ТАХАҢНЫҢ ҰЛАҒАТТЫҚ ҚАСИЕТТЕРІ

  • 05.11.2013
  • 334 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Сейфолла Оспан,
жазушы

Таханның маған ризалығы

Сонау бір жылдары, яғни, Кеңес дәуірінде әр облыстарда әрқилы себептерге орайластырылып әдебиет күндері өтіп жататын. Сондай бір мерекенің тұсында бүкіл Жазушылар одағы болмағанмен, бірсыпырасы сол кездегі басшымыз Жұбан Молдағалиевтың басшылығымен Сыр өңірі – Қызылорда облысына бардық. Ақ­са­қалдарымыз Әбділда Тәжібаев, Мұхамеджан Қаратаев және Тахауи ағамыз, Сырбай Мәуленов, Мұзафар Әлімбаев тағы басқалар бар. Ол кезде Қызылорда облысын Есетов деген ағамыз басқаратын. Ұшақпен барған біздерді қала халқы қызылды-жасылды жалаулармен қарсы алды. Қаланың қақ ортасындағы Асқар Тоқмағамбетов атындағы сарайда үлкен жиын өтіп, одан соң мейрамханалардың бірінен шәй берді. Ағаларымыздың көңілі ақжарқын. Әбділда ағамыздың өзі өз еліне барғасын ба, елден ерек жарқылдап отырды. Бір кезде сөз кезегі Тахауи ағамызға да тиді. Тахаң сөзді әріден бастады.


– Ағайындар, бұл Сыр өңірінің біз үшін, яғни, қазақтар үшін орны бөлек. Бұл жер бүкіл қазақ халқының алғашқы ұшып шыққан ұясы, тіпті, қала берді, бүкіл түркі әлемінің ата-баба ордасы, бүгін біздің аяғымыз осы Киелі топырақты басып отыр. Соған қатты разымыз! – деп сөзді бір қайырып жіберді де, – сол қасиетті де қағидалы ұшқан ұямыз үшін алып жіберейік! – деп елді бір дүркіретіп күлдіріп алды. Сөйтті де, сөз соңын әзіл-қалжыңға бұрып, анадай жерде отырған Мұзафар ағамызға қарап: – Ау, Мұзаға алып жіберіңіз! – деп еді, оған Мұзағаң өзінің ішпейтіндігін айтып ақтала бастағанда, Тақаң: – Мұзағаңа мақал керек, бізге бокал керек! – деп елді тағы бір күлдіріп, тартып жіберді де орнына отырды. Содан, көп ұзамай тағы сөз орайы Тахаңа келгенде нысанаға тағы Мұзағаңды алып: – Мұзағаңа шотал керек, маған тоқал керек – деп елді тағы бір желпіндіріп тастады. Өзара қалжыңдары жарасқан қайран ағаларым-ай десеңші. Мұзағаң да оған қыңқ еткен жоқ.
Сонымен, біздер белгіленген орындарға барып орналасып дем алдық. Дем алдық деген әшейін аты ғана, сол күні түн ортасына дейін дуылдасып жүргеніміз анық. Ертеңіне таңғы асты ішкеннен кейін, облыстық радио-телевидениенің үлкен сарайында халықпен кездесу өтті. Барған үлкен-кіші ақын-жазушылар мінберге шығып, әр қайсысы өз шығармалары жайлы айтар сөздерін айтып жатты. Ал, ақындар жағы өлең оқуда. Төрде ұлы ақынымыз Әбділда Тәжібаевтың өзі бастаған өңкей марқасқаларымыз отыр. Сөз кезегін беріп отырған облыс әкімі – Есетовтың өзі. Зал лық толы.
Бір кезде сөз кезегі маған да тиді. Мен де ел сияқты бір-ақ өлең оқуым керек. Сосын, ойланып-ойланып өзімнің ит туралы топтамамның ішінен «Қазіргі мода – иттерге ода» деген өлеңімді оқыдым. Онда былай дейтін:
Не демейді нахақ тілдер жек көрген,
Мен әйтеуір көрші тұрам
иттермен.
Рас, рас жараспадық әуелде,
Дауа барма мұндай баққа
жеткерген.
Оң жақ көршім ақ күшіктің мекені,
Сол жақ көршім сақ күшіктің
мекені,
Ар жағында қара күшік тағы бар,
Шәу-шәу еткен үні бізге жетеді.
Төбемізде сар төбет бар сызданған,
Көршісі оның қара төбет мұзданған.
Тағы басқа түрлері көп сан қилы,
Адамдардың іші күйсін қызғанған… – деп өлеңді аяғына дейін оқып шығып едім. Сіздерге өтірік, өзіме шын көрермен ел қол шапалақтап зал жарылып кете жаздады. Содан кейін тағы бір өлең оқуымды сұрап отырып алды, ел. Есетов ағамыз:
– Нағыз поэзия тойы енді басталғандай болды ғой. – деп, Әбекеңе қарады. Әбекең «Оқыса, оқысын!» деп рұқсат бергізді. Мен енді «Құдаймен қалжың» деген өлеңді оқыдым. Онда:
Уа, Құдай!
Мен саған өкпелімін,
Куә бұған көкте күнім!
Мені өзің жаратасың,
Ұрпағымды таратасың.
Неге енді несібесін тең бөлмейсің,
Телміртіп неге жұртқа
қарата­сың?!
Құдайым, айналайын жарық тұлға,
Бай етіп мені өмірі жарыттың ба?
Үйіп-төгіп бересің жылпостарға,
Жаның неге ашиды жазықтыға… – дей келіп ең соңында:
Уа Құдай!
Сен де ақылға кенде ме едің,
Әлде өзімдей,
Сөзі өтпейтін пенде ме едің.
Қаншама арыз айттым,
Шағым айттым,
Ал, демедің
Немесе бер демедің.
…Қой енді
Мен де саған үндемедім! – деп аяқтап едім.
Халық одан сайын қол соқты. Бірақ, төрдегілер келесі өлеңге рұқсат берген жоқ.
Мен сол бойымен сыртқа шықтым. Менен кейін жедеғабыл төрде отырған Тахауи ағамыз да сыртқа шығып, – Әй, Сейфолла, сен мықты ақын екенсің ғой. Мен саған ырза болдым. Және ешкімге ұқсамайтын өз үнің де бар екен. Осы уақытқа дейін мен сені қалай байқамай келгем. Сен неге осы баспасөз бетінде жиі көрінбейсің, көріну керек қой, – деді, қолымды қысып тұрып. Мен ол кісіге ақталғандай:
– Мұндай өлеңдерді олар баспайды ғой аға-әке-ау. Сосын, тек осындай халық алдында ғана оқимын, – деп едім. Ағамыз іштей бір күрсініп:
– Иә, оның рас, мұндай шындықты айтатын шығармаларға жол жоқ бізде, – деді де: – Мен ырзамын. Мықты бол! – деп өзінің ризалық пейілін білдірді. Бұл мен үшін үлкен олжа болды. Содан бастап ағамызбен етене араласпағанмен, жылы амандасып жүретін болдық.
Ертеңіне таңертең Әбділда ағамыз сыртта жүр екен. Барып амандасып ем. Ол кісі бірден: – Сен кеше елді бір дүр сілкінттің ғой, жарайсың. Айтпақшы, бүгін жазушылар үшке бөлініп, алты ауданға баратын болдық. Біз Қармақшы, Жалағаш жаққа барамыз. Әрі онда Тұрмағамбет ақынның да тойы қоса өтпек. Сен бізбен біргесің, – деді. Мен іштей ырза болып таңғы ас ішуге кеттім. Артынша жұрт жиналып, Әбекең айтқандай үшке бөлінді. Бірінші топ Әбекең бастаған ақын-жазушылар Қармақшы, Жалағаш аудандарына, екінші топ Сырбай ағамыз бастаған топ Тереңөзек, Сырдария аудандарына (ол кезде бұл екі аудан қосылмаған кезі). Үшіншісі Тахаң бастаған топ Шиелі, Жаңақорған жаққа жүретін болып дуылдасып жатты. Кенет Әбекең мені дауыстап шақырып: «Сейфолла, кеше маған ана Мағираш Сарикова қарындасың келіп, мен сол жақтан едім, ала кет деп қиылған соң, сенің орныңа барса барсын дегендей болдым. Сен онсыз да өз аулыңа бармақшы едің ғой, – деуі мұң екен, мына жақтан Мұзафар ағамыз шығып: – Ай, Сейфолла, сен Тереңөзектегі орныңды маған бер. Менің сонда майдандас бір досым бар еді. Бір жолыңды маған бер – дей бергенде мына жақтан Тахаңның өктем даусы саңқ етті. – Сейфолла, сен сөзді қой, Мұзағаңа жолыңды бер, өз еліңе келіп жүрсің ғой. Одан гөрі сен, менімен бол, – деп өзіне шақырып алды да, Мұзағаңа: – Қалай дұрыс жасадым ба? – деп сәл-пәл күлімсіреп еді. Ана кісі де ырза болғандай пейіл танытып қала берді. Біз сол бетімізбен жолға шығып кеттік.
Алды-артымыз милиция, әр жеңіл машинада екеу-екеуденбіз. Алдымызда ішіп-жеміміз мол. Біз Кемел Тоқаев ағамыз екеуміз. Көп ұзамай біз ағалы-інілідей боп кеттік. Сөзіміз де үйлесіп, ойымыз да үйлесіп, ішетініміз де үйлесіп жүре берді. Тек менің ащы суды кешке қарай ішетінім ғана сәл шәркез келтірді. Ағамыз менің бұл қылығымды анда-санда келемеждеп қояды. Біздің топтың жол бастары марқұм Ғафур Мұхамеджанов ағамыз еді. Әрбір ауданның шекарасына келген сайын үлкен құрметпен қарсы алу, мол дастархан, елдің ықыласында шек жоқ.
Сонымен не керек, үшінші күннің түс әлетінде Жаңақорған ауданындағы Санаторийда кездесу өткізіп жатырмыз. Қара сөздің қас шеберлері өздерінің әңгімелерін айтып, ақындар әдеттегідей бірінен соң бірі өлеңдерін оқып жатыр, солардың бірі боп, мен де өлең оқыдым. Бұл жолы да мен «Құдаймен қалжыңды» оқып жіберейін. Ел ырза. Уақыт тығыз. Мен оқыдым да сыртқа шығып кеттім. Сол маңайда біздің ауылдың адамдары бар екен, солармен шүйіркелесіп жүргенде, мені іздеушілер де жетті. Бір жігіт: – Ау, Сәке, сізді анда іздеп жатыр ғой, бір өлең оқып, біреулердің көңілін қалдырып, дауластырып қойып, жүрісің мынау жайбарақат, – дейді. Содан, мен де барып қонағасымызды жеп, жедел жолға шықтық. Сол кезде Тахаң маған қарап: – Ай, Сейфолла, сенің жаңағы өлеңің мына Ғафур ағаңның көңіліне келіпті. Содан, мен сенің ол өлеңің бір адамға ғана арналған емес, жалпы сондай адамдарға арналған деп біраз дәлелдеп, ағаңның ашуын бастым, келіп қолын ал, жол ашық болсын, – деді. Ойымда ештеңе жоқ, мен қалбалақтап барып қолын алдым ағамыздың.
Кейін естідім, ол сөздің толық төркінін. Бір жігіт маған егжей-тегжейлі айтып берді. Мен өлеңді оқып, сыртқа шығып кеткенім сол, Ғафур ағамыз тас-талқан боп ашуланады ғой. Біз сол жерге барғанда бәріміздің суретіміз тұру керек еді. Бірақ, неге екенін қайдам менің суретім жоқ. Содан мен ренжіп, соны Ғафур ағама айтпаймын ба, ол кісі «мұнысы қалай?» – деп дереу ілгізеді. Бірақ, оны мен кешірмегендей сыңай танытып, «Құдаймен қалжың» атты өлең жазып сол маңда оқып бергендей болыппын. Содан ол кісі біраз жерге барған секілді. Ақыр соңында Тахаң сөзге кіріседі ғой.
– Әй, Ғафеке, сіз босқа ренжисіз. Бірін­шіден ондай өлең табан астында жазылмайды. Ол рас, жәй өлең емес. Дегенмен, оны ақын әбден ойланып барып, сол сияқты сан басшының қылығына сүйеніп жазған. Бұл өлеңнің құдіреті. Жалпы шығарма елдің жанын қозғамаса, оны ойлантпаса, оқырмандар сіз сияқты әсер алмаса, ол шығарма шығарма емес, әшейін оқыла салған бірдеңе болады да шығады. Мен Сейфолланың екі өлеңін кеше тыңдағанмын, екеуі де маған қатты ұнады. Мынау соның біреуі ғана. Екіншісі ит жайлы, бұдан да өткір. Ініңізге бостан-босқа ренжімеңіз, – десе де ана кісінің ашу-ызасы басылмапты. Сонда, Тахаң кеудесін көтеріп алып, бұған иланбасаңыз өзіңіз біліңіз, онда біз сізді сол өлеңнің негізгі кейіпкері екен, – деп елге таратамыз деп күлімсірегенде, Ғафур ағамыз бірден орнынан ұшып тұрып, – Кешіріңіз Таха! Олай етпеңіз енді, түсіндім, – деп көңілін жайландырыпты.
Осы уақытқа дейін, мен Тахаңның мін­бердегі арыстан жалды қалпын пір тұтып келсем. Енді, осындай, Арыстан жалды заңғар ағамыздың менің шығармам жөнінде жақсы пікір білдіріп, өзінің інілерінің бірі ретінде қабылдағанына көзім жетті. Бұл сапардағы менің үлкен олжам осы болды.

Сағыныштың сарабдал бейнесі
Бұл кісінің құдіретіне тағы бір таң қалғанымның куәсі, дәл сондай әдеби күндер сапарымен осы Алматы облысы Кеген ауданына да барғанымыз бар. Қай жылы екені есімде жоқ. Бұл да сол Кеңес үкіметінің тұсы, сонау бір жылдары. Мұн­да барған жазушылар екіге бөлінді. Бірі Сырбай ағамыздың тобы, екіншісі тағы Тахаңның тобы. Алғашқы күні аудан жұрт­шылығымен кездесуіміз өте сәтті өтты. Енді ел аралауға келгенде Сырағаң мені өз тобына қосып алған екен, соған ыңғайлана бергенім сол еді. Тағы да Тахаң:
– Әй, Сырбай мына мен жақтағы ана тапалыңды өзіңе ал да, ана Сейфолланы маған жібер. Бізге де екі-үш ақын керек қой, – деп бұйыра сөйлеп еді, Сырағаң үн-түнсіз: – Жарайды, қалағаныңды ала қой, – деді де жөніне жүріп кетті. Сонымен, мен тағы да Тахаң тобында кете бардым.
Бірте-бірте тау ішіне ендік. Қайран қазақтарым-ай, барған елді мекендер халқы құшақ жая қарсы алып жатыр. Дас­тархандары мол, өздері ішпесе де, барын қонақтарының аузына тосатыны тағы бар. Біздің Тахаңның әңгімесі таусылған ба, және әңгімелерін бал тамыза айтқанда, тек тыңдай бергің келеді, тыңдай бергің. Сөйтіп келе жатқанда алдымыздағы Тахаңдар мінген машина қаңтарылып тұрып қалды. Соңынан келе жатқан біз де келіп тұрдық, олардың қатарына. Сөйтсек, ойламаған жерден алдарынан бір қызыл түлкі тұра қашыпты. Жаңағы қызыл түлкі иә ұзап кете алмай, иә қалып қоймай машинаға ілесіпті де отырыпты. Содан, жерге түсіп қуайын десе, жаяу адамға жеткізе ме, бізді бастап келе жатқан аудан басшысының орынбасары бір келіншек (атын ұмытып қалдым) бір атты адамдардың қарасы көрінсе деп келе жатыр екен. Келіншектің ойлаған ойы дегендей келеді. Кенеттен бір екі аттының қарасы көрінеді. Соларға дауыс жетер шамаға келгенде машинаны тоқтатып, аналарды шақырғанмен оларға дауыс жетпей ме, әйтеуір болмаған соң түлкіні өздері қуған болады. Сөйтсе, түлкі жаралы түлкі болып шығып, ақыры машина жүргізушілер қуып жүріп ұстайды. Соның қызығымен жолда біраз кідіріп қалдық. Сол жердің азаматтары Таха бұл түлкі сізге бұйырайын деп жүрген ғой әдейі, құдай қаласа жолыңыз болады екен, – деп жатыр. Ол кісі де күліп жатыр, оның үстіне жаңағы райком басшылығынан ерген келіншек те бір қызыл түлкідей жайнап тұр екен әрі ол әйелдің күйеуі де жоқ екен. Соны мегзеді ме Тахаң көзін сол келіншекке бір жалт еткізіп, әңгімесін одан әрі жалғап жүре берді. Және бұл кісінің әңгімесі енді аңшылықтың төңірегінде өрбіді. Ол тақырыпты да құлпыртып ала жөнелді.
Сонымен, не керек, біз діттеген жері­мізге жеттік. Бірден жиналып тұрған елдің үстінен шықтық. Аудан, ауыл басшылары қазір ентігімізді басып шайлап алайық деп еді, оған Тахаң көнбеді. Жоқ, халықты қаңтарып қоюға болмайды. Олар еңбек адамдары ренжітуге хақымыз жоқ деген соң, тура клубқа тарттық. Жиналыс басталып кетті. Аудан басшылары жиынды өздері ашып, біздерді таныстырып болған соң, сөз ең басты қонағымыз Тахаңа берілді. Тахаң өз әңгімесін сол жердің тарихынан бастап, жергілікті халықтың өздері біле бермейтін біраз тарихи деректер айтып, енді, сөзді жазушылық өмірге әкеліп құлатқанда, тап алдында тамсанып тыңдап отырған елдің ішінен бір егделеу кісі орнынан ұшып тұріп: – Таха, сіз біздің Бердібек Соқпақбаев ағамыз жайлы не дер едіңіз? Өткенде осында Бердібек ағамыздың өзі келіп-кеткен еді. Сол кісіге сіз туралы сұрақ қойып едік, сонда ол кісі «Тахауи ма, ол Тахауи ғой. Ол өзі далақбай адам, үнемі сыраханада сыра ішіп жүреді, ол жайлы басқа ештеңе айта алмаймын» деп сөзді келте қайырған, – деп сұрақ қойды. Тахаң жаңағы кісіге қадала қарап: – Бердібектің мен туралы не айтқаныңда шаруам жоқ, айта берсін. Ал, менің Бердібек жайлы айтарым көп. Алдымен, мен сондай жазушыны дүниеге әкелген мына топыраққа тағзым етем. Топыраққа тағзым ете отырып, мына сіздерге де, яғни, еліне де тағзым етем, – деп Тахаң Бердібек жайлы және арғы-бергі балалар әдебиеті жайлы әңгімелер қозғап жарты сағаттан астам лекция оқып, елді риза етіп, ең ақыр соңында Берді-ағаңның мінезіне тоқтап, оның мінезі кімге ұнар, кімге ұнамас мәселе онда емес, оның мәселесі өзінің істеген ісінде, ол бүкіл Қазақ балалары мақтан тұтатындай шығарма жазып, бүкіл әлемдік дәрежедегі шеберлігін көрсетті. Соның өзі сендерге жетпей ме? – дегенде жаңа сұрақ қойған жігіт ағасы бетінен басып, шыдай алмай сыртқа шығып кетті. Мұндай сөзді мен тек Тахаңнан ғана естідім. Мен де құдайға шүкір, талай сапарларда болдым. Әдебиетті насихаттау бюросымен де араламаған жерім жоқ. Сонда, менің жазушылардың үлкен-кішісінен естігенім бір-ақ сөз. Ол өзінен басқа мықты ақын, майталман жазушы жоқтығы. Тіпті, әр-бірден соң сол жерден шыққан жақсы жазушы болсын, жаман жазушы болсын сол жердің құнары емес пе ол, соны біз көре тұра көбінесе байқамайтындығымыз барып тұрған сорақылық қой. Біздің Тахаң сондай пендешіліктің аузына құм құйғандай әрекет жасағанының өзі алыптығы емес пе? Дархан кеңістігі емес пе.
Содан, кеш болды. Кешкі асқа отырдық. Тахаңның әңгімесі, бірінен бірі өтіп, қызықтырып тыңдаудан жалықтырмайды. Кенет ас келетін болды. Біздер қазір тамақ келсе, мына кісінің әңгімесі бөлінетін болды-ау деп отырғанда, ас та келді. Осы кезде Тахаң бірден сөзді пышақ кескендей доғарды да: – Ал, ағайындар астан ешкім ұлық емес, – деп қол жууға көтерілді. Ел тамақтарын ішіп, одан кейін шайлап болғаннан кейін, айнала отырған кісілер Тахаңның әңгімесіне сусап отырғандығын білдірмей жатып, Тахаң өзінің әңгімесін тоқтатқан жерінен әрі қарай жалғап ала жөнелсін. Басқаны қайдам, өзім таң қалдым. Содан, түннің бір уағына дейін небір әңгі­мелерге куә болып, біз де демалдық. Осы жолы тағы бір байқағаным, Тахаң қай жерде отырмасын, қай жерде болмасын, өз қатарлары Әбдіжәміл, Сафуан, Зейнолла, Қалтай, Тәкен сияқты тұстастарын дәл осы дастарханда отырғандай немесе өзімен бірге жүргендей әсер тастайды екен. Ғажап емес пе Тахаңның бұл тағы бар ғажап қа­сиеті демекке хақымыз жоқ.
Таңертең ертемен қайтатын болдық. Қайтарда елдің әдеті ғой, әркімге бір-бір сый-сыйапат беретіні. Сол сый-сыйапат бе­рердің алдында Тахаң тұрып: – Ағайындар, бұл сый-сыйапаттар еліміздің салт-дәс­түріндей қалыптасқан ғой. Оған дау жоқ. Бірақ, бір нәрсені ескертейін, мені үлкен деп, үлкен сый жасап, басқалар еріп келген ғой деп қарамаңдар ағайын. Бұлар да болашақ біздің орнымызды басатын таланттар, елдің елеулі қаймақтары. Сондықтан, мені елден ерекше сыйламай-ақ бәрімізге тең бөліңдер, ал, алда-жалда қиналатын жайлар болса, онда бермей-ақ қойыңдар. Біз сіздерден алу үшін келген жоқпыз, ел аралап демалып, сіздермен сырласып, өзімізге рухани азық алу үшін келдік. Соған рахмет. Сіздердің көңіл-күйлеріңіз қаншалықты жақсы болса, біздің де көңіл-күйіміз сондай болмақ. Сондықтан, сіздерге мың да бір рахмет, – деп қоштасып шығып кеттік. Тахаңның бұл да бір үлкен ұлағатты сөзі болды. Бұл кісінің қатарындағы жан­дардан мұндай сөз естімегенімді та­ғы айта кетейін. Қайта қалталары қан­шалықты қампайса, соншалықты байып қайтатын ағаларымыздан мұндай аталы сөз түгіл, соңынан еріп барғандарға миы­ғынан күліп, сен кімсің-ей дегендей кемсітуге дайын тұратын ағаларымыздың да, қатарларымыздың да талайларын көргенбіз. Содан болар Тахаңмен жүрген­дердің біреулері шығармаларының биік­тігін сағынса, енді біреулерінің өзін сағынатындығы. Өзім дәл қазір сол қос сағыныштың ортасында отырмын.

Тахаңның екі шарапаты
Осы сапардың алдында бір-ер жыл бұрын біз, бір топ жазушылар, осы Алматы облысының Кеген ауданында болғанбыз. Ол жолы бізді бастап барған Сағат Әшімбаев ініміз болатын. Қай жерде де ақын-жазушыға деген құрмет өте жоғарғы дәрежеде ғой. Ол сапарда менің айрықша есімде қалғаны, біздің Бердібек ағамызға өз қатарластары жай­лы сұрақтар көп қойылды. Ел Тахауи туралы және оның шығармашылығы жайлы көп сұрады. Сонда Берді ағаң сөзді көпке ұзатпай «Ол Тахауидың айтатын ештеңесі жоқ, жазушы ғой енді» деп доғара салатын. Ол жауапқа әдебиет жайлы тереңірек мәлімет алғысы келетіндердің көңілі көн­шімей жататын. Бірақ, Берді- ағаңа бәрі бір оның үстіне мінезі де қызық қой, содан кейін өзінен-өзі оңашаланып кете баратын. Ал, араға бір-екі жыл салғаннан кейінгі сапар жоғарғыдай болған. Елге сыйлы екі жазушы ағаларымыздың мінезі де екі бөлек. Біреуі айтар сөзін ауыз-екі жеткізе алмаса, ал, екіншісі көл-көсір тілімен қызғаныштың қызыл итіне жем болмай, өз қатарына аспандатып ақтап шығып жатқаны анау. Содан ауылға қайттық. Осы Алматымызға келгеннен кейін, (Берді-ағаңмен мен де жақсы едім). Бір оңаша тұста, алдыңғы сапардағы өзінің Тахауи жайында айтқаны, мен бұл сапардағы өзі туралы Тахаңның айтқанын әдемілеп жеткізіп бердім де, өзім де қарап отырмай:
– Мұны қалай түсінуге болады? – дедім. Ол кісі әуелде:
– Ол Ақтақаш қой, Ақтақаш қой, – деп басын біраз шайқап алды да:
– Біздің жанымызды осындай алды-арты кең жандар ғана аман сақтап жүр ғой. Оның несін айтасың, – деп өз-өзінен аздап толқып алды да, тура алдында Тахауидың өзі тұрғандай:
– Оның өзі ұлы классик қой. Сосын, ол жалғыз болсын ба, айналасында өзіндей адамдар жүрмесе, сәні келмейді емес пе? Менің ол жайлы сыр шертуге тілім жетпейді-ау деймін. Оның үстіне шындығын айту керек. Ондай кеңістік біздің арамызда жоқтың қасы, – деді де, – Мен саған бір қызық әңгіме айтып берейін. Ол кезде осы Тахауи «Қазақфильмде! Бас редактор, мен болсам осы Жазушылар одағында проза жағындағы кеңесші болып қызмет атқарам.
– Ол қашан болсын, бастықтығы мен жазуын қоса алып жүрген жан. Бір күні бізге соқты. Мен күнделікті жұмысымды түртініктеп отырғанмын. Ол мені шамалы сөзге тартқысы келіп еді, менің қолым босай қоймады. Сосын, сәл тұрды да:
– Әй, Бердібек, осы сенің жалақың қанша? – деді. Мен өзімнің қанша алып жүргенімді айттым. Сол мезет Тахауи қолын бір сілтеп, әй-шәй жоқ:
– Сен менің қарауыма кел. Осы жерден алатыныңды екі-үш есе етіп берем, бола ма? – деді. Мен күйбеңдеп қалдым. Екі ойлы болып, күйбеңдеп қалғанымды бірден байқап, қыр соңыма түсті. Содан не керек, қатарынан үш күн келіп, көндіріп алды да кетті. Сонымен, мен киностудиядан бір-ақ шықтым. Жалақым шынында да екі-үш есе көп болды. Бұл жөнінде Ақтақаш сөзінде тұрды. Орнымды ауыстырғаныммен отырған орнымнан қозғалмайтын әдетім бойынша, енді сценарийлерге шүйліктім. Бірде маған Тахаң:
– Әй, Бердібек, ендігі бастығың мен емеспін бе?
– Иә.
– Онда сен, мына менің айтқанымды екі етпеуің керек.
– Иә.
– Олай болса, андағыңды жинап қой (ол үстел үстіндегі қағаздарды айтып отыр). Жүр, таза ауаға шығып сыра-пыра ішіп қайтайық, – деп қояр да қоймай, машинасына отырғызып алып кетті. Жақсылап дем алдық. Ертеңіне де сондай болды. Екі-үш күннен кейін де сондай болды. Қысқасы, отырып жұмыс істемеуге айналдым. Сосын Тахауиға жалынып:
– Мені әурелемей-ақ, өзің бара берші, – деп қиылдым.
Ақ көңіл Тахаң сәл ойланып тұрды да:
– Онда сен былай ет. Мұнда қапылған жұмыстың жоқ екенін көрдің ғой. Сен бұлай отыра бермей, үйіңе барып, өз шығарма­ларыңды жасай бер. Тек анда-санда осы жаққа бір соғып кетуді ұмытпа? Сосын, жала­қыңды алуды да ұмытпағайсың, – деп, бөлмеден қуып шыққандай етіп үйге жіберсін. Соның арқасында жоспар­лап жүрген көп жұмысымды реттеп алған­мын.
Қысқасы, маған «әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» жоқ, бір ғажап еркіндікке шықтым дейсің. Тағы бір күні жұмыс орнымда отыр едім. Бастығым Ақтақаш та отырған, кенет біреу хабарласып Тахаңмен сөйлесіп еді. Ол: «өзің келсеңші мына Бердібек те отыр. Не нәрсені де шешуге болады ғой», – деп трубкасын қойды да:
– Бердібек, сен осы, ана балаларға арналған шығармаларыңды киноға бейімдесең қалай болар екен? – деді. Мен жаңа анау Абдолла деген режиссерді шақырып едім. Кино жағынан ол үлкен талант. Ол саған нағыз таптырмайтын адам, – дегенше екі мұрты едірейіп Абдолла да жетіп келді.
Тахаң әй-шәй жоқ Абдоллаға: – Мына кісінің үлкен жазушы екенін білесің ғой, – дейді. Ол да. – Иә, иә, – деп жатыр қалбақтап. Тахаң шамалы аңырып қалды да Абдоллаға бір қарап, маған бір қарап:
Осы сендер тізе қосып жұмыс істе­сеңдер қайтеді? – деп жауап күткендей бізге тағы алма-кезек қарады. Алдымен Абдолла жауап берді:
– Бұл кісінің «Менің атым – Қожасын» өзім де көптен бері межелеп жүр едім. Енді бұл кісінің өзі келіссе? – деп маған қарады.
Мен:
– Бұрын-соңды сценарий жазып көрмегенмін, – деп едім.
Ақтақаш:
– Жазып көрмесең, жазасың. Ана ал­дыңдағы сценарийлердің қайсысының жақсы, қайсысының жаман екенін көріп отырған жоқсың ба? Оның үстіне мына Абдолладай іс-тәжірибесі ысылған адаммен бірігіп жасайтын болсаңдар, бұл қадамдарың сәтсіз болмас. Әумин, – деді де:
– Жүріңдер, мына істеріңнің оңға басуына деп таза ауада сыра-пыра ішіп қайтайық, – дегені. Сонымен, Ақ­тақаштың бастауымен біраз шайқап ішіп, кешке қарай үйді-үйімізге тарқап тындық.
Одан кейінгі істі Ақтақаш заңдас­ты­рып берді де, Әбекең екеуміз кірісіп кеттік. Шындығы керек, менікі тек, көбінесе Әбекеңді тыңдау болды. Былай ет десе былай етем, олай ет десе олай етем. Бәрібір Абдоллаға төрт аяғы тең дүние беруге жарамадым. Соған шыдамады ма білмеймін, бір күні сценарийді қолымнан алып алды да, әй-шәй жоқ Әбекеңнің өзі кірісіп кетті. Бірақ, мені авторлықтан алып тастаған жоқ. Ол да бір ерекше азамат екен. Көп ұзамай бас-аяғы жұп-жұмыр «Менің атым – Қожа» атты фильм менің атымды барша әлемге жайды. Әрине, оған себепші болған деп алдымен өзімнің Ақтақашымды айтар едім. Одан кейін құдай менің бағыма Абдолланы тап келтіргенін қарасаңызшы. Одан кейін де Абдолланың мәрттігімен «Балалық шаққа саяхат», «Жүйрік болсаң озып көр» тағы-тағыларына ұласып жүре берді. Сөйтіп, менің Жазушылар одағында өтетін бар өміріме өзгеріс енгізіп, өзімнің Ақтақашым ақ жолға алып шыққан. Ол кісіге айтар алғысымда шек жоқ. Мына өзіңнен естіп отырмын, енді ауылдағы керауыздарға да өз жауабын берген екен ғой. Сондықтан да, мен үнемі Ақтақаштай бастықтың қол астында істе­геннен артық жұмақ жоқ деп елге айтып жүрем. Оған деген бар алғысым шексіз. Ал, Абдолланың кино мамандығына ешкімнің өресі жете қоймас деп ойлаймын. Алдыңғы кезде оның талабына мен де шыдас бере қоймай, сол маңдағы білгішсымақтардың сөзіне ере жаздағаным да бар. Бірақ, ол өзін-өзі «Менің атым – Қожа» фильмімен дәлелдеп шыққанда, ол кісінің үлкен қасие­тін сонда ғана ұқтым» деп біраз шерін тар­қатқандай болған Бердібек ағамыз. Сол әңгімеден кейін үнемі өз ортасына риза болмай жүретін Бердібек ағамыздың да көңілі бір толғанын сезінген едім…
Жазушы мен режиссердің ортасына өзінің дәнекерлік шапағатын шашқан Тахаң жайлы осы бір хикаятты да айтуды жөн көрдім.
***
Бірде мен Жазушылар одағына келсем, Мұқағали ағамыз теңселіп –жүр екен. Өзі қатты ашулы. Мені көре сала, анадайдан:
– Әй, Сейфолла, сен осы кілең мен қы­сылып жүргенде кездесетінің ғажап. Бұл жолы да солай болайын деп тұр, – деп маған сынай қарады. Мен не дейтін:
– Не болды, Мұқа, әлде неге іренжіп жүрсіз бе? – деп ем, ол жұлып алғандай:
– Иә, қатты іренжіп жүрмін, бірақ, жасыратын несі бар, ішкім де келіп тұр, – дегені. Мен:
– Мұқа, менде ақша жоқтың қасы, екеумізге жетер ме екен, – деп ойланып қалып ем. Мұқаң:
– Алдымен осы жерден қашығырақ кетейікші. Сосын, бір ретін табармыз, – деді де, қазіргі Төле би көшесімен Желтоқ­санның бұрышындағы шайханаға қарай бастап жүре берді. Мен ішімнен қалтамда тұтас бес сом, оны енді мен қалай майдалаймын деп келе жатқам. Үйдегі кісі маған қатты ескерткен, қайтып келе жатқанда, пәтер пұлды төлей кел (біздің пәтер пұлы­мыз бар болғаны сол кездің құнымен 2 сом 49 тиын болатын) қалғанына ештеңе демеген. Демек, менің Мұқаңды сыйлауыма сол бес сомның жартысы жетеді. Және ол алдымен тамақ ішейік деген. Ақша болса бес сом тұтас. Дегенмен Мұқаңның көңілін қимаймын. Әрі-сәрі көңілмен соңынан еріп келе жатырмын. Кенет ол артына бұ­рылып:
– Сен өзің көңілсіз келе жатырсың ғой. Бұрын мұндайың жоқ еді, – деп арқамнан қағып:
– Мен бүгін жұмыстан қоштасып келе­мін. Аздап қалтамда ақшам да бар. Сен қысылма, саған бір сырымды айтайын деп ем. Сол сырым ішіме сыймай келеді, – деп алды да:
– Қазір біз бір шыны арақ алып алайық, қалғанын тағы көре жатармыз. Мына асха­на­да тамақ, сыра боса да бар. Сол сыра­дан бір-екі саптыаяқтан алып, алдымен салқындап алайық, тамақтан соң. Сонымен не керек, ащы суымызды қалтамызға жасырып, мегзеген шайханаға барып, жақсылап тамақ алдырып, бір-екі саптыаяқтан сыраны тартып қойып, арасында ақты да жайластырып жіберіп, көңілдене түскендей болдық. Кенет, Мұқағали басын кекшитіп көтеріп алды да, нағыз азамат арыстан тектес болатынына бүгін көзім жетті, – деп өз әңгімесін бастап кетті. Мен де бұл кісі «не айтар екен» дегендей жүзіне қарап қалыппын.
– Сейфолла, сен де көп нәрсені көрген адамсың. Бірақ, менің мына сөзімді тыңда. Шерағаң былай қарағанда өзіме жақын адам. Ол кісінің журналистігіне дауам жоқ, бірақ, тақиясы тарлау ма деп қалам. Әрине, бір жағы өзімнен де бар шығар. Ішкіш деген атым бар дегендей. Бірақ, ол немені жетіскеннен ішеді деймісің, кейде мына айналадағы әділетсіздікке күйініп ішем ғой. Және неге екенін қайдам барынша еркін жүруге құштармын. Содан, шығар Шерхан – бастықтың бұларды тұқыртып алайын деп, келмей жатып тәртіпке бағынбасаңдар орынды босатыңдар дегені. Содан, бір-екеуден басқамыз өтінішімізді өз еркімізбен жазып, жұмыстан шығып кеттік. Ал, ана екеуінің не ойлағаны бар екенін кім білсін, қалып қойды. Бірақ, олардың да сіңіп кетуі неғайбыл деп білем. Өйткені, олар кең қолтық Тахаңның қарауында бір жыл болса да істеп қалды ғой. Бұл нағыз жазушылық орта еді. Ондай ортаны Тахаңнан басқа ешкім де жасай алмайды. Тахаңды ел сыр­тынан анау-мынау дегенмен, бетіне еш­кімнің де келе алмайтыны ақиқат. Өйткені, ол кісінің әруағы бар, сондықтан да, ол кісі ешкімнен де күлтектемейді, өзі де тұрған бойы жазушылықтың өнегесі ғой. Содан да ол қымсынбай сөйлей алады, тартынбай ойдағысын жаза алады. Және жазғанда да үлкен ойдың төңірегін төңкеріп жазатыны тағы бар, – деп тамсана сөйлеп отырғанда менде әдейі, өзіңізді жұмысқа алған соң, солай дейсіз ғой, – деп ем. Маған одырая қарап, бұл не дегенің дегендей:
– Не, менің сөзім ұнамай отыр ма. Бұл шыным, ол кісінің мені қызметке алғаны да қызық, – деп әңгімесін одан әрі жалғады. Сонау, қазіргі Желтоқсан көшесінің жо­ғар­ғы жағында бір сырахана бар ғой. Радио-телевидение мекемесінің жоғарғы жағында. Жан қысылғанда мен де соған барып тұрам. Әрі жұмысым да жоқ. Және ол жерде қалтасын қағып беретін небір мәрт жігіттер де жетерлік. Бір күні салып ұрып сонда бардым. Барсам сол күні жұрттың бәрі барыпты, ел ығы-жығы. Бір жағында Тахаң, Қалтайлар тұр екен, салқын сыраны сораптап. Мен ол кезде біраз жерге барғанмын. Қызулықпен оларға жетіп барып, «Ассалаумағалайкүм» деп амандас­тым, олар да жалт қарап, менің сәлемімді қабылдады да жедеқабыл өз әңгімелеріне көшіп кетті. Соған жыным келіп, сіздер ішкен адамдарды ұнатпайсыңдар ғой білем, және соған қарамай өздерің де ішесіңдер ә. Болмаса бұл жерде не шаруаларың бар – демеймін бе? Сол кезде Тахаң жалт қарап:
– Немене, біз көктен түсті деп пе едің. Біз де өздерің сияқты пендеміз. Оның үстіне шөлдей де білеміз, қарапайым елдің арасында жүре де білеміз, – деп сәл кідіріп: Ал, өзің неғып жүрсің мұнда, әжептәуір ақынсың, күнде теңселіп жүруден жалықпайсың ба? – деген кезде, мен де Тахаңның осы сөзін іліп алып:
– Жұмыссыз адам, бұдан басқа не істейді, айтыңызшы, – деп едім, Тахаң.
– Жұмыссыз болсаң жұмыс ізде, сені кім жазғырып тұр. Мен:
– Иә, біздерді жазғыратын да, жанашыр­лық жасайтын да ешкім жоқ қой оныңыз рас, – деп теріс айнала беріп ем:
– Иә, Мұқағали, қолың босағанда маған бір соғарсың, – дегендей болды. Арада апта өтпей сол жере тағы кездестік. Өткендегідей амандасу тағы қайталанды. Бір кезде қолымды бір сілтеп кете беріп ем. Тахаң:
– Әй, ақын! – деп саңқ ете қалды да, сен жұмысқа алындың. Ертең келіп жұмысыңды істей беруіңе болады, – деді. Мен тағы да ол кісінің бұл сөзін өзімше әжуаға балап жүре бердім. Ол кезде үнемі сыраханада жүрген адамды жұмысқа алындың дегенге кім сенеді. Ол қиял-ғажайып қой. Бұл дені дұрыс адамның түсінігінше нағыз әжуалаудың өзі. Содан бастап мен Тахаңа іштей ренжіп, маңайына бармай қойдым. Келесі жолы да сол жерде ол кісіні сырттай көріп, өзім бір тасалау жерде тұр едім. Бір қарасам, алдымда Тахаң тұр. «Е, енді мы­на кісі мені жерлейін деп келді-ау» – деп көзімді төмен салып тұр едім. Кенет:
– Әй, Мұқағали, менің өткендегі сөзіме құлақ аспағаның ба. Мұның қалай? – деп қарап тұр. Сол кезде мен де қарап қалмай ішкі ызамды сыртқа шығарып:
– Таха, өзіңіз үлкен адамсыз, сүйте тұра мені әжуаға айналдырғыңыз келеді. Мынадай сыраханадан шықпай жүрген адамды, жұмысқа алдым деп қандай ақымақ айтпақ, – деп қойып қалдым. Сол кезде ол кісі:
– Ақымақ десең ақымақ де, басқа десең басқа де мен өз сөзімді жұтпайтын адаммын, – деді де бұрылып жүре берді. Бірақ, мені Тахаңның мына сөзі ойландырып тастады. Әйтсе де, өзіне баруға тәуекелім жетпей көп жүрдім. Дегенмен сол күннен бастап, өзімді-өзім ретке кетіріп қалай болса, солай жүрмей, бір күні сол сыраханаға қайта бардым. Баяғы Тахаңды тағы көрдім. Тура барып сәлем бердім. Сол замат Тахаң:
– Сен маған сенбей жүрсің-ау деймін. Олай болса – деді де үсті-басыма бір қарап:
– Дұрыс екен, – деді де – қазір өзіммен бірге ала кетем, кетіп қалма, сыртта күт! – деп көп ұзамай өзі де шығып, редакцияға тарттық. Барысымен өзіме тиісті орныма отырғызды да, – маған келіп кет, – деді. Мен соңынан еріп барып едім, сәл отырғаннан кейін:
– Енді іске кіріс. Қоржыныңдағы материалдарды ұқыпты түрде қарап шық та, өзіңе ұнағанын сұрыптап, тікелей өзіме әкеліп бер. Жұмысыңды дер кезінде орындасаң болды, басқа уақытыңда шаруам жоқ. Бірақ, аздап болса да тәртіп сақтағаның жөн. Әйтпесе, мұндағы бірен-сарандар сені алғаныма ренішін де білдіріп жатыр, – деді де, қалтасын қарманып азын-аулақ ақша беріп, бұл менің сенің жұмысқа тұрғаныңды жуғаным болсын. Және ертең бухгалтериядан авансыңды алуды да ұмытпағайсың дегені, менің төбемнен жәй түсіргендей әсер етті. – Енді бар, – деді сосын. Сөйтсем, ағамыздың әнеукүнгі жұмысқа алындың дегені рас екен. Ал, мен болсам, оған түк те сенбегенмін. Былай қарасам қиял-ғажайып, бұл деген нағыз шығармашылық өнердің өрелі биігі, өзекжарды кеңістігі екендігіне, сонда ғана көзім жетті. Шынымды айтсам, содан кейін менен ардақты адам жоқ сияқты болып көрінді. Оның үстіне ондай адам сенбес өзекті өнеге мен табиғаты бөлек тағлымы мол еті басқа емес Тахаң сияқты марқасқа жаннан көріп отырсам, қалайша төбем көкке жетпесін, – деді де, жаңа ғана қаршығадай түлеп отырған Мұқаң, бір сәтте жүні жығылып сала берді де, ал, бүгінгі күнім мынау, өз ағамдай Шерағаңның іс­те­гені. Бұл тағдырға не істерсің. Ал, жо­ғар­ғы сол Тахаңның өзі айтқан сөзі рас боп шықты. Өз қызметкерлерінің бірі: «Таха, сіз қызық екенсіз, көшедегі «маскүнемді» де адам жұмысқа ала ма екен, қайда ол адамыңыз» – деп мазасын әбден алыпты.
Мен Тахаңның алғашқы тапсырмасын екі-үш күнде орындап апарып беріп едім. Ол кісі дайындалған дүниеге бір көз жүгіртіп өтті де риза пейілмен біздер отырған бөл­меге келіп, елдің көзінше, мінекей көрдіңдер ме, мына Мұқағалидың біреулер әзер дайындайтын материалды, екі-үш күнде тастай ғып дайындағанын, – деп масаттана сөйлеп, жауапты хатшыға, мына материалды осы күйінде жібересің, – деп шетіне қол қойып берді де, өз кабинетіне кетті. Жігіттер мені құттықтап жатыр. Тек жауапты хатшы (өзі әжептәуір ақын болатын) ғана тыжырына қарап қалды. Онда менің не шаруам бар. Сол сәттен бастап мен өзімді еркін сезініп, өз орныма енді келгендей болдым, – деп біраз отырып қалды. Сәлден кейін барып, осы әңгімемді кімге айтсам екен деп жүр едім. Өзіңе тап келгенім қандай жақсы болды. Тахаң деген сондай адам, – деп бір-ақ тоқтады.
Бүгінде Тахаңның өзі жоқ болғанмен елі 90 жылдық торқалы тойын атайын деп жатқанда осы бір жайлар есіме түсіп, Тахаңның әруағы ырза болсын деп қағазға түсірдім. Бұл менің Мұқаңның өз аузынан естіген әңгімем.

Түйін орнына
Бірде біз Жазушылар одағының шығар­машылық үйінде жатқан болатынбыз. Бізбен бірге әдебиетіміздің марқасқаларының бірі Тәкен Әлімқұлов ағамыз да жатқан. Ол кісі мені күнде шақырып алып, дүкеннен түрлі ішімдіктер және салқын сыра алдыртып тұратын еді. Және мен ол кісімен қатар отырып ішуге жоқ едім. Содан ба, әйтеуір, мені қатты жақсы көретін. Және күннің қай мезгілі болмасын, менің бөлмеме келіп, өтінішін айтатын. Бірде тапсырмасын орындап, енді кете беріп едім, Сейфолла ішпесеңде қасымда отыра тұршы, аздап әңгімелесейікші, – деді де, сен осы Қуан-ағаңмен, ана Хизмет ағаңмен сыр шертіскенде кереметсің. Сонда менімен отырғың келмей ме деп бөлмесінен жібермей қойды. Мен бұрын Қуан-ағаңның үйіне жиі баратынмын, және ол кісі Хизмет ағамызбен дос еді. Екеуі де мені жақ­сы көретін. Жалпы, менің араласпаған ағаларым кем де кем. Өйткені, оған себеп, сонау 1958 жылғы Москвада өткен он күндікте көпшілігінің кітабы шыққан. Және ол кітаптарды алғаш рет ұстайтын мен едім. Тәкең соны айтып отыр.
Сонымен әңгімеміз жарасып жүре берді. Ол кезде ағамыз өзінің Москвадағы ара­ласқан достарымен арадағы естеліктерін жазып жатқан кезі. Содан не керек, сол күні ұзақ сөйлестік. Әрине, әңгімеміздің түп-төркіні әдебиет төңірегінде болды. Мен де бұрын-соңды естімеген бірсыпыра орыс жазушылары жөнінде біраз хабардар болдым. Бірақ, Тәкең сөзге сараң жан ғой. Сұрақпен бір ретін келтірмесең ол кісіден дерек алу мүмкін емес болатын. Сондай бір шақта мен ағамызға:
– Сізге бір сұрақ қойсам ренжімейсіз бе, – дедім. Ол кісі алдымен бетіме таңырқай қарап алды да, «жарайды қойсаң қой», – деді. Сосын мен:
– Аға осы мен сіздерге кейде таң қалам. Сіздердің, яғни, Тахаң мен Сіздің екеуіңіз де әдебиетте салмағы үлкен адамсыздар. Бірақ, бір-біріңізді ұната бермейтін сияқ­тысыздар. Мысалы, мен сіздің Тахаң жайлы жазған мақалаңызды оқыдым. Оның қаншалықты маңызы барын біле алмадым. Бірақ, оған Тахаң жауап бермеді. Соған таңмын, – дедім. Ол кісі тағы да менің бетіме бір бағдарлай қарап, құйтырқы бір­деңе аңғарғысы келгендей болды ма, кенет ондай жайды сезбеген соң маған тіл қатты:
– Тахауи ма, ол мені 1:0 ғып жеңіп кетті. Өйткені, мен ол мақаланы біреулердің даурықпасымен жазып едім, расында. Кейін өзіме-өзім жыным келіп өкінгенім бар. Бірақ, одан не пайда. Атылатын жебе атылып кетті. Ол соны білді де маған қарсы мақала жазбай қойды. Онысы жөн еді. Өйткені, бұл әңгіменің екеумізге де абырой бермейтінін ол алдын-ала білген еді. Міне, сондықтан мен 1:0 боп жеңілдім деп отырғаным осы. Тахауи есті жігіт қой. Онысына мен іштей рахмет айттым, – деді де түрегеп бойын бір жазып алды да, жүр тамаққа кеттік – деді.
Бұл да Тахаңның өз қатарларының алдында да өз парасатын танытқаны ма деп қалдым. Болмаса өзі сияқты дара талант Тәкеңдер де оңайлықпен мойындамайды ғой деп білем.
***
Тағы бір айтарым, сонау 1991-92 жыл­дар­дың бірінде күзге қарай, қазақтың бек­зат ақыны – Қуандық Шаңғытбаевтың 70 жылдық торқалы тойында, мен баяндамашы болып, ақынның еліне бардық. Ол кез Ақтөбе өңірінің күзгі қоңыр сал­қынын төске алып тұрған шағы екен. Егін-теріннің алды жиналып, соңы сарала қазданып, берекесі еніп тұрғанда, елдің нағыз баданадай то­лық­сып тұрған шағында көруге жазған екен. Сол жолы біз ақынды өзінің ескі жұр­тына аунатып қайтқанбыз. Сол жолы біз қаланың орталығынан бастап Қарабұтақ, Ырғыз, Шалқар аудандарында болғанбыз. Сонда, біз қай жерде елмен кездеспейік, алдымыздан үнемі, өткен жылы осы жерлерді аралап өткен осы Тахауи ағамыздың елге және ел басшыларына үнемі «Сіздер ме­нен гөрі келесі жылы жетпіске толатын Қуандық Шаңғытбаев ағаларыңды дұ­рыстап күтетін болыңдар» – деп жүрген жеріне де, облыс, аудан басшыларына да айтып жүріпті. Біз соған куә болдық. Соған орай, Қуан-ағаңның да көңілі қайта-қайта босап, біздің Ақтақаштан басқа бұл сөзді кім айта алады деп әлсін-әлі солығын басып солқылдағанына да куә болғанбыз. Бұл біздің Тахаңдай ұлы адамның ұлағатты қырының бірі ғана еді.
Иә, Тахауи ағамыз жайлы айта берсе сөз көп, ол кісінің сан қырлы жақұт тастай қасиеттерін айтып тауыса алмайтынымыз ақиқат. Ол кісінің афоризмге айналып кеткен сөздерін былай қойғанда, ол кісінің әрбір жүрісі, әрбір сапары аңызға толы адам екендігінде сөз жоқ. Бір жолы бір жас жазушының қазанамасының басында тұрып:
– Япырмай, бұл ажал деген итің де тым жасарып бара жатыр-ау, – деп, елді еріксіз еңіреткені де бар. Содан да болар, ондай кісіні ешкім де ажалға қиған емес. Тіпті, қатты ауырып, шет елде емделуге қаражаты жетпей бара алмағанда, оған көмекке келмеген қоғамға налып айтқан Шерхан ағамыздың: «Тахаңдай азаматына көмек бере алмаған біздің қоғамнан не күтуге болады», – деген сөзі әлі күнге құлақтан кетпей, Тахаңның ұлы бейнесін елестетіп тұрғандай сезіледі. Бұл сөз және Тахаңның аса ардақты жан екендігін әйгілеп тұрса керек.

 

Алдыңғы «
Келесі »