НӘЗІР мен Сәкен неге келісе алмады?

  • 05.11.2013
  • 1978 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Сейфулина1Назгүл Сапиянова,
Сәкен Сейфуллин мұражайының қызметкері

 

Кіріспе

«Астана ақшамы» газетінің (12 ақпан 2013) № 18 санында ЕҰУ «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры Амантай Шәріптің «Темірқазық» журналының жарық көргеніне – 90 жыл» атты мақаласы жарық көрді. Редакторы Нәзір Төреқұлұлының еңбегін сөз еткені құптарлық. Бірақ, негізгі еңбектері атаусыз қалып, оның орнына қазақтың Сәкенін сынаған тұсына қаламының бояуын қалың жаққан. Орысша-қазақшаға бірдей жорға Сәкенге тілмаш керек емес, керісінше тілмаш Нәзір Төреқұловқа керек: «Орынборда комиссар болып, Қазақ республикасына нұрын шашам деген – ойын сөз». «…Біздің қазақ республикасына кеңсе түзу, жергілікті халыққа жақындастыру дегенді кім ойлап отыр. Мен ойлаймын: Сейфуллин жолдастай он мың «Асау тұлпар» жазып, «пролетариат ақыны» болып, даңқын көтерген үлкен санасыз коммунис­тен екі-үш үйезде жақсы, арзан, епті кеңсе құрып берген жабайы, даңқсыз коммунист анағұрлым артық», – деп те жібереді». Бұл иран-парсы тілдерінің білгірі, оқыған интеллигенттің жазу стиліне ұқсай ма? Көзкөргендердің бәрі Нәзір қазақша білмейді дейді. Сан сырлы, алуан қырлы сөздер көмбесінен, яғни, қойыртпақ аудармадан не түсіндіңіз? Дұрысында қазақ тіліне жетік тілмаш кімге керек екен? Автор: «Бірінші кезекте «Кітаптағы 68 өлеңнің төрттен бірі әйелге арналған деп, Сәкеннің «Маржан», «Надежда, Үміт, Үмилә», «Жазғы кеште» секілді лирикалық өлеңдерін түкке тұрғысыз етеді», – деп жазады». Бар ғұмырын махаббат лирикасына арнаған ақын-жазушылар да бар. Мәселен, Мағжанның өлеңінің 90 пайызы, Жұбан Молдағалиевтің поэзиясының дені «махаббат», оны сезімі селт етпейтіндер ғана түсінбейтін шығар. Сол үшін сөгесіз бе? Шындығында жинаққа енгені осы өлеңдер (Мақала авторы «жинақтың тең жартысы» деп қойыпты). Оның өзінде Сәкен Сейфуллин «Маржан» өлеңінде саны бәленінші байдың тоқалы немесе күңі емес, азаттық алған жұмысшы, кәсіпкер қыз бейнесін сомдаған. «Тоқымашылар», «Фабрикада» өлеңдері қазақ қыздарының өндіріске жұмысқа кірулерін жаңа заман ағымында сипаттайды. Қыз-қырқынға үйір қылып көрсету – халыққа жеккөрінішті етіп, сол арқылы халық көңілін суыту Сәкенге соқтыққыштардың «қармағы».


«Әйел азат болмай – ел азат болмайды» Сәкеннің сүйікті сөзі. Әдебиеттегі түрен жол: әйел – еңбекші. Әйел-ана бақытын еңбектен табуы әйел – қоғам қайраткері. Талантты қазақ қыздарының «Сара Есоваға, Шолпан Иманбаеваға т.б. бәрін шаттана жырға қосты. Сәкеннің «ұлы махаббатын» халқы түсінеді. Себебі, Сәкен қазақ қыздарының бақытын бірінші орынға қояды. Бірінші шығарған қаулысы (1917) – қазақ қыздарының азаттығы «Қалың малды» жою. Оның халқына деген шексіз сүйіспеншілігі – «Қазағым» деп ауызбен үрген желбуаз шар секілділердей емес. Сәкеннің орыс отарлаушыларының кигізген «киргиз» қамытын сыпырып, «қазақ» атауын қайтарғанын екінің бірі біле бермейді. «1923 жылда, кеңес хүкіметінің алтыншы жыл дәуірінде халықты бұлай ағартуға болмайды», – деп алыстан сын сәлемдемесін жолдап дуэльге шақырғанын Сәкен пысқырмай: «кеңселер құрып («Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу», Қазақ мемлекеттік жеке архив кеңсесі, сот кеңсесі т.т. құжат жүзінде) қыруар істер атқарып жатты. «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл» деп декретті тап осы жылы (1923) шығарды және қазақ тілі мемлекеттік тіл болмаса «Қазақстанның болашағы бұлыңғыр» деп қазіргі бастан кешіп жатқан жайды қаншама өткір мақаласында жазды. 1923 жылы Қазақтың 2 мың кадрын шұғыл түрде дайындады. Сәкенді мемлекет тарапынан қорғау қажеттігі туындап отыр. Жас қазақ мемлекетін (1917 жылы құрған ұйымының аты да «Жас қазақ») аяғынан тік тұрғызған Сәкенді қоғамдық пікір туғызып, еш дәлелсіз қаралап жатқан М. Мағауин, Т. Жұртбай сияқтыларды қалай түсінеміз?
Сәкеннің қалқаны – шығарған қаулы-қарарлары, қорғаны – жолында шыбын жанын қиған туған қазақ халқы. Автор Нәзір Төреқұлұлының Ахмет Байтұрсыновқа шымшып тиіскен «Әдет, әдет емес жөн әдет» мақаласына, Тұрар Рысқұловқа қарсы Түркістан республикасын тарату жөніндегі пікірлерін, Қазақтың бірінші құрылтайына қатыспайтындығын Қоқан автономиясын құратындығын жариялаған мақалаларын неге қатар алып қарастырмайды. Нәзір Қоқанда жатып (1920-1921) Сәкеннің Ақмолада ұйымдастырған «Қызыл керуен», тұңғыш қазақ қалашықтарына, ондағы мектеп, ұстахана, кооператив дүкендері, медпункттері, сауат ашу курстарын ашқан кеңсе-мекемелеріне; Мәскеуде жатып Орын­бордағы Сәкеннің үкімет басқарғанына қар­сылығын қазақ тілмаштары арқылы газет-журнал беттерінде қарсы саяси мақалалар жариялап, іш қыжылын жеткізеді. Нәзірдің ауызбен «қазақ» дегені, «жүрегімен «өзбек» дегені. Өйткені, «топырағына түспеген дән өнбейді» демекші кіндік қаны тамған (өзбек) жеріне алаңдайды. Дерек көзі:1917 жылы Қазақтың тұңғыш құрылтайына өкіл ретінде қатыспайтынын, Қоқан автономиясын құратындығын мәлімдеп, «Қазақ» газетіне «Ашық хат» жазған. Бірбеткей Нәзір солай істеді де. Бұл жөнінде «Ферғана мәселесі» атты өзбекше, орысша еңбегі жарық көрген. Отаны алдындағы парызын Тұрар Рысқұловпен бәсекелесе жүріп, Түркістан республикасын таратып, астанасы Ташкентті өзбектерге сыйлаумен өтеді. Шығыс халықтарының жарық жұлдыздарының бірі Төреқұлұлы Нәзірдің ерен еңбегі меніңше латын алфавитіне көшу туралы полемикалық мақалалары. Бұл жерде Ахмет Байтұрсыновтың «латыншаға көшуді еріккеннің ермегі деп түсінген» пікіріне кереғар келеді, әйтсе де, ғылыми негізге сүйенген ірі жоба. Сол пікірін қазір көтеріп жатқан актуальды мәселе «латын графикасы» тұрғысынан қозғаса нұр үстіне нұр болар еді. Қазір етек алып кеткен «саяси күндестік» ұрығын ұрпақ санасына егудің еш қажеті жоқ. Ақиқат бәрінен қымбат, сол себепті «құжат жүзінде» диалог құрып «көкірегі ояу» қазіргі оқырмандарға ұсындым.


«Қазақ әдебиетіндегі орынды
һәм орынсыз сындар…»

Төреқұлов Нәзір 1892 жылы Қоқандағы Байбұтта мақаласында қазақ отбасында дүниеге келген. Әкесі Төреқұл – қазақ халқының арасынан шыққан алғашқы заңгерлердің бірі. Алғашқы білімді Ферғанада бастауыш мұсылман мектебінен алады. Үш жылдан кейін орыс-тузем училищесіне түседі. Сегіз кластық коммерциялық училищені бітіреді. 1913 жылы Мәскеудегі коммерциялық институтқа түседі. 1916 жылың 25 маусымында ақ патшаның жарлығы шығып, Орта Азия мен Қазақстанның жастарын соғыстың қара жұмысына ала бастаған тұста 3 курс студенті Нәзір оқуын тас­тап, Минск маңындағы қорғаныс шебін салып жүрген жұмысшылардың ортасына өз еркімен келіп қосылады. Күнбатыс майданындағы 1917 жылы 5 ақпанда Земскі және қала одақтары жанынан бұратаналар бөлімін ашады. Бөлім бастығы Ә. Бөкейханов студент Нәзірді қуана қарсы алады. Нұсқаушылық қызмет атқарады. Нәзір бастаған бір топ шоғыр жұлдыздай оқыған қазақ жастарының «Еркін дала» ұйымын құрудағы мақсаты – шығыс халықтарының ұлт-азаттық қозғалысына көмектесу. Халқымыздың көзін ашу, мәдениет жолында ілгері бастыру. Соғыс майданына барып жұмыс істеп қайтқан жігіттердің мұқтаждарына һәм олардың бала-шағаларына жәрдем беруді көздеген. Н. Төреқұлұлының «Ашық хат» (Қазақ, 1917. № 244, 5 октябрь) мақаласында «Жалпы қазақ сиезі» мен құрылтай жиналысына өкіл болудан бас тартқан. Қоқан республикасын құратындығын жариялаған. Ақпан төңкерісінен кейін Түркістан өлкесіндегі жаңа үкіметтің ірге тасын қаласты. Ферғана облыстық революциялық комитетінің орынбасары әрі хатшылық міндетін атқарды. Ферғана ревкомының төрағасы қызметіне жоғарлатылды. Басмашылар дүмпуін басты. «Ферғана мәселесі» туралы өзбек тілінде, орыс тілінде еңбек жазды. Тұрар Рысқұлов 1919 жылы Түркістан АССР-ның орталығы – Ташкентке баспа-редакциялық қызметке шақырады. ТҮРАтком төрағасы Тұрар Рысқұловтың жолбасшылығымен Мәскеуге барып, Ленинге жолыққан. Тұрар Рысқұлов Мәскеуге қызмет бабымен ауысқанда, орнына Нәзір Төреқұлұлын қалдырады. Кейін Нәзір Тұрар Рысқұлов құрған Түркістан автономиялы республикасын тарату сықылды қарсы пікір көтеруі екеуінің тіл табыспауына әкеп тіреді. Түркістан Компартиясы Уақытша Орталық комитетінің саяси бюросының жауапты хатшылық қызметін 1920-1922 жылға дейін атқарады. Орнына Сұлтанбек Қожановты қалдырады. Мәскеуде Шығыс халықтарының кіндік баспасын басқарған Нәзір Төреқұлұлы (1922-1928) түркі тілдес халықтардың, оның ішінде өз халқының шынайы тарихын, мәдениетін, әдебиетін жарыққа шығаруға зор еңбек сіңірді. Түркі тілдес халықтардың жазу-сызуын латын алфавитіне көшіру жөніндегі Орталық комиссиясының мүшесі, 1929-1936 жылдары Геджаста, Сауд Арабиясында КСРО-ның төтенше және өкілетті елшісі болып қызмет атқарған. Қоғамдық қызметін қаламгерлік жұмыспен тығыз бірлікте жүргізеді. Баспагер, журналист Н. Төреқұлов публицистикалық бірнеше еңбектер жазды. Әдебиетші, сыншы, лингвист ғалым. Н. Төреқұлұлы («Жаңа әліп-би неге керек». Мәскеу. 1924, 4-бет): «Сәкен партияның тұтқан жолынан хабарсыз надандығынан «Азияны» жырлайды. Мағжан болса феодализм қараңғылығы көзін басып, соқырлығынан «Алтайды жырлайды», – деп, екеуіне қосарлап тиседі. «Әдет, әдет емес жөн әдет» мақаласы болса А. Байтұрсыновпен латын графикасына қатысты айтысқа құрылған. 1937 жылы атылған репрессия құрбандарының бірі.
Нәзір Төреқұлов Сәкен Сейфуллиннің «жеке сыншысы» деген тарихи атпен танымал. 1922 жылы Орынборда шыққан «Асау тұлпар» өлеңдер жинағын сынауымен полемика жанрының көшбасы болды. Сыни пікір талқысы, оның абырой-беделінің деңгейін не шарықтатты, не төмендетті, оқып көрелік: «Асау тұлпар» шынында «асау» екен, бірақ, «асау» болғанда білімсіз асау екен!» деп шу дегеннен шүйлігеді. «Айт күні» деген өлеңін: «Сабаз исламды білмейді. Өзің білмеген, нанбаған нәрсеңді жұртқа үлестіруден не пайда? Ермек үшін барды-жоқты шатқаннан кімге пайда? «Орыс ойына келгенін қылады» дегендей, Сәкен де ойына келгенді жазады». Сәкен жауабы: «Нәзірдің мені мінеген сынында бір-ақ дұрыс жері бар. Ол менің 1914 жылы айт күнін өлең қылып жазып, оны «Асау тұлпарға» кіргізгенім. Нәзір мені «исламды білмейді һәм бостандықтың қай күні құшағын ашқанын білмейді» дейді. Рас, менің исламды Нәзірдей білмейтінім рас шығар. Нәзір исламның «бесігінде» туған адам ғой…». Ия, Сәкен осылай ақталады, алайда зерделеп қарасаңыз өлеңде ислам қағидалары, діни шариғат айтылмайды, сол себепті теолог ғалымға жүгінудің қажеті де жоқ. Бұл – қазақ ауылдарының тойлайтын қос мейрамының бірі «Айт күні» жөнінде жазған өлеңі. Елін сағынған Омбы семинариясының оқушысы Сәкен ауылдың кәрі-жасының «айттау рәсімін» суреттейді және көз алдыға сол көріністі әкеледі. Сәкен жауабы: «Нәзір менің «Жас қазақ марсельезасы», «Кел жігіттер», «Жұмыскерлерге», «Иван мен Мырзабекке» деген өлеңдерімді жамандайды. Бұларға ешбір дәлел айтпай, құр әйтеуір «жаман» дейді. Мұндай өлеңдермен кісі революция ақыны болмайды…» дейді. Төрешілігін айтсақ, «Жас қазақ марсельезасы» – жаңадан құрылған Қазақ республикасының тұңғыш әнұраны. Сәкен әуен-саз таба алмағандықтан емес, Эжен Потьенің әнін қалдырудағы мақсаты қазақ жастарын Француз республикасындай азаттық алуға шақырады және білген адамға «гимн» тарихтағы өз міндетін абыройлы атқарды да. Сәкеннің 1922 жылы июньнің 10-ында Орынборда жазылған «Азия» өлеңіне тоқталған Нәзір сыны: «Айтамын ғой, революция өз жөнімен кетіп барады да, Сәкен өз жолымен айдап барады. Бұрылып та қарамайды. Бұл өлеңін жазғанда сабазың не мақсаты бар екен. Антисемитизмге қарсы жазайын деген болса, ниеті жақсы, бірақ, пайдасы жоқ, өйткені, қазақ арасында мұндай нәрсенің жоқтығы бәрімізге белгілі. Европаны жақсы жолға бастайын деген болса, Европаға қазақша жазудан пайда шамалы. Шамалы «ақыннан» шамалы пайда. Орынборда Сәкен деген бір қазақ ақыны осындай бір пікір «шығарыпты десе, сол күні-ақ Сәкенді Орынбордан алып келіп, бір музейге кіргізіп қояр еді. Мұндай «қызық» кісіні музейден басқа жерге қойып та болмайды! Сөздің қысқасы, мұндай білімсіздіктен өлең жазып әуре болып жүрудің өзі ұят. Сәкеннің өз ақылымен жазғандары түкке жарамайды. Не десек те байғұс Сәкен өзінен шығарып бір ұнамды, пікірлі өлең айта алмаған. «Қазақ марсельезасы», «Жұмыскерлерге» деген өлеңдері – бәрі Сәкеннің пайдасына жүрмейді. Бір жақтан парнография жазған, бір жақтан Азия мен Европаны айыра алмай, басындағы ботқасын жұртқа үлестіріп берген, бір жақтан өзінен шығарып жазуға тура келгенде білімсіздігін «интернационализм» қылып көрсеткен кісіні революционер ақын деп айта алмаймыз. Революционер ақын басынан аяғына дейін бір түсте, қалыпта болады… Сөздің қорытындысында, ешнәрсеге жарамаған 69 өлең хақында мұнша ұзын критиканың өте қажеті жоқ та шығар. Сонда да, ұзын критика жазуға мынау пікірлер себеп болды. Бірінші: қазақ республикасы кітапқа кедей жұрт. Мұндай уақытта қазақ оқушысының қолына мұндай кітапты ұстату үлкен қате. Мұндай кітап беру – жұртты кітаптан бездіру деген болады. Екінші: әдебиет – көптің малы. Аяқпай-Таяқпайдың малы бола алмайды. Бұл себептен әдебиет үйіне кіретіндер әр уақыт «қатты тергеуден» өтуі тиіс. Сәкеннің «Асау тұлпары» болса оқыған кісіге ауыр пікірлер береді. Қазақ халқы әдебиетінің енді аяққа тұрайын деген уақытында мұндай «кітаптың» Қазақ республикасының астанасында шығуы қайырлы емес. Кәзірден қылынатын жұмыс мынау: жас өспірім жігіттерімізге шын революция тәрбиесі берілуіне зиян тимесін деп жастар ұйымы бұл кітапты жастарға оқытпасқа тиіс. Кісі өзінің кім екендігін, дүниеге қалай қарау керектігін білмесе, тұрмысқа жарамайды, революцияны түсінбейді. «Асау тұлпарды» оқыған кісі өзінің кім, дүниенің не екендігін былай тұрсын, оң аяғын білмей қалу ықтималы бар».
Сәкен жауабы: «Нәзір «сынының» басына Абайдан «бісіміллә» келтіреді:
Таласпа жаным-ай,
Қолыңнан келмеске,
Боларсың бақадай
Көп түссең егеске…
Рас-ақ! Бұл қағида екі кісіге бірдей. «Шоттың басын бассаң, сабы маңдайыңа соғады» деген. Нәзір сыншы ашуланады: Революция бетімен, сен бір бетіңмен барасың дейді және де менің 1915 жылы жазған «Жазғы түнде» деген жырымды жамандайды. Жамандағанда бұл ұзын жырдың әйел туралы жазылған 4-5 жолдарын жамандайды. Нәзір сөгеді: «сен жазғы түнде үйде отырмайды екенсің» деп. Және Нәзір айтар: «Сәкеннің өлеңдері тіпті қазақ әдебиетінің заңымен қарағанда да «ботқа» һәм әдепсіздік» деп. Түркістандағы қазақ жігіттері Нәзірдің қолына қазақша үйрен деп Абайдың өлеңдер кітабын берген. Абайдың келтіріп отырғаны да сол Абай кітабынан. Қазақ ақындарының ішінде Абайдан өлеңге шебер жоқ екені рас. Ал, Абайдың ғашықтық өлеңдерінің ішінде бізден де сорақы кеткен жерлері бар. Абайды да Нәзір жақтырмауы керек еді ғой…». Сәкен Абай өлеңдерінен бірнеше мысал келтірген (Төмендегі талдауға қажет болғандықтан ғана бір шумағы ғана алынды).
Қандай қызда ләззат бар жан
татпаған,
Сұлуы бұл заманның тек жатпаған.
Он сегіз, он тоғызға келгеннен соң,
Алмасы өкпе болар қол батпаған…
Міне, әйелге айтқан өлеңдері осындай. Нәзір қазақ тілін үйретіп жүргендерден бұл өлеңдерінің мағынасын неге сұрап алмады екен? Әттең тілмаштың аздығы-ай! Бірақ, менің өз басым қазақша жазған сынын тұтасымен Нәзірдің өзіне жаппаймын. Бір қазақ баласына Нәзір айтқан шығар: «Әйтеуір, басқа-көзге төпелеп бәлемді жамандай бер» деп. Өйткені, Нәзір қазақша білмейтін. Ана жылы Мәскеуде 8-ші Кеңестер съезінің уақытында жолдас Әліби Жангелдин Нәзір мен жолдас Рысқұловты «татуластырамын» деп пәтеріне шақырған. Жангелдиннің пәтерінде мен де болдым. Жолдас Меңдешев те һәм басқа бір-екі жолдас болды. Сонда Нәзір мен Рысқұлов кінәласқанда үйде қазақтардан басқа һәм Нәзірден басқа ешкім жоқ. Сонда сөзіне ешкім түсінбейтін болған соң Нәзір қазақтарға орысша сөйлеген (себебі жоғарыда қыс. өмірбаянында айтылды). Һәм былтыр да мен кездескенімде, өзім Нәзірмен қазақша сөйлесе алмай, тағы орысша тілдестік. Бірақ, бәрібір қандай сөз болса да әйтеуір Нәзірдікі дейміз ғой. Ақырында Нәзір менің уақ-түйек переводтарымды жамандайды һәм ол переводтарға нанбайды. «Сәкеннің өз ойынан шығарып жүрген сөздер» дейді. Олар, мәселен, фарсының ақыны Шеих Сағдидан:
Ән мен күйге түйе де
Шатланар, хайуан десек те,
Сезбейтін оны адамды
Салпаң құлақ есек те, – деген. Бұл өлеңдер туралы Нәзір айтады: «Шеих Сағдида мұндай өлең жоқ болса керек еді. Және «о» заманда «бұ» заман түйенің ән мен күйге шатланғанын көргенім жоқ. Ақмоланың түйесі болмаса, өзге жердің түйелері ән мен күйге шатланғанын көргенім жоқ» дейді. Енді Нәзірдің түйе ән мен күйді сезбейді, сезсе жалғыз «Ақмола түйесі сезер» дегеніне келейік: «күйді түйе сезбейді дегенді Нәзір білгіш айтады. Ал өзге жұрт: «хайуандардың бәрі де күйді сезінеді» дейді … көптің айтқанын алармыз деймін. Сол адам болсын, хайуан болсын күйді һәм биді сезінетін жалпы жанның ішінде Нәзір айтқан «Ақмола түйесі де» сезінуі керек. Жалғыз-ақ, күйді, биді сезбейтін әлгі Сағди айтқан салпаң құлақ есек болар. Оның ішінде де Түркістанның салпаң құлақ көк есегі болар. Нәзірге әйтеуір жамандау керек». Менің алып-қосарым (авт.) бір ғана дерек: қазақтың «Боз інген» күйін Нәзір Төреқұлұлы қазақ жерінен жырақ өскен себепті білмеді ме екен? Екінші, түрколог Нәзір Төреқұлұлы Сағдидың «Бустан» шығармасын білмеуі мүмкін емес. Сын жазбас бұрын Сағди шығармаларын зерттеп, бар-жоғын біліп алу керек еді. Не аудармашысы қазақ білмеді. Сәкен жауабы: «Онан соң Нәзірекең менің «Азия» деген өлеңімді жамандайды. Бұл өлең Генуйский һәм Гаагский конференциялар болып, Еуропа үкіметтерінің елшілері жиналып, Күншығыс халықтарына арам құлқындарын арандай ашып, обырлық саясаттарын іс жүзінде жүргізбек болып, барлық Азияны тырнақты шеңгелдеріне бүріп алмақ болып жатқанда сұм Еуропаның бетіне соққан шоқпар еді бұл. Орысша айтқанда «протест» еді. Шоқпарды, протесті әркім әр түрлі соғады. Бұл сондай пікір. «Күншығыс саясатын» (восточная политика) сіз де білсеңіз керек еді…». Байқап отырсақ, дана Абайды рухани пір тұтқан Сәкен, әсіресе, бозбала шағында еліктеп, балауса жырларын Абай үлгісінде жазған, соның таяғын Нәзір сыншыдан жеп отыр. Нәзір сыншы «Маржан» және «Надежда, Үміт, Үмилә» өлеңдерін сынауды «Қатынды не деп біледі, Сәкен» деп бастайды. Сонда, Нәзірдің «қатын мен қыз сөзінің» қазақ тілінде айырымы барын білмегенін қалай түсінуге болады. Оқыған адамға тән этика, әдептің исі де жоқ, не өзбекше сыпайы естілетін «хатун» сөзін ұнатты ма екен? Сәкеннің Ташкентте жазған «Надежда, Үміт, Үмила» өлеңінің бірінші шумағы қыз бала жайында, екінші шумағында көк алма түйін салып, піседі. Әбден піскен алма сағағынан үзіліп түседі, ал, үшінші жолда «Сен алмасың биікте», «Сен әлі жас баласың» түрінде қыз баланы алмаға теңеген. Өлеңді нәзірзерттеуші Ж. Әлмашұлы редакциялап, алғашқы шумақтың үш және төртінші жолына, екінші шумақтың бірінші, екінші жолын былайша қосып, түйін салған алма емес, қыз қылып өзгертеді.
Надежда, Үміт, Омила,
Аққуымсың, сәулемсің,
(Шырағым,Үміт, Үмилә,
Қарындасым, бауырымсың! дегендерін алып тастаған)
Түйін салып жас балдыр
Алма ержетіп өседі (!)
(Албырап биік саяда
Уыздай болып піседі (алып тастаған, 81 б.).
Міне, қаралаудың бұдан өткен түрі бола ма? Бұл – Сәкенді қорлау (81 б.).
Оңтүстікте «Қыздарда да қыздар бар жарылмаған қауындай» немесе «қызыл өрікке» балаған да өлеңдер баршылық қой. Қауыннан көрі, алма көркем поэтикалық теңеу. Бұл – Сәкен кең көлемде талдаған әдебиеттегі Абай үрдісі. Сын диалогы: Н. Төреқұлұлының сынына жауапты бірінші Сәкен емес, елден жырақта жүрген Москвадағы Күншығыс коммунистік университетінің студенттері Ғабділрахым Бегалиұлы, Баймырза Ершіұлы, Белмұхамед Алин, Жолдыбай Ахметов, Мәжит Дәулетбайұлы, Ш.Жайлыбековтер «Қазақ әдебиетіндегі орынды һәм орынсыз сындар туралы» бірігіп мақала жазды. Нәзір Төреқұловтың сынын мінеп: «Асау тұлпар» жаңа өспірім жастарға берілетін кітап емес дегенінің мәнісі не? Жалғыз «Темір қазыққа» жазғанымен қоймай орыс, татар (Қазан) газетінің бетін бояудағы мақсаты не? Достық па, дұшпандық па, жоқ, не болмаса сыншылдық па? Біз мұны достық та емес, дұшпандық та емес һәм сыншылдық та емес, кеуделік, мақтаншақтық, өте зорайғандық деп білеміз. Мұнан былай сынды келеке, әзіл орнына ұстамай, «найза түртер» қылмай, шыққан әдебиетті сынға салу керек» деп жазды. Н.Төреқұлұлының «Революцияға не керек?» мақаласы «Темір қазықтың» 1923 жылғы екінші санында «Бақыт жолында» пьесасына жазған сыны жарияланды: «Сейфолла ұлының өлең, пьеса кітаптарымен қазақ халқын ағарту жолына Қазақстан баспасөзі бел байлап, әбден кіріссе керек. Сәкеннің қай «философиясы» болсын жүрегіңді айнытпай қоймайды. Сәкен жолдасқа айтатын ақыл. Қашанда болса, не істесең де, не сөйлесең де ойлауға керек: революцияға не пайдалы? Не сөйлегеніңді өзің білмей, жоқты-барды сөйлеме, бірдеңе деуден бұрын әуелі өзің біліп алуың керек. Басында ақылы бар адам соңғы жолды қабылдаған. Біздің тұсымызда да соңғы жол пайдалы». «Тар жол тайғақ кешу» туралы бірер сөз» деген сыни мақаласында: «Осы күні орысша болсын, қазақша болсын Қазақстандағы төңкеріс қозғалысы жайынан мынау дерлік көрнекті, негізгі бір еңбек жоқ. Ең болмаса келесідегі «ұлы» жұмыстың керегіне жарарлық «шикі» деректер жиналып шықса да біздің әдебиетке үлкен олжа болар еді»… деп тәп-тәуір бастағанымен, «Тар жол, тайғақ кешудің» бетін шиедей етті. Нәзірдің сынын имандай қабылдаған Нәзір Төреқұловтың шығармашылығын зерттеуші Жолтай Әлмашұлы мынадай комментарий (түсініктеме) береді: «Тар жол тайғақ кешу» мемуарының бірінші кемшілігі: «бұл кітаптың қай жанр түріне жататынын білмей басы қатқанын айтады. Екінші кемшілігі: Сәкен қоғам өмірінің суретін беруге талпынады, саяси қақтығыстарды терең талдағысы келеді, бірақ оған өресі жетпей жатады…» Нәзірдің бұл жазғанымен келісуіміз керек; Үшінші кемшілігі: «Сәкен көрген-білгенін тек хабарлап қана, баяндап қана отырса, оны түсінуге болар еді, алайда ол сол оқиғаларға өзінше баға бермекші болады, кейбір шалағайларды дәріптеп көрсеткісі келеді, содан кейін барып қателеседі». Сыншының бұл ойын қалай жоққа шығара аламыз»?

Түйін
Менің пайымдауымша, Сәкен оттың шаласына емес, осындай жала сөздің шаласына күйген. Нәзір Төреқұловтың шынтуайтында «Тар жол тайғақ кешуге» берілген бағалау ма, қаралау ма? Ақындығын жоққа шығарды, прозалық туындысын қай жанрға жататынын білмей басы дал болды. Қазақ әдебиетінің мемуарлық, құжатты-документалдық жанрының төл басы жанры дүниеге келсе, жоғарыда «шикі» дүние таппай ауа қармалаған Нәзір Төреқұлұлы қуанышын осылай білдіреді. Максим Горький өмір­баяндық мемуар жазса, С. Сейфуллин тарихи кезеңнің «таңба басатын жеріне таңба, мөр басатын жеріне мөр» басқан тарихи мемуарлық роман жазды, – деген Ғабит Мүсіреповтың аталы бағасына әдеби қауым тоқтаған еді. Сәкен «Тар жол тайғақ кешу» арқылы архив деректеріне сүйеніп жазуға сара жол салды. Сол себепті, сыншы мынауың жалған деп айта алмай, «Тар жол тайғақ кешудің» ішіне ене алмай, сыртын шыр айналады. Фотодеректі де көркем шығармаға енгізген Сәкен. «Тар жол тайғақ кешуде» жарияланған Алаш көсемдерінің фотосуретін қазір бұқаралық ақпарат құралдары кең пайдаланып жүр. «Жер-жердегі жастар, жұмыс­шылар, мұғалімдер, кеңес қызмет­керлері «Тар жол, тайғақ кешуді» сынамақ болған Н. Төреқұлов мақаласына қарсы наразылық білдіріп хаттар жазып жатты. Мұндай хаттарды татардың, қырғыздың, өзбек, башқұрт, қарақалпақтың оқушы жастары, жазушылары да көптеп жазады (Е. Ысмайылов. Ақын және революция», монография. А., 1983 ж., 57 б.). Жолтай Әлмашұлының Нәзір Төреқұлұлының сынына түсіндірме талдауы – Нәзірді аспандатқанның үстіне аспандату, Сәкенді әдебиеттен иіс алмас қылып құл­дырату екенін түсінбей қалған сияқты. Байқап қараңыз, Ж. Әлмашұлы: «Нәзір Төреқұл­ұлының ұстанған саяси бағыты сырт көзге «қызыл комиссардың» әрекеті сияқ­ты болып көрінгенімен, жүрегінің түк­пірінде Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатовтармен үндес болғаны белгілі (40-б.)» деп «саяси» сойыл соғып қалады. Егер, бұл кісінің пікірі дұрыс болса, онда шы­найы революционер Тұрар Рысқұловқа неге соқтыққаны белгілі болды және жоғарыда өмірбаянын сөз еткенде келтірген «Ашық хатында» жазған «Қоқан республикасын» құру мақсатынан таймаған бірбеткей мінезділігін аңғартады. Осы пікір таласын пайдаланып, өзбектер Самарқандағы астанасын Ташкентке көшіріп алды. Осылайша 1925 жылға дейін Түркістан автономиялы республика болып, астанасы Ташкент жеке-дара отау болып келсе, осы жылы Сырдария, Жетісу өлкелері Қазақстанға қосылып, астана Қызылорда (Ақмешіт) болды. Өлкелік партия комитетінің хатшысы болып, Н. Төреқұлов шәкірті Сұлтанбек Қожанов тағайындалды. Оқу комиссары Смағұл Садуақасов сайланды. Үкімет құрамы түгел өзгертілді. Сәкен айтқан («Жікшілдік тарихы» мақаласынан) «жікшілдік» шындыққа айналды. Куә Сәбит Мұқановқа жүгінейік: «Ең алдымен, Нәзір Төреқұловпен арамыздағы қарым-қатынастар жайын қысқаша баяндап берейін. Москвада «Ұлттар» баспасының директоры, «Темір қазық» журналының редакторы Нәзір Төреқұлов 1923 жылы жарияланған І-санында Сәкеннің «Асау тұлпар» атты өлеңдер жинағына сын жазып, түгелімен жоққа шығарды. Соның үстіне жинақты ғана сынамай Сәкеннің қара басын да сынап, жұрт алдында масқара етуге тырысты. Нәзірдің осы мақаласына қарсы, мен Орынборда қазақша шығатын «Қызыл Қазақстан» журналының 23 жылғы 16-санында «Сынға-сын» деген мақала жаздым. Ол мақалада Нәзір Төреқұловта «объективтік көзқарас жоғын, оның мақсаты – Сәкеннің жинағын ғана емес, өзін құртуға тырысу екенін, Нәзір қанша жамандағанмен, Сәкен қазақ совет әдебиетінің бастаушысы екенін дәлелдедім. Содан кейін Нәзір маған қатты өшігіп жүр деп естідім. Осындай адам менің жинағымды кітап қылып баса ма? Орталық Комитеттің қызметкеріне осы қаупімді айтқан ем: ЦК ұсынғаннан кейін басуға тиісті, – деді. «Шығыс» баспасы, «Қытай қаланың» ішіндегі 25 октябрь аталатын көшеде, 4 этажды үйдің екінші этажында екен. Баспаның Қазақстандық бөлімін Әбдірахман Байділдин меңгереді. Әбдірахманды ерте келген мені, бұрын көрмеген Нәзір Төреқұлов салқын қарсы алды… Креслода отырған сақал-мұрты қырулы, басында өзбек тақиясы бар адам, қағаздан шұқшиып басын көтере қоймады. Әбдірахман маған «Нәзір осы» дегендей ым қақты. Басын көтерген Нәзір: – Оты­рыңыздар! – деді маған орысшалап, орын нұсқап. Отырдық. Бет-бейнесіне көз жүгіртсем, өзбек түстес екен. Әбдірахман мені таныстыра бастады. Нәзір менімен көп тілдескен жоқ. Азғана сөздерінің бәрі – өзбекше. Мазмұны: ЦК хабарлады, көрерміз, оқырмыз, пікірімізді айтып хат жазармыз». Оқырман өзі түсініп пайымдар деген оймен тасқа басылған жайды бұрмаламай қаз-қалпында бердік. Кейінгі ұрпақ архив ақтармайды деуге бола ма? Оның ащы сабағын ұрпақ қайталамауы үшін шындық айтылуы тиіс. Дана Абайдың «бас-басына би болған өңкей қиқым» заманы әлі келмеске кеткен жоқ. Және Абай – Оразбай, әл-Фараби – Ғазали, Яссауи – Нақышбанди, Шоқан – Ерден тең дәрежедегі қарсы сыңары тууы табиғи заңдылық. Оның пайдасы да бар сияқты «мен» деген пенделіктен сақтандырып, ширықтыра түсетіні ақиқат, сөйтіп Жаратушы Ие «тарих сахнасына» қосарластырып шығарады. Сәкеннің де саясаттағы қарсы­ласы Нәзірдің танымайтын Сәкенді көріп-білмей оңтүстікте жатып, Мәскеуде жүріп сынауында гәп бар, оны итермелеуші біреулер бар… Нәзір ақын-жазушы емес, тақ­қа да таласушы емес. 1922-1929 жылға дейін табан аудармай Мәскеудегі «Шығыс» баспасын басқарды. Кейін репрессияға ұшырағанға дейін Сауд Арабиясында елші болды. Қысқасы бірі ойда, бірі қырда бас­тары қосылмады. Сынды қазақша Нәзір жазбағаны анық. Оған дәлел көп: біріншісін Сәкен үш дәлелмен қазақша білмейтінін дәлелдеді. Екіншісі, Сәбит өзінің көргенін айтып отыр. Үшінші өзбек ғалымы Ф. Бакиров Ферғана ревкомы Нәзірдің жастар ұйымы бағдарламасын өзбек тілінде және орыс тілінде жазғанын тілге тиек етеді. Төр­тіншіден, Нәзір қалың өзбек ортасында дүниеге келсе қалай қазақша сөйлейді. Бе­сіншіден, «Ұлт тезисін» Ахмет Бай­тұрсынов, «Ұлт мәселесі және мектеп» еңбегін Мағжан Жұмабаев аударса, «Шығыс» баспасының «Қазақстан» бөлімін Әбдірахман Байділдин басқарса, оған Нәзірдің Сағдидың «Бустан» шығармасын білмегенін қоссақ, «Боз інген» күйін, толып жатқан қазақ танымынан хабардар болмауы тағы бар, Нәзірдің басқа мақа­лаларымен танысқанда стильдік қол­даны­сының өзгешелігі осындай тұжырымға жетелейді. Нәзір зерттеуші Ғ. Қо­жамұратұлы «Еңбекші қазақ» газеті, №294, 1925 шыққан «Латын харпі туралы» мақаласында Нәзірдің Сәкенге жөн-жосықсыз тиісе бер­генін айта отырып, былай деп түйіндейді: «Қазақ оқығандарынан біздің өтінішіміз: елді жаңа жолға бастауларыңа рахымет, бірақ, қандай жаңалық та болса, пайдасын салқын қанмен түсіндірсеңдер екен. Біріңді бірің шаншып, біріңді бірің түйреп жазсаңдар, қазақ білімділері жаңа тұрмыс, жаңа бағытқа сүйрейді деп түсінудің орнына «өшер елдің жігіті…» қазақ мақалы есімізге түседі. Игілікті істің қадірі кетеді. Мұндай әңгімеге түсіп кетсеңдер, жанымыз ауырады. Жаңа елді ерту үшін мұндай шанышпа сөздің пайдасы жоқ. Әңгіме сол істің өзінде ғана болуы жөн» (58 б.). Ғасырға жуық уақыт өтсе де осындай «аталы сөзге» тоқтай алмай жатырмыз. Дау да, талас та жоқ Нәзір Төреқұлов – шығыс халқының алдыңғы қатарлы озық ойлы перзент­терінің бірі. Дарабоз көзқарастағы Нәзір Төреқұловтың Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Тұрар Рысқұлов сынды қайраткерлердің кейбір пікірлеріне қосыла қоймайтындығын білдірген мақалалары Нәзірдің жеке көзқарасы, таным-түсінігі. Оны ортаға салуы саясат­кер-политолог, әдебиетші, жалпы мәдени қауым басында үрке-үрпиісе қабылда­ғанымен, жапа-тармағай қайнаған қызу талқыға айналып та кетті. Әдебиетке жұрт осылай тартылды. Оның өзінде Совнарком председателі Сәкен Сейфуллинге бірден ауыз салды. Халық жүрегінен терең тамыр тартқан Сәкенді жұрт шыр-пыры шыға қорғады да, Нәзір көлеңкеде қалды. Әйтпесе, оның сын садағы қадалмаған өнер, мәдениет, мемлекет қайраткерлері кемде-кем. Төреқұлұлының еңбектерін жарыққа шығарған нәзіртану­шылардың, оның ішінде Ж.Әлмашұлының еңбектері елеулі. Әйтсе де, Жолтай Әлмаш­ұлының «Тар жолдан» ешқандай көркемдік жоқ деп Нәзірді қоштауы әрине өз бағасы, бірақ, оқырманды, оның ішінде өскелең ұрпақты «көр соқыр» деп қарамау керек. Ұлы тұлғалар аласармасын, бірақ көте­ремін деп, басқаларды даттау да болмасын. Сәкен мен Нәзір құрдас, дүниеден қайтқан жылдары да бір, ендеше қос дала дауылпаздарын «қанжығада жолықтырған» ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезінбеушілік. Сәкенді ақын, драматург, прозаик ретінде жоққа шығаруы ақылға сыйымсыз. Сәкенге тиісуі «жоғын жоқтап, кегін кектеген» еңбекші халыққа соқтығуы. Сәкенді сынағанда не халыққа қызмет қылғанда «халық көзімен» қарап, бағалау қажет. Нәзірдің Сәкеннің шығармаларын сынауы я талап қоя білуі – заңдылық. Әйтсе де, сын арнасынан асып, келеке-мазақ, яғни, масқарампаздыққа айнал­дырғаны атой салып, Абай бабамыз тілімен айтсақ «әр жерден көрініп тұр-ау». Осы жағдай Халық Комиссары Кеңесінің төрағалығы кезінде «шырқ айналып, жем іздеген тауықтар» қызметтен түскеннен кейін басқа мінез танытады. Өзі ашқан Қазақ республикасының органы «Еңбекші қазақ» газеті мақалаларын баспай қинады, әрі жұмыссыз жүріп қалды. Шәкірті Сәбит Мұқановқа да салқыны тиді (өзі көрген құқайын «Өмір мектебінде» баяндаған). Қашанда қиындықтан шығар жол бар. Сталинге жолығады және келгеннен кейін Сәкен Халық комиссарлары жанынан ашылған тұңғыш Ғылым (академиясы) орталығына директор болып тағайындалды. Сондай-ақ, 1925 жылы Орынборда қаулысы шығып, ашылмай қалған Қазақтың тұңғыш мемлекеттік ұлттық драма театрын ашу (1926), Қазақ жазушыларының ҚазАП-тың платформасын жазу (1925) және құру (1926), Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасын ашу Қазақстан Орталық комитеті тарапынан Сәкен Сейфуллинге тапсырылды. Екі қолға бір күрек деп жүрген Сәкен қай істі болсын тыңғылықты тындырғаны құжат жүзінде мұражайда тұр. Ғылыми комиссияның төрағасы ретінде кітап Сәкеннің рұқсатымен шығатын болғандықтан еркіндік самалы есті. «Тар жол, тайғақ кешу» романы (1927 ж.) жарыққа шыққан күні Нәзір Төреқұловтың шоқпары тағы тиді. Сәкеннің жауап жазбауына, үндемей қалмауына бұл жолы болмады. Сәкен «Жаңа әдебиет» журналының 1929 жылғы 7-санында «Тар жол, тайғақ кешу туралы» көлемді түсіндірме түрінде жауап қайырды. Сәкен жауабы: «Еңбекші қазақ» газетінің 296-санында «Тар жол, тайғақ кешу» туралы бір-екі сөз» деген Төреқұлов Нәзірдің мақаласы басылды. Төреқұловтың мен туралы жазатын сөзінің қандай болатынын, оның бұрынғы мақаласын оқыған жұрт білетін болар. Төреқұлов қонақтарына су әкеп берген Қожанасырдың мысқылын менің алдыма тартады. «Бұл суға пәлен қосса, түген қосса, пәлен қылса, сонда «дегенбай» палау болар еді деп айтқан екен Қожанасыр. Сәкеннің «Тар жол, тайғақ кешуде» сондай. Мұны тіпті жазбай қойғаны-ақ дұрыс болар еді…» деп кейиді. «Алашорда министрлерінің қашқанын несіне жазған. Бірақ, не керек ант ұрған жазып шығарды» деп шамданады. «Қайдағы бір Тәтімовтардың, Дүйсекеевтердің, Угарлардың, Мүкеевтердің, Шәріповтардың және басқалардың ақтармен, алашордамен майдандасқанын айтты. Өзінің төңкеріске қатынасқанын, бір жерлерде қымыз ішкенін айтыпты. Өзін мақтапты… алашорданың қашқанын мазақтай суреттепті» дейді. «Құла қыздарды, құба қыздарды айтыпты» деп Төреқұлов көгере шатынайды. «Құла» деп Қожанасыр болмаса, қазақ малдың түсін айтушы еді. «Тар жолда» құла қыз деген жоқ. Кәдімгі адам сияқты қыздарды айтқан. Төреқұлов сынында «француз жұртының мақалы» деп «сұлу әйел қанша сұлу болса да, бойындағы барынан басқаны бере алмайды» деген француздың қанаушы табының аузынан шыққан шірік мақалы болу керек. Барып тұрған боғауыз сөз емес пе?– деп Нәзірдің пікірін өзіне көлденең тартқан. Оқырман өздері салыстырар қай пікірдің дөрекі екенін. Сәкен жауабы: «Нәзір сынында жазған «Азия» деген өлеңді жазғанда Еуропаны жақсы жолға бастайын деген болса, «Еуропаға қазақша жазудан пайда шамалы» деген. Бұл не деген сөз? Бұл «Еуропа­лықтар қазақша оқымайды, сол себепті оларға қазақша жазғаннан не пайда?» деген сөз болады» дей келіп, Сәкен Сейфуллин өзінің халықаралық саясатқа терең шолу жасаған «Тәрбиелі, мәдениетті Еуропада» мақаласында: «Мен жұрттың түрлі талқысына түскен «Азия-Еуропа» деген өлеңімде Еуропаның осы обыр құлқын айтып едім ғой» деп түсінік береді. Ал, «Еуропа түнерді» атты мақаласында қатты алаңдаушылық білдіреді: «1914 жылы Еуропа мемлекеттері аш қорқауларша бір-біріне ауыз салған еді… кесапат шалық­тарын Азияға тигізіп еді… Бір қорқау, бір жерден жемтік тауып жей бастаса, өзге қорқаулар қызықпай қарап тұрып қалмауы белгілі. Өрт бір түп көдеден жанады. Еуропаның қорқаулары қазір бір-біріне ынсапсыз, ала көздерімен қарай бастады. Францияға бүгін қарсылық қылмағанымен, Германия ертең-ақ жағаласуы мүмкін». Сәкеннің өлең мен де, қара сөзбен де қырағылыққа шақырған жан айқайы шындыққа айналып, арты дүние­жүзілік соғыс өртіне ұласты. Өзара қырқыстың кесірі қуғын-сүргінге әкелді. Нәзір Төреқұл­ұлының Сәкен Сейфуллинге әдеби-бұқаралық құрал арқылы соғыс ашуы «Ұлт мәселесі жайында» жазылған (1921ж.) мақаласынан бастау алады: «Қашан қара қазақ еңбекшісі октябрь революциясын танымақ? Қашан өз хұқын біліп, танып ілгері ұмтылмақ? Әйтпесе, Ақмола жағындағындай қызыл ту желпілденіп, ауылдан-ауылға бала-шағаны үркітіп, опыр-топыр шауып жүрген «Қызыл керуен» бастаған жолдастарға (Сәкен Сейфуллин) істі беріп отырсақ қазақ республикасына бір жұма­ның ішінде-ақ «Коммунизм» кіргізіп жібереді. Бірақ, бұл коммунизмдері коммунизмге ұқсамауы белгілі. Не десең де айналып келгенде көп жердегі оқиғаларды сынап қарағанда біздің бел байлап марксизмнің түбінде не екендігін білуге кірмегендігіміз көрініп тұрады. Қазақша марксизм литературасы жоқ. Бұл литератураны жазайын, үйренейін деген талапкер де көрінбейді». Нәзір Төреқұлұлының 1921 жылы оңтүстікте жатып, Ақмоладағы Сәкен ұйымдастырған қызу іс атқарып жатқан «Қызыл керуенді» қызыл тілімен түйрейді. 1922 жылы Сәкен Сейфуллин Халық комиссарлар Кеңесінің төрағасы болып тағайындалған кезеңде, тіпті, өршіп кетті. Қанша қайшы пікір туғызғанмен халық ісі мен сөзі бір Сәкенді жақтады. Неге екі қошқардың басы бір қазанға сыймады? Бірінші соқтыққан жоғарыда айттық Нәзір. Сәкен Сейфуллинге неге сонша шүйлікті? Тақ таласы десек Сәкен атақ­құмар, таққұмарлықтан пәк жан. Сәкен одан кейін билік басына жоламаған, саясатқа араласпаған. Нығмет Нұрмақов Сәкен қабылдаған декрет «Қазақ тілі мемлекеттік тілдің» жасын тартыспен бір жылға зорға ұзартты (құжат айғақ). Сәкеннен қызғанған ел билігінің тізгінін Голощекинге қиды (тарихтың бүкпесін біз айтпағанда кім айтады деген Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебінде» ашық жазылған). «Қызғанғаның қызыл итке жем болды» деген қатігез заңдылық орнады. Нәзірдің полемикалық мақалаларының садағы тиіп қана қоймай екеуін де сындырған Сәкен, Тұрар (Сәбит Мұқановтың айтуынша «Орталыққа жазған хаты» Голощекинді қызметтен тайдырған. «Өсу жолдарымыз») қазақтың қара нарлары еді, басқа қайраткерлер олардың ел басқару қабілеттерін ескерсе шоғыр жұлдыздай шоғырланар еді. Қазақ қайраткерлерінің пікір қайшылығы – ес жиғызар өткеннің ащы сабағы. Ызғырық енді терістіктен соқты, Мәскеуге Шығыс халықтарының орталық баспасының төрағасы болып тағайындалған Нәзір Төреқұлов «Мәскеу баспасының» есігін қанша мықтағанымен (Нәзір елші болып Геджасқа кеткеннен соң ғана «Көкшетау» поэмасын (1934) Мәскеуде шығарған), Сәкен шығар жолды өзі билеп отырған Қазақ республикасының астанасы Орынбордан Қазақстан мемлекеттік баспасын ашу арқылы тапты. Осы баспадан жарыққа шыққан «Асау тұлпарды» омақаса құлатуға тырысқан Нәзір сыншы іске алғысыз етіп сынады. Шын мәнісінде «Асау тұлпар» жас Қазақ елінің дамуының символы еді. Жаңашылдық, түрен ізденістердің жемісі «Асау тұлпар» өлеңіндегі тұлпар (тәй-тәй басқан, жас Қазақ республикасының даму көрсеткіші) енді «экспресс яғни жүрдек поезға» ауысып, қарқынына қарқын қосады.
Бұрын атым – тұлпар еді, бәйге көк
Енді, міне, поезд болды, тұлпар жоқ.
Ұзақ жолға!
Тұлпар қол ма?
Мейлі жорға!
Тұлпар міну – Сарыарқада жүрсең тек.
Міне, поэтикалық теңеулер «Біздің тұр­мыс – экспресс» – замана бейнесіне айналады. Автор индустриялы Қазақстанның көкжиегін көз алдыға елестетеді, енді, Қазақ­станға аэроплан сатып алу керек деп, аспан әлеміне көз тігеді:
Бауырларым, екпін күшті кернейік,
Ескіліктің есебіне ермейік.
Ескі жоба, ескі өлшеу – тар қапас,
Күшті жұмсап, ірікпей құлаш сермейік.
Қара жерден аспан асып ұшайық,
Жерді, аспанды біріктіріп құшайық.
Аспан, жерді қуыршақтай қапсырып
Алып қолға ырғап, шайқап қысайық.
Жаңа қоғам орнатуға шақырған Сәкен:
«Кел, жігіттер,
Болыңдар ер,
Жүйткіт,
Орғыт тұлпарды!
Немесе
Дүниені орап, жаңғыртып,
Күңірентіп ұран таратқан.
Керемет күшті жасаушы
Тұр жалшылар, ал аттан!
Сәкен суреттеуіндегі «жасампаз күш иесі» тұлпар, қара айғыр – Махамбеттің «қара кәтеп, қара нары» сынды наным­ды көркемдік теңеулер. Қазақстанды «көтерем қызыл аттай» мүш­кіл халге жет­кізген ел басшыларын қасқая сынаған жалғыз Сәкен емес пе? Нәзір сынды сыншылар Қазақ республикасының болашақ дамуын бейнелейтін жаңа ырғақты, көркем поэтикалық образды жаңашылдық тенденция­сын «етектен тартқан ел болмас» сезіне де, «соқыр саясат» көзін байлап, көре де алмады дейік, ал, қазіргі «сыншылар» ше? Әділ сын – сын мәдениетінің көрсеткіші. Біз өзімізді қаншалықты оқығанбыз, мәдениеттіміз десек те биік өре қажет-ау! Ақиқаттан қашқан сайын, ол ізіңнен қалмайды. Жазушылар одағын өз қолымен құрған Сәкен «Шындықты айтпасақ несіне ақын болып жүрміз» деуі жазушылардың жадында болуы тиіс.

Алдыңғы «
Келесі »