Орталық Азияның экологиялық жағдайы

  • 05.11.2013
  • 1245 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Айсұлу Әлмаш,
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ 4-курс студенті

Қазіргі таңда бүкіл әлемді түрлі көріністе пайда болып жатқан жаһандық экологиялық мәселелер ерекше толғандырып келеді. Халықаралық қатынастар саласындағы экономика, саясат секілді маңызды орын алатын бағыттар қатарына экология да қосылды. Қоршаған ортаны қорғау мәселелері жаһандық сипат алып келеді. Өнеркәсіптік революция атауымен қалған кезеңнен бастап, жағдай күрт өзгерді. Бұл өзгеріс биосфераға қатты әсер еткен.
Бұл орайда жер бетін мекен етушілер санының күрт көбеюі мен табиғатқа антропогендік әсердің күшеюі ғаламдық экологиялық жағдайды қиындата түсуде. Экономикалық жедел даму, ғылыми-техникалық прогресс қоршаған ортаға, онда мекен етуші адамдардың денсаулығына зиянын тигізіп жатыр. Адамзат табиғатты құрбан ету арқылы дамудың салдарларына енді көңіл бөле бастады. Дегенмен, өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап бұл мәселелер талқыланып, шешілу жолдары іздестіріліп келеді.
Орталық Азия аймағы басқа да әлем өңірлері секілді экологиялық дертке душар болуда. Жаһандық экологиялық мәселелермен қатар, аймақтың өзіндік ерекшеліктегі табиғатпен тікелей байланысты мәселелері бар. Бұған бірден-бір мысал – сумен қамтамасыз етілудің қолдан жіберілген қателіктері. Оның үстіне, КСРО құрамында болған бұл мемлекеттер шикізат көзі мен сынақтар аймағы ретінде табиғаты көп зардап шеккені де құпия емес. Аймақ мемлекеттерінде жүргізілген Кеңес Одағының ядролық сынақтары бүлінген топырақ пен уланған ауа қалдырып кетті.
Орталық Азия, негізінен екі өзен – Әмудария мен Арал теңізіне келіп құятын Сырдария – арқылы сумен қамтамасыз етіледі. Аймақта су ресурстары біркелкі орналаспаған, Қырғызстан мен Тәжікстанға аймақтағы су қорының 80,7 пайызы тиесілі [1].
Орталық Азиядағы су ресурстарының біркелкі бөлінбеуі басты сумен қамсыздандырушылар (Тәжікстан мен Қырғызстан) мен оның негізгі тұтынушылары (Өзбекстан, Қазақстан және Түркменстан) арасындағы келіспеушіліктерді туғызуда.
Судың жетіспеуімен қатар, су сапасы да күрт төмендеп кетті. Бұл, бірінші кезекте, өзендер мен жинаушы-дренаждаушы жүйеге ауыл шаруашылығында қолданылатын улы химикаттармен және пестицидтермен кірленген судың түсуімен, коммуналды шаруашылық суын, ластанған өнеркәсіптік суларын төгумен байланысты [2].
Екіншіден, суару жерлерінің көлемі өсуімен қатар, оның құрылымының да өзгеруі, бәрінен бұрын, мақта өсіру алқаптарының кеңеюі жүрді. Оның үстіне, бұл – ең ылғалсүйгіш ауыл шаруашылық дақылдарының бірі, су қажеттілігін бірнеше есеге көтеріп жіберді. Ирригациялық жүйелерді жасау бойынша техникалық мүмкін­діктердің көбейгеніне қарамастан, бұл жүйелер ескірген технологиялармен жасалды. Нәтижесінде, 1950-жылдардың өзінде тек фильтрацияға бүкіл өзеннен алынатын судың 50 пайызы кетіп жатты (тіпті, қазіргі бағалау бойынша, шаруашылық қажеттіліктерге алынатын судың 56-76 пайызы қайтарымсыз жоғалып жатыр). Тек 1960-жылдардан бастап магистральды каналдар салу кезінде бетонды науаны (лоток) қолдана бастағандықтан, фильтрация деңгейі төмендеді. Дегенмен, судың суғаруға шығыны баяғы күйінде қалды, кейбір бағалау бойынша, нормадан 4 есе көп.
Осы факторлар су-экологиялық мәселелердің (СЭМ) пайда болуына алып келді, сонымен қатар, шаруашылық айналымына қолданыла алатын су қорларын тауысты деуге болады. Атап айтқанда – Сырдарияның сол жақ тармағынан айырылуы мен Арал қасіретіне алып келген Сырдария мен Әмударияның арналарынан бақылаусыз су алу көп зардаптарын тигізді. Оның салдарлары: Аралдың кепкен түбінен тұз бен шаң шығуы, Сырдарияның пестицидтермен қауіпті ластануы мен тұздануы, жерасты суы деңгейінің көтерілуі мен құрылыстардың бұзылуы, топырақ құнарлығының төмендеуі мен жайылымдар деградациясы, өсімдік және жануар әлемі генофондының азаюы, өмір сүру жағдайы мен халық денсаулығының нашарлауы, жалпы және бала өлімі деңгейінің өсуі. Жалпы Орталық Азияның жазықтық бөлігінің акваторийлерінде су сапасы қатты өзгеріске ұшырады. Орташа және ірі ирригациялық жүйелер әрекет ететін зонада айтарлықтай аумақтар тұзданды және су астында қалды[2].
Каспий теңізі – әлемдегі бірегей көмірсутегінің қомақты қоры мен бекіре тұқымдастарының әлемдік қорының 90 пайызы бар ағынсыз су айдыны. Оның жағалауында аймақтың екі мемлекеті – Қазақстан мен Түркменстан орналасқан. Жағалау территорияларының, оның ішінде мұнай алынатын аудандардың да, су басуы теңіз айдынына мұнай өнімдерінің, өнеркәсіптік және коммуналды-тұрмыстық қалдықтардың келіп түсуіне алып келеді. Ал, бұл Каспий теңізінің экожүйесін сақтау мен биоалуантүрлілікке қауіп төндіреді. Каспий бекіресін жылдық аулау көлемі он мыңдаған тоннадан ондаған тоннаға күрт төмендеп кетті [3].
Тәжікстанның Таулы-Бадахшан Автономды облысында теңіз деңгейінен 3252 метр биіктікте орналасқан Сарез көлі суы табиғи тау бөгетін бұзып өткен жағдайда үлкен қауіп төндіреді. Көлдің жалпы аумағы – 86,5 км², ұзындығы – 70 км, максималды ені 3,68 км-ге дейін. Су қоймасының орташа тереңдігі – 190 м, максималды – 505. Мамандардың айтуынша, судың қатты ағыны болған жағдайда Бартанга, Пянджа мен Әмудария өзендері алқабында апатты сел болады. Есептеулерге сәйкес, апат Тәжікстан, Өзбекстан, Түркменстан мен Ауғанстанда 6 млн. халқы бар шамамен 69 мың км² жерді қамтиды. Осындай қомақты су көлемінің тасқыны болса, төменгі сағаларға дейін жетіп (биіктіктегі айырмашылық 3000 м), жоғары жылдамдықтағы қатты су ағыны жолындағының бәрін бұзып өтеді. Оның ішінде түрлі сипаттағы құрылыстарды, көпірлерді, автомобиль жолдарын, электртарату жүйелерін, өнеркәсіптік объектілер мен ғимараттарды қиратып өтеді, бұл адам шығынын санамағанның өзінде. Сонымен қатар, Сарез көлі Арал теңізін толтыру көзі ретінде де қарастырылып жүр[4].
Орталық Азиялық аймақ үшін судың маңыздылығын асыра бағалау қиын, себебі, аймақта оның есебінен тұрғындардың 34 пайызы жұмыспен қамтылған, 38 пайызы электрэнергиясы өндіріледі, ұлттық табыстың 23 пайызы құралады. Соның өзінде мамандар Орталық Азияның су жағдайына айтарлықтай әсер етуші тұрақсыздандыратын бірқатар сыртқы және ішкі факторларды белгілейді. Сыртқы факторларға мыналар жатады:Тұрғындар санының өсуі мен экология­лық талаптардың көбеюі;
Ауыл шаруашылық өнімдеріне әлемдік бағаның төмендеуі мен ауыл шаруашылық дақылдары құрамының өзгеруі;
Климат өзгеруімен байланысты ылғал­дылық көлемі бойынша экстремальды жаздардың көбеюі;
Өзендер режимі мен су қоймалары жұмысының бұзылуы.
Ішкі факторлар құрамында:
Сулылық болжамдары дәлдігінің төмендеуі;
Өнімсіз су шығынын көбейтетін су инфрақұрылымының ескіруі;
Қайта құрастыру мен пайдалануға жет­кіліксіз қаржы бөлу, осыдан кадрларды жоғалту;
Су қолданушылар санының өсуі мен суды үнемдеуге жеткілікті көңіл бөлінбеуі [5]. Топырақ деградациясы мен шөлденуге елеулі үлесін қосқан КСРО кезеңіндегі 1954 жылы басталған тың игеру науқаны болды. Биполярлық жүйедегі мемлекеттің имиджі үшін жасалған бұл шараға қаншама күш, мыңдаған техника жұмылдырылды.
Мемлекет басшылары (яғни, КСРО басшылары) Сталин қайтыс болғаннан кейін, Мао терминімен айтқанда, ауыл шаруашылығында «үлкен секіріс» жүргізуді көздеді. Идея, негізі, жаман емес еді. Көп уақыт бойы бұл саладағы жағдай нашар болатын.
Асығыстықтың нәтижесі болар, көптеген қателіктер жіберіліп, мемлекет жер пайдасын аз уақыт қана көрді. Жіберілген кейбір қателіктер туралы Д. Л. Арманданың «Нам и внукам» атты кітабында жазылған: «Қазақстан мен Батыс Сібірде тың игеру кезінде жердің толық зерттелмегендігі салдарынан қателікпен жақсы жайылымдық, бірақ егістікке жарамсыз алаңдар жыртылып жатқан да жағдайлар болды.
Оған құмды жерлер мен сортаңдардағы, құламалы еңістердегі жайылымдар жатады. Егістік жеріне айналғанда олар өте аз өнім беріп, эрозияның, дефляция мен ары қарай тұздану құрбаны болатын. Ал, қожайындар түбегейлі мелиорациялау мен жерді арнайы тәсілдермен өңдеудің орнына оны жылы жауып қоя берді».
1989 жылы публицист Сергей Баймұхаметов «Поле битвы» мақаласында тың игерудің салдарлары қандай болғандығын ашып көрсетті. Оның айтуынша, «қырық екі миллион гектар тың және тыңайған жерлер жыртылды. Аумағы бойынша бұл Франциядан кішірек және Бельгия, Голландия, Дания, Ұлыбритания мен Португалиядан үлкендеу. Бірақ бұл тек жыртылған жер ғой, яғни соқаның жүріп өткен жері ғана. Ал, оның салдарлары барлық жақын территорияларда көрініс табады…».
Бірнеше жылдардан кейін гумус қабатының жұқаруына, топырақтың құрғауына, жел және су эрозиясына, жер асты суы деңгейінің төмендеуіне алып келген тың және тыңайған жерлерді асыра игеруден де көлемдірек экологиялық апаттарды айтуға барлық негіз бар.
Айтарлықтай үлкен территория жапа шекті. Шөлдену тарала бастады, климаттық жағдай нашарлай бастады. Себебі, топырақ қабатының әлсізденуі, көлдердің тартылуы, жер асты суы деңгейінің төмендеуі нәтижесінде жер беті қаттырақ қызып, күн сәулесін белсендірек қайтарады. Жоғары атмосфералық қысым зоналары құралады, құрғақ қызған ауа жаңбырға кедергі жасай отырып, жоғары көтеріледі. Ал сирек қатты құйындар эрозияны одан әрі күшейте түседі [6].
Орталық Азия аймағы бұрынғы КСРО мемлекеттерінен тұратыны белгілі. Ал, қырғи қабақ соғыс кезінде КСРО өзінің ядролық Семей полигонын ашты.
Семей ядролық полигоны КСРО Министрлер Кеңесінің шешімімен 1947 жылы 21 тамызда ашылды. 1949 жылы 29 тамызда Семей ядролық полигонында бірінші сынақ жасалды. Бұл Қазақстанның ядролық қасіретінің басы еді, ол 40 жылдан астам уақытқа созылды. Республика жерінің түгеліне жуық полигонға айналды – сынақтар Каспийден Алтайға дейін барлық облыстарда өткізілді. Қазақстан аумағында барлығы жиынтық қуаты 50 мегатоннан асатын 470 ядролық жарылыс жасалды.
Бұл сынақтардың салдарлары Қазақстанның Семей облысына қасіретті болды. Жергілікті халық сынақ кезінде де, одан кейін де ластанған жерде, радиация астында өмір сүрді. Сынақтар ауыл шаруашылық жерлер мен жайылымдардың, ауыз судың ластануына, шөлденуге, ауыр сырқаттарға, атап айтқанда, обыр ауруының бірнеше түрлеріне, жүрек-тамыр ауруларына, асқорыту, тыныс алу органдарының ауруларына, сонымен қатар, жаңа туылған сәбилердің дамуында артта қалу мүмкіндігінің өсуіне алып келді. 1997 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы халықаралық қауымдастықты Қазақстан үкіметіне полигонда ядролық сынақтар салдарларын жоюға көмек көрсету 52/159 М резолюциясын қабылдады.
«Возрождения» аралы Қазақстан мен Өз­бекстан арасында Арал теңізінде орналасқан. 1936 жылы арал кеңестік Қорғаныс министрлігі қарауына Қызыл Армия ғылыми медициналық институты полигоны ретінде көшкен болатын. Оның оқшау орналасқандығы мұнда 1952-1992 жылдар аралығында биологиялық агенттер және аэрозольдармен, сонымен бірге, топалаң, оба және шешек агенттерімен тәжірибелер жасауға мүмкіндік туғызды. 1992 жылы полигон ресми жабылғаннан кейін Ресей мен АҚШ әскери мамандары аумақты залалсыздандыру бойынша біріккен әрекеттерді бастады. 2001жылы қазанда АҚШ Қорғаныс департаменті мен Өзбекстан Қорғаныс министрлігі келісімге қол қойды. Оған сәйкес қауіптерді жою бойынша ынтымақтастық бағдарламасы шеңберінде қалдық спораларды құрту арқылы қоршаған ортаға және адам денсаулығына төніп тұран қауіпті жоюға 6 миллион АҚШ доллары бөлінді. Аталған аурулар спораларының кеміргіштердің топырақ арқылы тарату қаупі Арал теңізі көлемінің азаюымен және арал мен жағалауды жалғастыратын дәліздің пайда болуымен күшейді. Оның үстіне дәліз ұлғайып келеді [7].
Орталық Азияның дамуына кедергі жасайтын бұл экологиялық мәселелерді аймақ мемлекеттерінің қаржы жеткіліксіздігі мен қажет тәжірибенің болмауына байланысты халықаралық қауымдастыққа жүгінуге мәжбүр. Дегенмен, халықаралық ұйымдар мен дамыған мемлекеттер де аймақтағы экологиялық мәселелерді шешуге ынталарын білдіруде.
Қазіргі таңда аймақта UNEP, БҰҰ Даму бағдарламасы, GEF, ТАСИС, ЕЭК, USAID, ЭСКАТО, АДБ ұйымдары мен қаржылық құрылымдары техникалық және қаржылық көмек көрсетіп келеді. Әсіресе, Арал теңізін қалпына келтіруге, Семей полигонының зардаптарын азайтуға, шөлденумен күресте бірқатар бірлескен әрекеттер жасалды. Аймақта халықаралық ұйымдар мен қорлар қолдауымен Аралды құтқару халықаралық Қоры, Аймақтық экологиялық орталық құрылған.
Сонымен қатар, аймақ мемлекеттері ха­лық­аралық экологиялық келісімдер мен кон­венцияларға қосылған. Олардың қатарынан: ХХІ ғасыр Күн тәртібі, БҰҰ шөлденумен күрес конвенциясы, Климат өзгеруі бойынша БҰҰ шекті Конвенциясы, Киото протоколы, т.б. Орталық Азия республикалары «Еуропа үшін қоршаған орта» үдерісіне, Азия және Тынық мұхит мемлекеттерінің қоршаған ортаға байланыс­ты Министрліктер конференциясына қатысады. ЕО Орталық Азия арасында тығыз қатынастар ЕО-тың және Германияның Орталық Азиямен серіктесу стратегияларынан байқалады.
Аймақтың өз ішінде де экологиялық бағытта ынтымақтасу байқалады. Оған мемлекеттер арасында жасалған келісімдер мен аймақтық ұйымдар (ТМД, ШЫҰ) ішіндегі қадамдар мысал бола алады. Республикалар қоршаған ортаны қорғауға қатысты заңнамаларын бекіткен, бірқатары әрекет жоспарларын жасаған.
Орталық Азияның мемлекеті ретінде Қазақстан да осы экологиялық үдеріске қатысып келеді. Оның үстіне Орталық Азияның біраз экологиялық ошақтары (Семей полигоны, басқа да КСРО кезеңіндегі биологиялық, химиялық полигондар, Байқоңыр ғарыш айлағы, Арал теңізі, т.б.) Қазақстан территориясында орналасқанын да ескеру қажет.
Қазақстан Республикасы 1995 жылғы Конституциясында жағымды экологиялық ортаға адамның құқығы бекітілген. Тәуелсіздік алғаннан бастап Қазақстан экологиялық заңнамасын жасап, толықтырып, жетілдіріп келеді. Соңғы уақыттарда еліміздің экологиялық жобаларға назары ерекше ауа бастады. Оған басты себеп – Қазақстанның ЕХРО-2017 көрмесін өткізуге мүмкіндік алуы. Осы көрменің тақырыбы ретінде Қазақстан баламалы энергия көздерін алды. Яғни, Қазақстан көмір, мұнай, газ секілді энергия көздері болып келе жатқан жанармайлардың шектеулі ресурс екендігін, әрі оларды өндіру мен қолданудағы қоршаған ортаға тиер зияны көп екендігін мойындады. Олардың орнына экологиялық тиімді күн, жел энергиясын алу жаңа тәсілдері келетін болады. Дамыған елдерде бұл тәсілдерді қолдану біраз бұрын басталғанымен әлі де жетілдіріліп келеді. Ал, ЕХРО-2017 көрмесі арқылы Қазақстан бұл жаңа тәсілдерді елімізге ендіруді көздеп отыр. ЕХРО-2017 көрмесіне қатысты тағы бір қуантарлық жаңалық «Жасыл экономика» тұжырымдамасының жасалуы болды. Ол бойынша елімізде табиғи ресурстардың жағдайын жақсартуды, су мәселесін шешуді қарастыруда. Бұл тұжырымдама еліміздің экологиялық дамуына серпіліс береді деген ойдамын. Оның үстіне, өткен жылы Президент Н.Назарбаев халқына Жолдауында «Қазақстан-2050» Стратегиясын жариялады. Стратегияда экологиялық салаға көп көңіл бөлінген. Мұның бәрі республикамыздың экологиялық саясаты дамып кел жатқандығын көрсетеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Проблемы использование водных ресурсов государствами Центральной Азии. Иностранная печать. Серия Экономический и научно-технический потенциал /ВИНИТИ. 2002. – N 1. – С. 8-9.
2. Бушков В. Водные проблемы Центральноазиатского региона.// http://kungrad.com/aral/ekology/water/
3. ВСУР Региональный экологический центр Центральной Азии «Центральная Азия на пути к устойчивому развитию» сборник. – Алматы, 2002. – C. 5.
4. Водные проблемы Центральной Азии: Монография / К.Л. Валентини, Э.Э. Оролбаев, А.К. Абылгазиева; МИСИ при ПКР, Социнформбюро, фонд им. Ф. Эберга в КР. – Бишкек. – 2004 – 142с.
5. Социально-экономическая стабильность и продуктивность воды: продовольственная и водная безопасность в Центральной Азии// http://www.icwc-aral.uz/workshop_march08/report.htm
6. Баландин Р.К. Полигоны смер­ти? Сделано в СССР. – М.:Вече, 2008. – 80 c. – C. 13-25.
7. Environmental Performance Review of Kyrgyzstan. Geneva: United Nations Economic Comission for Europe. Global Security Org. 2003.

Алдыңғы «
Келесі »