ҚОҒАМДЫҚ ПІКІР – ӘЛЕУМЕТТІК-САЯСИ ҚҰБЫЛЫС

  • 16.09.2013
  • 4242 рет оқылды
  • 1

АбсаттарРаушанбек Әбсаттаров,
философия ғылымдарының
докторы, профессор

Қазақстан Республикасының Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мем­лекеттің жаңа саяси бағыты» деп аталатын Жолдауында қоғамдық пікірдің дұрыс қалып­тасуы мен дамуына баса назар аударылды. Қоғамдық пікірдің қалыптасуы мен дамуы әлеуметтік-саяси ғылымның, соның ішінде Қазақстандағы саяси ғы­лы­мды да қарастыратын, күрделі де ма­ңызды мәселелердің бірі. Қазіргі таңда қо­ғ­амдық пікір көптеген әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың-Әлеу­мет­­­тану, мәдениеттану,әлеуметтік пси­холо­­гия, педагогика, философия және дін­танудың зерттеу нысаны болып табы­лады. Саяси ғылым да қоғамдық пікірді зерттеуге қызығушылық танытуда. Бұл жерде қоғамдық пікір әлеуметтік-саяси құбылыс ретінде саяси ғылымда әлі де зерттелмегенін айта кеткен жөн. Қоғамдық пікір дегеніміз зерттеу нысаны үлкен әлеуметтік, саяси қауым­дастықтардың қоғамдық қызы­ғушы­лы­ғын көрсететін, қазіргі кездің өзекті мәселелеріне деген ба­ғалық қа­ты­­насы­ның қалыптасуы мен жүзеге асуы­ның заңдылықтары мен тетіктерін анық­тау болып табылатын әлеуметтік-саяси пән.


Қоғамдық пікір – жалпы қоғам немесе қоғамның белгілі бір бөлігінің ашық көрінетін іс-әрекеттер мен ұстанымдарды жақтауы немесе оларға қарсы болуы. Қоғамдық пікір қоғамдық жүйе үшін маңызды мәселелерге байланысты өз ойларын ашық білдіретін адамдардың үлкен топтарының тарихи кесімді және өзгеріп отыратын қоғамдық санасы. Қазіргі кездегі ғылыми әдебиетте қоғамдық пікірдің әртүрлі,көптеген анықтамаларын көруге болады. Бұл анықтамаларды қо­рыта отырып,әлеуметтік-саяси құ­бы­лыс ретінде осы феноменнің маңызды бел­гілерін «қамтитын» бірнеше логикалық нұсқаларды бөліп қарастыруға болады. Біріншіден, қоғамдық пікір жеке индивидтердің барлық көзқарастарын емес,тек осы индивидтер жиынтығының қауымдастық ретіндегі әрекетіне байланысты мәселелерге немесе жағдайларға қатысты көзқарастарды қамтитынын ескеру қажет. Екіншіден, нақты мәселеге және нақты жағдайға байланысты қоғамдық пікір басқа мәселеге және басқа жағдайға немесе басқа жағдайдағы сол нақты мәселеге қатысты қоғамдық пікірден түбегейлі өзгеше болады. Басқаша айтсақ, абстрактілі және тарихи жағдайдан тыс қоғамдық пікір болмайды және болуы да мүмкін емес. Үшіншіден, қоғамдық пікір ашық білдіріліп, қоғамға немесе адамдардың қандай да бір қауымдастығына жеткізілуі тиіс, бұлай болмағанда ол жеке адамдардың өзіндік көзқарасы болып қалады. Төртіншіден, нақты қоғам немесе нақты бір адамдар қауымдастығы – қызығушылық танытатын мәселелерге қатысты айтылатын ойлар ғана қоғамдық пікірге айналады. Бесіншіден, қоғамдық пікір көпшілік нақты бір мәселеге немесе мәселелер тобына байланысты мәлі­меттерге қолжетімді болғанда ғана қалыптасады. Осыған орай қоғамдық пікірдің жағдайдың шынайы көрінісін білдіретін, сонымен қатар ақиқаттың бұрмаланған кезіндегі мәліметтер негізінде де қалыптасатынын ескеру керек. Алтыншыдан, қоғамдық пікір әрдайым тұрақты құбылыс болмаса да, оған жеткілікті деңгейде айқындық, қарқындылық тән болуы және белгілі бір уақыт аралығында сақталуы тиіс. Сонда ғана оны әлеуметтік-саяси құбылыс ретіндегі қоғамдық феномен ретінде қарастыру мүмкін болады.
Жоғарыда келтірілген тұжырымдар негізінде қоғамдық пікірге мынадай анықтама беруге болады:қоғамдық пікір дегеніміз қоғамдық сананың өзіндік көрінісі болатын әлеуметтік – саяси құбылыс, жалпы қоғамға немесе әлеуметтік, саяси қауымдастықтарға, жеке топтарға тән, қоғамдық өмірдің өзекті мәселелеріне деген ашық, немесе жасырын қатынасын сипаттайтын және бағалауын білдіретін күрделі әлеуметтік-рухани құрылым. Қоғамдық пікір қоғамдық сананың бірде -бір түрімен сәйкес келмейді, әйтседе, ол олардың өзіндік қиюы – «сананың күйі» болып табылады. Іс жүзінде ол басқару жүйесіндегі екіжақты байланысты жүзеге асырады,нақты демократияның пәрменді арнасы, әлеуметтік-саяси үрдіс­терді басқарудың және әлеуметтік-саяси бақылаудың тиімді тәсілі. Қоғамдық пі­кірді жан-жақты талдау мен есепке алусыз қоғамның өзін өзі басқаруын, билікті ұйымдастырудың демократиялық түрлерін дамыту мүмкін емес.Қоғамдық пікірді дамыту және есепке алу басқару мәдениетін жоғары деңгейге көтеруге көмектеседі. Ал, басқару мәдениетінің төмен болуы жаңғыртудың барысы мен шапшаңдығына кері әсерін тигізеді. Кез-келген нақты әлеуметтік-саяси пән секілді қоғамдық пікірдің әлеуметтік-саяси құбылыс ретінде өзіндік негізгі ұғымдары мен категориялары бар.Оларға жататындар: қоғамдық пікірдің объектісі және субъектісі.
Қоғамдық пікірдің субъектісі дегеніміз ортақ белгілері бойынша,мысалы белгілі бір аймақта, қалада тұратын, бір мамандық иелері және т.б., біріккен адамдардың үлкен топтары. Олай болса, қоғамдық пікір субъектісінің – халықтың көпшілігінің, қолданбалы зерттеулерде ескеру маңызды болып табылатын ішкі құрылымы бар. Бұл құрылымның элементтері – таптар, әлеуметтік топтар, жіктер, ұлттар, басқа да әлеуметтік-саяси қауымдастықтар және жеке тұлғалар. Осы қауымдастықтар ішінде қоғамдық пікір қалыптасады және де олар сол пікірді білдірушілер болып табылады. Қоғамдық пікір субъектісінің құрылымына белгілі бір әлеуметтік немесе саяси топтың кіруі қарастырылатын мәселенің маңыздылығына,осы топ үшін елеулі, айрықша болуына байланыс­ты. Қоғамдық пікірді білдірушілердің әрқайсысының болып жатқан оқиғаны қабылдау ерекшелігі,мүдделеріндегі және әлеуметтік немесе саяси тәжірибесіндегі айырмашылық нақты пікірлердің әртүрлі болуын, мүдделер соқтығысуын, олардың күресiн және келiсім жасауға қарай өзгерісін немесе әртүрлi көзқарастарға бөлінуін айқындайды. Қоғамдық пiкiрдің объектiсі адамдардың үлкен топтарының, тіпті тұтас қоғамның қызығушылығын туғызатын мәселелер екендігін айту керек.
Қоғамдық пікір әлеуметтік-сая­си құбылыс ретінде даму бары­сында пайда болу, қалыптасу және әрекет ету кезеңдерінен өтеді.Ол сти­хиялы түрде де, саналы түрде де қалыптасуы мүмкін.Қоғамдық пікірді қалыптастырудың негізгі тәсілдері – иландыру, сендіру, нандыру, қөзін жеткізу, еліктеу және т.б.; оны қалыптастырудың негізгі құралдары – бұқаралық ақпарат көздері, ауызша насихаттау және саяси үгіт, тұлға аралық қарым-қатынас және т.б. Қоғамдық пі­кірдің қалыптасу кезеңдеріне же­ке пікірлердің туындау, пікір алысу,көптеген пікірлерден ортақ көзқарастың екшеленіп шығуы және ең бастысы, оның объектіленуі, яғни мәселенің көрінісі болудан оны өзгерту жағдайына(практикалық) ауысу жатады. Нақты өмірде бұл кезеңдер бір мезгілде жүзеге асады, жеке, топтық және қоғамдық пікірлердің дамуында сапалық секірістер және өзара ауысулар болады. Қалыптасқан қоғамдық пікір интегративті сипатта болады. Бұл жеке пікірлердің арифметикалық қосындысы емес, ұжымдық ақыл-ойдың жиынтық көрінісі, адамдар арасында пікір алысудың нәтижесі, қоғамның пікірін білдіретін қоспа. Қалыптасқан қоғамдық пікірдің мазмұнына, олар тіпті ақиқат болмаса да, тек көпшілік қолдайтын бағалар ғана кіреді. Қоғамдық пікірдің практикалық құндылығын анықтау барысында оның құрамындағы шындық пен өтіріктің арақа­тынасын әрдайым ескеру қажет.
Қоғамдық пікірдің әлеуметтік-саяси құбылыс ретінде сапалық-сандық сипаттамалары бар екенін айту керек.Су­бъектің қалауына байланысты ол оң-позитивті немесе теріс-негативті ба­ғытта, әлде индиферентті болуы мүмкін. Нақты әлеуметтік немесе саяси мәселеге қатысты қалыптаса отырып, қоғамдық пікір жеткілікті түрде қозғалмалы болады. Бірақ қалыптасып қойғандықтан ол ұзақ уақыт бойы тұрақты болуы мүмкін.Сонымен қатар, ұзақ уақыт бойы сақталатын қоғамдық пікір әдет-ғұрыптарда, дәс­түрлерде, нормаларда бекиді.
Әлеуметтік-саяси құбылыс ретіндегі қоғамдық пікірдің әлеуметтік және ай­мақтық сипаттағы өз тарау аялары бар. Оның әлеуметтік таралуы белгілі бір қо­ғамдық пікірдің жеке, топтық немесе таптық, ұлттық санаға қаншалықты терең бойлағанын көрсетеді, ал аймақтық таралу аясы қоғамдық сананың білгілі бір әкімшілік-аудан, облыс, штат немесе жалпы ел аумағында әрекет етуін білдіреді.
Қоғамдық пікірді әлеуметтік-саяси құ­былыс ретінде зерттеудің негізін оның әдістемелік бөлігі соның ішінде сауалнама жасау құрайды. Америкалық Дж. Гэллаптың қоғамдық пікір институты ХХ ғасырдың 40-шы жылдарында-ақ сайлау науқандары барысында алдын ала болжам жасау тәжірибесі негізінде қоғамдық пікірді зерттеу әдістерін жақсарту мақсатында бес өлшемді деп аталатын жоспар құрған.
Сұхбат алу барысында сұхбатқа қа­ты­сушыға қоятын сұрақтарды дұрыс тұжырымдау ең маңызды кез екені белгілі. Дж. Гэллаптың ойынша, «сұрақтарды таңдаудан және тұжырымдаудан қиын да маңызды нәрсе жоқ». Сондықтан, осы жоспарда сауалнама әдістерінің бөлімі кеңірек қарастырылғаны бекер емес. Ең алдымен, квалификациясы жеткіліксіз сауалнамаларда кездескен сұрақ қоюға байланысты кемшіліктер анықталды. Сұрақ қоюға байланысты төмендегідей кемшіліктер анықталған болатын:
– Сұрақтар қарастырылатын мәселе туралы ешқандай хабары жоқ адамдарға қойылады.
– Өз тұжырымын ойланбай «жүре » жасайтын және өз пікірін «оң-солын» анықтап барып білдіретіндер арасында айырмашылық жасалмайды.
– Сұрақтар әртүрлі адамдар үшін әртүрлі мәнге ие болатындай етіп тұ­жырымдалған.
– Негізінен «ия» немесе «жоқ» деген үзiлдi-кесiлдi жауаптар басым, бірақ та кейбір күрделі сұрақтарға бірмәнді жауап беру мүмкін емес.
– Жауап беруші неліктен сол бір пікірді ұстанатыны назарға алынбайды.
– Айтылған пікірдің қарқындылығы ескерілмейді.
Аталған кемшіліктерді болдырмау көпшіліктің өзекті мәселелерге деген қа­тынасын анықтауға арналған, Дж. Гэллап дайындаған бес өлшемді жоспар мүмкіндік береді. Ол жоспарда пікірдің әртүрлі бес жағын қарастыру көзделген: біріншіден, жауап берушілердің мәселе туралы түсінігі, білімі; екіншіден, оның жалпы көзқарастары; үшіншіден, оның осы көзқарастарды ұстану себептері; төртіншіден,оның мәселенің ерекше жақтарына деген өзіндік көзқа­растары; бесіншіден,айтылған пікірдің қарқындылығы.Бес өлшемді жоспар­да сұрақтардың бес категориясы пайда­ланылады:фильтр-сүзгі есебіндегі; ашық немесе еркін; себепті; ерекше; пікірдің қарқындылығын анықтайтын сұрақтар.
Келесі кезеңде сұхбат беруші адамның көзқарастарын анықтау мақсатында ашық сұрақ қойылады.Мысалы: «Сіз­дің ойыңызша, бұл мәселе қалай шешілуі тиіс?» Жауап беруші қандай да болмасын альтернативті нұсқалармен шектелмегендіктен,жауаптары әртүрлі және тосын да болуы мүмкін. Сұхбат алушы оларды неғұрлым дәлірек жазып алуы тиіс. Ашық сұрақтардың жауаптарын басқа сұрақтарға қарағанда түсіндіру қиындау, сондықтан көптеген сауалнама түрлерінде ондай сұрақтар қолданылмайды.Бірақ бес өлшемді жос­парда осы түрдегі сұрақтардың бір- екеуі міндетті түрде кездеседі.
Сұрақтардың үшінші категориясы себепті сұрақтар. Олардың мақсаты жауап беруші неліктен басқа емес , дәл осы көзқарастарды ұстанатынын анықтау.Үшінші және төртінші санаттың сұрақ­тарын кез-келген тізбекпен қоюға болады.Көбінесе тәжірибеде ерекше сұ­рақ­тар бірден ашық сұрақтардан кейін жүреді. Себепті сұрақтар пікірдің сапалық сипаты туралы мәлімет алу үшін маңызды. Ерекше сұрақтарда қандай да бір мәселенің шешімі туралы нақты ұсыныстар тұжырымдалады. Сол себепті, ондай сұрақтардың жауаптары, негізінен, қысқаша берілген теріс немесе оң болуы керек. Олар жауап беруші­лердің, әсіресе сайлаушылардың, кейінгі әрекеттерін көре білу үшін өте пайдалы. Дж. Гэллап бұл кезеңде алдыңғы екі сұ­рақтан кейін кім «екшеленді», соларға қайтып келу мүмкін деп есептейді. Оларға мәселенің мәнін түсіндіріп және олардың пікірін анықтап,кейін осы пікірлерді хабары мол адамдардың пікірімен салыстыру қызығушылық туғызады. Мұндай салыс­тыру пікірдің қалыптасуына әсер ететін факторларды айқындаудың қосымша мүмкіндігі болып табылады.Ерекше сұрақтарды дайындау барысында күрделі мәселе бірнеше үзілді-кесілді сұрақтарға бөлінеді. Ол сұрақтарға жауап беру барысында жауап беруші нақты пікірім жоқ деп айта алады. «Пікірі жоқ» деген жауаптың артында қандай жасырын ой тұрғанын бес өлшемді жоспар арқылы білуге болады.Ол осы жоспардың басты артықшылығы. Егер, фильтр-сүзгі немесе ашық сұрақтар болмаған жағдайда, сауалнамаға қатысушының неліктен «пікірі жоқ» деп жауап бергенін түсіну қиын болар еді. «Пікірі жоқ» деген жауап оның мәселе туралы түсінігінің жоқтығына немесе «қолдайтын» не «қар­сы» болатынын ойластырып, нақты оң немесе теріс жауап бере алмауына байланысты ма ?!
Ерекше сұрақтар қарама-қарсы тұрғыдан берілген сөйлемдердің бірнеше нұсқаларынан тұрады. Қарастырылатын мәселе бойынша барлық пікірлерді қам­титын және өзара бірін-бірі жоққа шығаратын альтернативті нұсқаларды таңдап алудың қиын болуы осы түрдегі сұрақтардың негізгі кемшілігі. Бұған қоса, жауап берушілердің арасында мәселе бойынша түсінігі болмаса да, ұсынылған нұсқалардың қандай да біреуін таңдау тенденциясы байқалады. Сонымен қатар, олар әрдайым соңғы айқындамалардан алшақ болуға тырысады. Сүзгі сұрақтарды пайдалану өз пікірі жоқ категорияны нақтырақ бағалауға мүмкіндік береді. Бұл сызбадағы ашық сұрақтар альтернативті нұсқалар мәселе бойынша барлық мүмкін болатын пікірлерді шынымен қамти ма деген түсінік қалыптастыруға көмектеседі.Пайымдаудың қарқындылығын анықтай­тын сұрақтармен қатар, олар жауап берушінің үзілді-кесілді жауаптардан саналы түрде бас тартуын айқындайды.
Бесінші категория сұрақтарының мақсаты – айтылған пікірлердің қар­қындылығын анықтау.Олардың көмегі арқылы қандай да бір көзқарасты жақтаушылардың сенімдерінің қанша­лықты терең екендігі, белгілі бір адамның өз көзқарастарын жүзеге асыру үшін қандай әрекеттерге баратыны,оның көзқарасын өзгерту мүмкіндігінің болуы және т.б. нақтыланады. Осыларды анықтау үшін жауап нұсқаларымен бірге мына түрдегі сұрақтар қойылуы мүмкін: «Сіз бұған қаншалықты терең сенесіз? – өте терең; жеткілікті терең; терең емес».
Менің ойымша, бес өлшемді жоспар қоғамдық пікірді әлеуметтік-саяси құ­бы­лыс ретінде зерттеудің неғұрлым фун­­даментальды түрі және ондай зерттеу көлемді қаржыны қажет ететіні де белгілі. «Бес өлшемді жоспарды қолдану бекер уақыт пен күш жұмсау болған жағдайлар көп кездеседі, – дейді Дж. Гэллап, – онда сұрақ қоюда басқа техниканы қолдану көп пайда келтірер еді.Бірақ, бұл бағыттың жағымды жақтарын ескерсек,онда оны қоғамдық пікірді зерттеудің соңғы кезде саны қар көшкініндей көбейіп кеткен басқа барлық үлгілерін(қарапайымырақ) бағалаудың эталоны ретінде қабылдау керек».
Қоғамдық пікірді әлеуметтік-саяси құбылыс ретінде зерттеудің тәжірибелік жақтарының маңызы зор екені шүбә келтірмейді.Халықаралық тәжірибені қолдану қазақстандық әлеуметтанушылар мен саясаттанушыларға едәуір пайда әкелері және Республикадағы қоғамдық-саяси өмірді демократизацияландыру үрдісіне бағалы үлес қосары сөзсіз.
Сонымен, қорыта келе, әлеуметтік-саяси құбылыс ретіндегі қоғамдық пі­кір – қоғамның немесе қоғамның бір бөлігінің қоғамдық құбылыстар мен үрдістерге, жеке тұлғалардың, олардың топтарының,ұйымдарының және т.б. іс-әрекетіне деген қатынасын ашық немесе жасырын түрде көрсететін бұқаралық сананың күйі деген тұжырым жасауға болады. Қазіргі таңда қоғамдық пікірді жаппай және жүйелі түрде зерттеу демократиялық мемлекеттің әлеуметтік-саяси өмірінің, әсіресе, сайлау науқанын, референдум және т.б.өткізу кездерінің, маңызды да ажырамайтын бөлігі. Қоғамдық пікірдің орны мен ролін бағалауда оның ешқандай мәні мен маңызы жоқ деген көзқараспен қатар, қоғамдық пікір барлық мәселені шешеді және шешуі керек деген тым әсірелеуді, көтермелеуді де болдырмау керек. Әлеуметтік-саяси құбылыс ретіндегі қоғамдық пікірдің мәні мен белсенділігі қоғамның әлеуметтік-саяси құрылымының сипатымен,экономикалық мәдениеттің, демократиялық институттардың және еркіндіктердің даму деңгейімен анық­талады. Әлеуметтік-саяси құбылыс ретін­дегі қоғамдық пікір болып жатқан құбы­лыстарды маңыздылық бағалау болып табылады.
 

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. жақсы екен бірақ көп ішінде себебі Америка қоғамы мен қазақ қоғамы арасында жер мен көктей айырмашылыөқ бар

Пікірлерге тыйым салынады.