Қапез әндерінің тарихилығы

  • 16.09.2013
  • 2284 рет оқылды
  • 1

СтамгазиевРамазан Стамғазиев,
ҚР Еңбек сіңірген әртісі

Қапез кім болған?
Сталиндік-голощекиндік қуғын-сүр­гін көргендердің алдыңғы қатарында Қапез Байғабылұлы да болған. Алдыңғы қата­рында деп отырғанымыздың өзіндік себебі бар. Біріншіден, ол – білімді болды. Ауыл молдасынан кейін Стамболда оқыды, одан кейін Алматыдағы мұғалімдер білімін жетілдіретін курсты бітірді. Сол кездегі ондай оқуды бітірген адам білімдінің білімдісі саналған. Қапез сондай болған. Екіншіден, ол – қайраткер. Жүрген жерінде міндетті түрде мектеп салуды қолға алған адам. Ағартушы, білім нәрін егуші мұғалім. Бала оқытқан. Бала оқытудың тәжірибелерін енгізген педагог. Үшіншіден, ол – ақын. Сәті түскен жерде айтысты да. Демек, белгілі бір деңгейде қазақ әдебиетінің қазанын қайнатуға атсалысты. Төртіншіден, ол – сазгер. Айтайын дегендерін айналасына әнмен жеткізуді жөн көрді. «Халықтың әні кетсе, әдебиеті жесір қалады, сәні кетеді, сәні кетсе жаны кетеді…» (1) деген өз замандасы Сұл­танмахмұт Торайғыровтың айтқанын іспен дәлелдеген ерекше дарын иесі. Сол істерімен қазақ музыкасына да өз үлесін қосты. Бесіншіден, сол замандағы Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Ораз Жандосов, Ыдырыс Көшкінов,Нұрбек Балабеков, Әубәкір Жүнісов, Сұраншы Сауранбаев, Аманжолов Садық т.б. секілді Алаш зиялыларымен етене араласып, ұлт мүддесі үшін күресте мұраттас, ниеттес болды. Елдегі өзі секілді оқығандардың ордасы болған отауында озық ойдың отын үрлеушілермен жиі бас қосатын. Алтыншыдан, Қапез өз қызметінде жаңашыл маман атанған, қоғам бағытын алдын-ала түйсініп, ертерек әрекет ететін сұңғыла жан болған. Оны біз сауатсыздықты жою мақсатында, жаппай оқыту науқаны жүргізілген кезде ойлап тапқан оқыту әдістері мен салған мектептерінің архитектурасынан, сонымен бірге киім кию үлгісінен де, әндерінің құрылымынан да, өлеңдерінің мазмұнынан да анық байқаймыз.


Қапез 1896 жылы қазіргі Алматы облысы Райымбек ауданы, Тоғызбұлақ ауылдық аумағына қарасты Ақтоғай деген жерде дүниеге келген. Әрбір жеке адам ұлттың құрамдас бір бөлшегі болғандықтан, ұлт басынан өткен тарих оның да маңдайына жазылған тағдыр болатындығы заң­дылық. Яғни, ұлт не көрсе, ол соны кө­реді. Сол ұлттың ортасында өмір сүрген соң, одан жеке дара бөлініп кете де алмайды. Сондықтан, қазақ халқының басынан кешкен тарихты Қапез де өз басынан кешірді. Ол тумысынан елшіл, халықшыл болғандықтан, оның басынан кешкеннің бәрі қазақтың тарихымен байланысты. Ел ісіне ертерек араласқан ол қара бастың қамымен ғұмыр кешпеген. Жеке басының оқиғасының өзі ел өмірімен тығыз астасып жатады.
Сондықтан да, оның әндерінде өз заманының тарихы сөйлейді.

«Он жасымда қайтейін
бала болдым…»
Қапез он жасқа келгенде әлі бала бол­ған­дығын айтып, «қайтейін» деп шарасыздық танытып, өкінетіндей не болып еді? Егер, он жас емес, одан ересектеу болса қайтпек еді? Қазақтың арғы-бергі тарихынан сауаты бар, көзі ашық, көкірегі ояу Қапез 1906 ж. ақпанда Семейде қазақтардың съезі өткендігін, онда патшалық Ресейден келімсектердің қоныс аударуын тоқтату, жерді қазақ халқының ата-бабаларынан бері келе жатқан өз меншігі деп мойындау, тіл тазалығы мен мәртебесі, мұсылман дінін ұстану еркіндігі, жергілікті ұлттың өз тілінде білім алуын өрістету секілді өзге де талаптар қойылғандығын, 1906 жылғы І-Мемлекеттік Думаға Қазақстаннан 9 депутат сайланғандығын есіне алып, сол ортада бола алмағанына іштей налыған болар. Бәлкім, ол Жетісу облысы Лепсі үйезінің қазақтары дайын­даған петицияға 1000 адамның бірі болып қол қояр ма еді?..Мүмкін ол Ресей Министрлер кеңесінің төра­ғасы П.А.Столыпиннің орыс шаруа­сы Ресейдегі өз үлесін сатып, еркін түр­­де басқа жаққа кетуге мүмкіндік ал­ған жарлығына қарсы амал табар ма еді?.. Өйткені, осы жарлықтан кейін қазақ даласына келіп қоныстанушылар саны көбейіп, қазақ тұрмысы қысымға алынған болатын. Осы Жарлықтан кейін 10 жыл ішінде қазақ даласына 1 миллионнан астам келімсектер ресми түрде орналастырылды. Сол бір миллион келімсек қазақ жерін басы бүтін иеленіп алып, қазақтарға билік жүргізе бастады. Отарлаудың осы саяси астарын түсінген Қапездің «шіркін сол кезде бала болғаным-ай, егер билік жағында болсам, бір амалын қарастырар ма едім» деген өкініші болатын. Өкініш болғанда соқа басының қамын ойлаған өкініш емес, қазақ даласы мен баласының кемдік көрген күйін ойлап ашынған өкініш еді.
Атасы Бейбіт қажы қазақ- қырғызға аты шыққан оқымысты еді. Әкесі Байғабыл өзіне, әулетіне жетерлік дәулеті бар біртоға адам болған. Пристав Жалаңашқа келген орысты бала шағасымен Байғабылдың қыстауына әкелді де отырғызды. Байғабыл еш қайран жасай алмай бармағын тістеді де қалды. Амал жоқ, онымен қоңсы болды. Оның атын бұлар Уәсіл деп кетті. Шын аты Василий еді. Сол Уәсіл 1916 жылы Байғабылдың қыс­таудағы қорасын өртеп жіберді. Бәлки Қапез «әттең сол кезде 10 жастағы бала болдым, әйтпесе Уәсілге көрсетер едім» деп те ойлаған болар. Дегенмен Уәсілдің еркінсуінің ар жағында Патшаның отарлау саясаты жатқандығын көзі ашық Қапез жақсы түсінді. Түсінгендіктен де, оның өкінішінің себебі бір ғана Уәсілдің қысастығы емес Бүкіл Патша саясатының қысастығы болатын.

«Он бесте жолымды іздеп
дала қондым…»
Қазақта: «Болар бала он бесінде «баспын» дер, болмас бала отызында «жаспын» дер…» – деген мәтел бар. Осы мәтел тікелей Қапезге және Қапез секілділерге арналған сияқты. Әкесі Байғабыл еті тірі баласын қайткенде оқытудың жолын іздеді. Уәсілдің қоңсы болғандығының бір пайдасы – Қапез орысша тілдесуді меңгеріп алған еді. Тілдесу арқылы Уәсілге келген өзге орыстардың әңгімесін түсінетін болды. Солар арқылы Ресей туралы там-тұмдап біліп қалды. Әкесі Байғабылға келіп орыстардан естіген әңгімесін айтқан сайын ұлының көзінің ашылып келе жатқанына қуанса, бір жағынан уәсілдердің басынып келе жатқанынан іш тарта бастайды. Бірде Бейбіт қажының атын айтып үйге бір молда келеді. Келеді де оқуға Бейбіт қажының немересін әкетуге келгенін айтады. «Бұл Бейбіт қажының аманаты» дейді. Аманатты орындауға қарсылық жасай алмай Байғабыл баласын ілестіріп жібереді. Қапез жалғыз кетпейді. Көрші қызылбөрік елінен Шәршікен ұйғырдан Сауытақын деген бала және жолдан тағы екі баланы ертіп әлгі молда кетеді. Бір жыл, екі жыл хабарсыз, ұшты-қилы жоқ, із-тұзсыз болған соң ауыл елеңдей бастайды. Балшы-құшынаштар мен көріпкел құмалақшылар «тірі», «оралады» дейді. Сөйтіп жүргенде Қапез үш жылдан соң Шәршікен, Сауытақындармен бірге оралады. Бұлар сол кеткеннен жаяу-жалпы да, көлікпен де, керуенмен де жүре-жүре кемеге отырып Түркиядан шыққан. Стамбол барған.Сол жерде медресеге қабылданып діни оқу оқыған. Діни оқуға қосымша тарих, жағырапиядан дәріс алған. Араб, парсы тілдерін үйренген.Елге оралған соң Сауытақын Шелекте қалады да Шәршікен екеуі өз ауылдарында діни сауат ашуға кіріседі. Бала оқы­туға қажетті жабдықтар іздеп Верныйға барғанда Садық Аманжолов дегенмен танысады. Соның қолынан «Қазақ» газетін алады. «Қазақ» газеті мұның көңіліне көп ой салады. Осы кезде «қайтсем елге тұтқа болам», «қазақтың сауатын қайтсем аша­­мын», «мәдениеті озық елдердің қа­та­рына қалай қосамын» деген уайым Қапезді де меңдеп алады. Төсегінде тыныш жата алмайды. Жаркентке барады, Қырғызсайға жол тартады. Верныйға сапар шегеді. Тройцкіге оқуға кетпек болады. Уфаға «Ғалия» медресесіне аттансам деп те ойлайды. Бір жылдан соң ел толқиды. Ресей мен Герман соғысының дүмпуі алыс жатқан Ақтоғайға да жетеді. 1916 жылы Патша жарлығы келеді.

«Жиырмамда бастадым
тамам қолды…»
Қазір әншілер сүйсіне орындап жүрген бұл әннің мәтінінде ауызға алынбай жүрген тағы бір шумақ бар. Оның ән мәтінінен түсіп қалатын себебі:
Қапез жиырма жасқа келген жылы әйгілі Қарқара көтерілісі болған. Бұл оқиға туралы Мұхтар Әуезов «Қилы заман» повесін жазды. Көтерілістің болуының тарихи алғы шарттары мен саяси-әлеуметтік себептері бар. Қазақ жерінен айырылды. Ата-бабасынан келе жатқан жерге салық төлейтін болды. Малы жайылатын өрісінен айырылды. Тіпті, қазаққа ат мініп жүруге болмайтын да талап шықты. Атқа патша өкіметінің ғана өкілдері мініп жүруге тиіс деген жергілікті шолақ шенеуніктердің өктемдігі пайда болды. (Ұзақ пен оның баласы Рүстембектің оқиғасын еске алыңыз). Қазақтан тартып алынған шұрайлы жерге орыстың келімсек мұжықтары қоныстандырылды. Айдалада кетіп бара жатқан қазақты қарауыл қылып атты. Кездейсоқ текетіресіп қалған қазақты казак-орыс сұрақсыз-ақ шапты. Мұның бәрі әдеттегі іске айналып бара жатқан соң қазақ ашынбай қайтеді. Осы озбырлық туралы әңгімелерді зерек жігіт Қапез үлкендерден естіді. Талай казак-орыстың Байғабыл ауылына келіп ойран салып кеткенін өз көзімен көрді. Көтерілістің бел ортасында жүрді де, ел ішіндегі дүрбелеңді, зобалаңды, қиракезік қиын-қыстау күндерді бүкіл қазақтармен бірге Қапез де бастан кешірді. Бұл оқиға оны ерте оятты. Оқиға соңы қырғынға ұласты. Патша үкіметінің жазалаушы отрядтарының атқаны, шапқаны, асқаны, өртегені, тонағаны, қорлағаны мен зорлағанына шыдамаған ел амалсыз бассауғалауға көшті. Қырғын соңы босқындыққа жалғасты. Сол босқын елмен бірге Қапез де Қытай асты. Патша­ның жазалаушы отрядтарының қардай боратқан оғынан қашқан елдің Текестен өтіп бара жатып суға аққанын да өз көзімен көрді. Текестен аман өткендерін арғы бетте қалмақтардың тонағанының куәсі болды. Көтерілісте албан руынан сол кездегі есепте бар (санақта жоғы қанша екенін бір Алла біледі) «69440 адамның 35100-і қырылған (2). Тұзкөл деген жерде арғы бетке өте алмай қалған ауылдың 27 еркегін үш казак жарты сағаттың ішінде сұрақсыз қырып тастаған. Бұл ауыл түгелімен Қапез туып өскен Ақтоғай, Кеңсай, Аралдан келе жатқан болатын. Нарынқолдан Қытайға асатын «Ойқорым» деген жерде 500 түтiнді патшаның жазалаушы отряды шай қайнатым уақытта қырып салған.
Жаркент уезiнiң халқы 1916 жылға дейiн суан 6 болыс, албан 14 болыс, жалпы түтiн саны 17712 болса, көтерiлiстен соң 5094-i қалыпты.
Міне, осының бәрін көзімен көріп, бастан кешірген Қапездің Алаш қайраткерлерінің «Қазақ» газеті арқылы «соғыспайық» деп елге үндеу тастағанының шын жанашырлық екендігін толық түсінеді. Шындығында Пат­­шаға қару-жарақсыз қарсы шығамын деп қазақтың бостан-босқа қырылып қал­ғанын өз көзімен көрген Қапездің:
Жиырмамда бастадым тамам қолды,
Қырылған қазақ қырда заман болды, – дейтіні бар. Одан басқа бұл өлең жолдарында:
Орыстарға Оразай ойран салып
Апарды түрмесіне Қарақолдың.., – деген де сөздер бар.
Бұл жай, баяндау стиліндегі әуенмен айта беруге болатын өлең мәтіні. Ал, енді асқақ дауыспен, көтеріңкі леппен айтылатын әуезді әнге келе бермейтін мәтін. Сондықтан, ән мәтінінен түсіп қалғандығы табиғи заңдылық деп түсінген жөн. Оның үстіне қазақтың қырылуы мен орыстың ойрандалуын әнмен айғайлап айту орындаушылық әдепте жоқ.
Шындығында Қарқара көтерілісі кезінде әр ауыл өз жасақтарын шығарған. Ондық, жүздік, мыңдық қосындарды бастайтын қолбасылар болған. Сары, Шобал руларынан құрылған мыңдықты Оразай бастап, соның құрамындағы жүздікті Қапез басқарған. Оның «жиырмамда бастадым тамам қолды» деп отырғаны сол. «Орыстарға Оразай ойран салып» дегенінің шындығын үлкендер былай баяндайды: Алғашқы би болыстар жиынында Оразай да болып, әскерге солдат бермейміз деген сертпен келісіп кері Торайғырға өз жігіттерімен аттанып кетеді. Осыдан кейін көп ұзамай Подварковтың отряды Ұзақ, Жәмеңке, Әубәкірлерді мәжіліс құрып отырған жерінен ұстап алып, келіссөзге апармақ болып алдап, айдап апарып Қарақолдың түрмесіне қамап қояды. Осыны естіген Оразай өз жасағымен Талды арқылы Қарақолға жол тартады. Барар жолда орыс солдаттарымен ұрыс сала жүріп, Қарақолға жете бергенде алдыларынан зеңбірек пен пулеметі бар полк қарсы алады. Амал жоқ Оразайлар шегініс табады. Оразай Қапезді ертіп Қарқолдың түрмесіне елшілікке барады. Онда түрме бастығы «Патша ағзамға сіздердің өтініштеріңізді жібереміз. Айтқандарыңызды ескереді», – дейді. Осыны естіп Оразайлар кері қайтып, елді тыныштандырады. Ел іші сәл саябырсыйды. Оразай енді Қапезді ертіп Диханбай мен Жанғабылға барады. Олар Сібірден азаттық алып келе жатқан Тайлақты қосып «Елдігімізді білдіреміз» деп тағы да Қарақолға Ұзақтарды босатып алуға барады. Бірақ, түрме бастығы бұларды елші ретінде қабылдағанымен, түрмедегілерді босатпайды. Елшілерді кері қайтарады да, артынан көтерілгелі жатқан қазақтарды қыруға жазалаушы отрядтар жібереді. Міне, осы елшілік жолда Қапез тағы да тілмаштық міндет атқарады. Оның «Апарды түрмесіне Қарақолдың» дегенінде осы тарихи шындық бар.

«Отызымда ағайын
ашыққан соң…»
Қапездің ұлт-азаттық көтерілістен кейін елді сауаттандыруға белсене кірісуіне жаңа үкіметтің келуі, теңдік ұранын тастауы себепкер болады. Бірақ, Қапездің осы кеңес үкіметінің ісіне белсене араласып кеткен кезде өкінген кездері көп болғанға ұқсайды. Оның:
«Өкінді жаным, өкінді,
Өкінгеннен не тынды.
Жұртқа күле қараймын
Нықаппен бүркеп бетімді.., – дегені, сондай-ақ:
Кеңес деген бел шықты
Белден сасық жел шықты, – дейтіні Қапездің «коммунистігіне» күмәнмен қаратады. Әу баста діни оқуды оқып, Құран жолымен жүруді таңдаған ол адамдардың бірін бірі қырып жатқанына кәпір мен мұсылман арасындағы соғыс деп қараса керек. Ал, теңдік ұранын көтере келген кеңес үкіметінің сөзі мен ісінің қабыспайтындығын өз көзімен көріп іштей күйзелісте, күңі­реністе болғаны шындық. Оның елге келген Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіровпен сырлас, сұхбаттас болғаны, Алматыға барғанда өзге зиялылармен кездескені кәдімгідей рухани қуат алуына ықпал етеді. Ол біржола ағартушылық жолға түседі. Мүмкіндігінше қолына суық қару ұстамауға тырысады. Ол айналасындағы болып жатқан өзге­рістерді сол қалпында қабылдап, сол күйінде суреттеді. Кәмпеске кезінде елдің Қытай ауып кетуін қаламаған ол бай, бағыландар арасында үгіт жүргізді. Комотряд құрамына кірді. Осы кезде оның қылығын ағайын арасы жақтырмады да. «Кеңес үкіметінің сойылын соғып жүрсің» деп кінәлады. Шын мәнінде Қапез елдің іші екі жарылмаса екен деп жанталасты. Жат жерге барамыз деп тағы да қырылып қалмаса екен деп әрекет етті. Елден салық жинау кезінде де Қапез елдің аштыққа ұрынбауына қатты көңіл бөлді. Оқу-ағарту жұмыстарымен Алматы барып аш-жалаңаштарды өз көзімен көріп, кері қайтқанда аштықтан босып кеткен босқындардың тірлігіне налып ауыр ойға қалады.
Аналары айрылған баласынан,
айрылған балалары анасынан.
Жетім, жесір, жетімек ашыққан соң
Сабанның дән іздейді арасынан,
Айхай!
ауыр күн-ай,
жазатын күн бар ма екен бауырыңды-ай, – (3)деген әні осы жолда туса керек.
Қайтар жолда Ақтоғайды бойлап келе жатқанда бір шалдың өлген кішкентай баласының аяғын кеміріп жатқанын көріп жаны түршігеді. Өз ауылым да осындай болып, босып кете ме деп қауыптенді. Келе сала елді аштықтан құтқару жасағын құрып, сай-салада, жылға жырада бірінен бірі қашып босып жүрген аш, жалаңаштарды жинайды. Қапездің бұл бастамасын естігендер жан -жақтан әп сәтте жиналады. Бұлардың барлығы сонау Қарағанды, Семей жақтан ауып келе жатқандар болып шығады. Солардың бәрін бір жерге тоғыстырып, ашына тамақ, жалаңашына киім үлестіреді. Оның бұл ісін үкімет те қолдайды. Сөйтіп, «Облатком» деген ауыл құрылады. Соған Қапездің өзі уәкіл болып тағайындалады. Оның бұл еңбегі елеусіз қалмайды. КСРО Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталады. Қапездің беделі бұрынғыдан да биіктейді. Оны атын атамай үлкен кішінің бәрі «Қапем» деп кетеді. Қапездің осы әнін­дегі:
«Отызымда ағайын ашыққан соң
Бір өзім алпыс үйге пана болдым», – дейтіні жоғарыдағы тарихи шындықтан келіп туған.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1. Ахмет Жұбанов. Замана бұлбұл­дары. Алматы, 1963ж., 12-бет. («Айқап» журналындағы Сұлтанмахмұт Торайғы­ровтың «Өлең және айтушылар» деген мақаласынан.).
2.Мұхаметжан Тынышбайұлы. «Қазақ» газетi (№ 254). 1917 жыл 6 желтоқсан.
3. Қазақ әндерінің антологиясы. ІІ том, Алматы, «Өнер», 1989 жыл.

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Стамбулға барғаны, оқу оқығаны,”Қазақ” газетінде үндеулер жазғаны туралы нақты деректер бар ма? Әлде “дейді екен де дейді екен” бе? Мақаладан оны көре алмадық қой?

Пікірлерге тыйым салынады.