«Ақиқатты» ақтарып, ұстанымды баптап жатсақ…

  • 16.09.2013
  • 582 рет оқылды
  • Пікір жоқ

МолдабековЖақан Молдабеков,
философия ғылымдарының
докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
профессоры

Соңғы жылдары «Ақиқат» журналы елдік, ұлттық, отандық ерекшеліктердің және әлемдік құбылыстардың өзекті, өткір, құбылмалы жақтарын нақты, жан-жақты, салыстырмалы түрде қарастыруға, тұжырымдауға ерекше мән беруде. Ой-тұжырымдары өткір де өтімді, журнал сонысымен тартымды.
«Ақиқат» журналы тарихымыздың сапалы кезеңдерін жаңа көзқараспен саралауға, жеке фактілерді, оқиғаларды және тұлғаларды сапалық өзгерістер тұрғысынан бағалауға авторларын жұмылдыруда. «Ақиқаттың» ақиқаты тарихтағы үйлестік пен үндестікте, елдіктің егемендігі мен естілігін ширататын тұжырымдарда, ұлттықтың мәртебесін көтеретін қағидаларында, ел азаматтарының тұлғалығын тұтастайтын талпынысында. Осы құбылыстар мен қозғалыстардың астарында босану, бірлесу, бүтіндену идеялары басым. Ол оқыған азаматтарға ой тастайды. Ашық ой асаулы болса да, өткір мәселелерді айқын талдаудан тартынбайды, тайынбайды.


Журналдың соңғы нөмірлері осындай тоқтамға келуге себеп болды. Ойымызды журналдың 2013 ж. №7 нөмірін қысқаша талдау арқылы өрбітіп көрелік. Нө­мір «қазіргі қазақ күйі» «білімдінің ар­қауында», «оқыған азаматтың» қо­лын­да, «шексіз оқығанның билігінде» екенін, егер, бұл үлгі жүзеге аспаса, «заман ағымын ұққан адам екі сыналады» деген 25 жасар Мұқтар Әуезовтың шағын мақаласымен ашылған. Өтпелі қарбалаң кезде кейбір топ пен адам тарапынан «көрбалалықтың», яғни таяздықтың, енжарлықтың, самарқаулықтың болуы әбден мүмкін, таңқаларлық жай емес деген жас Мұқтардың болжамы, заманхаты бүгінде маңызын жойған жоқ.
Ол кезде «білімді көсемін ақ батасын беріп аттандырып» бірде үмітпен, бірде сеніммен ел ертеңіне қарағандар қатары өсіп келе жатыр еді. Қара халық арасында «оқыған азамат жұрт қалпының тезіне» – ұлттың тәрбиешісіне, түзетушісіне, жол көрсетушісіне» мұқтаждық артқан еді. Елге жаңалықты енгізетін де, елдіктің мәртебесін көтеретін де алдымен «оқыған жастар» екенін жас Мұқтар басып айтады. «..Орыстың оқыған азаматы… жанын отқа салып, зарлап, кітап жазып,.. тұтқында отырып, өмірдің рахатын, қызығын тастап қызмет қылды» деген тұжырымды тілге тиек ете келіп, автор: «Ұлт оқығандарын таптық, идеологиялық жікке бөлінбей, ұлттық мүдденің айналасына топтасуға шақырады». Одан бері 95 жыл өтсе де, жас Мұқтар Әуезовтың ой-тоқтамдары егеменді еліміздің талаптарымен ұштасып, қажетінен туындап жатқандай.
Осыдан кейін «Тарихты сақтап қалу – ұлтты сақтап қалудың жалғыз жолы» деген атаумен Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің қадау-қадау ойлар мен пайымды пікірге толы мақаласын беруі – өте орынды, алдыңғы айтылған идеялармен терең жымдасып жатыр.
Мемлекеттік хатшының қолдауға тұрар­лық концептуалды қағидалары туралы оң, жағымды пікірлер бұқаралық ақпаратта аз айтылмады. Марат Тәжин сөзінде құптар­лық қағидалар баршылық, ой тастайтын, бірге ойланатын тұстар да аз емес.
Баяндаманың басты ұстанымдары: «ел болашағының дүниетанымдық жаңа моделін жобалау, басты құндылықтар мен бағдарларды айқындау», «ұлттық бірегейлікті нығайту», «ұлттың мәдени кодын: тілін, руханиятын, дәстүрлерін, мәдениетін сақтауды қамтамасыз ету». Бұл ұстаным Президент Н. Назарбаевтың «Бүкілқазақстандық бірегейлік біздің халқымыздың тарихи санасының өзегіне айналуға тиіс» деген мемлекеттік тапсырысынан туындайтыны айқын және мемлекеттік саясаттың осы қағидаятын жүзеге асыруға толыққанды қызмет ету керектігі де күмән тудырмайды. Тұжырымды ұстанымды зияткерлік қозғалысқа демеулік ететін әрі болашаққа ұмтылдыратын бастау деп ұғамыз.
Мақалада автор үш өзекті мәселеге ерекше назар аударады. Олар:
1. «Бүгінгі тарих өзінің тар пәндік шеңберінен шығып, пәнаралық ғы­лым­ға айналғаны анық», яғни социология мен әлеуметтік психоло­гия­ның, макроэкономикалық теория­ның, әлеуметтік географияның, этно­гра­фияның, антропологияның, мәдениет­танудың, құқық тарихының және басқаларының әдістер жүйесімен кірік­кені айқын.
2. «Ендігі жерде, тарихшы «пайымдау­шыға» – зерттелетін уақыттың ішкі мағынасына ой жіберетін ғалымға, фак­ті­лерді жай зерттеп қана қоймайтын, нақты қоғамның құндылықтарын, жөн-жосықтарын, моралін «түсінуге» қол жеткізетін ғалымға айналуға тиіс».
3. «Тарихшының міндеті – ұлт­тық тарихты қайдағы бір әмбебап заңды­лықтардың қасаң қалыптарына салып жібермей, ұлттық тарихтың жанды, бөлекше ағзасының қалай дамитынын түсіну».
Мұнда тарихшыларға ғана қатысты іргелі, іріктеулі проблемалар ұсынылған деуден аулақпыз. Өйткені, бірінші қағида ғылыми-әдістемелі заңдылықтың барысын, екіншісі – әдістемелі жаңғырудың қажеттілігін, үшіншісі – кәсіби сауатты­лықтың әлеуметтік жауапкершілігін айшықтайды. Бұл үштік талап тәуелсіздігін алған халықтың, мемлекеттің, қоғамның кәсіби мамандарының бәріне де, әсіресе қоғамдық, гуманитарлық саладағы ғалым­дарға тікелей, бірдей қатысты демек­піз.
Осыдан жауапсыз қалған мәселе ойдан шықпай мазалайды. Тарихты, ұлтты сақтап қалу, тарихи жады мен тарихи әділеттілікті қалпына келтіру – бір кәсіби мамандықтың немесе білімнің бір саласының ғана өзекті проблемасы, жауапты міндеті ме? Тарих ғылымы, тарих білімі қоғамдық, әлеуметтік-гуманитарлық білім жүйесінің құрамдас бөлімі, ал тарихшылар еліміздегі зияткер қауымдастықтың белсенді бір отряді екенін кім жоққа шығарады. Бұл орайда, біріншіден, тарихшы әріптестерімнің қоғам мен ғылымдағы маңызды орны мен рөлін төмендету үшін емес, олардың білім саласындағы мемлекеттік саясатты атқаратын мүмкіндігі шектеулі екендігін алға тартып отырмыз; екіншіден, тарих ғылымының мәртебесін көтеру қажеттілігі онсызда айқын. Бірақ, тарихи сананың мән-мазмұнын, логикалық жүйесін, құрылымдық-функционалды алғышарттары мен осал жақтарын тек тарих ғылымының танымдық арсеналымен толық, ылайықты шешудің реті әркезде келе бермейтінін еске салудамыз; үшіншіден, адамзат тарихы, қоғам, ұлт, ел, мемлекет тарихы, қысқасы, «тірі тарих» бір пәннің – тарих ғылымының заттық аясымен шектелмейтіні, сірә, күдік тудырмас; төртіншіден, ғылыми танымда жалпы қолданатын тарихи түсінік пен дүниетанымдық ұстаным, сондай-ақ кәсіби мамандардың, яғни тарихшылардың тарих туралы нақты көзқарастары бар. Екі деңгей бір бағытта өзара үйлес, сабақтас десек те, тарихи зерттеудің ұстанымдары әр ағымда өзара үйлеспей жатқаны да ғылыми шындық.
Осы тұрғыдан ғылыми шешімін дұрыс таппаған мәселелер әзірге жетіп артылады. Үнсіз қалған мәселелер ұмыт қалған жағдаят деп ойламаймын, әйтсе де, жауапсыз қалған қағидалар ойға батырады. Расында, мемлекеттік, ұлттық маңызы зор отырысқа әлеуметтік-гуманитарлық білім саласының өкіл­дерін жинап, бір ғылымның, тарих пәнінің қордаланған мәселесін көтерумен ғана шектелу түсініксіз. Гуманитарлық білімдер өкілдерін жинауды қажеттілік деп ұқсақ та, мәселені осы кешенді, әлеуметтік-мәдени деңгейде көтермеудің себебін ұқпадық. Аяқсыз ойымызды, осы кеңейтілген отырысқа қатысқан әріптестеріміздің ықылассыз, көңілі толмай айтқан сөздері үрлей түсті. Қайтіп оралған әріптестерімізден, «иә, не айтасыздар» дегенде: «Бізді несіне шақыр­ғанын ұқпадық, тек аудиторияны толтыру үшін ғана керек болғандай сезіндік» деген еді. Әрбір әлеуметтік-гуманитарлық ғылымның өкілдері өздеріне жақын, тікелей қатысты, ортақ жаңа мемлекеттік бағдарды, ұстанымды, нұсқауды есітпегеніне көңілі толмай қайтқанын сонда өзімше сезінгендей едім. Мұны кездесудің эмоционалды жағы делік.
Бірақ, өз назын айтқандар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультетінің ғалымдары екенін еске салғым келеді. Олардың қатарында әлеуметтанушы, мәдениеттанушы, дінтанушы, саясаттанушы, философтар, педагогтар бар еді. Әріптестерімнің ренішін үрлейтін тағы да нақты жай болды. Сол күндері университетте сессияның, емтиханның қарқындап, әркімнің жұмысбасты болып, «науқандық әбігерге» ұшырап жатқан кезі еді. Сессия кезінде тығыз шаралар жеке бас қамынан асып жататыны, уақыттың өлшеулі болатыны мәлім.
Ал, мәселенің концептуалды-әдістемелі жағына қайта оралсақ, Қазақстан тарихшылары алдында (ол басқа әлеуметтік-ғылымдар саласына бірдей қатысты екенін ескерттік) шешуін күтіп отырған келелі проблемалардың қордаланғанын, оларды кәсіби деңгейде дұрыс шешімін ұсыну қажеттігінің маңызы артуда. Осы тұрғыдан Мемлекеттік хатшы М. Тәжин бес мәселені – «ұлттық тарих қоғамдық ғылымдардың арасында орталық буынға айналуға тиіс», «Қазақстан тарихының ортақ тұжырымдамасын жасап шығуға тиіспіз», «Қазақстан туралы біздегі және шетелдердегі тарихи материалдардың барлығын жинауға, жүйелеуге және жіктеуге баса көңіл бөлуге тиіспіз», «орталық-азиялық номадтық өрке­ниетті зерттеудің» маңызды объектісі, қозғаушы күші қазақ этносы болғанын көрсету, «тарих бойынша сапалы оқулықтар даярлау» міндеттерін қадап айтты. Бұл ғылыми-ағартушылық жұмысындағы осал жақтарымыз, бірақ, орындауға міндетті шараларымыз.
Ойымызды қайырсақ, «осы тектес қомақты да келелі мәселелерді тарихшылар өздері тұтас алып кете алады, қоғам талабына сай сапалы шығармашылыққа қол жеткізе алады ма? деген күдік. Тарихшылар қауымдастығы оған дайын ба?» (Бұл сұрақты ұлттық мәдениетпен шұғылданатын басқа мамандарға да қоюға болады ғой). Дүниетанымдық міндеттер мен әдістемелі құндылықты мемлекеттік маңызы бар іргелі мәселе ретінде көтере отырып, Мемлекеттік хатшының философия мен методология туралы, осы бағытта кәсіби дайындықты күшейту туралы жұмған аузын ашпағаны, бізге тым түсініксіз. Тарих пен ұлтты сақтап қалу – интеллектуалды ұлтты қалыптастырудың, оны жүзеге асырудың басты шарты және қадамы десек, онда жауапсыз сұрақтар тасқындай бермек. Нақты мәселе де, кешенді міндеттер де Қазақстан ғылымына ортақ. Ойымызды жұқаласақ, әңгіме айырмашылықта емес айыруда, тар ұстаным мен тығырықта тарылуда сияқты.
«Тарихты кім жазады және қалай, не үшін жазады?». Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының қызметкерлерінің сұхбаты осы өзекжарды мәселелерге арналыпты. «Келелі кеңесте» не айтылыпты? Тәуелсіздік алғанға дейін қазақтың тарихын әркім жазды, өз мақсат-мүддесі тұрғысынан «бұрап, бұрмалап» жазды. Онда саясат пен идеологиялық басымдық, қазақ халқын империялық жүйеге бағындыру ұстанымы айқын еді. Сондықтан а) дерек көзі аз, жұтаң еді, ә) оларды «өңдемей, бұрмаламай сөйлету» мүмкіндігі шектеулі әрі бақылауда болды, б) тарихи талдауға объективтілік, жүйелілік және нақтылық жетіспеді. Не керек, «ұлтты ұйытатын, ұлттың рухын көтеретін, ұлдардың көкірегіндегі рухани тіректі қалыптастыратын» шынайылық пен шындық жеткіліксіз, там-тұм болды. Тарих ғылымында әрбір тұжырымды сөз бен тоқтамның «өзінен бүтін бір халықтың дәстүрін, оның арғы салтын, тегінде сақталып келе жатқан дәстүрлерді аңғаруға» болатынын ескерсек, өткендегі тарихи талдаулар мен толғаныстардың қаншалықты келте, бұлыңғыр екенін жүрегі сергектер ерте сезінді. Бақылауда, сұраныспен жазылған бұрынғы тарихты сол кездегі саяси күштер үстем идеологияның тірегі ретінде пайдаланды.
Енді жаңа заманда «әрбір өзін саналымын деп санаған азамат тарихқа бет бұрады және оған бас ұрады» деген әл-Маркизидің ақ сөзінің ырқынан шыға алмауда. Жас ұрпақ, ел азаматтары еліміздің жаңа тарихының бедері мен беделіне лайықты тарихи іргелі зерттеулерді, тың бетбұрыстарды күтуде.
Қалың оқырман алдымен үш проблема төңірегінде – қазақ халқының этнотарихы, қазақ мәдениетінің ерекшелігі, қазақ мемлекеттілігінің тарихы туралы ойларын түзеткісі, толықтырғысы, тұтастағысы келеді. Этнотарих, этномәдениет, этномемлекет мәселелерін әлемдік ғалымдар қашаннан бері белсенді түрде, әр сақтан талқылап келеді. Ортақ жауап-шешім табылған жоқ. Өйткені, тарихи және мәдени құбылыстар күрделі, қайшылыққа толы. Тарих мәдениеті мен мәдениет тарихы әркезде бірін-бірі толықтыра бермейді. Оның үрдісі мен үлгілері сансыз дерлік. Ауқымды тарихи бетбұрыстар, жетістіктер мен жеңілістер туралы тарихи түсініктер, талдаулар, тұжырымдар алуан десек те, әлі жеткіліксіз.
Енді «этно» терминінің орнына «қазақ» сөзін қойып көрелік. Тәуелсіздік алғанға дейін, «қазақ тарихы», «қазақ мәдениеті», «қазақ мемлекеті» туралы алып-қашты сыңаржақ көзқарастар өзімізді де, ойымызды да матап алғаны мәлім. «Қазақ» деудің орнына «ұлт» деп формалдау қолайлы болды. «Ұлт» ұғымы осы уақытқа дейін басты бір сарында кең қолданылды. Онда жалпы ұқсастыққа, дайын үйлестікке назар аударуға ыңғайлы. Ыңғайлылық, ыңғайластыру – идеологиялық тәсіл. Оған жүгінген партиялық саясат та, мемлекеттік идеологиялық ұстаным да әр халықтың, әсіресе, шағын халықтың «тірі тарихын» шатыстырып жатты. Ұлттық мәдениеттің ірі тұлғаларын өзара айтыстырып, бір-бірімен жаулас­тырып, күрестіріп қойды. Қоқан-лоққы кезде халықтың болашағын дайын жауаптан іздеуге үйретті. Ғылым мен мәдениеттің тарихы дара халық болмысынан, яғни, қазақ болмысы мен санасынан туындай бермеді.
Тарихты «келтелеу, қиқымдау» сыртқы қысымның түрі, іштей отарлау тәсілі екенін енді ғана ұққандаймыз. Тарихта қазақ халқы нені аңсады, не үшін күресті, ол күрес кімге және не үшін керек еді? Назардан тыс, бұлыңғыр қалған сұрақтар жүректе қурап, тірексіз қалған қадаларға ұқсайды. Жауапсыз сұрақтың танымдық та, тәлімдік те маңызы жүдеу, ықпалсыз болатыны аян.
Келелі кеңесте талқыланған мәселелер ауқымы біздің пікірімізден кең, қилы-қилы. Бірақ, отырыстағы Ә. Бәкірұлының мына бір түйінді ойын қайталағым келеді: «философиялық принциптерді толық меңгермей, тарихи логикаға сүйенбей – ешқандай да объективті тарихты жасай алмайсыз. Бұл – шындық». Ой-тоқтамға қосыла отырып, оны жалғастырайын, дәйектейін.
Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихын жазу – «мемлекеттік деңгейде көңіл бөлетін құбылыс». Күтетініміз – ұлттық мүддеге, зерделі сана деңгейіне сәйкес ұстаным, көсегемізді көгертетін бастаулар мен нәтижелер. Тың бетбұрысқа лайықты нақты ізденістер, іс-әрекеттер не үшін керек?
Профессор Н. Мұхамедұлының тәп­тіш­теуінше, ендігі тарихи ізденістер: (1) ұлттық және мемлекеттік тарихымызды түзету, толықтыру үшін; (2) қазақтың «дипломатиялық қатынастар тарихы, түркология, диаспорология, тұлғатану, деректану, өлкетану, елтану сияқты тарих ғылымының салаларында қомақты ізденістерді жалғастыру» үшін; (3) «ұлттық нигилизмнің шырмауынан шығу» үшін; (4) «тарихтың ұлттық, мемлекеттік идеологияда, халықты тәрбиелеуде, қоғамды тануда, болашақты болжауда атқаратын қызметін» жандандыру үшін; (5) қазақ зиялыларына ұлттық-мемлекеттік мүдде негізінде елдің болашағы үшін ынтымақтасып жұмыс істеу үшін ауадай қажет. Бұл жалпы ұран емес, бүгінгі ұстанымы тиянақты, болашақ бағдары айқын Қазақстанның қажетінен туындаған сұраныстар.
«Ұлттық идеология және ұлт тарихы» деген тақырыпта профессор Қамбар Атабаевтың қисынды ой-пікірлері беріліпті. Автор бұрынғы ойларын тиянақтап таратқан. Сонымен «тарих – ұлттың жады. Жады көмескі ұлттың болашағы да көмескі». «Ұлт санасының қайнар көзі – ұлттың төл тума тарихы… Ұлттың тарихи жады, оның ұлттық санасы қандай болса, оның іс-әрекеті де, сөйлеген сөзі де, яғни, тілі де сондай болмақ». «Ғылыми негізделген жүйелі ұлттық идеологиясыз ұлттық тәрбие де, ұлттық дәстүр де, ұлттық болмыс та, ұлттық сана да, түптеп келгенде ұлттың өзі де жоқ». Саяси тұрғыдан жіктелінген тарихтың қыры мен сырына жақын, оның ұйымдасқан деңгейін сипаттайтын түйткіл ойлар. Идеология туралы докторлық диссертация қорғағасын болар (1990ж), автормен пікірталастырғым келеді. Бірақ, пікірталас бұл мақаланың шеңберінен шығатынын жақсы сезінем. Ұлттық болмысты субъективті факторға, тіпті, оның идеологиялық ықпалына, оның қалыптасуы мен жаңғыруының идеалды бір жағына телу екенін ескерсек, шамасы, былайша кесіп айту, ойды келте қайырудың нысаны екені білініп тұр.
Автордың идеологиялық немесе ұлттық факторға айрықша назар ауда­руының басты бір себебін аңғаруға болады. Пікірталас ұлттық тарихымыздың атауына тіреледі. Расында, «Қазақ тарихы», «Қазақстан тарихы», «Қазақ елі тарихы», «Отан тарихы» атауларының қайсысы тарихи шындыққа, қоғамның даму бағдарына жақын? Отандас тарихшылар арасында бірауыздылық, өзара түсіністік жетіспейді. Сонымен, тарихымызды қалайша атаған абзал?
Автордың уәжіне тоқталық. «Қазақ», «Қазақстан», «Қазақ елі», «Отан» ұғым­дарының түбірі тектес, бірақ, объектісі, тарихи мазмұны, теориялық-методологиялық ауқымы бірдей емес. «Қазақстан тарихы» «ұлттың тарихын емес, мемлекеттің тарихын зерттеу болып шығады… Қазақтарды құрған мемлекеттер емес, мемлекеттерді құрған қазақтар… Мемлекеттер тарихы қазақ тарихының тінінде (контекстінде) зерттелуі тиіс». «Қазақ тарихы» – дүниенің қай түкпірінде жүрмесін өзін қазақпын деп санайтын азаматтардың бәрінің де ортақ тарихы. Ол дүниежүзі қазақтарының басын біріктіріп тұратын маңызды факторлардың бірі болуы тиіс».
Тарихымыз терең, күрделі реалды кезеңдерден өтті десек те, оны заман талабы мен мемлекеттік сұраныс бойынша әр деңгейде қарастырып келеміз. «Қазақ» ұғымының қайнар көзі қандастардың туған елі мен жеріндегі ұйымдасқан ізденісті әрекетінде, ұлттық болмыста, мемлекеттік басқаруда десек, онда арғы тегіміздің қалыптасу шарттарын және Отаннан тыс жүрген қандастарымыздың мәдениетін қарастыра бермейтініміз хақ. Оның үстіне қазақтың ұлттық өлшемдеріне мән берген тұста, оның тұлғатану мәселесі және қоғамның қозғаушы күшінің адами факторы нақты, тікелей, толық ескеріле бермейді. Көлемі жағынан «қазақ» ұғымы жалпылықтың, ерекшеліктің, жеке даралықтың жиынтығына, ал, «ұлт» ұғымы – жалпылық пен ерекшеліктің органикалық бірлестігіне сүйенеді.
Қазақ болмысы нақты тарихи уақыт пен нақты әлеуметтік-мәдени кеңістік аясында қалыптасады. «Ұлт» ұғымында қоғамдық болмыстың не тарихи уақыты, не тарихи кеңістігі, қос тәсілдің біреуінің мән-мағынасы басты өлшем ретінде қабылданады. Ұлт ұғымында а) әлеуметтік-мәдени кеңістіктегі бірізділік, бірыңғай жалпы үйлестік, немесе ә) әлемдегі бұрын-соңды қалыптасқан өлшемдер, немесе б) қоғамдық қозғаушы күштердің бірыңғай сарыны қалтқысыз қолданыс табады. Мұндай біржақтылықты саяси үстем күштер өз мүддесіне ықшамдады, өз пайдасына қолданды. Сол үшін идеологиялық ұран мен қысым қатар таратылды.
Саясат пен идеологиядағы біржақ­тылық жеке адамды әлеуметтік топқа толық кіруіне кедергіні қоздырады, «маргиналды тіршілік етуге» мәжбүр етеді. Өз Отанының төлтумасынан шеттегендер өзгені кемсітуге бейім, кездейсоқ жіктелінеді, жасандылыққа ұрынады, жаутаңдаған жетімдік күйді бастан кешеді. Кикілжіңі басым мұндай көлденең күйлер күтпеген кездейсоқтыққа жиі ұрындырады. Алауыздыққа ұшырағандар алдымен әлсірейді, күйзеліске ұшырайды немесе ұшыратады. Күйзеліске ұшы­рағандар «заңды» және «заңсыз» деген қарама-қарсы екі жақтың арасында басты мұраттан – адамның өзін-өзі танытатын, өзінің әлеуметтік мәртебесін көтермелейтін іс-әрекеттерден алшақ жүреді және өз жағдайын ел тағдырынан жоғары қояды, деген профессор Сейілбек Мұсатаев ойының мәнісі тереңде.
Билік ұлттық санасы оянбаған халыққа тәуелсіздік пен бірліктің сыртқы формасын, өздеріне ыңғайлы жақтарын ғана түсіндірді; қалың жұртты көнбістік немесе маргиналды күйде ұстау – әкімшіл биліктің кең таралған айласы еді. Шешуші кезеңде жасық-жалтақтықтан арыла алмайтын немесе өзінің ұлттық мемлекетін құруға қауқарсыздық танытатын жеке қазақтар қауқарсыз, жігерсіз, ары мен тәнін сатуға бейім… Ондай жәутеңдер, көргенсіздер адамның, соның ішінде атам қазақтың асыл қасиеттерін аяқ асты етті, етуде. Іштей адасқан мен шатысқандар «Отан отбасынан басталатынын» білгісі келмейді. Бұл да «қазақтыққа» бастар қилы, бірақ қыңыр жол (Ж. Сейітнұр).
Іштей қаңтарылу – табансыздық, тайғанақтық, немқұрайдылық. Әрбір қыңыр қылық теріс салдарымен қауіпті. Осы тұрғыда «Жазылған жайдың жаңғырығы» атауымен берілген материалдар идеялас, мүдделес адамдарға арналғаны, соларды жақындатуға ден қойғаны онсызда түсінікті. Сырттан келген, келер дерт бар, ұлтымызға тән серт бар. Дертке кімдер ұрынды, содан сүрінді? Сертке кімдер жетті, серпіліс қуатын өз ортасына екті? Дұрыс жауап та, дұрыс жол да өз оқырмандарын табатыны даусыз.
Тәуелсіздігімізді алғанға дейін ұлт туралы әңгімеде көбінесе осы тарихи шындық пен дүниетанымдық континиумнің бір жағы ғана ескерілді, тілге тиек болды, негізге алынды. Дегенмен, дұрыс бағыт-бағдар мен шешімдер өз арнасы мен қол­дауын тапты.
Қордаланған мәселелерді қорытындылау деңгейі әзірге бірдей болмаса да, өз ойымызды тиянақтайық:
1. Тарихтың бастауы мәдениет пен өрке­ниетте, қозғаушы күштері – жеке тұлғалар мен адамдардың қауымдастығынан нәр алатынын мойындасақ, онда «Қазақ тарихы» деген ұғым түбіріміз бен тегімізге, бүгінгі басты өрнек пен ұлағаттылықты түптеуге арналған. «Қазақстан тарихы», «Отан тарихы» оның маңызды құрылымдық құрамын құрайды. Сондай-ақ, «Қазақ мәдениеті», «Қазақ әдебиеті», Қазақ философиясы» объектісі «Қазақстан мәдениетінің», «Қазақстан әдебиетінің», «Қазақстан философиясының» заттық ауқымымен шектелмейтіні күмән тудырмайды.
2. Пікірталас, ойжарыс неден туындауда? Тарихтың, мәдениеттің, өрке­ниеттің объектісін жүйелі анықтай алмай жатқанымызда. «Қазақ тарихында» (жо­ғарыда аталған басқа пәндерде де) ізденістердің теориялық-методологиялық бағытында жүйелілік, кешендік, содан танымдық нақтылық жетіспей жатқанын тарихшылардың өздері де мойындайды. «Қазақ тарихында», республикадағы тарих ғылымында теорияның түсіндіретін, болжайтын, талдайтын, бағалайтын қызметтері жаңа кезең мен сарынға жүйелі де орынды қолдауын таппай жатқанын ғалымдар жоққа шығармайды. Бұл кемшілік қазақ әдебиетіне, қазақ философиясына, қазақ мәдениетіне де қатысты екенін қайталап айтамыз.
3. Қазақтың тарихы және тағдыры, елдігі мен еркіндігі, мәдениеті мен салт-дәстүрі, бүгіні мен болашағы туралы пікірталастар әрқалай өріс алуда. Ол қажеттіліктен туындайтын сұраныс. Тек қазақ әлемі мен дүниетанымын құрайтын негізгі ұғымдардың мән-мағынасы мен тарихи кезеңдердің саяси-мәдени мазмұндары дұрыс, стратегиялық мақсатқа орай және шешуін күтіп тұрған міндеттерге ықшамдалып анықталып жатқан жоқ. Мысалға, «ел-жұрт», «халық», «отан», «мемлекет» немесе «қауымдастық», «этникалық топтар», «ұлт» сияқты негізгі ұғымдар функционалды үйлес, ұқсас жағынан қабылданады, қолданады да, олардың әлеуметтік-психологиялық және саяси-мәдени мазмұндық ерек­шеліктері нақты да, толық ескеріле бермейді. Онсыз қазақ қоғамы мен қазақ әлемінің эволюциялық бағыт-бағдарын, жетілудің сапалық кезеңдерін, даму заңдылықтарын ажырата алмаймыз. Дүниетанымның осы үш өлшемдері мен өресін ұқпай қаламыз.
Ескертпенің практикалық маңызы неде? Қазақ тарихын мектептен бастап, жоғары оқу орындарына ендіруді жоспарлап отырғасын, осы ұстанымды сатылып жүзеге асырған тиімді болар. Біздің ойымызша, бастауыш сыныпта «Отан тарихы», 5-7 сыныпта «Қазақ елі тарихы», 8-9 сыныпта «Қазақ мемлекеті», 10-12 сыныпта «Қазақ тарихы», ал, жоғары оқу орнында «Қазақстан тарихы» оқытылса деймін. Бұл міндетті сауатты және өзара сабақтастыра орындау шарт. Күрделі міндет, бірақ, өмір талабы осы сабақтастыққа итермелеуде. Ол үшін тарихшылар басқа қоғамдық және әлеуметтік-гуманитарлық білім өкілдерімен бірлесе жұмыс істеуі керек. Әр бөлімнің негізгі ұғымдарын, категорияларын, заңы мен заңдылықтарын бір арнаға, жүйеге келтіру қажет. Аталынған пәндердің оқу-әдістемелі құралдарын арнайы, тұжырымдамалы тұрғыдан жасаудың қажеті артуда.
Ендігі ортақ мақсат пен стратегиялық тұтас ұстанымды жүзеге асыруға материалдар, фактілер, тәжірибелер сүбелі жинақталынды. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша шыққан том-том алуан еңбектер ғылыми-әдістемелі айналымға толық енбей жатқаны мәлім.
Бұл мәселе төңірегінде қасарысқан қарсылар жоқ, қолдамақшылар жым-жырт, асықпаудың астары неде?
Алдымен ашық-жабық кедергілерде. Әзірге әр оқулық нені түсіндіруге, оқыр­манын қандай ұстаным төңірегіне топтастыруға, тарихтың қай арнасына бағыттауға болатынын анықтай алмай жатқан жайымыз бар.
Қиыншылық неде, дұрыс ойлар неге тығырыққа тіреледі? Тарихымыз, мәдениетіміз, қысқасы қазақ туралы дүниетанымымыз бен құндылықтарымыз нақтыланбауда. Себебі, тарихи таным мен әлеуметтік ұстанымдар заң, ұғым, категория деңгейінде жүйеленбеуде; тарихи фактілерді түсіндірудің логикалық жүйесі мен тәсілдері нақты қисынын таппауда; ұстанымдарды бір-бірімен ұштастыратын, оның дұрыс-бұрысын айқындай түсетін теориялық тәсілдер саналы, мақсатқа орай қолданылмауда; тарихи және ғылыми фактіні, көркемдік мәтін мен тұжырымдамалы контекстіні (тіні), идея мен нақты тәжірибені талқылауда кәсіби біліктіліктен гөрі «субъективті өзімшілдік» үсте­мелеуде; теориялық ұстанымдарды қалыптастыру мен ұсынуда сауаттылық жетіспейді; қандай ұстанымның, не себептен қажетті екендігі туралы дәйекті тұжырымдар жетісе бермейді. Мұндай олқылықтар мен кемшіліктер әлеуметтік-гуманитарлық білімде, соның ішінде тарихи танымда: а) методологиялық мәдениеттің қалыптаспағанын айшықтайды; ә) ғалымдардың кәсіби және дүниетанымдық деңгейінің таяздығын аңғартады; б) әр саладағы тарихшылардың немесе мамандардың қазақи болмыс пен санаға топтастыратын, оның өзекті мәселелерін түсіндіруге ынталандыратын ортақ ұстаным мен идеяның қажетті арнасын таппауда. Осы мәселелерді дұрыс талдаудың негізі – ғылыми танымның философиялық, логикалық, методологиялық арқауында екені қалыптасқан, бірақ та, бүгінде ұмы­тылып бара жатқан қағида. Осы қағи­даларды жүйелі ереже мен дүние­танымдық ұстанымға айналдырмай, инновация туралы жалаң сөзді қайталаудан басқа, өнімді де өнегелі жаңа нәрсені қолға алмаймыз, қолдай да алмаймыз.
Жаңа көзқарас пен талпыныс серпіліс алу үшін: а) тарихи ізденістің теориясын жасау керек. Әзірге бұл жұмыстың ақсап жатқаны мәлім. Неге? Тарихи түсінік, тарихи көзқарастар мен тұжырымдамалар теориялық-методологиялық талдаусыз өзінің қисынды жүйесін таппауда, жаңа сапалық деңгейге көтерілмеуде. Оған көзіміз жетті;
ә) тарихтың теориялық типологиясы жасалынған жоқ. Бұл күрделі тарихи-методологиялық міндетті шешуге тарихшылармен қатар, методологтардың, философтардың қатысуы – кәсіби сыннан өткен өмір талабы. Тарих пен ғылымның осы сабақтарын дөп ескерсек, ұтарымыз мол;
б) теорияны бұрмалауға, ғылыми әдісті қолдануға «жұмсақ» қарауға көндікпеу, бейімделмеу. Көнбістікте ізденімпаздық жетіспейді, ізденіс тұжырнамасы жасалынбайды. Онсыз тарихи шындыққа жақындау, тарихи шындықтың тың мән-мағынасын ашу, жаңа моделін жасау – екіталай шара.
Содан, қазақ тарихының жалпы пәні мен объектісі туралы, қазақ тарихының зерттеу аясы мен тәсілдері туралы, қазақ тарихшыларының ғылыми-кәсіби дәрежесі туралы ойлар «жұлмаланып» айтылады немесе айтылған ой-пікірлер елеусіз, талдаусыз қалуда. Тарихшылар сияқты жалпы қоғамтанушылар пәнаралық байланыс туралы кезекті, жылтыр сөздерін қайталаумен шектеледі. Нақты іс-әрекет мүлдем тоқырап қалды дерлік.
Тарихи құбылыстар алуан, олар туралы деректер мен көзқарастар да сансыз. Әр тарихшының өз көргенін, тапқанын, іздегенін, оқығанын, ұққанын айтуы, соған назар аударуы – тарихи зерттеуге тән амалды әрекеттер. Мұндай тәжірибелік деңгей жеке нәрсені, нақты заттар мен фактілерді, алуан белгі мен белестерді сипаттаумен шектеледі. Оның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін арнайы эксперт топтар, яғни ғылыми сарапшылар анықтауы қажет. Әзірге оның өзіне қол жетпей жатқан жұмыстар мол. Ең бастысы – мамандар бірін-бірі терең ұға бермейді, жаңалықтың дүниетанымдық және мәдени маңызын ашып бере алмайды; ең қауіптісі, тарихи үрдістің заңдылығын ашып беруге лайықты талпыныстар қолдау таппауда, жасалынбауда. Осы тектес және типтес өрелі міндеттерді дәйекті және бір-бірімен үйлестіре шешіп жатсақ, негізгі мақсат сол емес пе?!. Онда пікірталас жаңғырығы анағұрлым басылған болар еді.
Осы бастау мен бағытқа ұйытқы болатын а) теориялық және тәжірибелік ізденістердегі сапалық деңгейге, ә) синтетикалық ізденіс пен қолданбалы оқу жүйесіне теориялық негіз және тұтас әдістемелі құрал болатын жаңа білім саласы мен тұжырымдамаға мұқтаждық артуда. Оны біз «қазақтану» деп атап, айтып, «айқайлап» жүрген жайымыз бар. «Қазақтану» қазақты тарихтың, мәдениеттің, басқарудың қозғаушы күші, туған елдің біртұтас субъектісі, отандағы көшбастың белсенді қорғаушысы, мемлекеттегі өзара татулық пен бірлестіктің қолдаушысы ретінде қарастырады.
«Ақиқат» журналының «Заманхат», «Қазақ елі – мәңгілік», «Ізгілікті қоғамға барар жолда», «Келелі кеңес», «Еркін ой мінбері», «Жазылған жайдың жаңғырығы», «Саяси сараптама», «Мәні жоғалмаған мақала», «Тұлғалар тұғыры», «Замана запыраны» және т.б. айдармен беріп жатқан авторлық шығармалар мен толғаныстар қазақтықтың, қазақты тану мен қазақты танытудың қилы жолдарын сараптап, түрлі үлгілері мен үндестігін насихаттап келеді. Журнал сол бағдарымен, нұсқауымен, мұрасымен көкірек көзін оятуда, алыс-жақын оқырманды өз мінберіне тартуда. «Ақиқатты» ақтарып, ұстанымды баптап жатсақ, өзіміз шындық арқауын ширатып қана қоймай, ел азаматына қажетті қасиеттер мен құндылықтарды иемденеміз, ұлттық және әлемдік үлгілерге нақты араласатынымыз хақ.

Алдыңғы «
Келесі »