• «Ақиқат» журналы
  • >
  • Біртуар
  • >
  • ОТАСУ немесе Кеңес Одағының Батыры және Қазақстан Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов туралы эссе

ОТАСУ немесе Кеңес Одағының Батыры және Қазақстан Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов туралы эссе

  • 05.11.2013
  • 631 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Болат ЖунисбековБолат Жүнісбеков,
журналист

От

Таңғы алакеуім шақ. «Томағасы сыпырылған самұрық» аспан төсінде сағатына 1000 шақырымдық шапшаңдықпен самғайды. Әуе кемесінің қас-қағым қозғалысы жолаушыларға мүлде дерлік сезілмейді. Ол осы қалпында құр қомданғаны болмаса, аяқ бауы шешілмеген күйі тұғырда отырған алып құс секілді.
Құбылнама қиырдағы Америка құрылығын меңзейді.
Самұрықтың «құрсағы» кең әрі жайлы.
Рахат…
Үйреншікті мәтел сөз өңін айналдырып айтуға өзі-ақ сұранып тұр. «Ғарыш – тас жол емес». Мұнда әскери бөлімдерді аралағандай, дала жолдарының ой-шұңқырлары өне-бойыңды қопаң-қопаң солқылдатпайды. Алыс жолдың апшысын қуырған жылдамдық сырын көз алдарындағы монитор ғана жайып салады.
Алақандай экраннан 11000 метрлік аспан зеңгірі… титімдей ұшақтың бет-бағдары, қалай қозғалғаны, жылдамдығы мен биіктігі көзге оттай басылады.
Ғажайып темір құс айнадай жарқыраған карта бетімен қанаттары ауаны суылдай тіліп, қасқая тартып келеді.
Сағадат Қожахметұлы иллюминатордың көгілдір әйнегін жапқан пердені жайлап қана ысырып, аша бастады. Әуелде саңылаудан ұрлана сығалаған Күн сәулесі ішке қарай лап қойды.
Алып оттың өткір жарығынан көздері қарығып, жанарларын жасырғанша асыққан. Көк пердені жылдам қайта жапты.
Төбеде шартарапты шапағына ораған орасан зор шырақ бейне-бір ертегідегі айдаһарша ашқарақ аранынан Жер-анаға жалын атады.
Күн құдіреті!
Адамзат оған «ес білгеннен» құлшылық етті. Латын Америкасын атам заманда мекендеген атстектер Күн-құдайға табынған. Сол дәуірден қалған 3,5 метрлік Күн-тасқа екі қолына екі жүректі сығымдай ұстаған Құдай бейнесі қашалыпты.
Ғалымдардың айтуынша, атстектердің ұғымында Күн-құдай жердегі тірлік үшін өзін-өзі құрбандыққа шалған-мыс. Олардың түсі­нігінде, аса мейірімді Күн-құдай өздерінен теріс айналмауы үшін оған да құрбандық шалу керек көрінеді.
Күн адамнан айныса, егін шықпайды, мал өспейді, сөйтіп бұл тірліктің түбіне жетеді. Бұдан соң, атстектер аянып қалсын ба, 1487-ші жылдың төрт күнінде 40 мың адам құрбандыққа шалынып, мүрделердің бастары сатылай қалана беріпті.
Бір таңқаларлығы сол, құрбандықтардың қарсыласу, тіпті қаперлеріне де келмеген. Неге? Оған да ғалымдардың жауабы әзір: қасиетті өлімді ұдайы уағыздай берсе, ажалға адамның өзі-ақ жан-тәнімен құлай, бейімделеді екен.
Ертедегі суретшілер ондай «қасиетті құрбан­дықты» аса зор шабытпен сомдаған.
Ардагер кітап оқып отырған күйі қалғып кеткен екен. Айналасын бір шолып өтті де, аспан түстес әйнекті қайта ашты. Жер жүзін жасырған әппақ бұлт. Ақ бүркек, тіпті ақ бұрқақ десе де жарасқандай. Мамық бұлттар бір уақ өздері бала кездерінде емін-еркін ойнақ салған қалың, күпсек қарға да ұқсап кетеді.
Ол риясыз жымиды.
Ал, аппақ ұлпа қардан әрі қарай қоп-қою қараңғылық. Ұры қараңғылық. Көзге түртсе, көргісіз. Қайдағы-жайдағыны еріксіз еске түсіре­тіндей. Оның қабағы қатулана қалды.
Тастай түнек… айналасы әлем-тапырақ.
Өртеніп барады. Топырақтың жанғанын бұрын-соңды кім көрген?! Тілсіз жау жалмап қоярдай, жалаң-жалаң.
Жойқын-ақ. Жолындағының бәрін талғамай талмап, жайпай жалмап келеді.
Алапат. Дүние астан-кестең. Ештеңені біліп, болмайды… ес жиғызар емес.
Арпалыс. Шаң-топырақ аузы-мұрынын толтырып, тістері шықыр-шықыр етеді. Кірпіктері айқаса маталып қалғандай. Көздері әрең-әрең сығыраяды.
Өрт. Күлімсі иіс қолқаны атады. Шаң мен түтін өне-бойын жегідей жеп барады.
Өлермен жанталас. Өмір үшін.
Күннің күлпаршасы шыққандай. Төңірек түгел өрт құшағында.
Көзге түртсе, көргісіз.
Өршеленген, өрекпіген өрт. Жандысы да, жансызы да шырқырайды.
Ышқынған, ыңыранған дүние.
Жаның мұрын ұшында. Аспан айналып, жерге түскендей. Ақыл-ес қалмаған, жын ойнақ салады.
Окоптың түбіне бүк түсе жүрелеп, бұға бергеннен басқа шама жоқ.
Батырға да жан керек.
Қырандар Жер-ананың бауырына жабысқан күйі «соғыс құдайы» – зеңбірекшілердің жанда­рына ара түсер «жауабын» тістене тосады. Шыдам­ның шегі үзілді-ау дегенде, арқа тұстарынан жой­қын жай оты көк жүзін көмкере жарқ етті.
Катюша «тәтті қылығына» басты. Бойы дел-сал босаңсып, жүрегі кеудесіне симай, тулап қоя берді.
Қуанбағанда қайтсін! Артиллерияның әрбір шабуылынан кейін осындай көңіл-күйге түседі.
Әне, батысқа қарай сансыз от жебелері тартыла қалды. Қорқауларға «балтырын қапқызып», намыс буған «Катюша« тағы да «шайпау» мінезіне басты. Жаулар үшін, әрине. Сағадаттарға бұл «ерке қыздың» қиқар қылығындай.
Іле-шала дирижердің таяқшасын бағып тұрған оркестрдей, жүздеген зеңбіректер мен минометтер оған атойлай қосылып, жау жағын жарыса төмпештей жөнелді.
Олар сонда ғана кек буған бойларын жазып, алға қарай ытқи жөнелуге шақ тұрды.
Жаудың жомарт «сыбағадан» кекірігі азғандай. Қарсыластар шебінің опай-топайы шығып, қалың отқа оранды.
Бірте-бірте тозаққа да еті үйрене бастағандай. Сағадат жау жағын жіті қадағалап, қарауындағы пулеметшілер взводына ширақ команда береді. Бастамасы жаман емес. Келген беттерінде жай­пай жапырып, өте шықпақ болған жаудың ойлағаны болмады. Қорқаулар маңдайларынан тиген жойқын соққыдан есеңгіреген қалыптары апандарына қайта бұғып, қансыраған жараларын жалайды.
Қырандар дүр сілкініп, тоят тапқандай. Алайда, әрбір жеңістің бір желігі болады. Оның шылауына түссең-ақ, бойыңды көзсіз сезімге алдырасың. Жанарларыңды су жасқап, қарап тұрып-ақ көрмейсің.
Сабыр қалғып кетеді.
Сақтықты мүлде ұмытасың. Қырсық та қалт басқаныңды аңдып, қапысын табатындай. Жау жағына тістене қарап тұрған Сағадаттың аяқтарының асты теңселіп кеткендей… есін жиғанында басы шыркөбелек айналып, жан-жағы көше жөнелді.
Жер өз ұясынан ауып кетіп, жұлдыздар шашылып түскендей. Келесі бір сәтте ұрыс алаңы көкпеңбек шапаққа боялды.
Көз қарықтырады. Жүздеген прожекторлардың өткір сәулесі қараңғылықты сүзе тіміскілейді.
Бұғып, жан сақтау мүмкін емес.
Кейін естиді прожекторлардың отты «алдас­паны» жарқ еткенде қорқаулар апандарының түбіне омақаса құлаған күйі тұралап, едәуір уақыт естерінен тана, жатып қалыпты. Фашист кәззаптар «советтер» тағы бір жойқын қару ойлап тапқан екен» деп, кірерге тесік таппаса керек.
Ашу-ызадан «қызылсыраған» қырандар «айлалы оттың» арқасында қарсы бетке аянбай шүйлігіп, зәрелерін зәр түбіне кетірді. Қорқауларды апандарының бірінен соң, бірінен оп-оңай індете қуып, алды-арттарына қарауға шамаларын келтір­мей, тырапайлатты.
Ал, өзінің дәрменсіз хәлі болса, мынау!.. қатты соққыдан құлап бара жатқаны ғана есінде. Қазір енді тал қармағандай халде. Денесі күйіп-жанады.
Алапат ыстық апшысын қуырып, жанын шырқыратады. Тілі аузына сыймайды. Алқымы сығымдалып, тынысы үзіліп кетуге шақ.
Елге хат жазып, арыздасып үлгергені ғана дәтке қуат. «Біттім-ау енді» дегенінде, тынысы ойда-жоқта қайта ашылып қоя берді.
Жаңағы тозақ та жым-жылас. Өне-бойы малмандай су екенін ғана сезеді. Бірақ, не болып жатқанын анық бажайлай алмайды. Әлде, бала кезде естіген әңгіменің шалығы ма… суға батып бара жатқандай.
Тұншықпайды, бірақ… Жаны жаңағы тозақтан құтылғанына жайраң қағады. Бойы жеңілдеп сала берген.
Алдамшы дүние екен. Кеудесі қайта қыса бастады. Сол-ақ екен денесі тағы да ду-ду ете түсті де өшуге айналған шоқ қайта тұтана лаулап, еркінен тыс қаулап ала жөнелді.
Су…су-у…у…
Тозақ оты қайта маздағандай.
Өртеніп барады.
Бір тамшы суға зар. С-с-у-су…
Біреу естіген секілді. Бірақ, мұнысы несі?! Аузына тосудың орнына лақ еткізіп, үстіне құя салды.
Өне-бойы шылқылдап кетті. Суықтан дірдек қағады. Тісі-тісіне тимейді.
Түпсіз тұңғиықтың ашқарақ аранына жұтылып бара жатқандай. Бірақ, қорқыныш деген қаперіне де кірмейді.
Су ғой!.. қомағайлана қарпиды.
Қанар емес. Тағы да асады.
Қанбайды.
Қайда кетіп жатыр?..
Құрсақ тұсы тесіліп кеткендей. Жеңдерін дар-дар айырған.
Қарынын таңған болды.
Текке дәмеленіпті.
Суық су сүйегінен өтеді. Тұңғиыққа шөгіп барады. Жүрегі лоблиды. Айқайлап, біреу-міреуден көмек күтеді.
Келесі бір сәтте судың асты сақұр-сұқыр қайнай жөнелді. Жарасы жанын шығара күйдіріп әкетіп барады. Енді болмаса, демі бітіп, тұншығып-ақ кеткендей.
«Қош»… қолынан біреу жұлқа тартты. Майдандағы ағасы Сағит екен дейді. Тән азабының бәрі лезде жуылып, шайылып кеткендей.
Қуаныштан айқайлап жіберді. «Бәсе, сенбеп едім, тірі екенсің ғой, ағатайым. Болды енді. Ауылға қайтшы. Жеңешем мен бауырларым әбден сағынды өзіңді. Мұнда мен бармын ғой… »
Ағасы болса, естімейтіндей. Ол жалына, жалбарына зарлайды. Жан ағасын қайтсе де иландырғысы келеді, оқ пен оттан айнытып, туған елге, сағына күткен отбасына оралтудан дәмелі.
Бірақ, Сағит сол үн-түнсіз қалпы. Әуелден мінезі ауыр, сөзге сараң. Алайда, қазіргі мүлде басқа хәл емес пе?! Ағасына ол тілегін жеткізе алмай жанталасады.
Бәрібір естімейді. Бала күніндегідей иығына салып алды да арқалай жөнелді. «Қайда бара жатырмыз, оқ пен оттан бұқпайтыны несі?.. Екеуіміз бірдей мерт боламыз ғой. Ағатай, тастап кетші мені!»
Сағит ләм-мим деп, тіл қатпайды. Жан-жақтарынан жарқырауық оқтар зуылдап, өкіре жарылған бомбалар өкшелеп, қоймайды. Айнала астан-кестең…
Ағасы неге көрінбей кетті. Жаңа ғана келіскен сыңайлы еді. Мұнысы қалай? Әлде, «қайт-қайт» деп, ренжітіп алды ма? Жау жағадан алғанда Сағит үйде қалайша омалмақ?! Өзі қайда кетті? Көз алдында айырылды-ау…
Тұншығып барады… шөл даладан бірақ шыққандай.
Өзі жаңа ғана құтылғанша асығып, әбден зәрезап болған мұздай суға енді жете алмай, босқа жұтынады.
Бір тамшыға зар.
Су…су…с…ссу… Тым құрыса бір ұрттам.
Тамды-ау!..
Кезерген еріндерін жалады. Аузына жылымшы дәм келеді. Таңдайы жібігендей. Еріген қардың суы екен.
Санасы сейіліп, көздерін кіреукелеген тұман түрілгендей. Ол бір қырына аунап түсіп, етпеттей жатты. Күйдіргеніне де қарамастан жаралы беттерін жылымық қарға басып, күкірт татыған судан толғай-толғай жұтты.
Отқа су бүркіп, күйігін күлдіретіп жібергендей. Дауысы шығып кетті. Сонда да қоймай, тағы да құшырлана жұтты.
Жаны сәл-пәл жай тапты. Көз алдын кіреу­келеген тұман селдірей, сөгілді.
Онысы, бірақ көпке созылмады.
Жарасы қайта сыздай жөнелді. Өне-бойы құрысып, жанын көзіне көрсетеді. Аяқ-қолда­рының буындарын үзе созып, бойын керіле жаз­ғысы келеді-ақ.
Құр бекершілік.
Тән жарасына ағасынан айырылған жан азабы қосылып, жүрегін одан бетер шаншытады. «Шиеттей інілеріне енді кім қарайды. Бар ауырт­пашылық жеңгесіне түсетін болды… Сағит қайда кетті, өзі?».
Есі кіресілі-шығасылы. Өңі ме, әлде түсі ме, ажыратып болмайды. Шым-шытырық бірдеңе… онда қазіргіден бір айырмасы ашаршылық алқымдарынан аямай алды. Омбының Шар­лақ ауданындағы Қарабас ауылына қоныс аударғандарына көп бола қоймаған. Мұнда да жақын-жуық жетерлік. Әуелгіде тұрмыс та жайлы сияқты еді.
Алайда, «қарғыс атқыр» 32-нің нәубәті жеткенде «тұрымтай тұсынаның» кебі келді. Әркімнің өз жаны үшін шырқырағаннан өзгеге амалы қалмады. Өзің ақыл-естен айрылған соң, өзгеге қарайлауға мұршаң келмейді.
Жан сақтаудың жалғыз амалы – қайтсе де Сағиттың қасына жету болатын. Бөгелсе кеш болатынын олар жақсы түсінген. Қарабас деген жер атауына бұрын кім мән беріпті. Қайдан келіп еді Қарабасқырға… жаяу-жалпылы Степнякқа жетіп, алтын кеніндегі Сағит ағаларына қосылған соң ғана естерін жиды. Онда да оңай емес. Ересектер батпақ жалдап, белуардан су кеше жүріп, алтын жуады.
Су… аш өлімге араша түскендей. Бастарының аман қалғанына шүкіршілік етеді.
Сонда көрген мехнаттары мынаның жанында рахат!
Бейбіт күнде қиындыққа қайысу беталды екен. Босқа күйіп-жанбай, тізгінді сабырға берсе! Жаймашуақ күндердің жан жадыратар шуақты сәттерін, әттең сезбей де қаламыз-ау!

Су
Ардагер иллюминатордан аспан төсін шола қарайды. Шудалана шұбатылған ақ шулан бұлттар бірде әппақ оппа қарды, енді бірде шыныланған сіреу қарды елестетеді… қыста туған ауылы Қосым қалың қардың астында дамылдайды. Кей жылдары, тіпті арқаның адуын желі ұйтқи соғып, үйіре жинаған қар үйлерді шатырына шейін тұмшалайды. Көршілер бір-біріне тау-тау қарды ойып, терең жол салып қана қатынайды.
Балалар үшін қызықтың көкесі сонда басталады. Аппақ төбелердің астын үңгіп, неше түрлі күрке соғады. Олары ортасына түсіп кетіп, қойыны-қоныштары қарға толып, үсті-бастарына сүмек-сүмек мұз қатса да қарамайды. Қардың жапалақтап немесе көбелекше қалбалақтап жауғаны қандай! Алақандарына қондырып, баршасы қыран-топан. Бірақ, үнемі олай емес, қардың түте-түтесін шығарып, бір төбені бір төбеге қосып, боран соғады. Табиғаттың ондай дүлей күндері үйден аттап шыға алмайды.
Анасы Айса жалғызілікті болса да екі баласын ел қатарлы еркелете алды. Жетімдіктің кермек дәмін жеңілдету оңай болып па?!
Ана жүрегінің құдіреті!
Олар алаңсыз-ақ ер жетіп келе жатқан. Сөйтсе, бар көрешектері алда екен. Ойда-жоқта әлпештеген Ана құшағынан ажырап, шын жетімнің кебін сонда киді.
Сағадат онда жетіден енді асқан. Барлық ауыртпашылық жалғыз ағасының мойнына түсті. Бірақ, ол ерте езіліп, жастайынан жүнжіп кетпеді. Сағиттың қолы жетпегенді айналасындағы адамдардың мейірімі толтыратын. Ұстаздары, ауылдың үлкендері жанашыр көңілдерін аямады.
Баланың аты – бала. Өзі құралыптас ұл-қыздармен кездескенде бәрі де ұмыт болады. Ауыл баласы, әсіресе Тихоненко ақсақалды жағалағыш. Қария қыстың суығында үйінен ұзаққа шыға қоймайды. Ал, аяздың қыры сынысымен күншуақты жағалап, құрыс-тырысын жиі жазады.
Ол алдымен олай-былай ырғалып, құрыстап қалған денесін түзейді. Үлкен кісінің жасаған әртүрлі орапайсыз қимылына бәрі мәз-мәйрам. Қария осы қалпында тап бір үстел жағалаған сәби секілді.
Ебедейсіз-ақ.
Қалтаң-құлтаң. Бірақ, ешқайсысы күліп, мазақтамайды. Олар үшін ақсақалдың беделі ерекше. Сондықтан бәрі қарияға қосылып, дене шынықтыруға кіріседі.
Жеткіншектердің бұл қылығы ақсақалға да ұнайтын тәрізді. Бірақ, өзі тез ентігіп қалады. Сосын үйіне қарай бұрылады. Осы сәтті бәрі қалт жібермей, аңдып тұрады. Қарияның темекісіне айналғанын біледі. Ең жылдамы оған ере жүреді.
Іле-шала ол ақсақалдың астына салатын терінің көнін алып, қайта ілесе шығады. Тері үйреншікті орнына жайылады. Қарт оған асықпай жайғасады. Сосын қолындағы дорбасынан қағаздың қиындысын алады да оған бір шөкім темекі салып, орай бастайды. Ара-тұра жөткірініп қойып, бәрін бабымен жасайды. Тіпті, айналасында не болып жатқанымен ісі жоқ.
Ақсақал қою түтінді бір бұрқ еткізген соң барып, бұлардың бары есіне түседі. Бәрін көзімен бір түгендеп шығады. Өзінің зердесін тексергісі келгендей, балаларды жайлап шола отырып, аттарын атап, түсін түстейді. Тихоненко ақсақалға өзінің осы әрекеті ерекше ұнайтын.
Қателеспейтініне қайран қаласың. Сағадатты атағанда «потомок баты-ра» деп, соңғы сөзді созыңқырай айтады. Басқалар соны аңдып тұрады. Қызығатындарын сезеді. Өзгелерден ерекшеленгісі келмегенімен, мадақ сөз жас баланың жанына майдай жағады.
Ол осыдан соң, бұлардың барын тағы да ұмытады. Жөткірініп, тамағын кенейді де «өмір бір күндей болмады» деп, өз-өзімен әңгімелесіп кетеді. Басқа ештеңемен ісі жоқ. Әңгімесінің шумағын жайлап тарқата береді.
Баяу сөйлейді. Ойының желісінен айрылып қаламын ба деп алаңдайтындай. Ара-арасында тамағын қырнап қойып, сөзін одан әрі сабақтайды. Қарттың бірқалыпты мақамы балаларға да жағымды. Тып-тыныш күйлері ақсақалдың аузы­на телміреді.
Мүлде таусылмайтындай. Бір ғажабы, бұрын айтқанын екінші қайталамайтындай көрінеді. Әсіресе, олар қарттың бірінші дүниежүзілік соғыста басынан кешкендерін қызыға тыңдайды. Бала жүрек оның окопта лай су кешкен күйін елестете алмай қиналады.
Көздерін ашқаннан көргендері қарт адам болған соң шығар, жас солдатты мүлде елестете алмайды… кәрі сарбаздың басы мен мойнынан, қойны-қонышынан құйылған су «дулығасынан, торғауыт сауытынан» сорғалайды.
Бет-жүзі айғыз-айғыз. Лай-лай қолын киімінің тазалау жеріне құрғатқан болады да, бетін қайта-қайта сүртеді. Тарам-тарам су бәрібір құйылуын қоймайды. Қарт сарбаздың әңгімесінің әсері соншалық балалар сол окопта жау оғынан тап бір өздері жасырынып отырғандай… көктемнің табандарынан өткен ызғарының бойларын ала бастағанын сонда ғана сезеді. Өңшең ұсақ бала аяқ-қолдарын оңды-солды, жоғары-төмен созғылап, бір орындарында тыпыршып тұра алмайды.
Қарттың да әңгімесі үйреншікті мөлшерден аспайды. Ол кенет астынан су шыққандай, сөзін кілт үзеді де, ешкімге жақ ашпастан орнынан қиралаңдай тұрып, аяқтарын сылти басқан күйі үйіне қарай беттейді. Бағанағы пысықтары енді еш талассыз-ақ тері бөстекті алып, ақсақалдың соңынан ереді.
Қарияның артынан ағаш есік қашан жабыл­ғанша олар тосып тұрады. Қанша тоңса да қаша жөнелгенге ұялады. Сықырлауық қалай шиқылдай ашылса, солай қайта жабылады. Балалар да ойларына бірдеңе түскендей, жапатармағай үй­леріне қарай зытады.
Сағадат үйге кіре сала кітабын «шөліркей» қолына алады. Құрдасы Илья Колебаевтың әкесі Петр Николаевич «бос салпақтамай, оқыңдар, оқу – сәуле, оқымасаң қапаста қамаласың» деп, олардың сабағын қатар қадағалар еді. Ол «қапас» деген сөзден өзгеше шошынады.
Ағасы үйге кеш келетіндіктен, амал жоқ, көбінесе жападан-жалғыз шошаяды. Қараң­ғылықта үрей бар. Оған да амал тапты. Қорқыныш сезімі, әдетте батырлар жырын оқыған сайын сейіле береді. Қазір де «Көрұғлы» дастанын қолына алды да белгілеп қойған жерін ашып, құныға бас қойды:
«Көрұғлы ер жөнелді
Қара атпенен сабалап
Шошынар емес тұрса да
Жүз мың дұшпан қамалап.
Күйген таудың басында
Отыр екен қырық бір ер.
Әрқайсысы арыстан, шер,
Салса бір көзін шамалап.
Көзін салып қараса,
Ойда біреу келеді,
Тас бұршақтай домалап.
Сапабек деген бір батыр
Бар еді мұның ішінде,
Қисабы жоқ күшінде…
Тоғысқанда жаулармен
Он санға өзін бағалап…
Сағадат кітаптағы оқиғаға өзінің қалай ара­ласып кеткенін де байқамай қалады. Өзі шамалас жап-жас Көрұғлыға жаны ашып, бүрісіп барады… он алтыншы ғасырдағы түрік-кавказ соғысында жауға қарсы жас батырмен иықтас тұрып, қанат­тас ұрыс салады. Жырға одан әрі беріле бас қойып, еңсесі ат үстінде отырғандай, зорайып ба­ра жатыр:
Қашқан ерлер иіріп,
Бір жерге әкеп қамады.
Құтылмасын білген соң,
Сапабектей асыл зат
Қол қусырып батырдан
Сауғаға жанын сұрады.
Құлақ салып сөзіне
Көрұғлы да тұрады.
Сапабектей асыл зат
Ұнады ердің көзіне,
Тар жерде болар жолдас деп,
Батырлардың жүзіне
Назарын тігіп қарады.
«Сұраған қырық жігітің
Осылар», – деп пірлері
Айтып еді өзіне,
Соны есіне алады.
Таныған соң Көрұғлы
Аттан түсіп көрісті…»
«Жеңілген батырларға Көрұғлы не қылады екен» – деп, толқыған жас оқырманның жүзі келесі сәтте түлеп сала берді:
«Қырық жігітім, сен қыларсың ерлікті,
Мен көрсетпен тірлігімде кемдікті.
Көрген адам әбзеліңе таң қалсын,
Масатыдан атқа салғын терлікті.
Қырық жігітім, сапарыңды ойлаңдар,
Жау дегенде жанған шоқтай жайнаңдар.
Сағадат бірте-бірте қорқыныш дегенді мүлде ұмытады. Қайта біраздан соң, қабағы қатулы, бес қаруы сай, тұлпарының басын еркін жібереді:
Қызылбастың өкшесін атпен бастырды,
Жермен-жексен нешелерін тас қылды.
Ұрыс қылып Көрұғлы жалғыз өзі,
Тұс-тұсына қызылбасты қашқызды.
Һәр ұрыста шері зада арыстандай,
Қар бұзылып, көктемде су тасқандай.
Он төрт күнде ұрыс қылды Көрұғлы
Өтіп кеткен Рүстем мен Дастандай…
Ол енді алаңсыз қалпы қалғып бара жатады. Көздері ілінісімен оқығандары түгелдей жас баланың түсіне кіреді. Көрұғлыға серік боп, жауды өкшелей қуып бара жатады. Қалың қызылбастың құрған «торына« түсіп, жанталасатын кездері де аз емес. Жаны қысылғанда тез оянып кетеді. Бірақ, көздерін жұмып, қалғи бастағанда жаңағы қыспақ одан әрі тарыла түседі.
Кейін қуланып алды. Жаны қысылып, оянып кеткен кезінде бас жағындағы батырлар жырын қолына алады. Тозығы жеткен кітапты кешелі-бері желімдеп, бүтіндеп қойған.
Кітапқа деген осы құмарлығы оған өмір бойы адал серік болып келеді.

***
Темір қанат самұрық он екі мың шақырымдық зеңгір көкке шарықтай көтеріліп алды. Көк жүзін жасындай тіліп, сұңқарша сілтеп келеді. Төменде көксеңгір тұманға, әлде мамыққа ұқсас ағыс нөпірі. Одан әрі ақбура бұлттар бірін-бірі баса көктей, жапыра жаншып кетердей аударыла, төңкеріле жөңкіледі. Қалың тұман мен көкшулан ағыс аспан жүзін қанша тасалаймын десе де, алып мұхиттың «тақиясына тар» келуде
Жердің жетпіс пайыздан астамында шал­қыған телегей суды зор ақпараттық зерде, ерек­ше деректер қоры дегенмен келіспеу қиын. Үңілетін «көз» болса, планетаның миллиондаған жылдар бойы басынан кешкен талайы тағдыры онда тұнып тұр.
Сағадат Қожахметұлы шексіз де шетсіз, түпсіз де терең мұхит айдынын көңіл көзімен бағамдайды. Жүзі ашық, көңілі көтеріңкі… телегей теңіздер шынында да адамзат тағдырының әйдік зерде сандығы. Ол ардагердің де өмірінің тарыдай болса да сырларын ішіне бүгеді… титімдей ғана.
Боп-боз.
Сол көзінің қиығына қонақтағалы қашан. Алғаш қалай байқағаны есінде жоқ.
Кейін айнаға зер сала қарағанда ғана назарына ілінетін. Ол да әуелде ғой. Көзі үйренген соң, көңі­лінен таса болғалы қашан.
Бүгін таңертең айна алдында әдеттегіден ұза­ғырақ кідірді. Жеңіс мерекесінің салтанатына жиналған беті еді.
Ескі түйіршік ойда-жоқта жанарын байлады. Баяғы бүріскен қалпы.
Тиіттей.
Өседі деуші еді. Өйтпеді. Сол қалпында қала берді. Сырт көзге шалына да қоймайды. Тарыдай ғана.
Ойда-жоқта жанарын сүріндірді. Оған да мынау мереке себеп. Асығыс жиналды. Шақырған жерге кешігіп көрген емес.
Бұл жолы да әдеттегідей ертерек келді. Қашаннан қанына сіңген қасиеті. Өзі секілді арда­герлер шоғыры көп-көрім. Тәуелсіздік монументіне жиналған беттері. Олардың арасы жанына жағымды-ақ. Әр ортаның, әсілі өз ерекшелігі бар. Кей жерде жаны жабығады. Сосын ондай ортадан бойын аулақ салуға тырысады. Анық-қанығын білмеген нәрсені қоздатқанға жаны қас.
Әрине, қуаныштың бәріне қатысудың реті бола бермейді. Зейнеткер деген аты болмаса, белсенді қоғамдық қызметтің бел ортасында. Елбасы мен Үкімет шақырады… билік басындағы азаматтар ақыл қосуын сұрайды. Жастармен кездесулер, жиналыстар, әртүрлі қоғамдық кеңестердің мәжілістері, әйтеуір толып жатыр. Оның үстіне журналистер сұхбат сұрайды.
Рас, бұ дүниеге келген соң, отша жана тұрып та өртенбей, суша буырқана тұрып та асып, таспай, еңбектен тиянақ тауып, сабырды серік еткенге не жетсін!..
Ой тұңғиығына тартылып барады екен, әуелей жөнелген майдан әндері қаһарманды ардагерлер ортасына қайта оралтты. Таңертеңгі жабырқау жаны жадырап сала берген.
Көзіне ыстық, жүрегіне жақын «полктастар« мен жаңағы елжіреген естелік көңілін көтеріп жіберді. Жақсы ойда да жасампаз от бар-ау! Ол жүректі тербеп, ет-жүрегіңді елжіретеді. Жаман ой, керісінше жаныңды жегідей жеп, пендеңді отта қуырады. Теріс пиғыл қашанда өзін-өзі өртеп тынады.
Мерекеге жиналған ақсақалдар бір-бірімен қуана қауышып, өткен-кеткенді еске алысады…
Салтанат соңынан «Менің Қазақстаным» Әнұраны самғай көтерілді. «Ежелден ер деген даңқымыз шықты ғой…» Ардагерлер де әуенге қосылған… ғажап ән, өршіл әуен. Жүйке‑жүйкеңе жайылып, ерекше сезімге бөлейді. Өзіңді бүкіл елмен тағдырлас сезінесің. Бір сәтке болса да туған халқыңның тағдырымен біте қайнасып, бірге тыныстайсың.
«Намысын бермеген қазағым мықты ғой…». Әсем әуен мен мерейлі мағынаның үйлескен үндесуі ғажап-ақ! Сиқырлы саз бен салиқалы сөз перзенттік адал сезімді асқақтатады.
«Менің Қазақстаным!» – осындай жүрек тебірентерлік әсерге бөлеп, бойға жасампаз жігер құяды.
Тіршілік тербелісімен үйлесімді үн мен дыбыс. Әуен де тірліктің тынысындай сан-алуан. Бірақ, соның бәрінің ортақ заңдылығы бар. Баршасы соған бағынады. Мұнсыз әуен дегенің құр айқай-шу болады да қояды. Ондай даңғаза жүйкеңді жеп, құтылғанша әбден зәрезап етеді.
Оның өзінің Лирасының айтуынша, музы­каның суға әрқилы, яғни жағымды, бейтарап және жағымсыз әсерін ғалымдар баяғыда-ақ дәлелдеген. Әдемі әуеннен судың молекулалық құрылымы ерекше мөп-мөлдір сән түзеді екен. Ал, жары айтса, жанының алақанын білген соң ғана жаяды.
Лира Максутовна су маманы емес пе? Кәсібіне қатыстының бәрін қызыға оқып, өз «құпиясын» екеуара ғана бөлісер еді. Тыңдап отырса, рок музыка судың құрылымын быт-шыт қиратады екен.
Демек, адам тәні 75-90 пайыз судан тұратын болса, біздің жанымызға отты әуеннің немесе саз сәулесінің әсер күші қаншалықты екені өз-өзінен түсінікті. Табиғатпен, оның тыныс-тіршілігімен үндес ән адамның жан-тәнін баурайды. Сиқырлы саз көңіл пернесін, тірлік тебіренісін тап басады. Сезімнен өріліп, ақылмен безбенделсе солай.
Әуен, ол – От пен Судың сапырылысы. Дарын өз жүрегінен туған әуенді сезім отында қақтап, сабырмен суарып, тірлік тебіренісімен тоқайластырады. Шын шебердің көкірегінен ұшқан шоқ ән көрігін одан әрі маздатады дерсің.
Өмірдің өзі де – Ән, әрине сәулелі сезім үшін солай. Ол, бірақ әркімге бұйыра бермейді…
Жүректегі сезімнің де өз сыры мен өзгеше сазы болады. Сол саналуан сыршыл әуенді Шәмші-шерінің сұңқар қанатынан суылдай төгілген ән жүрегіңді елжірете тұрып, намысқа қайрап салатындай. Ол бірде отқа орап, тұла бойыңды буып, күйдіре-жандыра көкке шарықтатса, енді бірде үстіңнен мұздай су құйып жібергендей селт еткізіп, салқын сабыр тереңіне сүңгітеді.
Сағадаттың көңіл толқынысы басылар емес. «Апырым-ау, бұған не болды?» От пен судан талай өтті, жаны мұрнының ұшына келген кезі де аз емес. Алайда, сол бір бала жетім көктемінен соң көзіне жас алып көрмепті… қалайша толқымассың?!
Бірақ, бұл күйрек хәл емес, ол – рухани азып-тозған, жаны жадап-жүдеп, мүжілген пенденің мүсәпір хәлі.
Ал, мынау асқақ күй. Туған ел мен жерге деген жүрек тебіренісі мен жан шуағынан туған елден-ерек сезім!
Жан толқытарлық! Ол ешкімге де, ештеңеге де кіріптар болмақ емес. Иықтан басқан бодандық бұғауына ерегесе еңсесін тіктеп, өксігі көп өткенге салауат айтады.
Әнұран барған сайын аспандап барады.
Асқақ та айбынды. Әлжан ағасы айтушы еді: «Абылайханның әскері Тарбағатайдың баурайындағы жоңғарлармен соғыс үстінде қатты қалжырайды. Сол кезде он салт атты дөң үстінен ұлттық саз аспаптарымен халық әуендерін шалқытады. Сарбаздардың бойына тың күш құйылып, олар найзаларын ойнатып, болдырған аттар қайта шиыршық атыпты». Ұлттың арман-мақсаты мен уайым-қайғысы тұнған халық музыкасында осындай тылсым күш бар. Оны соғыс жылдары Сағадат өзі де талай сезінді.
Ән барған сайын әуелеп барады. «Ежелден ер деген» даңқты халықтың намысын Шәмшінің дарыны төрткүл дүниеге таратады. Алған бетінен қайтпақ емес.
Осы бір қас-қағым сәтте бүкіл елдің арманы бір-ақ арнаға тоғысып, астасып кеткендей. Біте қайнасып, қабыса үндесіп, тілектес қауымды шапағына орайды, бойға қуат құйып, мәртебеңді өсіреді.
Ерекше үйлесім.
От пен Су бір арнаға құйылады.
Жігер мен Сабыр жарасады.
Жасампаз сезім!
Жетімдік… жастығын жалмаған соғыс. Бодан заманның белден басқан әділетсіздігі. Адам табиғатына жат тоталитарлық жоян тірліктің барша ызғары жүрегін ерте суытқан.
Жанары баяғыда-ақ құрғап, ащы жастың сығындысындай, титімдей түйіршік қана бұғып қалған еді. Әнұранның бірінші шумағы аяқтала бергенде Сағадат еркінен тыс тебіреніп кетті. Салқар сезімі бір демде асыр-тұсыр сарқылдай құйылған. Алпыс екі тамыры иіді деген сол. Бұл да бір тоспада талай уақыт тосылып, тауаны шағылып, одан сәл саңылау тапқанда сарқырай жөнелген тентек су секілді.
Жаужүрек жанының тапталған намыстан өртеніп, өне-бойын қысқалы қаншама жыл… Отанға деген перзенттік сүйіспеншілік сезімі жұлын-жүйкесіне сел-сел жайылып, торыққан жанында талай жыл іштей қайнаған өртке лақ ете құйылды.
Сағадат Қожахметұлы өз еркінен тыс толқып кеткен… Жаңағы бір тебіреністі сәтте жанарын соншама уақыт күзеткен ескі түйіршіктің қалай үзіліп түскенін де байқамады. Ол талай жыл іште маздап, сыртқа шыға алмай тұншыққан орасан от-намыс ұшқынының бір ғана түйіршігі еді. Сырттағы «ызғардан» әбден суып, сүйелге айналғалы қашан. Басынан кешкен қайнаған ыстық пен сақылдаған суықтың нашар елесі іспетті.
Аспан түстес Ту көк жүзінде Күн сәулесімен шағылыса барып, көкпеңбек аспан төсіне бояуша сіңіп жүре берді. Бодандық оты қанатын шарпып, қыстыға күн кеше жүріп, еркіндікке әбден сусаған қыран-қазақ кеңбайтақ өлкенің үстімен баяу қалықтайды.
Ел амандығының қырағы күзетінде тұрғандай ол. Бейбіт өмірдің күзетінде… егемен елінің Әнұраны «Менің Қазақстаным» шынында да жүрек тебірентерлік. Онда Отанға деген оттай ыстық сүйіспеншілік және қайтпас қайсар намыс пен жасампаз сабыр тұнып тұр.
Астаң-кестең болған көңілі бір демде орнына түсті. Көзінің қиығынан үзілген ескі түйіршік жермен жосылған жаңбырдың суына қосылуы мұң, жанарды жасқанта жарқ етті. Намыстың наркескеніндей, бойында талай жыл қайнап, теміртасқа айналған ол азаттықтың алау оты бұрқ ете түсіп, вулканша лақылдай атылғанда қайта балқып кеткендей.
Кәдімгідей жанып, көз қарықтыра сәуле шашады. Су тұтқынында шыр көбелек айналып, заулаған күйі қашан зәулім ғимарат тасалағанша көзге оттай басылып бара жатты. Қалтарысты айнала бере жанарын жасқай тағы бір жарқ еткен. Жаңағы ұшқыннан бейне бір оталау тұтанғандай болды… шығыстан жоғары өрлеген алып Күн нұры айналаны шалқар шуағына орап келе жатыр екен.
Өмір… жаныңды шырқыратар аптабы мен аязы да, жүрегіңді тербер ыстық ләзаты мен салқын сабыры да бар.
Көкжиекте толқыған сағым… мұхитпен астасып жатты.
ОтАсу…
Ол тірлік көшіндегі тағдырына разы көңілмен шүкіршілік етті.

***
PS. Адам от пен судан жаралған. Қандай бақыт!.. от пен судан, жалын мен сабырдан, жүрек пен ақылдан жаралғаны. Жербесікте жаралған нәресте соншалықты мол қуат пен зор сабырға бөленген. Осы ерен энергия жасампаз немесе қиратушы сипат алуы мүмкін. Бұл – адам бойындағы қуат қайнарының кіршіксіз тазалығына (тектілік) және отбасындағы, яғни жаңағы қуат пен сабыр ұялаған ортадағы жағымды немесе жағымсыз әсер-энергияға тәуелді. Ата тегінен шуақты ұрпақтың айналасына шапағы ерте бастан мол түседі.
От – сезім, намыс, жігер, бір сөзбен түйсек, адамның жаны – рухы. «Көзінде оты бар екен», «жанып тұрған жан», «аққан жұлдыздай».
Ал, су – адамның тәні. Бір тамшыдан жаралған оның өне-бойы су. Сонымен қатар су – сабыр. «Судың да сұрауы бар». Пәк сезім. Мөлдір махаббат.
Ең бастысы, басыңа күн туған қиын-қыстау шақта да, өзгеге көлеңкеңді түсірмеу ләзім. Тіпті дар алдында да – адам болып қалу абзал.
Адам тірлігінің бестен бір бөлігі ғана сол өмірдің өзіне арналады екен. Көбіне күйбең тірлік салпақтатады. Тіпті, теледидар көруге емес, оның қосқышын іздеуге ғана талай уақыт зая.
Ғалымдар ғаламның ең қиырындағы обьекті­лердің тынысын 4300 метрлік алып телескоппен бақылайды. Олар ақырзаманның басқа түсер кезін анықтаумен айналысуда.
Ұлы физик Эйнштейн жолап кеткенді өзіне тартып ала беретін қара материя немесе қара энергия туралы болжайды. Мұның нақты не екенін ғалымдар тап басып, айта алмай дал. Біздіңше, бойында оты немесе суы жоқ, ауасыз тұншыққанның бәрі қара энергия. Мәселен, жансыз дүние, өшкен от пен өлі су…
Сәулесі жоқ пендені де қара энергия немесе дүлей күш иектейді. Ноқайлар, дүлейлер, ұрдажықтар… олармен, тіпті телефонмен сөйлескенде-ақ жүзіңнен қан-сөл қашады. Ал, ұзақ аралас-құралас болсаң, іші-сыртың қараяды. Ниет бұзылды деген сол, әне.
«Жердің де жаны бар» – дейді ғалымдар. Демек, оның да ішіп-дейтін және оны қорытып, қордалайтын болғаны да. Сенбей көріңіз. «Жер де өзіне Адамның тап өзі секілді жан иесі ретінде қарауын күтеді» екен. Ал, оны түсінбесең… алдымен Жер-ана ышқынады, оған да болмаса, бұлқынып, тулайды…
Жер сілкінеді. Көк селдетеді. От болып ағылады… (Челябинск метеориті), Су болып құйылады. Күлпарша етеді… кегін алмай тынбайды.
Қырғыздың Кемин аймағы. 1911-ші жыл. Жер сілкінісі. Қырылған көшпенділер. Отаршылдарға жасалған қысас.
Перудің Юнгай қаласы. 1970-ші жыл. Жер сілкінісі мұзды қопарып, айналасын қақпақылға салды. Су мен балшық көшкіні 20 мың адамдық Юнгай қаласын лезде жұтып қойды.
Арменияның Спитак қаласы. 1988-ші жыл. 80 мыңға жуық адам темір-бетон астында көз жұмды.
Аса қиын сын. Жаратушы адамзатты сынға салуда. Еркіндіктен ерігіп, беталды лағып, азғындау жиілеп барады.
Тәубаны тәрік еткендер көбейді. Шүкіршілік түстеріне де кірмейді. Өздерін-өздері тыя білмей, «өзім білем« деп өзеурейтіндер. Табиғаттың Еуропаны қырына алуы да сол қиянпұрыс «қылықтарының» қарымтасы.
Адамзат ақырзаманға асығатындай. Ол 2012-ші жылы едәуір дүрлікті.
Адам отаса отырып, талай от пен судан өтеді… ОтАсу, тірліктің отАсуы. Адам, тірлікпен отасқан адам, сол тірліктің от пен суы алдынан тосқан адам.
Адам, ерекше тағдыр иесі. Соның бірі әрі бірегейі – Сағадат Нұрмағамбетов. Оған ТАҒДЫР өзі отасқан тірліктің отАсуында отша жанған жалын мен салқынқанды сабырды тел серік етіпті.
Бұл Сағадаттың отАсуы. Абыроймен өткен жолы. Өнегелі асуы. Көргені мен түйгені. Арманы қандай асқақ болса, оның өмір жолы да сондай жарқын екен.
От – сезім, жасампаз.
Су – сабыр, баянды.
Тасыған сезім мен тиянақты сабыр.
Жасампаз баян, өскелең өмір.
Өрт пен Топан – тілсіз жау, Апат!
Ал, сөнген Сезім мен суалған Сабыр ше?
Оттың өшуі мен Судың сарқылуы, ол да Апат!
Табиғи апат.
Тірлікте де, бірақ солай.
Жігердің жасып, сабырдың суалуы да қа­сірет!
Адам отасқан өмір арнасында оған От пен Су сенімді серік. Олардың жалыны мен сабырын жан-тәніңмен сезіну – зор бақыт!
Өзіңді де, өзгені де босқа «күйдірмей», текке «тоңдырмау» – Арман! Адами асқақ Арман!
От пен суға дәнекер де сол.
От пен судың арасында ауа жетпей, адаспайсың.
Ауа жайылмайсың.
От…А…Су.
«ОТ пен СУдан жаралып, қуат пен кайнар тауып, тірліктің ОтАсуында солардан таяныш іздейтін Адам.
Фәнидің отАсуында адам болып келген соң, адам болып қалудан асқан бақыт жоқ!
Алматы – Астана

Алдыңғы «
Келесі »