Байқоңыр бағымыз ба, сорымыз ба?

  • 16.09.2013
  • 2985 рет оқылды
  • 3

АлмаАлмагүл ҚҰРМАНБАЕВА,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент

Жалпы, жағрапиялық анықтамаларға сүйенсек, «Байқоңыр» – Қарағанды облы­сының территориясында орналасқан Cовет Одағының ең ірі космодромдарының бірі. Байқоңырда кең көлемді космостық зерттеулер жүргізу үшін бірқатар есептеу пункт­тері, ұшыру комплекстері, техникалық құры­лыстар салынды. Бай­қоңырдан Жердің ең тұңғыш жасанды спутнигі ұшырылды. Одан космосқа жер жүзінде бірінші болып Ю.А. Гагарин, тұңғыш космонавт-әйел В.В.Терешкова ұшты. Сондай-ақ, Бай­қо­ңыр­дан космосты зерттеуге арналған көп­теген космостық корабльдер, космостық станциялар, спутниктер және Айға, Марсқа, Шолпанға қарай ракеталар ұшырылды». Бұл – Қазақ Совет Энциклопедиясының осы­дан 40 жыл бұрынғы мәліметтері.


Содан бергі төрт онжылдық беде­рінде сол қазақ даласының ұлт­арақтай аймағы ғарыш қызметіне қаншама өзгерістер енгізгенін түгелдей айтып жеткізу қиын, аса қиын. Әрине, Ға­рыштану ғылымына қосқан үлесі ерен екені белгілі. Сонымен қатар, «қор­ғаныс ісі» мәселесінің алғашында – КСРО-ға, кейін Ресейге түсірген пайдасын әрине, біліп болмаймыз. Ал, жер иесіне төлейтін өтем ақысы ауыз жарытымсыз екенін ішіміз сезеді.
Осы сәтте Талғат Сүйінбайдың «Тұң­ғыш қазақ ғарышкері» аталатын ғұмырнамалық эссесіндегі бір эпизоды ойға оралады: «-Білесің бе, Байқоңырдан осынау отыз жылдың ішінде ғарышқа кімдер ұша­ды? Ал, сол жердің иесі – қазақтар. «Біздің жерден біздің ғарышкер қашан шығады?» – деп армандаумен келеді…
Байқоңырдағы «Энергия» ғылыми-өнді­рістік бірлестігінде: «Халқым үшін, қазағым үшін өліп кетуге дайынмын!» – деген таспаға жазылған сөз бар. Қажет деп тапсаң, барып көруіңе болады, – деп күлімсіреген Батыр әңгімесін жалғады» [Сүйінбай Т. Тұңғыш қазақ ғарышкері. – Алматы. Құс жолы, 2004. – 184-185 бб.]. Бұл ертеректегі арман еді.
Таяуда қазақ тілді республикалық га­зет­тің тілшісі: «Байқоңыр кешені бойынша алғашқы үкіметаралық ко­мис­­­сияның жұ­мыс қорытындысын шы­­ғарған И.Шувалов пен Қ. Келімбетов Ре­сей мен Қазақстанның «Байқоңыр» кеше­нін жалдау жөніндегі келісімді ұста­натындықтарың сондай-ақ, екі ел Прези­денттерінің Байқоңырды» жалға беру мерзімін 2050 жылға дейін ұзарту туралы шешімін ерекше атап өтті, – дей келіп, – брифинг соңында И.Шувалов пен Қ.Келімбетов екі елдің «Байқоңыр» ғарыш айлағын өзара тиімді шарттар негізінде бірлесіп пайдалану бойынша ынтымақтастыққа дайын екендіктерін тағы да қуаттады» – деп, «сүйінші жаңалықты» жеткізгендей болды. Бұл көптеген адамдарға кезекті бір әшейін саяси ақпарат боп көрінер. Алайда елдің, ел емес, күллі планетаның, тіпті, Күн жүйесіндегі космостың табиғи тепе-теңдігі жөнінде аз-кем ой жүгірте алатын гомо сапиенс үшін ол қаражаяу мәлімет боп көрінбеуге тиіс. Бұл бір кездері «Адамға табын, Жер, енді» немесе «Космосты игереміз!» тәрізді өрекпе өктемдігімізді еске түсіретін кезекті эпизод секілді. Сондықтан да, «Айқын» газетінің осы жылғы 30 наурыз санындағы «Байқоңырға қатысты ешқандай келіспеушілік жоқ» деген тіл­ші материалының тақырыбына, біз басқа бүйірінен келсек дейміз.
«Әп» дегенде айтарымыз: Соншама жаһани мәселеде екі мемлекеттің ресми тұлғалары алдарында жатқан бетке ұстар құжаты – «Ғарыш қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңын, жұмсақтап келтіргенде, сақтауды елемеген тәрізді. Мысалы: Ондағы «5 тарау. Ғарыш қызметінің қауіпсіздігі. 27 бап. Ғарыш қызметінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына қатысты басты объект – адам, әсіресе сол жергілікті тұрғындардың денсаулығына міндетті түрде тигізетін залалдарына еш назар аударылмағаны…» – дейді.
Ағылшынның әйгілі жазушысы Артур Кларк: «Біздің ұрпағымыз Жер бетіндегі тіршілік атаулының көзін қалай құртудың әдісін біліп те үлгерді», – деген пікірін бекер айта салмаса керек. Өз шығармашылығында тек қана Жер планетасы емес, тұтастай ғалам шарға жаны ашитын қаламгер мұны ашумен айтқаны кәміл. Бүгінде біз қазақшалап «өркениет», «үдеріс» деп жүрген «цивилизация», «прогресс» атаулының жаратылысқа жасап жатқан қиянаттарына түңілгендіктен жазғаны деп білуге тиістіміз… Мұны қолдан келгенше «әлім жеттік» жасалып біткеннен кейін, соның келеңсіз салдарына куә болып отырған адамның қалауы деп білуге тиіспіз… Біздер де сол қаламгердің халін кешіп отырған жоқпыз ба? Барлық қолдағы құндылығымыз сарқылып-құрып-жойылып біткеннен кейін ғана аңғарып-білетініміз қалай? Мысалы: Семей ядролық полигоны, 18,5 мың шаршы километр аймақта 1949-89 жылдар арасында ашық аспанда, жер бетінде, жер қойнауында жарты мыңға жуық жарылыс жасапты. Сол бізге жарты ғасырдан кейін мәлім болатыны несі? Ал, қазақтың жарым-жартылай маңдайына біткен Арал ше? Оған Әму мен Сырдан бұрындары сарқырап жататын су доғарылып, теңіз бассейні «қылғынып қалып», оның есесіне теңізден кері, дарияға лықсып құйыла бастаған сұмдықты да, баяғы шалқар айдынның о шеті мен бұ шетіне енді адам жаяу кешіп өтетін заманның келгенін де қырық, елу шықты жылдан бері ғана көріп отырмыз… Бұл не «сиқыр»?! Табиғат жарықтық мың-миллион шаршы шақырым көлемді алып жатқан өз төсін сан құбылтып, сұрыптап, ақыр-соңында біздің заманымызға дейін кенересінен шығып жатқан, ішем десең де, мал суғарсаң да, егін егіп, бау-бақша салсаң да ауыз-мұрныңнан келетін, ағыл-тегіл қос-егіз дарияны сыйлаған-ды. Бойтұрқы қос құлаш келердей қаязы мен жайынынан бастап, ақ бауыр, сары төс семіздігі тығыршықтай сазаны, ең аяғы тортасына дейін қойнауы «жыртылып-айырылатын» жаратылыс-жаным Аралды бізге сыйға тартқан болатын… Міне, сол қайда? Мұның «қорытындысына» да қазір куәгерміз…
Жазушы Энгельс Ғаббасов Батыс Қа­зақ­станның Азғыр, Қапыар (Капус­тин Яр) маңындағы өздерін оқымысты-зерт­теушілер етіп жариялап, әр түрлі тірі жанды қырып-жоятын қару-амалдарды сынап жатқан жасырын әскерилер жөнінде Парламент мінберінен сөз сөйлеген. Еліне деген жаны адал қаламгердің жан­­ай­қайын не халық қалаулылары, не еш сайлаусыз, «төбеден қойылған» тиісті билік басындағылардың құла­ғына ілген біреуі болсайшы! Неткен өз тағдырына деген енжарлық?! Жоқ, олай емес… Тіпті, басқа! Айтуға ауыз бармайды!..
Сонау бағзы заманда Қорқыт ата көңілінен шыққан өңірді ресейлік мамандар қойнауын үңгіп, қарапайым кісі ойына келіп болмайтын қыруар күрделі құрылыстардың тұңғышын 1955 жылғы 5 мамырда салып үлгірген болатын. Бұл қасіреттің басы еді. Тіпті, керек десеңіз, қазіргі қасірет одан да бұрынырақта, 1955 жылғы 12 қаңтарда Жосалы темір жол бекетіне инженер Н.Дежкин бастаған құрылысшылардың Мәскеуден екі жарым мың километр құба далаға келіп жетуінен басталған еді. Оны да өз кезінде біліп жатқан қазақ жоқ. Кеңес Одағы ыдырап, Байқоңыр өз республикасының билігіне 1991 жылы көшкенде, ондағы дүние-мүлік, нысаналардың жалпы құны 23 миллиард долларға бағаланған болатын. Ғарыш айлағының қаншалықты зор екендігін осыдан-ақ байқай аларсыз! Алайда, егемендік алғанның аз уақытқа «қуаныш буы» бірте-бірте тарай бастағанына бүгінде бәріміздің де көзіміз жетіп отырғанын несіне жасырамыз? Соның күні Байқоңыр ғарыш айлағына да түсті. Соншама күрделі шаруашылықты ойдағыдай сақтап қалу проблемасы туды.
Сол тұстағы мәселе тұрғысында Ұлттық әуе-ғарыш агенттігі бас директорының орынбасары, «Байқоңыр» ғарыш айлағы басқармасының бастығы ҚР ҒА-ның корреспондент-мүшесі М.М.Молдабеков: «Қаржы мен мамандардың жоқтығы ғарыш айлағын Ресейге халықаралық нарықтан 4-5 есе арзанға жалға беруге мәжбүр етті», – деген болатын (Наука Казахстан. – 1995 г. №8. -16-30 апреля). Ал, Кеңес үкіметі кезінде лазерлік қаруды зерттеу саласындағы еңбегі үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығын иеленген, техника ғылымының докторы Ғалым Әбілсейітов: «…1993 жылы премьер-министрдің орын­­басары қызметін атқарып жүрге­нім­де Президентке, т.б. басшыларға Байқоңырды сақтап қалу мақсатымен оны жалға беруді ұсыныс жасадым», –дей келе, «Не себептен екенін білмеймін, тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіров бұл пікіріме, қарсылық білдірді», – деп мойындаған еді (СолДАТ. 1999, 6 тамыз.). Сол Т.Әубәкіров тегіннен-тегін қарсы бол­маған екеніне қазір көзіміз жетіп отыр…
4 бөлік немесе орталықтан құралатын «Байқоңыр» ғарыш айлағында Ресей мамандары қайтадан еркіндік алып, сайран сала бас­тады. «Жыл сайын 115 миллион долларды төлейміз», – деп жалға алған ресейліктер күні кешеге дейін, қа­зақ жері төсінен топырлатып қанша зымыран-жеткізгіштерді, старт кезінде жер бетін күйдіріп-жандырып, бірінен соң бі­рін тоғытып ұшырып жатса да, жарым-жар­тылай болса да, қарызын қайтару кәпер­леріне де келмейді…
Оның есесіне ғарыш айлағының сол қанатындағы орталықтан «Протон» мен «Циклон» зымыран-жеткізгіштер тынымсыз ұшып жатты. Және де бірі болмаса, бірінің жолы болмай, асып кетсе, Алтайға дейін ғана жетіп үлгіріп, жарылып құлап жатты. Олар турасында біздің мемлекеттен кешірім сұрап, жұбату, не өз аспанымызға төніп тұрған қауіптен бізді сақтандыру деген пікір атымен байқалмады. Соның ақыр-соңы, мінекей, 1999 жылғы 5 шілденің 20 сағат 32-ші минутіне әкеп тіреді. Тап осы сәтте болуы тиісті нәрсе болды да тынды, «Радуга» жүк тасымалдайтын Жер серігінің бөлшектері өзіне тиісті орбитаға шығарып салуға тиіс «Протон» зымыран-жеткізгішінің жарылу салдарынан қиқым-сиқым, темір-терсек түрінде Қарағанды облысының Шет ауданы аспанынан елді орындарға «жаңбырдай жауды». Хруничев атындағы орталық жасаған жаңа 11 С824М «Бриз» жылдамдық үдеткіш блок тұңғыш экспериментті «Протон» зымыран-жеткізгіштің екінші сатысы 112 километр биіктікте «сыр берген». Ал, «шатақтың бәрі» үшінші двигателінде болған. Соның кесірінен газ жүретін түтіктің тетігі бұзылып, оның ішіндегі оталғыш сұйық тұтанып кетеді. Ақырында ғарыш аппараты тұтастай жарылып, бөлшек-бөлшекке айналып, Балықты көл аймағына шашыла бастайды. «Байқоңырдан» көтерілген, 1050 километр ғана аспандап үлгірген зымыран-жеткізгіш «Протон-М» мен жүк тасушы «Радуга» ғарыш кемесі осылай опат болған еді. Оларға құйылған 165,79 тонна тотықтырғыш пен 180,69 тонна ұшармай да осылай ысырап болды.
Тағдырдың тәлкегі ме, қазақтың тұңғыш ғарышкерінің кіндік қаны тамған жерге тек қана «Протон» зымыран-жеткізгіштер сериясы пайдаланатын аса улы гептил газының 43 тоннасы бей-берекет төгілсе керек. Алдын ала есептеуге қарағанда, осыншама мөлшерде тек топыраққа «сіңірілген» «сұйық тыңайтқыш» Арқа өңірінің шұрайлы 6 мың шаршы км аумағы 3 мың жылға дейін кәдеге аспайтын көрінеді! Ал, төтенше жағдай бойынша аудандық штабтың мәліметіне жүгінсек, 950 гектарға жуық жерді өрт шалған. Оның ішінде 500 гектар шабындық бар. Төтенше жағдайдың аудандық қызметінің бағалауынша, апаттың салған ылаңын жою үшін алғашқы кезекте 3198000 теңге қажет екен. Жалпы материалдық шығын 15 миллион 798 мың теңгеге бағаланыпты. Әрине, мұндай сандарды кейінірек осы апатқа қатысы барлар – Ресей жағынан да, өзіміздің билік басындағылар да – әр саққа жүгіртіп, жұмсартып, кейбір тұстарда тіпті елемей кетуі әбден мүмкін. Оған бір мысал. Сол кезде ҚазТАГ берген хабарда мынандай деген жолдар бар: «Ресей ғарыш агенттігі басшысының хабарлауы бойынша, мұнда Қазақстан жағымен бірлесе отырып, ауа, су және топырақ үлгілері алынып, құлаған зымыранның сынықтары тексерілген. Бұл заттарға шұғыл талдау жұмыстары жүргізілді, бірақ олардың қорытындысы бойынша, зымыран отынының неғұрлым улы бөлігі болып табылатын гептил байқала қоймаған» («Егемен Қазақстан». – 1999, 13 шілде).
Ал, Ресей авиация-ғарыш агенттігінің бас директоры Юрий Коптевке салса, «гептил тек жылдамдық үдеткіш «Бриз» блогының екінші сатысынан ғана аққан. Оның өзінде де бар болғаны 2,5 тонна көрінеді» (Казахстанская правда. – 1999, 13 июля). Міне, бітті! Әңгіме тамамдалды… Енді, кәнекей, мойындатып көріңіздер!
Осыған қатысты республикалық ресми бір басылым – «Казахстанская правда» газетінің үстіміздегі жылдың 10 шілдесіндегі мәлімдемесіне құлақ түрген абзал шығар. «19 мамырдың өзінде Қазақстанның экологиялық ведомоствосы Ресей тарапынан Қазақстанның табиғат қорғау заңдарын және «Бай­қоңыр» ғарыш айлағын жалдау туралы» келісім-шарт­тың негізгі баптарын бұзғандары ғарыш аппараттарын ұшыруға байланысты қызметті тоқтата тұру жөнінде шешім қабылдаған-ды. Алайда, не бұл құжат, не одан кейінгі ескертпелерді ресейліктер құлақтарына да ілмеді», – деп жазады. Бұл фактіге нендей ақталу, сылтауды қосып-аларсыз?!
Кезінде Ресейдің премьер-министрі болған С. Степашин «қара қылды қақ жарып», өзінің «құдайы сөзін» айтқан болатын. «Егер, біз өзімізге және ТМД-дағы өз серіктестерімізге сыйластықпен қара­ғымыз келсе, қолдарымыз қойыл­­ған келісім-шарттар мен пәтуа­лас­тықты орындауымыз керек, – дей келе, Байқоңырдың жалақысы хақында: – «Жа­сырынбақ ойнау жетер… Алдаусы­рату жетті! Егер, біз, үнемі, алдау мен серіктестерімізге кемсіте қарауымызды тыймасақ, ешқандай ТМД болмайды!» – деп кесіп айтқан еді (Известия. – 1999, 16 июля). Ресей осы ақиқатты мойындаса ғой!
Ол қайда!.. Осы Ресей үкіметінің мінбесінен Үкімет төрағасының айтқан аталы сөзінен кейін, бір жарым ай өтпей жатып тағы бір газеттен мынандай хабарды оқимыз: «Ресей авиация-ғарыш агенттігінің бастығы Юрий Коптев мәлімдегендей, «Протон» зы­мы­ранының бірінші ұшы­рылуы 6 қыркүйекке белгіленді. Ресей өзіне жүктелген міндеттемелерді түгелдей атқарып шықты, ал Қазақстан, өз кезегінде, «Протондарды» ұшыруға тыйым салған ұйғарымынан бас тартуға шешті, деп атап көрсетілді» (Время. – 1999, 2 сентября). Көрдіңіздер ме?! Ол аздай-ақ, кез келген баспасөзде, теледидарда құлақтандырғандай, өзіміздің үкіметіміздің арқасында, қазақ жерінде өз «Протондарымен» сайран салулары былай тұрсын, ресейліктер біздің есебімізден шет елдерге де «қол ұшын беруге» қай­тадан кірісе бастаған еді. Байқоңырды би­леп-төстеп алған Ресей Индонезияның «ГАРУДА-1» кодымен аталатын серікті ұшыруды жоспарлаған екен. Әрине, оларды бата үшін жарылқамаса керек. Және алатын ақылары да жарытымсыз болмаса керек… Сөйте тұра, Байқоңыр өңірінің суын сарқып, ауасын улай отырып, бес жыл бойы ұзын санын қосқанда, 575 миллион доллардың 50 миллионын ғана өтегенін газет, теледидардан қайта-қайта айтып, қояр емес. Ал, біздің үкіметке келсек, одан түскен ақшаға не істемек ойы бар екен? Байқоңыр аймағындағы экологиялық қапасқа іліккендерге жұмсаса ғой! Айналып келгенде «ауруды тілеп алып, оны Ресей берген ақшаға емдеуіміз керек қой» сонда… Өйткені, сол ғарыш шаруашылығының барлық «ыстығына – күйіп, суығына – тоңып» отырғандар – тек солар. Соның «арқасында», барлығы тү­гелдей дерлік дертке шалдыққан да – солар!
Бұл – Байқоңыр – экологияның «бас сақинасына» айналды ғой!
Тарих – бүгін емес. Ол өткен өмірдің шежіресі, баяны. Кейінгі ұрпаққа ту­ған жердің географиясы мен бірге Ә.Әлімжановтың «Отырар ертең күй­рейді» деген туындысының жалғасы іспеттес «Байқоңыр ертең күйрейді» тақырыпты шығарма дүниеге келіп қалмас па екен?.. Алла-Тағала бетін аулақ қылсын. Дегенмен, сол апо­калипсистің шет-жағасы көрініп қалғандай. Оның соңғы нысаны – 2013 жылғы 2 шілдедегі шын мәніндегі қасірет.
Қазақстан мен Ресейдің «Байқоңырға» байланысты жаңадан келісім жасалғаны баспасөзде жарияланған болатын. Соның қорытындысы есепті «Айқын» газетінде 2013 жылдың 9 маусымында мынадай мәлімдеме жасалған еді. «Адамзат тұңғыш рет ғарышқа сапар шеккен «Байқоңыр» космодро­мы Қазақстанның да, Ресейдің де мақ­танышы болып табылады, – деді Ақордадағы келіссөздерден кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. – Ол екі елдің игілігіне жұмыс жасайтын болды. Ең бастысы – осы саланың инфрақұрылымы сақталады». Осыған орай, біз бірлескен мәлімдеме қабылдадық…»
Міне, араға үш апта салмай!…
Біздің қасиетті жерімізден «өкшесі көтерілмей» жатып, «Протон-М» зымыран тасығышы жарылды. Ұзақ сапарға есептелген зымыранның гептил, амил, керосин мен оттегіден тұратын «жанармайы» 600 тонна тартса керек. Солардан құрылған үш «құйрықты бұлттың» біреуі – қала, екіншісі – Қармақшы, үшіншісі – Қазалы бағытына тараған.
«Комсомольская правда» газеті осы қасіретті уақиғаның басын: «Протон-М» упал в двух километрах от взлета. К списку наших космических неудач во вторник добавилось еще одна – через секунды после взлета с Байконура рухнула ракета-носитель (2013 г., 4-11 июля), – деп ресми мәлімдеген болатын. Қазақ жері, қазақ елі үшін аласат апат боп саналатын 2 шілдедегі қасіретке «басу айтқандар» да табылды. Олардың арасында, әсіресе, аталмыш проблемаға қатысты ресми де жауапты лауазым иелері де ұшырасты. Мысалы, «Қазғарыш» агенттігінің төрағасы, Ресей Қаһарманы Т.Мұсабаев: «Бортында шамамен 600 тонна гептил, амил, керосин мен оттегі болды. Үрейді басу үшін тек бір ғана нәрсе айта аламын: бір уақытта оттегі, гептил мен амил… жерге жанасып, құлаған сәтте жарылыс шығып, адам үшін аса қауіпті гептил толығымен жанып кетеді» – деп, жер бетіне түскенге дейінгі процесті баяндайды. Сонан кейінгі уәжі: «Аса токсинді емес, бірақ, халық үшін зиянды азот қышқылына айналады. Соның нәтижесінде аспанға топырақ тәрізді жер массасы көтеріліп, сары-қоңыр түсті бұлт түзіледі. Ол аса қауіпті емес» (Түркістан. 2013. – 4 шілде). Міне, сонда не болғаны?!
Тіпті, мұнысы аздай-ақ, Премьер-министр үкіметтік комиссия құрып, тексеру қажеттігін айтқанда, Ресей және Қазақ­стандық «екі жақты ғарышкер»: «Бұл апат емес, Ресейдің ішкі шаруасы. Олар комиссия құрмай-ақ қойыңдар» деп отыр», – деген екен!.. Қасірет қазақ жерінде болып жатқанда, онымен шаруасы болмаған ғарышкеріңнен не үміт, не қайыр!..
Соңғы жиырма жылға жетпейтін уақыт арасында Байқоңыр аспанында ірі-ірі үш «жынойнақ» болғанына куәгерміз. Ең алғашқысы – 1996 жылғы 14 мамырда ға­рыш аппараты тиелген «Союз» зымыран-тасығыш Жезқазғанға түскен болатын. Ел есін жимай жатып, келесі жылы тап осы айда «Зенит» зымыраны осы төңіректе жа­рылды. Не көрмеген қазақтың басы?! Бұған да төзімділік білдірген. Оларға «кешірімшілік жасаудың» бір себебі – ол аппараттарда отын есебінде керосин-оттегі пайдаланылғаны бір медет еді. Ал, мына Протон-М зымыран-тасығыштың мәселесі басқа. Оның негізгі жанармайы – гептил. Атом бомбасы қышқылынан 6 есе улы зат. Осымен жарақталған «Протон» атауы зымыран тасығыш 1999 жылдың өзінде (5 шілде мен 27 қазанда) қазақ даласы аспанында екі рет жарылып, құлағаны бар. Мұндай оқиға 2007 жылғы 6 қыркүйекте тағы қайталанды… Бұлардан басқа да бұқаралық ақпарат құралдарының «құлағына тиіп, көзіне шалынбаған» қаншама қазақ жеріне жасалған «космостық жауыздық» бар дейсің?.. Болуы керек!.. Өйткені, күллі планетаға мәшһүр болған апаттың өзін қазақ-орыс ғарышкері: «Бұл – Ресейдің ішкі шаруасы», – деп отырғанда, қалған жатжұрттықтарға не жорық?.. Арғысы «Союздар», «Зениттер», бергісі – «Протондар» «Байқоңырдан» аман-есен ұшып шығып, өз орбиталарына жетіп, ой­ла­рындағы жоспарларын ғарышкер-зерт­теушілер жүргізіп кетті дейік. Ал, олар ұшып кеткеннен кейінгі ғарыш алаңының көрген күні нешік?
Ол жөнінде публицист Гүлмира Тайболдина мынадай сипаттама береді: «Бай­қоңырдан зымыран ұшырған кезде Қа­зақ­станның жалпы территориясында ауа райы біршама күн қатарынан күрт бұзылатыны бұрындары да айтылып, жазылып жүр. Ауа райы ғана емес, табиғат пен адамзатқа өте қатерлі гептил отынын жағатын ракеталардың Бай­қоңырдан жиі ұшырылуы салдарынан Қазақстанның климаттық сипаты да өзгеріп барады. Бұл – табиғатты адамның қолымен өзгертуге жататын кесапат. Ал табиғат өз ортасына адамның баса-көктеп араласуын қаламайды. Сол себепті де Табиғат-Ана адамның хайуан­дық әрекетіне қарсы тұруға тырысып бағады. Ал, ол қарсылық нәтиже бермеген жағдайда, табиғат өзінің климаттық ортасын өзгертуге мәжбүр болады (Общественная позиция. – 2013. – 6 июня).
«Қаралы 2 шілде» қасіретінің салдары есепті республиканың белгілі 20 қайраткері Қазақстан жеріндегі шет елдік әскери полигондарды дереу жабуды талап етіп, мәлімдеме жасаған… «Қаралы 2 шілде» уақиғасының ізін ала астаналық бір топ патриоттар «Байқоңыр» ғарыш алаңына байланысты Қазақстан мен Ресейдің халықаралық келісімін зерттейтін «Антигептил» қозғалысын ұйымдастырған… Біз болсақ: «Байқоңыр» – Қазақстанның да, Ресейдің де мақтанышы», – дейміз!
 

Алдыңғы «
Келесі »

3 Пікір бар

  1. Байқоңыр – Ресейдің мақтанышы, Қазақстанның соры. Гептилдің айтарлықтай зияны жоқ деуге аузы барған қазақстандық азаматтардың сол маңда тірлік кешіп жатқан қарапайым халыққа жаны аши қоймайтыны анық. Келер ұрпақтың қамын ойласа, басшылық қазақ жеріндегі шет елдік әскери полигондарды жабар еді…

  2. Әрине дұрыс.Ресей пайдасың,ал Қазақстан зияның көруде.Бұл жемеген самсана ақша төлеумен бір.

  3. Караганды облысы емес КЫЗЫЛОРДА облысы

Пікірлерге тыйым салынады.