«Ақтау ауылынан Ақтау қаласына дейін…»

  • 05.11.2013
  • 1273 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Еділ ЖАҢБЫРШИН,
Ақтау қаласының әкімі

«Елу жылда ел – жаңа, жүз жылда – қазан», – деген екен дана қазақ. Бұл сөздің мағынасы әрине, кең, бірақ то­бықтай түйіні: елу жылда жаңа ұрпақ ауысып, жаңа заман келеді дегенге саяды. Соның бір айқын да, анық көрінісі, өзіміз куә болып отырған түлеген түбектің ақ­маржан қаласы – Ақтаудың тарихы, тыныс-тіршілігі. Құрылғанына биыл 50 жыл толып отырған қаланың «іргесін қымтап, керегесін кеңіте» түскен әр «қа­да­мына» өзіміз куәміз. Осы орайда Маңғыстау облысының 40 жылдығы, Ақтау қаласының 50 жылдығының қарса­ңында қаланың қазіргі басшысы Еділ Терек­байұлы Жаңбыршинмен аз-кем әңгі­ме-дүкен құрдық.


– Еділ Терекбайұлы, қазақтың ақиық ақыны Мұқағали ақын «Өмір» деген өлеңінде: «жүрмегендей, сүрмегендей сенде біз» деп, жүрген ізіңде тұтас бір ғұмыр, таусылмас тарих жатқанын сыр ғып айтқан екен. Рас-ау, Ақтау қала­сының тарихына көз жүгіртіп көріңіз, ақын сөзіне іштей келісіп, тарих беттерін өзіңіз де ойша парақтай кетесіз… Сіз өзіңіз де осы Маңғыстауда туып өстіңіз, ата-бабаңыздың кіндік қаны тамған жер. Әңгімемізді тарихтан бастасақ, ертедегі Ақтау ауылы, қалай Ақтау қаласына айналды? Осыны өзіңіз айтып берсеңіз.
– Дұрыс айтасыз, Ақтау аулынан Ақ­тау қаласына айналған бұл қаламыздың тарихын ауыз толтырып айтуға болады. 1961-1964 жылдары қала Ақтау посел­кесі деп аталды. Одан бергі уақытта XIX ға­сырдың ортасында  Қазақстанға жер аударылған украин ақыны Тарас Шев­ченконың құрметіне Шевченко қаласы деп өзгертілді. Ал 1991 жылдан бері қазіргі атауымен аталады.
Ақтау – өнеркәсіптік қала. Өнеркәсіп қаласының құрылуына Кеңес одағы бас­шылығының, сол кездегі министр  Е. П. Славскийдің басқаруымен елдің ядролық қалқанын жасау туралы шешімі әсер етті. Нәтижесінде уран кенін өндіру, оны өңдеу және байыту сияқты амалдарды орындай алатын ерекше кешен құрылды.
Қаланың бас жоспары 1968 жылы бекі­тілді. Жобалау құрылыс істерінің архитекторы А. В. Коротковтың басшылығымен жүргізілді. Ал, Ақтау қаласының архи­­тек­туралық ансамбілін жасаушы сәулет­шілер, конструкторлар мен құры­лысшылар тобына Лениндік (1966 ж.), КСРО Мем­лекеттік (1977 ж.) сыйлықтары, қатал табиғат жағдайында адамдар тұрағын әсем көгалдандырғаны және сумен қамтамасыз еткені үшін Халықаралық архитекторлар одағының алтын медалі мен Патрик Акберкомби атындағы сыйлық (1975 ж.) берілді.
– Еділ Терекбайұлы, 1991 жылы аңсаған Азаттыққа қол жетіп, Тәуелсіз ел атандық. Кеңес одағының ыдырауына байланысты кешегі кеңестік елдерінің бір-біріне байлаулы экономикасы құлдырап, ауыр әлеуметтік-экономикалық жағдай орнады. Біздің қаламыз да бұл қиындықтарды бастан кешті. Зауыттар жабылып, өндіріс тоқтады, балабақшалар жабылды, бюджет тапшылығы байқалды. Мұның өзі халықтың ертеңгі күнге деген сенімінен айырды. Осы тығырықтан Ақтау қалай шықты?
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясаты қысқа уақытта ел экономикасын жаңа жолға қойды. Жаңадан сыртқы саяси және аймақтық байланыстар қалпына келтірілді. Мемлекетпен бірге атауы қай­та­рылған Ақтау қаласы да түлеп қайта жаң­ғырды. Қала Тәуелсіз Қазақстанның те­ңіз қақпасына айналды. «Ақтау теңіз порты арнайы экономикалық аймағында» инновациялық зауыттар, цехтар, мектептер мен балабақшалар, заманауи тұрғын үй кешендері салынды, мұнай-газ секторы дамыды, кәсіпкерлік қауымдастығы жетіліп, қаланың барлық саласын өркендетуге атсалысты.
Ақтау қаласы ХХІ ғасыр­дың басында өз дамуының екінші кезеңін бастады. Оған дәлел жетерлік. Ақтау – бүгінде аймағымыздың орталығы, еліміздегі бола­шағы зор қалаларының бірі. Бұл күнде Ақтау Мұнайлы ауданымен бірге, 300 мың тұрғыны бар Ақтау агломерациясын құрайды.
Еліміздің теңізге шы­ғар қақпасы саналатын Ақтау қаласы болашақта халық­аралық ірі логистика кешені мен туризм және іскерлік байланыс орталығына ай­нал­­мақ.
– Қала халқы жылдан жылға өсіп келеді, бұл орайда тұрғын үй мәсе­лесін шешу қалай жүзеге асуда?
– Баспана – кез келген адамның бірінші ретті қа­­жет­тілігі. Баспананың қа­дірін пәтерден-пәтерге ауы­­сып, жалға төленетін ақы­ға жұмыс істеп, бір ай бойы төккен маңдай терін пәтерақыға төлегендерден артық білетін жан болмас.
2013 жылдың 1 қаң­тардағы жағдай бойынша 4500-ден аса адам мем­лекеттік тұрғын-үй қорынан баспана алуға кезекте тұр.
Тұрғын үйге деген сұ­раныс күннен күнге артып келеді, ал, оның бағалары қол жетімді деп айта алмаймыз. Бұл ретте ел Үкіметі бірқатар игі жұмыстарға мұрындық болып келеді. Соның бірі – «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы. Бағ­дарламаның 9 бағыты бар. Оның бірінші бағыты осы жергілікті атқару органдарында кезекте тұрған аза­маттарды бір шаршы метрінің бағасы 80000 теңгеден аспай­тын баспанамен қамту. Халықтың бұл категориясы үшін алдағы үш жылда шамамен 18 мың шаршы метр немесе үш 100 пәтерлік тұрғын үйді қолданысқа беру жоспарланып отыр.
2013 жылы 32 Б ықшамауданындағы 100 пәтерлі шағын отбасылар үшін тұрғын үй мен балаларға арналған шағын орталық қолданысқа беріледі. «Тұрғын үй жинақ банкі» арқылы несиеге берілетін үйлердің құрылысы «Аққу» шағын ауданында екі кезеңде жүзеге асырылмақ. Осыған орай келесі жылы 25 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы аяқталуы тиіс.
Ақтау қаласында үй бөлудің айналасында жағымсыз пікірлер көп айтылады, маған қабылдауға келген азаматтар осы мәселеге «нүкте» қоюды сұрайды. Осыған орай, ендігі жерде барлық пәтерлерді бөлу жария, ашық түрде іске асырылатын болады. Қызмет бабына келген күннен бастап алғашқы тапсырмаларымның бірі де коммуналдық тұрғын үй қорына инвентаризация жүргізу болды. Нәтижесінде, ағымдағы жылы Ұлы Отан соғысының үш ардагері баспанамен қамтамасыз етілді.
Ақтаудың 2035 жылға дейін бекітілген бас жоспарына сәйкес қаладағы құрылыстың барлығы солтүстік-батысқа қарай дамитын болады. Жаңа 19 шағын аудан құрылысы жоспарлануда. Оның ішінде 10 шағын аудан тыныш, жайлы орындарда орналасатын болады. 5 шағын аудан бойынша егжей-тегжейлі жобалау жоспары (ПДП) жасалған, 6 шағын аудан жасақталу үстінде, 8 шағын ауданға қаражат қарас­тырылған.
Бұл жұмыстарға бюджеттен қомақты қаржы бөлінген, бірақ оларды тиімді жүзеге асыру үшін алдымен бой көтеретін тұр­ғын үйлерді орналастыратын жер және тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелерін шешуіміз керек болды. Осыған орай, жаңа шағын аудандарды жылу, су, электр, газ желілерімен қамтамасыз ету жұ­мыстары жүргізілуде.
– Бәрекелді, Еділ Терекбайұлы, өмір бір арнада тұрмайды дегендей қазір барлығы жедел даму үстінде. Ақтауды салыстырмалы түрде «жас қала» деп есептесек, жас қаланың жаңа заман ағымына қарай жаңаша дамуын айта отырсаңыз, қаланы жаңартуда инновациялық өзгерістер бар ма?
– Болашақта қала мен оның өндірістерін электр қуатымен толыққанды қамтамасыз ету үшін энергия үнемдеу технологиясына көшу және шаһардың ескі электр жүйелерін кезең-кезеңмен модернизациялау қажет.
Қазақстан Республикасының Прези­денті Н. Ә. Назарбаевтың ел экономикасын электр қуатын үнемді пайдалану технологиясына көшіру қажеттігі жөніндегі тапсырмасын, «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы аккредиттеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысын жүзеге асыру мақсатында, Ақтау қаласының әкімдігі мен «Олимп Юнион» ЖШС арасында әріптестік туралы Меморандумға қол қойылды. Аталған Меморандумда иелік ету субъектілерінің энергия үнемдеу технологиясына өтуі мен энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында жұмысы анықталған.
Сонымен қатар, қазіргі таңда Ақтау қаласы Қазақстанда алғашқы болып толықтай жарықтандырудың жаңа жүйесіне көшпек. «Телеметрия» деп аталатын қондырғының көмегімен шаһар көшелері тегіс жарықтанады. Телеметрия түгелдей іске қосылған кезде көше жарықтарынан 25-30 пайызға дейін үнемдеуге болады. Бұл қала бюджетіне айтарлықтай үнемді табыс әкеледі.  
Үнемдегіш құрылғының тағы бір ерекшелігі – қалада іске қосылмай қалған немесе күйіп кеткен жарықшамдар компьютерден белгі беріп, көрсетіп тұрады. Сондай-ақ, бұлтты күндері кешен автоматты түрде жарықты қосады. Ресейлік құрылғыға кеткен шығын 2,5 жылда өз-өзін толық ақтайды.
– Ақтау қаласында қолды болып кеткен жерлер қайтарылып, қаланың кеңеюіне жол ашылып жатыр деген әңгімені ара-тұра естіп қаламыз осыны өз аузыңыздан естісек…
– Қала территориясында мақсатқа сай пайдаланылмайтын немесе уақтылы игерілмеген жер телімдерін мемлекетке қайтару жұмыстары қолға алынды. 2012 жылдың қыркүйек айынан бастап жалпы мемлекеттік меншікке 1464,6062 га жер қайтарылды. Соның ішінде, Ақтау қаласының солтүстік-батыс аумағындағы «КазЭмирДеловопментАлматы» ЖШС-ның жеке меншігіне берілген 1430,00 гектар жер учаскесі бар.
2013 жылы «Базис-А» ЖШС меншігінде болған 15 шағынаудандағы жер және 1-ші шағынаудандағы «Солдатский пляж» аталып кеткен жағажайдағы жер учаскілері толық мемлекеттік меншікке қайтарылды.
Қазіргі жаһандану дәуірінде мемлекет тұрмақ, ешқандай елді-мекен томаға-тұйық дами алмайды. Осыған орай Ақтау алыс-жақын шетелдердегі бірқатар қалалармен достық қарым-қатынас орнатуда. Мысалы, Оңтүстік Корея Республикасының Чханвон қаласымен, Әзірбайжан Республикасының Сумгаит қаласымен, Иран Ислам мемлекетінің Горган қаласымен, Қытай Халық Республикасының Қарамай қаласымен, Ресей Федерациясының Волгоград қаласымен тығыз достық қарым-қатынас, бауырластық орнату бағытында келісім жасалған. 
Ақтау қаласында туризм саласын дамыту мақсатында ағымдағы жылы Қазақстан Республикасындағы Чехия Республикасының Төтенше және өкілетті Елшісі Бедржих Копецкидің қатысуымен «TREE of LIFE  Kazakstan» курорттық реабилитация орталығының алғашқы іргетасын қоюға арналған салтанатты шара болып өтті. 35 млн. доллар көлемінде инвес­тиция тартылған 200 орындық курорттық реабилитация орталығының құрылысы әлеуметтік маңызға ие нысан болмақ. Сонымен қатар, «TREE of LIFE Kazakstan» демалыс орны ашылды. Сыйымдылығы 40 көлікке арналған автотұрағы, 2 және 3 бөлмелі жайлы үйлері, теңізге қараған VIP коттедждері, жазғы бары, шығыстық, еуропалық және ұлттық асханалы мейрамханасы қамтылған және теңіздегі түрлі ойын-сауық қызмет түрлерін ұсынатын демалыс орнында демалушыларға толық жағдай жасалған.
– Мемлекет тарапынан білім және медициналық қызмет сапасын арттыру, мәдени-қоғамдық өмірді жандандыру, спортты дамыту, халықтың әл-ауқатын көтеру бағытында айтарлықтай жұмыстар жасалып жатыр. Соның бірі – мектепке дейінгі балалардың мәселесін шешу. Балабақшамен қамтамасыз ету – Үкімет тарапынан аймақтарға қойыл­ған міндет. Ақтауда бұл мәселені қалай шешіп жатырсыздар?
– Бүлдіршіндерімізді толықтай бала­бақ­шамен қамтамасыз ету – басым мақсат­тардың бірі. Алдағы үш жылда 8 бала-бақшаны мемлекет меншігіне қайтару, 10 балабақшаның күрделі жөндеу жұмыстары, 10 шағын орталықтың ашылуы жоспарланды. Сонымен қатар, бүлдіршіндердің тәрбиесімен де жүйелі айналысуымыз керек. Оларға ойын алаңдары мен балабақша салып берумен мәселе шешілмейді. Сон­дықтан осы жылы 1 қыркүйек айынан бастап, мектеп жасына дейінгі балаларға арналған оқу-әдістемелік құрал дайындалып қолданысқа енгізілді.
Сонымен қатар, әңгіменің орайы келгенде айта кетейін, келер жылы бірнеше әлеуметтік нысан іске қосылады, олардың бірі – 33-ші шағын аудандағы ҚР Тұңғыш Президентінің зияткерлік мектебі. Абай атындағы мәдени демалыс кешеніне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Спортты дамыту бағытында да елеулі жұмыстар атқарылмақ. Қала халқын спортқа көптеп тарту үшін мектепаралық, оқу ордалары арасында және шағын аудандар арасында түрлі спорттық шараларды ұйымдастыру ойымызда бар.
Біз қаламыздағы кез-келген адамның тағдырына бейжай қарамауымыз керек. Қоқыстан тамақтанып, базарда қайыр сұрап жүрген баспанасыз адамдарды көргенде кім де болса еріксіз қынжылады. Адамдардың осылай күн кешуіне не себеп? Олардың тағдырына кім араласады, кім қорғайды? Бұл мәселені шешу үшін 100 орындық бейімдеу орталығын салу жұмыстары басталды.
Тындырылған іс те, тыңғылықты ойластырылған жоспар да жетерлік. Сізге оның бір парасын ғана айтып отырмын.
– Рахмет, Еділ Терекбайұлы. Жазушылар шаһардың бір күнгі тіршілігі, бір қалалықтың өмірі арқылы бір кітап жазып жатады, әрине, оның жанында, біз бір сұхбат аясында талай мәселені сөз еттік десек болады. Енді, қаланың болашағы туралы аз-кем баян етсеңіз.
– Бұл күнгі жасап жатқан жұмы­сымыздың барлығы болашақ, жас ұрпақ үшін. Бір сөзбен айтқанда болашақтағы Ақтау – бұл өндірістің жаңғыруы, туризм­нің дамуы, Каспий теңізінің, транспорттық-логистикалық торабы, мәдени орталық және шығармашылық бастамалар ордасы, жастар болашағы, Қазақстанның даму нүктесі болуы тиіс.
Басты мақсатымыз – халыққа адал қызмет ету. Ол – адамдық борышымыз. Сондықтан біздің есігіміз тұрғындар үшін әрқашан ашық. Жақында іске қосқан Ақтау қаласы әкімдігінің сайты арқылы кез келген қала тұрғыны өзін толғандырып жүрген мәселе бойынша, я ұсынысы болса, тікелей жеке блогыма жаза алады. Оған міндетті түрде жауап береміз. БАҚ өкілдерімен де жүйелі жұмыстар атқарылуда, бұл бағытқа жауапты – қалалық ішкі саясат бөлімі. Тырнақ астынан кір іздеуді мақсат тұтпай, әділін айтып, өз қаласына жанашырлықпен қарайтын азаматтармен қоян-қолтық жұмыс жасауға әзірміз.
– Уақыт тауып сұхбаттасқаныңызға рахмет. Сізге де барша жақсылықты тілейміз.

Сұхбатты жүргізген
Бектұр Төлеуғалиев.
Ақтау қаласы

Алдыңғы «
Келесі »