Қазақ әртүрлі мәдениет пен өркениеттің жетегінде кетпей ме?

  • 05.11.2013
  • 3237 рет оқылды
  • 1

Сейілбек Мұсатаев,
саяси ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ саясаттану кафедрасының профессоры

Сөз басы
Қазіргі қоғамдық ой-пікірде көп көтерілетін мәселелердің қатарында мәдениет пен өркениет ұғымдары ерекше орын алады. Кейде бұл екі ұғымды бірін-бірі алмастырушы синоним ретінде қолданушылар да табылып жатады. Өркениетті мемлекет, өркениетті қоғам, мәдени қоғам сияқты толып жатқан тіркестерді кездестіреміз. Әрбір адам өзін мәдениеттімін деп санап, өркениетті елдің өкілімін деп бағалайды. Алайда, осы ұғымдардың түп төркіні мен мән-мағынасы туралы ойлана бермейді. Көп айтылғанымен, аз талданатын осы мәселе қолымызға қалам алуға себепкер болып отыр. Әңгімені мәдениет ұғымының сөз төркінінен бастар болсақ, бұл қазақ тіліне арабшадан енген кірме сөз болып табылады. Арабша «маданият» – қала, қалалық деген мағына береді. Ал, біз білетін орыс тіліндегі «культура» сөзі болса, өз кезегінде орысшаға латыншадан енген кірме сөз. Мәдениет (латынша  «cultura» – жер өңдеу, кейінірек – тәрбиелеу, білім беру, дамыту, өнеге тұту) – адами іс-әре­кеттің түрлі салаларында кеңінен қолданылатын, мағынасы жан-жақты ұғым болып табылады. Сәйкесінше, бұл ұғым қоғамдық ғылымдардың барлығына ортақ мәселе. Мәдениет материалдық және рухани құндылықтарды қамтуына қарай жіктеле отырып, адамзаттың ғасырлар бойы қалыптастырған әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрінің, мінез-құлқы мен өмір салтының, құндылықтарының, ғылым-білімінің, қол өнері мен сәулет өнерінің жиынтығын білдіретін құбылыс болып табылады. Мәдениеттің латын тіліндегі екінші бір мағынасы culter – пышақ, кескіш, қашау, шектеуші. Адамдар мәдениеттің ауқымында тәлім-тәрбиеге, мораль мен заңдарға сүйене отырып, жекелеген адамдардың мінез-құлқын, жүріс-тұрысын түзеуді жолға қойып, сол арқылы мәдениет қоғам үшін жағымсыз әрекеттерді шектеудің өзіндік жүйесіне де айналған.


Жалпы, мәдениет мәселесі адамзатты ежелгі заманнан бастап толғандырған. Ежелгі мәдениет үлгілері өзінің әсемдігімен, күрделілігімен, асқан шеберлікпен орындалуымен таңқалдырады. Мысалы, әлемнің жеті кереметін алайық. Оның ішінде бір ғана ежелгі египеттік пирамидалардың құпия сырлары ғылым мен технология барынша дамыған қазіргі заманның өзінде ашылмай отыр. Антикалық Римнің Цицерондай шешені мәдениетті рухани құбылыс қатарына жатқызып, философияны «жанның мәдениеті» деп, философты рухы мен ой-санасы мәдениетті адам деген екен. Ал, мәдениет ұғымының дербес қалыптасуына неміс ойшылдары ықпал етті. И.Г. Гердер мәдениет терминін ғылыми айналысқа алғаш ендіруші болды. Ол мәдениет сөзінің төркіні латынша «жер өңдеу» екенін негізге ала отырып, қара жерді дұрыстап өңдеп, егін салып, еңбек етсең жемісін үйіп-төгіп беретіні сияқты, қарапайым адамды дұрыс бағытта тәрбиелесе, онда ол адамгершілігі мол, білімді де білікті, жан-жақты адамға айналатынын көрсетеді. Яғни, мәдениетті адам болу үшін жаман әдеттен арылып, жақсы қасиеттерді бойға жинап, әжептеуір тер төгіп еңбектену қажет. С. Пуфендорф болса, мәдениет ұғымы арқылы қоғамда тәрбиеленген «жасанды адамды» бейнелеп, оны білімсіз «табиғи адамнан» ерекшелеп көрсеткен. Бұл идеяларды одан әрі дамытқан И. Кант мәдениеттің сыртқы «қабығын», яғни, «техникалық» түрін өркениет деп атаған. Ол өркениеттің қарқынды дамуын, мәдениетті артқа тастап, одан озып кетуін қауіпті үрдіс ретінде қарастырады. Ұлттық салт-дәстүрдің ұмытылуы, имандылықтың құлдырауымен ерек­шеленетін өркениеттің мәдениеттен озық жүруі адамзатқа көп жамандықтар әкелетінін көрсеткен. Орыс жеріне мәдениет ұғымы ХІХ ғ. енді. 1804 жылы жарық көрген Н.М. Яновскийдің «Алфавит бойынша орналасқан жаңа сөз түсіндіруші» сөздігінде мәдениет сөзі болмаған екен. 1837 жылы шыққан И. Ренофанцтың «Орысша кітаптарды, газеттер мен журналдарды оқуды ұнататындарға арналған қалта кітапшасы» атты жинақта «мәдениет» сөзі алғаш рет орысша берілген.
Жалпы, мәдениет ұғымы адамзаттың тұрмыс-тіршілігімен тығыз байланысты болғандықтан, бұл мәселені зерттеуге үлес қоспаған ғалымды кездестіру қиын. Тіптен, мәдениетті зерттейтін арнайы ғылым саласы – мәдениеттану да бар. Сондықтан да, әлемдік қоғамдық-саяси ойда мәдениет туралы неше-түрлі теориялар қалыптасқан. Мәдениеттің күрделі құбылыс екендігін орыстың белгілі ақын-жазушысы А. Белый «Мәдениет мәселесі» атты мақаласында былайша көрсеткен екен: «Понятие «культура» отличается необыкновенной сложностью; легче определить понятие «наука», «искусство», «быт»; культура – цельность, органическое соединение многих сторон человеческой деятельности; проблемы культуры в собственном смысле возникают уже тогда, когда сорганизованы: быт, искусство, наука, личность и общество; культура есть стиль жизни, и в этом стиле она есть творчество самой жизни, но не бессознательное, а – осознанное; культура определяется ростом человеческого самосознания; она есть рассказ о росте нашего «Я»; она – индивидуальна и универсальна одновременно; она предполагает пересечение индивидуума и универса; пересечение это есть наше «Я»; единственно данная нам интуиция; культура всегда есть культура какого-то «Я»». Яғни, мәдениет деген көп қырлы ұғым, сан салалы күрделі құбылыс. Мәдениет адамзат қоғамының сапалық көрсеткіші, рухани жан-дүниесі, мінезі мен қабілеті іспетті.

Мәдениетсіз ұлт жоқ
Қандай да бір ұлтты өзгелерден айшық­тайтын белгілердің қатарында мәдениеттің алатын орны ерекше. Яғни, мәдениет ұлттың қадыр-қасиетін айқындайтын құндылығы, мәдениетсіз ұлт жоқ екендігі дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Мәдениетін жо­ғалт­қан ұлттың өзі де жойылмақ. Сол үшін әрбір ұлт өзінің біртуар мәдениетін сақтау үшін күреседі. Мәдениетін сақтап қалу үшін ұлтқа күшті «иммунитет» қажет, яғни, рухани ерік-жігермен қатар, сау-саламаттық, әлеуметтік-экономикалық күш-қуат, демографиялық өсім керек. Шетелдерде, өзге ұлттың ішінде өмір сүруге мәжбүр болған шағын ұлттық топтар анклавтар құрып, тығыз ұйымдасып, белгілі бір аймақтарға шоғырланып тіршілік етуінің сыры осында.
Осылайша, бүкіл қоғам үшін де, сол сияқты, белгілі бір ұлттық мемлекет үшін де мәдениеттің маңызы аса зор. Оның атқаратын негізгі қызметтері: біріншіден, мәдениеттің бейімдеушілік қызметі – адамдардың түрлі табиғи және қоғамдық ортаның ыңғайына қарай бейімделуіне мүмкіндік береді. Қазір жер шарының түпкір-түпкірінде сан-алуан ұлттар мен ұлыстар түрлі географиялық, климаттық белдеулер мен саяси, әлеуметтік, экономикалық құрылыс жағдайларына бейімделіп, тұрмыс-тіршілік етуде. Әр ұлттың мәдениеті өзгелерден ерекше болуына мәдени бейімделе білу тікелей әсер еткен. Екіншіден, мәдениет ұрпақтар арасындағы сабақтастықты жүзеге асырады. Яғни, алдыңғы ұрпақтың қалыптастырған мәдени мұрасын, яғни, ұлттың тектік қорын айқындайтын құнды ақпаратты (тіл, діл, дін) жинақтап, жүйелеп, сақтап, келер ұрпаққа жеткізуші. Мәдениеттің бұл қызметі ұлттың сапалық қадыр-қасиетін айқындайды. Үшіншіден, мәдениет адамдардың бойында белгілі бір құндылықтар жүйесін қалыптастырып, мәдени қажеттіліктер мен бағыт-бағдарды анықтайды. Мәдени құндылықтарды бойына сіңіре отырып, әрбір адам өмірлік маңызы бар мәселелерден қарапайым нәрселерді ажыратып, оң-солын таниды. Төртіншіден, мәдениет адамдардың өзін-өзі айқындауына мүмкіндік береді, сол арқылы адамдар қауымы өзара жіктеліп, өздерінің белгілі бір мәдениет түріне жататындығын айқындайды, өзге мәдениет өкілдерінен ерекшеліктерін сезінеді. Бесіншіден, мәдениет қалыпқа салу­шылық (нормативтік) қызмет те атқарады. Мораль мен құқыққа сүйене отырып, қоғамдық өмірдің түрлі салаларын, сонымен қатар, адамдардың мінез-құлқы мен іс-әрекетін реттейді. Алтыншы – мәде­ниет­тің коммуникациялық қызметі адам­дар арасындағы қарым-қатынас жасаумен байланысты. Осының нәтижесінде мәдени құндылықтармен алмасу, мәдени ықпалдасу мен үнқатысу жүзеге асады. Жалпыадамзаттық мәдени кеңістік қалыптасуына негіз болады.
Өз кезегінде мәдениет ұғымы өркениет ұғымымен астасып жатыр. Тіпті, кейде бұл екі ұғымды егіз деп санап, синоним ұғым ретінде қолданушылар да кездеседі. Ондай ғалымдар тарихы ежелгі мыңжылдықтардан бастау алатын елдердің мәдениеті дами келе өркениеттік сипат алатынын айтады. Мысалы, Қытай жай ғана ел емес, ол ерекше мәдениет әрі өзіндік өркениет саналады. Мұндай елдің мәдениеті берік, өркениеті де бірегей. Ал, кейбір зерттеушілер мәдениет пен өркениетті бір-біріне қарама-қарсы қояды. Мысалы, О. Шпенглер мәдениеттен өркениетке өту антикалық дәуірдегі ІV ғасырда басталғанын, ал, Батыс Еуропада ХІХ ғасырдан бастап жүргенін, өркениетке өту мәдениеттің түбіне жететін қауіпті процесс деп көрсеткен. Мәдениет халықтың ішкі жан-дүниесі іспетті. Мәдениет бейне бір тірі ағза сияқты, туу мен өлудің аралығында өмір сүріп, дамудың үш сатысынан өтеді: біріншісі, мәдениеттің жастық жағы, яғни, қалыптасу кезеңі; екіншісі, мәдениеттің толысқан шағы, шығармашылықтың, рухани-материалдық құндылықтардың қарқынды даму шағы; үшіншісі, мәдениеттің құлдырау кезеңінде діни наным-сенім шайқалып, имансыздық күшейеді, жалған философиялық ілімдер басым болады, өнер тоқырап, рухани өмір азып-тозады. Мәдениет өркениетке өтуге бейімделе бастайды. Осылайша, О. Шпенглер бойынша, өлген мәдениет өркениетке айналады, ол Батыс Еуропа мәдениетін тап осындай, өркениетке айналған, өлген мәдениеттің түрі деп көрсеткен.
С. Хантингтон өркениетті жан жақты зерттеп, оның қасиеттерін ашуға тырысты. Ол өркениеттің бірнеше елдердің қосындысынан тұратынын және негізгі айқындаушы белгілеріне мәдениет, тіл, дін жататынын көрсетеді. Осылайша, өркениеттің 8 түрін жіктеп көрсетіп, географиялық жағынан көршілес өркениеттердің арасында қақтығыстар туындайтынын дәлелдеуге тырысқан.
Мәдениетті зерттеуші Н.К. Рерих те «мәдениет-өркениет» мәселесімен арнайы айналысып, екеуінің ара-жігін ашуға тырысқан: ол мәдениет пен өркениетті синоним деп түсінудің қате екендігін дәлелдейді, мәдениет тарихы терең әрі рухани мән-маңызы зор ұғым, ал, өркениет латынның «civilis» азаматтық, мемлекеттік деген мағына беретін сөзінен туындаған, адамзат өмірін ортақ қоғамдық құрылысқа бейімдеу ұғымы деп көрсеткен. Яғни, мәдениет ұлттардың өзіндік ерекшеліктерін айшықтап көрсетсе, өркениет жалпыға ортақ өмір-салтын қалыптастырады. Қазіргі әлем елдері өздерінің бай ұлттық мәдениеттері бола тұра, негізінен батыстық өркениеттің құндылықтарын басшылыққа ала отырып өмір сүруде.
Орыс ойшылы Н. Бердяев та мәдениетті жоятын қауіпті құбылысқа өркениетті жатқызған. Жоғарғы рухани мәдениет иман-ынсапты, аристократиялы және сапалы, ол дүниеқоңыздық пен нәпсіден, «рахат өмір кешу» сияқты кемшіліктерден таза. Ал, өркениет пендешілік пен санға негізделген, «фәни өмірде барша байлық пен мансапқа қол жеткізіп, барлық қызықты көріп, барынша ішіп-жеу керек» деген жал­ған өмірге көзсіз құштарлықпен ерек­шеленеді. Өркениет жаңа өмір салтын қалыптастырады. Адамдар ашкөздік пен қанағатсыздыққа ұрынып, бір-бірімен бақталастырады, ар-ұяттан ада бола бас­тайды. Бірақ, өркениет ауқымында мұның бәрі қалыпты жағдай сияқты көрінеді. Н. Бердяев өркениет туындататын осындай соқыр сезімдер мәдениеттің түбіне жетеді деп көрсеткен. Ал, А. Тойнби болса, өзіндік ерекшеліктері бар түрлі мәдениеттердің ортақ өркениетке бірігуіне ықпал ететін факторларды қарастырған. Ондай факторлардың маңдай алдысы – экономикалық бірегейлену (унификация). Экономикалық бірегейлену батыстық экономикалық ілімге негізделген әлемдік экономика ұғымын туындатты. Одан кейінгі фактор – саяси бірегейлену. Бұл барлық елдерге ортақ мемлекеттік белгілердің қалыптасуы (ел халқы, шекара, армия, экономика, территория, астана, саяси билік т.б.), саяси институттардың бірегейленуі (президент, парламент, партия т.б.). А. Тойнби де әлемдік экономика мен саясаттың, сәйкесінше, әлемдік өркениеттің де батыстық үлгіде қалыптасқанын, вестернизация үрдісінің басымдығын көрсетеді. Әдетте, қай елде болмасын ауылдық жерлер ұлттық мәдениеттің ошағы, ал, қалалар өркениеттің бесігі саналады. Урбанизация процесінің қарқынды жүруі ұлттық мәдениеттің үлес салмағын кемітіп, өркениеттің етек жаюына игі ықпал етпек. Батыстағы урбанизация объективті қажеттілік ретінде жүйелі жүрді. Қазақстанда болса, ауылдық жерлердегі жұмыссыздықтың әсерінен болатын мәжбүрлі болатын, стихиялы, бей-берекет урбанизация әлі жалғасуда. Бұл мәдениетке де, өрке­ниетке де жағымсыз ықпал ететін қа­терлі процесс.
Жалпы, адамзатқа ортақ өркениеттік белгілердің туындауы мәдениетке өзіндік ықпал етті. Бұл туралы зерттеген Х. Ортеги-и-Гассет «Бұқараның көтерілісі» атты еңбегінде ертедегі элиталық азшылық мәдениеттің туындатушысы әрі негізгі тұтынушылары болса, кейінірек бұқара халықтың жаппай хат танып, сауаттылыққа қол жеткізуі мәдениетті бұқаралық деңгейге жеткізгенін айтады. Элиталық мәдениет сапаға негізделеді, мәдениетті жасаушы ғұламалар әмбебап ойлайтын, энциклопедиялық білімі бар жеке тұлғалар. Ал, бұқаралық мәдениет санға негізделген, оның өкілдері мәдениетті азшылықтың жасаған туындыларын ешбір ойланбастан тұтынатын, өздерін «мәдениеттіміз» деп санайтын тобыр қауым. Сондықтан, сауатты адамның бәрін мәдениетті деп айта алмаймыз, сауаттылық тек өркениетті өмір сүру үшін қажет сапалардың бірі ғана. Х. Ортеги-и-Гассеттің бұл тұжырымы еріксіз ойға салады. Өркениетті адам болу оңай болғанымен, мәдениетті адам болудың қиындығын, ауыр жауапкершілік жүктейтін адамгершілік қасиет әрі міндет екенін сезінесің. Кейінірек «бұқаралық мәдениет» деген ұғым шықты. Бұқаралық мәдениет – халықтың басым бөлігінің тұрмыс-тіршілігіне, күнделікті күйбең тіршіліктің ырғағына бейімделген, қарапайым, әмбебап, тез игерілетін құбылыс. «Бұқаралық мәдениет» арнайы ұғым ретінде ХХ ғ. орта шенінде М. Хоркхаймер мен Д.Макдональд деген ғалымдардың теледидарды сынаған еңбектерінде алғаш қолданылды. Басқа да қоғамтанушылар бұқаралық мәдениетті нағыз мәдениетті жоятын дерт ретінде бағалап, ол еліктеу арқылы тез қарқынмен таралатын жұқпалы аурумен теңестірілген. Қазір арзанқол батыстық бұқаралық мәдениеттің айдарынан жел есіп, бүкіл әлемді жайпап тұр.
Жоғарыда келтірілген түрлі ғалымдардың тұжырымдарына сүйенсек, мәдениетсіз ұлт жоқ. Әр ұлттың өзіне тән ұлттық мәдениеті болуы заңдылық, ол ұлттың жан-дүниесі, рухы іспетті. Сонымен бір мезгілде, мәдениет ұлттың қолымен жасалған жасампаз туындылардың бәрін қамтиды. Мәдениет қоршаған ортамен гармонияда дамиды, табиғатпен қайшылыққа түспеуге тырысады. Өркениет болса, керісінше, ғылым мен техниканың көмегіне сүйеніп, табиғатты бағындыруға, қиратып жоюға құмар. Кезінде О. Сүлейменов жырлағандай, табиғатты адамға сиындырып, бағынышты ету өркениеттің қол жеткізген «жетістігі» болып табылады. Сан ғасырлар сақталған табиғи тепе-теңдікті адамзат бір ғана ХХ ғасырдың өзінде ғылыми-техникалық прогрестің көмегіне сүйеніп, қолынан келгенше бұзып бақты, қоршаған ортаға адами техногендік әсер ету қазір де қатты қарқынмен жалғасуда. Нәтижесі белгілі – адамзат ғаламдық ауқымдағы экологиялық проблемалардың зардабына душар болып отыр.
Кезінде орыс шовинистері қазақтарды мәдениеттен жұрдай бұратана халық болған деп көрсетуі ақылға симайтын, арамза тұжырым еді. Сол арқылы қазақ ұлтын өткен тарихынан айнытып, ұлттық мәдениетінен жерітіп, орыстық һәм батыстық үлгідегі мәдениетке бас идіру жүзеге асты. Осылайша, қазақ ұлты жан-дүниесінің қалай азып тозғанын, ұлттық рухы мен ар-намысының қожырағанын білмей қалды. Ал, шын мәнісінде қазақ ұлтының тарихи тамыры терең, мәдениеті бай екенін ежелгі дереккөздер мен бүгінгі археологиялық зерттеулер дәлелдеуде. Қазақтардың қоғамдық құрылысы мен өмір-салты да дербес болған. Көшпелі дала мәдениетінің басты ерекшелігі – оның табиғатпен гармониялық үйлесімді өмір сүруі. Ата-бабаларымыз географиялық және климаттық ерекшеліктерге бейімделе отырып, тұрмыс-тіршілігін жасап, шаруашылығын жүргізген. Алайда, мұның барлығы тарихтың еншісінде қалды, бүгінгі қазақ қоғамы әлемдік өркениеттің құндылықтарын басшылыққа алып, соның жетегінде өмір кешуде. «Абай жолында» суреттелген қазақы тұрмыс-тіршілік әсте жоқ. Наурыз мейрамы сияқты мерекелерде ғана ұлттық киімдеріміз киіліп, дәм-тағамдарымыз әзірленіп, киіз үйлеріміз тігіліп, ұлттық ойындарымыз ойналып, ат шабылып қалады. Басқа кезде болса, көшеден Амантай қажыдан басқа ұлттық киім киген адамды кездестірмейсіз. Ұлттық ою-өрнектермен әшекейленген, алтынмен апталып, күміспен күптелген, тері мен жүннен өрілген бұйымдарды мұражайлар мен кәде-сый (сувенир) сататын дүңгіршек дүкендерден көретін болдық. Балаларымыз ұлттық ойындар бар екенін білмей, компьютерлік виртуалды ойындар әлемінде жүр. Ұлттық ертегілерді диснейлік мультфильмдер алмастырды. «Әу демейтін қазақ жоқ» дейтін тойшыл қазақ қазір той-томалаққа әнші-бишіні ақша төлеп шақырып, тамашалайтын көрерменге айналған. Заманауи қазақты «мәдениетті қазақ» деуден гөрі, «өркениетті қазақ» деп атаған ақиқатқа жақын келетін сияқты. Иә, біз бүгінде батыстық өркениет пен бұқаралық мәдениетті ұстанған «еуропаланған» қазақпыз. Бұл ойландырарлық мәселе… Аманатқа қиянат жоқ деген аталы сөз бар. Келер ұрпаққа біз қандай мәдени мұра қалдырамыз, ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрді қандай күйде жалғастырамыз деп ойланатын кез келді.

Кросс- және мульти- мәдениет пен өркениеттің ұлтқа ықпалы
Қазақстанның күрделі геосаяси ерекшелігі оның мәдени хал-ахуалына өзінің ықпалын тигізіп, кросс-мәдениетті (cross – қиылысу, кесіп өту, араласу) туындатты. Кросс-мәдени ықпалмен қазақтардың өзі бір мезгілде бірнеше түрлі мәдениет пен өркениеттің өкіліне айналды: шығыстық, түркілік, мұсылмандық, қазақы т.б. Көрші жатқан мәдениет ошақтары да әсерін тигізіп бағуда. Әсіресе, тарихи-саяси жағдаймен орыстың мәдениеті қатты ықпал етіп, еліктегіш қазақ біршама орыстанды. Оған қоса, Еуропа мен Азияның, Батыс пен Шығыстың арасында орын тепкен қазақ жерінде түрлі мәдениеттер, діндер, ұлттар мен ұлыстар тоғысты. Осындай тарихи-мәдени факторлардың әсерінен Қазақстан мультикультурализм (multi – көп түрлі, сан алуан) саясатын барынша ұстануда. Бұл тұрғыда бір айта кетерлік жәйт бар: кезінде мультикультурализм идеясын ұстанған Еуропа елдері соңғы жылдары оған сын көзбен қарайтындай жағдайға душар болды. А. Меркель, Д. Кэмерон, Н. Саркози сияқты Еуропаның белді саясаткерлерінің өз елдерінде жүргізілген мультикультурализм саясатының сәтсіз болғанын, мигранттар мен ұлттық азшылықтар жайлап алған Еуропа елдерінде титулды ұлттың хал-ахуалы мен мәдениеті күйзеліске ұшырағанын айтып дабыл қаққандары бұған дәлел. Мультикультурализмнің «есіктен кіріп, төр менікі» дейтін қаупі бар. Соған қарамастан, Қазақстан мемлекеті ел халқының құрамындағы этникалық азшылықтардың мәдени әр-алуандылығы сақталуына конституциялық құқық беріп қана қоймай, іс жүзінде институционалдық тетіктер арқылы барынша қолдау жасауда. Мысалы, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы, оның ауқымында түрлі ұлттық-мәдени орталықтардың қызмет етуі, басқа тілдерде БАҚ таралуы, мектептер мен өнер ошақтары болуы т.б. Мұның барлығы адам құқығын қорғау тұрғысынан алсақ, әрине, құптауға да, мақтауға да тұрарлық. Дегенмен, көпұлтты елміз деп қанша мақтансақ та, біз Қазақстанның ұлттық мемлекет екенін, ондағы негізгі мемлекет құрушы ұлт – қазақ ұлты екенін әлі ашық түрде батыл айта алмайтын сияқтымыз. Титулды ұлт ұғымын ХІХ ғасырдың соңында алғаш рет ғылыми айналысқа енгізген француз ғалымы Морис Баррес кез келген ұлттық мемлекеттің күшті болуы үшін екі шарт қажет деп көрсеткен: бірінші, ел ішіндегі азшылық диаспоралар титулды ұлтқа лоялды болып, оның басымдығын мойындап, салт-дәстүрін сыйлап, мәдени ерекшеліктерін құрметтеп, түсіністікпен қарауы тиіс; екінші, титулды ұлт шетелдерде жүрген өзінің қандас бауырларын қорғап, жан-жақты қолдау жасап отыруы тиіс. Осы тұста ойландырар түйткілді мәселелер баршылық. Еліміздегі қазақтар басым тұратын ауыл-аймақтың әл-ауқаты төмен, мәдениет ошақтары қожыраған. Тұрмыс тауқыметі кешегі өр мінезді сақ, үйсін, ғұн ұрпақтарының жігерін құм етіп бітті. Енді 12-жылдық мектепке көшуді желеу еткен шенеуніктер мектептегі қазақ тілі сабақтарының саға­тын қысқартамыз деп отыр. Болмыс сананы айқындайтыны ақиқат. Өз отанында тұрып жатқан қазақтардың титулды ұлт ретінде жағдайы оңбай тұрғанда, шетелдегі қазақтарды қорғау мәселесі қайдан оңсын… Шетелдерде шашырап жүрген үш миллионнан астам қазақ диаспораларына төл мәдениетін сақтауға жағдай жасалуы, қазақ мектептерінің болуы сияқты көп мәселелердің шешімі табылмай тұр. Алысқа бармай-ақ, солтүстіктегі көршіміз, кедендік одақтасымыз Ресейде миллионға тақау қазақ тұрса да, олардың қазақ тілінде білім алуы қиын. Ресей қазақтарының федералдық ұлттық-мәдени автономиясының президенті Тоқтарбай Дүйсенбаев Азаттық радиосына берген сұхбатында Ресейде дербес қазақ мектебі жоқ екенін айтты. Тіптен, қазақ мектебі былай тұрсын, амал жоқтан орыс мектебіне баратын қазақ балаларына «Қазақ тілі» пәні толық оқытылмай, қысқартылған факультативтік сабақ жүреді екен. Бір жарым миллиондай қазақ тұратын көрші Қытайда да қазақ мектептері біртіндеп жабылуда… Жоғарыда айтылғандарды түйіндер болсақ, титулды ұлттың құқықтық мәртебесін заңмен бекіту ұлттық мемлекет үшін аса маңызды шаралардың бірі. Сонымен қатар, бұл титулды ұлтты қорғаудың заңдастырылған тетігі болып табылады. Өйткені, тәуелсіздік алып, ұлттық мәдениетімізді жандандыруға күш салып, тіптен, «Мәдени мұра» сияқты мемлекеттік бағдарлама қабылдап, жүзеге асыруға тырысқанымызбен, әлемдік өркениеттің алып иірімі елімізді өзінің тұңғиығына батырып, тереңіне тартып барады. Бұл әлемдік ауқымдағы үрдіс екенін мойындаймыз, барлық елдер мен халықтар заманауи ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктеріне негізделетін бірегей әлемдік өркениетке ұйысып, өмір сүруге машықтанды. Қазіргі әлемде өркениет көшінен қалу мешеулікті, тоқырау мен артта қалуды білдіретіні рас. Әлемдік даму үрдісінде жаңа критерийлер туындап, өркениет жетістіктерін алғаш пайдаланушы елдер дамыған деп есептелетін болды, адамдардың өмір сапасын анықтау да осыған ұқсас. Әлемдік экономика мен саясат та глобализацияға ұшырады, яки, жаһандану (ғаламдану) процесі үдемелі жүріп жатыр. Бұқаралық мәдениет қарқынды дамып, батыстық өмір салты сәнге айналды, ұлттық мәдениеттер оның тасасында қалуда. Ащы болғанымен, бүгінгі өмірдің шынайылығы осындай. Осындай шынайылық жағдайында қазақ ұлты өзінің мәдениетін сақтап, одан әрі дамытып, өзіндік ұлттық болмысын сақтап қала ала ма деген сұрақ туындайды. Жоқ әлде, кезінде О. Шпенглер айтқандай, ұлттық мәдениетіміз өліп, Қазақ елі өркениетке өту сатысына көшті ме? Елімізді жайлаған жемқорлық пен қылмыстың өршуі, имансыздық пен арсыздықтың белең алуы, табиғи тепе-теңдікті бұзу өркениетке өтудің балалық аурулары ма екен? «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы», «Ынсап сайын береке» дейтін рухы биік, ері ел үшін қорған болатын, елі ер үшін тұра білетін намысқой нағыз қазақтар неге азайып кетті? Еліміздің ертеңі қандай болмақ?

Сөз соңы
Толыққанды мәдени адам болу үшін тек сауатты болып, хат тану өте аздық етеді. Сол сауаттылықты пайдаланып, адамзаттың қол жеткізген мәдени құндылықтарын барынша бойға сіңіргенде ғана нағыз мәдениетті адам қалыптаспақ. Мәдениеттің өзі рухани және материалдық болып екі үлкен салаға бөлінеді де, әр саланың ішінен саяси, діни, құқықтық, экономикалық т.б. мәдениетпен қатар, сәулет, қолөнер, музыка, этика, баспа, сызба сияқты толып жатқан сан тармақты мәдениет түрлері шығады. Әрине, мұның барлығын бірдей кешенді меңгеретін әмбебаптық қасиет барлық адамға бірдей берілмеген. Бірақ, өзін қоғам мүшесімін деп санайтын әрбір азамат жалпы мәдениеттің негізгі қағидаларын меңгеріп, оларды ұлттық мәдениет үлгілерімен үйлестіре отырып ұстануға тырысуы қажет-ақ. Сонда ғана нағыз мәдениетті елге айналып, құқыққа негізделетін өркениетті қоғам орната аламыз. Мәдениетті адам болуды әрбір жеке тұлға өзінен бастап, өзін-өзі және айналасындағыларды сыйлау, ұлттық салт-дәстүрлерді қастерлеу, иманды болу, қоғамдық тәртіпті сақтау, заңға жүгіну, өнерді меңгеру, білім мен тәрбиені қатар алу сияқты қарапайым ғана қағидаларды басшылыққа алып өмір сүрсе, қазіргі қоғамдық қатынастардың бет-бейнесі түбегейлі болмаса да, жақсылыққа қарай едәуір өзгерер еді. Өркениетті болу қиын емес, өркениет өзі-ақ адамды бейімдеп алады, ал, мәдениетті болу оңай емес. Бірақ мәдениетсіз қол жеткізген өркениет орға жығады, адамгершіліктен жұрдай етіп, ұлттық болмысымыздан айырады. Сол үшін, Қазақстан сияқты ұлттық мемлекетте титулды ұлт – қазақтардың мемлекеттің өзегін құрушы ұлт ретінде атқаратын ауыр миссиясы бар. Яғни, мәдениетті ұлт болу үшін оның төрт қабырғасы тең болуы қажет. Бұл өзегі (жұлыны, діңі) үзілген тірі ағзаның тіршілігі үзілетіні сияқты нәзік мәселе. Қазақстандағы титулды төл ұлт – қазақтар мемлекеттің өзегі болғандықтан, оның тілі, мәдениеті, хал-ахуалы, мәртебесі мен мерейі қалай болғанда да үстем болуы шарт. Өркениеттің көшіне соқыр ілесетін, ұлттық мәдениеті өлген ұлттық мемлекет – мәңкүрт һәм мешел мемлекет болмақ. «Жаман айтпай жақсы жоқ» демекші, осындай ауыр зардапқа ұрынбаудың қамын барынша жасауға тиіспіз.

 

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Өте өзекті мәселе қарастырылған екен. Апырай, болашағымыз қалай болар екен? Халық күнкөрістің қамымен жүр, жоғары жақтағылар жеке бастарын күйттеумен айналысуда… Ел-жұрт мәңкүрттеніп барады, шенеуніктер жалмауыз жемқор шетінен. Не сұмдық бұл? Қалай ел боламыз? Мәдениет, ұят, ар, намыс, обал, сауап, иман деген ұғымдарды ұмытып барамыз… Ел болмай ыдырап, ұлт болмай құлдырап кетпейікші. Ойланайық, ағайындар! Қазақ шынында кімнің жетегінде кетпек осылай жалғаса берсе?

Пікірлерге тыйым салынады.