ЖОРЫҚ

  • 16.09.2013
  • 531 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Шукирулы.Сабыржан ШҮКІРҰЛЫ,
жазушы

Белгілі журналист, жазушы С.Шүкір­ұлының есімі оқырман қауымға жақсы таныс. Ұзақ жылдар республиканың бірнеше газет-журналдарында жұмыс істеп, тарихи тақырыптарға қалам тербеген азамат. Жуырда ол өзінің «Шақшақ Жәнібек» атты тарихи-зерттеу еңбегін жазып бітірді. Бүгінгі таңда қазақ тарихына қайта бір жаңаша көзқарас қалыптастыру қамы қолға алынып жатқанда қаламгердің осынау еңбегінен үзіндіні оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Ұлытаулатып, Бетпақдаланы көктей өтіп, Шуға жеткенде желтоқсанның да межелі күні болған-ды. Бетпақта атқа сусындық қар түскені көп жеңілдік жасады. Шыңырау құдықтардың кездескенінен ғана ауызсу алып, төтелей тартты. Тек Таңбалы Шұбарға арнайы соғып, ру таңбалары қашалған қасиетті тасқа барып, жасақ аттан түсіп, тәуап етті. Жәнібек:


– Бұл – біздің елдігіміздің бастауы, бірлігіміздің нышаны, бабаларымыздың соны кепілдеп салған таңбалары. Солардың құрған елін біздің жауға талатпауымыз, таптатпауымыз парыз. Біз сол мақсатта жорыққа шықтық. Біз ешкімге жаулық еткен жоқпыз, жау бізге өзі соқтықты. Біздің міндет – тиіс­ті сыбағасын беру! – дегенде, сарбаздар бірауыздан: – «Береміз!» – десті.
Бас қолбасшы шатыры Қозыбасыда тігілген екен. Қазақтың тұңғыш Ел болып шаңырақ көтерген жеріне Ту тіккені – жақсы жоралғы саналды. Төрт түмен қол жиналыпты. Түменбасылары: Әбілқайыр хан, Қайып сұлтан, Есет Көкіұлы, Қабанбай батырлар. Жәнібек мыңдығы жері мен жұрты ыңғайлас Әбілқайыр хан түменіне қаратылыпты. Мұны жасақ жігіттері бөтен көрген жоқ. Бар қазақтың тілегі бір болып тұрса да, таныс-білістіктің орны бөлек, қатерлі жолда көңілге бұл да бір медеудей көрінеді.
Ерасыл – Қабанбай, Қаракерей Қабанбай батыр аталыпты. Жоңғары бар, маңғұл, маңғұл ішіндегі қырғыз бар Алтай өңіріндегі елге көп зардап шектіріпті.Солармен айқасқан Ерасыл үлкен ерліктер жасап, даңқы шықса керек. Әсіресе, ә дегенде жау қолынан жас­қанбай, жасағын ертіп, күндей күркіреп жау жасағын қақ жарып өтетіндігі аңызға айналған.
Бас қолбасшыда түменбасы, мыңбасы­лармен кеңес өтті. Хан Ордасынан Қаз­дауысты Қазыбек би болды. Батыр да, Би де сол Құрылтайдағы қаһарларында екен. Би: – Ата жауымыз да, қауіпті жауымыз да осы – жоңғарлар. Бұлардың беті қайтпай қазаққа тыныштық жоқ. Оларға қазақтың даласы керек. Осы далада өздерінің ұлы жоңғар мемлекетін құрмақ. Бұл – қазақпен ел болатын жұрт емес, қазақты жою пиғылындағы жау.
Жоңғар қазаққа қашан аяушылық жасады? Қырып-жою, талау, тонаумен келеді. Міне, қазір де Жетісуды жұлмалауда. Біраз жұрт босып, Тәшкенге қарай беталуда. Қырғыз, қарақалпақтарды да мекендерінен ығыстырып отыр. Осы жолы елдігімізді, бірлігімізді танытып, жоңғардан елді азаттау керек, – деді.
Бас қолбасшы: – Жоңғарға тойтарыс беруді әдейі осы қысқа белгіледік. Олар қыста соғыс болады деп отырған жоқ. Жоңғардың қазақтан саны да көп, күші де басым. Сырттай демберушілері де бар. Жоңғардың күшін байқап, қосыла кетіп отырғандар да бар. Осы жолы бұларды ел шетінен ысырсақ, біраз тыныстаймыз, – деді.
Қаңтардың шыңылтыр аязды таңында төрт түмен төрт тұстан жоңғар шебіне лап қойды. Аракідік қана азын-шоғын топтардың қарулы қарсылықтары демесе, бетпе-бетке шыққан тегеурінді жасақ болған жоқ. Қырық мың сарбаз не қойсын, бейқам жұрттың үрейін ала сүргін салып, қарсылық жасағанын қағып тастап, босқанын бос­тырып, тұтқындайтындарын тұтқындап, қазақ жеріндегі біразының ұйқы-тұйқысын шығарды. Бұл – жоңғардың басына төндірген қазақтың бір нәубеті болды. Дегенмен, бұл әлі алғашқы бет, жоңғардың бейқам бергі жағы ғана еді.
Алтай, Жетісу, қырғыз бен қарақалпақ жеріне дейін еңістеп кеткен көп жұрттан байтақ өңірді тазартқанша талай күндер мен айлар керек-ті. Іргелі ел болып қалған жоңғардың ішкі жағындағы күші осал емес-ті. Содан қаупейлеген қазақ қолы әуелде жинақылау, түмендер мен мыңдықтар бір-бірімен қанаттас, күш қоса қимылдаған-ды. Алайда, жоңғар жағы тегеурінді күш көрсететіндей қарсы майдан ашқан жоқ. Шамасы, қыс айларында тұрақты әскер ұстамайтын көшпелі жұрт салтымен қолын таратып жіберіп, қапы қалған болса керек. Әлде желкесіндегі Шын айдаһарынан қауіп күтіп, қолда бар қосындарын да қазаққа қарсы сала алмауы да мүмкін. Әйтеуір, екі жақтың қолы тұтасқан түрде майдандасқан жағдай болған жоқ. Бара-бара бұған бой үйреткен қазақ түмендері бір-бірінен алшақтап, олжа қуып кете бастады. Жасанып келген қазақ мыңдықтары әр жер-әр жерде кездесіп қалған шағын топтарды жайпап тастап отырды.
Тек бір жолы ғана Жоңғар хандығының үш мың адамдық жасағы Әбілқайыр түменіне қарсы тұрып, соғыс ашты. Бұлар дәстүрлі түрде сапқа тұрып, жеке батыр шығарып, жекпе-жекке ұран салды. Шамасы, уақыт ұту, жеке батырларды біртіндеп жойып, қазақ жасағын әлсіретуді ойлаған болса керек, әбден тісқаққан бір мықты батыры шығып, үш мыңдықтан шыққан үш қазақ сарбазын қағып тастап, аттан түсірген сайын жекпе-жектеп айқайлап кетпей қойды. Мұндай жекпе-жектің кейде бірнеше күнге де созылып, соғыстың сонымен тарайтыны да болатын. Бұл да соған апармақ сыңайлы. Өзіне тым сенімді, әдіс-айлалы екен. Найза салдырмай, қылыш сілтетпей, бойына ештеңе маңайлатпай тұр. Сұмдық найзагер екен, көз ілестірмей шаншып түсіреді. Алаңға шығып алған ол қарсыласына қарай шаппайды, бір орнынан қозғалмайды. Қарсы шауып келе жатқанның қапысын табуға қолайлы тұрыс.
Әбілқайыр әр түменбасына белгі беріп, түменбасылары өз мыңбасыларына белгі беріп, олар өз сарбаздарын жіберіп тұрған. Жоңғардың мынасына зығырданы қайнап, әрі әдісін ала зер салып тұрған Жәнібек төртінші жолғы Әбілқайыр белгісін күтпей, төтеннен өзі Наркүреңге тақым қысты. Тізгін қағыс, тақым қысу ыңғайына қарай жүріс, бұрылыс, тұрыстың небір жағдайына дағдыланған Наркүрең иесінің қимылын жаңылмай түсінетін болған. Желіспен келіп, жақындай бере найза жетпесте Наркүрең жалт бұрылғанда жоңғар батырының мойынына бұғалық та түсіп үлгірген-ді. Сөйткенше болған жоқ, атынан төңкеріліп түскен қалмақ жерде сүйретіліп келе жатты. Осы сәтте лап қойған Әбілқайыр қолы қаша соғысқан жоңғар жасағын ойсыратып жіберді.
Жәнібек топтан шыға тартқанда Сан­дықбай, Жолбарыс алға түсті. Атасының киесі – жолбарыс-ты. Жәнібекке жеткен екен. Қазір алып түссе керек,- деді жанын­дағыларға.
Жәнібекті бұлай жекпе-жекке өзі шығып кетеді деп ешкім ойламаған-ды. Әсіресе, Қарапалуан мен Қараман Бөгенбай тым абыржысып қалып еді.
Жүзбасыларының қайсысы болсын жекпе-жекке шығуға дайын-ды. Өздеріне көп үйреткен һәм өзі де үнемі машықтанып жүретін бұғалық тастау әдісінің сәтті бол­ғандығы сондай, Жәнібектің нендей қару қолданғалы бара жатқанын да, жоңғарды аттан қалай түсіргенін де ә дегенде екі жақтың адамдары да аңдай алмай қалды. Жәнібектің бұл ерлігі елге аңыз болып тарады. Оның қимылдары көбіне осындай тұтқиыл болып келеді. Бұйрық-жарлық, ақыл күтіп жатпас­тан жарқ ете қалады. Айып-шамды жеңісі мен жетістігі ақтайды. Тәуекеліне қайраты мен ақылы да сай-ды.
Әбілқайыр түменінің бұл жолғы жорығы осы жеңіспен аяқталды. Ел жағынан Еділ қалмақтары мен башқұрттардан барымта, ауыл шабу жағдайлары жиілеп бара жатқаны туралы хабар жетіп, Қолбасшы кеңесінің келі­сімімен кейін қайтуға ұйғарылды. Мұн­дай жайсыз хабар Жәнібекке де жеткен. Бұхар, Қоқан хандықтары тарапынан Түркістан төңірегі де тынышсыздау болып тұрғандықтан, бұл жерге Қаракерей Қабанбай қолын қалдырып, екі түменді бастап Бас қолбасшы Қанжығалы Бөгенбай батыр да Хан Ордасына оралған.
Қанша жасанғанымен де, қазақ қолы жоңғардың еліне бойлай кіріп, жойқын шабуыл жасап, түбегейлі жеңуге бара алмаған. Жоңғарлар өздері қауіп күткенімен де, Шын мемлекеті әзірге оларды қолдайтын. Орыс елімен де келісімдері бар. Қазақ даласынан дәмелі бұл екі елдің де қазақ жеңісіне жол бермесі анық-ты. Еділ торғауыттарының да, башқұрттар мен орыс-қазақтардың қазақ ауылдарына жан-жақтан аттандап тұрғандары да сол орыс саясатының ықпалы болатын. Бұл екі елге қазақтың жеңісінің де, жоңғардың жеңісінің де пайдасы жоқ-ты. Бұл екеуі бірін-бірі ұстап, не бірікпей, не бірі жеңбей, итырқылжыңдасумен титықтаулары керек-ті. Бұл адуын жұрттарды осылай бірі­не бірін салып, әбден әлсіретіп барып бағындыруға, содан соң жоюға да болады. Әріде жатқан жаулық пиғыл осы.
Қазақ ойы: – «Жоңғар тиылса, тынышталар едік, ес жинап, ел болар едік», – деген тыныштық тілеген пейіл болса;
Жоңғар ойы: – «Қазақтың жерін алып, Ұлы Жоңғар мемлекетін құрып, Цин империясымен де, орыспен де сосын сөйлесер едік», – деген астам пиғыл еді.
Алайда, тағдырдың қасқырдың жемін аюға бұйыртып, өзін айдаһарға жұтқызарын қайдан білсін.
Жәнібекте осы ойлардың әзірге айқын­дала қоймаған түсініксіздеу елесі ояна бастағандай-ды: – «Соғыс неге тынбайды, бітімге неге келмейді? Бірер жыл сөн­ген­дей болған отты кім қайта үрлейді? Тын­шығандай болған дүние неліктен қайта аласапыранға айналады?». Ат үстінде осын­дай соқпа ойлар келіп-кетіп, жауабын таптырмай, былай етсек жөн болар еді-ау дегенге жеткізбей де, тыншытбай да келеді.
«Өзгені де, өздерін де аямайтын неткен жұрт бұл? Жоңғар десе, елде үрей қалмайды. Қатыгездіктерінен жан шошиды. Бала ма, әйел ме, оларға бәрібір, қазақ болса – қыра беру керек. Олардың аяусыз істерінің талайын көрді. Соны көрген қазақ сарбаздары да ашынғаннан олардың да ауылдарын шапқанда оңдырған жоқ. Кекті қимыл ақылға салып жатпайды, жолыққанның бәрін жау деп жайпай береді. Қазақты қансыратып келген жау енді өздері де қанқақсап жатыр.
Тойға келген жоқ, тіпті, тойда да адам жазым болып жатады, соғыстың аты соғыс, опат болғандар мен жараланғандар бар.Қырықшақты боздақ кіндік қаны тамған жерден шалғайда мерт болды. Соғыс жағдайымен сол жазым болған жерінде жерленді. Аттары ер-тұрман, қару-жарағымен қоста келеді. Ертең ауылдарына жеткенде қаншама тұл келіншек пен шерлі ана аңырап алдан шығар. Неше күн жоқтау айтып, зар илер. Көкелерін іздеп жас балалар шырылдағанда не айтарсың. Елушақты сарбаз ол жаралы келеді. Оларды біртіндеп қайтаруға жер шалғай болған соң, қоста күткен. Жанғожа мен Сандықбай ем-дом жасап, атқа отырар жағдайға келтірген. Бұлар да енді кемтар. Олжасыз емес: айдауда мал, байлаулы тұтқындар бар. Алайда, ол азамат орнын толтырар ма? Әр шаңырақтың сол бір-бір ардағына бұл соғыстан не бұйырды? Соғыста шаһид кеткен жұмаққа барады дейді. Жұмақ деген, мынау жарық дүние емес пе. «Мың күнгі жұмақтан бір күнгі тірлік артық» деп бұрынғылар біліп айтқан ғой. Сол жұмақты Сафиолла атамыз бен Һауа анамыз тастап шыққан жоқ па. Шамасы, қарекетсіз тыныштықтан еркіндікті хош көрген болар. Иә, өмірге, жарық дүниедегі тіршілікке ештеңе жетпейді-ау …» .
Бас қолбасшының айтуы бойынша, Әбілқайыр түмені де Түркістан арқылы Сыр бойын бойлаңқырай жүрді. Шамасы бұл көрші хандықтарға айбат шегу болса керек. Атамекенге соғып, Атасының басына бару Жәнібектің ойындағысы еді. Орайы келді. Балалық шақтың шуақты елестері көлбең қағып, көңілі өсіп қалды. Түркістанда екі күн еру болып, жүзбасылары мен рәмізшілерін ертіп, шайханада болып, шарап ішіп, кәлиан тартып, сауық құрды. Қырғын елестері мен ауыр ой тұманын осылай бір серілткісі келді. Бұрын ара-тұра ғана әуестікпен шегетін болса, осыдан былай темекіні тұрақты тартатын болды.
Сыр бойында бір тұста досы Бердәулет би алдынан кісі шығарып, ауылына шақырды. Керейдің аты шығып тұрған жас талап биі – Қаздауысты Қазыбек бидің күйеу баласы, екеуі медреседе бірге оқыған, бала шақтан досжар-ды.
Бұлар келген күні әйелі босанып, ұл туып, көптен күткен перзенті екен, Бердәулеттің қуанышы қойнына сыймай кетті.
– Әрі доссың, әрі мына сәбидің нағашы­сысың, жолың құтты болды, енді атын өзің қой, – деп қолқа салды.
– Балаңа өз атымды қойайын. Атымды атам Шақшақ қойып еді, әруағы мұны да жебесін. Әз Жәнібек ханның есімі екеумізге де жетер. Ол Қазақ хандығын құрып ел етсе, біз соны қорғап берейік. Неше атамнан маған жеткен соғыс бұған да жетер, болса – батыр болсын. Есімің – Жәнібек, Жәнбек, Жәнібек!, – деп үш қайталады. Жанғожалар өнер көрсетіп, ән салып, күй тартып, Бердәулет шаңырағының қуанышын көркейтіп жіберді.
Ел шетіне іліккенде Жәнібек қосынның алды-артын жинап, сарбаздарына рахметін айтып, тиесілі олжаларын бергізді. Жүзбасы­ларына қайтыс болған сарбаздардың отбас­тарына арнайы барып, көңіл айтып, аттары мен жарақтарын, жорық олжасын жеткізуді, қажетті көмек көрсетуді тапсырды.
Өз ауылы төңірегіне таяу ауылдардың жігіттерінен басқасын түгел үйлеріне қайтуға ұлықсат етті. Сарбаздар жеткені жеткен жерінде өз ауылдарына бөлініп қала берді. Жәнібек өз ауылына екі жүздей ғана жасақпен келді. Бұлар да Жәнібекті үйіне жеткізісімен үйді-үйлеріне тарасты. Біржарым жылға созылған жорық осылай аяқталды.
Ауыл қуанышында шек жоқ. Қошқар бастаған үлкендер, бала-шаға бәрі қаума­ласып, көрісіп, жыласып та жатыр. Қос келінін ерткен Кәмила ана да толқып, көзіне жас ала баласын аймалауда. Дәуітбай мен Жауғашар өсіп қапты. Жамалдың қолында жас нәресте. Бұл – өзі жорықта жүргенде дүниеге келген Тоқтамыс-ты. Қарақожа бабасы көп жолдас болған Тоқтамыс ханның есімін ырымдап Қошқар қойғызыпты.

***
Барымта-сырымтаға ұшырағандары болмаса, ел жалпы бүтіншілікте екен. Торғауыттардан да, башқұрттардан да малға қолсалғандар болыпты. Бір естек жігіті қолға түсіп, Қошқар көкесі тұтқындап ұстап отыр екен. Тілдесіп көріп еді, жөні түзу адам сыңайлы. Барымташы топқа әлдеқалай қосылғандай. Қазақша түсінеді, арабша, орысша сауаты бар.
Жәнібек оған шарт қойды: – Бір қапы басқан шығарсың. Бұл сенің жолың емес екен. Міне, көрдің бе, қолға түсіп, қор болып отырсың. Жас екенсің, тағдырыңа отырмайын. Сен маған қызмет ет, тілмаш боласың, маған орыс тілін үйретесің. Адал болсаң еркіндік те аласың. Әрі қарай қайда барамын десең де өз ықтиярың, – деді. Азар көріп, тағдыры қыл үстінде қылпылдап тұрған жігіт қуанғаннан көзіне жас алып,- Ағажан, өмірімше Сізге адал қызмет етейін. Мені кешірсеңіз болды, – деп егілді.
– Атың кім ?
– Ғұбайдолла.
Осы сапар Түркістанда бұрыннан таныс Хаши абызға жолығып: – «Елге бірге жүріп, бала оқытып, дін уағыздаңыз»,– деп тілек еткен. Жәнібекті де, әулетін де жақсы білетін Хаши келісіп, бірге шыққан. Бұхарлық Қорасан текті қожа еді. Егде тартқан Хаши бала-шағасын ертпей, салт басы келген. Үстіне үй тігіп, күтуші қойған. Ғұбайдолланы да соған қосып, Хаши абызға көмекші етті. Бұлар бала оқыту, діни уағыз айту, қайтқан адамдарды соңғы сапарға жөнелту рәсімдеріне басшылық жасау істерін қолға алды. Жәнібек өзі Ғұбайдолладан тұрақты түрде орысша үйренуде болды.

***
Торғауыттардан да, башқұрттардан да қарымта қайтарылды. Табынға біраз қылқұйрық қосылды. Өз малдарының ізін есесімен алғаннан кейін, Жәнібек мұндай іске тоқтау салды.
– Есе қайтты, сес көрсеттік, болды,- деді. Жәнібектің, ел азаматтарының ауылға оралғанын білген сұғанақ қолдар да тыйылды. Бейбіт бір шақ. Ел берекесі кіріп, той-томалағын жасап, шат. Үлкен көкесі Қарабас та Қалқаманның көзі – Бәйсейітті аяқтандырып, одан Үмбетей атты сәби дүниеге келген.
Сарбаздар үйді-үйлеріне тарағаннан бері өз тіршіліктерінде. Тек Досан тобы ғана жасақтың жорық жабдықтарын сақтау, бүтіндеу, түгелдеумен айналысуда. Ұран тасталса, намысты жігіттер жетер-ақ. Ал, олардың тұрмысын жасау бір сәтте бола қоя ма. Соны ойлаған Жәнібек Досан тобын таратпай, отбасыларын алдыртып, қосын қорын жасай түсуді жүктеген. Кедей болсаң – елемейтін, бай болсаң – талап алатын, мына заманда «еруліге – қарулы» отырмаса, мал-жанды қорғау қиын екенін түсінген Жәнібек тұрақты жасақ ұстаумен келеді. Соның арқасында дербестігін де сақтап, ел қорғауға да әзір тұрады.
– Қара жұмысқа тұтқындар бар. Іс үлгіртуге жаудан түскен мал бар. Жаудың өз күшін өзіне қарсы қайрат қылуға, қорғанысқа салайық,- деген Жәнібек. Сол мақсатта, соғыс олжасының бір бөлігі мен тұтқындарды қосын қорына, Досанның қарауына берген. Мұнда қазір үйір-үйір жылқы, отар-отар қой, келе-келе түйе бар. Өзін-өзі қамтуға жетерлік қоры бар. Әсіресе, жорық аттарын сайлау, жылқы үйірлерін түсіне қарай бөлу, сұрыптау қолға алынған. Ел арасындағы жиын-тойларға Жәнібек тобы ылғи біртүсті атпен барады: той болса – бірыңғай ақбоз, не шылғи күрең, ал қаралы жиын, ас болса – сүлік қара мінеді. Киімдері де соған қарай кейде салтанатты, сәнді болса, кейде сыпайы, қарапайымдау болады. Қасына ерткендері де сол ыңғайға қарай іріктеледі. Кішікке – теңдей, кеудемсоққа – паң, тіпті тәкаппар да болып көрінетін Жәнібек ат үстінде әбжіл қимылды, айбатты һәм соған сай қайратты да. Тақымы берік, ер үстінде құйып қойған қорғасындай, нық отырады. Жәнібектің салтанатына қызыққан да, күндеген де: – Осының тыққан алтыны бар шығар, – деп күңкілдеседі. Жәнібектің алтынының да бары рас-ты. Атасы Шақшақтан мұраға қалған тайтұяқ, қойтұяқтар бар.
Сарыжетім Ағыланнан тарайтын төр­теудің кенжесі Шымболат тым момын болса керек. Ақымбет, Бегімбет, Жауғашты ағалары ерте үйленіп, әрқайсысы бір-бір ауыл болып кеткенде, ол әлі үйленбепті де. Бір күні қой соңында жүргенінде әлдебір жортуыл жұрттан атбасындай алтын тауып алады. Оны не істерін білмей, дағдарып тұрғанында жер шолып жүрген Шақшақ батыр кездеседі. «Сауға» деген батыр ағасына алтынды байлап жібереді. Шақшақ оған қосар атын міңгізіп кетеді.
Кенже баласының өз бетінше тіршілік етіп үйленбесін білген анасы бір күні Шым­болатқа: – «Шырағым, ағаларың сені аяқтандырмады. Сен енді баяғы олжаңды қанжығасына байлап берген Шақшақ ағаңа бар. Мүмкін үйленуіңе көмектесер», – дейді. Сол сөзбен Шымболат Шақшақ батырдың ауылына барып, алайда оған жағдайын айтудың ретін таппай, сол ауылда жүріп қалады. Бір жолы оған Шақшақ батырдың көзі түсіп, сөйлеседі. Шымболат: – «Мені Сізге анам жіберді, әлі үйленген жоқ едім», – дейді. Сөзді түсінген Шақшақ маңайдағы ауылдан бір қызды жасаулатып Шымболатқа ұзаттырады. Бірақ, ол әйелі екі-үш жыл өтсе де құрсақ көтермейді. Анасы Шымболатты қайыра Шақшаққа жібереді. Шымболат Шақшақ ауылына келгенімен де, тағы да жәйін айта алмай екі-үш ай жүреді. Мұның жәйін білген ауыл адамдары Шақшаққа сездіреді: – «Ана жылы Сіз үйлендірген ініңіз қайтып келіп, сізге шаруасын айта алмай, көптен қой соңында жүр»,– деседі. Шақшақ шақыртып, жөнін сұрап, жағдайды түсінеді. Сөйтіп, оған тағы бір қызды қосып беріп аттандырады. Соңғы әйелі құрсақ көтеріп, балалы болады. Одан кейін алғашқы әйелі де бала көтереді. Содан, Шымболат та іргелі ауыл болып, қазір енді рулы ел қатарында аталады. Бұл – ел әңгімесі. Атасы өз аузынан мұндай әңгіме айтпаған. Сол алтыннан ба, әлде басқа байлығынан ба, әйтеуір, Жәнібекке «сенікі» деп қалдырғаны бар. Оның үстіне бір жортуылда Орал тауының әлдебір шатқалында ат тұяғына тиген едәуір көлемді құйма алтынды өзі де олжалаған. «Алтынды алтын шақырады, байлық байлық тартады» деген, атадан қалған мал мұрасына қоса соларды да орнымен үлгіртудің арқасында дәулеті шалқып тұр. Кейде өзі бастап, көбіне Байғұлақ, не Досан бастап, қала шығып, Тәшкен, Самарқан, Бұхарға дейін барып, керек-жарағын түгелдеп тұрады.
Жәнібек дәулетінің берекесі – үлгірті­луінде еді. Күтіммен өскен малдың бір бөлі­гін уақытылы базарлап, дүние мен азыққа айналдырып отыру, жасақ қажетіне жарату ісі жүйелі еді. Жәнібек ауылының өз аумағынан ә дегенде жүз қаралы жігіт қаруымен атқа қонады. Ал, үш күнде бес жүз сарбаз жиналып үлгіреді. Бұл – Жәнібектің тұрақты жасағы.
***
1716 жылы Ұлы хан әз Тәуке Жолбарыс сұлтанды Ұлы жүзге, Қайып Сұлтанды Орта жүзге хан етіп тағайындады. Кіші жүзге хан тағайындаған Әбілқайырдың ел басын құрап, жан-жағындағы анталаған торғауыт, түрікпен, башқұрт, орыс-казактарынан қорғаныстағы нәтижелері жүздерде де хандық биліктің тиімділігін танытқандай болды. Шынында да соғысты жылдарда дара билік ұтымды еді.
Жоңғар мысықтабандап Алтай, Жетісу өңірлеріне кіруін тоқтатпады. Әр жер – әр жерде қазақ-қалмақ қақтығыстары жүріп жатты. Бұл, әсіресе 1714-1718 жылдарда өр­ши түсті. 1717 жылдың аяғына таман Аягөз тұсынан ішкері сұғыныңқырап кет­кен жоңғар жасақтарының алдын тежей тұру Жәнібекке шұғыл міндеттелді. Орталық өңірден апыл-ғұпыл жиналған үшмыңдық қолмен жеткен Жәнібек әзірлігі жоғары, саны да көп жауға кезікті. Әрі осы жолы жоңғарлар орыс елінен алған зеңбіректерін де іске қосты. Естігенімен, бұл қаруға бірінші рет бетпе-бет келіп тұрған Жәнібек дағдарыңқырап та қалды. Әйтседе, зеңбіректің алғашқы гүрсілдерін естіп, бой үйретіңкірегеннен кейін , оның оқ жетер қашықтығын, келесіде қанша уақытта атылатынын бағамдап, әдіс жасауға көшті. Зеңбірек оғы жетер-жетпеске дейін шауып барып, кері қарай жалт бұрылса, келіп қалды деп ойлаған зеңбірекшілер оқтарын атып жібереді де, келесі оқтағанша едәуір уақыт өтеді екен.. Осы сәтті әбжіл пайдаланып, зеңбірек шебіне жетіп үлгіруге болатындай. Бұл әдіс алғашқыда сәтті болды. Әп-сәтте құйғытып жетіп барған сарбаздар, мұндай тұтқиылдықты күтпеген жоңғарлардың алғы шебін жусатып-ақ тастады. Алайда, бұдан кейін әдіс алған жоңғарлар да бұл сәтті аңдып, қарсы шабуыл жасады. Әйтеуір, бұл кезде зеңбірек тынып, екі жақтың атүсті айқасы қызды. Абырой болғанда бұл жоңғардың алғы шебіндегі аздаған ғана бөлігі екен.Қалың қол кейінде келе жатты. Амалдап, әдістеп соғысып, әсіресе түңгі шабуылдар ұйымдастыру арқылы жаудың ілгері жылжуына тосқауыл болып тұрғанда, отыз мыңдық қолмен Әбілқайыр мен Қайып та жетті. Қазақ қолы басым түсіп, бірнеше күн күш байқасқаннан кейін, Арқаға көктей өтпек болған Сыбан Раптан қолы кейін шегінуге мәжбүр болды. Бұл жолы да қазақ қолы бойлап соғыспай, жаудың беті қайтысымен өз өңірлеріне тарасты. Қазақ даласына ілгерілеп кете алмаған жоңғардың да желке тұсынан қауіп бар-ды. Ал қазаққа жан-жақтан анталап тұрғандар жеткілікті еді. Екі жақ та әзірше ұзақ майдандасуға әзір еместіктерін сезінді.

P.S. Бет қатталып жатқан кезде Сабыржан Шүкірұлының өмірден өткені туралы қайғылы хабар естідік. Белгілі журналист, жазушының қазасына орай редакция ұжымы марқұмның ағайын-туыстарына қайғыра көңіл айтады.

 

Алдыңғы «
Келесі »