Жиып-тергендер, көңілге түйгендер…

  • 05.11.2013
  • 10810 рет оқылды
  • Пікір жоқ

БердалыБердалы ОСПАН,
мәдениеттанушы

Ұлылар да түс көреді
Базар жырауға: Маңдайыңа берейін бе, таңдайыңа берейін бе? – деп түс көрген.
Қазақ халқы ықылым заманнан бері көр­ген түсте бір тылсым күш бар деп сенген. Түс туралы түрлі мақал-мәтелдердің пайда болуының себебі де сондықтан: «Түс­тің шешімі – жоруында», «Бір қыз күйеуге шық­са, қырық қыз түс көреді», «Түс түлкінің боғы».
Түс туралы түрлі аңыздар да жетерлік. Түстердің көбі ұлы адамдарға телінеді. Шо­қан Уәлихановтың досы Григорий По­та­ниннің жазғаны:
Может быть, о том же воззрении на поэзию как на примиряющий с жизнью элемент свидетельствует и киргизское предание о первом шамане Куркуте, ко­торый, как есть некоторые основания думать, считался по преданию первым киргизским поэтом. Он однажды увидел сон: какие-то люди роют могилу и на вопрос, что они делают, они отвечали, что роют могилу для Куркута. Он бежал на северный край света и думал там спастись от смерти. Но и там тот же сон. Потом он побежал на южный край све­та, на восточный, на западный, и везде его преследовал один и тот же сон. Тогда он убедился, что от смерти не уйти, при­мирился с этим роковым фактом, воз­вратился на родину, в киргизскую степь, и здесь, усевшись, на разостланный ко­вер, начал играть на балалайке и играл и пел до самой смерти. В этой легенде кир­гизский народ, может быть, выразил мысль, что только искусство красит жизнь и удаляет от нас преждевременно по­яв­­ляющиеся мрачные призраки.


Кітап: Ш.Уәлиханов, шығармалар жи­нағы, 5-том. Алматы, 1985. 333-бет.

***
Аттила көз жұмған түні оның жауы Маркиан түсінде Аттиланың сынған жебесін көреді. Себебі, бүгінгі қазақтардың бабасы Аттила-Еділ батырдың жауынгерлерінің қаруы садақ болатын. Абылай ханның түсі де бүгінгі күнге Міржақып Дулатұлының жазып қалдырған нұсқасы бойынша жетіп отыр. Абылай хан жасы ұлғайып келе жат­қан шағында ата жұртым Бұқараны аламын деп, Үш жүздің атақты батырларын жиып аттанды. Ешкімнен беті қайтпай келіп, Түркістанға өзінің бір баласын, Шымкентке Ғабдолрахман деген сартты һәм Ташкентке Мырза Ахмет деген сартты хәкім қойып, Самарқантқа қарай жүреді. Абылай хан Самарқант шаһарының бетіндегі Жұпар қо­рығына түсіп, алғаш қонған түні түс көріп, ертеңіне қасындағы түс жоритын қариясына жорытады: «Түсімде шатырымның алдына бір жолбарыс келіп шөгіп жатып алды, бұл не қылған жолбарыс деп таң қалып қарап едім, әлгі жолбарысым аю болып кетті. Жаңа жолбарыс еді ғой, қалайша аю болып кетті деп екінші қарағанымда қасқыр болып, одан соң түлкі, ақырында қоян болып кетті. Осы көргендеріме таң қалып жатқанымда, оянып кеттім, – деді. Сонда қария: «Жолбарыс көр­сең, басыңнан бақыт құсы ұшқаны, баяғыдан бері бетің қайтпай жүріп, енді жасың жеткен шағыңда «Абылай хан сарттан өліпті» деген атқа ұшырамай қайта ғой. Жолбарыстың аю болғаны – сенен соңғы балаларыңның заманы аю заманы болып, жұрт аюдай алысып өтер. Қасқыр болғаны – немерелеріңнің заманында қасқырдай жұлысып өтер. Түлкі болғаны – онан кейінгі заманда шөбереңнің заманында түлкіше жортып өтер. Қоян болғаны – онан кейінгі заманда қорқып өтер» деген екен.

***
Абылай ханның немересі, ұлы ғалым Шоқанның әкесі Шыңғыстың есімі наға­шысы Сарғалдақ қожаның ұлы Пірәлінің түсіне енген. Бұл туралы жазушы Сәбит Мұқанов өзінің «Аққан жұлдыз» романында жазған: Шыңғыс туарда, Уәлінің үйіне, Айғанымның ағасы – Пірәлі ишан келіп жатты. Сарғалдақ «әулие» ол кезде өліп, жұрт оның барлық қасиеті Пірәліге ауды, оқуы әкесіндей болмағанмен, бұл да ғайыпты болжайтын сәуегей, бұл да аспаннан пері түсіріп, жерден жынды қуатын ғылымын біледі, бұның да алғысы – алғайды, қарғысы атады» дейтін.
Пірәлі келіп жатқанда Айғаным ұл тапты. Уәлі қайнағасынан сәбидің атын қоюды өтінді. Пірәлі жиеніне ат қоярдан бұрын, әке-шешенің де, былайғы жұрт­тың да көңілін бөлерлік сөз айтты.
– Түс көрдім, – деді ол, – түсімде әулие атам аян беріп, осы баланың туарын айтты да, атын «Шыңғыс қой, балам!» деді. «Неге әулие ата?» деп ем, «хандардың әуелі де Шыңғыс, ақыры да Шыңғыс, соңғы Шыңғыс – осы жиен болар», – деді.
Пірәлінің сәуегейлігіне сенетін жұрт та, Уәлі мен Айғаным да бұл сөзге нанды. «Соңғы Шыңғыс осы» деп сенген әке-шеше де, басқалар да, нәрестені кішкене күнінен қадыр тұтты.

***
Қабанбай батыр бір жорықта далаға қонады. Түсінде бір адам келіп:
Қасың биік қабақтай,
Мұрның сенің табақтай.
Батыр бол, балам, қайтпайтын
Қаһарман атты аруақтай, – деп бата береді. Осылайша Қабанбай қазақ та­рихындағы «аруақты батырдың» бірі бо­лады. Ал, ақ сақалды қария дегені – Қы­зыр-мыс. Қазақтың ескі нанымында Қы­зырға жолығып, оның батасын алған адам қасиетті адам ретінде қаралады. Осы жолы Қабанбай үлкен олжамен оралады.

***
Алматы қаласындағы «Атамұра» бас­пасынан 1994 жылы жарық көрген «Кіші жүз шежіресінде» Балқы Базар жыраудың түсі туралы дерек бар: Болашақ ақын бірде малда жүріп түнде далада ұйықтап қалса, оған ақ киімді, ақ таяқ ұстаған, ақ сақалды әулие келіп «балам маңдайыңа берейін бе, таңдайыңа берейін бе?» – дейді. Сонда қарны ашып, шөлдеп жатқан бала «таңдайыма бер» депті. Содан бала Базар орнынан өлең айтып ояныпты. Айналадағы суырылып соққан жел де, шалқып жатқан көл де, көл жағалай көз ұшына көсіліп жатқан ашық даладағы сыңғыр қаққан шеңгел де, әуелеп ұшқан құс та ғажайып ұйқастармен өлеңдетіп тұр екен дейді. Осыдан бастап Базар жырау халқының қасиетті ақыны, айтулы азаматы болған. Ел жұртының ерік, жігерін ұштайтын өлеңдер шығарған.
Бұндай оқиғалар басқа ақындарының да басынан өткен. Қазақтың біртуар ғалымы, әдебиет зерттеуші Ханғали Сүйіншіәлиев ақын Құлыншақ Кемелұлының көрген түсі туралы былай дейді: Ақындық жолға түсу себебін ол ескі наным тұрғысында түсін­діреді. Жас шағын еске алған сөзінде ақын маған Қара кісі боп келген пірім ұйық­тап жатқанымда аян бергенді, ол маған: «Көген тілеймісің, өлең тілеймісің деген еді. Мен өлеңді қалап алдым да ақын болдым.
Өзінің ақын болатынын түсінде білген Сүйінбай Аронұлы өзі малын бағып жүр­ген Шүйбек байға бұл жайында өлеңмен айтқан:
Ассалаумағалейкүм, Шүйбек байым,
Әкет деп құлағыңа айқайлайын.
Қораның түбінде мен жатыр едім,
Пірлері бүгін келді Сүйінбайдың.
Атыңнан айналайын, қызыр бабам,
Түсімде таңға жуық келді маған.
Білмеймін «өлең» деді, «көген» деді,
Сайрауық құстар келіп төнді маған.
Мен бақтым қозыңды да, қойыңды да,
Бір қабат сергітпедің бойымды да.
Болса да ұлы думан, күнде қызық,
Сен маған көрсетпедің тойыңды да.
Менің тұр қолды-аяққа тұрғым
келмей,
Қойды ғой қойыңа да қырғын келмей!
Аузымнан түйдек-түйдек шыққан
сөзді
Не дейін сөз кестесі – өлең демей?!
Сен маған ұлықсат бер, Шүйбек
байым,
Әйтеуір тегін емес Сүйінбайың.
Жын соқты ма, білмеймін,
таңертеңнен
Көңілім ұйқы-тұйқы құйындайын…

***
Қазақтың ең көрнекті музыка зерттеу­шісі Ахмет Жұбанұлы өзінің «Замана бұлбұлдары» атты кітабында Ақан серінің елуден асқанда шығарған үш сұлу қыз туралы айтылатын «Үш тоты құс» әнінің сөздерін келтірген:
Бүгін мен ұйықтап жатып көрдім бір
түс,
Көргенім Иран бақта үш тоты құс.
Бірің маржан, меруерт, сапы бірің,
Көргенде үшеуіңді көңілім қош.

***
Қазақтың Балуан Шолағы атанған күш иесі де көрген түсіне көп мән берген. Ба­луанның соңғы түсін жазушы Жайық Бектұрұлы күш иесінің кенже ұлынан жазып алған екен:
– Біздің әкей 1918-1919 жылдары қайтыс болды, – дейді туған ұлы Құдайберген. Қырбық қар түсіп, сілбі қата бастап еді. Күз­дік сойылған. Әкем Қалғұтан жаққа жолға шықты. Маған божысын ұстатты. Шанамен жүрдік. Жеккеніміз қос күрең. Балуанның жем-жеттекке үйренген боз жорғасы ба­сы­на түрілген жүген-ноқтасымен шана соңынан желе-жортып отырды. Қоны­сы­мыз қалың Керейдің бұрынғы кең жай­лауы Қандықарағайдан, Ақсудан бер­гі Үй­жы­ғылған, Айқайқабақ, Қайрақты, Мат өзендерінің бауырындағы қара орман іші. Осы күнгі ана Астраханка ауданына қа­райтын Қалғұтандағы Ордабайдың Нұры­шының үйіне қондық. Атбасар жақ­тағы құдамыз Қожантай балаларына бар­мақ­­шы Шөкең. Таңертең әкем маған жалт бұ­рылып:
– Балам, қораға шығып, боз жорғаны қарашы, неғып тұр екен? – деді. Шықтым. Әшейін­де алдына бір қап сұлы төксең де түк қой­майтын жемқор ат басындағы дорбасын шайқақтатып, жем жей алмай сенделіңкіреп тұр. Мойнын, кекілін сипадым. Айтып кел­дім.
– Апыр-ай, түс көріп ем! Ана бір шал түсімде «өзіңді алайын ба, атыңды алайын ба?» деді. «Атымды ал» дедім. «Жарайды, әуелі атыңды алайын, кешік­пей өзіңді де алам» деп ұйқылы-ояулы жатқанымда аян беріп кеткен! – деді әкем. Шай ішісімен ізімізше кейін қайттық. Екі ара едәуір жер. Үйге келе боз жорға пышаққа ілінді. Кешікпей әкейдің өзі де қайтыс болды.

***
1964 жылдың қаңтарының 30 күні Мәс­кеу Кремлінің ауруханасында жатқан академик Қаныш Сәтбаев қызы Мейізге: «Өте қызық түс көрдім, соны айтып берейін бе?» дейді. Түсімде тау үстінде жүр екен­мін. Жан жағымның бәрі шатқал мен құз. Ал, мен болсам биікке кең жерге шыққым келді. Осылайша бір қараңғы жерге келіппін. Қанша өрмелеп шықпақ болсам да төмен сырғанап кете беремін. Дәл осы кезде белгісіз бір керемет күш пайда болып еш қиындықсыз жоғары көтеріле бердім. Міне, тау басына да шық­қандаймын, бірақ, менің көз алдымда биік шыңдар емес кең дала жатыр еді, кәдімгі өзіміздің Сарыарқа! Кеудемді толтыра ауаны жұттым да қуанғаннан айқайлап жіберіппін… Бұған не дейсің қызым?
– Сонда да өте жақсы түс екен. Бірақ, Сіз түске сенбеуші едіңіз ғой…
Қызының бұл сөзіне Қаныш ағамыз: Сонда да өте жеңілейіп қалдым. Жақында үйге қайтатын шығармыз. Сен ертең Мәс­кеу базарларына барып жеміс-жидек алып келші, деп тапсырма береді. Бірақ, ұлы ғалымға туған жерінің кәусар ауасын құ­шырлана жұту жазбапты. Ертесіне қызы Мейіз неге екені белгісіз жеміс-жидек алуға бармай бірден ауруханаға барады… 1964 жылдың 31 күні академик Қ.Сәтбаев көз жұмды.

***
Әбділда Тәжібайұлы «Есімдегілер» кітабында ақын Қасым Аманжолұлына көр­ген түсі туралы баяндаған хатын кел­тіріпті:
«Қасымжан! «Жан» дегенім жаным­ның сөзі. Осында келгелі бір мезгіл ойымнан шыққан жоқсың. Кейде жү­деу көрінсең, кейде әжептеуір болып оңал­ғандай, өлең бастағалы отырғандай көрі­несің. Сені бірнеше рет түсімде көрдім. Ойлағанымдайсың. Бірде жүдеулеу, бірде көңілді боп жүресің. Осының бәрі сенің сырқаттығыңа байланысты сезінулер болу керек. Сарадан (Ә.Тәжібайұлының өзінің жұбайын айтып отыр – Б.О.) екі-үш рет сұрап ем: «Бір қалпы, өзің көргендей», дегенді айтты. Илаһим, тәуір бол. Бойыңдағы, ойыңдағы жалынды күштер шипаң болсын, панаң болсын. Талай тың жырды кесел құрсаулап жатқаны көбіміз үшін күйінішті нәрсе. Ештен де кеш жақсы, айығып кетсең, булыққан үндер, іркілген сөздер төгіліп-төгіліп кетер, кідірген мерзімнің олқы жері тез-ақ толығар. Тек сонымен сүйсінетін болайық.
Ағаң Әбділда. 4.12.1956.».
Хат мәтінінен кейін ақын былай деп жазыпты: «Мен ертемен Мәскеуге сабаққа келісімен алдымен әдет бойынша хат-хабар іздедім. Қасым қайтыс болды деген телеграмма алдым. Сондағы жіберілмей қал­ған хатты бүгін қайта ашып отырмын. Мүмкін бұ да керек шығар деп осында қостым».

***
Әбділда Тәжібайұлы түске сенген. Бірде ол ғалым інісі Құлбек Ергөбекке: «Түс көрдім, 124 жасқа келеді екенмін деймін. Соны өзім өтініп 113 жасқа түсірттім. Қол­жазбамды ақтарып шықтым. Ешқайда жа­рия­ланбаған 73000 жол өлеңім бар екен. Соны көшіріп дайындауым керек, деп айт­қан». Ұлы абыздың бұл түсін Құлбек Ер­гөбек 2004 жылы «Егемен Қазақстан» газеті арқылы халыққа жеткізді.
***
2012 жылы жарық көрген «Астана» журналында атақты «Теміртау» атты көркем шығарма жазған Зейін Шашкиннің ауруханада соңғы рет тілдескенде жұбайына айтқан түсі туралы жазылған: «Әңгіме жазайын деп отырмын. О дүние жайында. Менің о дүниеге қалай барғаным, мені комиссия қалай қабылдағаны жөнінде түс көрдім. Соны жазамын. Дөңгелек үстел. Жағалай таныс адамдар отыр. Үстелдің бір жағында шоқша сақалды Абай да көрінеді. Михаил Ломоносов комиссияның төрағасы. Менен бұрын Айқын Нұрқатовты тергеп жатыр екен. Мен шеткерірек барып, тізе бүктім. Ломоносов орнынан тұрды да: «Айқын, сен неге ерте келдің? Шашкин сенен үлкен» деді. Сонда Айқын былай деді: «Мен автомобиль қақтығысына ұшырадым». Жазушы осыны айтады да, жүзін тез бұрып әкетіп «Сағат екі жарым болып қалды. Сен тезірек үйге қайт, Гүлжанның қарны ашып қалды» дейді. Жазушының жұбайы ертесіне таңертең ауруханаға бармақ болып, табалдырықты аттай бергенде, үйге беттеп келе жатқан бір топ жазушыны көреді. Олар З.Шашкиннің қайтыс болғанын естіртуге келе жатты.

***
Қазақтың тағы бір ақиық ақыны Иса Байзақов көз жұмарынан бір күн бұрын досы Қалижан Бекқожинге көрген түсін былай баяндап беріпті:
– Қалижан, түнде түсімде мен баяғы Рамазан сыйлаған ақбоз атқа мініп аспанда құйғытып жүрмін. Бұл жазылатыныма аян, – дейді Қуаң сәби сенімділік білдіріп.

***
«Қара машина» атты өлең жазғаны үшін университеттен қуылып 1991 ж, 31 шілде күні 31 жасында көз жұмған ұлы ақын Бауыржан Үсенұлы:
Іштен тынып құр күйіктен,
Талайлар жүр соры қайнап.
Түсімде ылғи бір биіктен,
Желбірейді Бөрі байрақ… – деп жаз­ған өлең жолдары көп жылдардан соң 2011 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жария­ланды.
Адамзаттың табиғи болмысын зерттеумен айналысқан ғалымдар түс туралы түрлі тұжырымдар жасағанымен түске сенуге бола ма жоқ па деген сұрақ әлі де көптеген адамдарды мазалауда. Әрі бұл сұраққа таяуда жауап берілуі де екіталай. Бірақ, иә бірақ…
– Осы мен де түске сенетін болып барамын, – депті ақын Қасым Аманжолұлы досы Жайық Бектұрұлына…
Қасымдай жыр алыбымен пікір талас­тыру қиын-ақ.

Ұлылар да көзіне жас алады
Шетелге делегацияны басқарып кетіп бара жатқан кезінде Мәскеуде Шәкен Ай­мановпен бірге болады. «Шетелге кетіп бара жатырмын. Қандай сый алып келейін?», – дегенінде, Шәкен «зажигалка алып кел» депті. Бірақ, Димекең шетелден келсе, Шә­кен қаза тауып кетіпті. Сол кезде көзіне жас алып тұрып «Айналайын, Шәкеннің бір өтініші еді, мына оттықты саған берейін, кейін мұражайына қоярсың» деп Асанәліге беріпті. Журнал «Жұлдыздар отбасы» №20, 2008. 19-бет. Серік Әбдірайымұлы, жазушы, Дінмұхаммед Қонаев атындағы қордың президенті. «Димекең пенделіктен жоғары тұрушы еді». Сұхбаттасқан Жарылқап Қа­лыбай.
Өмірді жарыс деп түсінген әр адамның арманы әр басқа. Анаған қолым жетсе, мынаған қолым жетсе, мынадан кем болмасам, ана біреуден асып түссем, деген күйбең тіршілікпен өмір өте береді. Осы асығыстық адамды бір сәт бұл өмірдің мәні не деген сұраққа жауап іздеуге шамасын келтірмейтін де сияқты. Адам болып жаратылған соң қуаныш та қайғы да қатар жүреді. Адамға күлу де, жылау да тән. Бұл фәни дүниеде көз жасын төгудің де себептері жеткілікті. Пенде болған соң қуанса да жылайды, әсіресе бірін-бірі жоғалтып қайғырса да көзіне ерік береді.
Кейбіреулер белгілі, атақты адамдардың өмірі керемет, олар не ішем, не жеймін демейді, көңілі тоқ, көйлегі көк деп ойлайды. Оларға қызығады, қызғанады… Солардай өмір сүрсек дейді. Бірақ, иә бірақ… Бұл дүние адамдарды ұлықсың немесе кішіксің деп бөлмейді. Кезі келсе күлдіреді, керек болса жылата да алады.
Бүкіл түркі (түрік емес – Б.О.) әлеміне көсем бола білген ойшыл, саясаткер Мұстафа Шоқайға анасы төрт жасында оқу мен жазуды үйретеді. Ал, домбыра тартуды бала Мұстафа бес жасынан бастап үйрене бастаған. Кейін туған елі Қазақстандағы сая­си заман дүрбелеңі оны шет елге кетуге мәжбүр етті. 1922 жылы Мұстафа Шоқай жұбайы Мәриямен Францияның бір этно­графиялық мұражайына барады. Сол жер­де қазақтың қара домбырасын көрген Мұстафа Шоқай қатқан қазықтай боп тұ­рып қалады. Біраздан соң бойын жинап мұражай қызметкерінен «домбыраны қолға ұстап көруге бола ма», деп рұқсат сұрайды. Бабаларының көне аспабына қолдары тиген­де жүрегі алып ұшып, кішкентай сә­биді құшағына алғандай күй кешеді. Дом­быраның құлағын бұрап келтіріп, қазақ­тың әдемі де әуенді бір күйін тартады. Күй шертіліп болған соң домбыраны жәй ғана аса бір ыждахаттылықпен орнына апарып қояды. Дәл осы сәттерде туған жері есіне түскен Мұстафа Шоқайдың жанарлары жасқа толып кеткен. Қазақтың елім деген ері, Мұстафа Шоқайдың жаны осындай нәзік екені жұбайы Мәрияның «Ножаннан хат жазып отырмын» атты естелігінде жазылған. Бұған дейін және бұдан кейін мен жұбайымның бұндай қобалжығанын көрген емеспін, дейді Мәрия апайымыз.

***
Бұл өмір ешкімді де аямайды. Небір қиын­шылықтарды алға тартады. Кенен Әзір­байұлы басынан өткен қиыншылық туралы ақынның қызы Төрткен апамыз «Кенен ата» естелік кітабында жазған. Ақынды 1928 жылы қырғыз достары шақырып кетеді. Сол кездері бірінен соң бірі екі ұлы, үш жарым жасар Базар мен бір жарым жасар Назар қайтыс болады. Ол кезде жеделхат жазып, шақырып ала қоятын жағдай жоқ, жұбайы Нәсиха мен туған-туысқандары жылай-жылай балаларды жерлейді. Кенен келгенде болған жағдайға сенерін де, сенбесін де білмейді. Басын ойға да, қырға да ұрып, не істеп, не қоярын білмей домбырасын қиратып, балалары жатқан бейіт басына қайта-қайта барып айқайлап жоқтап жылайды. Туыстары ақынды жынданып ауырып кетер ме екен, деп қатты уайымдайды. Базар мен Назарға дейін Болысбек, Тұрсын деген сәби ұлдарынан айрылған Кенен үйінен шығуды қойып қатты ауырады.
Ақынның жұбайы Нәсиха бұл қайғылы күндерді былай деп еске алады: Күндіз анау-мынау үй тіршілігімен айналысып білін­бегенімен, түн баласы ұйқы безіп жылай береміз. «Біз бұл құдайға не жаздық, неден мұнша сормаңдай болдық» – деп басымыз қосыла еңірегенде етегіміз толады. Екеуміздің сол зарымыз ән болып төгіліп, өлең болып өрілді емес пе? Бір күні үйінің алдында отырған ақын егіз лағынан айрылған сорлы ақ ешкінің безілдеп жүргенін көріп, сен де мен сияқты балаларыңнан мезгілсіз айрылған бейбақ екенсің-ау деп шырқап қоя береді:
Зарланасың ақ ешкі лағыңа;
Емшегіңнен емізген шырағыңа.
Кел, екеуміз қосылып бір жылайық,
Жетер ме екен құдайдың құлағына… – деп басталатын «Базарым-ай, Назарым-ай» деген атақты әні осылай пайда болған еді.

***
Міржақып Дулатұлының қызы Гүлнәр Міржақыпқызы 1994 жылы «Жұлдыз» жур­налында жарияланған естелігінде атақ­ты әнші, Францияға барып ән салған кү­міс көмей Әміре Қашаубайұлы туралы былай деп жазды: «Бір күні кешке таман (өлерінен үш күн бұрын) Әміре сап-сау қалпында біздің үйге келді, отырған мені көріп: «Гая-ау, (М.Дулатұлының жұбайы Ғайнижамалды көпшілік осылай атаған – Б.О.) Гүлнәріміз бой жетіп қалыпты ғой, қайран Жақаң (Міржақып Дулатұлын жа­қындары жақсы көріп осылай атаған) бала­сының қызығын көре алмай жүруі – қандай обал, қиянат» деп ағыл-тегіл жылағаны көз алдымнан кетпейді. Менің ағаны ақырғы рет көруім екен, бұл – 1934 жыл болатын».

***
Жүз жасаған Жамбыл ақынның жүрегі де сезімтал болғаны белгілі. Ақынның хатшысы болған Ғали Орманов 1940 жыл­дың 15 мамырында күнделігіне былай деп жазыпты: «Ақын бұлтпен араласып тұр­ған Алматы тауларының басы кө­рін­ді. Жәкең киініп, терезе алдында отыр. Көзі Алатауда. Жәкең қатты босады. Көзіне жас алып, ағыл-тегіл жылайды. – Неге жылайсыз? – Тоқсан жаста туған то­пырағыңды көргенде қалай егіл­мейсің?!
Алматы. Жазушылар, қала халқы тү­гел қарсы алды. Жәкең тағы жылады». Ғ.Орманов күнделігіндегі бес күннен кейінгі жазу: «Жәкеңнің сүйікті адамдарының бірі Кенен Әзірбайұлы ауруханаға келді. Жәкең дереу басын көтеріп, амандасуға әлі келмей, еңкілдеп жылап жіберді.
– Өліп тірілдім, шырағым. Сол нау­қастың қатаң күнінде де есімнен сен кет­педің. Көрмеймін ғой деп едім. Көрдім, шырағым. Бәріңе рахмет!»

***
Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан кез. Бірде Қазақстан Орталық Комитетінің бірін­ші хатшысы Әбділда Тәжібаевты ша­қырып «Правда» газетінен телефон соғылды, редактор Ленинградтықтарға арнал­ған, жеңіске шақырған өлеңді Жамбылдан сұрайды дейді. Әбділда Тәжібаев, Тайыр Жароков, Марк Тарловский деген ақындар жолға шығады. Барған соң ақынға қоршаудағы қаланың жағдайын айтады. «Жәкең оң қолын созып, саусағын жыбырлатады. Бұл оның домбырасын сұрағаны екен. Біз дереу домбырасын ұстата қойдық, деп еске алады Әбділда Тәжібаев.
– Бір қаланың миллион халқы тас-түйін боп түйілген. Өлуге бар, жеңілуге жоқ екен ғой, шіркіндер, – деді Жамбыл өзімен өзі тілдескендей, – Ел деп осыларды айт, ер деп осыларды айт! – деді бізге қарап, біз Жамбылдың кәрі көзінен шүпілдеген жас көрдік. Түнде туған ғажап жыр, ертеңіне орысша аударылып телеграфпен Москваға жөнелтілді. 1941 жыл, 5 қыркүйекте Марк Тарловский аударған даңқты жыр «Ле­нин­­градцы – дети мои» деген атпен «Правдаға» шықты. Жамбыл жыры ба­сылған мыңдаған плакаттар қоршаудағы Ле­нинград көшелерінде, алаңдарында ілулі тұрды. Жыршының көзіне жас алып шы­ғарған өлеңі жау қоршауында қалған ленинградтықтардың көзіне жас келтірді. Қаланы қорғаушылардың бірі жазушы-драматург В.Вишневский: «Біз бұл өлеңді көзімізге жас алмай, қуанышқа бөленбей, тебірене толқымай оқи алмаушы едік» дейді.
***
Белгілі жазушы Герольд Бельгер «Із кесуші» атты кітабында Мұхтар Әуезұлымен жақын таныс болған бір қарт жа­зу­шының мынадай бір таңқаларлық әңгі­месін келтірген: Бірде, соғыстың соң­ғы жылдары болуы керек, жаздың қас қарайған шағында, ол Мұхтар Әуезұлының Опера театрының маңындағы Калинин көше­сіндегі үйіне бет алады. Есік ашық екен, бірақ, қоңырау шалғанына ешкім шықпайды, бөлмелерде жарық жоқ, қараңғы. Қобалжыған қонақ жәй ғана үйге кіріп ешкім жоқ бөлмелер арқылы балконға өтеді де не істерін білмей тұрып қалады. М.Әуезұлы тауға қарап үн-түнсіз егіліп жылап тұр екен. Ұлы жазушының бетін көз жасы жуып кетіпті. Жазушының бұнысын көрген әлгі кісі не бұрылып кетерін не сәл жөткірініп өзінің келгенін білдіре алмай ыңғайсыз күй кешеді. Бұл ауыр да ыңғайсыз жағдай қаншаға созылғаны белгісіз. Бір сәтте ұлы жазушы, бір нәрсе есіне түскендей бұрылып келген қонағын көзі шалып: «Ә-ә… бұл сенбісің?.. Төрлет…» деп қолымен бетін сүртіп, өзінің жұрт білетін қалыпты кейпіне енеді…
Атақты жазушы неге жылады? Елім деп өмір сүрген дара тұлға өте бір қиын ғұмыр кешкенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Кезінде М.Әуезұлын Кеңес өкіметі екі жыл түрмеде қамаған. Өзін босатқаннан кейін туған ағасын тұтқындап көп жылдар бойы: « Інің Мұхтарды ұлтшыл деп айт, қағазға қол қой» деп әбден қинаған. Ұлы жазушының көзіне жас алуының бір себебі осы.

***
2011 жылы «Егемен Қазақстан» газе­тінде жарық көрген жазушы Әмірхан Аб­діл­линнің «Ахаң ән арнаған Іңкәр кім?» атты мақаласында жазушы Сәбит Мұқан­ұлының көңілінің босаған бір сәтін былай бейнелеген:
Аққұмның бір қызы бар Іңкәр атты,
Сөзі бар алуа, шекер, балдан тәтті.
Адамның өзім көрген абзалы екен,
Айтайын өлең қылып перизатты…
Ахаңның – Ахмет Байтұрсыновтың «Ақ­­құм» әні осылай басталады. Сырбай Мәуленовпен бірге болған Торғай сапарында Сәбит осы әнді ерекше елжірей тыңдаған еді. Көзіне жас ала отырып «Жарықтық, бұл Ахаңның әні ғой. Мына Ақкөл бойы Ахаңның туған жері», – дегені бар. Ол кезең Ахаң, Жақаң, Мағжан, Жүсіпбектердің әлі де ақталмаған шағы да. Сонда да, Сәбеңнің батылы жетіп солай деді, шындықты айтты.
***
Қазақтың даңқты бишісі Шара Жиен­құлқызы Қостанай, Ақмола, Қызыл­жар жаққа шыққан концерттік сапарында атақты «Дудар-ай» әнін айтып бүкіл қазақ еліне белгілі болған Мәриям Жагорқызы туралы «Мәриям апай әлі бақуат, балаларының қолында тұрып жатыр» деп есітіп, жолық­қысы келеді. Ақмола басшылығы Шарадай ұлы бишінің айтқанын екі етпейді. Сахнаға шығар алдында Ш.Жиенқұлқызы:
– Бүгінгі концертімді ардақты апамыз Мәриям Жагорқызына арнаймын, деп атақ­ты әнді шырқап, ара-арасында билеп, екі ғашықтың жүрек түбінен тебіренген толқынысын бейнелейді. Қарасам, деп еске алады Шара Жиенқұлқызы «Өмірім ме­нің – өнерім» кітабында, апамыз жылап кимешегінің ұшымен көзін сүртіп отыр екен. Алдына барып сәлем бердім, халық толқып кеткендей. Жұрттың кигізген шапаны бар еді, соны иығына жаптым. Өзін сахнаға алып шықтым.
Жасы келген М.Жагорқызы бәсең даусымен өзінің атын шығарған әнді айтып болған соң өнерлі қызы Шараға қолындағы күміс білезігін сыйға тартыпты.
Қазақ биінің ұлы білгірі Шара Жиен­құлқызының өмірінде де көзіне жас алған кездері аз болмаған. Бір күні ел басшылығы бишіні Өзбекстанға атақты би майталманы Тамара ханумнан өзбек биін үйреніп келуге бір айға жібереді. Тамара ханум «Қазақ досым» деп дастархан жайып жақсы қарсы алғанмен би үйрете қоймайды. Күнде қонақ, бірінен соң бірі шақырады, әсерлі әңгімелер, күлкілі көңілді дастархан жалғаса береді. Бұл аз болғандай Тамара ханум бір күні бір жаққа кетіп қалады. Амалы таусылған Шара Жиенқұлқызы көз жасын көл етіп қонақүйде жылап отырса өзбектің белгілі биші қызы Мүкарама Тұрғынбайқызы келіп қалады.
– О нема, негә қапа бүлип отырыпсыз? – деп сұрап жағдайды білген соң үйіне, ертіп апарып би үйреткен екен.

***
ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясының анасы Мәриям Хакімжанова 1950 жылы Невель қаласына Ұлы Отан соғысының батыры Мәншүк Мәметованың жатқан жеріне сапар шегеді. Қызы Нұржамал Серғалиқызы Бермұхамедова екеуі тамыздың 14-күні ойлаған жеріне жетеді. Ақынның қы­зы күнделігінде былай деп жазған: «Мәншүк­тің зиратына бардық. Зират Невель қала­сының жүрегіне орналасқан екен, өзін өте әдемілеп салған. Айналасы қоршау, қоршаудың іші толған гүл. Кіре бергенде сұр цементтен құйылған бірнеше ескерткішті көрдік. Соның ең біріншісі біздің Мәншүк екен. Көрісімен анам көзінің жасын домалатқан күйінде сұр тасты сүйіп құшақтап: «Қарағым-ай, жатқан жерің торқа болсын, қия шеттен іздеп келген апаңа тым болмаса басыңды бір көтермейсің ғой» деп біраз тұрды. Сол кезде менің де жүрегім елжірей жылап жібердім».
***
Қанша ұлы болса да бейбіт мамандық иелерінің көзіне жас алғанына көпшілік түсіністікпен қарар. Бірақ, жүрек пен сезім жаумен не өмір не өлім деп шайқасқан батырлар да бар. Бірде батыр-партизан Қасым Қайсенұлы ақын Жұмағали Саин­нің үйіне барса, бір кісі домбыра шертіп отыр екен. Жұмағали Саин екі Қасымды, ақын Қасым Аманжолұлы мен партизан Қасым Қайсенұлын таныстырады. Қасым Қайсенұлы бұл туралы «Ағалар туралы аңыз» атты естелік кітабында былай еске алады: Біраздан соң аға маған қарады да: Жұмағали екеуміз ұзақ сонар әңгімеге кірісіп, аттас отырып қалды ғой, домбыра шертіп берейін, – деп домбырасын қолына алды. «Домбыра шертіп берейін» деген соң күй шертетін шығар деп қалдым.
Домбыраның күйіне келтіріп алған кезде ақын аға мүлде өзгеріп кетті. Домбыра ішегін екілене қағып жіберіп, әнге басты. Жарықшақтанып шығатын дау­­сы небір жүрек тебірентер сөздерге толы өлең шумақтарын төгіп отыр. Біз ұйып тыңдап отырмыз. «Оралым, менің Оралым», «Дариға сол қызды» бірінен соң бірін айтып, аз кем тынды да, есіне майдандас достарын түсірді. Абдолла сияқты батырлар жаумен арыстандай алысып, туған жерден жырақта сүйегі қалғанын қабырғасы қайыса отырып айтып «Туған жерге» басқанда:
О, дариға, алтын бесік туған жер,
Қадіріңді білмей келсем кеше гөр! – деп барып:
Сенде туып, сенде өсіп, сенде өлсем,
Арманым жоқ, бұл дүниеде дер едім! – деген жеріне келгенде ары қарай шыдап отыру қиынға соқты. Егіліп кеттім. Көз жасымды жасыруға төмен қарадым. Көзімнің астымен екі ақынға қарасам, олар да оңып отырған жоқ екен, көздеріне жас толып кетіпті. Бір-бірімізге қарап, көңіл күйімізді үнсіз отырып түсіністік.
Майдан даласында жаудан қаймықпаған батырлар кейде қолынан келер шара болма­ған кезде көз жасына ерік береді екен. Желтоқсан көтерілісінен кейін бір күні ақын, желтоқсан оқиғасына байланысты мем­лекеттік комиссияның төрағасы Қадір Мырзаәліге Қасым Қайсенұлы телефон шалып кездескісі келетінін айтады. Қ.Мырзаәлі «Иірім» кітабында осы кездесу барысын былайша баяндаған: Ол мені Жазушылар одағында күтетін болды. Сол уәделі жерде кездестік. Оңаша бөлмелердің бірінде отырып сөйлестік. Әңгіме басталар бас­талмастан ағамыздың еңкілдеп тұрып жыламасы бар ма! Неге? Не үшін? Не болып қалды? Түсінсем бұйырмасын!
– Қасеке! Қасеке! – дей беремін. – Сабыр! Сабыр! Не болып қалды! – дедім не істерге білмей.
– Аямады ғой, аямады! Шырқыратып сабады ғой жастарды! Көрдім! Өз көзім­мен көрдім! Бәрін де көрдім! Бірақ, дәр­мен жоқ. Түк істей алмадым. Өйткен пар­тизандығы құрысын! Фашистердің өзі қорлай алмап еді! Қорлатпап едік! Бұлар қорлады!
– Біз бере алмасақ та, жазасын Құ­дай берер! Сабыр етіңіз, Қасеке! – деп жұ­баттым.
Қа­секең өксіп-өксіп алды да кілт тоқтады. Содан кейін: – Осыны айтайын деп келдім. Ал, қош бол, бауырым! – деп шығып кетті.

 

Алдыңғы «
Келесі »