарының ғұмырнамасы» атты кітап­тарында толықтай талданды. 1456 жыл «Әй, заман-ай, заман-ай», «Бес ғасыр жыр­лайды» Алматы. 1984 жыл кітабында да бірнеше мәрте қайталай көрсетілген. (Құрастырушы Мұхтар Мағауин). Белгілі философ ғалым, сенатор Ғарифолла Есім 2003 жылдың 20 маусымында «Қазақ әдебиеті» газетінде осы 1456 жыл туралы арнайы тоқталады. Қазақстан Республикасы Ата Заңының авторларының бірі академик Сұлтан Сартаев «Нені көкседік, неге жеттік» деп аталатын мақаласында («Егемен Қазақстан» 2004.21.12) осы 1456 жылды толық қолдайтынын білдірді. Оқып көрелік: «ХV ғасырда Қазақ хандығы құрылды. 1456 жылы Шу өңірінде Қозы-басы жайлауында Керей мен әз Жәнібек қазақ хандығын – Қазақ мемлекетін құрды». Белгілі қоғам қайраткері Ата Заңымызды жазушылардың бірі Сұлтан Сартаев, біріншіден, аялап «Әз Жәнібек» дейді, екіншіден, олар 1456 жылы Қазақ хандығын емес, «Қазақ мемлекетін құ­рып­ты» дейді. Осы жолдарды оқып отырып, ұлттық рухың аспандап, кереметтей марқайып қалатының бар. Ал, «Қазақстан» Ұлттық мемлекеттік телеарнасы 1456 жыл – Керей мен Жәнібекке ерген Ұлы Көштің басталуы деп бірнеше мәрте көрсетті.
Тарих ғылымының докторы Сәбит Жолдасов «Шежірелі Оңтүстік» кітабының «Оңтүстік өңіріне қатысты оқиғалардың хронологиялық көрсеткішінде» «1456-1466 жж. Керей мен Жәнібек Қазақ хандығын құрды» деп анықтама берді (215-бет, Қазақпарат баспасы. Алматы. 2002 жыл). Ақын, шежіреші Шәкәрім Құдайбердіұлы «Қазақ хандығы, Керей мен Жәнібек көші тіпті 1455 жылы басталды» деп жазды. Жетісулық, Талдықорғандық көне түркілік тарихқа терең түрен салған, Күлтегін жазбаларының сырын ашқан зерделі зерттеуші Тәңірберген Қалилаханов деген зерттеуші өзінің «Қазақнама» (Алматы. 2006) атты кітабының 87-бетінде осы 1456 жылды дұрыс көреді. Республикалық «Түркістан» газеті 2011 жылы 20 қаңтар №3 санында авторы Есенгүл Кәпқызы бірінші бетке «Қазақ хандығына – 555 жыл» айдарымен «Әз Жәнібек пен Керейді қалай ұлықтап жүрміз?!» деп дабыл қақты. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мақсұтбек Сүлейменов (Торғай облысы) «Халық Әбдіғаппарды неге хан сайлады?» «Егемен Қазақстан» газеті. 12-сәуір 1996 жылғы зерттеу мақаласында «1456 жылдан 1870 жылға дейін созылған үш жүз жылдық қазақ хандығы құлатылды»деп жазды. Созақтық шежіреші Сүлеймен Тәбірізов «Созақ өңірі» кітабында осы 1456-ны қолай көреді (Алматы. Кітап. 2002 жыл).
Аса көрнекті ғалым Ақселеу Сейдімбек 1456 жылды Қазақ хандығының бастапқы кезеңі ретінде өзінің жазған еңбектерінде атап өтіп отырды (қараңыз «Көшпелілер тарихы» «Атамұра-Қазақстан. Алматы.1995 жыл). «Ел болу жөніндегі ұлы дүмпуге Жәнібек хан мен қолдаса дем беріп (1456-1477 жж) қазақ хандығының іргесін біржола орнықтырды. Жәнібек хан Барақ ханның бел баласы. Керей хан болса Барақ ханның ағасы Болат сұлтанның баласы еді. Яғни, Жәнібек пен Керей немере» (58-59-беттер).
«Алматы қаласы. Көркем суретті тарихы» «Қазақ энциклопедиясы». Алматы, 2009. Бас редакторы Б.Ө. Жақып. Құрастырушы К.Саркенова. Кітап «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Алматы әкімді-гінің қолдауымен шығарылған. Бұл кітаптың 66-бетінде «Қазақ мемлеке-тінің бас хандары» (15-18 ғасырлар) деген кесте берілген. Ол былай басталады: «Қазақ мемлекеті. 1456 жылы Жәнібек Сұлтан, Керей Сұлтан іргесін қалады. Шу, Қозыбасы, Керей 1456-1473 жылдар, Жәнібек 1473-1480, Бұрындық 1480-1503…»
Берекет мырза, Сыр бойының саң­лағы, жерлес көкең, ұлы ғұлама Әуел­бек Қоңыратбаев та осы 1456 жылды көрсетеді: «Қазақ аңыздары Асан Қай­ғыны 1456 жылы Қозыбаста қазақ хандығын құра­тын Жәнібек хан атымен байланыс­тырады» (91-бет) 93-бетте «Екін­ші Жәні­бек 1456 жылы Өзбек ханы Әбіл­қайыр­дан бөлініп, Могол ханы Иса Бұқаны барып сағалайтын қазақтың тұңғыш ханы. Иса Бұқа Жәнібек пен Керейге Қозыбас жерін берген» дейді, ол. Бұлардан бұқаралық ақпарат құралдары да қалыспайды:
«Первое казахское государство – Ка­захское ханство-образовалось в 1456 году (М.Х.Дулати) султанам Керей и Жанибек параллельно с образованием национальных государств в Европе.В этот период и был образован казахский народ. Его идейными основателями был Асан Сәбитулы. (Асан-қайғы), Қазтуған, Досмамбет, и др.» («Жас қазақ» газеті. №50 (475) 21.12.2010. Саясаттанушы Дас­тан Ельдосов).
«Қашаннан айтылып жүргеніндей, қазақ тарихында Жәнібек есімді кісі-лер бірнешеу. Біздіңше, солардың ең алғашқысы – тұңғыш Қазақ ханды-ғының басында болған Әз Жәнібек. Ол ХV ғасырда өмір сүрген. Шамамен хан тағына 1456 жылы отырды делініп жүр» («Шақшақ Жәнібек батыр». Алматы «Отау» баспасы. 1993. Сабыржан Шүкірұлы, Болатбек Әлденеұлы. 22-бет). Бұл бұл ма Қытай ғалымы, ұлы мемлекеттің барлық архивін сүзіп шыққан ханзулық Хун Тау дейтін тарихшы «Қазақ хандықтарының қысқаша тарихы» дейтін кітап жазып бастырды. Мұнда Керей мен Жәнібек туралы не дейді екен, соны оқып көрелік: «ХV ғасырдың 60-ыншы жылдарында өзбек хандығына Әбілқайыр билік жүргізген кезде (1428-1468 жылға дейін) билік басындағы топтардың жағында ұлық таластарына орай өзара қырқысқан соғыс туылып, қалың малшы қауымдарды торғайдай тоздырды.
1456 жылы Керей мен Жәнібек сұлтандар Әбілқайыр ханның тізе ба­тыруына төзе алмай елін бастап Могол­станға, яғни, кейінгі Шыңжияңға қашып келді. Ол кезде Шыңжияң ауданына Шыңғыс ханның екінші ұлы Шағатайдың ұрпағы Есенбұға үстемдік ететін. Ол өзбек ханымен жау еді. Ол Керей мен Жәнібекті шығысына әкеп қоныстандырып, қарсы жақты дәрменсіз етпек болды. Сол себепті, ол өзіне қарасты жердің шығыс бөлігін, яғни, Шу, Талас, Жетісу өңірін оларға берді. Өзбек хандығынан қол үзген осы малшы халық «қазақтар» деп аталды» делінеді (Сәбит Жолдасовтың «Шежірелі Оңтүстік» атты кітабын қараңыз. Қазақпарат. Алматы. 2002, 62-63-беттер).
Берекет, Сіз бұл айтылғандарға мойын­сұнбасаңыз, онда тап өзіңіз сияқты ғылым докторы, профессор, Қаныш Сәтпаев атындағы Ұлттық техникалық университетінің оқы­тушысы Керейхан Аманжоловтың «Түрік халықтарының тарихының» 2-кітабын қарап шығуыңызға болады (Алматы. «Білім». 2002. Толықтырылып екінші рет басылуы. «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жоғарғы оқу орындарының студенттеріне оқу құралы ретінде ұсынған). Оқып көрелік: «1456-57 жылдары Әбілқайыр хан Сығанақ маңында Өз (Із) Темір тайшы бастаған ойраттармен соғысып жеңіліп қалды. Әбілқайыр Сығанақ бекінісіне тығылды. Қарсылық көрмеген ойраттар Түркістан мен Ташкент маңайын еркінше тонады. Осы жеңілістен соң көшпелі халықтың бір бөлігі Жәнібек пен Керей сұлтандардың басшылығымен Әбілқайырдан бөлініп, Моголстанға көшіп кетті де, Шу өзенінің аңғарына барып қоныстанды» (113-бет).
«Керей мен Жәнібек сұлтандар өздеріне қараған қолмен Әбілқайыр хандығынан бөлініп 1456 жылы Моголстанға көшіп келді».
«…Сонымен, жеке қазақ хандығының тарихы ХV ғасырдың екінші жар-тысы­нан басталды. Оның құрылуының тарихы 1456 және 1466 жылдардағы Өзбек ұлысының бір бөлігінің бағынбаған сұлтандары Орыс ханның ұрпақтарының бастауымен (көшуімен) Моголстанның шекарасынан тысқары көшірілген жә­не «Көшпелі өзбектер» деп аталатын мемлекеттің 1468 жылы Әбілқайыр хан өлі­мінен кейінгі құлдырауымен байланысты» – делінген..
Керей мен Жәнібек бастаған ұлы көштің Жетісудың батыс аймағына, Шу өңіріне, Қозыбасы мен Таластың аралығына, Созаққа, қарт Қаратау теріскейіне бағытталуы «Таң­ба­лы­таста» айқын бедерленіп қалып қойғалы қашан…
Қазақша мәтіні былай: «Қыпшақ, ал­шын, арғын, қаракесек, үйсін, табын иллахи қар рәсиге һамиша хаһа рахмет қыл сен алтауын, екінші түрде айт-қанда, «О, Ием, үмітіне жету үшін осы алтауына рахметіңді бере көр!» Бұл, араб әрпімен жазылған. Тапқан А.И. Шренк пен Х.Бекхожин. Олар оны Л.Кузнецовпен бірлесіп көшіріп алған. «Записки Семипалатинского отдела русского географического общества, Вып.ХVІ.16-927 г» жариялаған. Бізге жеткізген академик Әлкей Марғұлан.Міне, қараңыз: «Тамғалы тас сыры» («Қазақ тарихы» журналы, 1993 жыл. №3, 28-бет).
Ал, Сіз «1428 жылы Барақ хан өліп, хандық билік шайбанилық Әбілқайырға көшкенімен, Ақ Орда хандарының ұрпақтары Сыр өңірінде қала берген. Олардың ішінде Керей де, Жәнібек те және басқалар да бар. 1446 жылы Әбілқайыр хан Сыр өңірін Мауренахрды қайтарып, өз астанасын Сығанаққа көшіреді», – дей саласыз. Ең болмаса Асан Қайғының:
Қырында киік жайлаған,
Суында балық ойнаған.
Оймауыттай, тоғай, егіннің,
Ойына келген асын жейтұғын,
Жемде кеңес қылмадың,
Жемнен де елді көшірдің.
Отын тапсаң тойынды,
Ойыл көздің жасы еді,
Ойылда кеңес қылмадың.
Ойылдан елді көшірдің.
Елбең-елбең жүгірген,
Ебелек отқа семірген,
Екі семіз қолға алып,
Ерлер жортып күн көрген,
Еділ деген қиянға,
Еңкейіп келдің тар жерге,
Мұнда да кеңес қылмадың.
Кеңестің түбі нара-ду,
Нәлет, біздің жүріске.
Еділ менен Ақ Жайық,
Бірін жазға жайласаң,
Бірін қысқа қыстасаң.
Ал қолыңды маларсың,
Алтын менен күміске! – деген толғауында «не айтылды» деп зерделемегеніңіз бе?! Олар Сыр өңірінде қала берсе, осы толғаудағы Жемде, Ойылда, Еділде, Жайықта не бітіріп жүр?!
Негізінен күннің екі «айналымы» барын жұрттың бәрі біледі деп ойлаймын. Оның бірі – әрбір үш жүз алпыс бес күн және тәуліктің төрттен бір бөлігіндегі Күн Тоқты (Зодиак бойынша аспанның үлкен шеңбері – Күннің жылдық айналымы өтетін эклиптиканың бойындағы он екі шоқжұлдыздың бірі. Жылдық айналымында Күн бір айда Зодиактың он екі шоқжұлдызының біреуін басып өтеді. Күн Тоқты шоқжұлдызымен қиылысқан көктемгі күн мен түннің теңескен сәті. Эклиптика 360 градусқа бөлінеді. Зодиактың әрбір шоқжұлдызы 30 градусты алып тұрады. Күннің екінші айналымы – осы) шоқжұлдызының бірінші минутында өзгермейтін бір нүктеге айнымай қайтып оралып тұрады. Мұны белгілі ақын, әрі математик Омар Хайам «Наурыз-наме» атты кітабында көрсеткен. Сол себепті, жыл сайын бұл мерзім қысқарып отырады. Ай күнтізбесі бойынша жылына 11 (он бір ) күн қалдық қалады да, 33 жылда 1 (бір) жылға теңеледі. Енді, Мұхаммед пайғамбардың Меккеден Мәдине қаласына 622 жылдың 24 қыркүйегінде қоныс аударуы – «хижра» – жылдың басы боп саналады. Сонда, Үз-Темір Тайшы мен Әбілқайырдың арасындағы шайқас көктем-жазда болғаны. Себебі, ел жайлауда болған. Соны жақсы білген қалмақ қосыны Сыр бойында моншақтай тізілген қалаларды алаңсыз тонаған. Әбілқайыр хан қашан жұртты жиып жетемін дегенше бықпыртын шығарған. Болса да, оған көптеген ру-тайпалар қатыспаған, сырт қалған. Бұл өте аласапыран, әрі алмағайып уақыт қаңтар-ақпан-наурыз-сәуір-мамыр-маусым-шілде-тамыз-қыркүйек (24-іне дейін) айлары кіретін 1456 жылға сәйкес келеді. Осыдан келіп, 1456-1457 жылдың бір-біріне жалғас көрсетіліп келуі шындыққа саяды деп ойлаймын. Ал, енді, Қазақ хандығының құрылуының ең басты факторы – Үз-Темір тайшы мен Әбілқайырдың шайқасында жатқанын мойындауға тура келеді. Енді, хандықтың еңсе көтеруі, орнығуы, өркендеуі туралы әңгіме басқа. Мынаны еске түсіру ләзім. Біріншіден, 1990 жылы біз, Қазақстан Республикасы, Тәуелсіздік Декларациясын жарияладық. Келер 1991 жылдың 16 желтоқсанында біржолата Тәуелсіздігімізді тұғырға қондырдық. Керей мен Жәнібектің 1456 жылғы Ұлы көші – «Тәуелсіздік Декларациясын» жариялауымыз сияқты оқиғаға саяды, ал, 1465-66 жылғы оқиғалар – ол мемлекеттіліктің мекемделуі десек ойға қонымды болмай ма?!
Өткенсіз бүгін, бүгінсіз болашақ жоқ. Күн ұзаған сайын бұрынғы тарих көмескі тарта береді. Сондықтан, оның ақырының аңызға айналып кетуінен сақ болайық. Мен мұныммен, «кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегенді де ұмытпайық дегім келеді.

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Алаштың Ұлы Ұс елі
    немесе
    Ұс (құс) елін бүгінгілер
    қайдан білсін.

    (Тарихи – этимологиялық зерттеу)

    Тамырынан таратылып текті сөз
    Ал арманшыл асыл халқым көкті кез!
    … Көк байрақты, қыран текті қазаққа,
    Күн астында қанат жаяр келді кез.
    Маралтай

    Алаш, үш Жүз һәм Қазақ
    Қазақ турасында сөз қозғап, ол жайында қалам тартқан адамдардың барлығы дерлік Алаш, Үш жүз атауларына соқпай өте алмайтындығы ақиқат. Алаш турасында “Қазақ совет энциклопедиясында” “Алаш” “Алаш мыңы”- ежелгі қазақ тайпаларының алғашқы қауым болып біріккен одағы “қазақ” деген бұрынғы елдің жалпы аты” – деп жазады,
    – Шынында Алаш, үш жүз, Қазақ сөзінің мән-мағынасы не? Бұл турасында біз неге бір тоқтамға келе алмай жүрміз? Неге біз Алаш сөзінің мән-мағынасын, шығу негізін білмей тұрып осындай күйде тұрған «Қазақ» сөзімен бір синонимді сөз дейміз, тек бұл атаулардың әр кезеңдерде бір-бірінің орнына қолданылғаны үшін ғана ма? Ел аузына тараған:
    Алаш Алаш болғанда,
    Ала тай ат болғанда
    Таңбасыз тай
    Енсіз қой болғанда
    Алаш хан болғанда – деген сөздердің бірінші жолы неге “Алаш Алаш болғанда” – деп тұр? Егер Алаштың Алаш екендігі әу бастан-ақ белгілі болса, онда Алаш Алаш болғанда демей – ақ, Алаш болғанда деп бастап аяғында Алаш хан болғанда десе де түсінікті болар еді ғой. Ұлы Абай атамыздың «Сонымен бұлар өзін-өзі де өзге жұрттарда «Қазақ» атап кетіпті, бұрын өздерін «Ұлұс» дейді екен де жүре береді екен» деуінің астарында не жатыр? Бұрын біз өзімізді Алашпыз, Қазақпыз, Үш жүзбіз деуші едік, енді Ұлы Абайдың дерегінен біз өзімізді «Ұлыс» деп те атаған екенбіз. Бұлай болған жағдайда бұл төрт атаудың қайсысы алғашқы бастапқы атауымыз болмақ?- деген сұрақ туады. Осы арада данышпан Абай атамыз “Ол күнде наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып наурыздама қыламыз деп той тамаша қылады екен. Сол күнін “Ұлыстың Ұлы күні”-дейді екен” деуінен менің түйгенім біздің қазақтардың ол күнді, яғни жер жаһанның жаңарған, қыстың ызғары кетіп табиғаттың бусанып жыл басының басталуына себепкер күн мен түннің теңелуін “наурыз”- яғни “жаңа күн” демей өздерінше бұл күнге ерекше мән беріп “Ұлы күн” деп атап, той тамаша қылғандығына көзім жетті. Сондықтан төркі – қазақ үшін бұл күн шын мәнінде ерекше сағынышпен тосып алатын ұлт мейрамы. Әрі бұл күнді «Ұлғ күн» (Ұлы күн) – деп тойлап қана қоймай «Ұлық күнмен басталған жыл он екі айды ұлұғ ай, кішіг ай, деп бастап бірінші ай, екенші ай, үшінші ай, төртінші ай, бесінші ай, алтыншы ай, жетінші ай, сегізінші ай, тоғызыншы ай, оныншы ай деп жіктеген. Бұл ескі төркі календары Бируни мен Ұлықбектің кітаптарында жазылған. Ал осы «Ұлғ күн» (Ұлы күн) неге «Ұлұстың Ұлы күні» – деп тойланған. Мен бұл жұмбақтың сырын ашу үшін «Ұлұс» сөзін Ұлғ және Ұс яғни Ұлұ және Ұс (құс) деген екі сөзден құралған атау деп қарауды ұсынамын. Құсты көктің, символы санаған көшпелілер өздерін көк тәңірінің ұланымыз деп тәңірі құсына, көктің құсы қыранға балаған ханымызды көтеріп, бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, өзіміз ұлылап тәңірі құсы қыранға балаған ханның ұрпағымыз, соның әулетіміз деп бір ханнан, бір әулеттен, бір тектен ғана тарататын болайық деп ант берісіп өзінің батырлығымен, ақылдылығымен көзге түскен бірін ел басшысы етіп “Ұл(ұ) Ұс”, “Ұл(ұ)Ұс” деп ұлылап хан көтерген деген қортындыға тоқталамын. Сол ұлы жиында жер қайысқан қалың қолдың айқай шуынан Ұл(ұ)Ұш, Ұл(ұ)Ұш деген шу басым естіліп, (бұл жерде төркі халықтарының ішінде қазақтан басқа басым көпшілігі “с”-ның орнына “ш”- деп сөйлейтінін ескеруіміз керек. Мысалы: басты-баш, тасты-таш, қасты-қаш, құсты-құш, Алпамысты-Алпамыш, Манасты-Манаш, дүйсенбіні-дүйшенбі, т.с.с.) қол астындағы қара халықтың құлағына Ұл(ұ)Ұш”, “Ұл(ұ)Ұш” деген айқай Алаш Алаш деп естілгендіктен күллі халық Ұл(ұ)Ұшты яғни “Ұл(ұ)Ұсты” – Алаш деп атап кетіпті. Әрі батыр, әрі ақылды данагөй Ұл(ұ)Ұс хан осыдан бастап өзін халық берген атпен Алаш деп атап, өзіне қараған елін “Ұс” һәм, “Ұл(ұ)Ұс” елі деп атаған деген тұжырымға келдім. Ұл(ұ)Ұс хан өзін халық берген атпен Алаш атағандықтан халық арасында осы бір үрдіс дәстүрге айналған. Әрі бұл дәстүр осы күнге дейін өзінің төл ұрпақтарының арасында жалғасын тауып келеді. Әбілмансұрдың-Абылай, Ибраһимнің-Абай, Мұхамедқанапияның-Шоқан, Ерасылдың – Қабанбай, менің өз атам Сүгірдің – Сақал т.т. аталуы соның айғағы, бұл оларға халықтың берген аты. Құрбанғали Халидтің “Тауарих хамса” кітабында:”Алынша хан кезінде” мен пәленнің нәсілімін” деп айтуға тиым салынып кім хан болса оның қауымы “мен пәленше ханың әулетімін” деуге бұйрық шығарған. Себебі бір ханға ерген халық мен пәлен нәсілдемін деп бөлектеніп араларынан түрліше келіспеушілік туады деген екен” – деуі көңілге қонымды құптарлық дерек. Бұдан байқайтынымыз, қазақтың Абылай әулетіміз, Жәнібектің ұрпағымыз, Әбілхайырдың тұқымымыз деп сан-саққа бөлінбей, тек Алаш еліміз деп өздерін Алаштан ғана таратуында қанға сіңген тарихи шындықтың бары айқын байқалады. Олай болса жоғарыда келтірілген ел аузына тараған шумақтарды орын-орынына қойып оқып көрейікші.
    “Ұл(ұ)Ұш Алаш болғанда
    Ала тай ат болғанда
    Таңбасыз тай
    Енсіз қой болғанда
    Алаш хан болғанда – деп оқитын болсақ, бұл бес шумақ өлеңнің мазмұны ашылып шыға келеді, яғни Ұл(ұ) Ұштың – Ұл(ұ)Ұстың – Алаш атанып одан Алаштың хан болғандығы белгілі болады. Ұсты ұлылап ҰлыҰс атап пір тұту қазаққа жаңалық емес. Бұл үрдістің де сонау көне заманнан бастау алып үзіліссіз ұрпағымен жалғасын тауып келе жатқанын аңғару үшін біз Абайды – Ұлы Абай, Жамбылды – Ұлы Жамбыл, Мұхтарды – Ұлы Мұхтар, Шоқанды – Ұлы Шоқан, Мағжанды – Ұлы Мағжан деуімізді көлденең тартсақ та болады. Демек мұның да Алаштан бастау алғанына куә болғандаймыз. Алаш бабам өз елін Ұс, Ұлы Ұс еліміз деп атап қана қоймай, оны “оң қанат”, “орта”, “сол қанат” деп үшке бөліп билік жүргізген және үшеуін бірге “үш Ұс” (үч Ус-үч Уз) деп атаған. Қазақтың қазіргі “үш жүз” “үш жүздің баласымыз” деп жүргені осы. Асылы бұл сөз “үш Ұс” атауының сәл өзгеріске түскен түрі. Ал енді Алаштың “Ұс” елі неге үшке бөлініп үштік жүйемен басқарылды және неге бірін оң қанат, бірін орта, бірін сол қанат деп атаған. Мұның сырын ашу үшін біз алдымен Ұс, Ұлы Ұс дегеніміздің өзі не мағынаны білдіреді, соны айқындап алуымыз керек. Бұл турасында Әбілхан Әбіласан “Ұс, Ас, Аз – тәңірі құсы, бүркіт (гриф орел). “Ұс” (гриф) – тәңірі құсы деген мағынада. Махмұт Қашқари “Ұс” деген сөзді ертегілерде айтылатын басы бүркіт денесі арыстан бейнесіндегі құс (гриф) бүркіт мағынасында қолданған екен. Ұш үшкірсә өлүр -үш үшкірсе өлер (Қашқари). Ұс ес көріп йуксак қалық қолы чақар -гриф завидев падаль бросается с высока неба (Қашқари). А.Аманжолов осы мағынадағы сөзді (“Ас”) ертедегі қиял ғажайып құс (гриф) немесе бүркіт, ол көне династиялық әулеттің аты және түркілер табынған Көк тәңірінің бейнесі (кейіптану) деген қорытындыға келеді дейді. Демек “Ұс” дегеніміз тәңірі құсы, бүркіт екеніне көз жеткіздік. Олай болса Алаштың өз “Ұс” елін үшке бөліп билеп, бірін оң қанатым, бірін сол қанатым деуінің сыры осында жатыр. Адамдардың дене мүшесіне қарай оң қол, сол қол, болмаса оң көз, сол көз демей құсқа байланысты “қанат” сөзінің ел билеу мен әскер билеу тәсіліне енуінің астары енді ашыла түсті-ау деймін. Н.Мыңжан: “Шежіре дерегі бойынша қоңыраттар екі үлкен бірлестікке бөлінеді. Бұл екі бірлестікті әйгілі ғалым В.Радлов “Алты ата көктің ұлы, алты ата көктің құсы” – деп атаған деген дерек бар”-деп жазады. Иә, қазақтың «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп ер балаларын қыранға, қыз балаларын аққуға теңеуі мен «Ұлым ұяда, қызым қияда», «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай», «қанатының астына алды», «атқа қонды», «үйге қон», «қонып кет», «қанаты қатайды», «топшысы бекіді», «бақ құсым», «балапаным», «қанатым», – деп қана қоймай, мектеп бітіріп үлкен өмірге аяқ басқалы тұрған ұл-қыздарын, еліміздің «жас түлектері» деп сөз саптауы да кездейсоқ айтыла салған сөз емес екен, “Қыран түлегіне қайтпас қайсар сыйлайды” – дейді дана халқымыз. Олай болса “түлек” деп бүркіттің, яғни тәңірі құсы, қыранның балапанын ғана айтатынын еске алсақ та жеткілікті-ау деймін, тіпті келін түсіргеңде “аққуыңды аяла”, “құсың құтты болсын”, деп қыздарына “құс етек” көйлек кидіретін де осы біздің қазақ. Ол ол ма домбыра мен найзасына, тақия, бөрік, һәм тымақ пен сәукелеге үкі тағып дұлығасына қыран құстың қауырсынын тағып құстың кеуде жүні мен балақ жүніне ұқсатып ұрыс-соғысқа ыңғайлы етіп сауыт киетін де біздің батыр бабаларымыз. Тіпті хан көтергенде де ханды ақ кигізге (ақ кигіз биік шың басындағы қардың бейнесі С.С.) отырғызып ұлылап Ұлы Ұс (Ұлұғ Ұс/Ұлұ Құс), (Шыңғ Ұс/ Шың Құс) деп көктің құсы, биіктің құсы, тәңірі құсына балап “қыран аласаға қонбайды” – деген ниетпен биікке шығарып хан көтерген.
    “Күлтегін” сағанатасының маңдайшасында бүркіт бейнесінің бедерленгенін білеміз. Ал, Шыңғыс ханның (Шыңғ Ұс хан /Шың Құс С.С.) туында да қыран бейнесі, бейнеленген. Бұл ту наным – сенім бойынша, Шыңғысхан әулетінің желеп-жебеушісі, киелі белгісі болып есептелген. Рашид-ад-диннің куәлік етуіне қарағанда Шыңғыс ханның өсиеттерінің бірі былайша берілген екен: “Момын халықтың арасында жүргенде қошақандай момын бол, ал шайқасқа шыққанда аш бүркіттей шүйлік” деген екен.Жалпы біздің қырандар елі аталатынымызды көрші қытай елі жақсы білгенге ұқсайды. Оған “VIII ғасырдағы Қытай императорында түркі сарбаздарынан жасақталған армияның қолбасшысы, түркі тұқымынан шыққан Ань-лаушанды қытайдың ұлы ақыны Ду-ФУ “Ұлы қорғанның сыртындағы жорық” атты өлеңінде:

    “Қыран құсындай текті қырағы жанар жау қабақ
    Қанатын қомдап іздейді түзден тоятын.
    Томаға тартып жіберсең болды аспанды бүркеп шәу қанат
    Сорғалап төмен жауының көзін жоятын.
    Қанына сіңген өжеттік рухы оянып,
    Қолдайды оны алыста қалған аруақ
    Қаптаған құзғын қыпқызыл қанға боянып
    Тырнағын қайрар қауырсынға жанып-ап”1 – деп Төркі тұқымынан шыққан Ань-Лаушанды “қолдайды оны алыста қалған аруақ” дей отырып, шабыттана жырлап, қыран құсқа теңеуі тегін болмаса керек. Мен “ежелгі жунго жылнамаларында “Ус-ун” “Ус-ин” “Ас-са” “Ас-у” “Ас-о” деген аттардың кездесетінін әрі бұл атауларды “қазақ” атауының дыбыстық баламасы дегенді қолдайтын Жан Шиман, Хи Шиутау сынды қытай зерттеушілерінің пікірін мақұлдаймын.
    Көне төркілер қоғамын зерттеуші Ю.А.Зуев қытай дерек көздерімен зерттеушілерінің көрсетулеріне сүйеніп “647 жылы Батыс Төрк қағаны Таң императорына алтыннан құйылған қарғаның мүсінін сыйлыққа тартқанын айтса,” енді бірде «Ашына» атауы төңірегіне тоқталып бұл атаудың қытай дерегіндегі усундардың атауы екенін сөз ететіні бар”-меніңше бұл пікір негізсіз емес. “Ашина”атауының түбірін “Уш-ин”, “Аш-ин” яғни «Ұс», «Ас» сөзімен байланыстырып Ұс-ин, Ас-ин деп оқысақ Ашина атауының тәңірі құсы, бүркіт атауымен сабақтас екенін бірден аңғарамыз. Демек Ашина деп жүргеніміз Усундар яғни Ұс, Ас елі.Н.Мыңжан “Уи хандығы тарихының түсіндірмесінде: “Аса елінің тағы бір аты-Алан” деп жазған “Кейінгі хан патшалығы тарихы батыс өңірі шежіресінде: “Аса мемлекеті өзінің атын Алан бірлестігі деп өзгертті…” ежелгі замандағы хан патшалығы тарихы” қатарлы деректерде Алан мен Аса деген аттың қосарлана қолданылуы қазақтың шежірелерімен тарихи аңыздарында “Қазақ” пен “Алаш” атауының қосарлана қолданылуын еске түсіреді”3 – деп жазған.
    Меніңше дәл осы пікір шындыққа саяды. Аса мен Алан, Қазақ пен Алаш атауының дыбыстық баламасы. Алаш атауы тарихи шежірелерде Алаш, Алаша, Алынша Аланша түрлерінде кездесетінін ескеруіміз керек. Құрбанғали Халид Алашты Алын-ша деп, ал Рашиден мен Әбілғазының шежіре деректерінде Алашты Алан-ша деп жазған. Осыларды ескере отырып, біз Алан бірлестігін Қадырғали бише айтсақ Алаш мыңы (одағы) деп ұғыуымыз керек, ал Аса дегеніміз соңына “а” әріптік жалғауы қосылған Ұс, Ас атауының яғни “қазақ” атауының дыбыстық баламасы деп тұжырым жасауымызға негіз бар. Демек Жунго жылнамаларында кездесетін “Ус-ин” “Ус-ын” “Ас-а” “Ас-о” “Ас-у” деген аттардың “қазақ” атауының дыбыстық баламасы деген Жан Шиман, Хи Шиутау сынды зерттеушілердің пікірлерінің шындыққа айналғаны.
    Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы кітабінің авторлары Р.Сыздықова мен М.Қойгелдиев «Ұлыс тұлғасының шежіреде ең жиі кездесетін мағынасы “халық” автор түркі-моңғол халықтарын ұлұс деп атайды” деп ескертсе. Қ.Халид: “Ұлұс” сөзі моңғолша “тайпа”, жамағат: есе, үлес мағынасын береді. Мұны қазақтар бірлік, жиналу кейде: заң ереже орнына пайдаланады. Мысалы, “Елдің ұлтынан шығайын ба” дейді. Мұнда бірлік, жиналу мәні көрініп тұр, яғни жұрттың бірлігінен шығайын ба көптен айырылайын ба болмаса елдің ұлты солай деседі “Бұл елдің өткені солай болып келген” деген мағынада, мұнда ереже, әдет болып аударылып тұр” деп жазады. Демек “Ұлұс” сөзі қазақтар үшін бірігу, жиналу, ұлт болып ұйып, бірлесіп бас қосу. Бұдан аңғаратынымыз қазақтардың “Өз елімнің, ұлтымның атынан шығайын ба, ұлттығымнан, елдігімнен айырылайын ба” болмаса “Елім солай аталады, ұлтым солай, елімнің ғасырлар бойына аталып келгені солай еді”-дегеніне көз жеткіземіз.Кезінде Шоқан Уалиханов “Ұлыс” сөзі о баста белгілі бір территорияда құрылған тайпалар одағы” – деген болса.Абай атамыз “Сонымен бұлар өзін-өзі де өзге жұрттар да “қазақ” атап кетіпті. Бұрын өздерін “Ұлұс” дейді екен де жүре береді екен» – деп тарих қойнауына терең бойлап өзінше тұжырым жасаған. Сонымен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ біз ең біріншіден Ұлы Ұс (Ұлы құс) яғни Алаш ханның ұрпағымыз соның еліміз деп, хан елі ретінде өзімізді қыран құсқа балап, қыран бейнеленген ту көтеріп Ұлұ Ұс, үш Ұс, Ұсақ (Сақ) бертін Төрк Ұс (Түркеш) атанған «Құс» еліміз. Екіншіден қыстың ызғары кетіп, көктемнің келгенін паш етіп, бірінші болып ұшып келетін жыл басының жаршысы Ұс, Ұз демекші Ұсақ-Ұзақ яғни Ұзақ қарғаға балап Ұзақпыз-Ғұзақпыз десіп өзімізді «қарға тамырлы қазақпыз», «қарға тамырлы ел едік қашаннан-ақ» деп өскен «Құс» еліміз. Үшіншіден бейбітшілік, сұлулық, адалдықтың ару құсы, құстың төресі, аққу қазды киелі құс санап ару қыздарымыз бен асыл аналарымызды аққу қазға балап «қазақ» атанып жүрген «Құс» еліміз. Қалай түрлендіріп, қай жағынан алып қарасақ та біздің жер түгілі аспаннан «құс жолы» – деп жұлдыздар шоғырынан түнделете жол салған «Ұс – Құс» елі екеніміз анық. Демек біз Сайыпқырандар мен Аққулар елі яғни көк тәңіріне сиынып тәңірінен басқаға бас имеген тәңірі текті, тәңірі болмысты көк төркілерміз. «Құс» төрдің символы, демек біз көк тәңірі, яғни аспан символы болған құсты ұлттық тотеміміз – киетегіміз етіп өскен тәңірі текті, тәңірі болмысты түз түлегіміз. Атақты ғалым, көне төркі тілінің маманы Алтай Аманжоловтың «Ұс», «Ас», «Аз» – қиялғажайып құс, тәңірі құсы, бүркіт, ол-көне династиялық әулеттің аты және түркілер табынған көк тәңірінің бейнесі (кейіптану) – дегені шығар күндей шындық екенін мойындауымыз керек.
    Тіл – тарих кілті демекші,біз осылайша Алаш пен Қазақ һәм Ұлұс, (Ұлы Ұс), үш жүз (үш Ұс) атауларының шын мәнінде бір-бірінің баламасы яғни синонимі екеніне көз жеткіземіз.

    Шетінен өр қайтпас қайсар ерім бар,
    Ұлан байтақ шетсіз-шексіз жерім бар.
    Алаш бабам Ұлы Ұс, үш Ұс атаған,
    Тәңірі құсы, қыран текті елім бар.

    Ұлғ Ұс – Оғұз һәм Алаш
    Түріктен өрбіген елді тоғыз дейді
    Тартатын күй аспабын қобыз дейді
    Башқұрт пен қазақ ноғай қарақалпақ
    Төртеуін шежірешілер оғыз дейді

    “Ататек” – деп дастан жазған Қожаберген жырау (1663ж).
    ’’Қазақтың түп атасы Оғыз- Түрік
    Құт қонған ұйтқы болып орнап бірлік”- дейді. Осы Оғыз елі, Оғұзхан немесе Ғұздар дегеніміз кімдер? Қ.Халид «Тауарих хамса» кітабында Хун тайпасын «Усул» тарихта «Хуз» деп жазған, арабтар «Ғұз», түркілер- «Оғұз» дейді деп атап өтеді. Ал Е.Смағұлов “Под сенью храма штрихи к историческому портрету Туркестана” деген мақаласында “…Таким древним культовым центром объединеия огузских племен и было видимо поселение Ясы”- дей келіп “Возможно что Ясы-это остатки поселения того племени асиев (асианов) которые упоминается еще античными авторами (Страбон, Птоломей, Помпей Торг) среди племени сокрушавших во II в до н.э. греко бактрийскую державу. Во всяком случае появление и происхождение этого названия и народа с которым он связан (асии) на средней Сырдарье представляют из себя трудно разрсшимую загадку. Поэтому поводу различными учеными высказано множество догадок. Известный лингвист А.С.Аманжолов в свое время предположил что “Ас” есть название, древнего династийского рода и божества неба. Может быть такая этимология дает ключ к пониманию истоков местного культа?1 деп жазған болса, О. Сүлейменов “Слово вовлеченное русскую граматическую эволюцию переразложилось торки так называют летописи кочевое племя самоназванием которого было – узы. Вероятно одно из Огузских племен в источниках принят написание этнонима – “огуз” “оуз” “уз”2- деп жазған. Бізге төркі жұртының бірнеше диалектіде сөйлегендігі мәлім. Осынау көшпелі төркілердің тілінде тәңірі құсы, бүркіт мағынасындағы көне династиялық әулеттің аты “Ұс” “Ас” “Ұз” “Аз” немесе “Хас” “Қас” “Қаз” “Ғұз” түрлерінде айтылғанын есте ұстағанымыз жөн. Әйгілі Махмұт Қашқаридың “Біздің ата – бабаларымыз – бектер, “хәмір” дейді. Өйткені оғыздар әмір деп айта алмайды”1 дегені бар. Осы ретте төркі жұртының бір бөлігі өздеріне тән диалектіде ақты-хақ, Ақназарды-Хақназар, Асанды-Хасан, Қасан, Ұсманды-Ғұсман, Құсман, Айдарды- Ғайдар, Қайдар, Абдолланы- Ғабдолла, Алиханды- Ғалихан, Әкімді-Хакім, деп жазатыны сияқты “X”, “Ғ”, “Қ” әрпінің қосарлануы арқылы Ұзды-Ғұз деп, әрі осы атауларды ұлылап Ұлы Ұз, һәм Ұлы Ғұз деп жазу үшін Ұз, Ғұз сөздерінің алдында парсы немесе төркі тілі диалектикасының біріне тән “О” “У” әріпі жалғанып “Оуз” «Ууз» “Оғуз” делініп жазылған. Парсы, өзбек тілдерінде “О” “У”- ол, ул деген мағынада қолданылады. Біз өзіміз де қазіргі кезге дейін “ол не”, “ол не дегенің”, “ол не қылғаның” “ол кім екен”, “ол не қылған адам” дегенді “о не”, “о не дегенің”, “о не қылғаның”, “о кім екен, о не қылған адам” деп айта береміз. Демек, “О+уз” “У+уз” “О+ғуз” деп жүргеніміз Улус, Ұлұс яғни Ұлұ Ұс елі, ал Ууз хан, Оғуз хан деп жүргеніміз Ұлұ Ұс ( Ұлұ Ұш ) хан яғни Алаш хан деген тұжырым жасауымызға әбден болады. Жалпы «Ұс» атауының «Ғұз» түрінде түрленіп тарихта орын алуына алдыңғы «Оғ» һәм «Улғ» сөзі әсер еткен. Улғ Уз / Ул (ғ)+Уз. Оғ Уз / О(ғ)+Уз. Осылайша «ғ» әріпі «с» әріпінің «з»-ға өзгеруіне өз әсерін тигізбей қоймаған. Біздін Аллахты – Алла дейтініміз сияақты табақ – таба, тірк – тірі, сарғ –сары, төрк – төрө, бөрк – бөрү, Ұлғ – Ұлұ (Ұлұ Ұс түрленген түрі Ұлұс). Екі “ұ” әріпі қатар келгендіктен біреуінің естілмей түсіп қалуы заңды құбылыс.

    Ұс – Ұз – Ғұз

    Ұл(ұ) Ұс – У ус / О уз – О ғұз

    Ұлұ Ұс хан – Ууз хан – Оғұз хан демек Алаш хан
    С.П. Толстов: «Оғыздардың тайпалық одағы Оксқа дейінгі заманда басқа жақтан көшіп келген тайпалар емес, одақ аты да, өзен аты да ертеден бері жалпыға ортақ тотем атынан, жергілікті ел тілінен туған сөз. Ендеше Орта Азия оғыздарын ерте замандарда сол жерді мекен тұтқан сақ тайпаларының заңды мұрагері (ұрпағы) деп қарау керек. Оғыз тотемінің аты ертедегі сақтар ортасында да болуға тиіс»1 – деп жазса. Е.Шаймерденов “Рашид-ад-диннің куәлік етуіне қарағанда Оғұз хан Ұлыс үлестіргенде ұшы-қиыры жоқ киелі кең дала тиген үшінші ұлына елтаңба ретінде қанатты қыран бейнесін ұсынған екен”2 – деп жазады. Қарап отырсақ бәрі тәңірі құсы, бүркіт, көктің құсы қыранға келіп тіреледі. Осының бәрін жай ғана сәйкестік деп қарауға болмайды. Бұнда тарихи шындық бар. “Оғұзнамада” Оғұз ханның алты баласы болғаны айтылса бұл қазақ арасындағы “алты Алаштың баласымыз”, “алты Арыстың баласымыз” деп келетін сөздерін еріксіз еске түсіреді. Осының бәрін ескере отырып Оғұз бен Алаштың бір адам екені яғни бір хан жайында айтылып тұрғаны күдік тудырмаса керек деймін, әрі екеуі де бір ауыздан төркі халықтарының басын біріктіруші өз алдына ел етуші болып халық арасында ауыздан – ауызға аңыз боп таралған. Демек Ұлы Абайша “Ұлұспыз”, Қадырғали бише “Алашпыз”, әйгілі Махмұтша “Оғұзбыз”-деп жүргеніміздің барлығы да біртұтас төркі халқының негізгі билеуші тайпасының аты.

    Тұран елі – Қыран елі киелі
    Ертеде Түркістанды Тұран дескен
    Тұранда Ер Түрігім туып өскен
    Тұранның тағдыры бар толқымалы
    Басыннан көп тамаша күндер кешкен
    Мағжан
    Бүгінгі таңда төркі тарихын Қытай тарихына сүйеніп алынған 545 жылмен шектеп қарайтындар саны белең алып тұрғаны жасырын емес, егер біз мұндай пікірден арылмайтын болсақ, онда төркі халықтарының 545 жылға дейінгі мыңдаған жылдық тарихына балта шапқанымыз. Өз басым Төрк атауын Төранмен/Туранмен сабақтастыра қарауды жөн санаймын. Өйткені Төрансыз төркілер тарихын елестету мүмкін емес, әрі Төрансыз төркілер тарихы бір жүйеге түспесі хақ. Менің пайымдауымша Төрк сөзі әу баста табиғатпен үндес өмір сүруді мұрат еткен, сол табиғаттың төл баласына айналып өзіндік тұрмыс тіршілігін қалыптастырған көшпелілердің наным-сенімі мен дүние танымынан туындаған жинақтаушы атау сөз.
    Бұл араптарды, орыстарды, қытайларды олардың наным-сеніміне қарай (христиандар, исламдар, пұттар) атайтынымыз сияқты шығар күнді қастер тұтып, көк тәңіріне бас іиіп «көктен жаным-жерден тәнім», «аспан ата-жер ана» деп өскен көшпелілерге ғана тиесілі атау. Біздің қазіргі таңдағы айтып жүрген «төрк/турк» сөзінің негізі яғни түбірі «Төр» һәм «Тур» сөзі. Бұл сөз әу баста жоғарыны, биікті білдірген әрі тәңірі, көк тәңірі яғни түпкі жаратушы (Ұлы Төр – Улуғ Турк) сипатында айтылған деген қортындыға келемін. Осы бір көне сөздің қазақ арасында әлі де жаңғырығы сақталып қалғанын аңғару қиын емес. Мысалы қазақ үйіне келген қонағына «жоғары шығыңыз, жоғарылатыңыз» деп қана қоймай «төрлетіңіз, төрге шығыңыз» дейді әрі бастан жоғарғы жақты «Төр» санайды. Бұдан «Төр» сөзінің жоғарыны, жоғарғы жақ көкті меңзеп айтатынын аңғаруға болады. Төркі халықтарының ішінде осы бір «Төр» «Тур» сөзінің дәл осы мағынаны білдіретін жаңғырығын қазақпен бірге шуаштар да (чуваштар) сақтап қалған екен. Мұрад Аджи: «қыпшақтар «тәнірі» немесе «тенгир», буряттар «тэнгри», маңғолдар «тенгир», чуваштар «тура» деп атайды. Айтылуы сәл пәл өзгеше болғаны мен барлық халықтар үшін оның мағынасы біреу ғана «рух» нақты нұсқап көрсетуге келмейтін еркек текті тәңіри бастау» деп жазған. Демек чуваштардың көкті, аспанды яғни тәңірді «тура» деп атауы қазақ тілінде түбірі сақталған «төр» сөзі екені дау тудырмаса керек.
    Бұлай болған жағдайда «Тур», «Туры», «Тура», «Туран» һәм «Турк», сөздері қазақ тіліндегі «Төр», «Төре», «Төрк», атаулары деп қабылдағанымыз орынды. Бұл тәңірі болмысты, тәңірі текті, көкке сыйынған көк тәңірінің ұландары көшпелілерге ғана таңылған ерекше қастерлі атау. М.Қашқари: «…Тәңір оларды төркілер деп атап асқан сән салтанатқа ие қылды» деп төркілерге тәңірдің өзі арнайы ат қойғанын айтады. Иә, аспанның – көк аспан, тәңірдің – көк тәңірі деп аталатыны сияқты төрктің – көк төрк деп аталуы, біздің төр/тур, төре/тура һәм төрк/турк атауын еншілеген тәңірі текті көктің ұландары екеніміздің айқын дәлелі. Күн нұрынан жаралып, көк тәңірінің қолдауымен, қаракөктің қайсар ұлдарының басын қосқан көшпелілердің даңқты қолбасшысы Қиат руынан шыққан Ұлы хан Шыңғысханның (Шынғ Ұс / Шың Құс биіктің, көктің құсы мағынасында) “Төре” тұқымы аталуы, Шыңғысханның шын мәнінде таза “Төрк”екенінің бұлтартпас айғағы деп білуіміз керек.
    Шыңғысханның : «Құлаш бойымнан тұтамы қалса да,
    Сен аман бол, Төре елім!
    Тұла бойымнан қайратым кетсе де,
    Сен аман бол, Ұлысым!» – деп тебіренуі тегін емес.
    Бұл жерде ол маңғолым яғни мыңқолым деп әскери одағының қамын емес,жалпы көшпелі Төркі жұртының яғни Ұлы Ұс елінің қамын ойлап тұрғаны бірден аңғарылады.
    Қожаберген жырау (1663 ж.) «Қазақтың түп атасы Оғыз-Түрік
    Құт қонған ұйтқы болып орнап бірлік» – деп жырласа.
    Қазақ тарихын терең зерттеген әрі оны өлеңмен жазған Шәкәрім атамыз: «Қазақтың түп атасы» деген өлеңінде:«Болады арап жұрты Самның ұлы
    Біледі шежіренің бәрі мұны
    Түріктің шын аты екен Нәдұлұше
    Түрік деп неге атанды тыңда соны» дей келіп, «Түрік деп хан көтерген патша қылып» деп Нәдұлұшеге Түрік деген атақ, титул беріп хан көтергені хақында айтады. Осы «Түрік» атанған Нәдұлұше кім? Дұрысы Нәдұлұш. (Бұл біздің арагідік Алашты кейде Алаша деп «а» әріпін қосып айтатынымыз сияқты Нәдұлұшке Нәдұлұше делініп соңына «е» әріпі қосарланып айтылып тұр.) Яғни «Ұлы Ұс» һәм «Ұлұ Ұш» деген екі компоненттен тұратын атаудағы алдынғы «Ұлы» сөзі, келесі Ұс, Ұш сөздеріне қосылып Ұлұс, Ұлұш болып танылғандықтан да осынау «Ұлұш» сөзін ұлылау үшін төркі жұртының бір бөлігі «Ұлы» сөзінің синонимі «Нәд» сөзін қолданып «Нәд Ұлұш» атауын өмірге әкелген деген тоқтамға келемін. Алыс Мажарстандағы қыпшақ қандастарымыз әлі күнге дейін осы «Нәд» сөзін қолданып «Ұлы Шеркеш» дегенді «Надьчеркеш», «Ұлы Құмандық» дегенді «Надькүншақ» деп атайды екен. Олай болса Надұлұш деп отырғанымыз Ұлы Ұлұш яғни кәдімгі Ұлұ Ұш – Ұлы Ұс атауы екені күмән тудырмас деймін. Осы арада біз Ұлы Ұс, Нәдұлұш, Оғұз, Алаш атауларының егіз ұғымдар екеніне тағы бір мәрте көз жеткіземіз және барлығы дерлік бір ауыздан төркі халықтарының басын біріктіруші, әрі оларды өз алдына ел етуші алғашқы хан ретінде танылып тек төркі тілі диолектілеріне орай әртүрлі аталғанын аңғарамыз. Айтпақшы Нәдұлұштың «Төрк/Турк» атағын иеленуі дегеніміз сөз жоқ Ұлы Ұс – Алаш яғни Қазақтың – Төрк титулын иеленгенін паш етеді.
    Оны «Қазақ түрік емес, қазақсыз түрік емес» деген ежелгі мәтел айғақтап беріп тұр. Бұл мәтелдің айтпағы мынау: Тәңірі құсы, Ұлы Ұс (құс) жоғарының, төрдің, көктің (көк пен күн бір ұғым) аспанның символы. Тек қана символы. Демек тәңірі құсы, Ұлы Ұс (құс) – нақтылы тәңір немесе аспан емес яғни қазақ (Ұлы Ұс) – төрк емес деген сөз. Бірақ, сол тәңірдің, көктің, аспанның символы тәңірі құсы Ұлы Ұсты (құсты) ұлттық киетек (тотем) етуіміздің арқасында біз жоғарының төрдің, көктің ұланы төрк – көк төрк атанып отырмыз яғни қазақсыз (Ұлы Ұссыз) – төрк емес деуіміздің сыры осында. Міне осылайша бізге Нәдұлұштың – Ұлы Ұстың «ТӨРК» атағын иеленгені анықтала түседі.
    Аталған сөйтіп Түрк Нәдұлұше
    Ол кезде жылдар өтті мыңдап неше
    Түріктен шыққан талай сайып қыран
    Жер жүзі тітіренген түрік десе – дейді Шәкәрім.
    Жалпы құс культінің өзі тәңірге, көкке табынудың белгісі екенін жоғарыда айтқанбыз. Дегенмен де Б. Қайырбековтің «Беркут – птица счастья» деген мақаласында: «Казахи чтут орла, как вестника Весны, ведь он прилетает одним из первых, в конце марта. В прежние времена в честь прилета орла устраивали той… Вестник весны, как и сама весна почитался как Возродитель, творец природы. Именно поэтому орел – солнечное божество, связанное с древнейшим культом плодородия»1 – деп жазғанын айта кеткім келіп отыр. Қысқасы ұлы даланың еркіндік сүйгіш сайыпқыран ұландары, табиғатпен үндес өмір сүруді үйлестіріп қана қоймай, өздеріне тән тұрмыс-тіршілік пен наным-сенімді де қалыптастырды. Сөйтіп әу баста көктің символы құсты киетек-тотем етіп қана қоймай, әуезді аспаптары қобыз бен домбырасын аққу мен қазға ұқсатып, үстілеріне киген сауыт киімдерін құстың кеуде жүні мен балақ жүніне ұқсатып, тақия, тымақ, сәукелесіне үкі тағып, құс етек көйлек киіп, аң – жануарларды бейнелегенде оларға қанат бітіріп қанатты барыс, қанатты бұғы, қанатты ат, қанатты киік түрінде суреттеген. Бұның бәрі де көшпелі төркілердің тәңірі текті, көктің ұландары екендіктерінің сөзсіз айғағы. Келе-келе олар таңғажайып далалық архитектура киіз үйді кіші әлем сипатында толықтай етіп жетілдірді. Сөйтіп қысы – жазы өздерімен бірге алып жүретін жылы ұясы-киіз үйдің төбесіне шуағын шашқан күн яғни шаңырақты қондырды. Бұл тәңірі болмысты, тәңірі текті төркілердің түпкі тегін айқындаушы ең басты да ең негізгі ТҮП ТЕКТІЛІК ЕЛ ТАҢБАСЫ еді. Әрбір төрктің «Шаңыраққа қара!» – деп сес көрсете, өктем сөйлейтіні де содан. Қаракөктің ұландары әрқашанда «Қара шаңырақ» – деп үлкен үйдің, түтінін түтетіп шырағын сөндірмеуге тырысқан. «Отан от басынан басталады» – дейтін халқымыз «Шырағың сөнбесін» – деп бата берген. ШЫРАҚ – ОТ / ОТ– КҮН / КҮН– ШАҢЫРАҚ. Бабалардан мирас болған ұлы дала, ұлан байтақ Еуразия кеңістігі, төркілердің алтын ұя, ақ бесігі, бізге қалған қасиетті де киелі ҚАРА ШАҢЫРАҚ.
    «Көп түрік енші алысып тарасқанда
    Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па? – деуіміз де содан.
    Бүгін де дербес ел ретінде төріне ойуы өрілген, қыраны қалықтаған, шуағын шашқан, көк тәңірлі көк ту көтеріп «ер қанаты – ат» демекші қанатты пырақ пен түп тектілікті айқындаушы елдік таңба ШАҢЫРАҚТЫ елтаңба етіп береке бірлігіміз жарасқан әлем мойындаған бірегей ел болып отырмыз.

    «Жұдырықтай жүрегіммен мықшия
    Бас орнына күн көтеріп келем мен» – дейтін Тыныштықбек ақынның енді бірде
    «…Таңыра боп Шаңыра боп тұр Есің.
    «Таңыра» да, «Шаңырақ» та – бір Есім.
    Ал, ала ғой, сыйға тарттым мен саған
    Ақ бүркітті – Алғырлықтың Киесін!…» – деуі тегін емес.
    Күн – Шаңырақ – Аспан – Құс (шаңырақ күннің, құс көктің символы – көк пен күн бір ұғым). Ғалым А.Аманжоловтың «Ұс» «Ас» «Аз» – қиял ғажайып құс, тәңірі құсы, бүркіт ол – көне династиялық әулеттің аты және түркілер табынған көк тәңіріның бейнесі – деуі аса көргендікпен айтылған ақиқат сөз.
    Шетінен өр қайтпас қайсар ерім бар,
    Ұлан байтақ шетсіз шексіз жерім бар.
    Алаш бабам Ұлұ Ұс, үш Ұс атаған,
    Тәңірі құсы қыран текті елім бар.

    Ұс еліміз, Ұлы Ұспыз көк төрінен жаралған,
    Сол себептен тегімізге “Төркі” аты таңылған.
    Көк Төркілер, көшпелілер жер жаһанды ен жайлап,
    Күллі әлемге Туран, Иш гуз , Сақ , Қазақ боп танылған. Самат Сыпатайұлы

Пікірлерге тыйым салынады.