Айтары бар басылым

  • 21.10.2013
  • 571 рет оқылды
  • 1

Аманхан ӘЛІМҰЛЫ, «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы Аманхан ӘЛІМҰЛЫ, «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы

Егер  де, қандай бір сөздің түп қияны, түбіріне үңілсек, оның арғы жағында философиялық категорияға жататын мазмұн-мән жатады. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, тұңғыш саны 1921 жылы 15 қыркүйегінде «Қызыл Қазақстан» деген атпен Орынбор қаласында басылып, уақыт ағымына қарай атаулары әлденеше рет өзгеріп, ақыры «Ақиқат» деген атауға ие болған басылым еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде қоғамдық-саяси өмірге  барынша нақты әрі жан-жақты қарайтын басылымға айналды. Атына қарап-ақ затын айыруға, қай заманның, қай қоғамның  сойылын соғып, саясатын жүргізгенін білуге болатын шығар. Бірақ, бұл қай дәуірдің, қай қауымның  тілі мен үні болса да, әділеттіктің ақ жолынан айнымай, өмір шындығын қаз қалпында айна-қатесіз көрсетуге тырысты. Соның бәрін байырғы басылым қаламгерлері  жүрек жалынын, қалам қарымын сарқа жұмсай отырып, саяси тұрғыдан саралап, теориялық тұрғыдан тұжырымдап беріп отырды. Қысқаша айтқанда, туған топырағымыздағы «Айқаптан» кейінгі алғашқы ауқымды да айбынды басылым бола білді.

Жалпы, ақиқат – жалқы, шындық – көп. Бұлай дейтініміз, ақиқат сөзі діни категорияға жатады да, шындық күнделікті адами қарым-қатынасты қол жеткізетін, не қол жеткізбейтін іс-әрекеттерге келетін ұғым. Мысалы, өлім – ақиқат, сонымен бірге, Алланың жалқылығы да ақиқатқа келетін құбылыс. Бұлар мәңгілік өмірдің көрінісі. Ал, енді, шындыққа келсек, ол бүгін бар да, ертең жоқ жағдайға келеді. Мысалы, бүгін пәтерің жоқ, не қалтаңда көк тиын қалмауы шындық болса, ал, ол шындық ертеңіне басыңа пәтер бітіп, қалтаңа ақша түскен күні өледі. Сондықтан да, «Ақиқат» журналының басты мақсаты да оқырман қауымға осы бір қос категорияның қыр-сырын ашып беру арқылы, болашақ негізін қалайтын мәселелерді көтеру. Ал, оған қаншалықты қол жеткізіп жатқанымызды кең байтақ республикамыздың түкпір-түкпірінен хабарласып жатқан оқырмандарымыздың мәліметтерінен білеміз. Бұл орайда ақтөбелік оқырманымыз Абдолла Омаров  журналымызда жарық көрген әрбір мақаламызға өзінше үн қатып, оған келісетінін не келіспейтінін айтып, хабарласып отырады. Мұндай оқырманымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ондай оқырманымыз, Құдайға шүкір, күннен-күнге көбейіп келеді.

Сонымен, «Ақиқат» журналының өткен сандарынан не оқыдыңыздар? Енді, соған азды-көпті тоқталайық. Бұл мәселені біз журналымызды қадағалап оқып отыратын оқырмандар үшін емес, «Ақиқат» журналында қандай тақырыптарды жазып, нендей мәселелерді көтеретінін білмейтін оқырмандарға бағыштап, жазып отырмыз. Журналымызда көтерілген әрбір көкейтесті мәселе, бұл күндері, республикамыздағы газет-журнал сүйіп оқитын оқырмандар арасында кеңінен талқылануда. Мысалы, біз 2012 жылғы №6 санымызда «Келелі кеңес» айдарымен «Құқықтық журналистиканың дамуы: кемшіліктер мен кедергілер» деген тақырыпта әңгіме қозғап, оған елімізге белгілі журналис-
тер мен заңгерлерді шақырдық. Ал, «Еркін ой мінбері» айдары арқылы «Қазақ интеллигенциясының ұлт қалыптастырудағы ұлағаты қандай немесе «Грядущий хам» кім?» деген тақырыпта әңгіме қозғасақ, журналист Айман Құлпатшаева «Бір ғана команда бар, ол – қазақ, Қазақстан командасы» атты тақырыпта белгілі қоғам қайраткері Әшірбек Сығаймен әңгіме өткізді.  Онда қазіргі кейбір облыс, аудан әкімдерінің басшылыққа келгенде команда жинап келіп, оған өздерінің тамыр-таныстарын, ағайын-туғандарын жинайтыны қатты сынға алынды. Ал, одан кейінгі сандарымызда сол «Келелі кеңес» айдарымен «Мемлекеттік тапсырыспен, әйтпесе, өктемдікпен тарих жазылмайды», «Оқулық ұлттық сипатта болмай, оңалмайды», «Ұлтын өліп-өшіп сүймеген адам ешқашан да зиялы бола алмайды», «Діннің мемлекет пен ұлт қалыптастырудағы рөлі қандай?», «Еуразия идеясы, Еуразия одағы, Еуразия парламенті бізге не береді?», «Қазақ БАҚ-ы әлемдік БАҚ пен бәсекелестікке қабілетті ме?», «Қазаққа қандай ұлтшылдық керек?», «Билік жүйесіндегі парламенттің рөлі мен орны», «Қазақтың ұлттық мінезі мен менталитеті қандай?», «Тарихты кім жазады және қалай, не үшін жазады?», «СССР-дың күйреуі: қазаққа ұлт ретінде тигізген пайдасы мен зияны» атты тақырыптарда материалдар беріп, оған еліміздегі белгілі-белгілі азаматтар қатынасып, өз ойларын білдірді. Көріп отырғандарыңыздай, «Ақиқаттың» келелі кеңесінде қозғалған мәселелердің өзі ешкімді бей-жай қалдырмасы анық. Ал, оған Әбдрашит Бәкірұлының «Қазаққа капитализм қалай келді?», «Қазақтың жерұйығы өзіне қайтсе бұйырады», «Бізге революция керек пе?», «Ру емес, рушылдық қоғамдық дертке айналып барады», Сейілбек Мұсатаевтың «Маргиналданған адамдар жиынтығы маргинал ұлт пен маргинал мемлекет қалыптастырады», «Либерализм алға сүйреп, консерватизм кері тарта ма?», «Демографиялық соғыс: жеңістер мен жеңілістер», «Қазақстан қайткенде АҚШ-тай бола алады», Сайлау Байбосынның «Құлдық психологиядан қайтсек арыламыз?», Еркебұлан Әлімханұлының «Тарих тағылымынан сабақ алу», «Этникалық анклавтан ұлттық тұтастыққа дейін», «Ұлт мемлекетті қалыптастыра ма, әлде, мемлекет ұлтты қалыптастыра ма?», немесе Әшірбек Амангелдінің «Серік Ахметов сенім жүгін көтере ала ма?», Қуанбек Боқайдың «Мұхтар мен Сәбиттің айыпталуының зардабы», «Көзқамандар мәңгүрттерден де қауіпті» деген мақалалары тақырыптары айтып тұрғандай қоғамымыздағы небір келеңсіз жайлардың сырларын ашады.

Біздің белсенді авторларымыз халқымызға белгілі азаматтар. Олардың ішінде Амангелді Айталы, Мәмбет Қойгелді, Қамбар Атабаев, Әшірбек Сығай, Әбдіжәлел Бәкір, Мұртаза Бұлұтай, Зардыхан Қинаятұлы, Дос  Көшім сияқты азаматтар бар. Олардың қай-қайсысы болмасын еліміздегі саяси өмірге белсене араласып жүрген азаматтар. Сондықтан да, құрметті оқырман Сіздердің де «Ақиқат» журналының авторы болуларыңызға толық мүмкіндіктеріңіз бар. Журнал көтерген мәселелерге араласып, өз ойларыңызды білдіріңіздер, журналдың жақсы болуына ат салысыңыздар. Соған байланыс-
ты журналымызда «Оқырман хаты» айдары барлығын да атап өткіміз келеді.

Құрметті оқырман! Журналымыздың алдағы жылғы сандарынан жоғарыдағы келтірілген «Келелі кеңес» айдарымен берілетін материалдардың ең таңдамалыларымен таныса аласыздар. Шын мәнінде де «Ақиқат» журналы ақиқатқа жүгініп, шындыққа ұмтылатын республикамыздағы ең бір мазмұнды да мәнді басылымдардың бірі. Яғни, бұл «Ақиқат» журналы – айтары бар басылым» дегенге саятын әңгіме. Журналға жазылыңыздар, оқыңыздар, пікір айтыңыздар! Біздің сүйенеріміз де, иек артарымыз да Сіздер.

"АРҚА АЖАРЫ" ГАЗЕТІ, № 107 (17368)

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Алаш, үш Жүз һәм Қазақ

    Қазақ турасында сөз қозғап, ол жайында қалам тартқан адамдардың барлығы дерлік Алаш, Үш жүз атауларына соқпай өте алмайтындығы ақиқат. Алаш турасында “Қазақ совет энциклопедиясында” “Алаш” “Алаш мыңы”- ежелгі қазақ тайпаларының алғашқы қауым болып біріккен одағы “қазақ” деген бұрынғы елдің жалпы аты” – деп жазады,
    – Шынында Алаш, үш жүз, Қазақ сөзінің мән-мағынасы не? Бұл турасында біз неге бір тоқтамға келе алмай жүрміз? Неге біз Алаш сөзінің мән-мағынасын, шығу негізін білмей тұрып осындай күйде тұрған «Қазақ» сөзімен бір синонимді сөз дейміз, тек бұл атаулардың әр кезеңдерде бір-бірінің орнына қолданылғаны үшін ғана ма? Ел аузына тараған:
    Алаш Алаш болғанда,
    Ала тай ат болғанда
    Таңбасыз тай
    Енсіз қой болғанда
    Алаш хан болғанда – деген сөздердің бірінші жолы неге “Алаш Алаш болғанда” – деп тұр? Егер Алаштың Алаш екендігі әу бастан-ақ белгілі болса, онда Алаш Алаш болғанда демей – ақ, Алаш болғанда деп бастап аяғында Алаш хан болғанда десе де түсінікті болар еді ғой. Ұлы Абай атамыздың «Сонымен бұлар өзін-өзі де өзге жұрттарда «Қазақ» атап кетіпті, бұрын өздерін «Ұлұс» дейді екен де жүре береді екен» деуінің астарында не жатыр? Бұрын біз өзімізді Алашпыз, Қазақпыз, Үш жүзбіз деуші едік, енді Ұлы Абайдың дерегінен біз өзімізді «Ұлыс» деп те атаған екенбіз. Бұлай болған жағдайда бұл төрт атаудың қайсысы алғашқы бастапқы атауымыз болмақ?- деген сұрақ туады. Осы арада данышпан Абай атамыз “Ол күнде наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып наурыздама қыламыз деп той тамаша қылады екен. Сол күнін “Ұлыстың Ұлы күні”-дейді екен” деуінен менің түйгенім біздің қазақтардың ол күнді, яғни жер жаһанның жаңарған, қыстың ызғары кетіп табиғаттың бусанып жыл басының басталуына себепкер күн мен түннің теңелуін “наурыз”- яғни “жаңа күн” демей өздерінше бұл күнге ерекше мән беріп “Ұлы күн” деп атап, той тамаша қылғандығына көзім жетті. Сондықтан төркі – қазақ үшін бұл күн шын мәнінде ерекше сағынышпен тосып алатын ұлт мейрамы. Әрі бұл күнді «Ұлғ күн» (Ұлы күн) – деп тойлап қана қоймай «Ұлық күнмен басталған жыл он екі айды ұлұғ ай, кішіг ай, деп бастап бірінші ай, екенші ай, үшінші ай, төртінші ай, бесінші ай, алтыншы ай, жетінші ай, сегізінші ай, тоғызыншы ай, оныншы ай деп жіктеген. Бұл ескі төркі календары Бируни мен Ұлықбектің кітаптарында жазылған. Ал осы «Ұлғ күн» (Ұлы күн) неге «Ұлұстың Ұлы күні» – деп тойланған. Мен бұл жұмбақтың сырын ашу үшін «Ұлұс» сөзін Ұлғ және Ұс яғни Ұлұ және Ұс (құс) деген екі сөзден құралған атау деп қарауды ұсынамын. Құсты көктің, символы санаған көшпелілер өздерін көк тәңірінің ұланымыз деп тәңірі құсына, көктің құсы қыранға балаған ханымызды көтеріп, бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, өзіміз ұлылап тәңірі құсы қыранға балаған ханның ұрпағымыз, соның әулетіміз деп бір ханнан, бір әулеттен, бір тектен ғана тарататын болайық деп ант берісіп өзінің батырлығымен, ақылдылығымен көзге түскен бірін ел басшысы етіп “Ұл(ұ) Ұс”, “Ұл(ұ)Ұс” деп ұлылап хан көтерген деген қортындыға тоқталамын. Сол ұлы жиында жер қайысқан қалың қолдың айқай шуынан Ұл(ұ)Ұш, Ұл(ұ)Ұш деген шу басым естіліп, (бұл жерде төркі халықтарының ішінде қазақтан басқа басым көпшілігі “с”-ның орнына “ш”- деп сөйлейтінін ескеруіміз керек. Мысалы: басты-баш, тасты-таш, қасты-қаш, құсты-құш, Алпамысты-Алпамыш, Манасты-Манаш, дүйсенбіні-дүйшенбі, т.с.с.) қол астындағы қара халықтың құлағына Ұл(ұ)Ұш”, “Ұл(ұ)Ұш” деген айқай Алаш Алаш деп естілгендіктен күллі халық Ұл(ұ)Ұшты яғни “Ұл(ұ)Ұсты” – Алаш деп атап кетіпті. Әрі батыр, әрі ақылды данагөй Ұл(ұ)Ұс хан осыдан бастап өзін халық берген атпен Алаш деп атап, өзіне қараған елін “Ұс” һәм, “Ұл(ұ)Ұс” елі деп атаған деген тұжырымға келдім. Ұл(ұ)Ұс хан өзін халық берген атпен Алаш атағандықтан халық арасында осы бір үрдіс дәстүрге айналған. Әрі бұл дәстүр осы күнге дейін өзінің төл ұрпақтарының арасында жалғасын тауып келеді. Әбілмансұрдың-Абылай, Ибраһимнің-Абай, Мұхамедқанапияның-Шоқан, Ерасылдың – Қабанбай, менің өз атам Сүгірдің – Сақал т.т. аталуы соның айғағы, бұл оларға халықтың берген аты. Құрбанғали Халидтің “Тауарих хамса” кітабында:”Алынша хан кезінде” мен пәленнің нәсілімін” деп айтуға тиым салынып кім хан болса оның қауымы “мен пәленше ханың әулетімін” деуге бұйрық шығарған. Себебі бір ханға ерген халық мен пәлен нәсілдемін деп бөлектеніп араларынан түрліше келіспеушілік туады деген екен” – деуі көңілге қонымды құптарлық дерек. Бұдан байқайтынымыз, қазақтың Абылай әулетіміз, Жәнібектің ұрпағымыз, Әбілхайырдың тұқымымыз деп сан-саққа бөлінбей, тек Алаш еліміз деп өздерін Алаштан ғана таратуында қанға сіңген тарихи шындықтың бары айқын байқалады. Олай болса жоғарыда келтірілген ел аузына тараған шумақтарды орын-орынына қойып оқып көрейікші.
    “Ұл(ұ)Ұш Алаш болғанда
    Ала тай ат болғанда
    Таңбасыз тай
    Енсіз қой болғанда
    Алаш хан болғанда – деп оқитын болсақ, бұл бес шумақ өлеңнің мазмұны ашылып шыға келеді, яғни Ұл(ұ) Ұштың – Ұл(ұ)Ұстың – Алаш атанып одан Алаштың хан болғандығы белгілі болады. Ұсты ұлылап ҰлыҰс атап пір тұту қазаққа жаңалық емес. Бұл үрдістің де сонау көне заманнан бастау алып үзіліссіз ұрпағымен жалғасын тауып келе жатқанын аңғару үшін біз Абайды – Ұлы Абай, Жамбылды – Ұлы Жамбыл, Мұхтарды – Ұлы Мұхтар, Шоқанды – Ұлы Шоқан, Мағжанды – Ұлы Мағжан деуімізді көлденең тартсақ та болады. Демек мұның да Алаштан бастау алғанына куә болғандаймыз. Алаш бабам өз елін Ұс, Ұлы Ұс еліміз деп атап қана қоймай, оны “оң қанат”, “орта”, “сол қанат” деп үшке бөліп билік жүргізген және үшеуін бірге “үш Ұс” (үч Ус-үч Уз) деп атаған. Қазақтың қазіргі “үш жүз” “үш жүздің баласымыз” деп жүргені осы. Асылы бұл сөз “үш Ұс” атауының сәл өзгеріске түскен түрі. Ал енді Алаштың “Ұс” елі неге үшке бөлініп үштік жүйемен басқарылды және неге бірін оң қанат, бірін орта, бірін сол қанат деп атаған. Мұның сырын ашу үшін біз алдымен Ұс, Ұлы Ұс дегеніміздің өзі не мағынаны білдіреді, соны айқындап алуымыз керек. Бұл турасында Әбілхан Әбіласан “Ұс, Ас, Аз – тәңірі құсы, бүркіт (гриф орел). “Ұс” (гриф) – тәңірі құсы деген мағынада. Махмұт Қашқари “Ұс” деген сөзді ертегілерде айтылатын басы бүркіт денесі арыстан бейнесіндегі құс (гриф) бүркіт мағынасында қолданған екен. Ұш үшкірсә өлүр -үш үшкірсе өлер (Қашқари). Ұс ес көріп йуксак қалық қолы чақар -гриф завидев падаль бросается с высока неба (Қашқари). А.Аманжолов осы мағынадағы сөзді (“Ас”) ертедегі қиял ғажайып құс (гриф) немесе бүркіт, ол көне династиялық әулеттің аты және түркілер табынған Көк тәңірінің бейнесі (кейіптану) деген қорытындыға келеді дейді. Демек “Ұс” дегеніміз тәңірі құсы, бүркіт екеніне көз жеткіздік. Олай болса Алаштың өз “Ұс” елін үшке бөліп билеп, бірін оң қанатым, бірін сол қанатым деуінің сыры осында жатыр. Адамдардың дене мүшесіне қарай оң қол, сол қол, болмаса оң көз, сол көз демей құсқа байланысты “қанат” сөзінің ел билеу мен әскер билеу тәсіліне енуінің астары енді ашыла түсті-ау деймін. Н.Мыңжан: “Шежіре дерегі бойынша қоңыраттар екі үлкен бірлестікке бөлінеді. Бұл екі бірлестікті әйгілі ғалым В.Радлов “Алты ата көктің ұлы, алты ата көктің құсы” – деп атаған деген дерек бар”-деп жазады. Иә, қазақтың «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп ер балаларын қыранға, қыз балаларын аққуға теңеуі мен «Ұлым ұяда, қызым қияда», «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай», «қанатының астына алды», «атқа қонды», «үйге қон», «қонып кет», «қанаты қатайды», «топшысы бекіді», «бақ құсым», «балапаным», «қанатым», – деп қана қоймай, мектеп бітіріп үлкен өмірге аяқ басқалы тұрған ұл-қыздарын, еліміздің «жас түлектері» деп сөз саптауы да кездейсоқ айтыла салған сөз емес екен, “Қыран түлегіне қайтпас қайсар сыйлайды” – дейді дана халқымыз. Олай болса “түлек” деп бүркіттің, яғни тәңірі құсы, қыранның балапанын ғана айтатынын еске алсақ та жеткілікті-ау деймін, тіпті келін түсіргеңде “аққуыңды аяла”, “құсың құтты болсын”, деп қыздарына “құс етек” көйлек кидіретін де осы біздің қазақ. Ол ол ма домбыра мен найзасына, тақия, бөрік, һәм тымақ пен сәукелеге үкі тағып дұлығасына қыран құстың қауырсынын тағып құстың кеуде жүні мен балақ жүніне ұқсатып ұрыс-соғысқа ыңғайлы етіп сауыт киетін де біздің батыр бабаларымыз. Тіпті хан көтергенде де ханды ақ кигізге (ақ кигіз биік шың басындағы қардың бейнесі С.С.) отырғызып ұлылап Ұлы Ұс (Ұлұғ Ұс/Ұлұ Құс), (Шыңғ Ұс/ Шың Құс) деп көктің құсы, биіктің құсы, тәңірі құсына балап “қыран аласаға қонбайды” – деген ниетпен биікке шығарып хан көтерген.
    “Күлтегін” сағанатасының маңдайшасында бүркіт бейнесінің бедерленгенін білеміз. Ал, Шыңғыс ханның (Шыңғ Ұс хан /Шың Құс С.С.) туында да қыран бейнесі, бейнеленген. Бұл ту наным – сенім бойынша, Шыңғысхан әулетінің желеп-жебеушісі, киелі белгісі болып есептелген. Рашид-ад-диннің куәлік етуіне қарағанда Шыңғыс ханның өсиеттерінің бірі былайша берілген екен: “Момын халықтың арасында жүргенде қошақандай момын бол, ал шайқасқа шыққанда аш бүркіттей шүйлік” деген екен.Жалпы біздің қырандар елі аталатынымызды көрші қытай елі жақсы білгенге ұқсайды. Оған “VIII ғасырдағы Қытай императорында түркі сарбаздарынан жасақталған армияның қолбасшысы, түркі тұқымынан шыққан Ань-лаушанды қытайдың ұлы ақыны Ду-ФУ “Ұлы қорғанның сыртындағы жорық” атты өлеңінде:

    “Қыран құсындай текті қырағы жанар жау қабақ
    Қанатын қомдап іздейді түзден тоятын.
    Томаға тартып жіберсең болды аспанды бүркеп шәу қанат
    Сорғалап төмен жауының көзін жоятын.
    Қанына сіңген өжеттік рухы оянып,
    Қолдайды оны алыста қалған аруақ
    Қаптаған құзғын қыпқызыл қанға боянып
    Тырнағын қайрар қауырсынға жанып-ап”1 – деп Төркі тұқымынан шыққан Ань-Лаушанды “қолдайды оны алыста қалған аруақ” дей отырып, шабыттана жырлап, қыран құсқа теңеуі тегін болмаса керек. Мен “ежелгі жунго жылнамаларында “Ус-ун” “Ус-ин” “Ас-са” “Ас-у” “Ас-о” деген аттардың кездесетінін әрі бұл атауларды “қазақ” атауының дыбыстық баламасы дегенді қолдайтын Жан Шиман, Хи Шиутау сынды қытай зерттеушілерінің пікірін мақұлдаймын.
    Көне төркілер қоғамын зерттеуші Ю.А.Зуев қытай дерек көздерімен зерттеушілерінің көрсетулеріне сүйеніп “647 жылы Батыс Төрк қағаны Таң императорына алтыннан құйылған қарғаның мүсінін сыйлыққа тартқанын айтса,” енді бірде «Ашына» атауы төңірегіне тоқталып бұл атаудың қытай дерегіндегі усундардың атауы екенін сөз ететіні бар”-меніңше бұл пікір негізсіз емес. “Ашина”атауының түбірін “Уш-ин”, “Аш-ин” яғни «Ұс», «Ас» сөзімен байланыстырып Ұс-ин, Ас-ин деп оқысақ Ашина атауының тәңірі құсы, бүркіт атауымен сабақтас екенін бірден аңғарамыз. Демек Ашина деп жүргеніміз Усундар яғни Ұс, Ас елі.Н.Мыңжан “Уи хандығы тарихының түсіндірмесінде: “Аса елінің тағы бір аты-Алан” деп жазған “Кейінгі хан патшалығы тарихы батыс өңірі шежіресінде: “Аса мемлекеті өзінің атын Алан бірлестігі деп өзгертті…” ежелгі замандағы хан патшалығы тарихы” қатарлы деректерде Алан мен Аса деген аттың қосарлана қолданылуы қазақтың шежірелерімен тарихи аңыздарында “Қазақ” пен “Алаш” атауының қосарлана қолданылуын еске түсіреді”3 – деп жазған.
    Меніңше дәл осы пікір шындыққа саяды. Аса мен Алан, Қазақ пен Алаш атауының дыбыстық баламасы. Алаш атауы тарихи шежірелерде Алаш, Алаша, Алынша Аланша түрлерінде кездесетінін ескеруіміз керек. Құрбанғали Халид Алашты Алын-ша деп, ал Рашиден мен Әбілғазының шежіре деректерінде Алашты Алан-ша деп жазған. Осыларды ескере отырып, біз Алан бірлестігін Қадырғали бише айтсақ Алаш мыңы (одағы) деп ұғыуымыз керек, ал Аса дегеніміз соңына “а” әріптік жалғауы қосылған Ұс, Ас атауының яғни “қазақ” атауының дыбыстық баламасы деп тұжырым жасауымызға негіз бар. Демек Жунго жылнамаларында кездесетін “Ус-ин” “Ус-ын” “Ас-а” “Ас-о” “Ас-у” деген аттардың “қазақ” атауының дыбыстық баламасы деген Жан Шиман, Хи Шиутау сынды зерттеушілердің пікірлерінің шындыққа айналғаны.
    Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы кітабінің авторлары Р.Сыздықова мен М.Қойгелдиев «Ұлыс тұлғасының шежіреде ең жиі кездесетін мағынасы “халық” автор түркі-моңғол халықтарын ұлұс деп атайды” деп ескертсе. Қ.Халид: “Ұлұс” сөзі моңғолша “тайпа”, жамағат: есе, үлес мағынасын береді. Мұны қазақтар бірлік, жиналу кейде: заң ереже орнына пайдаланады. Мысалы, “Елдің ұлтынан шығайын ба” дейді. Мұнда бірлік, жиналу мәні көрініп тұр, яғни жұрттың бірлігінен шығайын ба көптен айырылайын ба болмаса елдің ұлты солай деседі “Бұл елдің өткені солай болып келген” деген мағынада, мұнда ереже, әдет болып аударылып тұр” деп жазады. Демек “Ұлұс” сөзі қазақтар үшін бірігу, жиналу, ұлт болып ұйып, бірлесіп бас қосу. Бұдан аңғаратынымыз қазақтардың “Өз елімнің, ұлтымның атынан шығайын ба, ұлттығымнан, елдігімнен айырылайын ба” болмаса “Елім солай аталады, ұлтым солай, елімнің ғасырлар бойына аталып келгені солай еді”-дегеніне көз жеткіземіз.Кезінде Шоқан Уалиханов “Ұлыс” сөзі о баста белгілі бір территорияда құрылған тайпалар одағы” – деген болса.Абай атамыз “Сонымен бұлар өзін-өзі де өзге жұрттар да “қазақ” атап кетіпті. Бұрын өздерін “Ұлұс” дейді екен де жүре береді екен» – деп тарих қойнауына терең бойлап өзінше тұжырым жасаған. Сонымен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ біз ең біріншіден Ұлы Ұс (Ұлы құс) яғни Алаш ханның ұрпағымыз соның еліміз деп, хан елі ретінде өзімізді қыран құсқа балап, қыран бейнеленген ту көтеріп Ұлұ Ұс, үш Ұс, Ұсақ (Сақ) бертін Төрк Ұс (Түркеш) атанған «Құс» еліміз. Екіншіден қыстың ызғары кетіп, көктемнің келгенін паш етіп, бірінші болып ұшып келетін жыл басының жаршысы Ұс, Ұз демекші Ұсақ-Ұзақ яғни Ұзақ қарғаға балап Ұзақпыз-Ғұзақпыз десіп өзімізді «қарға тамырлы қазақпыз», «қарға тамырлы ел едік қашаннан-ақ» деп өскен «Құс» еліміз. Үшіншіден бейбітшілік, сұлулық, адалдықтың ару құсы, құстың төресі, аққу қазды киелі құс санап ару қыздарымыз бен асыл аналарымызды аққу қазға балап «қазақ» атанып жүрген «Құс» еліміз. Қалай түрлендіріп, қай жағынан алып қарасақ та біздің жер түгілі аспаннан «құс жолы» – деп жұлдыздар шоғырынан түнделете жол салған «Ұс – Құс» елі екеніміз анық. Демек біз Сайыпқырандар мен Аққулар елі яғни көк тәңіріне сиынып тәңірінен басқаға бас имеген тәңірі текті, тәңірі болмысты көк төркілерміз. «Құс» төрдің символы, демек біз көк тәңірі, яғни аспан символы болған құсты ұлттық тотеміміз – киетегіміз етіп өскен тәңірі текті, тәңірі болмысты түз түлегіміз. Атақты ғалым, көне төркі тілінің маманы Алтай Аманжоловтың «Ұс», «Ас», «Аз» – қиялғажайып құс, тәңірі құсы, бүркіт, ол-көне династиялық әулеттің аты және түркілер табынған көк тәңірінің бейнесі (кейіптану) – дегені шығар күндей шындық екенін мойындауымыз керек.
    Тіл – тарих кілті демекші,біз осылайша Алаш пен Қазақ һәм Ұлұс, (Ұлы Ұс), үш жүз (үш Ұс) атауларының шын мәнінде бір-бірінің баламасы яғни синонимі екеніне көз жеткіземіз.

    Шетінен өр қайтпас қайсар ерім бар,
    Ұлан байтақ шетсіз-шексіз жерім бар.
    Алаш бабам Ұлы Ұс, үш Ұс атаған,
    Тәңірі құсы, қыран текті елім бар.

    Ұс еліміз, Ұлы Ұспыз көк төрінен жаралған,
    Сол себептен тегімізге “Төркі” аты таңылған.
    Көк Төркілер, көшпелілер жер жаһанды ен жайлап,
    Күллі әлемге Туран, Иш гуз , Сақ , Қазақ боп танылған. Самат Сыпатайұлы

Пікірлерге тыйым салынады.