Бір өзі – бір театр

  • 07.11.2011
  • 619 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Гүлжаһан ОРДА.

Биылғы жылдың мамырында М. О. Әуезов атындагы Академиялық драма театрда қазақтың көрнекті ақыны, сатирик, жыршы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет  қызметкері Мыңбай Рәштің 80 жасқа толуына арналған салтанатты кеш өтті.

Ақынның 80 жылдық мерейтойы 2010 жылдың аяғында Астана қаласында аталып өткенін ескеретін болсақ, бұл Алматы қаласындағы әдебиет сүйер қауымның өтініші бойынша өткен шара еді.

Мыңбай Ахметкәрімұлы Рәш (Тотыяйын Рамазанов) 1930 жылы   19   қазанда Шығыс Қазақстан облысы (бұрынғы Семей), Аягөз ауданының «Алғабас» совхозында туған.

Жастық шағы Ұлы Отан соғысына тура келген Мыңбай өз замандастары тәрізді сұрапыл соғыстың тақсыретін тартты. Әкесін майдан­ға беріп, анасынан алты жасында айрылған ол қаршадайынан балалар үйінде тәрбиеленді. Жаз айларында туған ауылы «Алғабасқа» барып, шөп шауып, қозы бағып, қолғабыс болып жүреді. Ашқұрсақ болса да, әдебиет кітаптарын  көп оқығандықтан ауыз әдебиеті саласындағы қиссалардың көбін жатқа  айтады. Бала кезінен бастап «Қобыланды», «Алпамыс», «Қозы Көрпеш –Баян сұлу» тәрізді жырларды жатқа орындайтын оның репертуарына кейінірек ақындар тәржіма­лаған қырғыздың «Манасының» біраз тараулары қосылды. Осылайша Мыңбай ағамыз бала кезінен бастап жыршы атанды.

Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталған соң, тылдағы қара жұмыс­қа салынған бір топ бозбалалар мен майданнан оралғандар білім қуып, астанамыз Алматыға келе бастады. Осы кезде мектеп бітірген Мыңбай да өзі сүйетін әдебиетті жағалап, Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының тіл және әдебиет факультетіне оқуға түседі. Мектепте жүргенде қысқа, арнау өлеңдер жазған ол осылайша 1946 жылдардан бастап әдебиетке келіп еді. Институт қабырғасында жүріп жаза бастағанын ол: «Қабырға газетіне Ғ. Қайырбеков, С. Қирабаев, Қ. Шәменовамен бірге жазып тұратынмын. 1955 жылы Қазақтың көркем әдебиет баспасынан «Алғашқы боразда» деген өлеңдер жинағым жарыққа шықты», – деп еске алады. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, сол кезде аталған қара шаңырақта бір топ ұлы ұстаздар шәкірттерге дәріс оқыды. Олардың ішінде әдебиет үйірмесін басқарған Кайнекей Жармағамбетов, А. Нұрқатов, Н. Ғабдуллин, С. Қирабаев, Байсалов, Ш. Сәтбаева, М. Рәш, т.б. сынды бір топ жастардың әдебиетке келуіне тікелей септігі тиді. Өз замандастары секілді, Мыңбай да ұстазының үмітін ақтап, әдебиет атты айдынға сапар шекті. Әдебиеттің негізгі үш жанрында (поэзия, проза, са­тира) қатар қалам сермеген ол Ғабит Мүсірепов, Дихан Әбілев, Қалижан Бекхожин, Әзілхан Нұршайықов, Темірбек Қожакеев сынды ұстаздардың ақ батасын алды.

Кейін «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газеті мен «Ара» – «Шмель» журналдарында бөлім меңгерушісі болған. Әзіл-сықақ журналдарында қызмет етуі оның сықақ жанрында өндіре жазуына септігін тигізді. Журналдың алғашқы бас редакторы ұлы жазушы Ғабит Мүсіреповтің тәлім-тәрбие­сінде болған жылдары жемісті болды. Оның осы тұстағы еңбегін «Ара – Шмель» журналының ал­ғашқы бас редакторы Ғ. Мүсірепов: «Мыңбай Рәшев сатирик ретінде біздің журналда істеп жүргенде, өз қолтаңбасын таныта бастады», – деп бағаласа, профессор Темірбек Қожакеев «Социа­листік Қазақстан» газетіне: «Сатира жанрына жаңа сарбаз келіп қосылды», – деп жазған еді.

Оның «Терек пен тікенек», «Біле қойдым», «Бетің қисық болса», «Қисық айна», «Суылдақ», «Бүйімбай», «Тсс… тісіңнен шығарма», «Мұржа мұрын», «Кері тартқанды бері тарт», т.б. сатиралық жинақтары басылды. Сықақтары мен мысалдары «Крокодил қосымшасы» сериясында, «Крокодил», «Дружба народов» журналдарында жарық көрді. 1957 жылдан Жазушылар одағының мүшесі болған ол оқырман қауымға уытты тілмен жазылған «Бастау» (1975), «Бетің қисық болса» (1969), «Ғасыр жолы» (1983), «Дәуір – дастан» (1990), «Суылдақ» (1990), «Терек пен тікенек» (1958), «Тоғыз жүз күн» (1971), «Тс- с … тісіңнен шығарма…» (1996), «Таңдамалы шығармалар» (үш томдық, 2009), т.б. сынды өлеңдер жинағын, сықақ әңгімелерін, әзіл-оспақтарын ұсынды. Таңдамалы шығармалары орыс және туыстас елдер тіліне тәржімаланған.

2009 жылы сатирик М. Рәштің үш томдық таңдамалы шығармалар жинағы басылып шықты. 1-томға («Кері тартқанды бері тарт») сатиралық, 2-томға («Шабыт шағаласы») поэмалары мен баллада, толғаулары, 3-томға («Жұлдыздар жаңғырығы») естеліктері енгізілген.

Сонымен бірге Крылов, Пушкин, Лермонтов, Мицкевич, Маяковский, өзге де әлем классиктерін қазақ тілінде сөйлету арқылы көркем аударма саласына да үлес қосты.

Ол «Ерен еңбегі үшін», «Тың жерді игергені үшін», «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығы» медальдарының иегері және «Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қызметкері», Халықаралық сықақшылар конкурсының, Дүниежүзілік жастар фестивалі, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы «Алтын алма» байқауының лауреаты.

Әдебиетке елуінші жылдары келген ол тек сатирик қана емес, эпик ақын ретінде де танылды. Қырыққа тарта кітаптың авторы Мыңбай жиырмаға жуық поэмалар мен балладаларын оқырман қауымға ұсынды. Біраз өлеңі орыс тіліне аударылып, жеке кітап болып басылды. Олардың ішінде Шоқан Уәлиханов туралы «Жұлдызды жиһанкез», Қаныш Сәтбаев туралы «Данышпан», Мұхтар Әуезов туралы «Ұстаз», 28-гвардияшы-панфиловшы батырлар, қаһарман батырларымыз Төлеген Тоқтаров, Мәлік Ғабдуллин, Бауыржан Момышұлы өмірінен жазылған поэмалары – «Батыр дастан», ғасыр сазгері атанған Тілендиев туралы «Киелі домбыра», шұбартаулық жас шопандар өмірінен өрнектелген «Бастау», «Тұлпар», еліміздің тәуелсіздігіне арналған «Топжарған елім» және әзірбайжан хал­қының ұлы ағартушысы, драматургі, ақыны Мырза Фатали Ахундов жайынан жазған «Сабухи» поэмалары – жеке-жеке кітап болып шығып, оқырмандардың ыстық лебізіне бөленген әдебиетіміздегі елеулі туындылары. Осылардың қатарын Қазақ мемлекеттік педагогикалық университеті география факультетінің деканы, география ғылымдарының докторы, профессор, академик Әлия Бейсенова хақындағы «Аңызға айналған ару» атты деректі дастаны мен «Мархаба» атты лирикалық поэмасы толықтырады.

Осы шығармалары жөнінде автор: «Менің шығармаларымның дені көзім көріп, құлағым естіген деректі шығармалар. Мұның сыртында Шоқан Уәлиханов хақында «Жұлдызды жиһанкез», Қаныш Сәтбаев туралы «Қарсақбай хикаясы», өз ұстазым Мұхтар Әуезов туралы «Ұстаз», Қазақтың хас батырлары Мәлік, Бауыржан, Төлегенге арнап «Батыр – дастан», өзге де көптеген поэмалар жаздым. М. Әуезов атындағы әдебиет, өнер институтының аға ғылыми қызметкері Ә. Нарымбетов соңғы шығармамнан үзінділер келтіріп «шабытпен жазылған туынды» деп бағалағаны есімде», – дейді.

Ол сықақты әртүрлі формаға құра біледі. «Қала әкімі Бракунов мырза мен су иесі Сүлеймен пайғамбардың айтысы» қала әкімі мен Сүлеймен пайғамбардың айтысына құрылған. Екеуінің аузына сөз сала білген автор ауыз суды сатқан әкімнің халықтың қамын ойламайтындығын «Сүйектей итке тастар бес жүз теңге Әкім-ау, жұртты жүр ғой таластырып!» деп шеней білген. Немесе «Басың бар ма?», «Аушардағы дау-шар», «Төреханның тізімі» сынды диалогтарынан оның сықақты әртүрлі тәсілмен жеткізе білетіндігі көрінеді. Оның қазақ сатирасын тек мазмұнымен ғана емес, түрімен де байытқандығына монологқа құрған «Бүлдіршіндер монологы» мен толғау үлгісіндегі «Үңгірлер мен міңгірлер» атты Алматы қаласындағы метро құрылысы жөніндегі Мұрын жыраудың шөпшегі Мыңбай жыраудың мұңы және прозалық үлгіде Чеховтың ізімен жазылған «Ешкі аттас фамилиясы» мен жекелеген адамдарға арналған эпиграммалары, өсекші, есепқой, жағымпаз, алыпсатар, жәдүгей, уәдешіл, селтеңбай, жебір, жалмауыз, жылмысқы, өсекші, ұмытшақ, кекеш, сарыуайымшылдар туралы бірқақпайлары мысал бола алады. «Күлкі – көңіл ажары, Күлкі – өмір базары» дейтін сатирик өмірдің көлеңкелі тұстарын әжуалай отырып, ащы күлкімен шенейді. Оның сатирасына жалақор, жәдігөй сұрқиялар мен «Биені бүгімен Түйені түгімен» жұтқандардың жымысқы іс-әрекеті арқау болған. Ақын ондайлардан басқаларды сақтандыра отырып, оқырманын тазалыққа, пәк адамшылыққа шақырады.

Оның доллар үшін даурығып, кеңірдек жыртысып жүрген «мешкейлері» де, сынап сынды ұстатпайтын «сырғақпайлары» да, алды-артына қарамай, «жигулидай» жүйткитін «бағасы» да, өсек, жала іздейтін «мұржа мұрыны» да, әмпей-жәмпей болып жүретін қымқыруға машыққан «бас бух» пен двойной оклад алатын «жас бух» та, не жарығы, не ішетұғын суы жоқ «Әйгерім» ауылының тұрғындары да – өмірден алынған шынайы кейіпкерлер. Осылайша ол заманның толғақты мәселелерін ауыр күлкімен түйреп-түйреп отырады. Сықақшы жауынгер жанрдың әртүрлі үлгілерімен жазылған сықақтарының бәрінде өзіміз көріп, араласып жүрген жағымсыздар мен жүгенсіздерді өткір тілмен іреп-іреп алады.

Бүгінгі ұланғайыр өміріміздің елеулі де ауыр мәселесі – экология мәселесін, ядролық жарылыс­тар мен соғыс атаулыға ащы наразылығын ашына жазды. Ақын XX ғасырдың өзекті мәселесіне айналған тіл, ономастика, тарихи һәм мәдениет тұлғаларының ескерткіштерін көздің қарашығындай сақтау сынды XXІ ғасырда шешімін таппай жатқан мәселелерді шындықпен шымқалған, үш көріністі қиялы қойылыммен жеткізе білген. Қаныш Сәтбаев, Сәбит Мұқанов, Әлкей Марғұлан, Ахмет Жұбанов, Бауыржан Момышұлы, Күләш Байсейітова, Қасым Аманжолов сынды қазақтың нар қасқаларын көрде де тыныш жатқызбайтын бүгінгі қазақтардың ісі, әрине, аянышты. Кеңестік дәуірде «Ана тілім» деп жар құлағы жастыққа тимеген Ғ. Мүсірепов пен Б.Момышұлының аруағы егемен елдің азаматтарына ой салса жаман болмас еді. Мұхаң, Ахаңдар бастаған, Кеңесбаевтар қостаған ғылым ордасының небәрі бес-алты ғана толық мүшесі бар заманда орталықтағы Мәскеуге неше рет барып жүріп, Ғылым Академиясын аштырса, тәуелсіздік тұсындағы отызға тарта академиктің сол ордадан айрылып қалғаны ащы болса да шындық. Сондықтан да, о дүниелік болған қазақтың батырлары жиналып, төтенше мәжіліс ашуға мәжбүр болып отыр. Бір қарағанда, комедия секілді көрінетін қойылымда сатира басым. Әрбір сөздің астарына көп мағына сыйғызатын автор осылайша замандастарын түйреп қана қоймай, мақтамен бауыздап, керек жерінде іреп-іреп алады.

Ол сатириктік өрнегін поэзияда ғана емес, прозада да көрсетіп келеді. Сықақ, әзіл-оспақ өлеңдері тәрізді қара сөзбен жазылған әңгімелері де ықшам, тап-тұйнақылығымен татымды да тартымды оқылып отырады. Оқиғалары нанымды. М. Рәшевтің сықақтары, фельетондары мен мысалдары өзге тілдерге де аударылған. Жазушы проза жанрынан «Жеңіс жолдары» хикаятын, «Мен айтпай, сірә, кім айтар», «Жұлдыздар жаңғырығы» (Үш томдық шығармаларының бір томы) естелік жазбаларын жарыққа шығарды. Шағын көлемді скечтердің авторы. Оның фельетондары мен новеллалары, памфлеттері, көсемсөз бен жолжазба суреттемелері әр түрлі басылымдарда үзбей жарияланып келеді. Үш томдық шығармаларының «Кері тартқанды бері тарт» деп аталатын бірінші томына сатириктің сын-сықақтары топтастырылыпты. Ол көлемі ықшам, тартымды сықақтарына өмірдегі сан қилы қырсыздықтарды арқау ете білген. Кітаптың беташары автордың өзі ұзақ жылдар қызмет істеген «Ара» журналының қызметкерлері жөніндегі әзіл-эссесімен ашылған «Жүсекеңнің сасқан жері, Садықбектің қашқан жеріне» «Ара» журналына Жүсіп Алтайбайұлының бас редактор болып келген кезіндегі оқиға негіз болған. Ғабаңның (Ғ. Мүсірепов) «сал дәуіріне», Қайнекейдің (Қ. Жармағамбетов) «Ұсақ-түйекке мән бермейтін мейлінше кең заманына» еті үйреніп қалған «Ара» журналына Ж. Алтайбаев бас редактор болып келген тұста «Сөйтіп жаға жайлауда, төбе қыстаудағы күндер адыра қалып, қызметке тоғызда келетін» күн туады. «Кеңседе отырып қызмет атқаруға жаны қас Садықбектің» (С. Адамбеков) осы мекемеден кетуіне іссапарда болған Жамбыл облысынан қос нәрестесімен іздеп келген келіншектен қашуы себеп болғанын автор «Қоянның қашуына мылтықтың басуы» тура келгендігімен жеткізе білген. Сонымен бірге, оның кілтін көп жоғалтқандығынан есігінің құлпы көп екендігі, Сырдарияның бойында Сырбайды (С. Мауленов) алдайтындығы, Қайнекей, Сырбай, Жұбан, Тахауиларды Алматы вокзалының ресторанына отырғызып қойып, әрқайсысының үйінен 500 сом алып, Шымкент-Алматы поезына «Гудбай, оревуар!», «Хош болыңдар, Садықбекпен дос болыңдар! Ақшаларың менде, Ренжімесін төрт жеңге!» – деп қулана кетіп отыратыны «Әзілің жарасса атаңмен ойна» дейтін қазақы қалжыңның әдемі көрінісімен баурайды. Автор қысқа да нұсқа сөйлей отырып, оқырманын баурай біледі.

Елуінші жылдары әдебиетке келген оның Мұхтар, Сәбит, Ғабит сынды «Алыптар тобына» енген ұстаз ағалары туралы естеліктері нақты деректер арқылы сөйледі. Сонымен бірге, студент кезінен алас-құралас болған С. Қирабаев туралы «Сүлей сынның серкесін» де ерекше атауға болады. Оның: «Иә, қарт ҚазПИ ұясынан, ғылымның асқар қиясынан қанатты бірге қатайтып, әдебиет әлеміне бірге самғаған қастерлі дос! Шабытыңыз ортаймасын, жаныңыз қартаймасын!» деган жүрек жарды тілегі досқа деген адал сезімін аңғартса, «Ар бол, Ыстықкөл, бар бол, Мүсеке!» атты естелігі­нен әдебиетке өзімен қатар келіп, ұлттық әдебиеттану ғылымына мол үлес қосқан М. Базарбаевтың жаңа қырланын танимыз. Ол не жазса да ықшам, қысқа да нұсқа жазады. Шығармалары ұзақ баяндау тәсілінен бойын аулақ салып, көбіне көзі көріп, көңіліне ұялаған детальдарды қызықты етіп жазады. Жеңіл оқылады, тартымдылығымен дараланады. Автордың   өзіндік стилі бар деуіміз де осыдан.

80 жылдық мерейтойға да ағамыз құралақан келген жоқ. Кірпіштей үш томдық таңдамалы шығармаларын арқалай келді. Өкініштісі, үш кітаптың үш баспадан ала-құла болып шыққандығы. Мұның өзі қазіргі таңда әдебиеттің тасада қалып бара жатқанын байқатса керек.

«Ғабеңнің батасы», «Қарақұловтың қалжыңдары», «Нұртас келгенде…», «Свежий балық» сынды әзіл-эсселері өмірден алынған кейіпкерлердің шынайы іс-әрекеттерімен өрбіп отырады. «Сықақшылар туралы одасында» сатирик «Бейімбеттің «Садағы», Жүсіпбектің «Шаншары», Ілиястың «Балғасы», Бұлар деген шалқиған Сатираның арнасы. Ал Көпеннің «Арасы» Осылардың жалғасы», – дей келіп, қазақ сатирасына қомақты үлес қосқан, қосып жүрген сықақшыларды былайша таныстырады:

Осы жолда шыныққан,

Су ішкен сол құдықтан.

Ахмет те, Абай да

Сенбесеңдер мысал, мысқылдарын

Оқып шығыңдар жарай ма?!

Көз жүгіртіп маңайға,

Төмендейік, давай ма?

Осып айтқан Оспанхан,

Кесіп айтқан Қалтай.

Асыра сынаған Асқар,

Тауып әзілдеген Табыл.

Үмбетбай Уайдин, Мыңбай Рәш,

Сағаділда Әжібай, Ілиясұлы Қажытай.

Әмір-бек Көпен, Әлімбек Төкең,

Бұлардың бәрі жігіт

Қыздар да қалмасын ұмыт.

Айсұлу мен Фарида,

Содан кейін Үміт,

Айтпақшы: Садырұлы Берекең,

Шайхыұлы Ерекең.

Тізе берсем осылай

Сатириктер де бір тайпа ел екен.

Дастандар, толғаулар, балладалар топтастырылған шағаласы» деп аталады.

М.Әуезовтен дәріс алған шәкірттің ұстазы туралы жазғандарынан оның ұстазға деген үлкен ілтипатын тануға болады. Аудиторияда отырған алғашқы жылдарынан бастап, Мұхтардың 50 және 100 жылдық мерейтойларының бел ортасында жүруі де ақынның ұстазына деген құрметін жалғай түскен. Тәуелсіздіктің 10 жылдығына арналған «Сүйінші» атты триптихы мен «Өткенім мен жетке­нім» атты толғауларынан қазақ елінің бүгінгі жеткені тәуелсіздігі мен оның арғы-бергі тарихына шолу жасалған. XX ғасырдағы тарихи оқиғалардың бірсыпырасын еске ала отырып, қазақ халқының басынан өткен ауыр күндеріне күйзеле білген автор оның бүгінімен марқайып, шаттанады. Алайда, қазіргі таңдағы келеңсіздіктер де ақынды бей-жай қалдыра алмаған. Сондықтан да, ол «О, оқырман, кезексіз сөз аламын Құбылмалы мезгілдің мінбесінен!» дейді. «Қабырға кеңесте» үш жүздің билері бас қосқан «Мәртөбедегі» жиыннан сыр шертеді. Білектің күші, найзаның ұшымен қорғаған қазақтың кең байтақ жерін жаудан қорғау мен елдің бірлігін сақтау керектігі жөнінде былай дейді: «Жауынсыз болса – жер жетім, Бірліксіз болса – ел жетім. Басшысыз болса – ер жетім». Мұның өзі ақынның ел бірлігі мен елді басқарар басшылардың алты бақан алауыз болмауын аңсаудан туғандығы анық.

«Жұлдыздар жаңғырығы» деп аталатын үшінші томға әр жылдары жазылған естеліктері топтастырылған. Елуінші жылдары әдебиетке келген оның Мұхтар, Сәбит, Ғабит сынды «Алыптар тобына» енген ұстаз ағалары туралы естеліктері нақты деректер арқылы сөйледі. Сонымен бірге, студент кезінен аралас-құралас болған С. Қирабаев туралы «Сүлей сынның серкесін» де ерекше атауға болады. Оның: «Иә, қарт ҚазПИ ұясынан, ғылымның асқар қиясынан қанатты бірге қатайтып, әдебиет әлеміне бірге самғаған қастерлі дос! Шабытыңыз ортаймасын, жаныңыз қартаймасын!» деген жүрек жарды тілегі досқа деген адал сезімін аңғартса, «Ар бол, Ыстықкөл, бар бол, Мүсеке!» атты естелігінен әдебиетке өзімен қатар келіп, ұлттық әдебиеттану ғылымына мол үлес қосқан М. Базарбаевтың жаңа қырларын танимыз.

Өмірдің өзін сахнаға айналдырып, «Алпамыс батыр», «Манас» жырларын жатқа оқитын сықақшының Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ахмет Жұбанов, Серке Қожамқұлов, Шәкен Айманов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Асқар Тоқпанов, Сырбай Мәуленов, Қайнекей Жармағамбетов сынды ұлт зиялыларының және ұзақ жылдар КСРО-ны басқарған Леонид Ильич Брежнев және басқа басшылардың дауыстарын айнытпай салатынына ел куә.

Қазіргі қазақ сатирасының ақсақалы, сатирик-ақын, «бір өзі – бір театр» атанған Мыңбай Рәш есімі ХХ ғасырдың елуінші жылдарынан бері қарай  қалың оқырманға етене таныс. Отанға деген шексіз сүйіспеншілік, халықтар достығы, қарапайым еңбек адамдарының өмірі, бүгінгі замандас бейнесі сынды алуан тақырыпты қамтитын таңдамалы шығармалар жинағы өмірдің өзекті мәселелерін уытты тілмен нысанаға алуымен құнды. Сондықтан да, жазушы, сатирик, эпик ақынның қазақ әдебиеті тарихындағы орны ерекше.

 

Алдыңғы «
Келесі »